Өлең, жыр, ақындар

ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев ұсынған реформалар тізбегі Қазақстанның жаңа дәуірге қадам басуын көрсетеді

Бүгін 16 наурыз 2022 жылы елде жыл басында орын алған қайғылы қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан жұртшылығы асыға күткен жаңаша реформалар кешенінен тұратын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауын арнады. Жаңа Қазақстанды құруда Президентіміз саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған он негізгі реформалар тізбегін ұсынды. Жалпы аталған реформалардың басым бағыт-бағдары негізінен Қазақстанның 30 жылдық тәуелсіздік тарихында авторитарлық басқару жүйесіне негізделіп және халық санасына нықтап орныққан «суперпрезиденттік» басқару формасын өзгерту, өркениетті елдерде тәжірибеде табысты іске асырылып отырған биліктің тармақтарын күшейту, жергілікті басқару органдарында билік өкілеттілігін арттыру мен оларға еркіндік беру болып табылады. Бір адамның қолына шоғырланған абсолютті биліктің түбінде тығырыққа тірелетіні белгілі. Себебі билік жүйесінің басқа салалары еркін шешім қабылдауда батылы жетпеуі және өз еркімен нақты іс-әрекеттерге бара алмауы дамуды кешеуілдететіні анық.

Бұл өзгерістер өз кезегінде жаңа қазақстандық қоғамның талабынан туындаған қажеттіліктер болып табылады. Соңғы жылдары Қазақстан тұрғындарының саяси белсенділігінің артуы, азаматтық қоғам институттарының жандануы елде демократиялық үрдістерді шынайы түрде іске асыруды қалайды. Жолдауда көтерілген тағы бір маңызды мәселе Президент Қ.К. Тоқаев: «Біз мемлекет пен қоғам арасындағы өзара құрмет пен сенімге негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырамыз» – деп атап айтты. Бұл да өз кезегінде жоғарыда айтылған азаматтардың бойына жаңа демократиялық құндылықтар мен бағыт-бағдарларды барынша сіңіру мен жаңаша көзқарасты қалыптастыру қажеттілігін тағы бір дәлелдей түседі. Осы орайда қазақстандық жастардың жаңаша саяси мәдениетін қалыптастыру қоғам алдындағы басты міндет. Қорыта келе биылғы Жолдаудың бағыты Қазақстанның жаңа дәуірге аяқ басуын, демократиялық және модернизациялық даму жолына түсуін көрсетеді.

Айтымбетов Нүркен Ысқақұлы  


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз

Пікірлер