Міне, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 68 жыл өтті. Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Ұлы Жеңіс күні елі мен жері үшін жанын пида еткен, туған - туысқандарына, жақын - жарандарына, туған жеріне, ауылына оралмай қалған қаһарман ерлерді бүкіл елі болып еске түсіреді.
Ұлы Отан соғысы халқымызға төнген ең ауыр күндер болды. Төрт жыл, 1418 күн мен түн бойы өз жері мен отаны үшін, келешек ұрпақ үшін жан қилы соғыс жүріп жатты.
Сол кездегі Кеңес Одағының басқа халықтарымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі жертөлелерде, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда батыр ерліктер көрсетті. Украинаны, Кавказды, Белоруссияны, Қырымды, Прибалтиканы азат етті, Польша, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Болгария, Германия жерлеріндегі майдан жолдарында жеңіс туын көтеріп өтті. Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің қандастарымыз қатыспаған бірде-бір үлкен шайқас болмады.
Қазақ ел басына күн туғанда жалғыз жанын қу шүберекке түйген жауынгер халық болған. Ұлан байтақ даласының бір тұтам жері үшін қорқу деген сезімді жүрегінен жұлып алып тастаған. Тіпті арыға бармай-ақ кешегі Ұлы Отан соғысының әлі сарғайып үлгермеген қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ қазақтардың қанды қырғында қаймықпай соғысқанына анық көзіміз жетеді. Оған мысал айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған қайсар жауынгерлеріміздің бірі – Бауыржан Момышұлы еді.
Ұзын бойлы, қара сұр Момыштың ұлы Бауыржан сол кезде отыздың үстіндегі жас жігіт еді.
«Өз халқын құрметтеп, сүймеген адам – опасыз, оңбаған адам»,- деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, Отан үшін өз басын өлімге байлап, ажалмен алысып, өз ұрпақтарының, өз халқының намысын қорғағаны өз халқын шын сүйетіндігінен болса керек.
Сондай қиыншылық жағдайда дұшпанның қаптаған қарақұрым күшіне төтеп беріп, олармен табан тіресе шайқасқан аталарымыздың ерлігі біздің көкірегімізге мақтаныш сезімін ұялатады.
«Ерсiз ел болмайды, елсiз ер болмайды»,- дейдi батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы. Ұлы Отан соғысында ел күйреп, талай адам ажал құшты. Сол соғыста өзiнiң қайсар ерлiгiмен, қайратты мiнезiмен жауынгерлерге жiгер берген бабаларға мың алғыс. Осы ержүрек бабалар қатарында Бауыржанның еңбегi ерекше. «Отан үшiн отқа түс, күймейсiң» деп ұран тастаған батыр атамыз, келер ұрпақтың болашағы үшiн өз басын өлiмге байлап, ажалмен алысып, жеңiс туын тiктi. Бауыржан ата бiр естелiгiнде: «Мен – өзге ұлттарды құрметтеушi, өз ұлтын сүюшi адаммын»,- дейдi. Батырдың әр қазақтың жүрегiнде сақталуының себебi де, ұлтын сүйгендiгiнен шығар.
Бауыржан Момышұлының тұлғасы маған қашанда мұзарт шыңның басында, мұнартып қалықтаған ақиық, мұзбалақ қыран болып елестейді.
1941 жылы Мәскеу түбiндегi қанды шайқастарда теңдесi жоқ ерлiгiмен әлемдi дүр сiлкiндiрген қазақстандық 316 - атқыштар дивизиясының батальон командирi ретiнде қапияда ой тауып, қараңғыда жол тауып, ерен ерлiгiмен аты әлемге аңыз болып, батыр қолбасшы атанды.
Жеңiстiң 65 жылдық мерейтойы қарсаңында қаһармандық пен өшпес ерлiгі үшін Мәскеу халқы құрметтеп, үлкен сый жасады. Мәскеу қаласынан ұлан - ғайыр, ұзын көше, зәулiм мектепке батыр атамыздың есiмi бердi. Бұл Бауыржан ерлiгiн мойындау және бүкiл қазақ халқына деген құрмет едi. Оның «Ежелден ер тiлегi – ел тiлегi, Адал ұл ер боп туса – ел тiрегi» деген өсиетiнің өмiрде орындалғанын көрiп қуандық.
Ержүрек батырдың кiтаптарың оқып отырып, терең ойға қалам. Отанға деген сүйiспеншiлiгiнен, халқыңа деген махаббатынан, ұлттық биiк рухынан қуат аламын.
Бауыржан атаның қаламынан шыққан «Москва үшiн шайқас», «Қанмен жазылған кiтап», «Ұшқан ұя», т. б. шығармаларыңызды оқып шықтым. Оның шебер суреткерлiгiңе, адам психологиясын танып - бiлудегi сезiмталдығыңа таң қаламын. Шығармаларыңызда әр кейiпкер өзгеше бiр әлем... Әр сөйлемде тұнып тұрған сыр жатыр. Бұларды оқып қана қоймай, жаттап, үлгi өнеге алуымыз керек.
Оның бiзге қалдырған мәңгiлiк өшпес, ғасырдан ғасырға жетер мұра - лары үшiн ұрпақтары мәңгi қарыздар. Бақытты болашақ, тәуелсiз ел - аңсаған арманы едi. Бүгiн сiздiң арманыңыз – ұлттық тiлдiң, дәстүрдiң, салт - сананың мызғымас тiрегi, күшi, алтын дiңгегi – халықтың бақ жұлдызы жарқырап жанған күн.
Сiздiң тағлымыңызды зер сала оқып - үйрену бүгiн де, ертең де келешек ұрпақ үлесiнде. Ұлт болашағының негiзiн жасайтын жастар санасы өркениет деңгейiне сай болуы шарт. Осыны ойлаған кезде сiздiң: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едiм, ендi қорқынышым көбейiп жүр. Балаларын бесiкке бөлемеген, бесiгi жоқ елден қорқам. Екiншi, немересiне ертегi айтып беретiн әжелерiнiң азаюынан қорқам. Үшiншi, дәмдi, дәстүрдi сыйламайтын балалар өсiп келедi. Оның қолына қылыш берсең, кiмдi де болса шауып тастауға даяр. Қолына кiтап алмайды. Үйренiп жатқан бала жоқ, үйретiп жатқан әже, әке жоқ», – деген өсиетiңiз ойға оралады.
Бұл – үлкен алаңдаушылық. Өзiн халықтан бөлiп қарай алмайтын тұлғаның алаңы. Бұл үн бүгiнгi дәуiрмен де үндесiп жатыр.
«Қадiрiн бiлмеппiз ғой тiрi кезде,
Деп жылап сорлы қазақ мен өлгенде.
Ұрпақ атар 80 мен жүздiгiмдi,
Тарихтың түкпiрiне сөз келгенде», – деп өзiңiз айтқандай, 1990 жылы кеш те болса сiзге «Кеңестер Одағының Батыры» атағы берiлдi. «Бауыржан жұлдызды болған күн – қазақтың жұлдызы жанған күн» деп Елбасымыз сiздiң халықпен бiрге екендiгiңiздi толғана, тебiрене айтты. Жеңіс күні соғыстан оралмай қалған ерлеріміздің рухына бас иіп, арамызда жүрген соғыс ардагерлеріне құрметпен қарап, олардың қайсарлықтары мен ерліктеріне тағзым ететін күн емес пе?! Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ұлы Жеңіс – Қазақстан тарихының жарқын беттерінің бірі. Бұл – қан майданда от кешкен соғыс ардагерлері мен сол жылдарда «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін»деп, құлақтары жастыққа тимеген тыл ардагерлерінің мейрамы» деп атап өткен болатын. Табан ет, маңдай термен келген осы Ұлы Жеңіске қаруымен де, қаламымен де үлес қосқан, аты аңызға айналған қаһарман жазушыларымыздың бірі де, бірегейі - Бауыржан Момышұлының қаһармандық рухы ұрпақтан - ұрпаққа өнеге болады деп санаймын.
Қабдылманапов Досжан
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі