ҚаҺарлы қыстың сызынан соң құлпырып жайма-шуақ көктем келген. Алматының көктемі жанға жылулық сыйлайтын ерекше ғой, шіркін! Барлық тіршілік атаулыға жан бітіп, қалың ұйқысынан оянған табиғат одан сайын жандана түскендей. Әуелете ән салған құстар, жасыл желектерімен жайқалған ағаштар, адамдарға шабыт сыйлап жаңа тынысты ашқандай. Сондай ғажап күндері университет сабақтарына қаланың тұрғындарға лық толы көшелерін аралап барғанды ұнатамын. Оған қоса, дәл сол уақытта аралық бақылаулар бітіп, арқадан бір жүк түскендей жайбарақат сабаққа барған кезім еді.
Сейсенбі. Ақпанның 17-сі. Сүйікті ұстазымыз әрі, кураторымыз Әйгерім Нұршайхиевнаның журналистика сабағы болып жатты.
-“Сабақтан соң кетіп қалмаңдар. Айтатын маңызды хабарламам бар.” деп, қызықтырып қойды. Өтуге тиіс болған блог туралы тақырыбымызды тәмәмдап, жаңағы апайымыздан Республика көлемінде,елдің түкпір-түкпірінен жиналатын жас журналисттер арасында олимпиада өтетіндігін естідім. Топта оқитын достарым өз еркімен қатысқысы келмейтіндерін айтып,менің қатысуымды алға тартып, ұсынды. Мен қарсылық білдірмей, бірден келісе кеттім. Оған қоса, шежірелі шаҺар Түркістанға баратынымызды естігендегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Көз алдымда Түркістанның киелі Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи секілді тарихқа тұнған кесенелерінде жүргенім, танымал Керуен сарайын аралайтындығым елестеді. Жүрегім толқып, дүлдүлдер бақ сынайтын жарыстың болуына асыға қызу дайындыққа кірістім. Арада уақыт көзді ашып жұмғанша зымырай өте шықты.
Ертең ұшаққа отырып, Абылай хан білім ордасының намысын қорғайтын сайысқа киелі Түркістанға аттанатын күн. Қобалжығаннан ба, түнімен ұйықтай алмай дөңбекшіп шықтым. Күн ұясынан күлім қағып шыға келісімен әуежайға барар жолдың кептеліс екенін біле тұра, қатты асықтым.
Халықаралық Алматы әуежайында әдеттегідей ине шаншар жер жоқ. Апталар бойы шақырайып шығып тұрған күн бұл күні құдды бұлттармен орын ауысып алғандай. Рейске тіркелетін жерден өтіп, ұшақтағы орныма жайғастым. Негізінен, Алматы мен Түркістан арасы 830 шақырымдық жер. Бұрындары ата-бабамыз діттеген жерлеріне айлап жететін болса, қазір бар болғаны 1-ақ сағат жеткілікті. Заманымыздың қарқынды дамығаны соншалықты, күн сайын жаңа технологиялар күнделікті өмірімізге еніп, оны жеңілдетуде. Таң қалған ой жетегіне беріліп, жүрегім толқып, алғаш рет ұшқалы тұрған адам секілді ұшақтың қозғалуын тағатсыздана күттім. Ұшқыш өзін таныстырып, бортсеріктер қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп болды. Бір..екі..үш…ұшақ орнынан бір мезетте лезде қозғалды. Гравитацияға қарсы көкке ұмтылған ұшақта сезіне алатын 5 секундтық салмақсыздық күйін айтып жеткізу мүмкін емес. Құдайдың құдіреті шексіз ғой, сонша адам бір мезетте құстай қалықтап қалаған жерге ұшып бара жатты. Әуеден “сәттілік” белгісін білдіріп тұрғандай жаңбыр себелеп бастады. Алланың нұры жауып тұрғанда аспанда ұшу бәріне бұйырмаған. Көкке көтеріліп, ақша бұлт арасында қалықтап ұшып келе жатқан мен жан-жағыма тамсана қарап отыра беріппін. Бұлттар қыздың жиған жүгіндей тізіліп, аппақ мақта сияқты жылжиды-ау келіп. Құдды басқа бір өлшемдегі өмірге кіріп кеткен секілдісің. Терезеге үңілсен аспанмен таласқан таулар бөктеріндегі Алматы қаласының құс ұшатын биіктігінен көрінісін тамашаланады. Менің сол ғажайыпқа толы сипаттарға қарап отырып қалғаным соншалықты, Түркістанға қалай жеткенімізді байқамай қалдым. Бұл өңірдін әуедегі көрінісі жазиралы жазық дала. Қазақтың жерінің кеңдегі, осындай сапарларға шыққанда білінеді емес пе? Түркістанға жете келе, жарыстың боларын ойлаған толқуым қайта оралды. Намысты қолдан бермей, бар ерік-жігерімді жинап білім додасында бақ сынағалы жеттім. Көненің көзі,шежірелі шаһар-Түркістан мен келдім…
Абылай Хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар мен әлем тілдері университеті
Жамботырова Айнеля
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі