Өлең, жыр, ақындар

Тәуелсіздікке 30-жыл: Қазақстанның басты жетістіктері

Менің елім – Кең байтақ Қазақстан. Бір шетінен екінші шетіне жету үшін ұшқан құстың қанаты талардай орасан зор аймақты алып жатқан Қазақ елі бүгінде экономикасымен өркениетін дамытқан, шаруасы өрге басқан, атағы мұхит асқан ел. Елімнің әлемдік сахнадағы орны бекіп, дүниежүзілік алыптармен қабырғасы теңесе бастаған. «Елу жылда ел жаңа, жүз жалда қазан жаңа», - дейді дана халқымыз. Біздің еліміздің тәуелсіздік алғанына елу жыл болмаса да осы отыз жылдың ішінде талай елдерге өзіміздің кім және қандай ел екендігімізді көрсете білдік деп айтсам асыра сілтегендік емес. 1986 жылы Алматының қақ ортасында болған қырғыннан кейін тура бес жыл өткен кезде Қазақстан өзінің тәуілсіздігін барша шартарапқа жар салған еді. Содан бері де қарап отырсақ, отыз жыл уақыт өтіпті. Біреуге аз біреуге көп көріген судай аққан осы уақыт ішінде біраз жетістіктерді бағындырып, талай асуларды алған екенбіз. Десек те бұл біздің шыққан шың емес, әлі талай-талай асуларды аса алатын күш бізде әлі де болсын жасырын жатқан секілді.

Әуелі, 1991 жылы тарихы тереңде жатқан қазақ елі жаңа заманда өз алдына қайта егеменді ел болды. Көп қиындықты басынан өткерген, азаттық жолында аянбай күрескен қазақ халқы бұл азаттықты ғасырлар бойы аңсады.  Бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезеңге Жаратқанның қолдауымен, бабалардың ерлігімен қол жеткіздік. Тәуелсіздік деген таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөзді мәңгі қастерлеуіміз керек. Іргесі қаланған жаңа республиканың әрі қарай өмір сүруі үшін ерен еңбек керек. Ол оның ішкі және сыртқы әлемі, экономикасы, ақшасы деген секілді көптеген құндылықтарға келіп тіреледі. Аталған құндылықтарды отыз жыл ішінде үлкен мақсатқа айналдырған еліміз көптеген мемлекеттерге даулы мәселе болып жатқан шекара мәселесін де уақытында нақты бекітіп алды. Мәселен, Әзербайжан мен Армения немесе Палестина мен Израиль арасындағы қақтығыстар осы шекара мәселесінен туындап отыр. Осы орайда біз Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа алғыс айтуымыз қажет. Себебі, Елбасы Үкіметке, Сыртқы істер ведомстволарға елдің қауіпсіздігін және аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету үшін шекаралас мемлекеттермен Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын заңды түрде рәсімдеу үдерісін бастауды бұйырған. Осылайша шекараның мызғымастығын қамтамасыз еткен Елбасы заңды түрде Қазақстан Республикасының шекарасын бекітті. Егемен ел болып қалыптасқанына небәрі 30 жыл толған біздің мемлекетіміз үшін бұның өзі үлкен жетістік.

Қазақстан тәуелсіздігін алған кезде біздің мемлекетімізді алғаш мойындаған – Түркия елі еді. Қазіргі таңда, әлемнің барлық елдері біздің тәуелсіздігімізді мойындады. Бүгінгі таңда, өз алдына тәуелсіз ел болып, бірақ әлем елдеріне өздерінің азаттығын мойындата алмай жүрген елдер көп. Яғни, біз әлемдік деңгейде өз елімізді мойындата алуымыз да жетістіктің бірі деп есептесек болады.

Кез келген елдің тілегі де, оның арманы да халқының бейбітшілігін сақтау екені сөзсіз. Халықтың қауіпсіздігін нығайту арқылы ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Өйткені, бейбіт өмір бақыт, береке мен бірлік әкелу арқылы өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Дана халқымыз «Байлық байлық емес, бірлік – байлық» деп бекер айтпаса керек. Әрдайым тыныштықта, бейбіт өмір сүруді қалайтын халықтың ұрпағының амандығы келешегінің кемелдігін білдіреді. Тарих беттерін парақтасақ, адамзат небір сұрапыл соғыстардан көз ашпады. Қаншама елдер соғыс салдарынан құлдырап, азып-тозды. Көптеген жазықсыз жандар сол зұлматтың зардабы шекті. Мұның барлығы бейбітшілік кеткен жерді берекесіздік жайлайтындығын тайға таңба басқандай анық көрсетуде. Соғыс зардабын тартып жатқан елдің тұрғындары «ертеңім не болады?» деген сұрақпен ұйқыға кетеді. Ал, біздің елде ертеңгі күнімізге сеніммен қарап, ұйқымыздың тыныш болуы осы бейбітшіліктің арқасы.

Мемлекетті тұтас халық құрайтыны белгілі. Тіпті, қоғам да осы халықпен құралады. Қоғам тыныш болуын қаласа – халықтың көңілін табу қажет екенін біздің мемлекет жақсы ұғынып отыр. Елде жұмыссыздық азайып, еңбек етушілер саны артты. Тіптен, жұмыссыз жүрген адамның өзі «жұмыспен қамту орталығына» тіркеліп, тұрақты жұмыс табылғанға дейін қосымша жұмыстар атқарады. Бұл халықтың жағдайын жақсартуға тигізіп жатқан зор мүмкіндік. Тағы бір ескеретін жағдай, елдегі еңбекақы едәуір өскен. Бұл мемлекеттің халыққа жасап жатқан жағдайы. Бүгінгі таңда Қазақсандағы ең аз жалақы мөлшері былтырғы жылға қарағанда  1,5 есеге көтерілген. Сәйкесінше, ең төменгі зейнетақы мөлшері 43 2752 теңгеге дейін өсті. Елде тәуелсіздік алған жылдармен салыстырғанда халықтың әл-ауқаты біршама өскендігін байқаймыз.

Елдің ең үлкен жетістігі – ядролық қарудан бас тартуы. Жаһандық ядролық қарусыздану үрдісінің негізі 21 жыл бұрын Елбасымыздың жарлығымен Семей ядролық сынақ алаңы біржола жабылған кезде қаланған еді.  Бұл қадам біздің жас мемлекетіміз үшін ғана емес, ешқандай алып-қоспасыз тұтас әлем қауымдастығы үшін маңызды рөл ойнады.

Тағы бір үлкен жетістік ретінде осы 30 жыл ішінде елдегі қылмыстың азайғанын байқаймыз. Оған дәлел – тәуелсіздік алғаннан бері елде 14 түрме жабылған. Бұл елімізде заң жұмыс жасайтынын көрсетеді.

«Тəуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі. Тарихы бай, тамыры терең Қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ. Оны ең қымбат қазынаға, ең асыл аманатқа балаймыз. Сондықтан бабалар аңсаған тəуелсіздіктің қадірін жан-жүрегімізбен сезінеміз. Егемендік – əр халыққа бұйыра бермейтін баға жетпес бақыт» деп Президентіміз  Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, тәуелсіздік деген ащы термен келген тәтті жеңісімізді қастерлеп, келер ұрпаққа аманттау – біздің міндет.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз