Өлең, жыр, ақындар

"Руахни Жаңғыру" - болашаққа бағдар!

Елбасы Нұрcұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жарияланған кезден бастап, біршама іс-шаралар өткізілді. Мақаланың негізгі тақырыбы қазақстандықтардың салт-санасы мен дүниетанымын өзгертетін қозғаушы күш керектігі. Елбасының пайымдауынша, біз ұлттық құндылықтарымызды ұмытпай, жаһандық жаңашылдыққа ұмтылуымыз қажет. Қазіргі қоғам көзқарасы қалыптасқан зерделі де, зерек тұлға тәрбиелеуі тиіс. Ол үшін ілім-білімге ұмтылып, жан-жақты жетілген жөн.

Бұл мақаланың қазіргі жас буын біздерге жолданғаны анық. Олай дейтінім, мақалада «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген жолдардың астарында үлкен мағына жатыр. Шынында да рухы биік азаматтары бар елдің іргесі мәңгілік болары анық.

Еліміздің алдына қойған маңызды екі мақсат бар, олар саяси реформа мен экономикалық жаңғыру.  Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін әрқайсымыздың санамыз ісімізден озып жүруі, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Шындығында  ұлттық рухы, руханияты жоғары, мәдениеті озық ел көп нәрсеге қол жеткізетіні анық. Және ұлттық бірегейлікті сақтау ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін қажет етеді. Елбасы ұлттық мәдениетті сақтай отырып, жаңғыру және ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту қажет екенін қазақстандықтардың түсіне білуі керек екендігін баса айтады. Мақаладағы «Туған жер» бағдарламасын қолға алу ұсынысы жас ұрпақты тәрбиелеуге дәл және уақытында айтылған нақты тапсырма деп санаймын. Әрбір адамның жүрегінде кіндік қаны тамған жеріне, өскен ауылына, туған жеріне деген сүйіспеншілік, құрмет болмайынша – Отан деген ұлы ұғымға адал қызмет ету, жан дүниесімен беріле сүю күмәнді.

«Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы», – делінген мақалада.

Сондай-ақ «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек», – делінген.

Расында, жастайынан әдет-ғұрып пен дәстүрімізді, тағылымды тарихымызды оқып, сусындап өскен ұрпақ теріс ағымдар мен жат мәдениеттің жетегінде кетпейді. Салт-дәстүрі мен тарихына ерекше мән берген елдің тұғыры биік, іргесі берік болмақ.

Неғұрлым тұтастыққа жету үшін елді айшықтап тұрған ұлттың танымдық, тәрбиелік маңызға бай әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері қажет. Кез келген халықты өзінің рухани құндылықтары мен ізгі қасиеттері ғана біріктіре алады. Елбасы мақалада осы ұстанымды айқын көрсетіп берді:

«…Жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады…Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу».

Бұл жәй айтылған жүрек қалауы емес, бүгінгі өркениетті, озық технологиялы, жаһандық ықпалдасудан, түрлі қауіп-қатерден қорғану жолы. Әр халық ел болып ғұмыр кешуі үшін жастардың санасына ұлттық құндылықтарын сіңіріп, рухани болмысымен өмір сүруге баулиды.

Елбасының осы мақалада көтерген тағы бір маңызды, өзекті мәселесі – туған жерге деген махаббат: «…Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі».

Расында, өзінің туған жерінің, туған өлкесінің көркеюіне үлес қоса білген азамат бүкіл елдің игілігі үшін қызмет ете алады. Міне, патриотизм дегеніміз туған жерге деген сүйіспеншіліктен басталады.

Кез келген қоғам ұзақ уақыт бойы жинақталған тәжірибені келесі ұрпаққа ізгі дәстүрінсіз жеткізе алмай­тынын есте сақтағанымыз абзал. «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», – деп Елбасы кез келген қоғамдық, әлеуметтік үдеріске қазақы салт-санамен бейімделу қажеттілігін баса айтқан.

Егер халықтың дәстүрі болмаса қалай дамып, қалай өрістейді? Өткеннің тәлімді тәжірибесін алмай, алға қадам басуға бола ма? Кез келген халық ежелгі дәстүрімен жаңаны жалғап барып қадам жасауы – оның өмір сүруінің алғашқы белесі.

Елбасының мақаласында қозғалған мәселелер мен қолға алынатын бастамалар бүкіл қауымның жұмыс бағытын нақтылап берді. Жалпылай айтқанда, Елбасы өз мақаласында жастарды тектілікке тәрбиелеудің жолдарын нұсқап, тұжырымды ой айтты.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз