Өлең, жыр, ақындар

"Жалын" журналы

1969 жылдың маусымынан екі айда бір рет әдеби-көркем және қоғамдық-саяси альманах ретінде «Жалын» журналы шыға бастады. Алғашқы саны Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының ЛКСМ Орталық комитетінің «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» газеттері мен «Жұлдыз» журналының құттықтауларымен ашылды. 1986 жылдан бастап «Жалын» журнал ретінде шығарылды. «ҚҰЭ» басылымының хабарлауынша, басылым қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне қатысты прозалық, поэзиялық, публицистикалық шығармалар, сыни баяндамалар, мақалалар мен очерктерге арналған беттерін ұсынады. Әлем әдебиетінің классикалық шығармалары да, жас және орныққан қаламгерлердің де шығармалары тұрақты түрде жарық көреді. Журнал Қазақстан Республикасының мәдени өміріндегі оқиғаларды, әдебиет пен өнер саласындағы жетістіктерді; әлеуметтік және экологиялық мәселелерді көтереді.

Журналдың бас редакторы- Мұхтар Шаханов. 2013 жылы «Жалын» журналы Түркиядағы Жазушылар және өнер қайраткерлерінің халықаралық қорының ұйымдастыруымен өткен «18-ші Халықаралық түркі әлеміне қызмет сыйлығының» «Түркі әдебиетінің өткені, қазіргісі, келешегі үшін» номинациясының жеңімпазы атанды, басылым бұл номинацияға жалпы түркі жұртшылығына таныс ақын-жазушылардың, ғалымдардың еңбектеріне жүргізген терең талдау, жан-жақты сараптауларынан кейін ие болып отыр.

2019 жылы «Жалын» журналына 50 жыл толды. Соған орай белгілі жазушы Мархабат Байғұт «Құштарлық пен іштарлық» кітабын журнал мұрағатына сыйға тартып, «Елуді ердің жасымен салыстырмаймын. Қалың оқырман журналды жақсы біледі. Мен – басылымның алғашқы авторларының бірімін. Қолмен жазылған үш әңгімемді тапсырғаным есімде. Ол кезде «Жұлдыз» бен «Жалынға» шықсаң – жазушысың. Журнал қабырғалы қаламгерлерді тәрбиеледі. Жалынды мерейтойымен құттықтаймын. Руханияттың айнасына айнала берсін!»- деп жылы лебізін білдірді.

Көпке сыйлы ақын-жазушыларымыздың еңбектері жарияланған, өзекті тақырыптарға да қалам тербейтін "Жалын" журналы бүгінгі таңда үлгі тұтар басылымдардың бірі.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз