Өлең, жыр, ақындар

Поэзия падишасы - Фариза Оңғарсынова

Фариза Оңғарсынова қазақ әдебиетінде поэзия жанрында адуынды жырларымен баурап алған поэзия падишасы. Ф.Оңғарсынованың әр тақырыптағы лирикалық шығармалары, ондағы кейіпкерлер әлемі, яғни лирикалық қаһарман мәселесі, ақындық шеберлік сырлары әр адамды қызықтырары айдан анық. Өзінің шығармашылығымен әдебиет зерттеушілерінің назарын аударып отырған Ф.Оңғарсынова жырларын зерттеуге көптеген ғалымдар қызығушылық танытқан.

Ф.Оңғарсынова поэзиясының табиғатын тану – алыптардан бастау алады. Көркем сөз зергерлері Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев бастаған қазақ ғалымдарының ізін ала М.Қаратаев, Ә.Шәріпов, С.Сейітов, З.Ахметов, Ә.Жәмішев, С.Қирабаев, Р.Нұрғалиев т.б жалғастырды. Ақынның замандастарынан К.Ахметова, Н.Оразалин, Ә.Кекілбаев, С.Ерубаев, У.Қалижанов, А.Егеубаев, Т.Шапай секілді тұлғалардың пайымдары мен пікірлері.

Фариза Оңғарсынова 1936 жылы қазіргі Атырау облысында дүниеге келген. Алғашқы өлеңдері 1958 жылдан бастап баспасөз беттерінде жариялана бастайды. Осы жылдардан бастап ақынның өлең жинақтары, таңдамалы шығармалары, повестері жарық көре бастады. Ақын өлең жазумен қатар, орыс, туысқан республикалар ақындарының, Чили ақыны П. Неруданың жырларын, кейбір драмалық шығармаларды қазақ тіліне аударған.  

Ақынның жырлары қоғамдағы болып жатқан келеңсіздіктерді сынай отырып, шындыққа тура қарауымен ерекшеленеді. Ф. Оңғарсынованың шығармаларында шындық, қайсарлық, адамгершілік, махаббат, сенім секілді философиялық категориялар орын алады. Ақын «Үйім – менің Отаным», «Маңғыстау монологтары», «Революция және мен» өлең топтамалары үшін, басқа да еңбектері үшін марапатталған болатын. Шығармашылықпен айналысумен қатар саясатқа да араласып, депутаттық қызмет те арқарды.

Ақын мұрасы оқырман қауымның поэзия әлеміне деген қызығушылығын тудыра білген, ғалымдар тарапынан зерттеу көзіне айналған бай мұра. Ақын мұрасы алпысыншы жылдардың ортасында “Сандуғаштан”(1966) бастау алып, сексенінші жылдардың аяғындағы “Таңдамалыны”(1987) және “Қыз ғұмырға”(1966) дейінгі аралықты қамтиды. Ақын лирикасы “Маңғыстау маржандары” (1969), “Мазасыз жүрегіңдемін” (1975), “Шілде”(1978), “Сенің махаббатың” (1979), “Сұхбат”(1983), “Жүрек күнделігі” (1984), “Дауа”(1985), “Маңғыстау монологтары”(1986), “Екі томдық: Таңдамалы шығармалары”(1987), “Өсиет”(1995), “Қыз ғұмыр”(1996) және “Мен саған ғашық емес ем”(1999) сынды дүниелермен толықты. Осылардың ішінде “Маңғыстау монологтары” Мемлекеттік сыйлыққа ие болған шығармасы.

Ақын шығармаларының ешкімге ұқсамайтын өзіндік қырлары, үні бар. Қаламгердің жырлары құрылымы жағынан болсын, мән-мағынасы жағынан болсын, философиялық ойлары тұрғысынан болсын ерекше сипатқа ие. Ф. Оңғарсынова поэзиясының ең басты кейіпкері – қазақ қызы, олардың махаббаты, ар-намысы, арманы, құпиясы болып табылады. Қазақ қызының ар-намысын бәрінен жоғары қойған ақын өлеңдері қыз баласын тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады. Ақын өз шығармаларында поэзияны жанына серік етіп, қуанышы мен қайғысын,  сыры мен мұңын бөлісетін жан досына айналдырған

Ақынның лирикалық кейіпкерлері ешкімге ұқсамай бермейді, оқи отырып өзімен бірге күрсіндіріп, ойлантады, қуантып, мұңайтады, толғандырады. Үнемі талпыныс күй кешкізеді. Ұлыларды ұлықтау ұрпақтың парызы. Поэзия падишасының адуынды жырлары арқылы ұлы тұлғаларымыздың рухы тірілгендей болады. Өр рухтың жарқылы ойнаған шығармалары оқырманын қанаттандырады, патриотизмге баулиды, елін, жерін сүюге шақырады. Фариза Оңғарсынова бүгінгі күннің тұлғаларына да жырларын арнап, эссе толғаулар жазған. «Халық махаббаты» деген эссесінде Н. Назарбаев хақында былай дейді: «Сонда менің ойыма анам марқұмның сөзі түсті. Ол кісі: «Елдің басшысы – Алла тағаланың жердегі көлеңкесі, оған қарсы сөз айту Жаратқанға қарсы шығумен бірдей күнә», деп отыратын. Елбасымыз тегін адам емес екеніне тағы да сенімім арта түсті». Ақын Бибігүл Төлегенова, Иманғали Тасмағағамбетов, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Бердібек Сапарбаев, т.б. тұлғаларға арнап өлеңдер, эсселер, естеліктер жазған.

Қызуқанды, албырт та адуынды ақын көпшілікті елең еткізіп, кейбіреулерді  аса жоғары талантымен  қалың ойға қалдырып жүрген  жыр иесі сезімге бай, ойға дарқан. Ақынның сыршыл жүрек сырының тым тереңнен қайнап, буырқанып шыққан мөлдір көңіл-күйін өмірге, ортаға деген өзіндік терең позициясын түсінеміз. Фариза жырларында бәрі де бар: сүйгеніне ренжу, қайғы-мұңға бату, аласұрып мазасыздану, талпыну, іздеу, жалғыздық сияқты кез келген адам баласы басынан өткеретін сан алуан сезімдерді оқушы қауымның  өз басынан өткергеніндей етіп  әсерлі де шебер жеткізеді. Ақынның ешкімге ұқсамайтын дауылпаздың үніндей жырларынан алмаш қылыштың жүзіндей ащы шындықтың уы тамып тұрғандай.

Бекболат Аида, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің 2-курс студенті, ғылыми жетекшісі ҚазҰУ-нің аға оқытушысы Тунгатова Ұлжан Аскарбаевна.


Пікірлер (3)

Гүлжан

Жақсы жазылған екен

Сункар

Керемет

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз