Өлең, жыр, ақындар

Даналық ілімі

Халқымыздың өткені мен қазіргі кезеңінде ел арасында өміршең ойшылдығымен, ұтымды пікірімен, елдің қамын көздеген іс-әрекетімен ерекшеленген біртуар тұлғалар болғаны белгілі. Адамның алғаш дүниені тануы, ненің не екенін түсінуі, өмірге деген сыни көзқарасы, жалпы адам концептісінің тұғыры, өмірге келудегі мақсаты сынды қарапайымнан күрделіге ұласқан сұрақтар легіне жауап іздеп, өз болжамын ұсыну бізге философиялық ілімнің негізінде белгілі. Қазақтың да болмысымен ерекшеленген сондай тұлғалары тарихтың әр кезеңінде даналық ойымен халыққа тура жолды бастаған. Халқымызда философиялық ілім деген түсінік болмағанымен, даналық туралы, дана тұлғалар туралы ілім бар, бұл екеуінің мағынасы бір-біріне пара-пар. 

Қазақтың философиясы үнемі поэзиямен, халық ауыз әдебиетімен тығыз байланыста көрініс тапты. Алғашқы философиялық көзқарастар осы жанрлар арқылы беріліп отырды. Қанатты сөздер, толғау осыған дәлел бола алады. Қазақтың философтары ретінде біз кезіндегі хакімдерді, жырауларды айта аламыз. Олар өз дәуірінің маңызды әлеуметтік мәселелеріне тоқталып, дүниежүзі мен адам төңірегінде болып жатырған өзгерістерді түсіндіруге ұмтылған. Олардың дана ойлары халық жадында сақталып, «атадан қалған сөз» деп бағаланған. Философиялық ілім қазақта ХІХ ғасырдың екінші жартысында ғана пайда болды деген тұжырым бар. Дегенмен оған дейінгі даналық ойдың барлығы осы ғылымға жасалған бастама десек болады. Тарихтан белгілі Қорқыт, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Йассауи, әл-Фараби, Махмұт Қашқари сынды ойшылдардың шығармашылық мұрасы даналықтың нағыз көрінісі болды. Қазақтың «жерұйық» ілімін жасаушы Асанқайғы да даналық ойдың, философиялық көзқарастың бір тұлғасы. Бұл ойды Шоқан Уәлиханов та атап өтеді. Ол Асанқайғыға «тұңғыш дала философы» деген баға берген. Себебі жырау халықтың ұлттық санасының, оның дүниетанымының қалыптасу тарихындағы негізгі әрі іргелі ұғым –  жер концепциясын қалыптастырды. Жалпы философ үшін жан-жақты білімді болу өте маңызды, ал жыраудың біз әрі географ, әрі топограф болғанын да білеміз. Жырауды ұлттық философияның негізін қалаушы деп есептей аламыз.

Сезім жақсылық пен жамандықты анықтауға, ізгілікті ұстанымды басшылыққа алуға мүмкіндік береді. Білімнің, парасаттың және сезімнің осындай үйлесімінен білімнің сезіммен, сеніммен байланысы, адам болмысы мен оның тұтастығы тұрғысында қорытынды ой шығады.  Даналық ілімі төңірегінде жинақталған тұлғалар әрқашан кейінгі ұрпақтың рухани бағдаршысы бола білген. Қандай қиындық болмасын оны жеңе білуге, өз өмірінің құнымен туған жерін қорғай білуге, елде әрқашан ауызбіршілікті сақтай білуге шақырған. Асанқайғы ізімен Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, Ақтамберді, Үмбетей, Бұқар секілді жыраулардың да ел ертеңі үшін, келешек ұрпақ үшін алаңдап, халыққа дұрыс бағыт бере білгені белгілі.

Қазақтың даналық ілімі дегенде ойға келетін ерекше есім әрине Абаймен байланысты. Оның өз дәуіріндегі қазақ руханиятының дамуына, халық санасының өзгеруіне өлшеусіз үлес қосқанын білеміз. Абай қазаққа білім қағидасын енгізді, оны дамумен тығыз байланыстырды. Халқының жалқау болмауын, қатарынан қалмауын, әлемдік өркениет жолына түсуін, надандықтан арылып, дүниежүзілік мәдениет деңгейіне қосылуын қалады, осы жолда үздіксіз жұмыс атқарды. Ақыл-ойды серік етіп, өмір танымының құндылығы мен мәнін аша түсіндірді. Адамның ең басты бөлшегі – ол оның адамгершілігі деп санады. Оның қарасөздерінің өзі тұтастай алғанда тұнып тұрған даналық ой, философиялық көзқарас. Абай көбіне адам болмысын тануға қатысты терең философиялық ойлар айтқан. Адам барша халықты бауырындай сүюі керек екендігін айтады, осылайша ол әрдайым ұлтқа, нәсілге бөліп қарамай, бейбіт күнде өмір сүруге шақырады. Абай Құнанбайұлы философияда гуманистік бағытты ұстанды. Яғни Абай абстрактылы, утопиялық сарынды гуманист. Соған сай Абай тұңғыш болып бәрімізге белгілі «толық адам» концептісін қалыптастырды. Оның дүниетанымын, көзқарасын, болмысын белгіледі. Адамға үш қасиеттің кемел адам болуына серік болатынын айтып, олардың қатарына ақылды, жүректі, ерікті жатқызады. Абай өз шығармашылығында адамның жаны мен тәнінің ұйқастығы туралы көптеген тұжырымдар жасайды. Ол жан мен ақылдың өлмейтіндігін айтады. Абай Құдай идеясын адамнан жоғары сырт күш деп қабылдайды. Ақын өлмес жан туралы, мәңгілік, шексіздік жайлы сөз қозғағанымен, бұл ұғымдарды діни мағынада емес, Фарабише игі істер мен ойдың әлеуметтік жадындағы мәңгілігі ретінде сипаттайды.

Қазақ философиясындағы ағартушылық бағыттың негізін қалағандардың қатарына Ыбырай Алтынсаринді жатқыза аламыз. Ыбырай Алтынсарин өз халқының артта қалушылығын жоюдың бірден-бір жолы ағартушылықта деп сенді және осы мәселе бойынша елеулі істер атқарды. Оның жеке көзқарасының, дүниетанымының дамуына туған елінің халық ауыз әдебиеті, көршілес орыс әдебиеті және де Еуропа ойшылдарының еңбектерінің рөлі орасан зор болды. Ыбырай арнайы философиялық тақырыптарда еңбектер жазбағанымен, өзіндік ағарту және қоғам мәселелерін талқылауға арналған дүниеге көзқарастық ойларын шығармаларында келтіріп отырды. Оның өлеңдері мен әңгімелерін оқи отырып, қоршаған дүниені санадан тыс және тәуелсіз өмір сүретіндігі туралы пікірді ұстанатынын түсінеміз. Мысалы, ақынның «Жаз», «Өзен» атты шығармаларында табиғатты өзінше тамашалау ғана емес, сонымен бірге оны адам санасынан тыс және тәуелсіз екендігі сезіледі. Бұл ғалымның дүниені түсінудегі бірінші жағы деп қарауымызға болады. Екінші жағы ретінде Ыбырай Алтынсариннің дүниені жаратушы Құдай деп көрсететіндігі. Бұл ойды тілші-ақын өзінің көптеген шығармаларында өзек етті. Яғни жалпыла айтқанда, ғалым қоршаған дүниенің объективті өмір сүретіндігін мойындайды және дүниені жаратушы Құдай деп біледі. Ыбырай Алтынсариннің эстетикалық және этикалық көзқарастарының да құндылығы өте жоғары. Оның көптеген өлеңдерінде табиғат, қоршаған орта өте керемет суреттелген Бұндай шығармалар оқырманды сұлулықты, ғажайып табиғатты сүйе білуге, құрметтей білуге тәрбиелейді. Сонымен қатар ақынның шығармашылығында адамгершілікке, еңбекті сүюге, үлкенді құрметтеуге баулитын өлеңдері мен әңгімелері жетерлік.  

Өркениеттің басты көрінісі және оның өлшемі әдебиет болып табылады. Философиялық ұшқын байқалатын тағы бір бірқатар тұлғалар – алаш қайреткерлері. Бұл қатардың көшбасын Ахмет Байтұрсынұлы бастап тұр десек қате айтқанымыз емес. Ахмет Байтұрсынов жазу, оқу, сауат ашу философиясын зерттеуді мақсат қылып, өмір бойы қазақтың ұрпағы оқысын, көрсін, білсін деген ұстаныммен қазақ тіл білімінің негізін қалады. Оның негізгі философиялық ізденістері тіл мен көркем әдеби шығармашылық табиғатын анықтауға арналған. Сөз өнері, көркем сөз шығармашылығы, оны оқытып-үйрету және дамыту, қалыптастыру және даму заңдылықтарын қарастыру – Ахмет Байтұрсынұлының басты философиялық тақырыптары деп білеміз. 

Біз Мағжанның әлемдік классика деңгейіндегі көркемдігі жоғары шығармалары барын білеміз. Оның шығармалары ойының тереңдігімен, мазмұндылығымен ерекшеленеді, сондай-ақ нәзік те сырлы лирикалық философияға толы. Мағжан сан қырлы, алуан ойдың, бірақ бір ғана идея үшін қызмет еткен азатшыл, романтикалық рухтың ақыны болғандықтан, оның философиялық көзқарастарын осы аяда қарастырған жөн.   

Жүсіпбектің шығармаларының бір бөлігінің натурфилософия дәстүрінде сақталғанын, этнологияға қатысты көптеген материалдар бергенін білеміз. Ол өзіндік ерекше болмысымен, жаза білу, жеткізе білу болмысымен ауыл өмірінің көркем бейнелерін жаңғыртты. 

Ал алаш қайраткерлерінің көрнекті өкілі Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» жинағы өз кезеңінің философиялық үлгісі болып табылады. Ақынның философиялық ойлары негізінен тарих философиясына, әлеуметтік ойларға, тіл мен әдебиет мәселелеріне арналады. Философия мен әлеуметтану табиғатын ашатын, көпшілік қауымға түсінікті тілде жазылған мазмұнды мақалалары оны өз кезеңіндегі ең үздік ұлттық философтардың қатарына жатқызуға мүмкіндік береді. Халық игілігі үшін өмірлерін құрбан еткен бұл тұлғалар қатарына қазақтың зиялы қауымын, оқу-ағарту ісіне үлес қосқан ақын-жазушыларды да жатқызамыз. Қазақтың ұлттық дүниетанымындағы даналық ойлар әрқашан жан-жақты аспектіде көрініс тапқан. Оған әр кезеңнің ойшылдары, ақын-жыраулары, ғұлама ғалымдары дәлел. Бұл біздегі философиялық ілімнің бір көрінісі, бір тұғыры. 

Қорытындыласақ, қазақ философиясының қалыптасуында, өркендеуінде әр кезеңнің өз ерекшеліктері қалыптасты. Қазақ халқының санасындағы алуантүрлі ой, таным, идея ұлттық рух, ұлттық ортаға бейімделіп барып қалыптасты. Белгілі бір көзқарастың дамуына ислам дінінің де әсері жеткілікті болды. Қоғамда болып жатырған әлеуметтік жағдай қазақ ойшылдарын жаңаша бағытта ойлауға үйретті, дамытты. Олар Шығыс және Батыс философтарын оқи отырып, өзіндік жеке көзқарастарын білдіріп отырды. Бірақ та біз қазақ ойшылдарын Шығыс және Батыс ойшылдарының жолын қуған ізбасарлар деп атай алмаймыз. Қазақ ойшылдары өзіндік жаңаша бағытпен қазақ философиясының негізін қалады. Ұлт зиялыларының әрбір философиялық тұжырымдамалары әлеуметтік-мәдени және саяси-құқықтық жағдайлармен ұштасып жатты. Өнер, көркем шығармашылық, әдеби сын философиялық ойлардың өрнегіне айналды. Қазақтан шыққан кәсіби философтар тек XX ғасырда пайда болды. Одан бұрын қоғам қайраткерлері, жазушылар мен ақындар философиялық ойлау салтының негізін қалады. Сондықтан әрбір қазақ үшін философия – өмір салты, рухани азық, ал философиялық жүйелердің басты арқауы – ізгілік мәселесі. 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті Жанатаев Данат Жанатайұлы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1-курс магистранттары Ғиззат Ә., Бағытова А.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар