Академик Зейнолла Қабдоловтың “Арна” атты зерттеу-сын эссесі және жас ақын жырларының антологиясы
Академик Зейнолла Қабдолов өзінің “Арна” атты кітабында:
“Абай лирикасын талдауға кіріспес бұрын, әуелі, жалпы лирика туралы бір-екі ауыз сөз айту артық емес.
Лирика — поэзияның негізгі үш (эпос, лирика, драма) түрінің бірі. Лирикалық шығармаға көбінесе ақынның ішкі дүниесінің сезім күшімен тебірене толқуы, оның жеке өз басының көңіл күйі, күйініш-сүйініші тән. Ақын басында болатын мұндай толғаныс оның өзі өмір сүрген мезгілге, өзін қоршаған әлеуметтік ортаның моральдық бітіміне тығыз байланысты екені даусыз. Ақын қуана шалқыса да, жабырқай толғанса да, лирикада сол өз кезінің шындығы мен сыры жатады. Оқушы мұнан ақын өмір сүрген дәуірдің рухын, жай-жағдайын байқап, хал-күйін аңғарып отырады”, — деп, жазады.
Алғы сөзін жазған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулетов. “Жас ақындар жырларының антологиясындағы” “Жыр патшалығы немесе алғы сөз орнына” атты беташар мақалада:
“Меніңше, әдебиетшілер мен оқырмандардың “Поэзия қандай болуы керек?” деген сауалға нешеме ғасырлар бойы жауап іздеп, бір пәтуаға келе алмауында жастық пен кәріліктің әрқайсысына ғана тән кейбір нәзік сипаттарды ескермеу жатқан сияқты. Өйткені, көктем мен жастық шақ поэзияның айнымас серіктері ретінде көбінесе қатар аталады. Ыстық сезім суынған сайын оның орнын салқын қанды ой жайлайтыны ақиқат. Сонда қайсысы бағалырақ, қайсысы әсерлірек, қайсысы керегірек?” — деп сауал қояды.
Бұған жауапты академик З.Қабдолов өзінің зерттеу кітабында:
“Сөз өнеріндегі сыр мен сымбаттың үлгісі қандай? Мұның жауабын да Абайдан табамыз. Ол үшін Абайдың лирикасын пайымдап байқау шарт.
Абайдың лирикасы — кең көлемді мол қазына; биігі бітпес, тереңі таусылмас сырлы мұра. Алдымен, Абай — ақын. Ақын болғанда бүкіл бір халықтың, ұлт мәдениетінің ғасырлық мерейі, әдебиетінің заңғар биігі болған данышпан, классик ақын. Олай болса, Абай творчествосының дені — поэзия. Ал, сол Абай поэзиясының дені — лирика. Осының өзінен-ақ, үлгі айтқанымыздай, мұның қаншалық шалқар теңіз екені белгілі” — деп жауап береді.
Қалай десек те, “лирика — ақынның бір сәтте жетіскен нұрлы ойы, жарқ етіп, тұтас көрінген ішкі сырлы дүниесі” болса, Тәуелсіздік кезеңде әдебиетіміздің табалдырығын аттап, төріне ұмтылған жас ақындарымыздың ұлы Абай дәстүрін жалғастырудағы аяқ алысы қалай, өзге толқындарға ұқсамайтын бет-бейнесі, ерекшелігі қай дәрежеде, бағыт-бағдары қандай деген жауабы күрделі сұрақтарға өлеңдерінен негіз іздедік.
Ақсұңқар Ақын-Бабақызы 1975 жылы Монғолия жерінде Ұлан-Батыр қаласында дүниеге келген екен. 1993 жылы атамекенге оралып, Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы университеттің филология және тарих факультетін 1997 жылы бітіріпті. “Тауға шыққым келеді” атты топтама өлеңдерімен жас ақындар жырларының антологиясын ашыпты.
“Мен — Ақсұңқар!
Құстың баласы —
Аққу да емен,
Қаз да емен…
Өмірге көңіл наласы:
“Ой түбін үңгіп қаз!” деген!
Өлеңнің шоғын маздаттым,
Бұйырғай
Төрден нәсібім?!
Қиылған қыршын Боздақтың
Төгілген
Нахақ жасымын!..” —
деп бастайды.
Өлең атой салып, әдебиет есігін еріксіз қаққылап, “Мен келдім” деген сөзін айтқандай. Осындай үлкен жүрекпен басталған жырдың жалғасы оқырманды біршама суытып тастайды. “Моңғолдан көшіп келгемін... Үйсіз де күйсіз сенделдім” дейді. Кім үйсіз-күйсіз болған жоқ, бұрынғы бодан еліміз де? Кім сенделген жоқ, Кеңес өкіметінің өктемдігі кезінде?! Үлкен ақындық жүрекке жеке басының осындай күйкі тірлігін араластыру арқылы — ақын төмендеп қалғандай, сол бір шумақтан кейінгі сезім кім-кімді де тебірентпей қалмайды:
“Хақтығы
кәміл сөзімнің,
Кәмелет
Кемді жасым бар.
Сырт қалған
Қаракөзіңмін,
Қақтырмай,
Есік ашыңдар?!”.
Бұл, міне, ақындық сөз. Ақынға лайық мінез. Ақындық наз. Бұдан кейінгі шумақтағы: “Туғаным — иісі Қазағым — Айналар деп ем Қорғанға”, деп алып, “Тартқызбай тірлік азабын, талатпай арыс-арманға” дегені де екі-ұшты пікір. “Тірлік азабын” тартпаған ақын ақын ба?!” Орыс-орманға талататын сонда қазақ болғаны ма? Ақынмын деп оңды-солды сөйлеу жараспайды. Бәрін де өлшеп-пішіп сөйлеген абзал. Соңғы түйіндегі:
“Жер жүзінде бұл Жыр күні мереке ретінде атап өтілді және бұдан былай да атап өтілетін болады. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше екі жүзге тарта елдердің барлығына ортақ қазына — рухани-әлеуметтік біртұтас кеңістік қалыптастыруды қолға алып, барлық адам баласын өркениет жолымен өрлетуді көздеп отырған бұл халықаралық беделді ұйым тарих алдындағы поэзияның өлмес ролін осылай ерекше атап өтті”, — деп жазды. Тарих алдындағы поэзиялық өлмес ролі демекші, сол Абай дәстүрін жалғастырушы, тәуелсіз елдің жаңа толқын, жас толқыны әдебиетімізге енді. Соларды түсін түстеп, атын айтсақ, Ақсұңқар Ақын-Бабақызы, Батырболат Айтболатұлы, Әшімжан Жанарбек, Бауыржан Бабажанұлы, Бақыт Әлдибеков, Әмірхан Балқыбек, Рүстем Есдәулет, Маржан Ершутегі, Талғат Ешенұлы, Нұрлан Қалқа, Алмат Исәділов, Жарас Сәрсек, Ақеділ Шойжанұлы, Маралтай Райымбек, Есенгүл Кәпқызы сынды он бес ақынды атап отырмыз. Ақсұңқар Ақын-Бабақызы:
Ашына емен
Өсек-аяң сөзбенен,
Құтылмайтын
Өз Тағдырым —
Өз Денем!
Қанша пенде-ғұмырына
Көнсем де,
Көңіл қосып —
Күң бола алман өзгемен!”
Айтолқын деп бастап, өлең түйінінде:
“Құнсыз өмір
Сала алмайды құлдыққа,
Үйір емес —
Рухани ұрлыққа...
...Күндіз-түні
Кірпігімді ілмеймін,
Жағынамын —
Жар боламын Шындыққа!” —
дейді. 60-70-ші жылдардағы сыншы ағаларымыз болса, “ашына” сөзіне ашынып сынаған болар еді. Бірақ, оны ақтайтын “...Күндіз-түні, Кірпігімді ілмеймін, Жағынамын — Жар боламын шындыққа!” деген шумақ аман-сау сақтап тұр. Асылында, Ақсұңқар Ақын-Бабақызы лирик ақын. Лирик ақын болғанда асау толқыны бар екпіні мол ақын жүрек.
* * *
“Жас ақындар жырларының антологиясының басында Ақсұңқар Ақын-Бабақызының өлеңімен басталса, ең соңында Маралтай Райымбекұлының жырларымен аяқталады екен. Маралтай ақын Жамбыл облысы, Сарысу ауданы “Игілік” ауылында дүниеге келген. “Қарлығаш” топтамасы мен “Толқыннан толқын туады” атты студенттер жыр жинағына өлеңдері енген. 1996 жылы “Жазушы” баспасынан “АЙ-НҰР” атты тұңғыш кітабы шыққан. Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты. Маралтайдың:
“Туған ұл мен шығармын көр ішінде”, “Жас ананың жатырының керулі”, “Басың шықты”, “Мемлекетіміз міне, бүгінде — еркін ел, бай ел әйгілі, (Иә, мен соған сеніп жүргендей) ұят-ау, тіпте қайғылы”, “Бірге жүрген достарым... (дос бар ма еді?!) Көрімді кең қазса ғой ауырсынбай”, “Ел жайлы ләм-мим демес ағалардан, жүрген Елбасының есігінде” тәрізді аяғын бірде аннан басқан, бірде мынан басқан жыр жолдары — жақсы ақынның жолына жақсылық бермесі анық. Сөзге тиым жоқ деп, ойыма келгенін жыр етіп жаза берсек, құрдымға кеткендей күй кешеріміз анық.
Дей тұрсақ та Маралтай Райымбекұлы талантты ақын. Өзінің дарынын толыққанды халқына жұмсау үшін азын-аулақ кемшіліктерін айтып қоймасақ болмайды. Халық — қашан да таразы. Көпшілік жұрттың жүрегін дәл басу үшін де талантты орынды-орынсыз жұмсамай, ел деген көпшіліктің көңілін дәл басуың қажет.
Маралтай өлең жасау техникасын шебер меңгерген. Содан соң да өлеңді оңды-солды жаза салады:
Бүгінгі түн мен үшін қасіретті,
Қасіретті жанымды жасын етті.
...Сен аман бол, қара өлең айналайын,
Ақыр болса бір қырттың басы кетті, —
дейді ақын “Оптимизм” өлеңінде. Өлеңде айтарлықтай оптимизм жоқ, қайта пессимизм басым. “Ластауға лайықсыз — Ла ил Аллам, Сүйіншіге жанымды алсаң ал енді”, “Шүмегіңнен шүметайың шықса аман, Көрімді де өзің қазсам деп едім”. 70-ші жылдары “Күтпеген қонағыма сыр” деген жас ақынның өлеңін, алдыңғы толқын ағасы сынап: “Таусылып сөйлеп, біттім” дегеніне қарағанда, бірдеңе болып қалған екен десек, жас ақынның күтпеген қонағы келіп, отызға толған екен” деп сынап еді. Маралтайдың отыз бір жасында осыншама басына қайғы-мұңды үйіп-төгіп жазатындай, төніп тұрған ештеңе жоқ сияқты.
Асылында Маралтай — лирик. Сөздің оралымдарын — тылсым дүниенің жұмбағынан іздейді. Табатын тұстары көп. Таба алмай қиналатын жақтары да бар. Қалай дегенмен, бүгінгі жыры келешекке жасалған алғашқы қадамдардың іздері. Болашақ үлкен жүректі ақын боларына сенім мол.
“Қандай бақыт күн кешкен үйде тұрып,
Қобыз қосып кеудемде күйге тұнық.
Қоналқыға бұйырған бір лифтіден,
шығып келе жатамын сүйретіліп...”.
Мұндай суреттер аға толқын ағалардың да басында болған мүшкіл хал. Маралтай түбінде ақындық бар қуатын келелі тақырыпқа бұрып, ерекше жол табуы қажет дер едім. Талант біткеннің бәрі де көп адасқан. Адасып жүріп жол тапқан. Қалай дегенмен де ақынды қай өлең көкжиекке алып шығары белгісіз, жұмбақ.
Академик Зейнолла Қабдолов өзінің “Арна” кітабында: “Суреткердің өнері өмірімен, яки өз басынан кешкен ғұмыр-тіршілігімен тығыз байланысты. Ол өмірде нені жете таныса, өнері арқылы жұртқа да соны танытады”, — деп жазды.
Жиырма-жиырма бес жастан бастап, отыз үш жас арылығын қамтитын “Жас ақындар жырларының антологиясына” енген ақындар ауыл-мектеп-университет аралығында ғұмыр кешкендіктен де, үлкен де ауқымды қоғамдық өзгерістерге әлі де айқын үн қоса алмай келе жатқандары сезіледі. Әйтпесе, бұрын орыс империясының боданында болған қазақ елінің Тәуелсіздік алуы жас ақындар жүрегін ерекше толғантулары керек еді. Бірақ олардың болашақтары алда екенін ескерсек, әлеуметтік-саяси лирикаға жас ақындар келешекте үн қосады деген үміттеміз.
Ғалым-ұстаз Зейнолла Қабдолов:
“Лирикалық шығармадан оны жазған адамның өмір сүрген ортасын, сол ортаның саяси-әлеуметтік халін, адамдардың алуан-алуан мінез-құлқын, ой-өрісін, жан-күйін, арман-тілегін, мақсат-мүддесін аңғарамыз”, — дей келіп: “Сонымен қатар, лирикалық шығармадан ақынның өзін, өзіне тән айрықша мінезін тануға да болады. Өйткені лирикада ақынның оқушыға бұрын онша мәлім бола қоймаған сыры мен сезімі жалт етіп сыртқа шығып, жарқ етіп бір көрініп қалады”. Талантты ақын өз лирикасында осылайша жарқ етіп, терең ойы мен сезгіш жанының жалпы жұртқа бұрын мәлім емес белгісіз түкпірін нәзік толқынмен осылайша ап-айқын ашып, танытады. Мұны ұғу да, әрине, оңай емес.
Ұқпассың үстірт қарап, бұлғақтасаң,
Суретін көре алмассың, көп бақпасаң.
Көлеңкесі түседі көкейіңе,
Әр сөзін бір ойланып, салмақтасаң —
деп, кемеңгер Абай тегін айтпаған” — деп ойын түйіндейді. Жас ақын “Қазбек Құттымұратұлы “Менің бұлтым” өлеңінде: “Төбемде қалықтап су бұлтқа айналып” деп:
Білмеймін ұры алғанын, қары алғанын,
Сол бұлтты бүгін қарап таба алмадым.
Көл айтты көлеңкесін көре алғанын,
Бел айтты жел еркесі жоғалғанын, —
деп жырлай келе, “Жоқ, әлі Ақ бұлт көрсең сәлем айтшы, Адасқан бәлкім менің бұлтым шығар” деп ойын әдемі түйіндейді. Қазбек 1970 жылы Орал облысы Тайпақ ауданында (Жұбан Молдағалиевтың ауданында) дүниеге келген. 1995 жылы әл-Фараби атындағы Қазақтың Мемлекеттік Ұлттық университетін тәмамдаған. “Жас Алаш” газетінің Батыс Қазақстан облысындағы тілшісі болып қызмет етеді екен.
Лирик ақынның бірі — Маржан Ершутегі. Атырау облысы, Жылыой ауданында туған. Атырау университеті филология факультетін бітірген. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында оқытушы екен. 1988 жылы “Дариға ғұмыр”, “Жыр жүрек” кітабы жарық көріпті. “Жапырақ ғұмыр” өлеңінде:
“Күзгі жаңбыр,
Мен сені ұнатамын.
Жаурап тұр ғой әнеки құба талың.
Жел ұшырған жазықсыз жапырақты
Жанымменен әлдилеп жұбатамын.
Жапырақтар сарғайып жерге түскен
Сағыныштың мұңды әнін тербетіскен
Жазы болып аңызақта қуырылып,
Ақ жаңбырды тамсанып шөлдеп ішкен”, —
деп лирик ақын “Жел ұшырған жазықсыз жапырақты Жанымменен әлдилеп жұбатамын” деп сезім иірімдерін, “Сары түске боянған сағыныштан”, “Күз жағынан жеткен жапырақ, Амалсыздан үзіліп жатса, өмірдің парқын жаза білгендей”.
“Сары тіршілік. Сары уайым. Сарғайып санада құр,
Мұңайып іштен тынып дала да тұр.
Жапырақтың жанарын моншақтатып,
Асау жел азынатып бара жатыр.
Жапырақ — мұң
Сыңсиды бейне адамдай
Қиын-қиын түскен бе күйге қандай.
Асықтырып алып күш жеткен кезде
Қапы қалған жандайын жинала алмай.
Мына өмірдің тәттісі-ай,
Сыйы да балдай!
Көзді ашып жұмғанша Илан, Аллай-ай! Деп
Туырлықтай тұл бойы қиналады-ай”.
“Жапырақтың жанарларын моншақтатып” азынаған асау жел тағдыры лирикаға ұласқан. Лирика үнімен үндесіп, қос пернедегі ерекше бір күйді оқырман алдына тартады. Академик Зейнолла Қабдолов: “Күз” деген өлеңінде ілесе жалғасып, тақырып жағынан ұласа ұштасып жататын “Қараша, желтоқсанмен сол бір-екі ай” деген өлең, сөз жоқ, Абайдың саяси лирикасының ең түйінді бір тұсы. Әуелі қысқа ғана табиғат суреттерін өрнектеп, одан шаруа-жайға көшіп, іле мұнан туған қоғамдық қарым-қатынасты суреттейді де, одан алған өзінің ақындық әсерін, азаматтық пікірін қорытады.
Кедейдің өзі жүрер малды бағып,
Отыруға отын жоқ үзбей жағып.
Тоңған иін жылытып, тонын илеп,
Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып.
Бұл — Абай заманындағы типтік көрініс: түндей қараңғы, қапас тұрмыста қоңыр іңірдей күңгірт мұңы, арман-сыры бар кедей үйінің жабырқау өмірі”, — деп жазады.
Ақын Маржан: “Тозақ өмір. Сыншыл ғалам. Сұр қабақ” деген өлеңінде әлеуметтік тақырыпқа бойұсынған. Мұндай ашынулар, ызалы өлеңдер болған, болады да, бола бермек. Бірақ, Абай өмірді, заманды, ел-жұртын сүйіп тұрып сынайды. Маржан болса, “Қоғамның ащы ауыр толғағы, сол үшін де замананы жек көрем” деп ашықтан-ашық кетеді. Заман деген үлкен де күрделі ұғым. Замананың ішінде өзің де барсың.
Маржан ақынның Зейнолла Қабдоловқа арнау өлеңі — Төлеген Айбергенов ақынның адуынды асау толқынымен жарысқандай, үлкен екпін үстінде жазылған өлең екен.
Күй күмбезінен —
Сәулесін төксе құйып көк,
Туған ел деген жайсаңдарымен сүйікті ет,
Атырау елі,
Аспандатып, даңқың барады,
Қабдолов сынды
Таудай... биіктеп, —
деп жазады. Басталуы да, шарықтап шыққан шыңы да аяқталуы да Маржанның ақындығын танытқандай. Зейнолла Қабдолов мүсінін өлеңмен әдемі жеткізіп, өрнектеген.
Зейнолла демекші, Зейнолла Қабдолов “Әуезовтың әсемдік әлемі” деген мақаласында Н.Погодиннің “Қазақстан үшін Әуезовты — екінші Абай” дегенді келтіре отырып:
“Таланттар тарихы мен тағдырына қарап отырсақ, басты жазушылардың бәрі ғұмыр бойы өзінің бас кітабын жазу мақсатында әрекет еткен және солардың талайы жазып үлгіре алмай кеткен. Туған халқына мәңгілік мұра болғандай ғасырлық туынды сыйлау тек қадау-қадау ұлылардың ғана үлесіне тиген”, — деп жазады. Талантты ақындардың бәрі дерлік, жоғары жақтан мақтап сынап, арқа қағатындай жылылық күтіп жүріп, басты кітабын жаза алмай өтеді. Өзінің тамаша еңбектерін қорытындылауға үлгіре алмайды. “Жас ақындар жырларының антологиясына” енген ақындардың, барлық жас ақындарға айтарым, Құдай берген талантың бар, қалай жазуды меңгердің, енді не айтуды, нені айтуды, не үшін жазуды оймен тұжырымдап, өмірдегі бас кітабыңа отырған абзал. Еш нәрсеге алаңдамау қажет. Алаңдасаң — уақыттан ұтыласың. Алдыңғы толқын ағалардың бәрі дерлік солай күй кешті. Содан ұтылды.
Өзінің шығармашылығымен алдыңғы толқын ағаларын өзіне назар аудартып жүрген ақынның бірі — Әшімжан Жанарбек: Әшімжан 1976 жылы Алматы облысы, Кеген ауданы, Жалаңаш ауданында туған. 1999 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетін бітірген екен.
Сары күз биыл тағы да,
Қақпамды менің қағып тұр.
Сағынғандардың бағына,
Сағыныш-жаңбыр жауып тұр, —
деп жылы жүрекпен жыр жолын бастаған ақын өзіне деген үлкен үмітке жол ашқандай.
Әшімжан ақынның “Тағдырлар тоғысы” да әсерлі өлең. Әкімдер мен ақындарды салыстырып отырып жырлайды. Ауылда туып, астанада ғұмыр жолын тауысатын жандардың жүрегіне үңілген “жауынгерлер” жүрегін толғап:
Көктегілер басып қалса түймесін,
Жаңғырып кейде естіледі түнгі есім.
Жұлдыз ақса бетіңізді сипаңыз,
Аққан жұлдыз ақын болып жүрмесін, —
деп өлеңін әдемі түйіндейді. Бірақ ақынның өзі де ақынның кім екендігін біле бермеуі мүмкін.
“Ақын кім? Ақындық деген не? Бұл сұрақтардың жауабын кезінде Абайдың өзі берген. Ұлы ақынның “Адамның кейбір кездері” деп басталатын өлеңінде мынадай керемет жолдар бар:
Сылдырап өңкей келісім
Тас бұлақтың суындай...
Шын мәнісіндегі өнер туындысының айрықша асыл қасиетін, сыртқы түрі мен ішкі сырының тамаша үндестігін сайып келгенде, оның күллі идеялық-көркемдік құнын осыдан артық дәл тауып айту қиын. Сөз өнеріндегі мазмұн мен пішіннің бірлігі дегеннің өзі де осы — әдеби шығарманың адам таң қалғандай әдемілігі, яки “тас бұлақтың суындай сылдыраған өңкей келісімі”. Александр Блоктың “ақын — үндестік ұлы” деген тамаша тұжырымының түп төркіні де осыған саяды”, — деп жазады академик Зейнолла Қабдолов “Абайдың ақындығы” атты ғылыми-зерттеу еңбегінде. Шынында да ақынның өзінің қай өлеңі мықты екенін, ақын кім екенін өзі біле бермеуі мүмкін. Бір шетелдік сыншы бір ақын туралы былай деп жазады: “Ақын түні бойы өлең жазды. Бірақ бәрі де ұнамады. Ақыры таң ата бір өлеңді аяқтап ұйқыға шомды. Ертеңіне оянғанда, сол ақын, өзінің сол өлеңімен ұлы ақын болып оянғанын өзі де білген жоқ”, — деп жазды. “Тас бұлақтың суындай сылдыраған өңкей келісім”, Александр Блок айтқандай үндестік ұлы — ақынды аялаудың қажеті жоқ. Оған жалғыз ғана нәрсе, өзінің ақын екендігіне шексіз көз жеткіздіре білу. Сонда ғана ақын еркін қозғалысқа келеді. Жас ақындарға сенім керек, қашан да жазу керек, жазу керек...
“Мен ғашық қыз сыймайды екен фәниге...
Пәктігі оның хас тек қана сәбиге!..
Қиялымда періште бар, ол — сол қыз,
Мен періште емеспін ғой, әрине.
Талып іздеп түкпірледім жер-көкті,
Қиял қажып, ал жүрісім өнбепті...
Оған біткен нәзіктік пен ұяңдық,
Сөйтсем, әлі бұл өмірге келмепті”, —
деп бастапты “Мен ғашық қыз” өлеңінде Батырболат Айтболатұлы. Ерекше сезім билейді ақынды. Ғашық қызын дүниедегі ең адалдық биігіне жеткізе жырлайды.
Шын ғашық сыймайды екен фәниге,
Ал сен маңдайды айтасың, — деп әдемі түйіндейді ақын.
Қай өлеңін алсаң да өзіндік өрнек, ерекше қолтаңба айқын көрінеді. “Пушкин туралы Байтоқ ағамның байламын” да, “Аздап Абайша” өлеңі де ақын екендігінен хабар берері сөзіз.
“Абай — жалғыз табынатын құдайы,
Өзгелерді көп мойындай бермейді.
Басқа жұртты жүреді аяп ұдайы:
“Бақытсыз ел — Абайы жоқ ел”
дейді.
Немесе, өлең түйініндегі:
— Соны-дағы түсінбейді кей надан,
мәңгүрт болу оп-оңай-ау сорласа,
Пөшкин деген күшті ақын ғой, — дейді ағам —
тек қазақша жазбағаны болмаса...”, —
деп Байтоқ ағасының байламын көлденең тарту арқылы біраз сырды аңғартады. Ақындық ерекшелігін танытады. З.Қабдолов: “Абайдың шеберлігі — әр сөздің орнын табуында, ол орнын тапса, ойнамайтын сөз жоқ”, — деп жазады. Батырболат әр сөздің орнын тауып, сөзді ойната білетін ақын.
Сондай сөзді ойната біліп, сөздің орнын сезінетін ақынның бірі — Талғат Ешенұлы (Қырықбаев).
“Сізді ұмыту — өзімді өзім ұмыту.
Айтыңызшы, бір күн де
сізге деген ықыласымды суыту —
ұмытуым мүмкін бе?
Сізді іздемеу — сағыныштан жаңылу.
Өлеңдерімді оқырсыз:
менікі шын жақсылықты сағыну —
пәлсапасыз, ақылсыз”, —
дейді ақын Талғат “Бәрі — Сізге...” атты өлеңінде “Сізді сүймеу — сұлулыққа табынбау”, “Сізді сүймеу — айырылу жанардан” дей отырып:
“...Неге мәңгілік жұмбақсыз қалпын
ұрлатқан жандай үнсізсіз?
Жұмбақтығыңызбен қымбатсыз, бәлкім,
шешіміңізбен құнсызсіз?!” —
деп түйіндейді. Өлеңнің түрлік сипатымен де, өзіндік мақамымен де оқырманын тарта білетін Талғат ақын “Шабыт” фестивалінің жүлдегері.
“Жаңбырлы күз жеткен кезде
жолығыстық, тағдыр ма?
Бұл не, мөлт-мөлт еткен көзде —
жас па, әлде, жаңбыр ма?
Жаңбырлы күз жеткен кезде
айырылыстық, тағдыр ма?
Бұл не, мөлт-мөлт еткен көзде —
жас па, әлде, жаңбыр ма?
Өрекпіген өтті кез де,
жас құрғаған, жаңбыр да...
Бірдеңе мөлт етті көзде,
бұл не тағы, тағдыр ма?”
Бар болғаны үш-ақ шумақтан тұратын лирикалық өлеңде екі адамның бүкіл тағдыры тұр. Мысалға айтар болсақ, “Есім салған ескі жол, Қасым салған қасқа жол” деген тарихи қанатты сөзді тарқатып айтар болсақ, бұл шежіре, трилогиялық романнан асып түсер еді. Лирикалық өлеңдер де солай. Ұлы Абайдың лирикалық бір өлеңін тарқата айтар болсақ, ұланғайыр сөз керек болар еді. Талғат ақынның осы бір қарапайым ғана жазылған жыры да адам тағдырының қалай жазсаң да таусылмас шежіресі дер едім. Талғат осы қасиетімен ақын.
Бір кездері Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиенбаев бастаған “Жол басы” аталған жас ақындар жинағынан бастап “Жас керуен”, “Жас қанатқа” дейінгі “Жас қанаттан” — “Жас ақындар жырларының антологиясына” дейінгі әрбір толқын алдыңғы аға толқындарды таңқалдырумен келеді.
Ғабит Мүсірепов сөзімен айтқанда, жаңа толқын — жас толқынның жырларын оқысақ, “Сонша, әрдайым жаңа бір көркемдік, бұрын оқығанда байқалмай кеткен тереңдік табамыз”. “Жас ақындар жырларының антологиясы” да біздің жүрегімізді таңырқатып толғандырды. Жас ақындар шеберлігі өскен. Ерекше дер едім.
Иә, Антологияға енген талантты ақындардың бірі — Алмат Исәділов. “Жалғыздың шағымы, Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан...” өлеңімен ақын ойы сан-саққа тартып, сан сүрінген өмір жолына баянды мағына бере сөйлейді. “Тек Құдайға жарасатын жалғыздық, маған кеп бір құрығын салғызды” дейді. “Достарым деп жүрген жандар жәй әшиін бос болды, Дос орнына жалғыздық құшағыма қош келді”, — деп ендігі бір “жалғыз” деген дүниесінде:
“Жалғыз Аспан,
Жалғыз Ай,
Жадау түнде жалығып,
Жұлдыздар көп, мен болсам,
Жалғызданам қамығып.
Жалғыз өзім келемін,
Жалғыз аяқ жолменен...
Ен далада бір ағаш,
Тербеледі желменен.
Жалғыз жүрек, жалғыз бас,
Жалғыз өмір, соңы — өлім.
Келдің, кеттің жоқ болдың
Мәңгілік тек өлеңің”, —
деп өзіне де, өзгеге де жауабы жоқ сауал қояды. Қай өлеңі де ақындық жүрегінен хабар береді. “Жалғыздықпен” сыр кешеді ақын жүрегі. Академик Зейнолла Қабдолов:
“Абайдың әлеуметтік тақырыптағы өлеңдері көп. Соның бәріне желі боп тартылып жатқан негізгі идея — қалың бұқараның “көзін қойып, көңілін ашу”, қараңғы қауымды еңбекке, білімге, өнерге, адалдық пен адамгершілікке бастау, азаматтыққа тәрбиелеу; замандастарын мәдениетке әкелу. Бірақ, ұлы ақын осы жолда қолдау таппай, мынадай өкінішке келеді:
Моласындай бақсының —
Жалғыз қалдым — тап шыным?
Бұл ащы шындықта айрықша мағына бар”, —
деп жазады.
Алмат ақынның да “жалғыздықпен” сырласып, мұң кешкені жақсы. Бірақ, сол жалғыздықты ұлы Абайдай әлеуметтік тақырыпқа, ұлттық идеяға бұрып, жырласа оңды болар еді.
“Жылқы жылы келгенде” атты өлеңінде ақын жүрек Рүстем Есдәулет:
“Жылқы жылы келгенде самғай барып,
Хас тұлпардың жігері қанда айналып,
Мен келіппін кісінеп бұл өмірге,
Тостаған көз құлыннан аумай қалып.
Қырдың қызыл жусанын тұмар еттім,
Қиялыма қыранды сыңар еттім.
Сауырына да қондырмай көбелекті
Беу, балалық, құлындай бұлаң өттің”, —
дей келіп, “Кісінеген көңілдің көктемді іздеп күмбірлеттім көкейде ғұмыр-әнін” дей келіп:
Пырақтардың шырақтай жанарынан,
Құлын кезім аңсаған үміт көрдім, —
деп ақын әдемі түйіндейді. “Көкбөрі” өлеңі тұнған сурет. Суретті суреткерше сала отырып, суреттер арасынан өрелі ой туындатқан:
Тау кезесің шоқтай көзің жалтылдап,
Өйткені сен бөрісің!
Сен күрсінсең — дала тынып, тау тыңдап,
Үрей жайлар тұяқтының өрісін.
О, көк бөрі,
Сен — арымның көзісің! —
деп жырлап, “Көкжал кием, жортып келем, далада, мен де сенше мойындамай ешкімді” — деп өзінің көкбөрілігімен астастырады ақын.
“Содан бері топырақпын басылған,
Бәлкім гүлдің сезілермін иісінен.
Сен жыласаң аунап түскен жасыңнан,
Жанында әлі жаз емеспін түйсінем”, —
деп жазады ақын Жарас Сәрсек. Антологияның алғашқы өлеңінде. “Жерге сіңіп жоқ болғанмын көп болды, Тек биіктен көру үшін өзіңді” дейді. Түйіні де қарапайым, бірақ қарапайымдылықтың ерекше нұсқасы іспеттес.
Халқы еркелеу,
Сүмбе дейтін ауылдан
Алматыға өзімді іздеп келген ем, —
дейді ақын, басқаны іздемей, өзін-өзі іздеу де ерекше мақам. Ә дегеннен ойды жетелеп кетеді. “Естимісің, Жартас, Таулар, Құздар-ау, Менің мұңым кетті аралап қыр елін, Тек қорқамын, қорқатыным — қыз қалау, Жүрегімнің ішіндегі жүрегім” дейді ақын “Арна” деген өлеңінде. “Арнасымен” бірге ағып, “жүрегінің ішіндегі жүрегіне” үңілесің. “Арна” өлеңімен академик Зейнолла Қабдоловтың “Арнасына” қарай ауыссақ: “Бұл ретте Әуезов қаламынан төгілген өрнектер біздегі сөз өнеріне жаңа сапа дарытып, өзгеше бояу, ішкі қасиет болып сіңгені сөзсіз” деп алып, “Творчестволық тұлға ретінде хас қасиет, бәрінен бұрын адам таңғалғандай тұтастық” дейді, Жарас Сәрсектің өлеңдерінде де, жалпы Антологияға енген жастардың көбі дерлік өлең тұтастығына, өнер тұтастығына зер салған жастар. Бақытжан Алдияр, Елена Әбдіхалықова, Жанат Әскербекқызы, Үміт Битенова, Тұрсынмамет Бұқыбиев, Назира Бердалиева, Дәурен Кәпұлы, Тоқтар Кенжеғалиев, Ақтолқын Күлекеев, Серік Қалиев, Тоқтарбек Қамзин, Рахат Қосбармақов, Қазбек Құтмұратұлы, Индира Өтеміс, Тазагүл Хасанова, Айбатыр Сейтақ, Бауыржан Халиолла, Иманғазы Нұрахметұлы, Кәмила Тілепова, Асхат Сүйіндіков, Серікзат Дүйсенғазин, Рима Онаева, Еркін Молданбеков, Болат Мүрсәлімов, Танакөз Толқынқызы, Әлібек Шегебиев, Алмас Темірбеков, Жанар Рамазанова бәрін қосқанда қырық бес ақын әдебиет есігін ашып, киелі шаңырақтың табалдырығын аттапты. Бәрі де төріне озуға дайын, талант-дарын жетеді. Бірақ, не жетпейді?
Бұл сұраққа жауап өз алдына бір еңбек. Дейтұрғанмен, айтарымыз, біріншіден, жылап-сықтау басым, екіншіден, екінің бірінің аузынан “өлім”, “ажал” деген сөз билеп алған, алдында жатқан үрей, таусылып сөйлеу, үшіншіден, ұлттық намысты қозғайтын, ұлттық сезімнің отты шоғын үрлейтін өлеңдер аз, төртіншіден, біз тәуелсіз ел емеспіз бе, елдікке қолымыз жеткен жоқ па, жетті, енді неге ол туралы толғана жырламасқа?!.
Бір-ақ қана мысал: “Ажалдың айы туғанда...
“Ажалдың Айы туғанда, Солынан емес, оңынан, Өлмейді Қазақ, Өледі!.. Өлсе егер мұңның жоғынан (М.Райымбекұлы, “Соңғы демім бітіп бара жатқанда” (282 бет) (Т.Толқын....) “Оның да бейіті кеудемнен орын алғанда” (275-бет) (Ж.Сәрсек), “Өлілер тұрып, өлімін қарсы алмасын” (263-бет), (Е.Молданбаев), (Жалғыз жүрек жалғыз бас, Жалғыз өмір, соңы — өлім” (234-бет А.Исәділов) “Бір ерлікке татыр өлім” (231 бет), (Б.Қалиолла), “Менің де құйттай жүрегім айналды қалың қорымға” (197 бет) (И.Өтеміс), “Өзіме үкім кестім өлесің” деп, (19...) “Кім кідіртер өлім деген сумаңды” (196-бет. Қ.Құттымұратұлы).
“Мен кеткенмен қисаймайды қылшығың, Өлімтіктің сезілмейді өлгені” “190-бет) (Р.Қосбармақ), “Бақұл да шығар тамұқта, Қосағы алса мәйітін” (175-бет), “Құстар қайтты, Тыныштыққа өліп қыр” (172-бет) (Т.Қамзин), “Сұрапыл ажал құйындай” (163-бет) (А.Күлекеева), “Тақымын қысып ажал тұр ма екен алдымда” (156-бет), (Д.Кәпұлы), “Қара түн табыт көтерді, Қабірім әлі қазылмай” (135-бет) (М.Ершутегі), “Өлу үшін тағы да жаным-ай” (123-бет), “Содан соң ауладағы кемпіріме, Біреуді айтып... Қырық адам өлтірген” (119-бет), (С.Елікбаев), “Үзілдірмей, үзілтпей, Анау ара айнала ма молама...” (99-бет), (Ә.Балқыбек) “Қоңыр күзде қорланады өле алмай” (93-бет), “Өліп кетсінші сайтандар жылап, Өресі жетпей өлуге” (90-бет), (Б.Әлдибеков), “Қаралы күн ақындардың барлығы, Қара жерге жерленеді қабырсіз” (87-бет), “Атса да ақ шарапқа қанып тауып, Мен — табыттамын, Табыттамын” (85-бет), “Гүл біткен сенің жиегіңдегі — Қаза болғандар жол апатында” (82-бет), (Д.Берікқажыұлы), “Тылсым тоқтың өлейін деме, Жұмыр жер жалғыз барарың” (73-бет), (Т.Бұқабаев), “Сон-соң үнді өшіріп бас көтерген табыттан” (60-бет), “Өмір сүру көп үшін күту ғана ажалды), (57-бет), (Б.Бабажанұлы).
Бұл жолдарды мысалға келтіргенде өлеңдердің нашарлығынан келтіріп отырған жоқпын, “ажал мен өлімді”, “қолжаулық” қылған жастардың өліммен аңдамай, отпен ойнаған бала мінездері сезілетіндігін көрсету үшін келтірдім.
Туған әдебиетімізге талантты ақындар шоғыры түнгі әлемнің құс жолындай шеру тартқан екен. Ұлықбек Есдәулеттің сөзімен аяқтасам: “Жыр патшалығына хош келдіңіздер, Жаңа ғасырдың жас ақындары!” демекпін және де академик Зейнолла Қабдоловтың:
“Әуезовтің әңгіме-повестері, бір жағынан, қазіргі қазақ прозасындағы шағын және орта көлемді эпикалық түрлердің әсем үлгілері болса, екінші жағынан, оның алда кезек күтіп тұрған бас кітабының баспалдақтары болып табылады”, — деп жазғанындай, жаңа толқын, жас толқынға айтарымыз, антологияға енген өлең-жырларыңыз бас кітаптарыңның баспалдақтары болғай...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі