Жаңа кітап — жас перзент секілді ыстық деген сөз бұл күні ешкімге таңсық емес. Бір кітап екіншісінен ыстық, үшіншісі төртіншісінен... Осылай қаламгер перзенттері өзінің дербес өмір жолын бастап кетеді. Бірақ әр кітаптың өз мінезі, өз салмағы бар. Сондықтан да олар ақынмен бірге есейіп, оның жүрек жылуынан нұр алып жатады. Міне, сондай шығарманың бірі - Фариза Оңғарсынованың «Сұхбат» жинағы.
Фариза ақынның бұл жинағы бұрынғы кітаптарынан немен ерекше? Ақынның дүниетанымы, өмірді өнер тілімен өрнектеуі қалай? Авторлық сезім мен өлең өрімдері қалай астасқан? Міне, «Сұхбатты» осындай ойлармен қолға алғанбыз.
«Сұхбат». Атына заты сай дүниенің әр өлеңі тосыннан кірмеген. Бір өлеңнен екінші өлеңге өрбитін желілік бар. Міне, мұның бәрі кітаптың жалпы сюжетін, композициялық тұтастығын айғақтайды. Әр өлеңнің өз салмағы, көтерер жүгі, айтар ойы бар. Бұл -ақынның ағынан жарылып ақтарыла айтқан сазы, уілдеген сәбидей таза бесік жыры. Өйткені «Даланың дарқан шақтары», «Достар айдын, ел-кемем», «Оралу» секілді бөлімдерден тұратын жыр жолдарында ақын махаббатының маздаған оты, сағынышы, ерке назы бар. Бала өз еліне, өз даласына, өз ағасына, өз заманына еркелемей қалай тұра алады? Сондықтан да өлеңдер бірден жүрегіңді шымырлатып, кең сахараға жетектегендей болады, бірде саумал кештердегі табиғат тамашаларын алдыңа жайып салады, бірде намысыңды қайрап, бойыңдағы бұла күшті тасқындатады, «жігітке тән қайсарлық қайда, азаматтық қайда» деп жүрегіңнің түбіндегі кейбір семе бастаған қасиеттерді түрткілейді.
Талай ақын дала десе әуелі көз алдына оның тау-тасын, өзен-көлін, төскейді дүрсілдетіп шауып бара жатқан сәйгүліктерді, мыңғырған мал мен жайқалған егінді көреді. Әрине, бұл да - дала. Ол да жырлануға тиіс. Бұл ретте Фариза өз даласын табиғат тамашаларына емес, сол даланың абзал адамдарының тағдырынан, солардың өскен ортасынан іздеуі оның өзіндік үнін, өзіндік соқпағын айғақтайды.
Торғай елі туралы Фариза сол даланың қара топырағынан шығып, бүгінде қазақ поэзиясының тұлғалы тұтқаларының біріне айналған Сырбай ақынға айтқан назы ретінде жырлап кетуі қандай жарасымды! Ол осы өлкеге деген махаббатын ақын ағасына сыр қылып, шашу ғып шашады. Фариза өскен өнерді қазақтың жалпақ даласының символы ретінде көреді. Сол өлкені өзінің өскен үйіндей ыстық сезінеді. Әйтпесе ақын:
Аңсаумен оралуды гүл шағына
басылар емес жанның сусауы да.
Сонан соң өкінбес ем, кетсем мәңгі
айналып боз даланың жусанына!
— деп айта алмас еді, тебірене алмас еді.
Ақын өлеңдері автордың өз мінезін, дүниетанымын анықтайды. Өзіндік бағыты бар ақын туындысын басқа біреудің дүниесімен шатыстыру мүмкін емес. Сондықтан да мың өлеңнің ішінен Фариза туындыларын танып алу қиын емес. Өйткені оның поэзиясы өршіл поэзия, сырлы да суретті поэзия.
Ол өз өлеңдерінде өзін әсте кішіге санайды. Әйтпесе мұрты жаңа ғана тебіндеп шыққан жас ақындар, (он кітап шығарса да, мардымсыз ақындар санатында жүргендер де) «Мен ақынмын, ғасырды дөңгелетем» деп ұрандап жүргенін көріп жүрміз ғой. Ал Фаризаның ақындық мұратты ізгілік, кішіпейілділік жолынан іздеуі ұтымды-ақ. Торғай толғауларын ақын жырлай отырып, сол елдің азаматтарының тұлғасына қызығады, ерлік істеріне сүйсінеді.
Асқардай алып ел жүгін,
арқаға салып көтерген.
Намысы бірге мекенмен…
...Лақтырып жырдың жылымын,
қолынан ұстап бірінің,
кетіп-ақ қалсам ба екен мен!
Ақынның жаңа жыр кітабының құндылығы да есейгендік белгісінде. Фариза екшеп сөйлеуді меңгеріпті, құшағына халқын қыса отырып жырлауды мұрат етіпті. Ол жыр кітабының өн бойында тұр. Өткен зар-заман зардаптарын жеңген жаңа дәуір келбетін жырлағанда ақын ерекше құйындап кетеді. Шашасына шаң жұқпаған жүйріктей көсіле шабады. Сөйтіп, бар тірліктің арқауы Уақыт екенін түйіндейді. Расы солай. Өткен де, бүгін де, ертең де Уақытпен өлшенеді. Сол Уақыт сынынан өткендер ғана Жер-Ана жылнамасына жазылмақ. Поэзия да сол. Уақыт сынынан өткен өлең өлмек емес.
Ақ маржанға толтырып жер жанарын
самғайды батыр Уақыт.
Тракторлар шарлайды кең даланың
кеудесін қақыратып...
Рас қой. Бірақ... Ия, мәселе осы түйінде жатыр. Ақын табиғат ананың алдында бас ию керектігіне келіп тіреледі. Өмірді диалектикалық түсіну дегеніміз осы. Адам қанша күшті болғанмен табиғатпен есептеспей тұра алмайды.
Күрсінді дала арманда
(шырағдан үміті жана алмай)
жаутаңдап қарап жылдарға
жылылық күткен адамдай.
Міне, табиғат пен адам арасындағы үндестік заңдылықтарын ақын осылай түйіндейді.
Фаризаның ақындық әлемі кең. Оны осы кітаптағы «Дала тағдыры» фрагменттерінен анық көруге болады. Даланың кәусар суреттерінен басталған көңіл күйі, сезім пернелері адуын музыканың прелюдиясы секілді. Ол барын ішке сақтап, бұғып жатқан даланың бала көңіл мінезінен бастау алады да, бірте-бірте ел мен жер тағдыры туралы асқақ та адуын үн басталады. Бұл дала – «советтік бір халықтың» мекені. Бабалар мұрасы бір халықтың ғана мұрасы емес, ол жүректері, ниеттері бір Қазақстан тұрғындарының асыл көмбесі. Міне, осылай ақын халық өткен ұлы жол көшінің керуенін «Шофер сөзімен», «Суреттер елесімен», «Оқжетпестің монологымен», «Бұқар жыраудың Абылайға айтқанымен», «Абылайдың Бұқарға айтқан жауабымен», «Бұқараның үнімен», «Бұқардың екінші сөзі», «Абылайдың жауабы», «Ақан серінің мұңы», «Бүгінгі көрініспен» береді. Бұл не? Бұл — қазақ даласы. Әр сөз жылнаманың әр беті, әр суреті, әр дәуірі, зар-заманы. Ал осы фрагменттердің апофезі «Гимн» деп аталады. Кешегі дала зары - бүгінгі Қазақстан.
Ақынның отаншылдық сезімі қуатты. Өзінің Қазақстанын жырлаудың өзіндік белгісін тапқан. Мәселен, автор фрагменттер деп ұяңдық жасаған болар. Өзінің жазылу формасы мен көтеріп тұрған салмағы, тарих сабақтастығы тұрғысынан алғанда мұны поэма деп атаған орынды.
Дуалы ақын Әбділдә Тәжібаевқа арналған өлеңдер циклында да Фариза таптаурын болған сүрлеу жолмен кетпейді. Ол ақын парасатын ашу үшін, поэзиялық суреттерді кейіпкерінің мінез-кұлқынан, поэзиясынан іздейді. Бұл ізденістері мейлінше сәтті шыққан. Ақын ағамыздың жүрегін жанартауға, жанын бесікке балап жырлауы жарасымды-ақ. Жырын Махамбеттің семсеріне, өлеңін бейбітшілік кептеріне балауы -Әбділдә ақынның поэзия биігіндегі орнына деген құрмет.
Ф. Оңғарсынованың патриоттық екпінге толы өлеңдері жинаққа ерекше салмақтылық беріп тұр. Ақын дүниеде болып жатқан оқиғалардан тыс қала алмайды. Олай болуы мүмкін де емес. Ақын өзі өмір сүріп отырған қоғамның, ғасырдың лүпіліне құлақ түрмесе, оның поэзиясы нәрсіз, рухани жағынан әлсіз, уығы шайқалған үйдей құлазып тұрады. Ал Ф. Оңғарсынова өлеңдерінің интонациялық лебінің өзі жер кіндігін тартқылап жатқан оқиғалардың тынысын сездіреді.
«Сұхбаттың» тағы бір қыры бар. Ол ақынның бүгінгі күн мен өткеннің арасын жалғау, сол қиын да арпалыс жылын жаңғырту жөніндегі жырлары. Бұған «Мүшәйра» куә. Ақын ақындар атынан жер, ел, адам тағдыры туралы толғанады. Мұнда автор поэзиясын айқындайтын үлкен ой бар. Аңыз желісіне құрылған ақындар айтысына бағзы замандардың қоғамдық өмірінің қайшылықтары айтылса да, оның бүгінгі күнге тікелей қатысы бар. Өйткені ақындар қоғамдық өмірдің қаталдықтарын ғана емес, адам бойындағы асыл қасиеттер мен пасықтықтарды саралайды. Әр ақын мейлінше шыншыл, батыл айыптауға тырысады. Мұндағы үлкен ерекшеліктердің бірі — қоғамдық болмыстың қоғамдық сананы билейтіндігі айқын көрінеді. Фариза сомдаған ақын кейіпкерінің әлеуметтік ортасына сай мінез-құлқы, өмірді тануы бар. Олар өмірді өз табының, қауымының психологиясымен түйсінеді. Мәселен, олардың бірі «неменеге кемшілікті тізе береміз, одан да қызықты қыз-келіншек ауылынан ізделік» деген ой айтса, екінші біреуі күншілдік туралы толғанады, енді олар «ханға да, қараға да қадірліміз, басқа не керек» десе, үшінші бірі шын талантты бағалай білмейтін зар-заманға нәлет айтады, төртіншісі кейде адамның тағдыры өзі мықты бола тұрса да, шені үлкен біреудің бір ауыз сөзінде тұрғанын әңгімелейді. Ал Айсара қыз өмірдегі және өнердегі әйел жолының жіңішкелігі туралы толғанады. Сайып келгенде халық тағдыры әр қырынан осылай бой көтеріп жатады. Осылардың барлығын Абыз түйіндейді.
Ақыннан асқан шыншыл жоқ,
жақыннан асқан күншіл жоқ,
ойсыздан асқан мұңсыз жоқ,
айтыңдар әділ шындықты:
у шашпай жырмен ғаламға
жемсауы - құдық заманда,
ұсақтық болса адамда –
ұшқын құй жырмен жанына
ұмтылсын алғы таңына...
Халықтың жүгін зіл батпан,
жеңілдет отты жырыңмен.
Күш-қуат ессін үніңнен,
халқына қайрат бере алмас
жылауық жырлар түңілген.
Ертеңгі күннің алауы
ұшқынын алсын бүгіннен!
Осы үзік-үзік үзінділер ақындық өнердің биіктігін, әділ таразы екенін айғақтайды. Бұл сол заман зары делік. Бірақ адам бойындағы қасиеттер түгел өзгерді ме. Әрине, жоқ. Қазір де арамызда күншілдер де, мансапқорлар да, халқынан гөрі өзінің жеке басының жайлылығын ойлайтын жандар кездеспей ме? Әрине, кездеседі. Сондықтан да «Мүшәйра» өміршең. Ол оқушысына ой салады. Ал ой сала білген өлең отты өлең екені белгілі. Адамның көңіл-күйі, сезім шуақтары «Сұхбатта» жақсы берілген. Әр өлең әр жерде шашырамай, жүйелілік құрған. Сондай жүрек лүпілін, көңіл ұшқындарын шашатын цикл «Революция және мен» деп аталады. Бұл қандай революция! Ең алдымен ол адамның рухани тазару жолындағы күресі. Өмірдің кейбір күйкі сөттеріне беріліп кетіп, поэзияның арналы жолында тосырқай бастаған сәтті байқап қалғандағы өзін-өзі қамшылатқан революция. Ақын:
Жаңғыруы үшін жанымда
миым ба, ой ма, қаным ба —
тоғытып топанды ағынға
ой берер жанға, жанарға
революция керек маған да!
— дейді. Сөйтіп, ол бойындағы керенау ойларды алмас қылыш ұшымен қақ бөліп, сурет пен сұлулық, мазмұн мен түр жарасқан тамаша жырларды әлдилейді. Бұл кеудесіне жүрегі сыймаған жанның жалыны, арыны, күйіп-жануы, сөнуі, ләззаты, сағынышы, көз жасы... Өйткені мұның бәрі адамға тән қасиеттер. Күйе алмаған, жана алмаған, сүйе алмаған, өкіне алмаған адамдар Бақыт пен Бақытсыздық дегеннің парқын түсіне алмайды.
Сайып келгенде «Сұхбат» Ф. Оңғарсынованың «Сандуғаш», «Маңғыстау маржандары», «Мазасыз шақ», «Мен сенің жүрегіңдемін» және тағы басқа жинақтарының заңды жалғасы іспетті. Кітаптың парасаты жоғары.
1982
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі