Өлеңдер Бөлімі

М. Шоқай және Түркістан интеллигенциясы

Ерлан Русланұлы Баймағамбетов
Азамат Манарбекұлы Қадіров

Атырау қ., Қазақстан Республикасы

Аңдатпа. Мақалада ХХ ғасыр – қазақ ұлтының, қазақ қоғамының, қоғамдық ой-сананың жаңғыру, жаңару, өзгеру кезеңі болды. Ғасырдың бас кезінде қазақ қоғамында мүлдем жаңа жағдай қалыптасты. Ресейлік патшалық жүйе, қазақ жерінің орыс мемлекетінің меншігі етіп жариялануы, Ресейден қоныс аударушылар легінің күрт өсуі, қазақ бұқарасының зорлықпен егіншілікке жарамды жерлерден ығыстырылуы, дәстүрлі қазақ шаруашылығы терең дағдарысқа ұшырауы сол қалыптасқан жағдайдың нақты көріністері еді. Сол кездегі қазақ қоғамы дамуының күн тәртібінде қазақ халқының ұлт ретінде жоғалуы, не өзін-өзі сақтауы үшін күреске шығу мәселесі тұрды. Қалыптасқан жаңа саяси ахуалға лайық жаңа күрес тәсілдері, әдіс-айла қажет болды, ең негізгісі халыққа оның алдында тұрған мақсат-мүдделерін түсіндіріп жеткізетін, сөйтіп оны заман талабына сай күрес құралдарымен қаруландырып, азаттық үшін қоғамдық қозғалысты бастап кете алатын мүлдем жаңа саяси-әлеуметтік күш қажет еді. Ол саяси-әлеуметтік күш – ұлттың зиялылары, интеллигенциясы болатын. Тілі, діні мен ділі бір, бауырлас түркі халықтарының ортақ мемлекеті – Түркістандағы зиялылар халықтың көзін ашып, көкірегін ояту мақсатында көптеген кемелді істердің ұйытқысы бола білді. Алайда, марксизм-ленинизм методолгиясын басшылыққа алған кейбір зерттеушілер 1917 жылғы қазан революциясына дейін қазақта ұлттық интеллигенция қалыптасып үлгермеді деген тұжырымды ұстанды. Ал  революцияға дейінгі кезеңде саны аз болған қазақ зиялыларының қызметі «Ұлттық буржуазия мен үстем тап өкілдерінің мүддесін қорғау жолындағы әрекет» ретінде түсіндірілді. Таптық мүддені қорғаған кеңестік тарих ғылымы біз қарастырып отырған кезеңдегі қазақ зиялыларының ұлттық еркіндікті қамтамасыз ету жолында атқарған қызметін жоққа шығарып, теріс бағалады.

Сондықтан Отан тарихындағы ұлт зиялыларының, оның ішінде ХХ ғасырдың басында ұлттық тәуелсіздік күресінің барысында пайда болған М. Шоқай бастаған Түркістан интеллигенциясының тәуелсіздік жолында жүргізген қажымас күресін өз дәрежесінде объективті түрде зерттеу және оны халық санасына дұрыс жеткізу тәуелсіз ел тарихшыларының алдында тұрған ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Негізгі сөздер: М. Шоқай, Түркістан интеллегенциясы, Ресей бюрократия, революция

ХІХ ғ. екінші жартысында әлеуметтік-экономикалық реформаларды іске асыру мүддесі басқарушы топты қайта құру міндетін қойды. Империялық бюрократия қызметі тиімсіздігінің басты себептерінің бірі шенеуніктердің білім деңгейінің төмендігі болса элита қатарын толықтыруда сословиелік шектеу де үлкен кедергі болды. Ресей бюрократиясы элита айналымының ерекшеліктердің бірі – оның полиэтникалық құрамы еді. ХІХ ғ. соңында империядағы элитаның жеке құрамының ассимиляциялану үдерісіне қазақ ақсүйектері де тартылды. ХІХ ғ. соңында идеологиялық топ болып қалыптасқан орыс интеллигенциясы биліктің бәсекелесі емес, бітіспес жауына айналды. Ал Түркістанда ұлттық интеллигенцияның қалыптасу факторының әлсіздігі, саяси, интеллектуалдық дайындығының төмендігінен бұл әлеуметтік топ Ресейдің орталығындағы интеллигенция сияқты билікке қатысты позициясын айқындап үлгермеді. Өлкені басқарудағы «соғыс жағдайы» факторы Түркістанда басқару құрылымын қалыптастыруға уақытша сипат, астамшыл мазмұн берді. Дәстүрлі элитаның ықпалын әлсірету мақсатында рулық негізде қалыптасқан әкімшілік жүйе аумақтық белгімен қайта құрылды. Болыстық құрылым бірегей рулық әкімшілік бірлікті бірнеше бөлікке ыдыратып жіберді. Мысалы, Түркістан уезіндегі Қоңырат тайпасы руларының Алтыата, Божбан, Жаманбай және Саңғыл-Маңғытай болыстары бір-бірімен қасақана сапырылыстырылып, олардың аты руға қатысы жоқ Сауран, Жаңақорған, Шілік, Қарнақ сияқты географиялық атаулармен алмастырылды. Осындай тәсілдермен рубасылар институты жойылып, жергілікті әкімшілік басшыларын жасақтайтын сайлау жүйесі болыс, ауыл басшылығына отарлық биліктің өзіне берілген адамдарды ғана ұсынуына және өткізуіне мүмкіндік берді. Қазақ тұрғындарына тек болыс басқарушылары мен ауыл старшындарын сайлау құқы берілгенімен сайлау отарлық әкімшілік шенеуніктері қадағалауымен өтіп, руаралық дау-жанжал қасақана өршітілді. Сайлауға орасан зор қаржы жұмсаған болыс басқарушысына шығынның орнын жемқорлықпен толтыруға мүмкіндік берілді.

Патша өкіметінің жергілікті билік құрылымдарын жасақтау мүделерінің қисынсыздығынан Түркістан мен қазақ облыстарындағы әкімшілік басқару жүйесі тиімділігімен ерекшелене қоймады. Ресейлік билік жүйесі қысқа мерзімде өлке экономикасын метрополия мүддесіне сай қайта құрды Түркістанды рухани отарлау арқылы ұлттық мәдениеттің негізін шайқалту үшін отарлық әкімшілік Түркістанда дәстүрлі мектептерге балама қалалық және приход школдарын, Ташкент қаласында мұғалімдер семинариясын ашты. Европалық үлгідегі оқу орындары әлемдік мәдениет жетістіктерімен танысуға жол ашты дегенмен ұлт өкілдерінің ол мектептерге барынша аз тартылуы, оқушыларды қосалқы кеңсе қызметкерлері етіп дайындау бағыты олардың ағартушылық миссиясын шектеді.

Өлкедегі элита қалыптастыру үдерісіне тікелей ықпал жасаған жәдитшілердің ағартушылық қызметін отарлық әкімшілік алғашқы сәттен қатаң бақылауға алды. Ішкі істер министрлігі жәдиттік мектептердің дамуына тосқауыл қою бағытын ұстанды. Жәдитшілердің ағартушылық және ұйымдастырушылық қызметі мұсылмандық бірлік идеясын негіздеді. Ортаазиялық мұсылмандар үшін Ресейдегі және дүниежүзіндегі мұсылмандармен өздерінің рухани және мәдени тұрғыдан біртұтастығын сезінуде ислам факторы - олардың саяси сана сезімінің индикаторы болды.

Мемлекеттік Дума депутаттарын сайлауда орын алған бассыздықтар Ресейдің орталығында да, шет аймақтарында да контрэлитаның қалыптасуын жеделдетті. Сайлау науқаны ұлт-азаттық қозғалыста саяси күрес тәсілдерін алдыңғы орынға шығарды. Науқанға белсене араласқан ұлт қайраткерлері идеялық тұрғыда шыңдалып, ұйымдық жағынан топтаса түсті. Мемлекеттік Думаның Мұсылмандар фракциясы ұлттық элитаның қалыптасуы мен қызметінде маңызды рөл атқарды.

Кеңестік Түркістанда ұлттық интеллигенцияның қалыптасуы бірнеше кезеңді қамтыды. 1918-1920 жж. аралығын қамтыған бірінші кезеңде мұғалімдер мен мәдени ағарту қызметкерлері үш, алты айлық курстарда дайындалды. Халыққа білім беру, жаңа қоғамдық құрылысқа, мәдениетке тарту қажеттігі асығыс шаралар арқылы іске асты. 1920-1930 жж. қамтыған екінші кезеңде ұлттық интеллигенцияның негізі жаңадан ашылған мұғалімдік, дәрігерлік, өндірістік, ауылшаруашылық техникумдарында дайындалды. Орта Азия мемлекеттік университетін осы кезеңде жергілікті ұлт өкілдерінен барлығы 20 маман бітіріп шықты. Ал 1930 жылдан кейінгі үшінші кезеңде педагогикалық, өндірістік-техникалық, ауылшаруашылық, дәрігерлік және басқа да жоғары оқу орындарының ашылуы жоғары білікті мамандарды көптеп дайындауға мүмкіндік берді (М. Қойгелдиев).

Кеңес өкіметіне жаңарту міндеттерін іске асыру үшін жергілікті ұлт өкілдерінен басқарушы кадрлар керек болғандықтан кадр тапшылығы мәселесін шешуде жұмысшылар мен шаруаларды басшы қызметтерге ұсыну, жоғарылату тәсілі кеңінен қолданылды. Коммунистік партия бұл үдеріске шексіз монополия орнату арқылы элита қалыптастыру үдерісін өз құзырына алды. Жоғарылатылғандардың білімі мен тәжірибесіндегі олқылықты, қоғамдық ортадағы моральдық қолайсыздықтарды олардың бойындағы революциялық рух пен таптық қырағылық алмастыруы тиіс деп саналды.

Республиканың билік органдарында партиялық басқарудың орнағаны 1919 ж. мамыр айында өткен Түркістан коммунистік партиясының ІІІ съезі барысында анық білінді. Осы кезде республика коммунистерінің қатары 24077-ге жетсе, олардың 12043-і жергілікті ұлт өкілдері еді. ТКП құрамында ұлт коммунистерінің тең жарыға жетуін үлкен саяси күш ретінде ұлттық элита өкілдері орынды пайдалана алды. ТКП ІІІ съезі мен Өлкелік мұсылман коммунистерінің І конференциясында Т. Рысқұлов «Бізге бұл жерде, көптеген өзге ұлттар мекендеген Түркістан өлкесінде таптық күресті бірлесе жүргізгендіктен де ол ұлттарды біріктіру керек, өйткені пролетариат ұлтқа бөлу дегенді білмейді» (І. Қозыбаев) деді. Стратегиялық міндет ретінде Т. Рысқұловтың сөзінде алғаш рет түркістандық бірлік идеясы тұжырымдалды. Осындай мәлімдемелер Мұсылман коммунистері бюросына (1919-1920) съезд мінбесінен оң баға беруге қол жеткізді. Түркістанда ұлт коммунистерің қатарын арттырумен кеңестік биліктің саяси негізі нығая түсті. Билік құрылымдарының барлық салаларында партиялық ықпал орнықты. РК(б)П ОК Түрккомиссиясы және Ортаазиялық Бюро шын мәнінде большевиктік мүддені іске асырды. Кең өкілеттік берілген Ортаазиялық Бюро құрамындағы ұлттық элитаның ең танымал өкілдерінің өзі ұлт мәселесінде еркін әрекет жасай алмады. Олардың қызметі большевиктік билікке тікелей тәуелді болды.

Ұлттық басшы кадрлар дайындауда үлкен маңызға ие болған Орта Азия коммунистік университетінде 1922 ж. тыңдаушылардың саны 445 болса, олардың 175 қазақ, 115 өзбек, 48 түркімен, 29 татар, 7 қарақалпақ, 53 орыс ұлтының өкілдері еді. Саяси дайындықтан өткен бұл кадрлар партия, кеңес, шарушылық органдарының төменгі және орта буындарында қызметке араласты. Республикадағы уақытша революциялық комитеттер ұлттық басшы кадрлар тәрбиелеуде үлкен маңызға ие болды. 1920 ж. Түркістанда 6 облыстық, 26 уездік-қалалық, 477 болыстық және көптеген аудандық, ауылдық, станицалық ревкомдар жұмыс жасаған. Жетісу облыстық ревкомнының 11 мүшесінің 4-і ғана орыс, ал басқалары қазақ, қырғыз, ұйғыр ұлтының өкілдерінен тұрды. Жетісудың 7 уездік-қалалық ревком мүшелерінің 67 пайызы, Сырдария облысында 52 пайызы жергілікті халық өкілдерінен құралды. Төменгі буындағы ревкомдарда ұлт өкілдері үлесі 90 пайыздан асты (Т. Хазретәлі).

«Қосшы» одағының ұлттық элита қалыптастыруда бір-біріне қарама-қарсы сипаттағы екі ықпалын бөліп атауымыз керек. Біріншіден, одақ белсенділері отарлық биліктің сарқыншақтарын жоюды мақсат етіп, ұлттық құндылықтар үшін күресті. Екіншіден, С. Қожановтың сөзімен айтқанда «Бай-манап элементтерін жоюға бағыттылған кеңес өкіметінің шараларын іске асыру», «орыс және бұратана халықтардың бейбіт туысқандық ынтымақтастығын орнықтыруға жағдай жасау» барысында одақ белсенділері таптық белсенділік пен ұлттық нигилизмге бұрыла берді. Бұл екіұшты жағдай қоғамның дамуы барысында ұлттық элитаның мәдени деңгейі, рухани ұстанымы және саяси бағытына қарай жіктелуіне әкеліп соқты. Осы одақтың қызметі арқылы көптеген түркістандық элита өкілдері республиканың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты.

Билік басына келген большевиктер – таптық күрестің элитасы, пролетариат диктатурасы идеясын іске асырушы элита еді. Ұлттық элита осы большевиктік элитаның төңірегіне топтасқан көбіне оппозициялық позиция ұстанған саяси-әлеуметтік топтардың бірі ғана еді. Ұлттық элитаның құрамы аз санды, әрі большевиктік биліктің ықпалына тәуелді болғанымен, тіпті саяси еркі барынша шектеулі болса да ол кеңестік билік құрылымындағы шешуші буынға айналды. Өйткені, ұлттық элитасыз кеңестік биліктің жергілікті халыққа ықпал жасауы нәтижесіз болғандықтан большевиктік билік өзіне оппозиция болатынын біле тұра ұлттық элитаны қалыптастыруға, оны тәрбиелеуге мүдделі болды. Демек ұлттық элитаның қалыптасуы кеңестік биліктің ұлт саясатымен – жетістігімен де, кемшілігімен де тығыз бірлікте қарастырылуы тиіс.

Түркістанда бірінші орыс революциясының, жастүріктер мен жаспарсылар қозғалыстарының өнегесі тәуелсіздік идеясының орнығуына негіз болды. Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін жәдитшілердің бағдарламалық құжаттарында феодализм мен отаршылыққа қарсы күрестің дәлелдері айқындалып, билік институттарын конституциялық жолмен реформалау идеясы қалыптасты. Мұсылман халықтары үшін бұл кезеңде белгілі бір таптың мүддесін қорғаудан да отарлық тәуелділіктен құтылу қажеттілігі басым еді.

«Шурои Исламия» - Мұсылмандар кеңесі ұйымның атауы оны европалық үлгідегі кеңестерден ерекшелендірумен бірге оның діни сипаттағы саяси-әлеуметтік бағытын да байқататын еді. Өлкелік Мұскеңес төрағасы М. Шоқайдың Уақытша үкіметтің Түркістан Комитетінің мүшесі ретіндегі қызметі ұлттық-демократиялық күштердің автономия идеясын саяси күрес тәсілдері арқылы іске асыру әрекетіне кең жол ашты. Мұскеңес алдында ендігі кезекте ұлттық-демократиялық күштердің жікке бөлінуіне жол бермеу міндеті тұрды. Өйткені Түркістанда ұлттық мемлекеттілік үшін күресте діни негізде орын алған алауыздық қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың бағдарламалық құжаттарында нақты көрініс тауып, одан әрі тереңдей түсті. 

Түркістандық федералистер демократиялық бағдар ұстап, қоғамдық және мемлекеттік құрылыста батысевропалық либералдық – демократиялық үлгіні жақтаса, «Шурои Улема» мелекеттік билікте отарлауға дейінгі исламдық басқару түрін таңдады.

Бұндай баламалы бағдарламалар ұлттық саяси күштердің дамуымен бірге ұлт-азаттық қозғалыстың көп жыл кейінгі тағдырын айқындаған алауыздықтың да көрінісі еді. Сондай алауыздыққа қарамастан Ташкенттегі большевиктік өкімет жеңісінен соң «Шурои Исламия» бастаған Түркістан ұлттық-демократиялық күштері халықтың өзін - өзі басқаруына қол жеткізу үшін 1917 ж. 26 қазанда Түркістан Мұхтарияты жарияланды .

Түркістан қозғалысының тұғырнамалық негіздері бойынша екі саяси ағымға жіктелуіне ұлттық элитаның саяси күрестегі тәжірибесінің аздығы, интеллектуалдық дайындығының төмендігі, халықтың полиэтникалық құрамы да айтарлықтай әсер етті. Ұйымдық, теориялық тұрғыда пісіп жетілмеген күштер большевиктік экстремизмге қарсы тұра алмады. Бұл жағдай Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының қарулы қарсылық кезеңіне жол ашты. 
Әлемдік ұлт-азаттық қозғалыс дүмпуі Орталық Азия халықтары арасында отаршылдыққа қарсы этникалық, аймақтың бірлікті мақсат тұтқан Тұтас Түркістан идеясын дүниеге әкелді. Түркістан Мұхтарияты қызметінде алғаш рет көрініс берген этникалық негіздегі бірлік М. Шоқай бастаған ұлттық элитаны батыл саяси шешімдерге ынталандырды. Түркістан Мұхтариятының қару күшімен жойылуы, М. Шоқайдың эмиграцияға кетуі, кеңестік үлгідегі Түркістан автономиясы мемлекеттік құрылымының орнауы да аймақтық тұтастықты қалыптастыру идеясын тұншықтыра алмады. Бірақ балама позиция ұстанған ұлттық элита өкілдерінің кейінгі әрекеттері большевиктік биліктің ықпалына ыңғайлана берді. Тұтас Түркістанды қуаттаған қайраткерлердің идеялық бірлігі ұлттық-территориялық және мемлекеттік межелеуге байланысты ұлттық мүдделерге ыдырай бастады. Түркі халықтарының бірлігі идеясы Ресейдің өктем геосаяси мүддесінің құрбандығына шалынды. М. Шоқай, М. Сұлтанғалиев, Т. Рысқұловтардың ту етіп көтерген идеясы кеңестік тоталитарлық жүйе нығайған сайын көмескілене берді.

Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының ерекшеліктері мынадай факторлардан туындады: біріншіден, өлке халқының полиэтникалық құрамынан туындаған саяси, рухани әралуандық түріндегі ішкі фактор; екінші, тарихи Ресейдің қоғамды модернизациялауының қарқынды жүргізілуі түріндегі сыртқы фактор. Алғашқы фактордың ықпалымен ұлт-азаттық қозғалысының идеологиясын қалыптастыруда жәдитшілер басты рөл атқарды және тәуелсіздік идеясы халықтың мұсылмандық, түркілік, түркістандық түріндегі ортақ атаулармен бірігуіне негізделді. Ал екінші факторға байланысты отарлық биліктің қоғамдық өмірге, экономикаға жасаған өзгерістері өлке тұрғындарының тұрмысы мен санасына елеулі ықпал жасай отырып, шовинистік сипаты арқылы ұлттық наразылықты өршіте түсті. Ұлттық элита қызметінің үлкен жетістігі болған Түркістан Мұхтариятының қуып таратылуынан соң өлкедегі ұлт-азаттық қозғалыс сипаттық өзгеріске ұшырады.

Сонымен қорытындылай келе, біріншіден, ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі интеллигенция қызметінің басты мазмұны мен мақсаты – ұлт-азаттық қозғалысқа құлшына араласу, жетекшілік ету. Бұл – қазақ зиялыларының, интеллигенцияның көптеген өкілдерінің қоғамдық-саяси белсенділігінің шыңына жеткен кезең болды. Өздерін саяси күрескер ретінде танытқан ағартушылар, қалам қайраткерлері, ғалымдар, өнер иелері ел бостандығын барлық қызметінің негізі, түпқазығы санап, осы бағытта әрекет етті. Ұлтына қорған болу әрекеттері жеке зиялылардың іс-қимылынан елуінші жылдарға деген байқалды.

Екіншіден, тарихшы көзімен қараған интеллигенция қызметінің ең маңызды қырларының бірі – ұлттық мәдениетті, салт-дәстүрлерді, қазақтың бүкіл рухани құндылықтарын отаршылдардан қорғау болды. Ал күрделі тарихи міндет – қазақ халқының сауатын ашу, білім, ғылым, техникаға тарту арқылы мәдени дамуын жеделдету, әлеуметтік-экономикалық артта қалушылығын жою.               

Үшіншіден, тоталитаризм кезеңінде шет елде жүрсе де Кеңес үкіметінің озбыр саясатына қарсы күрескен М. Шоқай өршіл рухтың негізін көрсетті. М. Шоқай бастаған Түркістан интеллигенциясының Түркістан идеясы әлемдік қауымдастық пен әлемдік державаларда мойындалған идея болды.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

  1. Аманжолова Д. Казахский автономизм и Россия. История движения Алаш. – М.: Россия молодая, 1994. 216 с.
  2. Асылбеков М., Бегалиев А., Курмангалиев Р. История 
    Туркестано-Сибирской магистрали (1926-195 8гг.) – Алматы: Бастау, 2002. 204 с. 
  3. Ауанасова А. Национальная интеллигенция Туркестана в первой четверти ХХ века. – Алматы: Қазақ университеті, 2001. 260 с.
  4. Әбжанов Х. Ұлт зиялысы мен зиялылық: тарихи негіздер. // Егемен Қазақстан. 2007 ж. 26 шілде, 5 б.
  5. Қозыбаев І. Тұлғалар тұғыры. – Алматы: ҚазАқпарат, 2009.  540 б.
  6. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. – Алматы: Санат, 1995. 368 б.
  7. Назарбаев Н. «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. - Астана, 2012 жыл 14 желтоқсан
  8. Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. – Алматы: Ататек, 1995. 256 б.
  9. Озғанбай Ө. Ресей мемлекеттік думасы және Қазақстан. – Алматы, 1997. 461 б.
  10. Серікқызы Қ. Алаш пен «Түркістан» мұраты. // Қазақ әдебиеті, 13 қаңтар 2017 ж.
  11. Сүлейменов Р. Великий Октябрь и культурные преобразования в Казахстане. – Алма-Ата, 1987. – 88 с.
  12.  Хазретәлі Т. Алаш һәм Түркістан. – Алматы: Ел-шежіре, 2013. 400 б.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Қарап көріңіз

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

×