«Ақын боп туып өз бақытымды жасырар болсам дүниеден, тілімді кесіп тастауым керек онда мен» — деп Т. Айтбергенов айтқандай, өзінің бақытын да, мұңын да жасырмай халық таразысына салып жүрген ақын — Фариза Оңғарсынова. «Өзінің» дегенді жеке басқа қатысты деп қана ұғынбаған дұрыс. Ол өзіміздің, Отанымыздың, әлемнің басындағы бақыт пен мұң.
Иә, Бақыт пен Мұң. Бас әріппен жазылуға тиісті осы екі сөзде қаншама мән-мағына жатыр. Бір-біріне қарама-қарсы егіз ұғым. Мұң болмаса Бақыттың қадірін, ал Бақыт болмаса Мұңның қасіретін сезбес едік. Мүмкін жарық дүниенің қасиеті де осында шығар.
...Республикалық жасөспірімдер театрының сахнасында «Бақыт пен Мұң» атты спектакль жүріп жатты. Өне бойы Фаризаның өлеңімен өрілген шығарма көрерменін сілтідей тындырған. Тек бір адам ғана мазасыз. Ол режиссер Райымбек Сейтметов. Бір отырады, бір тұрады. Екі көзі сахнада. Актриса Казақбаева дауылпаз мінезді, жүрегінде ғашық оты алаулаған, тентек қылықты ақын қыз бейнесінде. Нәзік жырлар, тасқын жырлар, семсер жырлар, жырлар, жырлар... Ал режиссер мазасыз. Неге? Бақсақ, залдың алдыңғы жағында автор Фариза апамыздың өзі отыр екен. Бақсақ, поэзияның талай інжу-маржанын сахналандырып жүрген талантты режиссер өз еңбегінің Фаризаға ұнайтынын, ұнамайтынын біле алмай тыпыршулы екен. Бақсақ, өмірдегі Фариза мен өнердегі Фариза бетпе-бет кездесіп қалыпты. Міне, ғажап, өмірдегі Фариза өнердегі Фаризаның бетінен сүйді. Шатырлаған қол соғылды. Екі Фаризаға да гүл шоқтары ұсынылды. Бақсақ, өмірдегі Фаризаның шоқтығы тым биік екен.
Осындай атақ-дәрежеге, сый-құрметке, талғам мен табынуға қарамай, көрнекті ақынымыздың әлде бір дертке дауа іздейтіні несі?
Неге осы мен елпілдеп қуанбаймын?
Ілінген бе мойныма тұмардай мұң?
Қайда барсам сумаңдап шығады алдан
шұбарлана ысылдап жылан-қайғым.
Жоқ соншалық өкінер, жылар ісім,
мені де өмір басқадай сынады шын.
Өзгелердей менің де бір басыма
жеткілікті секілді қуанышым.
Сонда оның жүрегін тыныштандырмайтын, сезім арпалысын тұтататын не нәрсе?
Шаршадым жүрегіме әлім келмей,
кеудемді қусырады дамыл бермей.
Тұсаған тұла бойды осы дертті
қойды бір ақылым да, әнім жеңбей.
Әлім жоқ. Санам қалды кісенделіп,
дауа іздеп, дәрі-дәрмек ішем келіп...
Сонда дейміз-ау тағы да, ақынның тұла бойын меңдеп бара жатқан неғылған дерт? Сол дерттен құтылудың дауасын іздеп аласұрған жүрек шырылы шекеге шығып тұрған жоқ па?
Бақсақ, ол дерт жалғыз Фаризаның жан-дүниесін емес, бүкіл еліміздің күре тамырын жаулап алған, тоздыра бастаған тоқырау кезеңінің дерті екен. Ақын жаны қоғамымызды жайлап бара жатқан осы кеселді ерте сезген.
Шырмаған жүрегімді қайдағы дерт,
Тастаймын дей ме мені сайға күреп?
Көңілім әлденеге тәуелдідей,
әлдекім қадағандай найзаны кеп.
Бұл халықтық дәстүрдің, салт-сананың, тіліміз бен діліміздің сүртіліп бара жатқанына ара түсу ғой!
Жетер жолда шырқау көк-арманыма,
қырандардай қайырылмас жан қамына,
керегіп жүр маған да басқа бір ән,
ұмтылыс пен от берер бар маңыма! — деп, сол дерттен айығудың дауасын іздейді. Түсінде бір жібек желдің желпіп келіп, қоғамымыздың тұрып қалған шаң-тозаңын үрлеп жіберетініне сенеді. Оқып көрелік:
Жүрем кейде жауынсыз жердей жүдеп,
түңілуден ешкімге сенбей жүрек.
Сенетінім — түбінде ақыл-дана
қиындықты терідей шелдейді іреп! — Иә, ақын аңсаған ақыл-дана елімізге жаңа қозғалыстар әкелді. Біздің бұлай деп отырғанымыздың себебі осы өлеңдер жарияланған Фаризаның «Дауа» атты кітабы баспадан 1985 жылы жарық көрген. Демек, өлеңдер — тоқырау кезеңінің нағыз бел ортасында туған толғаныстар.
Дертке дауа табылды. Дерт — қоңырау, дауа — жаңғыру. Еліміз де, әр ұлттан тұратын халқымыз да сауығып келеді.
Тоғышарлыққа, атақ-даңққа бой ұрмай, «құдай, бергеніңе шүкір» деп қағанағы қарқ болмай, жүрекке маза таптырмау кез-келген ақынның қолынан келе бермейтін іс. Өйткені ішіп-жегенін, қонақта тост көтергенін, бір беделді басшымен танысқанын жырға қосқан ақындарды да көргенбіз. Және дәме қылып жүрген азамат ақындар да болды соның ішінде.
Жалпы Фариза апамыз ақын халқын ер ақын, әйел ақын деп бөлуге қарсы. Ақын — бір-ақ атау. Оның ой-өрісін творчествосы ғана бағалайды. Жеңілдік болмауы тиіс. Кім болса да талантымен жеңіп шықсын, — дейді ол. Фариза жырларында кайсарлық пен нәзіктік, ерлік пен еркелік, шаттық пен мұң тіндері аралас өріліп жатады. Осылардың ішінде, біздіңше, бәрібір Фаризаның әйелге тән нәзіктігі, еркелігі, мұңдылығы басымдау. Фаризаның қолтаңбасының даралығы, өз оқырмандарын табынтқаны сондай, егер өзге бір әйел ақын Фаризаша жазбақ болса, оны оқырман қабылдамас па еді, қайтер еді. Ал Фариза... о, оның жөні мүлде бөлек.
Осы сәтте қазақ халқының маңдайына Фариза ақынды берген мырза табиғатқа алғыс қана жаудыруымыз керек. Қазақта Абай біреу, Сәкен біреу, Мағжан біреу, Мұхтар біреу, Әбіш біреу. Сол сияқты Фариза да біреу ғой. Ендеше Фариза — жыр — аспанға шарықтай берсін!
Бейнеу ауданы. 1987 ж.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі