Қай қоғамның да рухани деңгейін бір қарағанда анықтайтын көрсеткіш бар — оның кітапқа деген қатынасы. Кітап — адамды тәрбиелейтін де, өзгертетін де, тереңдететін де құдірет. Біреулер үшін кітап — тыныштықта ой жинақтайтын құрал, енді біреулер үшін — өз-өзін табудың жолы. Қазақстанда соңғы жылдары кітапқа деген қызығушылық қайта жанданып келе жатқандай: кітап дүкендеріндегі кезектер, жасөспірімдердің оқыған кітабын талдап отырған видеолары, халықтың кітапханаларға қайта бет бұра бастауы — бәрі де рухани ізденістің бар екенін аңғартады.
Осы қызығушылық қаншалықты шынайы? Халық шынымен оқи ма? Бұл сұрақтарға 2025 жылдың сәуірінде жүргізілген кең көлемді ұлттық сауалнама жауап береді. Сауалнамаға еліміздің барлық өңірінен 46 мыңнан астам азамат қатысып, қазақстандықтардың оқу әдеттері жөнінде объективті көрініс қалыптасты. Зерттеу нәтижелері халықтың 57,3%-ы тұрақты түрде кітап оқитынын көрсетті. Әйелдер ерлерге қарағанда белсендірек, ал жастар мен аға буын — ең белсенді оқырман тобы екені анықталды. Өңірлер арасында да айырмашылық бар: Шығыс Қазақстан жылына орташа 10 кітаптан асатын көрсеткішпен көш бастап тұр, ал Жетісу мен Ұлытау өңірлерінде оқу белсенділігі төменірек.
Сонымен қатар, кітапты қағаз түрінде оқитындар әлі де көп — респонденттердің жартысына жуығы дәстүрлі форматты таңдайды. Әлемдік салыстыру кітап оқу мәдениетінің әлі де даму мүмкіндігі бар екенін көрсетеді: Франция мен Канадада жылына орта есеппен 17 кітап оқылса, АҚШ-та — 12, Оңтүстік Кореяда — 11 кітап. Бұл көрсеткіштер біздің деңгейден бірнеше есе жоғары. Бірақ көңіл қуантатыны — халықтың мәдени орындарға бет бұруы. 2024 жылы қазақстандықтар кітапханаларға 55,4 миллион рет барып, оларды елдегі ең көп баратын мәдени нысанға айналдырды. Бұл деректердің арасында жалаң статистика ғана емес, терең бір үрдіс жатыр: халықтың білімге деген құштарлығы, ізденісі, рухани тамырына қайта оралуы байқалады.
«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Мұрат Айзере
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі