Өлең, жыр, ақындар

Стекеңмен сөйлескен

Апам салып берген жарты таба наны мен бір құты қой сүті түсте талғар талшығым. Шүберек дорбаны білегіме іліп, Көк иірімнің жарқабақты жолын аралап құлдилаған жалғыз аяқты соқпаққа енді ілінгенім сол еді, артымнан:

— Бөлетай, — деген қарлығыңқы үн естілді. Бетім ауыл шетіндегі қырман. Күжір екеуміз кезектесіп малатасқа мінеміз. Жалт бұрылдым. Жанатай брігәдір. Сылти басып төбеден түсіп келеді екен.

— Әу, Дәуапаның баласы, сәлем қайда?

— Ассалаумағалейкум аға.

— Әліксалам бала, — деді ол қолын ұсынып. — Әкеңнен хат кеп тұр ма? Басымды изеймін.

— Дұрыс-ақ. Солар аман келсе екен, — деді ол күрсініп. — Ал ұзын сөздің қысқасы Бөлетай өзіңде шаруам бар.Қолғабысың қажет.

— Мен дайын. Тек қырман бастық іздеп қалмаса, — деймін.

— Ех, дүние-ай. Құдай қарғайтындай жазығым жоқ еді. Қу аяқтың қисық біткенін көрмейсің бе? Әйтпесе қолыма қару алып, майданда жүрмеймін бе? Ел көзіне күйік боп көрінгенше. Гүжірді ерте оятып жібергенмін. Саспа, өзіңе бара жатқан бетім еді. Жанатайдың без- еу қаптаған шұп-шұбар домалақ жүзі бүлк-бүлк етіп, доғал мұрнының астынан көрінген көздеріне мұң толды да демін жұтты.

— Бөлетай, мен қазір осы бетте кеңсеге барамын. Ал сен Бибіжамал сұлуды ертіп кел.

Таң-тамаша кұйі Жанатайға қарадым.

— Оу, Бибіжамалды танымайсың ба? Ожар басқарманың жас келіншегі ше?

— Білемін ғой. Бірақ...

Жанатайдың жанарынан ашу оты жылт етті.

— Оны несіне әулиесітеміз, е. Аспаннан аяғы салбырап түссе де ел қатарлы жұмысқа шықпайды. Екі баласымен шырылдатып Үрімханды жесір қалдырғаны анау. Шайнам ақылы болса өзінен жиырма бес жас үлкен Ожарға күйеуге тие ме? Қос баланың көзінің жасы тегін жібере қоймас. Асқанға бір тосқан. Үйіне кір де «уәкіл мен біргәдір кеңсеге шақырып жатыр» де. Ожар ертеңгісін ауданға кеткен. Жүрексінбей, төрінің төбесіне бір ақ шық, — деді құшырлана сөйлеген Жанатай.

—  Мақұл, аға!

— Күтіп отыратын уақыт жоқ. Тауық боп шақырмасаң таң атпайды. Тез келсін. Ұшып жетсін.

Жанатай кеңсеге тартты. Бір аяғын сылти басады. Қадамын нық алғанына қарағанда, әлде неге бел буып бекіген сыңай танытады.

Салып ұрып Ожар басқарманікіне жеттім. Елден ерекше көрінетін еңселі үйдің маңы тым-тырыс. Көршідегі Орынғайша кемпір шелегін даңғырлатып басқарманың сиырын сауын жатыр. Жүндес, құйрығы иірілген ірі төбет кемпірдің аяғына оралып, тамақ дәметіп, маған көз қырын да тастамады. Жанатайдың кесімді сөзі дем берді ме, кім білсін, есікті ашып, үйге батыл кірдім. Тым-тырыс. Ауыз бөлмеге өттім. Шыбынның ызыңы ғана естіледі. Төргі үйге ендім. Мұнда да тірі жанның демі сезілмейді. Ішке көз тастадым. Көз алдым жайнап тұр. Керегеде көнетоз шағын кілем. Оң қабырғада шілтері төгілген ақ шымылдық. Сол жақ бұрышта үстіне көрпе жиналған алпамсадай абдыра сандық. Табалдырықтан төрге дейін жайылған оюлы киіз. Түлкі тұмақ. Тоғыз өрімдік сапты қамшы. Ондық шам.

— Е... е... е... Кірпігімді қағып қалдым. Ақ шымылдықтың түпкірінен әлдекімнің ыңырана ұйқысырағаны сезілді. Әйел демі. Ожар басқарма бар дүниесін ажырасқан әйелі мен балаларына тиеп беріп, «жігіттік» жасағаны қайда? Бибіжамалдың әке-шешесі қызына мұндай жасау жасай алуға құдіреті жетпейді. Сүйектеріне сүйеніп зорға жүрген тақыр кедей. Яғни, Ожар ожарлығын жасаған. Бибіжамалдың керігетін де жөні бар екен. Тұла бойым дірілдеп:

— Тәте! — деп дауыстап қалдым. Ешкім үн қатпады.

— Бибіжамал!

— Әу. Бұл кім?

— Бұл мен. Құдиярдың баласы Бөлетаймын. —

Сөзім дік-дік.

— Е, айналайын-ай. Жайшылық па? Қазір киінейін. Ауыз үйге шыға тұр. Ағаң бір нәрсеге жіберген ғой.

«Жоқ» дей жаздауға әрең қалдым. Жанатай сияқты нығырлап сөйлеп, бұл келіншектің зәресін ұшырайын. Уәкіл десе өзі де ішкен асын жерге қояр.

Түпкі бөлмеден сусылдаған киімнің сыбдыры, ақырын ғана жөтелген Бибіжамалдың тірлігі байқалды. Сол жақ қабырғаға ұлы көсем Сталиннің суреті ілініпті. Дөңгелек үстелдың жаныңда бу шығарған сары самаурын. Дастархан беті қызыл-қоңыр бауырсақ, добалдай кесек қанттар, май, қаймақ. Енді бір шетте аузы ашып ішілген арақтың құмырасының басы қылтияды. Басқарманың ертеңгі тамағының түрі. Асықты жілік жартылай мұжылып, бөлмені айнала ұшқан қара шыбынның үлесіне тиіпті. Пах, пах шалқыды деген осы-ay. Езуім сілекейленіп, тамағым жыбырлайды. Апамның «бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген сөзі тізгін тарттырып, «қылмысқа» бұрылтар емес.

— Ә, қайным сен екенсің ғой, — деді есіктен көрінген Бибіжамал. Ойпыр-ау, бұрын қалай ғана көз салмағанмын. Басқарманың келіншегі үріп ауызға салғандай әдемі екен. Қой көздері тұңғиық, қос бетінің ұшы шиедей қызыл. Қыр мұрыны, оймақтай ерні, қиылған қастары аққұба өңіне сұлу рең беріп тұр. Ұзын қос бұрымы желбірлі көгілдір көйлегінің оңына бір, солына бір толқып, күміс шолпы сыңғыр-сыңғыр етеді. Мына Ожардың бәлесі-ай. Мынандай аққу бойжеткенді қалай ғана қолына қондырған. Кенет Бибіжамал екеуміздің көзіміз бір-біріне ұшыраса кетті
де, басқарманың сұлу келіншегі жымия күлді.

— Ертеңгі астан дәм ал, — деді сүйкімді ерке дауыспен.

— Рахмет, — дедім қатқыл ғана. — Сізді уәкіл мен біргәдір Жанатай кеңсеге шақырып жатыр. Әлденеге еңкейген Бибіжамал жерден басын көтеріп алды.

— Уәкіл дейсің бе?

— Иә, уәкіл. Жанында бригадир Жанатай бар, ұшып жетсін дейді. Өздері асығыс.

— Жайшылық па екен? Бибіжамал сұраулы пішінмен маған бұрылды.

— Ол жағы маған белгісіз. Қабақтары қатулы көрінеді, — дедім өтірікті қосып жіберіп. Адам баласы кейде қызық. Бибіжамалдың сұлу да, нәзік келбетіне, тал бойына қарап отырып, қиянатқа қимайсың.

— Ағанды көзің шалмады ма?

— Ағасы кім? Тағы да өп-өтірік білмегенсіп тұрмын. Бибіжамал сыңғырлай күліп жіберді.

— Біздің үйдің отағасы ше? Өзің зірк-зірк етесің ғой, — деді езуіне күлкі үйірілген Бибіжамал. — Құдды уәкіл сияқтысың.

— Ых, ых... Бибіжамал біргәдірді де, уәкілді де ширағына іліп тұрған жоқ. Түйеден түскендей сөзін қара. Әйтпесе уәкіл сияқтысың деп келемеждемес еді ғой.

— Хабаршы бала, сәл аялда. Бір-екі шыны шай ішіп, жүрегімді жалғап алайын, — деді келіншек.

— Менің міндетім айту. Уәкіл асығып отыр, — дедім тағы дікіңдеп.

— Қап, сығыр қылған құдай-ай. Жалғанға не жазып қойып ек. Менің сұсты пішінім, дөң сөзім әсер етті ме кім білсін, ол дастархандағы бауырсақты қаймаққа батырып, бір тістеді де, стол шетіне тастай беріп, төргі бөлмеге енді.

— Есік алдынан күт, — деді сонан соң сыңғыр етіп. Үнінде қобалжу сезілді. Ойпыр-ау, мына Жанатай брігәдірдің кәллесінде не жатыр. Екі ортада қос таудың ортасында шыбын өледінің кері боп, төбеме әңгір таяқ ойнамасын. Брігәдір Жанатайда есеп бар. Ожар ауданға кетті. Оны біліп отыр. Уәкілдің аты бар, заты жоқ. Жанатай бір нәрсені бүлдірмек. Е, мейлі, брігәдір бұйырды, орындауға міндеттімін. Бәрінен де бұл іске құштарлана кіріскенімді айтсаңшы. Жанатайдың Бибіжамалмен есеп айырыспасына кім кепіл. Үрімхан мен тірі жетім атанған екі сәбиін еске алды. Шындығыңда Көкиірімде тірі жетімдер отызға жетіп жығыламыз ғой. Яғни, бригадир Ожарды да, әйелі Бибіжамал сұлуды да жек көреді. Адам білмес тұңғиық жұмбақ. Ырғала басып үйден шыққан Бибіжамал, есік көзінде күйбеңдеп жүрген Орынғайша кемпірге бұрылып:

—  Апа, қазір қайтып келемін. Самаурынға от сала салыңыз, — деп бір күңк етті.

— Ал, баста қайным. Әлгі уәкіл не дер екен? Ерсілі-қарсылы қос бөлме Қоңыр тақиясын шекесіне киіп, әлде неге шұқшиған Жанатай бригадир бізді суық қарсы алды. Бибіжамалдың сыңғыр етіп: — Әу, уәкіл деп өкіріштегенің момын қайнағаның баласы ма? — дегеніне де тырс үндемеді.

— Әй, азамат Күлшікбайұлы. Сен бері жақын отыр, — деді бір сәт қабағын түйген күйі, маған қатулана қарап.

— Бар жағдайға қанық. Көрген-білгеніңе жауап бересің. Мойнын бұра беріп, маған көзін қысып үлгірді.

— Бибіжамал жеңеше, әлгінде уәкіл Отыншыбаев осы жердің шаңын қағып кетті, — деді әңгімесін бригадир қатқыл бастап.

— Қырмандағы бидай қызып барады. Аударуға әліміз жетпей жатыр. Соғыстың қырсығы ғой, бәрі. Ер-азамат қан кешіп жүр. Құдайға тәуба, жауды үңгіріне қуып барады. Өңшең бала-шаға. «Былай жүрсең өгіз өледі, олай жүрсең арба сынадының» кері... Бибіжамал жағын сүйенген күйі үнсіз тыңдап отыр. Жанатай әлсін-әлсін сөзін үзіп жіберіп, тыныс алады. Шамасы Бибіжамалдың лебізін тыңдамақ.

— Жан алқымға кеп алысып жатқанымыз мынау. Өкімет пен партия жоспар орыңда, әскерге тамақ керек дейді. Ауылдағы әйел атаулы бүгінде еркектің орнын басты. Бала-шаға әке орнында-әке, шеше орнында-шеше.

— Пау, Жанатай-ай. Мен де жағдайды түсінемін-ау. Бірақ әлгі ағаң жібере қоймайды ғой... Жайды білесің, — деді сөз басын ақжарқын бастап, аяғын жүзі қызыл реңге боялып, күлімсірей бітірген Бибіжамал.

— Әйтпесе, өзім де қарап қалмас ем...

— Қызық екен. Уәкілге де көнбей ме? Менікі Отыншыбаевтың сөзі ғой.

— Солай деңіз. Онда Ожекеңнің өз обалы өзіне, — деді бүрқ еткен Жанатай.

—  Уәкілге берген уәдемді орындадым. Бибіжамалдың шарасы үлкен көздері зорайып, Жанатайдың ер қимылын жіті қадағалай бастады. Брігәдірдің қою қабақтары түйіліп, бұрышта тұрған қара телефонға жармасты.

— Ел жан алып, жан беріп жатыр. Ал, басқарма әйелін жұмысқа жібермейді. Әділдік қайда, жолдастар. Жанатай телефонның құлағын бұрап-бұрап жіберіп, дауыстай сөйлеп аудан орталығын шақыра бастады.

— Әй, қайным. Ожарға сөйлеспек боп отырсың ба? — деді орнынан ұшып тұрған Бибіжамал.

— Ол әлі Қызыларыққа жете қойған жоқ. Жанатай келіншекке ала көздене қарады.

— Алеу, Қызыларық па! Қыздар. Срочный жағдай. Уәкіл Отыншыбаевтың атынан сөйлеп тұрмын. Маған Стекең керек еді. Иә, дұрыс. Сол кісімен байланысу керек еді. Ойда-жоқта Бибіжамал орнынан атып тұрып, брігәдір Жанатайға ентелей жақындап келді.

— Қайным-ау, кіммен сөйлеспексің. Тамағына тас тығылғандай брігәдірде үн жоқ.

— Әлеу, әлеу. Сәлеметсіз бе, Иосыф Висорионовыш. Хал-ахуалыңыз жақсы ма? Алеу, үзіп жібердіңдер ғой. Ой, үлкен кісіден ұят емес пе қыздар. Өздерің де жазаларыңды алатын шығарсыңдар. Аллө-әу...

— Ойбай-ау, қайным-ау, үлкен кісінің өзі ме? — деп жанұшыра дауыстаған Бибіжамал. Жанатай бұл жолы да міз бақпады, телефонның құлағын ұстаған күйі ары қарай екіленді.

— Алло-өу, Стеке жағдай қиын. Қырмандағы астық қызып барады. Айтқаныңызға құлдық. Бар күшті салып жатырмыз. Стеке... Пау, тағы үзіліп кетті ғой. Әлеу, Мөскеу...

Бибіжамал ай-шай жоқ Жанатай брігәдірді иығынан тартып қалды.

— Әй, сен кіммен сөйлесіп тұрсың, өзі. Жанатай бұл жолы да телефонның, құлағынан айырыла қоймады.

— Әлеу, Стеке. Біздің колхозда бір ыңғайсыз жағдай боп тұр. Ожар деген басқарманың келіншегі... Әлеу, тфу тағы да үзіліп кетті.

— Әй, сенің тілің кесіліп қалды ма? Стәліннің өзімен бе? Жанатай телефонная аузын ала беріп, бұрқ етті. — Енді кім деп едің.

—  Масқара-ай, енді қайттім? — деген өкінішті үн естілді.

— Әлеу, Стеке. Сол келіншек күйеуім жібермейді деп жұмысқа... Әлеу, - тфу... Жер қашық қой. Осы бір сәттегі Бибіжамалдың тірлігін көрсең. Жүзінде қан-сөл жоқ, жақтары суалып, қиярдың қабығындай көгеріп кетті. Өне-бойы безгек адамдай қалш-қалш етіп қос қолын алға соза беріп, Жанатайға тұтыға сыбырлады. Жалбарынды пішін.

— Айналайын, Жанатай. Құлың болып өтейін. Стекеңе жамандамашы. Қырманға қазір бар десең, қазір кетейін. Тек үлкен кісіге айтпашы. Масқара-ай... Жанатайдың көзі жылт-жылт етіп, Бибіжамалға қулана қарады да, артынша қабағын түйе қойды.

— Басқарма күйеуің жұмысқа жібермейді ғой. Билікті білегіне ілген брігәдір сізден сенге көшіп өктем-өктем кіжінді. Онымен қоймай, сен біреудің ошағын бұздың. Баласын зар жылаттың. Енді кеп кергисің. Асқанға бір тосқан.

Қатуланып алған Жанатай дес берер емес.

— Әй, бала. Мен ешкімді зорлап, мәжбүр етіп отырған жоқпын. Жас емессің, көрдің ғой. Брігәдір маған бұрылып көзін тағы қысып қалды. Түсінсем бұйырмасын. Алғашқыда шолжаңдап, оң-солын місе тұтпаған сұлу келіншек ұлы патша — Жанатайдың құлды басыбайлы кәнизәгіндей.

— Әй, Жанатай. Мені құтқар. Жігіт басыңмен тозаққа тастағаның ба? Ожарды әйелінен ажырастырған мен емес. Өзім алданып қалдым.
Жұмысқа шығамын. Айналайын, қайным, — деді жанары жасқа кептелген Бибіжамал сұлу.

—  Иә, иә. Жағдайың қиын екен. Әлгі уәкілі құрғыр бірдеңе деп жүрмесе. Бірақ мен де айтып көрермін. Әй, Бибіжамал-ай, мені қиынға жұмсадың-ау — деді брігәдір кәдімгідей ойланып.

— Ертеңгі күні Ожар ағамыз, ұятқа қалдырып жүрмей ме? Ал сен үшін бір сілкінейін. Мәскеу алына қойса. Алөу...

Бибіжамал сұлу құдды құлшылық қылған перуанадай Жанатайдан көз алар емес.

— Әллеу, иә. Стеке. Мына телефон қайта-қайта үзіліп. Әлгіндегі басқарманың келіншегі жөнге келді. Жұмыстан қалмасын дейсіз бе. Дұрыс, дұрыс. Рахмет, Стеке. Бала-шағаңыздың  қызығын көріңіз. «Жаңаталап» биыл уәдеден шығады. Әйеліне айтыңыз дейсіз бе. Иә. Күйеуіне мен туралы ештеңе айтпасын. Иә, мақұл. Басқармамен өзіңіз кейін сөйлесесіз ғой. Рахмет, Стеке. Адам атанған соң, кемшілік болады. Мазалағаныма кешіріңіз. Сау болыңыз. Қанға қан, жанға жан, ұлы көсем. Жанатай телефонды іле беріп «ух» деп күрсініп отыра кетті. Бибіжамал да орындығына сылқ еткен. Қан сорпа жүзін бет орамалымен сүрткен болды.

— Ал, Бибіжамал жеңеше! Стекеңмен әңгімені естідің ғой.

— Рахмет, қайным. Естідім. Бұл жақсылығынды өмір бойы ұмытпаспын. Қарыздармын.

— Осымен әңгіме бітті. Естідің ғой. Күйеуіңе де айтпа. Стекеңнің өзі сөйлесер. Ел естімесін. Бала сен де аузыңа берік бол. Көсемнің құлағы шалса, ұят шаруа.

— Мақұл, Жанатай қайным. Түстен кейін қырманға барамын. Тух, жан терім шықты ғой. Ал мен боспын ба? — деді Бибіжамал сұлу елпектеп. Жанатай сұқ саусағын аузына апарды.

— Мәскеу жап-жақын көрдің ғой. Уәкіл Отыншыбаев та жұмысқа шыққаныңды көрсе көңілі орнына түсер. Ал, кездескенше, сұлу жеңеше, — деді сыбырлай сөйлеп.

Сұлу Бибіжамал алды-артына қарамай зытты. Жанатай ішек-сілесі қата күлсін кеп. Бетіне таңырқай қараймын.

— Ал, баламысың деген. Асауларды осылай құрықтайды. Қырманыңа қарай ұш, — деді ол.

— Құп болады.

Қазір де осы бір өткінші көрінген оқиға есіме түссе бірде күлемін, бірде жанарыма жас келеді. Ақсақ брігәдір Жанатай сол кезде он бестен он алтыға жаңа толған екен. Өзім оннан жаңа асқан аузымнан емшек сүті кетпеген баламын. Па, шіркін, дүниенің оң-солын пайымдап, жақсылыққа қуанып, жамандыққа жүрегімізбен ауырып, әділетсіздікке қарсы тұруға шамамыз бірде келіп, бірде келмепті-ау. Бәріне: Бибіжамалдың тағдырына Үрімханның жесір атануына, сәбидің шырқырағанына, Ожардың ожарлығына, соғыс кінәлі екен. Қарғыс атқан қу соғыс. Ал Жанатайдың терең түкпірдегі «Жаңаталап» колхозының кемтар жас брігәдірі сонау Мәскеумен, нағыз дөкей Иосиф Виссарионович Сталинмен сөйлеседі дегеніне кім сенеді? Балалық жүрегімізбен сезінген қаталдық, қатыгездіктің тұсауынан шыға алмаппыз. Әйтпесе, осы бір оқиға адам түсіне де енбес еді-ау.

Қазіргі күнде Жанатай қартты көрсек бір күліп аламыз. Артынша «Ух» деп бір күрсінуіміз анық.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз