Өлең, жыр, ақындар

Демократия мен тәуелсіздік одан әрі орныға түссін десек...

1993-жылы маусымның 15-інде Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңестің бірінші мәжілісінде сөйленген сөз

Бүгін таңда біздін мемлекетіміз өзінің қалыптасу сатысында, ал қоғамымыз ұзаққа созылған дағдарыс жағдайында тұр. Өйткені осы тәуелсіздіктің өзіне терең дағдарыстың нәтижесінде қол жеткені аян. Ол дағдарыс күні кешеге дейін бәріміз бірге өмір сүріп келген әлеуметтік-саяси ортаны толық шарпыған еді. Осылайша, біз қазір бір аяғымызбен тәуелсіздік пен дербестіктің жаңа жағалауына қадам бассақ, екінші аяғымызбен әлеуметтік күйзелудін бұрын болып көрмеген дәрежеде тереңдеп отырған рухани кеңістігін тастап кете алмай отырмыз. Осы әлеуметтік дағдарыс жас мемлекеттің нығаюы жолында елеулі тосқауыл болып қана қоймай, оның азаматтарын аса зор материалдық мұқтаждыққа, елеулі моралдық күйзеліске ұшыратып, тіпті жанына жара салып бағуда.

Қоғам мен жеке адамның шыңдалып-ширығуы, қалыптасып отырған келеңсіз жағдайдың күрделі шырғалаңдарынан шыға алар бағыт таба білуі нақ осындай кезеңде аса қажет-ақ. Ал бұлардың ешқайсысы да өз-өзінен жүзеге аса салмайтыны белгілі. Тек елі мен халқының тағдырына өзін жауаптымын деп сөзінетін мемлекет қана осындай өмірлік маңызы бар мәселеден шет тұра алмаса керек. Дүниежүзілік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, отаршылдықтан тәуелсіздікке, тоталитаризмнен демократияға өту үстіндегі қоғамда жаңа үйлесім мен мінез-құлықты қалыптастырудың негізгі салмағын қашанда мемлекет өз мойнына алған. Өйткені, кез келген жас егемендік пен жаңа өркен жайған демократияның сәтті қадам басып кетуі үшін мақсатты да жүйелі іс-қимыл қажет. Ал мұның өзі қоғам өмірінде тоталитаризм мен отаршылдықтың кеселдерін жоюға бағытталуы, демократиялық басқару формаларының заңды негізін баянды етуі және нығайтуы тиіс. Мысалы, тоталитарлық режимнен кейінгі Германия мен Франконың ұзақ билігінен кейінгі Испания нақ осындай жолдан өткен болатын. Мәселен, ГФР-де 1952 жылдан бастап саяси білім берудің мемлекеттік қызметі жұмыс істеп келеді. Ал 1963 жылы ол федералық комитет болып қайта құрылды. Оның негізгі міндеті — оңшыл радикалдық идеялардың жолына тосқауыл болу, сонымен бірге жаңа әлеуметтік-экономикалық қатынастарға адамның мейлінше жеңіл бейімделуіне психологиялық тұрғыдан да көмектесу. Мұны бүкіл қоғамның конституциялық жолмен таңдап алған саяси жүйесі туралы халыққа тегін әрі дәйекті білім беру арқылы ғана жүзеге асыруға болады.

Мұндай іргелі істердің дұрыстығына біздің өмір шындығымыздың ащы тәжірибесінен де айқын көз жеткізуге болады. Уақыт өткен сайын қоғамды идеологиясыздандыру дегеннің өзі жаңа идеология болып шыққанын терең сезініп отырмыз. Бұрынғы жаппай идеологияландырудың тәртіпті әсіре дәріптеудің идеологиясы болып шыққанындай, жаппай идеологиясыздандыру да бостандықты жел сөзге айналдырудың идеологиясы болып шықты. Және де көзінде жаппай идологияландыру өкімет орындарының шектен шыға ауа жайылып кетуіне әкеліп соққанындай, әлгі идеологиясыздандыру да шектен шыға ауа жайылуға, баршаның жаппай бетімен кетуіне әкеліп тіреді.

Егер біз бүйтіп көз апара саяси аңғалдыққа бармаған болсақ, тағдырымыз шешілетіндей күрделі өзгерістердің кезеңінде идеологияны шетке ысырып тастамас едік. Моральдық құндылықтардың, өмірлік бағдарлардың ой елегінен өткен сындарлы жүйесі ретінде идеологияны біз ешқашан да тәркі етпес едік. Егер болып жатқан барлық оқиғаларды қалыптасып отырған жағдай тұрғысынан да, жалпы өркениеттік процестер тұрғысынан да алып қараған болсақ, онда кеше бәрін де сол бәз-баяғысынша қалдыруға болмайтынын қалай түсінген болсақ, бүгін бұдан былай да бұған дейін жүріп келген қалпымызбен жүре берсек, онда мандытып ілгері баса алмайтынымызды да тап солай түсінген болар едік. Кеңестік дәуірден кейінгі қоғамда соңғы айларда болып жатқан оқиғалар көрсетілгеніндей, демократия бұдан әрі дер кезінде тоталитаризмді құлату үшін қолданылғандай шабуыл мен қысымды үдетіп, жолындағының бәрін тәркі етумен шұғылданса, онда өзінің жедел орнығуына өзі қиянат жасаған болып шығар еді.

Біз бастан кешіріп отырған уақыттың өтпелі болатыны тек тоталитаризмнің күйреп жатқанында ғана емес, тәуелсіздік пен демократияға ие болу тактикасынан оларды баянды ету мен тереңдету тактикасына көшетін кездің әлдеқашан туғандығында. Демек, халықты болып жатқан оқиғалардың шынайы мән-мағынасын білуден шеттету стратегиясы тек ескірген әрі жиіркенішті нәрселерді талқандау мен бүлдіруде ғана тиімді болуы мүмкін. Ал жаңа әрі аңсарлы қоғамды құруда ол тіпті де оң нәтиже бере алмақ емес, керісінше кесірін тигізбекші. Біздің жас демократиямыздың трагедиясы да, атап айтқанда, нақ осында, қызу саяси тартыстар әуенімен кетіп, өзінің ішкі дамуының әлгіндей күрделі бетбұрыстарын әрдайым уақытылы ескеріп, уақытылы икемділік таныта алмай қалатынында.

Қысқасы, бүгін таңда не болып жатқанына, адамдарды алда не күтіп тұрғанына жұртшылықтың көзін алдын ала жеткізу тактикасына көшпейінше, қоғам әлі де ұзақ уақыт әр түрлі тосын оқиғалардың шырмауында қала бермекші. Сөйтіп ол біресе тоқмейілсуге, біресе сілкіністерге ұрынып, қалың тобырдың ыңғайына жығылып, қызбалықтың отына шарпылудан құтыла алмайды. Сөйтіп, өзінің бас пайдасына жету үшін өмірде бар өрескел фактілер мен келеңсіз оқиғаларды алға тартып бағатын кез келген саяси алаяқтың айла-шарғыларының қармағына тез ілінеді. Мұндай құбылыстың тіпті даңқы жер жарған ірі мемлекеттердің өзін қандай күйге душар қылғаны белгілі. Талай ұрпақтың ғасырлар бойы көксеп, зорға қолдары жетіп отырған жас егемендік пен демократиясы тарапында мұндай ұшқары көзқарасқа жол беру барып тұрған жауапсыздық пен имансыздық болып шығар еді. Өйткені демократия мен тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны ұстап тұру әлдеқайда қиын. Ал біздің республиканың демократиялық тәуелсіздігі, өмірдің өзі көрсетіп отырғанындай, тек қазақтар үшін ғана емес, барлық қазақстандықтар үшін қазіргідей алмағайып уақытта аса зор демеу әрі саяси құндылық болып табылады.

Олай болса, баршамыз болып ауыр жағдайдан аман шығу, қол жеткенді баянды ету, көксеген мұраттарға тезірек жету идеологиясын бірге жарастырып, бірге жасақтап бітіруіміз қажет.

Өйтпеген күнде, өз-өзінен өрбіп жатқан оқиғалар мен саяси пиғылдардың шылауына көзсіз еріп жүре берсек, көздегенімізге мүлдем кереғар нәтижелерге жетуіміз де ғажап емес. Біздің ғасырымыз мұндай жәйттердің талайына куә болған. Солардың барлығының тұсында да ұзаққа созылған тұрақсыздық пен одан туындаған экономикалық құлдырау демократия мен тәуелсіздіктің аяғынан шалып келген. Бұл ретте саяси «элитаның» тойымсыз өзімшілдігі де, мемлекеттік билік институттарының бейғамдығы мен табансыздығы да зардаптарын аз тигізбеген.

Бұл біреудің үрейін алу үшін айтылып отырған әншейін әңгіме емес. Бұл арқылы жұртшылық назарын кез келген революция мен реформа тағдыры үшін тарих алдында саяси «элитаның» алғашқы буыны, белгілі бір жаңа режимді орнықтырған буын ең алдымен жауап беретіндігіне айрықша аударғым келеді. Егер осы алғашқы буын парасатты болса, онда ол орнықтылық ахуал орнатуды ең алдымен қолға алады. Егер ол өз бойындағы саяси шамшылдықты жеңе алмаса, онда билік үшін бітпейтін де қоймайтын толассыз тайталас пен итжығыс егестердің көзсіз көбелегіне айналады. Ал кейінгі ұрпақ тәуелсіздікті нығайтудың баға жеткісіз тарихи мүмкіндігін босқа жібермеген ұрпаққа ғана риза болмақшы.

Дүниежүзілік тәжірибеде талай рет көрсетілгеніндей, жас егемендік пен қаз тұрып келе жатқан демократияға, әсіресе, алғашқы онжылдықтар тым қиын соғады. Біріншіден, онымен байланысты қоғамды түбегейлі жаңарту — бір айдың ғана немесе бір жылдың ғана ісі емес. Екіншіден, мәселенің мән-жайын бірден түсіну кімге де оңай соқпайды, үшіншіден — осы уақыттың ішінде ұрпақтар ауысады.

Егер алдыңғы ұрпақты қоғамдық өмірде өзі үстемдік құрған кезеңінде келер ұрпаққа арналған болашағы мол өмірлік бағдарламаларды қалыптастыра және үдемелі әлеуметтік икемділікті қамтамасыз ете алмаса, онда олардың орнын көбінесе аға ұрпақтың істерін жалғастырушы ізбасарлар емес, олардың істерін жоққа шығаратын мансұқтаушылар басатын болады.

Осының бәрі, басқа да көптеген мәселелер сияқты, жаңа отаршылдық пен тоталитаристік режимнен кейінгі реваншизмнің отына май құяры сөзсіз. Ал олардың көздеген мақсаттарының әлбетте қанаты қатпаған тәуелсіз мемлекеттер мен демократияның мүдделеріне мүлдем сай келмейтіні айтпаса да түсінікті. Олар сырттан да, іштен де діңкені құртатын әр түрлі «саяси ойындарды» әкеп таңуға тырысады. Бұл мақсатта халықтың басым көпшілігі үшін сан алуан иірімдері сырт көзге біліне бермейтін күрделі «әлеуметтік инженерлік» ғылымды шеберлікпен пайдаланып бағады.

Міне, кез келген революция мен реформа алғашқы қадамдарынан бастап, өз идеялары мен іс-әрекеттерін «саясат тілінен» «адамдық» тілге «аудара» алса ғана табысқа жете алмақшы. Өйткені, дамыған елдердің тәжірибесі жұртшылықтың саяси және құқықтық сауаттылығы қоғамдық қатынастарды тұрақтандырудың еш нәрсемен шатыстыруға болмайтын ең шешуші факторы екендігіне көз жеткізіп беріп отыр. Бұл түсінікті де. Егер адам саяси сауатсыз болып, саналы таңдау жасай алмаса, онда өз пайдасын ғана көксейтін неше түрлі кеудемсоқ демагогияның қанжығасына оңай өңгеріліп кете барады. Сөйтіп, мұның өзі тарихтың сын сәттерінде адамның жеке өз қара басы үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін де қатерлі болып шығады. Ал сындарлы реформаны ойдағыдай тереңдете түсу үшін ең алдымен қоғамның әлеуметтік салауаттылығы қажет.

Сондықтан да, тағдырдың қалауымен осындай кезеңде саясат сахнасында жүргендердің бәрі де тарихи жауапкершілікті терең сезініп, сындарлы тұрақтылықты барынша нығайтып, қазіргі дағдарыстан бейбіт жолмен шығу үшін қоғамның жаңа сапалық жағдайын дәйекті түрде қылыптастыру жолында күрескендері абзал.

Біздің тәуелсіздігіміз өзімізді қоршаған бұрынғы кеңестік саяси кеңістіктегі істердің жалпы жағдайына әлі де тәуелді екендігі айдан анық. Ал, мұндай кезде қоғам жол айрықтан тым ұзақ шыға алмай қалатыны бар. Мұның өзі жүз отыздан астам этникалық топтан тұратын құрамы сан алуан қоғамның жай-күйіне келеңсіз әсер етері түсінікті.

Оның үстіне әлеуметтік жіктелу қарқынды жүріп жатыр. Егер тоқыраудың аяғында шетелдік мамандар бұрынғы кеңестік қоғамда айқын байқалатын 15, ал отандық мамандар сексенге жуық әлеуметтік жік бар деп тапса, реформаларға деген тұрпайы көзқарас жағдайды одан әрмен шиеленістіріп жіберді. Саяси өмірдегі өктемдігін әлі жоғалта қоймаған жалаң экономизм күтіліп отырған меншікті мемлекет иелігінен алуды өз пайдасына шешіп, көпе-көрнеу бұрмалауға жол берді. Бүкіл жекеленетін меншіктегі әр азаматтың үлесінің тең болуы қағидасын қатаң сақтай отырып, жаппай меншіктендіруді, толық және тегін меншіктендіруді жүзеге асырудың орнына, тарихи қалыптасқан мүлік теңсіздігі бар қоғамдарға тән аукциондық жекешелендіру әдісін үрдіске айналдырды. Меншіктің күтілген алуан түрлілігі орнына қоғамның қайтадан дәулеттілер мен кедейлерге бөлінуі етек алды. Әлеуметтік ынтымақтасу орнына әлеуметтік бөліне-жарылу күшейіп шыға келді. Асығыс таңылып отырған корпорациялық капитализм мен өз көзқарастарынан әлі де толық бас тарта қоймаған бюрократиялық социализм тайталасының асқындай түсу қаупі төнді. Өмірдің өзі көрсетіп отырғанындай, жаңа-жаңа өркен жайып келе жатқан саяси плюрализм ашықтан-ашық бейбастыққа ұрына бастаған әсіре демократиялық радикализм мен барған сайын өзінің шынайы бет-бейнесін барынша аша түскен тоталитарлық реваншизм арасындағы қырғи-қабақ шиеленіске дес беруге мәжбүр болып отыр.

Адамдарды болашаққа деген сенімсіздік билеп, моральдық-психологиялық дағдарыс күшейе түсті. Ақпарат ұстамдылығының сақталмауынан, халықтың болып жатқан оқиғалардың шын мән-жайынан бейтарап қалуы салдарынан әлеуметтік мінез-құлық бұзылуда. Егер іс осылай жалғаса берсе, онда реформаның беделі түсуі, кең қарымды әлеуметтік келеңсіздіктің белең алуы мүмкін екендігін де жоққа шығармаған жөн. Осындай жағдайда жаңада ғана тәуелсіз болған елдің мемлекеттік саясатының негізгі өзегі этникааралық, жіктераралық және мемлекетаралық қатынастарды, адамдардың әлеуметтік-экономикалық мінез-құлқын жарастықтандыра түсу болуға тиіс. Бұған тек ауа жайылушылықтың кез келген көрінісіне қоғамның демократиялық сауаттылығын қарсы қою арқылы ғана қол жеткізуге болады және солай ету керек те.

Біздің мемлекетіміз басшысының жаңа бастамасынан осындай ойлар туындап отыр. Ол — жүргізіліп жатқан реформаларды болып жатқан оқиғалардың шын мәнін бұқарадан көлегейлеу жолымен емес, қайта адамдардың құқықтық және саяси бағдарлылығын арттыру, жалпы халықтық ой-пікір мәдениетін көтеру, қоғамның сындарлы жаңғыртушы бағыттағы жаңа мінез-құлқын қалыптастыру арқылы тереңдету. Әзірге Қазақстанда тиісті институттар, демократиялық ағарту жүйесі, саяси партиялар мен қозғалыстардың иделогиялық орталықтары болмағандықтан, негізгі салмақ республика Президентінің жанынан таяуда ғана құрылған Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңестің, оның проблемалық комиссиялары мен жұмыс топтарының бұғанасына түсіп отыр.

Геосаясат, қоғамдық-саяси, ғылым мен білім, мемлекеттік билік институттары мен азаматтық қоғам институттарының өзара қимылдары, әлеуметтік-мәдени даму мен демократиялық ақпарат кеңістігін жасақтау, сондай-ақ құқықтық реформа мен құқықтық тәрбие проблемалары бойынша комиссиялар құрған дұрыс деп танылды. Бұл комиссиялар өз құзыры ауқымында істің нақты жағдайын зерттеуге, процестердің одан әрі даму барысына болжам жасауға, оларды мемлекеттік тұрғыдан реттеу жөніндегі ұсыныстар әзірлеуге, бұл үшін қолда бар интеллектік мүмкіндікті кеңінен тарта отырып, жұмыс топтарың құруға құқылы. Олар талдап жасаған байыптамалық жобалар мен ұсыныстар кеңестің пленарлық мәжілістерінде талданатын және оларды жүзеге асыру жөнінде шешімдер қабылданатын болады. Кеңес жұмысының принциптері мен механизмі баспасөзде жарияланған «Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық Кеңес туралы ережеде» мазмұндалған.

Бірінші кезектегі тұжырымдамалық байыптамалардың тақырыбы мен оларды жасауды жүзеге асыратын жұмыс топтарының құрамы анықталды. Жаңа мемлекеттік сипаттама мен қоғамдық мінез-құлықтың тұжырымдамалық негіздерін талдап жасауды енді кідіртуге болмайтынын уақыттың өзі көрсетіп отыр. Сондай-ақ, бұған сәйкес келетін әлеуметтік-мәдени кеңістік пен әлеуметтік-экономикалық мінез-құлықты, құндылықтар мен өмірлік бағдарлардың жаңа жүйесін қалыптастыруды, осы жүйеге сәйкес жас ұрпақты тәрбиелеу мен халықтың ересек бөлігінің өмірдегі қайта бағдар алу жүйесін реформалауды, осының барлығы үшін қажетті мамандарды даярлауды кешіктірмеген жөн.

Байыптамалық талдаулар тізбесіне енгізілген мәселелердің көкейкестілігі мен өткір қажеттілігі туралы көп айтуға болады. Бірақ, бұл одан әрі жүргізілетін нақты жұмыс барысында жүзеге асырылмақ.

Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік саясат жөніндегі жаңа консультациялық-кеңесші органның бүкіл қызметі толығымен Қазақстанның егемендігін дәйекті түрде тереңдетуге, экономикалық дағдарысты барынша тезірек жеңуге және оркениетті демократиялық қоғам жағдайында қазақстандықтардың лайықты өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз