Өлең, жыр, ақындар

Ағайынды Жүнісовтер. II

Ағайынды Жүнісовтер. I

Екi бөлімді роман

ЕКІНШІ БӨЛІМ

БІРІНШІ ТАРАУ

1

Тосын хат...

Бір үйде тұрып, бір жерде оқитын үш студенттің екеуі почтадан шығып базарға бет алды. Базар жолда еді. Почтаға барған сайын оны бір сүзіп өту бес парыздың біріндей. Өйткені қол бос, қамсыз шақ.

Астанадан аулақ, темір жолдан қашық, абыр-жұбыры кем самарқау қала. Күні ұзақ, түні жалпақ. Жаңалықтың бастысы ауылдан келетін хат қана.

Бұл екеуі почтадан үйде қалған жолдасына келіп жатқан хатқа қоса ақша қағазын да алған. Бұлардың қазіргі әңгімесі осының төңірегінде.

— Мен білсем, бұл тосын хат!

— Болса болар, қыздан ғой!..

— Ақшасы да тосын.

— Иә, кеше ғана елден қайтқан баланың соңына ақша ере жүруі ой салатын жәйт.

— Солай, солай, — десті.

Қарағай құндақты тау бөктеріне иегін сүйеген маңғаз Алматының сол жазда дәулеті де шалқып жатыр еді.

Әлсін-әлсін себелеген жаңбыр суына бөгіп, күн көзіне балқыған асыл алқап жер нәубетін аямай сыйлаған. Қаланың іші де, тысы да толы бау-бақша. Онда басын иіп тағзым еткен алма мен алмұрт. Еңсесін көтере алмай майысқан қара өрік. Ұйысқан жүзім. Тамыз айында-ақ желпіп өткен желге шыдамай алма ағаштары жерге көл-көсір ала бүйрек шашу шашып жатты. Қаланың ағыл-тегіл жемісі аздай-ақ алыстағы Түрген мен Шелектен, Талғар мен Шымбұлақтан, Шамалған мен Қаскелеңнен Алматы базарына ағылған керуеннен көз түспейді. Кіші станицадан бергі өрге қол созған үлкен базар жұманың жеті күні бірдей иін тірескен көлік, о шеті мен бұ шетіне тай шаптырарлық алма тиеген арба. Жалғыз жеміс емес, көк базардан арғы кең алаң жексенбі күндері малға сыймай кетеді. Мал жаз бойы апталап жайылып, айлап жылжып, сонау арқа беттегі сегіз қарыс, қар жауса — он қарыс қамысы пана, жері құт Топар мен Құйғаннан, Отар мен Қордайдан шұбырды. Үйір-үйір жылқы, қора-қора қой мойынға таққан ауыр алқадай қала сыртын қоршай орап жатады. Бұл — базар өз үлесін күнде-күнде еселей беру үшін үзбей алып жатса да, көзі бар бұлақтай таусылмас түлік сияқты.

Дәулетті маңғаз қаланың тұрпаты да өзіне сай: бойшаң көшелері бойлауық теректермен әдіптеп қойғандай, сылдыр үнді бұлақ сырғалы.

Сол ендеп жатқан үлкен базардың шетінен кірген екі студент ат саудалайтын адамдай-ақ жылқы қатарын жарып өтті.

— Пай-пай, қарны жер сызған мама биелер де бар екен!

— Биені қайтесің, ана бір қара атты айтсайшы шіркін, шекесінен қарайды, қандай аяңшыл екен! Екіндіде ай қарағандай көз тіктіріп, ауыл сыртынан өтіп бара жатсаң...

— Бала, сен атқа сын беруді қой. Қара аттан өзге де көз тоқтатар жануарлар аз емес. Аяғыңды тезірек бас, мені Әлібектің хаты ойландырып келе жатыр. Күтпейтін бір тығыз хабар болмағай...

Қара атқа көз тіккен орта бойлы, палуан денелі жас жігіттің аты Оразалы еді. Ал, қасындағысы — Жақия дейтін ересек студент. Екеуі де кәдімгі Әлібек Жүнісовтың бірге жүріп, бірге тұратын жан жолдастары болатын. Әлібектің хаты ойландырып келе жатыр, «аяғыңды тезірек бас» деген Жақия ақылын Оразалы екі еткен жоқ:

— Құп, философ! — деп адымдай түсті.

Енді жолдағы көше-көше болып тізілген алма толы арбаларды сүзіп, өздеріне жүзі таныс шоқша сақал қара кісіден:

— Жәке, алманы қаншадан сатып тұрсыз? — деді Оразалы.

— Ә, келіңдер, келіңдер. Сендерге тегін, қадақтап, шелектеп алатындарға ақшалы, — деп қара кісі екеуін баурай кетті.

— Жоқ, аға, — деді Жақия мұқамдап сөйлеп, — біз де ақшаға аламыз. Өйткені бұл сіздің бағып-қағып, еңбек сіңіріп өсірген жемісіңіз.

— Қарағым-ау, сендерге қадақтап алудың керегі жоқ, оқушы балаларсыңдар ғой. Мықтаса екеуің екі-екіден төрт алма жерсіңдер. Онан мына арба ортаймайды, ала беріңдер, — деп үлкендігін байқатайын деген адамша өзі фургонына қарай иек қақты.

— Дегенмен бізге бұл қымбат жемістің бағасын біліп қойған да теріс емес.

— Біреуі, таңдаулысы, ең үлкені — бір тиын, қарағым. Биыл алма бітік. Бір ағаштың байлығы бір үйге қорек. Ала бер, тиынсыз-ақ.

— Онда, енді... біз үшеу едік. Біреуміз үйде жазу жазып қалды.

— Таңдап алатын алма ала ғой.

Оразалы қара кісінің мырзалығына риза болып кетті.

— Жәке, көп-көп рақмет. Сіз де бізге қонаққа келіп кетіңіз, — деп еді, қара кісі оның сөзін бөліп жіберді.

— Сендер Әбдуәлидің үйіндегі балаларсыңдар ғой, қол тиген күні барып шығармын, қожаларың жақсы адам. Әңгімешіл. Жаңалықты көп біледі...

— Әбдуәли де сіз сияқты шаруа адамы ғой...

— Жоқ, жоқ, ол кісі көп көрген, бүтін Дулатты, мына төмендегі ЬІстыны, Албан мен Суанды бүге-шігесін қалдырмай аралап шыққан адам. Ол дүниедегінің бәрін біледі, қарағым, «ірі байларды көшіреді екен» деп жүр, — деді қара кісі.

Үйдегі жолдасының хатын тез табыс етуге асығып, екі студент қара кісінің әңгімесін үзуге тырысты.

— Жәке, көп-көп рақмет. Бізге келіңіз. Күтеміз. Қазір оқу жоқ, қол бос, көбінесе үйде кітап оқып отырмыз, — деді екеуі қосарлана сөйлеп, тегін алманың төртеуін бір-бірден қалтаға салып, екеуін қолдарына ұстап тұрып.

Оразалы арық қара кісінің әр нәрседен хабардар, тіпті саясат мәселесіне де құлағын түріп жүретін қазақ екенін байқап:

— Әлгі шоқша сақалдыны көрдің бе, саясаттан хабары бар. Қызық емес пе, ә? — деді жолдасына, базардан шығып келе жатып.

Жақия тамсана түсті. Бұл бір сөзге ұста және «оғаш» сөйлейтін студент-ті. Жолдастары осыған орай «философ» деген ат қойған. «Анау Пушкин, анау Белинский» деп басыбайлы айдар тағуға үйір оқушылар мұны кімге теңейтінін ашпай «философ» деп қана кеткен. Сол философ тамсанып алғаннан кейін:

— Қазақ — дана халық, — деді байсалды түрде, әдетінше философтығына басып. — Дана халықтың бәрінің де арғы төркіні малда. Малды қолға үйретуден бастап даналығы көзге түседі. Арғы тағы заманда даналық қайдан келсін. Бәрі мал арқылы. Әсіресе ат пен түйе шыққалы ел мен ел араласқан, сонсоң қой болмаса тіршілік сәні де болмас еді. Киім деген жүн мен теріден, сол жүн мен теріні қолдана білуден пайда болған ғой. Ал, бау, басқұр, текемет, кілем деген әсем жиһаздарды даналықтың жемісі емес деп көрші! Жаңағы базардың, ана қаланың іші-тысы толы малдың иесі кім? Қазақ! Дана қазақ!

— Әй, осы адам ойламайтын нәрсені ойлайтын сен де данасың! Мұны енді қоя тұр. Ана үйде отырған жігіттің хатын тезірек табыс етейік...

2

Әлібек үйде бір өзі, терезе алдында тауға қарап қойып, жазу жазып отыр еді.

Бұл үй — Алматы өзеніне таяу Құлжа көшесінде, шағын екі бөлмелі қарағай үй. Қызылордадағы бұрынғы КИНО-да бірге оқып, Алматыда ашылған тырнақ алды жоғарғы дәрежелі мектепке келіп бірге түскен үшеуі осы пәтерде тұрады. Тап-таза, жарқыраған бір сәнді үй: ашық терезеден келген арық суының сылдыр үні құлақты тербетеді, іргедегі сай самалы бетті үрмелеп өтеді; қараған жанның тау тұтас көз алдында көлбеп жатқан зәулім асқар, әсіресе, ақ қалпақ киген Талғар шоқысы терезеден телміріп тұрғандай жап-жақын: оның иығындағы анталаған сәукеле қарағайлар қымтай жауып, құндақтап-ақ алған. Әрідегі бұлт құшақтаған зеңгірлер аспан төрінде тіркесіп жылжыған әлем керуеніндей...

Қараған сайын ұшқыр ойды қиял айдынына жетектей жөнелетін сиқырлы асқар бүгін жас ақынның шабытын қоздырып жіберген сияқты. Әлібек қозғалмастан жүрекке құйылған әсерді қағазға сорғалатып жатыр. Тау, өзен, ағаш, самал, жарқыраған күн, дарқан өмір, айнала көркемдік нәзік ойлы жас жанды әлдилеп, тербетіп, баулып алдағы бір асар-аспас қияда дайындап жатқандай. Ол аспандаған сезім мен бұлақтай атқылаған сұлу сөздің тас құшағында...

Есік ашық жатса да сырттан кірген адамның сыбдыры естілмеді, қағазға төнген Әлібек оның жақындап келіп мойнын созғанын да байқамады. «Тағы да өлең жазып отыр екен!» — деді ішінен Оразалы, ақырындап кері шегіне түсіп. — «Келген хат ешқайда қашпас, оқыр, шабыты келген шақта сілтей түссін».

Бірақ жолдасы ұзақ күтпеді. Әлібек басын көтеріп алып қарындашын стол үстіне тастай берді, өзі орындыққа шалқая түсті.

Шабыт та шаттық, қағазға төгілген шабыт жемісі онан да ләззәтті.

Әлібек жалт қарады.

— Сен қашан келдің? Оқып та үлгірдің бе?

— Оқығаным жоқ, көз сұғанақтығы менде жоғын өзің білесің.

Әлібектің түрі де, мінезі де өзгеше Оразалы асықпады.

«Сезімтал жігіт жазғанын қазір өзі де оқыр. Шыдамас» деп ойлады.

— Оқымасаң тыңда! — деді Әлібек жазғанын жариялағанша асығып.

— Құлағым сенде.

— Түрегеліп оқитын бас-аяғы дөңгеленген нәрсе емес, жай шатпақ, тау әсері.

— Оқи бер, оқи бер! — деді үйге кейінірек кірген Жақия.

Көк тіреген асқарым — Алатауым шандозым!

Заманнан бері тас қалқан, басымда биік айдарым!

Ғасырларды бастан асырған, қартаймас мәңгі

кәрием!

Мызғымас мықты берігім, күн бетінде көлеңкем,

Арқа бетте бас панам.

Биіктік, барлық сұлулық бір өзіңе тел біткен.

Тіл жетпес асқақ айбарлым!

Шыңыңда жусап бұлт қонып, шоқыңда бүркіт

шаңқ еткен,

Қиқулы сиқыр тылсымым!

Иығыңа өрмелеген бойлауық арша мен сыпсың

қарағай,

Самсап тұрған бейне бір қорамсақтағы оғың

сынды!

Тынымсыз жүгірген күміс сылдырлы асау бұлақ,

он сан

Ойыңды шимайлап жатыр!

Алқабыңда жеті өзен, жеті өзеннің жеті өңірі жеті

салаң бойында, бақ қонған байтақ еліңнің —

мыңғырған малы есепсіз!

Сәнді салаң толған ән, думанды елде би мен күй!

Жеміске толған бауырай алаңның беті — албырт

таң, жайқалған бағың — жасыл гүл...

— Иә, арғы жағы? — деп қалды арқасы қоза бастаған Оразалы шыдамай.

— Бәрі осы. Тауға қарап отырғанда ауызға түскені.

— Мұны не дейміз? Кескіндеме дейміз бе? Әлде келбеттеме бола ма?

— Не десең, о де.

— Жақсы. Аяғын күтемін. Ал, мынау лирика болуы мүмкін...

Оразалы қалтасынан хат суырды.

Әлібек ұшып түрегелді.

— Маған ба?

— Саған, саған. Әріп сұлбасы қыз саусағы тәрізді, нәзік көрінеді. Сірә, әлгі гүл... Сұлудың қолы шығар-ақ. Қарашы — Жу-ну-сову дегені орамалға төккен кестедей тізіліп жатыр.

— Маған хат жаза қоятын кім бар! Әйел қолы! Онда жеңгемнен шығар.

Оразалының ұсынған хатын Әлібек ашпастан оның төмендегі адресіне бақты: Орал қаласынан!..

...Меңдіқыздың қолы емес, Әлібекке ол өз қолындай таныс. Бұл да әйел қолы. Бұл кім? Оразалы айтқандай: ұсақтап шалған кесте сияқты әріптері тізіліп тұр және бала қыздың қаламды қағазға қадап жазуы!..

Әлібек толқып кетті. Бетіне қаймақшыған елжіреу пайда бола қалды. Қолы да дір еткендей әлсіз қимылдады, конвертті жырта алмай әлектенді. Жаңа ғана Алатаудың айбарлы сипатын ауыз толтырарлық ірі сөздермен бейнелеген еркіндік лебі ұшты-күйді жоғалып кеткендей. Аз сәттің ішінде талай болжалға жарамаса да, оларды түйіп бірін де жинай алмады. Кенет, жүрегі дүрсілдеп кетті...

«Мен Орал қаласындамын. Бір ай тұрамын ба, бір жыл тұрамын ба, мұны бір құдайдың өзі біледі. Көргің келсе... хат-хабар салғың келсе адресім: Чаган көшесі, 91-үй. Гүлжиһан».

Қайтадан оқыды. Бірақ хаттың сырын бірден ұға алмады. Ол тек «Гүлжиһан... Гүлжиһан»... деп ерні жыбырлай берді.

— Не жазыпты? Қыздан екенін мен де шамалап едім, — деді Жақия терезеге қарап тұрып, әдетінше баптап, асықпай сөйлеп.

Ол Әлібектің толқығанын да, хаттың мағынасы миына толық жетпегенін де, қайта-қайта оқығанын да көрді, бірақ елемеген болды.

Гүлжиһаннан... — деді Әлібек, сыбырлағандай елжіреп.

Иә, Гүлжиһан не жазды? — деді тағы да Оразалы араласып.

— Түсінгенім жоқ... Түсініксіз...

— Маған берші.

Әлібек хатты Оразалыға ұстата берді.

Мен бір жаман хабар жазған екен деп ойлап ом... Мынау мағыналы хат қой. Және өзі шыңдалып шыққан, қол-аяғы балғадай, өзіне де, өзгеге де жігер құйып тұрған сөздер, — деді Оразалы оқып шығып, жолдасына айнала көз тастап. — Сен түсінбедім дейсің. Өте түсінікті хат...

— Түсініксіз, — деді Әлібек тағы да.

Оразалы басын шайқады. Ал, Жақия бұрылып келіп Әлібектің иығына қолын салды.

— Әлібек, сен бала мінезді жансың, көргеннің, естігеннің сыртқы түрін ғана, әшекейлі жағын ғана ұстап қаласың. Неден байқадың деші? Әлгіден бергі ісің мен мінезіңе сын айтайын ба? Мына хаттың да сыртын көріп тұрсың. Ішіне...

— Айт! Айт!

— Айтсам. Алдымен жаңағы көркем сипаттамада Алатаудың кескінін дәл бергенсің. Бірақ тек қана сыртқы түрі, жансыз түрі. Айбарлы түрі, асқар түрі ғана. Неге оның бір ауыз болса да ішкі сыры айтылмайды. Әлде ішкі сыры жоқ па?..

— Жансыз таудың ішкі сыры қандай болмақ?

— Міне, міне, құр сырты көрінеді саған. Айталық тау адамымен тау ғой. Сол үшін оның аты да Талғар шоқысы. Алматы шоқысы, Матай тауы, болмаса кейбірі Суық төбе, Маралды болып келеді. Осы аттарына қарай шандоз болып тұрған жоқ па? Бәлкім асуларын талай ел үркіп асып, болмаса талай асулардың даңқын жұрт өткен заманда ерлігімен шығарған болар. Бұл сыр емес пе? Осы сияқты тау басынан кешірген не азапты, не ардақты уақиға аталса сурет жанданып жүре береді...

— Саған ұнамай қалғанын өзім де байқап едім. Бұл шатпақты қазір жыртып тастаймын. Ал, хат жөнінде?

Жақия Әлібектің бетіне қарап аз тұрды да, сонсоң бұл да басын шайқады.

— Жыртпа. Жырта салу сөз асылын сомдай түсу болып шықпайды. Мен сынымды өзің айт деген соң айтып тұрмын. Ал, хат жөнінде менің болжауым, болжау ғана емес, анығы. Қыз Орал қаласында. Дұрыс қой? Мұны өзі жазып отыр. Сондықтан, бұл ақиқат жай. Бұл бір. Екінші ақиқат «көргің келсе, хат-хабар салғың келсе...» дейді. Бұл саған Орал қаласына кел дегені емес пе? «Көргің келсе» дегеннің мағынасы осы. Мұның екінші түсінігі жоқ. Ал, сені мен менің тірелетін жеріміз: неге шақырады? Бұған жауапты Алматыда отырып құмалақ салумен табуға болмас. Жауапты барып жолығып, сөйлесіп, көрісіп, жай-мәністі біліп алғаннан кейін табасың.

Әлібек үндемеді. Ол сөзге ұста жолдасының тайға таңба басқандай айқын және дәлелді түсінігіне қол қойғандай болды. Ал Жақияның сөзіне бірден ұйитын Оразалы:

— Қазір бар да почтадан ақшаңды ал. Тездету керек, — деді.

Әлібек тіл қатпастан киіне бастады.

— Мен де бірге барайын, — деді Оразалы.

— Бар. Сен де бар, — деді Жақия Оразалыны қостап.

Бұл үшеуі үш түрлі жігіт. Сырт пішіндері де, мінез-құлықтары да біріне-бірі ұқсамаған.

Жақия ұзын бойлы, арық, ат жақты, түрік мұрынды, жүзі сұр. Көп күлмейді. Көруге суық адам тәрізді. Ал, сонымен бірге оның белгісіз бір ішкі жылылығы адамды өзіне үйіріп әкете береді. Оның үстіне: әр сөзі жеңіл-желпі мәтелге тұрарлық тіл жүйріктігі еріксіз бойсұндырғандай. Бұл қасиет оны тез көзге түсірген-ді. Және басқаларға қарағанда анағұрлым сақа студент. Сондықтан да ол қасындағы өзінен кіші екі жолдасының көпті көрген ақылгөйі есепті.

Ал Оразалы — айтқанынан қайтпайтын, бір беткей, табанды және өжет жан. Оның өжеттігі тіпті, кемерлеп тұрған тостағандай, жолдастар арасында шып-шып төгіліп те кетеді. Бірақ, жібек мінезді жұп-жұмсақ Әлібекпен аса үйірімді Жақияның қасында Оразалының беті көгіс тартып көрген емес. Бұл екеуінің оғаш істері мол басы артық сөздеріне ең әрі кеткенде үлкен көзін алартып бір қарап алады да, су сепкендей тына қояды. Оразалының нық денесіне күші де сай. Әзі айтуынша, бала кезден бастап онымен белдесуге де, шекелесуге де ешкім пар келе қоймаған сияқты. Үшеуінің басын біріктіріп тұрған да осы бірінде бар, бірінде жоқ қасиеттер болуы мүмкін.

Екі жолдасын почтаға жөнелтіп, Жақия үйреншікті өзінің аяқ сылауына көшті. Жас кезінде өкпе ауруына шалдығып, екі жылдай аяғын баса алмай азап шеккен бұл қатпа жігіттің оң аяғы семіп кеткен, екіншісінен анағұрлым жіңішке еді. Бәрінен де қасіреттісі: көп жүрген шақта ет қызуымен ауырғаны білінбей кететін кемтар аяқ, отырған кезде сырқырай бастайды. Ол қазір де қабағын шытып, жан қинаған сырқатты сылап жеңілдетіп отыр. Доктор берген майды жағып алақанымен сипайды. Бір ғажабы: бір қалада бір ғана поляк дәрігері — Мацкеевичке қаралу жолы қиынға түссе де оның айтқаны ем, бергені — шипа сияқты, маймен сылаған сайын Жақияның қабағы жазыла түседі. «Доктордың айтқанын бекер орындамаймыз. Ендігәрі болсын!» деп ол басын шайқайды, өзіне-өзі серт береді. Біраз отырып ол басын көтерді, терезеге қарады. Почтаға кеткен екеуі де жеткен екен.

— Жақия, ақша Әлібектің інісінен, кәдімгі әлгі өзің сыртынан риза болып аузыңнан тастамайтын Әділбектен көрінеді. Алпыс сом жіберіпті. Орал түгіл Мәскеуге барып келуге де жетерлік, — деді Оразалы есіктен кірмей жатып.

— Ол маған ұнайды. Ісі де, мінезі де тамаша. Көрмесем де көз алдымда. Жанып тұрған бала. Мына хат та соның сілтеуімен жазылып жүрмесін, — деді Жақия.

— Бұл мүмкін емес! Қыздың елі шалғай, әкесі де бізге араласпайды. Оқымысты, көпті көрген, алыстан болжайтын, ақыл иесі және іштей қатал адам. Біздің Әділбек олармен таныс та емес.

— Жақсы, солай-ақ болсын. Саған ақшаны не үшін жіберді Әділбек?

— Алыс жерде мұқтажданып жүрмесін демесе?

— Кеше ғана келдің ғой еліңнен. Стипендия алатыныңды інің жақсы біледі. Қалайша мұқтажданасың! Жоқ, мен білсем: сені қалай да Орал қаласына келтіру, қызбен жүздестіру. Бұл тек қана Әділбектің, болмаса жеңгеңнің қолынан келетін жұмыс. Осы күнге дейін бір хат жазбаған қыз өздігінен келіп кет деуі қиын.

— Мен де хат жазғаным жоқ...

— Әлбетте, мына хат — шақыру.

— Сонда не істеймін?

— Қызық жігітсің. Ісіңнің бәрі шала. Баста пісіріп келетін іс қой. Мүмкін қызды сүймейтін шығарсың?

Әлібек мүдіріп қалды. Қызарып кетті. Қысылғанда сөйлей алмай қалатын қалпына келіп, булыға бастады.

— Жарайды. Сен былай ет: тез Оралға жүріп кет. Оқу басталғанша әлі жиырма күн бар. Көр. Жүздес. Арғы жағын ақылдасып шешіңдер. Осында алып келсең мына пәтер екеуіңе жетеді, — деді Жақия.

«Сен не дейсің? дегендей Әлібек Оразалыға қарап езу тартты. Булығуы тарқай берді.

3

Институттың партия ұйымы шақырған мәжілісінен Жақия елеуреп қайтты. Философтың аяқ басысы да, сөзі де бір қалыптан өзгеріп көрмеген салмақты, бапты келетін. Ал, жүз әлпеті өмірде елегізуді білмейтін, баяғы сұрғылт қалпы, қабағын сәл кере түсіп «балдар қалай?» деп тамсана қарайтын. Ол бүгін есікті тез ашқаны былай тұрсын, оны нығыздап қатты жапты да, адымын кере басып терезе алдына етті, ілесе кері бұрылып тағы да есікке қарай жүрді. Бұл өзгерісті алдымен Әлібек байқады. Ол жолға шығу қамымен кішкене сандықша кәрзенкесіне киімдерін бүктеп, плащына орап шаң тиместей етіп мұқияттап салып жатыр еді. Бұл жұмысын тастай берді де Жақияның қимылынан, өзгеріп кеткен жүрісінен не болғанын байқауға тырысты. Оразалы ағаш кереуеттің үстінде жамбастап жатып, кешкі қарбаласта сығырайған керосин шамды өзіне жақындата салып, кітап қызығына батқан еді. Екі күннен бері ол американ жазушысының «Хват лен Малышын», «Арқадан келген қыз» дейтін шығармаларына алаңсыз сүңгіген. Оның құлағына Жақияның үйге енгені, есіктен терезеге алма-кезек аяңдағаны, Әлібектің қимыл-қыбыры кірмеді де, елеңдетпеді.

— Жігіттер! — деп Жақия үшінші рет есікке төніп барып кері бұрылды. — Уақиға зор.

— «Балдар» деңіз.

— Балдар!.. Үлкен уақиғалар... Зор өзгерістер... Естімеген жаңалықтар бар.

— Иә, жүрісіңіздің өзгеріп кеткенінен-ақ сезіп едім, Жақа. Не жаңалық?

Үлкен әңгіме... Саяси мәселе... — деп Жақия үнін бәсеңдетті. Ол Оразалыға қарап, «неғып жатырсың?» дегендей көз тастап еді, бірақ өз қызығына біржола алаңсыз берілген жолдасы сөзіне құлақ қоймады, кітапқа қадала түскендей болды.

Жақия енді тамсанды.

— Балдар, тыңдаңдар.

Мен сендерге үлкен әңгіме айтпақпын. Біз өте ірі әлеуметтік өзгерістің, басталғалы жатқан өзгерістің алдында тұрмыз... Губком қызметкері партия активінде сөз сөйледі біздің институтта. Қазақстанда «кішкене Октябрь» басталды... Әбекең үйде ме?

Жақия екінші бөлменің есігіне қарады.

— Үйде шығар. Кешке жақын бағанағы ақсақалмен сөйлесіп отырған есік алдында.

— Қай ақсақал?

— Алма сатқан, — деп Оразалы басын көтеріп алды. — Немене, құпия хабар бар ма, сонша сыбырлап.

— Құпия да, құпия емес те. Дегенмен: «Әзірге жая берудің де керегі жоқ», дестік. Әлгіден бері елең етпей жатыр едің, немесе «құпия» деген сөзге сенің де ойың селт етті ме?

— Мына кітап қызық. Бір өзі тоқсан құпияға тұрарлық.

— Иә, Жақа, айта беріңіз «кішкене Октябріңізді». Қызық сөз екен, соғыс бола ма?

— Әлібек, жөн істі өңкей мүкіс жағына бұрасың. Дегенмен, бұл сөз күрт өзгеріске байланысты...

— Жігіттер, үйде екенсіздер ғой. Бөлмелеріңізден дыбыс білінбегеннен кейін мен сіздерді жоқ қой деп ойлап едім. Жүріңіз, шай-су ішейік, — деді есіктен басын сұғып үй иесі.

— Жаңа ғана кіргенім осы, Әбеке, — деп Жақия сөзінің аяғын жұтып қалды. — Қазір, Әбеке, қазір...

Әбдуәли есікті қапсыра салып, кері шегініп кетті де, әйеліне:

— Жігіттер келген екен, шайыңды баптай бер, — деп арғы бөлмеде бұйрық беріп жатты.

Жақия басын шайқады. Орнынан тұрып, шашын оң жақ шекесіне жабыстыра сипай бастаған Оразалыға қарап:

— Осы біздің Әбекең, мен адам танысам, тұңғиық жан, терең, өте терең... — деді ақырын ғана.

— Онда бұл, Жақа, әлгі өзіңнің айтып жүретін: «найза бойламайтын арам», «құрдай жорғалаған қу», тағы немене еді, «түк жұқпас сұм» деуші ме едің? Солардың бірі болды ғой біздің бұл қожайынымыз да.

— Ақырын, ақырын сөйле, Оразалы. Естіп қалса ұят болар. Соңғы айтқанның төңірегінде. Су жұқпайтын сұм кісі ғой деймін.

— Су жұқпас па? Түк жұқпас па?

— Айналайын, ақырын сөйлеші.

— «Сыбырлағаныңды құдай естімей ме» деп... Нағыз сұм болса, біздің не ойлап, не сөйлеп отырғанымыздан да хабардар шығар. Кешке жақын алма сатқан қара сақалмен шүйіркелесіп, Пішпекке жүрмекші боп уағдаласты. Мен «Әлібекті арбаларыңызға мінгізе кетіңіз» дедім. Ол «ойланайық» деді.

— Онда жақсы болды ғой...

Студенттер «сұм кісіге» ұйғарған Әбдуәли шай үстінде бұлармен шүйіркелесіп сөзге кіріспеді. Әлденені ойлап-пішіп отырған адамның кейпімен көзін жұма түсіп, шайды сораптап ұрттап отырды да:

— Мен Пішпекке барып қайтамын, жігіттер. Мына баланы да арбаға мінгізе кет дедім Жиренбайға. Ол адам және жүк таситын арбакеш қой. Пұл төлемей-ақ мінгізер оқушы баланы, — деді.

Жақия мен Оразалы жамырап:

— Рақмет, Әбдеке. Үйі жағынан келіп кет деген хат алып еді, сізбен бірге тез кетсе жолы болды. Мың рақмет, Әбдеке, — десті.

— Ертең, Алла бұйырса, таң сәріден жүріп кетеміз.

Шайдан кейін үшеуі өз бөлмесінде тағы да өз қамдарына кірісті. Әлібек сандықша-кәрзіңкесін мұқияттап байластырды, Оразалы кітабына үңілді.

— Үлкен өзгеріс, балдар. Тұнып тұрған феодализмнің ұйтқысын бұзып: Арқаның Шормановтарын, Жетісудың Ордабаевтарын орнынан ығыстырып, жер аудару «кішкене төңкеріс», қазақ даласындағы кішкене Октябрь», — деп губком қызметкері дұрыс айтты...

— Айналайын, қойшы! Мен де естігенмін байларды жер аударады деп, жер аудармақ түгіл кедейлер соларды пісіріп жесе де көңілім баяғыдай...

— Оразалы, сен түсінбейсің. Өте ірі уақиға. Бұл — елді де, жерді де жаңартады деген сөз. Ескі дүниенің мұзы жарылды, енді сеңі жүреді, балдар, сендер мұны түсінулерің керек.

— Жарайды, соңынан, соңынан түсінерміз, — деді Оразалы.

Әлібек сөзге кіріспеді. Ол тек қалайда Оралға жетудің, тез жетудің қамын ойлады. Алда не барын, не боларын ойлауға шамасы келмеді. Оның көз алдында Гүлжиһан тұрды...

4

Жазықта жортып отырып жолды едәуір қысқартып алған аттар тау бөктеріне іліккен соң аяңға біржола көшіп алды. Ал, өрден-өрге тырмысып алға ұмтыла түскен қос торы жүкті фургонды екінші бір төбешікке зорға шығарды. Бір уақыт өрсіз жерде өндіре аяңдап, жүріс енді-енді түзелер дегенде тағы өр, тағы да төбешік келіп қалады.

«Қашан жетеміз Пішпекке? Қашан мінем пойызға? Қашан Арыс, қашан Қызылорда? Қашан?.. Қашан?.. — деп жыбырлайды Әлібектің еріндері, өзі түсе қалып өзге арбамен қатарласа аяңдайды. Арбакеш арық қара Жиренбай да арбаға асылмағалы көп болды. Ат болдырар, бірақ Жиренбай болдырар емес, жүрісі де жеп-жеңіл, өзі де қаңбақша дөңгелейді, делбесі қолда, атқа жанамалап соғып келеді.

— Тоқмақ жолы жақын, екі қонып Пішпекке де дік етеміз, — деген шығар да арбакеш. Сол «дік ететін» жолы Ұзынағаштың асуы, екі күн тауға шығады. Түсері жарты-ақ сағат. Алды қырғыз елі. Екі таудың ғажайып алқабы. Әлібек бұрын бір рет жүрген, Жақын екені рас — Қордай жолы үш күндік, күн райы бұзылса Пішпекке дейін төрт тәулік те болып кетеді.

...«Қашан жетеміз? Қашан?.. Қашан?..

...Осы ана Әбдуәлиді Жақия «су жұқпас сұм адам» дейді. Рас шығар. Жақаң біледі. Үйінде бізден бұрын тұрып келеді. Мына тиеп келе жатқан сандықтар сонікі шығар. Не нәрсе бар екен ішінде? Ауыр. Орнынан қозғап болмайды. Аттардың мықшыңдауына қарағанда екі сандық пен екі кісі өрге қарай ауыр жүк болып келеді», — деп ойлап қояды. Әлібек, арбаға мінер кезде де, аттың жүгін жеңілдету үшін түсер кезінде де.

Қаншама асықса да, қаншама «қашан жетемінді» жиілетсе де жол алыс, тау сілемі таусылар емес, жүк те жеңілейер емес.

Жол ұзақ, әңгімеден өзге ермек жоқ.

— Жиреке, әңгіме айтыңыз, — деді Әлібек арбакешке, келесі бір дөңнің үстіне шығып, өрсіз жазық жолмен жүріп, аяң суытуға арбаға асылған кезде. — Осы біздің Әбдекең қосағасы, ел ағасы болған адам-ау, жөн-жосықты көп біледі.

Жиренбайдың да іші пысып келе жатса керек, жас жігіттің сұрағына ілесе жауап қайырды.

— Ел ағасы? Ел ағасы деуге де, қала ағасы деуге де болады. Өйткені елден гөрі бұл жігіт қалада көбірек тұрып келеді. Көптен бері-ақ қаланың белді жігіттерінің бірі болып саналады. Әрине, Әбдуәлиден де ірі адамдар көп.

Әлібек сәл ойланды да, Жақияның «осы Әбдуәли көп сұмның бірі» дегені еріксіз аузына түсіп кетіп:

— Сұм адам ғой өзі, — деп қалды.

— Қарағым, жұрттың көбі сұм ғой, осы күні. Бұл кісі сұм да шығар, алайда үлкен табыскер адам. Сіздерден пәтер ақыға қанша сомнан алады?

— Он сомнан.

— Ім-м, үшеуіңнен отыз сом де...

Арбакеш әлденені күбірлеп есептей бастады да, аздан кейін:

— Тамағы ішінде ғой, он сомның? — деп анықтай түсті.

— Иә, тамақ қожайыннан.

— Ім-м, жиырма сом таза қалтада қалады екен. Астықтың пұты елу тиын, қойдың көкесі бес сом базарда. Қалаша тамақтанғанда айына бір қойдың етін жемейсіңдер, бір пұттан артық нан да кетпейді сендерге. Шай-су бәрін есептегенде үшеуіңнен он-ақ сом жұмсайды...

Мына есеп Әлібектің ойына келген есеп емес еді, ол таң қалған пішін көрсетті.

— Бұл ештеңе емес, — деді арық қара кісі. — Әбдекеңдердің табысы біздің тиындап-тебендеп жинағанымыздан он есе, он есе емес-ау жүз есе көп.

— Сіз қанша табасыз?

— Біздің бар кәсібіміз осы Пішпек пен Алматы арасында ептеп адам тасу мен жүк тасу.

— Айына үш-төрт рет қатынайтын шығарсыз?

— Онан көп емес. Сондағы бар табысымыз: ең әрі кетсе қырық, елу сом.

Әлібек байқамай ішін тартып қалды.

— Оның таңданатын несі бар, қарағым, ана он есе, жүз есе артық табатын Әбдекеңдерді айт!

— Жиреке, таңданғаным: қой базарда бес сом дейсіз. Сіз айына он қой тапқанда, ана кісі он есе артық тапса, сонда жүз қой, яки бес жүз сом тапқаны ма? Сондай төгілген ақшалы қандай кәсіп ол?

— Е, бала екенсің ғой, қарағым. Өз әке-шешең не кәсіп жасайды?

– Әкем қайтыс болған. Шешем кәрі. Інім бар. Орташа дәулет — бір үйір жылқы, сонсоң қой, қозы деген сияқты. Сауын сиыр әркімде де бар ғой.

Жиренбай тағы да күбірлеп өзінің ішкі есеп-шотына қағып:

— Бар дәулетің, ініңмен екеуіңнің, егерде бір үйір жылқы, бір қора қойларың болса, бес-алты бұзаулы сиыр болса, сонда да Әбдекеңдердің бір жылдың табысының үзеңгісінен де келмейді.

Әлібек басын шайқап алып:

Жиреке, сіз өте асырып жіберген жоқсыз ба? Әбдекең тап сондай қалталы капиталист сияқты емес қой. Әшейін, қаланың еті тірі азаматы тәрізді.

— «Кемедегінің жаны бір» дейді қазақ. Сондай-ақ сапарлас адам, сырлас деседі. Ешкімге сыр шашар жігіт сияқты көрінбейсің, оқып жүрген қазақтың көргенді баласы ғой деп танимын, қарағым, өзіңді. Сен тыңда, мен айтайын Әбдекеңнің кім екенін, оның кімдермен қол ұстасып келе жатқанын. Әбдекең жақсы кісі. Сөзінде тұрады. Жақсылық етемін десе етеді. Көпті көрген, көп білетін адам. Бұл кісі өзінен де көп білімді, үлкен оқымысты, дәулеті төгіліп жатыр дерлік, атағы бүтін Жетісуға, Пішпек пен Әулиеатаға, Шымкент пен Тәшкентке мәлім Ғали дейтін адамның көп жүретін, ісін істесетін оң қолы. Ғали Ордабаевтың атқосшысы. Ғали Ордабаевты естігенің бар шығар?

— Аз-мұз. Сыртынан ғана естиміз. Қалада үйі бар емес пе?

— Бір емес, бірнеше үйі бар. Мекен-жайы, малы, бәйбішесі мына төменде Іле бойында. Өзі көбінесе осында, Пішпекте, сонсоң Тәшкенде болыңқырайды. Қалада үлкен жайы, сұлу тоқалы бар. Қазір әңгімеге ілініп жүр дейді...

Әлібектің бұрын-соңды құлағына шала-шарпы тиген әңгімелер, кешегі Жақияның елге үгіт-насихат ісіне аттанғаны — мына қара сақал арықша кісінің әңгімесін толықтыра түскендей болды. «Үлкен өзгеріс дегендері осы екен» деді ол ішінен.

— Ал, Әбдекең жайында сіз әңгімеңізді аяқтаған жоқсыз. «Оң қолы» дегеніңіздің мәнісі қалай?

— Әбдекең де сол Ғали Ордабаев сияқты өз шамасына білгір, іскер, өзіне лайық дәулет жинай бастаған еті тірі азамат. Оның да Пішпекте үйі бар, — арбакеш арқасын тіреп отырған екі үлкен сандыққа қарап қойды. — «Сонда түсір» деді. Бұл шамалауымша сол Ғали Ордабаевтың жиһазы...

— Қандай жиһазы? Екі сандық аса көп жиһаз емес қой.

— Жиһаздың жиһазы бар. Кеше кеште тиегенде құлағым шалып қалды; тай жібектер болуы керек. Екі сандықта қытай жібегінің он-он бес тайы жатса — қанша пұл боларын білесің бе? Сонсоң: Әбдуәли өзі Шамалған беттегі малды Пішпек базарына айдаттыру қамында. Ертең бізбен қатар о да Тоқмаққа жетеді.

— Көп мал ма екен?

— Жылқы мен қой, қанша екенін Алла білсін. Бұл бірақ Ғали Ордабаевтың өз малы. Ал, Әбдуәли бұрын сонау Құлжадан, Ақсу мен Көксудан жылжыған малды Алматы мен Пішпек, әрі кетсе Әулиеата, Шымкентке жеткіздіретін. Әсіресе соңғы он жыл ішінде ең кемі миллион қой өткізген шығар. Қаржы Ғалидікі, алу, айдату, саттыру Әбдекеңдердің жұмысы. Айдаушы басқа. Бәрі ақшаның құдіреті ғой. Әбдекеңдер қой басына он тиыннан пайда қылса да жылына бір сандық пұл таппай ма? Міне, Әбдекең енді сол әңгімеге іліккен Ғали Ордабаевтың дүние-мүлкін реттетіп жатыр. Мен солай ғой деп шамалаймын. Қате болса құдай кешірcін. Бірақ, қарағым, тісіңнен шығарма, бәрі де өзіміздің қазақтың баласы ғой. Он сегізінші жылғы апат төңкерісте осы Әбдуәли Мамытбековтың әкесін ақтар атып кеткен. Әкесі де еті тірі кісі еді.

...Кешегі біздің философ Жақияның «Жетісудың Ордабаевтары» дегені осы екен ғой. Оралдың кімі деп еді?.. Мұхаметшиндері деген жоқ қой... Ақметшенің де ірі дәулетті екенін, ауызға іліккен беделді әкім болғанын және оның үстіне бүтін қосшы кедейлердің, әсіресе Қоғабайлардың: «Ақсүйек», «қырдың шынжыр балақ, шұбар төсі» деген аттарды Ақметшеге тізіп тағып айтатынын өз құлағымен естісе де Әлібек оны қосқысы келмеді. Бұл мүмкін емес сияқтанды. Оның ой түбіндегі көп сенімнің бірі: «Бұл мыңғырған бай емес, ғылым тіліне бет бұрған пайдалы адам ғой», — дегізе берді. Және Гүлжиһан!

Гүлжиһанның тағдыры... Оның басындағы ауыр қайғы Әлібекке әлі жетпеді...

ЕКІНШІ ТАРАУ

1

Көрпесін тас бүркеніп алып қыз әлі солқылдап жатыр. Ол шам сөнер-сөнбестен-ақ жылай бастап еді. Miнe түннің де әлдебір уағы болды.

Кемпір бәрін естіп жатты — оның орнынан неше рет аунап түскенін де, тіпті көрпесінің қалай ысырылып кеткенін, оны қалай бүркенгенін де естіді. Үй іші тас қараңғы болса да кемпір көзі бәрін көріп жатқандай. Қыз оң жақта өзі салып берген құс төсектің үстінде, төсек те үлкен, кәдімгі өзінің ескі құс төсегі. Бірақ тысы да жаңа, мамығы да жұмсақ, жамбасқа батар бір ірмегі жоқ. Бірге жасасып келе жатқан көне төсек дерлік емес. Жастығы да сондай ғой. Бәрі қолайлы. Үстіне жамылғаны қыздың өз шәйі көрпесі. Үкідей салмағы жоқ, не тұншығарлық, не ауырларлық жамылғы емес. Үй де кең. Өте кең. Қазан жақтағы кемпір мен екі аралық ел көшкендей ежелгі төр мен босағасы ендеп жататын қажының сегіз қанат киіз үйі ғой. Жүніс қажының.

Бір кезде төрт балаға толы төр қазір бос қалған. Бас көтерген жалғыз Әділбек те сыртта, мал шетінде. Жаздыгүні ол үйге жатып көрген емес. Бүгін де солай. Алпыстан асқан кәрі кемпір жас келінмен өзі ғана. Үлкен келін, үлкен бала — аулақта, олардың өз қамы, өз ошағы бар. Бар үміт Әлібек пен Әділбекте. Әсіресе Әділбекте. Өйткені Әлібекжаны да алыста. Кім біледі, ертең ол да өз жөнімен жыраққа тартып жүре ме!

...Бұл байғұс баланың да өз қайғысы өзіне жетеді. Жалғыз әкесі болса анау қараңғы үйге қамалып қалғаны. Келгеннен бері жылау, келгеннен бері жерге үңілу. Бұл мына үйге сүйеу. Мына дүниеге тірек болып кеткенше қашан! Әлі солқылдап жатыр. Қалай жұбатарсың.

— Гүлжиһан қарағым, жылама? Жылама, қарағым...

Солқылы сәл бәсеңдеген қыз бұл мейірімді сөзге онан әрі егіле түседі.

— ...Тәңірінің ісі. Көну керек...

Неше рет айтты мұны. Есебі жоқ. Көне адамның ойы да көне. Көне болса да көпті көрген жанның үйреншікті жұбанышы, үйреншікті тілек. Тәңірінің ісі емес пе көкті-жерді бар қылған! Жасағанның ісі емес пе бейнет пен дәулетті қоса берген! Құдіреттің ісі емес пе жасты жеткізіп кәріні еңкейткен. Бұған Балым кемпір түгіл жас Гүлжиһан, оқыған Гүлжиһан да сенеді. Бірақ жас ой әлдеқайда жүйрік, әлдеқайда өткір.

...Тәңіріңнің ісі! Көбі тәңіріңнің ісі. Бірақ адамның ісін кәрі кемпір біле ме. Ол менің бұл үйге ойламаған жерден еріксіз келіп қалғанымды қайдан білсін! Менің әкемнің досынан қасы көп болып кеткенін сезе ме үйде отырған кемпір. Менің жүрегімде не сарын барын ұғар ма бұл күні еткен сорлы жан. Жастай анадан айрылдым. Әлпештеген жалғыз әкеден айрылдым...

Қыз қатты өксіп жіберді.

— Қарағым-ай, шаршадың ғой. Сабыр етсейші, шыдасайшы. Алланың жазғаны. Тағдырдан озмыш жоқ... — деді де кемпір басын көтеріп алды.

Ол айнала қарманып шапанын іздеді, орнынан тұрды. Кебісін тауып киді, сыртқа шығуға бет алды.

— ...Берік болу керек. Ұзақ түнді егілумен еткізу жарамайды.

Кемпір есікті сипалап ашып, күбір-күбір сөйлеп жүр; өзі де кез ілмей, ұзақ көлбеп, ақыры сыртқа шықты. Сонда да өксігін баса алмай жатқан қызды жұбатумен болады, оған қыбырлап жүріп сүйеніш айтады.

Қыз да бәрін біліп жатыр. Кемпірдің елжіреген үнін естіп-ақ жатыр. Бірақ...

...Шынымен-ақ тәңірінің жазғаны осылай ма?..

...Елі-жұртым қайда?

...Туған үйім қайда?

...Папам қайда?

Бөлшек-бөлшек ойлардың бірінен бірі ащы. Қыз бұрынғыдан да қатты өксиді. Кемпір қыбырлап үйге кірген кезде ғана саябыр тартқандай. Кешегі күннің кейпі үздіксіз тізіледі. Көз алдынан өтіп жатыр. Солар ғана еріксіз жұбатқандай болады.

...Алдынан шыққан жан жоқ еді, арбадан түсе бергенде халық қаптап кетті. «Келін келді!», «Келіншек түсті!» — десті. Адам деген үйді-үйден қаптап шығып жатыр. Кәрі-жасы аралас. Әйелдер, қыздар да бар. «Кәдімгі Ақметшенің қызы ма?», «Жиен қыз!» «Әлібекке кішкентайынан айттырып қойған!», «Әдемі екен», «Тек өңі солғын екен!»

О, тәңірі, сөзден жаңбыр жауып жатыр.

— Құтты болсын, шеше! Келінді болыпсыз!

– Келіннің аяғынан деген!

— Қызығын көріңіз... Немере сүюге жазсын!

— Қолыңыз ұзарды, шеше!

...Бәрінен де ауыр, тікендей қадалғаны Хадиша деген әйелдің мысқылы.

«Шырағым-ау, жеңеше-ау, келін сияқты емес! Шошайған бірдеме. Көзі бақырайып қақ төрге отырып алыпты. Ең болмаса басында желегі де жоқ», — деп бетін шымшиды қасындағы әйелге сыбырлап. Ал, жігіттер сықылықтап «Әлібек емес, Әділбектің өзі шығар келіншек әкелген, әйтпесе күйеусіз келін түсе ме?» — деп көздерін қысысады.

...Көну керек деп осыны айта ма мына ғазиз жан...

Бірнеше күннен бері, өң мен түстің екі арасында, мең-зең халде келген, көзін ілмей шаршаған Гүлжиһан таң алдында ұйықтап кетті. Көп уақыт өтіп кеткендей болды. Бір кез көзін ашқанда екінші бір дүниеде жатқандай көрінді.

Жат үй, басқа үй — жарқырап тұр. Жан жоқ. Түндік шалқасынан қайырылған. Аспан көкпеңбек түрулі. Әдемі самал соғып кетеді. Жеп-жеңіл!

Рақат дүние. Ертеңгі шаттық құшағында...

Ертеңгі шаттың бар жерде бірдей. Далада да, ауылда да ертеңгі күннің шұғыласы нұр құйып тұрады. Жанға да, тәнге де рақат желі желпиді. «Шеген құдықтағы» ертеңгі шақ осындай. Оңаша самалды үй. Ашылған түндік, көгілдір аспан. Үнсіз төңірек.

Жұп-жұмсақ төсек, болыскей кереует. Қозғалсаң тербетеді. Шәйі көрпе. Сырғығаны сезілмейді. Айнала жым-жырт. Жүрген жанның қыбыры білінбейді. Аулақтағы ошақ. Сүт пісірген әйелдердің сөзі де естілмейді.

Гүлжиһанның құлағына еміс-еміс дыбыс шалынды. Үздік-үздік сөз де жетті. Қайдағы сөз? Үй сыртында ма? Жоқ. Ошақ басында...

— Әлі ұйықтап жатыр ма?

— Жас қой... келін!

— Ештеме көрмей өскен бала...

Гүлжиһан ұшып келді де, киіне бастады. Шашын түзеуге айнала қарманып қалды. Бірақ... өз тұсында тұратын шар айна қайда? Айна түгіл болыскей кереует те жоқ! Кемпір салған құс төсек...

Дыбыс енді үй сыртына шықты. Таныс дыбыс, қоңыр үн.

— Мама, әлгі қой терісіне тұз жаға сал. Күн ыстық, жүні жидіп кетер. Келінің тұрған жоқ па? Шай-су әзірлесең жақсы болар еді. Менің қырда жұмысым бар.

...Әділбектің өктем қоңыр үні. Батыл үні. Қатал жігіттің қадалған жерден қан алар үні!..

Қыз қалай толқып кеткенін білмеді, өн бойын ыза кернеді. Бар зұлымдық сыртта сөйлеген Әділбектің үнінде, қайсар қараның істеген ісінде сияқтанып кетті.

...«Мені алып келген осы. Бәрі осының ісі! Жаңсақ жолға салған осы Әділбек! Мен келемін бе, бұл жерге осы болмаса?! Менің жалған жолға түсуіме де себепші. Мен опасыз қыз болдым. Көбіктінің Қарлығасы болдым. «Қыз он беске жеткенде, өспесін деп өркені жұлып та жатыр сақалды» деп Көбіктінің қарғысы маған айтқан қарғыс. Неге мен жалғыз әкені ұмыттым. Келеке. Мысқыл. Қашып кеткен Әлібектің орнына келдім бе?»

— Әділбек, мені Текеге алып барасың. Папамның хабарын білмей мен бұл жерде бір сағатқа да қала алмаймын. Мен... мен, — деді қыз булығып.

Ұйықтап жатыр деген қыздың қалай оянғанына таң қалып тұра қалған Әділбек, енді оның өзінен де өктем сөйлеген сөзінен сасып қалды. Ол қыздан көзін алмады, қапелімде өзіне-өзі сенбеді. Қарауға нәзік, жүзі жұмсақ, өзгеше әдепті сызылған қыздан мұндай сөз шығады деп ойламап еді. Және қалайша тез өзгеріп кеткеніне аң-таң. Сөзін жұтып, булығып қалғанмен көзге жас алар емес. Қайратқа мініп, шатынап кеткен. Кешегі солғын тартып, мұңға батқан келбетте, қазір жасып қалғандықтың ізі де жоқ. Жылауға бейім үлкен көздер жана түскен. Бүтін бет әлібі, барлық дене бітімі жиырылып, түйіліп, ширай қалған. Түнімен шыңдалып, ширатылып шыққандай.

Қыздың көрер көзге өзгергенін көріп және оның үнінің қарсы жауапқа жол қалдырмағанын байқап Әділбек бойына сіңген батыл лебізден бас тартты. Ол сылап-сипауға көшті.

— Гүлжиһан, тарылма, еш нәрсеге тарықпа. Мен қаладан шығарда-ақ айттым ғой өзіңе. Қажет десең Текеге де, Текеден әрі бару керек болса оған да апарамын деп. Бұл менің қолымнан келеді. Ал, қазір жуын, таран, шәй ішейік, әңгімелесейік. Шайдан кейін өзен басына барып қайт, сейілде, көңіліңді көтер.

— Тамақтан ас өтпейді папамды көрмей тұрып. Ең болмаса бір хабарын естуім керек...

– Гүлжиһан, мен айттым ғой, Текеге алып барамын деп.

Әділбек бөгеліп қалып, қабағын шытып еді, Гүлжиһан мұны өзінше түсінді: қатал мінезіне көшкелі тұр деп ойлады.

— Атты қазір жекпесең, мен жаяу кетемін, — деді.

«Бұл қайсарлық қайдан шықты деп болмас: болат төкті немені қайыстыра берсең шарт сынып та кетер», — деп түйді Әділбек қыздың бет қайтпас ниетін көріп.

— Жарайды жегейін. Ат аздап тынықсын, отын қандырсын. Кеше алпыс шақырым жер жүріп келдік, болдырып қалса жолда босқа отырамыз. — Ол қыз қарсы жауап қатпасын деп есіктен дауыстады: — Мама, шайыңды әзірле. Біз түстен кейін Текеге жүретін болдық.

— Әділбекжан-ау, — деді бұлардың сөзіне құлағын тоса бастаған кемпір. — Мен қағыс есіттім бе, әлде дұрысы сол ма?

— Иә, мама. Жүреміз. Гүлжиһан екеуміз жүреміз.

Жиеннің хал-жайын білуге барамыз, Текеге барамыз, — деді ол буындап баяндап.

— О, жасаған, келмей жатып ұзақ сапарға аттанады де. Бірің анда, бірің мұнда тағы алыстағы қалаға жүрмексіңдер.

— Мама, жөні солай. Жиеннің әңгімеге іліккенін естідің ғой. Міне, сол кісінің қандай жағдайда екенін білу, жәрдемдесу тек қана Гүлжиһанның борышы емес, біздің де... Менің де борышым.

— Иә, қарағым, солай ғой. Туысқанға туысқан, жақынға жақын қол ұшын бермесе, не болады, — деп кемпір көне кетті. «Тағы да алысқа кетесіңдер ме», — деп уайымдаған адам, енді мейірбандық ниетке көшті. — Тарыққан адамға, зарыққан пендеге көрсеткен жақсылық таңда тәңір алдында қайтады.

— Иә, иә, мама!

Бүгін ерте тұрып, қыстаудағы шөп машинасына барамын деген Әділбек не істерін білмеді. Мына Гүлжиһанның көлденең сапары, оның үстіне ойламаған жерден тағы да Текеге жүру — жұмысқа кесірін тигізді. Жүрмеуге лаж жоқ. Жақын, туыс, жалғыз қызынан басқа бұта қалмаған Ақметшеге қол ұшын бермеу — ең болмаса қызын көзіне көрсетпеу адамшылық па? «Қалай да мұны енді тез істеу керек. Тездетіп барып-қайту керек. Әйтпесе, мен де жалғызбын, жұмыс бастан асады», — деп қорытты Әділбек ішінен.

— Түстен кейін жүреміз. Бүгін қалаға жетіп қонамыз. Атқа қиын болса да...

Қыз енді қайтып тіл қатпады. «Атты қазір жекпесең, жаяу кетемін», — деген сөздің қатты тигенін жақсы сезді. Осыны жұмсартайын деген жанша, ол қайнаған самауырынды өзі көтеріп әкеліп, қазан жақта күйбеңдеген кемпірдің жабдығын тездете бастады. Шайды өзі құйды.

— Айналайын, қарағым, өзіміздің Гүлжиһан... — деп кемпір мейірлене түсті де, қызға айтар сөзін іркіп қалды. Ірікпеске не шара! Түнімен солқылдаған қыз тағы еңіремей ме! Ол ақырын ғана күрсініп қойды. Ой ауыр. Ауыр ойды ірку де ауыр.

Әлібек тез жүріп кеткеннен бері және Ақметше сөзге ілікті дегеннен кейін кемпірдің көңілі елсіз қалған жайлаудай еді, кәдімгі аңырап бос жатқан құлазыған даладай еді. Ал, алдына өңгерген тоқтыдай етіп, Гүлжиһанның бір өзін Әділбек арбаға салып алып келгенде кемпір белінен шойырылып отыра кеткен. Не айтуға, қалай тіл қатуға дәрмені келмей қалды. Дүние өзгеріп, жер төңкеріліп бара жатқандай. Атақты Ақметше, бір елдің аузымен құс тістеген әміршісі. Абақтыға түсті деген не сұмдық! Баласы Қаршыға бетімен жоқ болды деген не ғаламат! Ал, жалғыз қызы жасаусыз, жеңгесіз, құрметсіз, болашақ тәңірі қосақтаған жеріне жетім қыздай жалғыз келуі де сұмдықтың басы?! Оның үстіне құдай қосып атасы ақ батасын беріп атастырған халел жұпысын Әлібектің өзі барып алмай, інісіне әкелдірді деген не ырым! Бәрінен де бұрын жұрт алдында не демекпіз? Ата-бабаның жоралғысы бұзылғанын қалай қабылдаймыз?! Заман шынымен өзгергені ме? Шынымен әлем теріс айналғаны ма? Келін түсердегі шадыман-шаттық қайда?! Дуылдаған жастар мен үлкендердің дүбілісі қайда жоғалды! Ата салты, баба жолы қайда?! Салтанатты той, қуанышты жиын енді бұдан былай біржола қоштасып кеткені ме? Атақты Тана Қаржаудың қызы Айбаршадан туған, өз елінде ақылды қыз, келген жерінде Балым бәйбіше атанған, бір елдің тұтқасындай әйгілі Жүніс қажының Балым кемпірі атанған, бала өсірген, ер азамат әкім ұлына дүбірлетіп бүтін Байбақтыға билік айтқызған, бақ, бата дарыған Балым кемпір бүгін бар сый-құрметтен жұрдай, жетім қыздай етіп келін кіргізгені ме?!.

Ой ауыр. Ауыр ойды ішке ірку онан да ауыр.

Кемпір тек күрсіне түседі.

Үлкен кісі күрсінуге ғана бейім. Бөгеттеп белін тас буып, ағысын басқа жаққа бұрып жіберген өзендей, өмірдің құрт өзгерісі ата салттың қара шаңырағы Жүніс хажының үйіне келіп тірелгенін кемпір қайдан білсін? Ол тек күрсінеді, күрсінеді де, өткенді жоқтайды. Оның кіші баласы ғана қарт ананың тірегі сияқты. Жұлқынып өсіп келе жатыр...

Ал, Әлібегі ше? Кім біледі! Мына қасірет торына тырмалған Гүлжиһанға да қол ұшын бере алмай жүре ме!

Үлкен үйде үш адам: үшеуінде үш тілек. Үш үміт. Мұның не боларын, қайда барып тірелерін болжауға олардың шамасы келе ме?

2

Сонан кейін Хакім жетіп келді...

«Әділбек келіп кетті... Гүлжиһанды елге алып кетті», — деген қам көңіл Меңдіқыз.

Бұл күтпеген, ойламаған жерден кездескен жайға Хакімнің іші мұздай болып жүре беріп еді. Түсі де сұрланып кеткен. Бірақ, Меңдіқызды жазғыруға оның батылы бармады, жарын аяды. Соңғы кезде бұл да мұңды, бұл да үрейлі. Әлібекті «Шеген құдыққа» жіберген «айыбы» батып жүрген. Оның үстіне бас кесер Құныскерейдің үркіткені қандай ауыр болды. Дертке ұшыратты. Әйел адам, қызға да жаны ашиды...

«Бұл жоқ жерден шиеленіскен жіптің түйінін қалай жазып жіберу керек?» — Ойланып біраз отырды да Хакім: — «Қалайда елге барып, сол жерден бір жөнін табармын», — деп атшысына келді де, арба жекпей, салт мініп қырға шығып кетті. Тезірек және жалғыз жүрудің қамын көздеді.

— Айналайын, Хакімжаным! Алыстап кетіп, үйді көрмей қойдыңдар ғой. Келдің бе әйтеуір, айналайын...

Балым кемпір көзіне жас алды.

— Мама-ау, неге жылайсың? Менің келгеніме таңырқап, неге келіп қалды деп жылайсың ба? — деп Хакім күліп, бос көңіл кемпірдің арқасынан қағып, бетін тосты.

— Айналайын. Айналайын! — деп кемпір мырсылдаған күйі оның бетінен сүйе берді.

— Жақсы, мама, жақсы. Қатты сағынған екенсің. Бірақ, жұма сайын келсем де осы жылау, саған бәрібір.

— Қайдан жұма сайын... Көктемнен бері төбеңді көрсеткен жоқсың.

— Өзім келе алмасам да, амандық білдіріп адам жібердім ғой, мама. Анау күні мына кіші балаң да барып қайтты. Кеше тағы да барып...

Хакім «Гүлжиһанды алып кетті» деген сөзді жұтып қалды. Бұл өзі қолдамаған істі інісінің бірбеткейлікпен «мен білемге» салуын сөгіп өтпекші болып еді, бірақ бұл кекетуден ештеңе шықпайтынын ақылға салып жайымен түсіндірермін деп ойлады, ескі ұғымға сүйенген кемпірдің жүрегіне қатал үкіммен жара салармын, деп қорықты. Өйткені бұл сияқты батыл қадам, кәміл-ақ, кемпірмен ақылдасқан қадам екенін Хакім қаладан шықпай тұрып болжаған еді. Ол кемпірдің құшағынан босанғаннан кейін, сұп-сұр болып оң жақта отырған Гүлжиһанға қалай амандасарын білмей бөгелді. Қыз төмен қарап отыр. Егер көзіне көзі түссе дыбыссыз бас изеп амандасар еді. Ал, атын атап аман-саулық сұрау, болған істі бекітіп осы үйге келін болып келгенін қолдаумен тең. Және өз қолымен мал-мүлкін кампескелетіп, әкесін тұтқындауға рұқсат берген қызға еш нәрсе болмағандай-ақ, жылы жүздесе қалу адамға лайық емес.

— Саламат па, шырақ, — деді Хакім көбінесе таныc емес жастарға айтылатын көпке ортақ «шырақ» деген сөзді аты орнына қолданып.

Қыз басын да изеген жоқ, жүзін де бұрған жоқ, бұл амандасудың өзіне арналғанын білсе де сезбегендей, ол бейне бір қуыршақ тәрізденді. Хакім қабағын тыржитты да, әлдекім байқап қалды ма деп қысыла бастады, жүзін тез анасына бұрды:

— Меңдіқыз келінің «шешем қартайды, үй ішінің бітпейтін ұсақ тауқыметінен құтқарсам», — деп арман өтеді, — деп бір қойды.

Кемпір оған да босап:

— Айналайын, Меңдіқыз келінім... ол адам ғой. Өмірі мені аяумен келеді, — деп жалма-жан құлағын түре бастады. — Үй ішінің ұзақ тауқыметінен құтқарсам дей ме? Ол қалай дегені, Хакімжан-ау?

Хакім асықпады. Ол ойындағы үлкен істің бастамасын құлаққағыс қылып, бірақ арғы жағын ептеп, жіңішкелеп, кемпірді бірте-бірте көндіру ниетінде еді. Үстіндегі плащын шешіп, төрдегі жүк үстіне қойды. Қайтып есік алдына келіп, етігінің шаңын сүртті, басындағы фуражкесін алды, қалың шашын салалап кейін қайырды. Сонсоң жуыну ниетімен қазан жақтағы құман-шылапшынға көз тікті де, кемпірді аяғандай басын шайқап қойды.

— Қиын ғой, мама. Қартайып келесің. Бір үйдің шаруасын бір өзің істейтін шақ алдақашан өтіп кетті. Ана балаң оқуда, мына балаң әлі жас, бұл да өз алдына адам болып кеткендей дәрежеге жеткен жоқ, білімі аз...

— Мен үшін уайым жеме, Хакімжан. Өздерің адам болыңдар. Маған мұнда қолғанат ете тұрарлық Гүлжиһан қарағым да келіп қалды. Бір жөні болар. Қартаю бәріңнің басыңа да келетін жай, құдай тек қарттыққа жеткізсін де!

 

Кемпір әлгі айтқан сөзін ұмытып қалды білем. Хакімнің жауабын күтпей өз ойын алға сап болашақтың қамын жей бастады.

«Мына Ақметшенің қызын шын келін етемін деп ойлайды ғой шамасы. Бұл жайды біртіндеп өзгерту керек», — деді ол ішінен. Оның келген себебі де осы ғой.

Сырттан ісірген Әділбек ағасына қысыла сәлем берді де, көзіне тура қарамай жайлап қана амандық сұрасты.

— Аманбыз, — деді Хакім салқын жүзбен, — амандығымызды кеше өзің көріп кетпедің бе?

— Иә, Хакім аға, көрдім. Меңдіқызды көрдім. Өзіңізге жолығуға мұршам келмеді.

«Жау қуды ма мұршаң келмей» деген сөзді ағасы ауызда әрең ұстап қалғандай «жа»... деп тамағын кенеді. Бірақ арғы жағындағы дыбысты шығармай үзіп жіберді. Әділбек ағасының не айтайын дегенін әбден ұқты. «Бір шайқас болар-ақ» деп түйді ол, өзі іштей дірілдеп кетті. Хакімнің түрі де, сөз саптауы да оған үскіріктей әсер етті. «Не дәлел бар? Сол өзінің жаңағы мамасына айта бастаған «үй ішінің тауқыметінен құтқаруды мен де қалқан етермін», — деді жас жігіт, тал қармағандай тістене түсіп. «Қалыңдығын алып келуге жарамай сызып тұрған ініңнің болашақ қатынын алып келгенім бе менің жазығым?!

— Бала, ана аттың айылын босатып, тізгінін дұрыстап қаңтар. Ақ көбікке түсті.

«Сені соншама не жау қуды», — деп қала жаздады бұл да жаңағы ағасының іріккен сезін қайталағысы келіп. Сөйтті де жалма-жан:

— Жарайды, — деді келте жауаптап.

Ақметшенің қызын Хакім үлкен інісіне алып беруді мақұлдамайтыны күні кеше Меңдіқыздың сөзінен де көрініп еді. Ал, қазір қабағынан қар жауып келген ағасының ұрсатынын да білген. Осыны ойлап Әділбек бірден-бірге іштей тайсала бастады. Ағаның ағалық құдіреті ініге ежелден бес парыздың біріндей бас тартпай орындайтын құдірет, оның үстіне бір оязды билеген, он жылдан бері ат үстінде жортып, халық қамын көздеген атақты Хакімнің, сөзге жүйрік, ақылға ұста ел ағасының өктемдігіне қаршадай бала қалайша қарсы тұрар!

Аттың айылын босатып, жел бетке байлап жатып Әділбек «бұл қалай болады?» деген түйткіл сөзге жауап көріп еді, көңілге нық жауап орала қоймады. Оның орнына: «Екі ортада осы менікі не босқа арам тер болып жүрген? Қатын алатын кісі бар жақсылығы мен бар жамандығын өзі көрмей ме? Егер ағасы разы болмаса, бұған билік айтар мен бе екем? Ел іші қым-қиғаш бай мен кедей болып қасқырша жұлқысып жатқанда, олардың прокурор басшысы қалай араласпайды? «Ақметше жақыным», — деп — араша түсу заң басындағы адамға лайық та болмас. Бұл жерде менің сүзеген тайыншадай көз алартып, желке күжірейтуім жөн бола қояр ма екен?..» — деген күдікті ойлар шырмай берді.

Ол ат жайлап болып, кәрі шешесіне болысты. Самауырынға су құйып, оны тұтатып, ұсақтап ағаш жарып тезірек шай қайнатудың қамына кірісті. «Осындайда бір шаруаға қолайлы келіннің керегі... Мына көзі жаудырап үйде отырған сорлы қыз не шаруа шаруалaп та жарытпас, не Меңдіқыз сияқты ерінің, үлкендердің бабын тауып та ұқсатпас-ақ. Бейне құралайдың тас бұршағынан бұғып, шөке түбінде жатқан киіктің жетім лағы тәрізді. О, құдірет, кешегі аузымен құс тістеген құдіретті правитель, оқымысты Аметшенің шаң тимей өскен жалғыз қызы! Сен тұр, мен атайын мырзаларың маңынан жүруге тайсалатын, сөз салуға бата алмайтын құдіретті әкенің ерке тотысы! Басқа жұрт интернатқа қолы жетпей оқуға зар болып жүргенде, қызын қалада тәрбиелеп, музыка мұғалімін алдырып, ән мен күйге бөлеп ақсүйекше мәпелеген сұлу, енді мына қысылшаң заманда елден айрылып, мал-жаннан айрылып, жалғыз әкеден көз жазып қалғаны! Он нарға жасау жүгін артып, арғымаққа алтын ер салып мініп, басына күміспен қақтап, алтынмен булаған сары ала оқа сәукеле киіп қыз нөкерімен түсетін келіншек...»

Әділбек үйге кіріп келді де, Гүлжиһанға берген уағдасын баян етті, ол әлденеге ойы аласұрып булыққандай демін ішінен алды.

— Хакім аға, мына Ақаңның жалғыз қызын далаға тастай алмай, басына үлкен қасірет кездескен кезде «өз сүйегім» деген намысым қозып кетіп, ешкімнен биліксіз үйге алып келдім. Және Гүлжиһанға берген уағдам бар, ол — әкесіне қалайда кездестіру. Бүгін Текеге алып жүрмекшімін, — деді.

Хакім таңырқағандай інісіне қадала қалды. Оның бар күнәсін бір-ақ жайып салғандай, істеген ісін қалтқысыз ақтарып тастағаны еріксіз ойлантты. Оның үстіне о бастан жобалап келген «өзгерісіне» мына сөз бар түйінді жазып жіберерлік нәрсе сияқтанды. Ол қызды Текеге алып жүру деген сөзге жармаса кетті.

— Мұның адамгершілік. Әкесіне жолықтыру үлкен адамгершілік. Мен оған жәрдемдесейін. Қағаз жазып берейін. Қайда жатқанын, қалай жолығатынын айтып жөн сілтейтін юрист бар губсотта, — деді.

Ағасының тез көне қалғанына жігіт те таң. «Е, бәсе, туыстың аты туыс. Ақметше мен біз біріміз қыздан, біріміз ұлдан тумадық па! Қаншама қара бауыр болса да, мықты жігіт жібіді», — деп ойлады Әділбек. Інісі жауап қайырғанша, ағасы тағы бір ақыл салатын құпия сыр айтарлық сөздің басын көрсетіп тастады.

— Сонсоң, Әділбек, кемпір үшеуміз ақылдасып істейтін бір әңгіме бар, оны кейін айтармын, — деді.

Үндемей қатып қалған қыз енді тебіренді. Хакімнің шын ойын, неге келгенін, оның не істер пиғылын қыз ұққан жоқ, тек оның құлағына «мен оған жәрдемдесейін» деген жылы сөз ғана келді. Қыз шыдамады, өксіп жылап жіберді. Кеше ғана жау көрінген, оған дейін түсі суық ызғарлы Хакімнің мына сөзі бәрін жуып жібергендей, қыз ұшып түрегеліп Хакімге жармаса кетті, мойнынан құшақтауға ұмтылып қолын соза түсті, бірақ Хакім елжіреген қызды аса егілтпейін, мойныма асылдырмайын деген ниетпен:

— Шырағым сабыр ет. Сабыр ет. Өмірде ащы да, тұщы да күндер кездеседі. Сабыр ет. Мен қағазға жазып берейін. Текеге барысымен жолығу жағын көздейтін жәрдем беретін адамға хат берейін, — деді. Сөйтті де қызды отырғызуға тырысты. Қыз онан әрі еңірей түсті. Оның әкеден айрылған, сүйген жардан қол үзіп қалған барлық ащы қасіреті тасқындап жас болып егілді...

Бір кез қызға қысылып кемпір мырсылдады.

— Қарағым-ай, жас басыңнан мұндай күйге ұшыраған... Еһ... еһ-еһ...

— Ау, қойыңыз, мама. Сіздің мұныңыз лайықсыз ғой. Тірі адам тіршілігін етеді, бәрі де орны-орнына келер. Сіздің жылауыңыз болмайтын шаруа, мама.

— Айналайын, бірің анда, бірің мында, бастарың бір қосылмай-ақ қойды. Енді міне жаңа көрдім дегенде, басқа қайғысы араласып... қой жасындай жасым қалғанда жамандық көрмей өлсем деп едім... Еһ- еһ-е-х...

— Шаршаған екенсің, мама. Өзім алып кетіп, біраз уақыт еш нәрсені уайымдатпайын, үй ішінің ұсақ машақатынан аулақ өз қолымда дем аласың...

Кемпір қарсы жауап қата ма деп сескеніп, Хакім ойын аяқтамады. Әзірге осы да жетер дегендей сөзін кілт үзіп, беті-қолын жууға сыртқа қарай беттеді.

«...Қызық, — деді ішінен Хакім есік алдында құманмен қолын жуып жатып. — Дегенмен көнер. Көнсе бәрі де орны-орнына келер. Кемпір өз қолымда, қалада Әділбек оқуға кірер, өз бетімен өз жолын табады ғой, ақылы бар, табанды жас жігіт... Әйтпесе мына жаңа кезеңде, белеңі бар баяғы көк дөнендей тулап пәле қылар...»

Хакім баста інісімен томаға тұйық, көрісіп, келе-келе үй ішімен тілге келген соң бәрі де кешеден бергі түйткіл қабақтан арыла бастады. Қаймақ салған шайдың да өңі кіре қалды, ауыл амандығын сұрасқан әңгіме де жайдары қалыпқа көшті. Әлденеге күнәлі жандай басында бойын тежей түскен Әділбек те ағасының қабағына қарап маңдайы жазыла берді. Ол көбінесе енді әлгі бір Хакім сөзі не сөз, ол қандай сыр деген жұмбаққа алаңдай түсті. «Қызды әкесіне апаруға қарсы емес, бұған тіпті өзі жәрдемдеспекші болды. Оңаша не әңгімелеспекші? Әлде Әлібектің үйленуі жайында ма? Әлде оның өзінен бір хабар алды ма екен?» Бірақ ол Хакім ойын таба алмады. Мұны кейінірек ұқты. Кемпірдің асқан асын жер алдында, су басына барып қайтамын деп Гүлжиһан үйден шығып кетті. Оңаша қалған анасы мен інісіне әлгі сырды Хакім өзі айтып берді.

— Мама, — деді ол кемпірге еркелегендей бір жұмсақ үнмен. — Жаңа айттым ғой, өз қолыма алып бағамын деп. Бұл Меңдіқыз келініңіздің көптен айтып жүрген тілегі еді. «Шешем қартайды. Ана баласы алыста, үйленсе де ол келіншегін ауылдан өз қасына алып кетеді. Кенже баласы жас. Жас басынан оның аяғын шырмау обал. Әлі оқуы керек», — дейді. Мен келініңіздің бұл ойын әбден мақұлдадым. Әділбек оқуы керек. Ал, сізді өз қолыма қалаға алып кетуім керек.

Кемпір шошып кетті.

— Қарағым Хакімжан, айналайын, ондай сезіңді маған есіттіре көрме. Қой жасындай жасым қалғанда мен алысқа ұзай алмаймын. Құдай қажының қасынан бұйыртсын топырақты. Өзі екі-үш күннен бері түсіме ісіріп жүр. Көп ұзамай қасына баратын шығармын...

Кемпір сөзін тауысар-тауыспаста Әділбек өз болжамын анықтауға асықты.

— Қалай? Кемпірді өз қолыңызға алсаңыз, мені оқуға аттандырсаңыз, бұл үйде кім қалмақшы? Әлде...

Ол айнала көз жіберіп үй жиһазын әлде біреу алып кетердей-ақ түгендеп сүзіп шықты. Шаңыраққа қарады «мына шаңырақты жинап біржола шоланға тықпақшысың ба», — дегендей қабағын түйді.

— Үй деген біз қай жерде жүрсек, сол жерде, — деді Хакім бұрынғы ағалық батыл үнмен.

— Қызық пікір. Біз барған жерге мына үй де бара ма? Қоныс. Кәдімгі мына ата қоныстан жылжып...

— Ата қоныс... Ата қоныс өзгереді ғой, шырағым.

— Қалайша?

— Қалайша дейсің бе? Бұл, әрине, ұзақ әңгіме. Сонда да оны қысқарта айтуға болады. Ел болып, жұрт болып күш біріктірмекші, бас қоспақшы. Яки жерді бірігіп жыртатын, көлік күшін бірігіп пайдаланатын артель құрылады. Артель болу деген мына сияқты әр жерде бытырап отыру емес, бір жерге жиылып қала тәртібімен қыстақ салу деген сөз. Ата қоныс солай өзгермекші. Қазақ айтпаушы ма еді: «Елу жылда ел жаңа» — деп.

— Ім-м, — деді Әділбек созып, — түсінікті. Әлгі Ұзақ пен Олжаорыс комсомолдың айтып жүрген коммунасы құрылады деңіз!

— Онан үркетін ештеңе жоқ, Әділбек. Бәрің өзіңмен ауылдас, өзіңмен болыстас елдің азаматтары. Көппен көрген ұлы той. Жаңа жұрт. Жаңа қоныс. Жаңа тұрмыстың бастамасы.

Әділбек үндемей қалды. Оның орнына кемпір қайтадан күрсініп, қайтадан топырақтың қажы қасынан бұйыруын тілеуге көшті.

— Қарағым Хакімжан, қайда жүрсеңдер де аман болыңдар. Сырттарыңнан бір құдайдан тілейтінім: сендердің алдарыңда алсын, сендердің жамандығыңды көрсетпесін. Осы жерде жазсын құдай топырақты. Ата-бабаның қабырының жанында, қажының қабырының жанында, мені қайтесің қозғап.

— Түу, мама, сен сары уайымға салынып, әлденені айтасың. Жұрттың кемпірі тоқсанға, жүзге келгенде де өлімді ойламайды. Бес мүшелде кісі торыға ма екен, — деп бір жұбатты да, ана бағуға өз правосы барын да алға тартты: «Қарт дүние салғаннан кейін мына екі баланы оқытып, жұрт қатарына қосу, өзіңді бағу ең алдымен мына менің борышым. Осы күнге шейін әзірше елде тұра тұрсын деп қозғамай келіп едім, енді мұнан былай қарай өз қасымда, өз көз алдымда болуың дұрыс.

Әділбек ағасының ойын енді болжады. «Мұның Гүлжиһанды Текеге жіберуі де, мені оқуға жылжытуы да тегін болмады. Сірә, әлгі жаңа қоныс дегені күмәнді бірдеңе болмағай...»

— Хакім аға, сіздің сөзіңіз қызық. Кемпірді қолыңызға алмақшысыз, оған, әрине, қақыңыз таудай. Ал, мені оқуға жібергендегі мақсатыңыз мені оқысын дегендік пе, әлде басқа бір себебі бар ма? Мен оқуға кетемін бе, кетпеймін бе, бұл менің билігімде шығар. Кете қалған күнде бұл үйде кім қалмақшы? Қысқасы: қарттың қара шаңырағын ортасына түсіріп, біріміз әкім, біріміз студент, енді біріміз тағы бірдеңенің құйрығын ұстайтын болып шығады деңіз.

— Бөтен ешбір ой жоқ. Бәрі сен оқысын, сен адам болсын дегендік.

Әділбек ойланып отырды да, ағасының сөзіне жармасты.

— Әлгі елу жылда ел жаңа деген қонысыңыз не қоныс? Оған мені қоныстандырмай ма елде болсам?

— Пожалыста, сен көнсең алдымен өзің бастайсың.

— Түсіндім. Әбден түсіндім. Жүнісовтің бір баласы екінші баласының ойын бір көш жерден-ақ сезеді. Ана ініңіз бай қызын алады деген атақтан қашып Алматысына тайып отырды. Мына мен коммунаға көнбей әлек шығарады, сол үшін оқуға жіберемін деңіз. Құйрығының ұшы көрініп тұрған саясат екен. «Шешесін өз қолына алды, інісін коммунадан қашырып жіберді», — деп біреулер өзіңізге бас салмаса қайтсін!

Хакім қатты састы. Ол күтпеген жерден болжал жасап көп ойдың үстінен шыққан інісіне не дерін білмеді. Оның үстіне сырт жақтан жақындаған Гүлжиһанның аяқ басысы естілді де, ол айтар сөзін тежеп қалды. Ағасының айтар сөзі қандай екенін кім білсін, бірақ Әділбектің ойламаған жерден «шешесін қолына алып, інісін коммунадан қашырды» деген сөзі ағасына өзгеше ой салды... Шынында, қиын жай екен. Не көп, сөз теруші, жала жабушы көп. Әсіресе бірге жүріп, көз тіккен дос та, дұшпан да аз емес. «Дос» оның бағын, іскерлігі мен беделін күндесе, ал дұшпан сынды сағатта қапыда бас салуы мүмкін ғой. Мына інісінің айтып отырған сөзі ең ауыр айып болып тағылары хақ. Ал, ана інісінің алыстағы астанаға тез жөнеуі де Ақметшемен байланысты, тіпті қосшы мен партия комитеті адамдарының көзіне түсіп қалғаны Әлібектің оқуына тез жүріп кетуі жеделдетті. Хакім мұны Меңдіқыздың сөзінен де анық түсінген.

— Мен үшін қам жемеңіз, Хакім аға. Сіз мұнан он жыл бұрын атқа мініп Әбдірахман отрядына кеткенде он сегізде едіңіз. Онда өз жөнін, өз жолын айыратын ержеткен шағыңыз-ды. Мен де қазір сол күндегі сіздің жасыңыздамын. Әзірге мына қара шаңырақты тастап еш жаққа кете алмаймын. Мұны ана алпыстан асқан анаңыз да қолдайды. Не болса да уақытында көрермін. Мен үшін қам жемеңіз, — деді Әділбек. Үйге Гүлжиһан кірді.

Кіші інісінің өр мінезіне қол қоя бермегенмен, Хакім оның алғырлығына іштей қатты риза еді. «Қазақтың мұндай балалары әлі күнге асық атып, доп ойнаумен жүр. Біздің Әділбек шаруасына да ие, ар-намысын да ешкімге аяқ асты етер емес» — деп ойлап отырды да:

— Бала, сонымен Гүлжиһанды Текеге апарасың ғой. Әкесіне кездестір, ақылдассын, елде өздеріне тиісті малдары бар, өз қамдарын ойласын, — деді.

Бұл ағасының айтар сөзі емес еді. «Шырағым, сен әлі жассың, көргеніңнен көрмегенің көп, алған біліміңнен алдыңда әлі аларың асқардай. Осыны ойла, айтқан ақылға бой ұр», — демекші еді. Бірақ, осы безбүйректі шамдандырып алармын, түбі көнеді ғой, қайда барар дейсің, — деп ойлап, әңгімені тағы да Гүлжиһанға бұрып кетті.

Әділбек тез жауап қайтармады. Ол да өз болжамын түптей түсті. «Ойының үстінен шыққан соң қарсы жауап қайтара алмады. Сөзін басқаға бұрғысы келеді. Айлакер! Алыстан ойлайды. «Елде малдары бар» дейді. Ол мал керек. Қызға керек. Әйтпесе, қаладағы оның шығынын кім көтереді. Және алыстағы біздің жігітке де ақша қажет болады»...

Әділбек ас жеп болғаннан кейін оралды үзілген әңгімеге.

— Хакім аға, елде малдары бар дедіңіз, ол малдары кімнің қолында қалды?

— Кедейлер ұйымының қаулысы бойынша жан баласына он жеті қарадан мал тиеді. Мал-мүлік ауыл Советінің қарамағында.

Әділбек тез есептей бастады: «Он жеті қарадан. Қызымен екеуіне отыз төрт қара! Бұл әлгі арғымақ жылқымен бір туған қызыл нарларға шаққанда қанша болмақшы? Жүз теңгеден қойғанда... үш мың төрт жүз теңге! Оған да қымбат, арғымағын екі жүз теңгеден де аяғын жерге тигізбес. Ым, аз ақша емес екен. Сиыр елу-алпыс теңге болғанда, жылқы әрине қымбат. Әсіресе арғымақ жылқы».

— Маған бір елу-алпыс сом ақша бере тұрыңыз, Хакім аға. Қалаға барғанда да қаржы керек. Және әлгі Әлібекті жөнелтем деп қарызданып қалдым. Күз мал сатқан соң есептесерміз...

— Соншама көп ақшаны қайтесің? — деп Хакім шошып кетті. — Әлібектің жолына он бес-жиырма сом да жетпейтін бе еді?

— Оқушы адам, алыста жүргенде қаражаттан кемтарлық көрмесін деп, қарыз алып жөнелттім.

Әділбек, әрине, ақшаны асырып сұрады. Ондай қаржыны Әлібекке берген жоқ еді. Ал, оның есеп-қисапқа жүйрік ойы «он жеті қара» дегенде-ақ аласұра бастаған. Қызды тезірек әкесімен кездестірейін де Әлібекке хабар берейін. Бір жағы жарын өз қасына алсын, екінші жағы — мына бар мал мен қаржының басын жиып, шашпай қолға түсіру қажет қой. Түрмеде отырған әкесі емес, қызы ие ғой бұл дәулетке. Ал, қыз өз бетімен не бітірмек. Әлібек келсе барлық жауапкершілік соған көшеді. Келіншегіне де ие, мүлікке де ие. Арғы жағын өзі біледі, құй оқысын, құй қызмет істесін...» — деген бір ойға келді.

3

Қаладағы Ақметшенің түсетін үйін қызы анық білмейтін. Бірақ ноғай мешітінің төңірегінде екені есте еді. Мұнан көп жыл бұрын келгені бар. Ол кездегіден жадында қалғаны тек қана орта жастағы ноғай әйелі, оның көп бөлмелі әдемі үйі. Ноғай әйелі Гүлжиһанды базарға ертіп барып, бір байлам тіл үйірердей дәмді тоқаш әперіп еді, оны қыздың өзі тізген күйінде мойнына асып қайтқан-ды. Кейін ноғай әйелі Гүлжиһанды су жағасына да апарған. Үлкен су еді. Аты Шаған.

«Мешіт маңындағы ноғайлардың бірінен сұрасам тауып берер. Папам жылда бірнеше рет келіп жүруші еді ғой, тануға тиіс...» — деп ойлады қыз көпірден өткеннен кейін. Бұл ой оған елден шыққаннан-ақ сан рет орала берген-ді. Осы ойын күні бұрын сезіп қойған кісіше, Әділбек қалаға кіре бергенде:

— Базаршылар тоқтайтын каршауникке түсеміз бе, әлде таныс үйлерің бар ма еді келгенде жататын? — деп сұрады қыздан.

— Мешіт төңірегінде папам түсіп жүрген үй бар...

— Кімдікі?

— Аты-жөнін білмеймін. Ноғай әйелінің үйі. Ақсары кісі. Үлкен үй.

— Ақсары әйел көп қой, — деп қалды да Әділбек сөзім кекесінге айналып кетті ме деп жалт қарады, Гүлжиһанның көңілінің әлдеқайда алыста және жүзінің өте байсалды қалыпта екенін керіп жүрегі орнына түсті. — Жақсы, сұрастырып табармыз.

Ол тез тапты. Татар орамына кірісімен:

— Сіз Ақаңның түсетін пәтерін көрсетіп жіберіңізші, атын ұмытып қалдым, ақсары татар әйел, — деп сұрады пәс малақайлы қарттан.

— Қайсы Ақаң? — деді қарт.

— Ақметше Мұқаметшин. Жымпитының қазағы, кәдімгі атақты Ақметше.

— А-а, әне! Анау көк қақпа. Алдында сәкісі бар. Көрдің бе? — деп қарт қолын шошайтты.

— Рақмет, ата! — деді Әділбек қартқа.

— Яри, яри, малай, — деді қарт та ырза болып, — әдепті малай екенсің.

Ақсары әйел қызды айтпай таныды. Ал, Ақметшенің жайын естігеннен кейін Гүлжиһанды анасындай жұбатты.

— Жақсы адамдардың жауы көп. Уайымдама, қарағым. Папаң ақылды кісі, ақылды кісілер бір жөнін табар. Мен өзім көрсетермін губсотын да, губпрокурорын да, губчекасын да. Бәрін тауып берермін, — деді.

Әділбек ойға алғанын орындамай қоймайтын қайсарлығына басты. Ол Хакім сілтеген губсот мүшесіне де, облыстық прокуратурадағы арнаулы заң бақылаушыға да сол күні жолықты. Губсотта мүше болып істейтін Халит Мұқамбетов дейтін жігіт Хакіммен көп жыл бірге істеген жолдасы болып шықты, ол жақында ғана облысқа қызметке ауысқан адам екен.

— Қарағым, мен сенің ағаңды да, мына баланың әкесін де жақсы білемін. Заң жолымен қыздың өтініші орындалуға тиіс. «Маған жолығып, көрісуге рұқсат етіңіз» деп арыз жазып бере қойыңыз, — деді Халит Гүлжиһанға.

Халиттің сілтеуімен Әділбек арнаулы прокурорды да тауып алды. Оның рұқсатымен түрмедегі Ақметшеге қызын апарып жолықтырды. Бірақ қызы әкесімен беттескенде Әділбек қасында болмады, оған түрме әкімдері:

— Тек қызын ғана кіргіземіз, — деді.

«Менің ақылымды ол да айтар қызына. Ақаң болашақ істі күн бұрын болжайтын адам ғой. Шаруашылығының бүге-шігесінің бәрі өз қолында. Тек мына ағыл-тегіл ақша болатын малды тезірек реттесе...» — деп ойлады жас жігіт, есі-дерті иесіз қалған қызыл нарлар мен қаз мойын арғымақтардан тиетін үлесті қолға түсіру болып. Бірақ қаз мойын жылқы мен сұлу нарлардан басқа да қымбат байлық барын Әділбек білмейтін. Мұны Ақметше жолыға қалған күнде қызына аса құпия түрде тапсырмақ еді.

4

Адамға ең ауыры еркінен айрылу.

Көп нәрсені күн бұрын ойлап, кейде дәл болжап, алда не боларын анық байқап отыратын Ақметше «тұтқынға алындыңыз» дегенде, деспісінен жаңылғандай болды.

Бірінші күндері ол ешқандай ой түйініне келе алмады. Қаншама салаласа да, күтпеген жерден кездескен құйын уақиға жіктеуге де келмеді, «тап солай екен!» дейтін қорытындыға да қолын жеткізбеді. Әсіресе, Құныскерей волкомол Шынғалиевті неге алып кетті? Ал, Қаршығаның Таңқыбайды өлтіргеніне мені тіркестірсін-ақ, сонда бұл «қылмысты істі» уезд тергемей, неге губерняға берді?»

Ең ауыры... «тұтқынға алындың» деген сөз жаншып, езіп, енді қайтып бас көтертпестей, ақтық демдей әсер етіп еді. Бірінші күні мең-зең болып, ол көп нәрсені oйға жүгірте алмай ұзақ отырып еді. Ал, екінші күні жаңа жайға үйренгендей болды, тар да болса түрме камерасының ішінде аздап бойын жазып жүре бастаған. Жүру — ой желісін де өрлете түскен сияқты. «Не болса да көресіні көрдік. Ендігі жерде аяқты жазым баспай, сабырлылықпен ақылға сүйену ғана қалды», — деп, ең алдымен қалай жауап беруді ойлады. Бұл жөнінде ол әлденеше рет берер жауабын саптап, айтар сөздің жатық және ұғымға сыйымды болу жағын көздеді.

...«Өмірде өкініш көп. Әттеген-ай, әлі де істейтін істер, жинақталатын жайлар мол еді. Ендігі жерде босану сағаты соқса, бәрін де басқаша құрар едім. Қалған өмірді де, оған керекті тіршілік тірегін де. Бәрін де. Бәрін де... Тек қана азын-шоғын жинақ қолға түссе? Қаршыға қайда? Сол біледі... Әкбар біледі. Бардың қай жерде екенін сол екеуі ғана біледі. Ол екеуі не күйде? Не ойда...»

Ақметшенің барлық ойы тек қана бір-ақ нәрсенің айналасына тірелді. Ол — босану. Босанбаса да «тіршілік тірегін» жоғалтып алмау. Мұның жолы біреу-ақ — кейінде қалған қызымен көрісу. Ендігі жерде өз қолы жетпейтін нәрсені қалай да қызына тапсыру.

...Аласапыран кез өтісімен, соңғы жеті жылда Ақметше мал нәсілін асылдандыру ісін мықтап үдетті де, бірақ, оның басын арттыра беруді мақсат тұтпаған еді. Өз қолында тұқымдық малды ғана ұстап, артығын Гурьев уезіне жөнелтумен келген. Ондағы сан малды «қысы жұмсақ жерде ұстап бағу» деген сылтаумен үзбей саттырып, қаржыға айналдырумен болып еді. Өйткені, қазақ даласында мал басының молдығы, керекті байлықтың белгісі бола алмайтынын алдақашан түсінген жандардың бірі — Ақметше. Ол көзге түсер мал-мүліктен басқа, тіпті одан әлденеше есе ірі қаржылы, қалталы адам болуды армандайтын. Бірақ казак елі банкеге ақша салып, жинақ кассасына сақтауға әдеттенбегендіктен, асыл бұйымды да, ақша қаражатты да сандық түбіне сақтау, әрі кетсе көмбе түбіне тасалаумен келген ғой. Ақметшенің алтын, күміс асыл бұйымдарымен бірге ақша қоры да бар-ды. Ана бар малды сыпырып алып, үй-жайды конфискеге іліктірсе де, көп уақытқа жетерлік өмір нәрі жұртында бүркеулі еді. Оның жанталасқан бір ойы — осыны қалай құтқарып қалу болды.

5

Есікті іштегі жанға тосын, білдірмей, кенет ашып қалатынын Ақметше кеше байқап еді. «Мұнысы: сынау. Не істеп отырғанын байқап қалу. Ойлауға мұрша бермей, естен тандыру, жаңылдыру шығар», — деп ойлаған. Ал, қазір тағы да кенеттен ашылып кеткен камера есігінен татар әліптес күзетші:

— Собирайтесь на свидание! — дегенде, Ақметше селк ете түсті.

Ол сәл ғана уақыт үнсіз қалды да.

— Қазір, — деді қазақша.

Татар күзетші де, Ақметше де енді қайтып тіл қатыспады. Камерадан шығып, ұзын коридормен бастаған күзетшінің соңына ере берді.

«Бұл кім? Жолығуға Гүлжиһаннан басқа кім келеді? Балам, бауыр етім... Қалайша бірден алыс жолға аттанды? Кіммен ақылдасып, кім арқылы жол тапты? Әлде, ағайындардың бірі ме? Мұндай қиын-қыстау кезде батыл қимылдап, көрісуге келер кім бар? Ағайын кеңшілікте ағайын. Дос-жаран терезең тең кезде ғана сыйлас...»

Ақметше кездесу бөлмесіне кіргенше ой табанын тірей алмады.

Көргеннен-ақ жылап қоя берген қызын, жас балаша көтеріп сүйіп, әлдилегендей жұбата бастады да:

— Шырағым, өзіңнің де балаң бар шығар. Мына жалғыз қызымды көрген қуанышымның сүйіншісі болсын, мынаған сол балаңа базарлық аларсың, қабылдамасаң мен өкпелеймін, мына қызым да өкпелейді, — деп жолықтырған күзетшіге он сом ұстата берді.

Күзетші әлде сыпайыгершілік көрсеткісі келді ме, әлде қызмет бабы рұқсат етпейтінін ойлады ма, әйтеуір:

— Мұныңыз болмайды ғой... Мұндай қаражат өзіңізге де керек болады, — деп міңгірледі.

— Ал, шырағым, ал, қуанышым үшін. Қызымның қуанышы үшін, — деп Ақметше ақшаны алақанына салып, қолын зорлап жұмдырды.

Тәжірибелі Ақметшенің бұл кішкене айласы нысанаға дәл тиді: еңбек ақысы аз және талай-талай қаражат қамына шырмалып жымқырып үйренген жандарды көрген, бұл күзетші де өзінен-өзі келіп қалтаға түскен тиыннан қаша қоймады. Ол қайта-қайта басын изеп, әлдебіреулер көріп қалатындай және бұл сөзді серіктері естіп қалар дегендей дыбыссыз, аяғының ұшынан басып:

— Балаңызбен қысылмай сөйлесе беріңіз, — деп ақырын ғана есікті қапсырып өзі жоқ болды.

Көріп, көрісетін бөлме түрме бастығының конторынан бөлек, терезесі жоқ бір бітеу құжырада екен, оның қақ ортасынан кереге көзді темір шымылдықпен бөліп «төріне» екі орындық қойған. Ал, «төрде» отырғандардың күзетшімен қолдасып әрекет істеуіне жол жоқ, тек тор арқылы тілдесуге болатынын Ақметше күні бұрын байқаған-ды. Ол аз күткеннен кейін, қызын алып келгенде-ақ «торлы төрден» бері шығып кетіп еді. Тиын алып көңілі жіби түскен күзетші қара сақалды, оқымысты, байсалды үлкен адамды арам ниетті жан деп сезбеді. Ол тіпті түпкі торды да жаппады, сыртқы есікті де кілт салмай қапсырды. Мұндай жерде діннен безген, жырынды тұтқындар болса қашып шығу әрекетін жасар-ақ еді. Бірақ күзетші де, Ақметше де бірінің пиғылын бірі күні бұрын ұққандай, мұндай оқыс ойдан аулақ болатын...

— Жылама. Жылайтын уақыт емес. Енді қайтып ол мекенге сен де, мен де оралмаймыз, Гүлжиһан. Сол үшін берік болу керек. Сені алып келген Ақпар ма?..

— Жоқ, папа, — деді жылауын тыя қойып, бар ынтасы, бар зейіні тек әкесінің сөзін тыңдауға ауған, ақырғы өсиетіндей дегенін мүлт еткізбей орындауға бел байлаған қыз. — Мен елге соққаным жоқ... Мені алып келген кіші нағашым Әділбек...

Әділбектің еліне алып келгенін, Хакімнің келіп жолығуға рұқсат алатын жерді сілтегенін тағы да басқа әңгімелерді қысқаша айтып берді. Әділбектің қайратты жігіт екенін және жақындық борышын өтей алатын өжет жан екенін де айтты.

Ақметше аз ойланды да:

— Тыңда! — деді. «Шеген құдыққа» жүріп кет. Әділбек алып барсын. Сататын малды сатқыз. Ақшала. Бізге алыс жол кездеседі. Оның қандай болатынын уақытында көрерсің. Әзірге сұрама. Кейін айтам. Біздің қыстауда... бейітте... атаңның құлпытасынан жеті қадам жерде көтеруге бір адамның әлі келмейтін палуан тас жатыр ғой. Сол палуан тастың астында көмген бір зат бар, жеңіл, ықшам зат. Соны ал. Ешкімге көрсетпе, Осындағы жатқан пәтеріңе алып кел. Не істейтініңді өзім кейін айтармын. Мұны Ақпар біледі. Соған қаздырып ал. Тез алған жөн. Өйткені... түсінікті ғой? Сенер адам аз. Сен бала емессің. Ақпарға сенуге болады «зат» жөнінде.

— Ақсақал, уақыт жақындады, — деді күзетші келіп.

— Айналайын, жылама. Уайымдама. Амандық болса босанамын. Не көп — жала көп. Совет заңы әділ ғой, жақтауға тиіс... Қош, айналайын. Көріскенше. Сізге де рақмет, ағайын. Баламмен әңгімелестіріп мауқымды бастырдың.

Бір сөзін екі айтқызбай орындататын өктем ақылшы, сырты жұмсақ, іші берік әке сөзі қызға құрандай әсер етті. Әсіресе кіріптар жағдайда отырған білгір жанның құпия сыры мен жасырын тапсырмасы әкенің де, өзінің де болашағымен байланысты екенін ұқты. Бұл жерде қыз «ол не зат» деп сұрамады, бұл сұрақтың керегі де жоқ еді. «Бір қымбат зат шығар... Ақылды әке ғой, алдағыны ойлайтын» — деген еміс-еміс ой үзіктері ғана оралды.

— Жақсы, папа, берік болармын... Көргенше, қош, — деп кейін қалған әкесіне жаутаң-жаутаң қарап қыз шығып кетті.

Бірақ ол енді жыламады. Оны іштей бір болат серіппе серпіп жібергендей болды. Пәтерге жеткенше, ат жектіріп Әділбекпен тез қаладан шығып кеткенше отыруды білмеді.

— Жүрейік, Әділбек нағашы, тезірек кетейік елге, — дей берді.

6

Ақметше тағы да қалпына түсе бастады.

«Ең жаманы — қаржы тапшылығы. Қаржы бар жерде қайғы аз», — деді Ақметше камераға қайта кіргеннен кейін. Ол жадырай түсті.

«Маған бір тәңірінің өзі қолдағандай, ойламаған жерден қызымды қауыштырды. Енді іс оңға басар. Тек қана бар қаржыны Гүлжиһан аман-есен қолына ала алса... Адамға сену қиын. Дүние, әсіресе, қаржы көз құрты. Егерде Қаршыға ақымақтың жасап жүрмесе?! Ол бақытсыз не істеп жүр екен? Қолға түсіп қалмай ана қарақшының соңына ерсе, әзірге бір басын сақтар еді...

Елде не болып жатқанын, елді төңіректеп жүрген Құныскерейдің қай жерде жүргенін, тығылып қалған Қаршығаның ендігі жерде не әрекет жасамағын Ақметше шамалай алмады. Ал, басқа жерде, басқа елде қандай жаңалық барын да ол білмеді. Соның ішінде сонау Жетісудан Гүлжиһанның запискасын ала сала Оралға жетуге асыққан Әлібек оның ойына да кірмеген-ді. Сондықтан, қызының болашақ тағдыры, оған тек қана білім алу, ал қазір өзіне жәрдемдесу болып көрінді. Әділбекті ол жалғыз қалған Гүлжиһанға бұрынғы ескі жақындықтың — жиенге нағашылық борышын өтеу жолымен жәрдемдескен азамат деп бағалады. «Егерде қызым бар қаражатты қолға түсіріп, аман-сау қайта көріссе, өзім... жөні болып кең дүниені алшаңдай басатын күнім туса, — онда... Тәңірінің қай жерден, қай елден дәм татыратынын көрер едім» — деп ойлады.

Бір кез оның көз алдына Хакім келді. Ол ең қатал, ең рақымсыз, ең қауіпті адам болып көрінді. Өмірде ашу ызғарын білдірмейтін Ақметше бірінші рет тістеніп қалды. Бірақ көмейі күбірлеп кетті. Ерік бермеді. «Қызыл фанатик!» Егерде Хакімді мұнан бір-екі ай бұрын ана қарғыс атқан қарақшы атып тастаса, бұл жайдың бірі де болмас еді. «Бар сырды біледі. Өткен-кеткенді тізеді. Дүниенің иесі: батырақ, жалшы, қара сирақ кедей ғана деп түсінеді. Ата-баба, ескі салт, дәулеттілік, бірі аға, бірі іні, бірі жаға, бірі пана болып келген қазақ елі мен қазақ жері, оның өзіне ғана лайық алтын дәстүрі іріп кетсе не боларын көзі көрмейді. Оған ойы жетпейді. Үгітке ерген есуас. Қадірлі әкенің садағасы кеткір азғын!.. Еһ...»

Ол кенет тәубеге келгендей тұра қалып басын шайқап, өзіне-өзі «сабыр-сабыр!» — деп қалды.

Ақметше тағы да өзінің сабырлы, салуалы қалпына түсіп, камераның аула жақ беттегі кішкене терезесінен қора ішіндегі «қыдыртуға» алып шыққан тұтқындарды түгендегендей тесіле көз тікті. Аз күнде көзі үйренген, әлденеше көрген, тіпті өзгеріссіз, атам заманнан бері күнде осы жерде, күнде бір қалыппен қанкөбелек ойнаған балаларша тізіліп, бірінің соңынан бірі шұбырып жүрген, асықпай, үй орнындай-ақ жерді шырқ айналып қыдырыстаған жандарға көзін тікті. Халатты, қуқыл өңді жандар. Шұбырып, айналып жүр.

«О, тоба! Еріксіздік, кіріптарлық деген осы. Бәріне де көнеді адам баласы. Еті өліп кетеді. Шыдайды...»

Бір сәт Ақметшенің көз алдына Құныскерей тұра қалғандай болды.

«Ол қайда екен, қазір? Мынадай тұйық қоршауға ол көнер ме еді? Көнбес еді. Жә өліп, жә өлтіріп бұзып шығар еді!»

Ол Құныскерейдің өз тізгіні өз қолында, өз еркі өзінде, жалпақ даланы жатар төсек, жан тербер жайлау етіп алшаңдай басып жүргеніне іші күйгендей болды.

«Әй, әттеген-ай, прокурорды жоқ етсе, мен мұндай кіріптар болар ма едім?» — деп қынжылды.

Құныскерейдің ойы да, амалы да, тіпті, тап сол сағатта оның өкініші де басқа еді. Ақметшеден тағдыры да алшақтаған еді.

ҮШІНШІ ТАРАУ

1

Қол дірілі...

Гүрс еткен дауыстан кейін-ақ буалдыр түтін серпіле қалды, құлап бара жатқан ұзын бойлы сұлу жігіттің денесін Құныскерей көзі бірден шалды. Оқ жаңылмағанын жақсы сезсе де, ол бұл жолы тағы да қолы дір ете түскенін анық біліп еді. Тап солай екен: бірден құлаудың орнына сынған теректей қисайып барып оқ тиген жан ақырын жығылды, бейне бір сәждеге бас қойған жанша, бүк түсіп жерге маңдай тіреді.

— Бәсе! — деді Құныскерей.

Бірақ ол болған істі де, сезген өзгерісті де талдап уақытын оздырмады, кірпік қаққанша тар жерде көзден ғайып болып үйренген адам сайға қарай ұмтылды. Тез ұмтылды. Ірі денелі және үстіне түйе жүн шекпен киген бұл ебедейсіз кісі, жалп ете көтерілген жапалақша сай қабағынан бір көрінді де, келесі минутте төменде тұрған боз аттың үстіне де қонып үлгірді. Сонсоң өзін қуалай атқылаған винтовканың шұбырма оқтары әлдеқайда асып, жоғарырақта зыңылдағандай болды да, бұл дыбыс та саябырлаған соң ол ұзын сайдың келесі бір иінінен шыға келді, қасқырша күрт бұрылып, арт жаққа көз тастады. Соңында қуғыншы жоқ; адырайған құдық басы, шатырлар, шатыр түбіндегі сида бұт биелер, ербиген адамдар — бәрі қосыла шоғырланып кейінде қалған. Сонда да ол сай қойнына қайта сүңгіп, қасқыр текірекке салып әрілей берді. Енді оны қашықтап жан сақтау сезімі еріксіз жетектеді.

«Өте бойшаң жігіт екен ғой өзі, ұзақ жығылды», — деп қалды да ол күбірлеп, сәл ат тізгінін тежеді, ойын түптеді. Иесінің күбірлегеніне құлақ тосқандай, шұбарлау көзінің қиығын тастап, боз ат желке бұрыс жасады.

«Бұл қол дірілінен» деді Құныскерей, енді атымен тілдескендей дауыстап сөйлеп, — «қол дірілі. Сөз жоқ, қол дірілі. Бұл неліктен? Әлде... өзгерді ме бәрі де?! Қол да! Көңіл де! Қайрат та! Бұл неліктен?!.»

«Сұр мерген» деген атаққа Құныскерей бір кездерде насаттанатын еді.

Палуан!

Мерген!

Батыр!

Бұл атақтар ер жігіттің еншісіне тиген даңқтар емес пе?! Ежелгі дауылпаздай жер жарған даңқ, алты алашқа тез жайылатын атақ!

«Сұр мергендігім даусыз. Білек пен балтыр күшін сынап белдесу шайқасына түсіп көргенім жоқ. Сондықтан палуан атақ маған дарыған емес. Ал, жанды-жансыз жамбыны көзге ілгенде қол жаңылып көрген емес. Сол үшін сұр мерген деп кетті жұрт. Бірақ... бұл өнер не берді? Атақтан көре...» Әлде тізгінді ертерек тежегені тыныс берді ме, әлде иесінің тақым қимылынан ниетін ұғына беретін ат та бір өзгерісті сезді ме — әйтеуір ақ боз күрсініп қалды да, күдік ойды күшейте түскендей болды.

«Ат та күрсінді... Мен де күрсінемін бе?! Әлде...»

Ол тақымды қайта қытты, мықтап қытты.

Ақбоз ұмтыла желіп барып қайтадан қасқыр текірекке түсті.

Жүріс жазылғанмен ой жазылмады, түйіртпектенген ащы-тұщы ойлар ұйысып қоюлана берді. Ой арасынан «ұзақ жығылды... Сұлап жығылды... Өзі де бойшаң жігіт екен ғой», — деген көмейдегі сөзбен қосыла жығылып бара жатқан жанның суреті көз алдына тартыла береді. Сурет емес, оның сөздері құлаққа шалына ма қалай!»

...«Қаншама қысқа көрінгенімен өмір төрі едәуір жер. Оған адам адамша жетеді»... Осылай деді ғой пыркарол. Көпір басында. Кербез үйінде айтты мұны. Сөзге шешен жан. Түйіні: адам емессің бе? Адамша өмір сүрмейсің бе? Бұл не жортуыл? — дегені. Мұны жалпақ бас Жолмұқан да айтты. Бетіме басты. Достық сөз. Мен неге достыққа қастық жасадым?! Осыдан ба қол дірілі? Мұнан бұрын да дір етті...»

Құныскерей енді мұнан бірнеше күн бұрын жалғыздан жалғыз лаққан ақбөкенді атқанын көз алдына келтірді. Ол алдын кесіп өтіп, оралып барып тұра қалған бөкенді жауырынның көбесінен атты. Бірақ оның оғы көзге алған жерден төмен соқты, бөкеннің қос қолын жұлып кетті. Тыраң етудің орнына аң омақаса құлап барып әлденеше рет домалап, он-он бес саржан жерге тірсекпен серпіп жанталасты. Бұл қол дірілінен. Ал, киіктің шапшыған қаны мен қосарлана ытқыған сүті көз тоқтаттырмады. Бір қурайдың түбіндегі жетім лақ ақтық рет аймаласын дегендей, ол жанталасқан бөкенді жалғыз тастауға асығып еді.

...«Бұл не? Кие ме? Киік киелі. Ана киік киелі. Қол қалтырауы содан. Қазір де сондай. Пыркаролдың үйінде жүкті жары бар... Бұл қандай қастық? Оның сөзі мен іс достық емес пе еді?!.

Оқыс өлген жан Құныскерейге оқыс ой салып еді. Ол Хакімнің адамшылық ісіне жауыздықпен жауап бердім деп түсініп еді.

2

Әр нәрсеге бір себеп, әр себептен бір үлгі.

Сол күнгі кездескен арлан бөрінің әдісі өмірінде бірінші рет Құныскерейдің қолын бөгеді, мағынасыз қан шашудан бас тарттырды. «Хакім өлімі» әттеген-ай дегізерлік ой салып, тәубеге бет бұрғызарлық екіұшты сезімнің құшағында сай бөктерлеп бес-он шақырым жер жортты да, ол Қаршығаны тосты. Бірте-бірте үлкен алақан жазыққа айналып кететін жалпақ сайдың жыңғылды саласын жарып өтіп, айыл қоғасы мол, әр жерде үркіп шыққан қамыс шоқтары да бар бір жынысты сағалады. Осы жерден батысқа қарай бие сауымы жер жортса, өрістегі қалың малды қалқалап, ол Жайық жағасына құлап кетерлік еді. Із тастап үйренген тәжірибесі мол жортуылшының ниеті де осы Жайық жағасында бұға тұру, өйткені қыр беттегі сонау Соналы көлден арғы етек құмға асар жолда сұр шинельділердің тосқауылы барына ол шәк келтірген жоқ. Ал, арты тұйық, алды су, мұндай құрулы торға оны бас сұғады деген қуғыншы атаулының үш ұйықтаса түсіне кірер нәрсе емес, мұны Құныскерей қатесіз топшылаған-ды. Сөйтіп, қалың жыңғылға ене бергенде шеттегі қотан аумағындай шоқ қапырықтан қос бөрі қатар көтерілді де, бұл күтпеген жақтан шыға келген аттылы жаудың алдын орай қосарлана текіректеді. Бірақ бөрілер үдере қашып көсіле серіппеді, бой тежеп, алдау шоқыраққа басты. Сірә, күнде-күнде еріккен жылқышыға бой көрсетіп, ермек қиқуына еті үйреніп кеткен бөрілер сияқты. Сонда да арлан көкжал көлденеңдеп, артына орағыта бұрылып, тосырқау көз тастады: алдымен үлкен боз атқа көз тікті, сонсоң үстіндегі ірі жанның күнде көріп жүрген жалбыр тұмақ, шүйкі дене, құрық сүйреткен жан емесін байқап, қасындағы бала бөріге айбатты күш көрсетті. Сирағы сида, тұрқы кішкене домалақ бөрі қаһарлы арланның сұсына шыдамай ыршып кетті де, домалай сілтеп, тұп-тура қырға, алыстағы құба жонға қарай қашты. Ал көкжал бөлтіріктің соңынан шаппай, бой көрсетіп, «қусаң қу» дегендей тосаң текіректеп боз аттың маңдай алдына қарай ойыса берді.

«Сен әккі залым бөлтірігіңді қырға қашырып, өзің мені ойға жетектемекші болдың ба? Тоқтай тұр...» — деп, қашқан аң, қуған қуғыншыға қару тұмсығын бір көтермей қалмайтын Құныскерей ер қасындағы тұқырта ілген шолақ мылтығына жармасты. Үйреншікті қол сол сәтте құндақтың білезігіне де тиді, бірақ екі көзін бөлтіріктен алмай желе-жортып келе жатқан қайсар мерген бұрын көрмеген сурет көрді: бөлтірік балағын шала түрінген балаша домалап әудем жерге жүгірді де әлденеше қарғып-қарғып түсті, сөйтті де тұра қалып шұқшия жерге үңілді: құлағын жымитып, алдыңғы аяғымен қақпақылдай қалды. Сәлден кейін арт жақтағы боз аттыға көз тастай беріп тағы да жүгірді, әудем өтпей тағы да қарғып түсіп, тағы да жерге үңілді... Құныскерейдің көзіне қаннен-қаперсіз ойнап бара жатқан баладай көрініп кетті; соңына түскен аттылы жау, күрс етер мылтық, қатесіз оқ, онан арғы ажал — бәрі де бөлтірікке ойыншық есебінде. Жау жүрек жанның қолы құндақ білезігінен кілт ажырап кетті. Ол бөлтіріктен жүзін бөріге бұрды. Боз тарланның үстіндегі түйедей жанның текірегін ажуалағандай, дала сырттаны да асықпай тосаң текірекке түскен екен, кәдімгі «жетерсің де, жетпессің де» дейтін алдау мен арбауы араласа егес текірек. Мұндай текірек сен үдесең үдейтін, сен шабысты бәсеңдетсең — бәсеңдейтін таусылмас шоқырақ. Құныскерей бәрін де ұқты. Бірінші көрген бөрі емес, бірінші алдар жан емес. «Бөлтірігім ұзаңқырасын, әлі де ұзаңқырасын дейсің ғой, заңғар. Сонсоң көрерсің менің текірегімді демексің. Бірақ, сен де, мен де ұқпаймыз бөлтірік құлқын. Оған ойын керек. Ол өлімнен қаперсіз. Ол бала...»

Өмірі ойына келмеген ащы ой оның жолын бөгегендей болды. Ол ат тізгінін тежеп қалды да, тақымын босатты. Боз ат текіректен шалыс желіске, онан кейін ақырын аяңға түсті.

«Қате!» — деді Құныскерей өзінен-өзі.

Ат оңға бір, солға бір көз тастады, иесінің ниетін барлады: тоқтау керек пе, әлде аз бой тежеп, қайтадан өктем жүріске түсе ме?!

«Неге, не үшін ертіп әкетемін Қаршығаны? Қайда апарамын оны? Өз жортуым жетпеді ме? Оны да жортуылға баулимын ба? Жортуылға... Жүгенсіз, ноқтасын басына түріп қоя беріп: атадан бала туғай-ды, атаның жолын қуғай-ды демекпін бе? Жол тосып, құмға түнеп, адыр басынан ойды барлап, түн сағалап ауылға шауып, қойшысыз қотанды дүрліктіретін мына көк бөрінің бөлтірігі етемін бе? Көк бөрі... Көк бөрі екеш көк бөрі де ана бөлтірікті қорғап, айлалап алдыма түсіп келеді. Бөлтірігін құтқару қамы... Соның қолға түспеуін көздегендік. Бұл... соның өмір сүруін тілегендік. Ал мен ше? Менің осыным Қаршығаға өмір тілегендік пе? Әлде өлім тілегендік пе? Ол қазір жетеді соңымнан. Ол да қауіпсіз, қатерсіз, ана бөлтірікше ат үстінде сауық жасап өзімен-өзі аударыспақ ойнап келе ме?..

Осы сияқты үздік ойлар, ащы ойлар, аса қатал ойлар оның өзегін өртеп жібергендей болды білем, ол қабағынан қар жауған пішінмен ер үстінен бөріше бөктеріліп арт жағына көз тастады.

Алыста «Шеген құдықтың» ақ адыры қалып бара жатты. Бұлдыраған адыр үстіндегі арғымақ жылқылардың боз шатырлары мен Ақметше үйінің күмбезденген биік төбесі сағыммен көтеріліп, әлпеншек теуіп тұрғандай, жерге тиместен жоғары тұр.

«...Ақметше қайда? Оның мойнына да бүгін бұғалық түспей ме? Ауылында кедейі қаза тапты, үйінің сыртында пыркарол оққа ұшты... Оны тегін қалдыра ма? Ал, осындай кезеңде шыр етіп жерге түскеннен бері бауырына басқан баласын, Қаршығаны ертіп кету...»

Ойнап бара жатқан бала қасқырдың өpic бетіндегі Жалғансайдан аттылы адам шыға келді. Бұл қара көк арғымақтың үстінде әліптей шаншылған және бір арғымақты ер-тоқымсыз жетегіне алған Қаршыға еді. Желге омырауын тосып, жас жігіт аршындаған бойшаң жылқымен даланы есіп келе жатты. Жер жемірген жүріс. Үзеңгіге шірене түскен шалқақ отырыс жан-жағына шола көз тастап, өлшеп-піше қарауы «үлкен іс бітірген» жанның пішінін көз алдына елестеткендей. Құныскерей осы қалыпты бірден сезді, бірақ сирақты жылқының үстіндегі қомақсыз бала жігіттің шаншылған пішіні көзіне толмады, бір түрлі оғаш, ербиіп көрінді. Ол аяңға көшіп, қыбырын аңдып келе жатқан боз аттың тізгінін қыса түсіп, басын тақыммен бұрды, көтеріле қозғалып жорта жөнелді. Мұның беталысы сол Жайықтың орманды, жыра-жықпылды бергі жағасы еді. Бала жігітті көргеннен кейін солай жортты. «Өзі де ілесер» дегендей оны тосып алмады. Астындағы атақты атын да, елден бөлек ол аттың үстіндегі адамның Құныскерей екенін таныған соң Қаршыға да жүрісін үдетті. «Міне келдім! Қосылдым!» демек боп боз аттың алдын орай көлденең шапты. Жер жымырған шабыспен жанамалап келіп, ісі мен жүрісіне де, түрі мен түсіне де насаттанған жанша:

— Мен де тап осы шамадан кездесер деп, таң атқаннан бері Жалғансайды паналап қарауылдап жүр едім. Алыстан-ақ көрдім!.. — деп Қаршыға ентігіп сөзін жұтты.

Оның жүзін өзгеше бір шаттың лебі үрмелегендей, бұрынғы жабыңқы қабағы жадырап кеткен екен. Сөз үні де жайма-шуақ шықты. Бірақ «жақсы болды келгенің» деген құптау болмады. Жылы ұшырау орнына Құныскерей жалт бұрылып, ызғарлы қату қабақпен ілгері аса бер деген суық иек қақты. Бала жігіт қатал жанның қатал бұйрығын бірден ұқты: үзеңгі қағысып салтанатпен сән түзер жүріс емес, бас қорғар суыт жорық, көлденең бой тасалар сапар... Арттан қуғын ілеспесіне кім кепіл...

Қаршыға Құныскерейдің бет алған өріс төріне тезірек өз бетімен жетуге тырысты. Ол алда не барын барлау ниетіне көшті. Қату қабақпен иек қаққанға ол шамданған жоқ, мұны бұйрық есебінде қабыл етті.

3

— Мыналардан өзге жорыққа шығарлық белді жылқы болмады ма? — деді Құныскерей естіре желіп, қайта-қайта боз аттың алдын орай берген Қаршығаға тас түйіліп.

Қаршыға не дерін білмей қалды.

Мінезі тұйық, жүзі суық, ешкімге езіліп тіл қатып көрмеген бұл жас жігіт бүгін жарқын, аса жайдары пішінде еді. Ол өзінен-өзі елегізіп бір далада бір өзі, бар дүниеге жалғыз қожа есебінде келе жатқан. Күндік жерге тоқтамай жортуға да, қарсы келген жанды жапырып өтуге де, айқасып қаларлық күн туса, аттан төңкеріп ала түсуге де дүз жанбас, қынаптан суырған қылыш сипатты еді. Бұл оның көптен күткен күніндей, «соңына еруге асыққан, жұрттан түр-сипаты бөлек, ісі жұмбақ, жүрісі жойқын әкенің үзеңгілес сапары емес пе?! Неге тастай түйілген? Неге қатал үн қатады? Неге жаратпайды? Жұрттың қолы жетпейтін сұлу арғымақтар неге жорыққа шыдамсыз?..»

— Желсе — ілестірмейді, шапса — қарасын көрсетпейді, аға, — деді жігіт қатал үнге аптығып жауаптап.

— Еңкейсе басы жерге жетпейтін бұл зәнталақты қалай оттатып, қалай суарасың? Сонау көрінген бес-алты саяқтың ішінде пайдаға асқандай ат болса, қуып көп жылқының ішіне енгіз! — деп бұйырды Құныскерей, алыстан көрінген ауыр айғыр үйірді иек қағып көрсетіп.

Бала тағы да қарсы жауаптамай иек қаққан жылқыға арғымағын естіре жөнелді.

Ақ боз атпен жортақтай келіп, саяқтар жатқан жерге Құныскерей жаңа жуықтырған кезде, Қаршыға бөрі тигендей ысқырып, үйірден көп аулақ жатқан, өз бетімен жайылып, өз бетімен жусаған бұл бір топ жылқыны қалыңның ішіне тықсырып та үлгерді. Күннен көзін қолмен көлкештеп аң-таң болып қарап тұрған жылқы иесі басында қорқып кетіп еді, жылқы қуып алатын бұрынғы шапқыншы қазір аяқ астында: «Ақыры сорлатты ғой мына әкімқара! Жау алды, жау алғырды! Бірін қалдырмай алып кететін болды, көгермегір ауылнай...» — деп тұрғанда, көк арғымақпен көлденеңдей берген Қаршығаны танып:

— О, тоба, мынау Қаршыға ғой. Бұл қай жақтан шығып қалды? — деді.

Ат иесінің жүрегі орнына түсе бастады. Ауылнай ма деп үрейленгені Қаршыға болып шықты.

Бұл жылқы шетінде тұрған адам Мақыш дейтін Ақметшенің жақын ағайыны еді. Ағайын болса да соңғы жылдар көрер көзге алшақтап, Мақыш бөлек жайлап өз ауылын Ақметшеден көш жер алыс көшіріп, алыс қондырып жүрді. Жұрт мұны: «Заманның ағымына қарай істелген саясат. Бірігіп байлық көрсетіп, ірілік жасаудан гөрі қабаттасып көзге түспеуді жақсы көреді Мақыш» деп жорыды. Қалай болғанда да Мақыш атақты ағайыннан ауылы бөлек, жайылымдағы жылқысы да бір бетте еді. Әсіресе, өткен жұмадағы үлкен жиналыста: «Ақметшенің мал-мүлкін кәнпескелеп, жер аудару керек», — деп шешкеннен кейін Мақыш үйде тұрмайтын болған. Ол ептеп мал басын кемітуге, үлкен үйірден қысырағын бөлек бақтырып, өзі көбіне-көп жылқы арасынан шықпауға айналған.

— Ау, жаным Қаршыға... Сен... сен аттарды жау тигендей қуып не қылмақсың, — деп әлдебіреу естіп қала ма дегендей, ақырын-ақырын бері келші, бері келші, — деді қолын бұлғап.

Қаршыға оған қайрылып жауап қатпады, тек қана «ана көрмейсің бе келе жатқанды?!» деген адамша, алысырақтағы Құныскерейді көрсетті. Мақыш бірден түсінді: түсі суық, ісі оғаш Құныскерейдің белгілі боз атпен төпеп қашып келе жатқанын, баланың оған еріп шыққанын, енді бұларға соңына түскендерден сытылып кетуге екеуіне екі-екіден әрі белді, әрі жүйрік ат керектігін айтпай-ақ ұқты. «Көрсең де пәле, білсең де пәле. Ат берсең онан да жаман пәле, ал бермесең — басыңа қатер. Бұл қара қырсық қайдан кездесіп еді... Менің сорыма кездескен», — деп күбірледі Мақыш. Ол толып жатқан күдікті ойларын, қорқынышты кезеңнің енді туғанын тізбектеп үлгергенше боз аттылы да жетті.

— Жол болсын, батыр! — деп қалды Мақыш ат тізгінін тежемей жетіп келген Құныскерейге. — Мұндай суыт жүріс... белгілі адамға ғана хас жүріс қой.

Ардақтау лебізін батыл айтса да, Құныскерейдің ер қасына тұқырта ілген шолақ мылтығына көзі түсіп кеткен Мақыштың үрейі ұшып кетті. Тура қараған адамға оның өңінің қуқыл тартқаны, ернінің жыбырлай түскені ап-анық көрініп тұр еді. Құныскерей ілгеріде бұл адамды бірнеше рет көрсе де, қазір оны танымады және онда тану, танысу ниеті де болмады. Ол тек көздеген мақсатына тура кірісті.

— Жақсы ниетіңе — жақсы лебіз, әлей болсын! Жортқан жанға — ат серік. Мына баланың астындағы биені жетегімен қоса ал да, ана аттардың бір-екі тәуірін ұстап бер. Тай орнына жабағы жатады. Ал, ат құны биеден артық десең ақшалай бағасын сұра.

Сұраусыз-сауалсыз білгенін істеп жүрген адамның жөн-жөндем тілге келгеніне ол қуанып кетті. Бірден-бірге үрейі ығысып, істі ақылмен шешетін салмақты лебізге орын бере бастады. «Бардың санын кеміте алмай сорлап жүргенде, жылқыға жылқы айырбастап мені жын ұрды ма?.. «Ат құны биеден артық десең ақшалай бағасын сұра», — дейді. Бұл сабаздың қалтасы да қалың шығар! Және Ақметшенің биелерін көзге шыққан сүйелдей етіп не қара басыма ат теуіпті?! Мұны басқа әдіспен...»

— Атақты азамат! — деді Мақыш, сөзіне салмақ, ақыл-ойға жүлде бере сөйлеп. — Сіз сияқты ілуде бір кездесетін ер адамға тай орнына жабағы жатады деп қайтейін. Қалағаның бір тұяқ болса, оны айырбассыз-ақ мін. Ал, бір емес, екі десең, онда ақшалай бағасын мен сұраймын, өзіңнің қази қолың шешсін. Осы күні өкіметтің ат құйрығының да құны шамалы болып қалды...

— Жарайды. Ана қаракер мен жирен атты тез жүгенде!

Сөйтті де Құныскерей атынан түсіп, ер-тоқымын сыпырып тастады да, қонышынан шақшасын суырды.

— Мақұл, батыр, мақұл, — деді ат иесі енді ежіктеп тіл қатпастан.

Ол тек жалма-жан басындағы бөркін «жем дорба қылып тосып» аттарға қарай «Пұш! Пұш! Пұш!» — дей бастады.

Қаракер қайрылып келіп иесіне мойнын созды. Ал, жирен қос құлағын қайшылап, «осы тосып тұрғаның жем бе, жем емес құр бөрік пе?» дегендей тосырқап тұрып қалды.

Құныскерейдің істегенін Қаршыға да істеді. Ол тіпті, мініп келген қара көк арғымақтың ер-тоқымымен бірге басындағы жүгенін де сыпырып алып, Мақыштың қолындағы Қарагерге кигізді.

— Аға, мынау Мақыш ағамның жер баспас Қарагері. Қыдыра жалды, қыл құйрықтыда мұның алдына шығып көргені жоқ. Мінесің ғой? — деді Қаршыға аса шатты пішінмен.

— Жоқ, — деді Құныскерей, — мен онымен бәйгеге шаппаймын. Ана тірсектірек жирен атқа сал менің ерімді.

Ол шақшаны қағып жіберіп, қос тырнаққа бір шөкімін түсірді де, қос танауға кезек-кезек сүйкеді.

Мақыш енді жирен атқа жақындады. Бұл да жемге үйренген, жем беріп сипаған иесінің алақанын сағынған жануар екен, ірі денелі иесіне қарсы жүрді.

— Құнеке, — деді Мақыш жирен атқа боздың ерін өзі салып жатып, — бардың бұйырмай, шашылғанның жиылмай тұрған кезі. Тақымына басар бала жоқ, өзім көлбеңдетер шама жоқ. Қызығын көр жиреннің! Қарагер жер баспас атанса, жирен жеті қырды қатар ассаң да танауын қағып көрмеген жануар...

Мақыштың сөзінен іштегі ащы қасіреттің үні естілгендей болды. Бірақ оның баласының жоғын, бұл жүйріктерді көлбеңдетер Мақыштың дәуірінің де бұлдыр тартқанын ойы алыста жатқан Құныскерей елеген жоқ, елесе де езілген жоқ. Оның көңілшектікпен көзін сипар шағы болмаған да шығар, болса — аса сирек кездесетін жай болуы мүмкін...

— Мә, отағасы! — деді ол, шақша қыстырған қоныштан бір десте «ақ құйрық» суырып.

«Ақ құйрықтың» тек жүздіктен тұратынын, мына тарамыс ірі қолдың уысындағы бір дестеде оның бір емес, ең кемі алты-жетісі барын сезген Мақыштың екі көзі ақшаны жеп жібергендей болды. Оның әлгідегі қасіретті үні ұшты-күйді жоғалып кеткенін өзі де байқамай қалды.

— Рақмет, Құнеке, рақмет! — дей берді ол, өзге сөзге кезек бермей.

Демеске не! Аттары өте қымбат және адам қимас жүйрік болса да оған тиімді сауда болды. «Бәрібір бұл аттарды ана толып жүрген милиция мен оның бастықтары, тіпті аудан әкімдері бұдан былай қарай тақымыма тигізбес те еді. Кеше ғана ауылнай «ат бер» деп дігірлеп, оған: «Бүгін саяқ атаулыны жоғалттым, Miнe, жұма болды. Сірә, қолды болған шығар деймін», — деп зорға құтылып едім. Енді сұраса тура: «Әлгі діннен безген қашқынның қолына түсті білем, пайдаға асар үш аттың үшеуі де жоқ дейін...»

Атқа ерлерін салып мінуге айналғанда Мақыш Құныскерейге:

— Батыр, дәм татып кетуге уақытыңыз болса... ана күтірде тағам бар еді, — деді, алысырақтағы бір қораштау, жапырайған жеркепеге қарай иек қағып.

Құныскерей Мақышқа бүркітше түйіле қарап қойып, оның иек қаққан қара қыстауына көз тастады. Бұл қарастан Мақыш оның сенбей тұрғанын, анау қара қыстау «қақпан емес пе» деген күдігін бірден сезді.

— Мына Қаршыға жақсы біледі. Қаршыға, сен болдың ғой жаздыгүні бір келіп кеткенде. Қазір біздің ол жаман күтірде өзім ғана қона-түстеніп жүрмін. Бұл маңда жылқышылар жоқ.

Құныскерей тамақтанып алуды жек көрмеді білем, үндемей біраз тұрды. Сонсоң айналаны көзімен өлшеп-пішіп, әлденені анықтағандай, асықпай қарап қалды да:

— Жарайды, отағасы, ақ ауыз тиелік, баста күтіріңе, — деді.

Ол төңіректің жап-жазық екенін, бұл жаққа тура келетін пенде болса, ең кемі сегіз, он шақырым жерден еріксіз төбе көрсететінін, егерде ол төбе көрсетушілер соңына түскен қарулы жандар бола қалса, қарсы амал жасап үлгерерлік жер екенін жақсы білді. Басында өріске қарай бет бұрғанда, ол сақтық ниетімен бұл жазықтың бас қорғауға аса ыңғайлы екенін байқап еді. Бұқпантайлауға сай-салалы жер де жақсы, бірақ пайдасынан кейде оның зияны да мол. Мұны Құныскерей жылдар бойы бас тасалап ұзақ жортқан қатерлі күндерде талай-талай кездестірген. Ол кезде бір жақсысы қуғыншылар да тәжірибесіз және әлсіз атпен қой қайырған қойшылар тәрізді сай ішінде қарсы келіп қалғанда асып-сасып қару жұмсай алмайтын, болмаса жалт беріп сай қырқасынан асып түскенше қарасын да көрмей қалатын. Ал, қазір өзінің қоршауда екенін, бір емес, екі емес, соңында ондап адам жүргенін және бір жерде емес әлденеше жерде тосқауыл барын ол айдан анық сезген...

— Жүріңіз, жүріңіз, ақ та бар, жейтін тамақ та бар. Бәрінен де жайлысы — осы күтірім. Жаз бойы көбінесе осындамын. Бірақ тап осы маң далада мені қонып, түстеніп жүреді деп ешкім ойлаған емес, — деді Мақыш, оның ойын сезгендей.

— Сен тез сусында. Атпен төңіректі шолып қайт! — деді Қаршығаға Құныскерей, бір жақ жары құлап, жылқы көлеңкелейтін жері де шамалы қалған, бірақ бір бөлмесымағында төсек-орын, аяқ-табақ, ер-тоқым, құрал тұрған құжыраға кіріп.

Жас жігіт оның айтқанын екі етпеді. Мақыш құйып берген қымыздан бір сімірді де шығып кетті.

Ол өзіне жүктелген бұл жаңа міндетін жақсы түсінгендей, жылқы қайырған жанша, алысырақтағы үйірдің тобын бір жиып тастады да, екінші жақтағы саяқтарды жиыстырды. Ол айналып келгенше Құныскерей көз іліндіріп алды.

4

Бір жылы елден аулақ, Тайсойған құмына қарай шығандап кетіп, үйге тез оралуға асықтық сезім бой бермей, Құныскерей қалта түбіндегі қос малтаны түгендеумен болды. Бұл көзге қораш жан талшығы әлдеқалай түсіп қала ма деген тіміскек қауіп еріксіз түрткілетті, ол қалтасын үздіксіз барлай берді.

Өйткені үйге оралмай, маңындағы елге де соға алмай жортар болса, түн соңына күн жалғасуы даусыз еді, атқа азық — жерде, ерге азық — тек елде ғана ғой. Сол қиын-қыстау кез Құныскерейдің жаңылмайтын жадына тағы да қайта оралды. Ол Мақыштың күтірінен ең кемі екі күндік азық алды. Жетектегі ақ боздың жалаң жоталы беліне бір торсық айран, қозы қарын піскен ет артты. Күн ұясына кіре аттанар кезде:

— Отағасы, Қаршыға мүмкін жуық арада бір соғып кетер бұл күтірге. Ақ пен ет молырақ дайын болсын. Және құрт пен жент жағын қарастырарсың. Бұл бала елге оралғанша көп күн өтер. Кейін есептесерміз, — деді.

Бірақ Құныскерей қай жаққа жүрерін, қашан келерін айтпады.

— Жақсы, айналайын, жақсы. Күн ара келіп тұрса да Қаршығажанның сыбағасын қанжығасынан түсірмеспіз. Әзірге қош бол, батыр, — деді Мақыш әлде баланы, әлде елден безген жортуылшыны мүсіркеп.

Ол кешкі шапаққа сүңгіп, алыстаған сайын қарасыны кішірейе берген екі аттылыға ұзақ қарады; қолға түскен арыстандай үйез орталығына айдалып кеткен ағайыны Ақметшені көз алдына келтірді; ескі қабір мен құлаған қара қыстауға ұялаған ит — ала қаздай ен далада елден безіп, сырттап жүрген өз басының тірі мүсәпірлігі өзегін өртеп кеткендей болды.

Елден, жерден, орын тепкен мекеннен аулақтай бастағанын да ол жаңа ғана сезгендей еді...

Жайық өзені үлкен бір садақ пішінді. Ал, Орынбор мен Князьдің екі арасы сол зор садақтың орта белі — кіндік иіні сияқты. «Садақтың» көлбегей келген бір басы сонау жоғарғы Орал тауына асылып жатыр да, төмендегі екінші басы — Каспий теңізіне сүңгіген.

Орал қаласы орта бел иінде тұр. Бұл алқапты ертеде Түбек деп, қойнауында көше-қонып мекен еткен тайпаларды Түбек елі деп кеткен.

Сол Түбек елінің төменгі теңіз жақ кең ойпаты — Тайпақ. Арқа және шығыс беттегі жонды, қыратты, таушықты сахаралардан Тайпақ жері төмен тұр, жазып жіберген алып алақанның шұңғыл ортасындай. Өлеңті, Бұлдырты, Шідерті сияқты қыр өзендері төмен құлдилап, тармақтанып ағып, келе-келе тарамданып Тайпақ алақанына жоғалып жатыр. Жер қыртысы тамырлы-балқашты, бидайықты, кей жерінде еңседен келерлік еркек шөп өскен құнарлы сала.

Сол саладағы «Шеген құдық» басын бөрі тигендей шулатқан Құныскерей, тергеу орындарының жұма қойса алақанында тұрған сияқты еді. Өйткені бір жағы көпірсіз, паромы да сирек Жайық. Жайық бойы жағалай жатқан селендер, бой тасалауға пана болар жер аз. Егерде әлдеқалай оның маңдайы сол өзенге тірелсе бұл үлкен сүзбе аудың қоржыны есебінде. Қоржынға кірген сарқасқа сазанның оны жарып шығар күші екіталай-ақ. Осы жайды ескерді ме, кім білсін, тәжірибелі, ақылды Щитов чекист қолына іліккен қарулы милиция және өз адамдарын бестен-оннан, кей жерде екіден-үштен топтап, әлденеше тосқауылды қыр бетке жөнелтті. Әсіресе, жиырмасыншы жылдың бас кезінде Құныскерейдің тастай батып, судай сіңіп кеткен атақты Тайсойған мен Бүйректі құмдарына асар жолын бөгеді. Төрт-бес топты Қаратөбе мен Саналы маңын күзетуге, Қарақамыс пен Жақсыбай бетті торуға аттандырды. Ал, Оралдың әскери гарнизонының командирі Смышляков Жымпитыдағы әскер тобынан бір бөлімшеге Тайсойған құмына дейін құпия жорық жасауға бұйрық берді. Гурьев даласына, әсіресе, кірер жолын ілуде біреу ғана білетін, біле қалып ішіне енген жан болса оны өмірі тауып болмайтын оппа Қарасорға жібермеу үшін Гурьевтен де аттылы милиционерлер шығып еді. Сөйтіп, Құныскерейді екі уезд қарауындағы тергеу орындары бұл жолы күш біріктіріп қалайда қолға түсіруге шындап кіріскен-ді.

Тайсойған құмына асар жолды бөгеу — Құныскерейдің түп қазығын тору еді. Өйткені оның мекен-жайы сол алыстағы құм бетте болатын. Онда орын тепкен кәрі әкесімен бірге әйелі және жас баласы бар. «Елден ығысқан күнде де үйге бір соқпай кетуі мүмкін емес; із жаңылдырып, арада апталар өткізіп келсе де үйіне айналары кәміл. Бәлкім бізден бұрын жетіп әйел, баласын ертіп кетер деп те жорып еді Щитов. Бұл болжал ақылға сиятын болжал-ды. Ілкі қуғынның шаңы басылғаннан кейін, сол ел шетіндегі, көбіне-көп жалғыз отыратын мекенді сағалап, ол бұрын бес-алты жыл сол өз мекенінде бейбіт өмір сүрген де болатын. Өткенді ұмыттырып, биыл ғана ішкі жақты шарлай бастаған. Бұл шарлаудың да мәнісі бар. «Қазына малын айдаған болып Оралға дейін барып, жолда прокурор Хакім Жүнісовпен кездесуі, уезд орталығындағы оның үйіне келуі өткенге салауат айтып, тәубеге бет бұрған сапар-ды. Бірақ көктем кезінде қызыл су кернеп, мұз жарылып, жардай сеңдерді арнамен жөңкілткен Жайықтың дүлей тасқынындай, ауылдың асты-үстіне шыға бастаған дүрілді күресі оны тағы да жел аударған қаңбақтай ырықсыз дөңгелетіп әкетті...

Жортар жолын, аялдар қарасынын, сусындар жерін ол өзінше белгіледі. Алдымен көлденең көк аттыны көзге түсіре бермейтін өрістегі қалың жылқыға араласып кетті, Мақыштың қуса жетіп, қашса құтылатын аттарына тез қолы жеткеннен кейін Құныскерей іргеде жатып аңдысуға бел байлады. Ол түнделетіп келіп «Шеген құдықтан» отыз-отыз бес шақырым жердегі — арғы беттегі Антоновка тұсындағы тоғайдың жан жүрмейтін қою орманына кірді, сөйтіп ілгеріректе Аязбайдың Ерғалиы талай тоқтаған Жайықтың жағасына арқа сүйеді. Бұл сүзбе аудың қоржыны сияқты еді.

Күндіз көп жерді екеуден-екеу қатарласа жортса да кеш онан да ұзақ жол жүріп, түнер жерді түннің әлдене уағында тапса да Құныскерей Қаршығамен жылы лебіздеспеді, не істеп, не қоярын ақылдаспады. Жас жігіт бейне бір оның бұйдалы тайлағындай соңына ере берді. «Қайда барамыз? Не істейміз? Бұл бой тасалау қашанға дейін созылады?» — дейтін тағы сол сияқты ащы сұрақтарға ақыл-ойы толыспаған, қиын-қыстау сапарларда болмаған, тек албырттығы мен өжеттігіне сенген бала жігіт қандай жауап қатпақ! Ол түгіл Құныскерейдің өзі де бұған...

Ол өзек өртер өкініш пен қара түнек ойдың тас құшағында қалған жанның пішінінде еді. Түні бойы үлкен қара ағаштың үйдей түбіне сүйене отырып, құс ұйқы шұлғумен орманның төбеден бозарған ақ шұнақ таңын қарсылады, ер жастанып, тоқым төсенген Қаршығаның қимылсыз, үнсіз мез ұйқыға бөленген рақат ұйқысын күзетті; қозы алаңға қаңтарған аттардың орман дыбысын шұлғып тыңдап, елегізе таң асқанын бақылады: сонымен бірге өң мен түстің қоспасындай шұбатылған қатал суреттердің ірмектелген түйіндерін таңдай қағумен жазды, оқтын-оқтын ол басын көтеріп қалып отырды. Осының бірі...

...Ат жерді жеміріп шауып келе жатыр. Сай пана, ат аршынды. Арттағы үбір-дүбір де алыс қалды. Бірақ буалдыр түтін серпілгеннен кейін, сынған теректей қисайып барып ақырын жығылған жан, сәждеге бас қойған адамдай, бүк түсіп жерге маңдай тірегені тағы айқын елестеп кетті. «Тфу! Көруге көз керек жігіт еді, сабаз!» — деп қалды. Құныскерей еріксіз басын көтеріп алды...

Бәрі сол қалпы: бала да ұйқы құшағында, аттар да орнында, орман да қалғып қалған. Бірақ, ащы өкініш айрылмастан оған жегідей жармасты. «Неге аттым сабаз пыркаролды? Жазығы жоқ еді. Ақметшенің сенбес сөзі ғана қан төктірді. Жазығын өз көзімен көрмедім. Әйелі жесір, баласы жетім қалды, сабаз жігіт еді Хакім...

Аз отырып, ойын бір жерге түйді. Мықтап түйді. Орнынан тұрып, боз атты жүгенін басына түріп, босатып жіберді, қарагер мен жиренге тұсау салды. Бір-бір сілкініп алып, ағаш арасының мал аяғы сирек басқан қою шөбін орып оттаған аттарға сүйсіне қарады да, су жағасына келді.

Талайды көрген кәрі Жайық кербез ағып, ертеңгі тымық жүзін самалға тосып бейғам жатқандай. Сирек тулаған балықтың шолпылы әр жерде ғана ойдым-ойдым дөңгелек шимай салып, ол да жазылып, тарқатылып ағыспен бірге жоғалып кетеді. Қанатымен сипап өтіп қарлығаштың қаймақшытқан ізі де су бетіне әжім саларлық емес. Ертеңгі рақат әлемнің су жиектеген көркем көрінісі өмір шорластырып пісірген қатал жанның түкті жүрегіне қандай әсер еткенін кім білсін, ол тек құшырлана үйкелеп қос қолымен бетін, білегін, сонан кейін басын жуды. Сөйтті де, тез кейін адымдап Қаршығаның жатқан жеріне келіп:

— Тұр. Өзенге шомылып ал. Істер іс көп, — деді.

Бала ұшып тұра келіп, бетін умаштай бір сипады да, үстіне төніп тұрған түйедей ірі адамға езу тартты.

Құныскерей бұл жолы да жылы шырай көрсетіп, еркелетер лебіз танытпады.

Бала шомылып қайтқанша ол мықтап түйген ойына қайта соқты. Ол ой өзінің жүрісіндей жойқын, кесіміндей бет қайтпас және шорласқан түйдек-түйдек еді.

...Сан рет жортқан Жайыққа енді қайтып оралуға жол жоқ. Мына Қаршығаны қалдырып кетуге қисын аз. Адам өлтіргені үшін мұны жас деп атпаса да бірнеше жыл тұтқындайды. Әкесіндей Ақметшенің бұдан былай мұны арашалауға әлі келмейді. Оның өз басы қайдан шығары бимағлұм. Мұны енді ертіп барып үйдегі карт пен балаға қосып, әрі қарап асу ғана қалды. Бұл ең кемі екі жұмасыз орындалмайды. Алда құрулы тор, әкімдердің тосқауылы. Олармен аңдысу жолы — әрі алыстап кету. Тайсойғаннан әрмен шығып кетіп із жаңылдыру. Сонсоң қайта соғып қарт пен баланы, қатынды көшіру. Маңғыстаудағы Адайға, онан да әрі басқа елге сіңіру...

Қаршығаның жатқан жеріне тастап кеткен қанжарына Құныскерей ұзақ қарап тұрды да, иесі қайтып келген соң:

— Мынадан басқа қару жоқ па? — деп сұрады.

— Бар, — деді Қаршыға қуанып кеткендей, — мылтық бар.

— Ол қандай мылтық, кәне?

 

— Тығып қойған винтовка. Қыстауда. Керек болса кешке барып алып келемін.

Құныскерей басын шайқады.

— Қыстаудағы мылтық... Мылтық әкелемін деп жүргенде қыстауда жанынан үмітін үзсе.

Құныскерей тағы да басын шайқады. Қаршығаның жүзіне тесіле қарап ол сәл уақыт сынап тұрды да:

— Ана арғы беттегі станцияға барып қайт. Болса дүкеннен бір-екі қадақ шай ал, қант ал. Сонсоң... аяғыңа жеңіл етік болса ал.

Құныскерей назары кешеден бері әлденеше рет жаратпай көзін шүйген Қаршығаның бәтеңкесіне ауып еді, жігіт мұны жақсы түсінді.

— Мен өзім де етігімді бекер кимеген екенмін деп өкініп тұрмын. Мынадан таралғы тобығымды қажап тастайтын. Жақсы, қазір барып келейін. Ол қалада тастайтын. Жақсы, қазір барып келейін. Ол қалада Мені ол жақсы біледі, үйінде талай болғанмын, — деді.

Кешікпей қаршыға арғы беттегі Антоновкаға жүріп кетті.

5

Көп уақыт қол-аяғы бұғауда келіп, еркінше құлаш сермеп, аршындай аттауға зарығып, енді ғана еркін қимылға қолы жеткен жанша, Қаршыға бір жерде отыра алмады. Ол арғы беттегі станциядан бар керегін алып келді. Ақметшенің жылқысын Калмыков базарына жыл сайын топтап сатып ақшалап беріп келген Николаймен сөйлесіп, жылқы жеткізіп беруге уәделесіп қайтты.

— Бүгін түнде қыстаудағы тығулы мылтықтар мен оқ жабдықтарды алып қайтамын. Ретін тапсам, бес-он жылқыны қосақтап айдап, ертең ертемен Николайға өткізіп беремін. Онан кейін Ақыш ағама да соғамын... — деп шұбыртты ол Құныскерейге ендігі істер істерін.

Бөлтірік ойыны бөлек. Ол өмірі талар жемін талғауды білмейді, бой тежеп, күш іркіп, шаршауды білмейді, алдына келгенді алып ұруға дайын: әлі келмесе қырқып алудан да дүз жанбайды. Оны бұл қасқырлық өнерге кім баулып, кім көзеген? Бұрын істеп көрмеген ісіне Қаршыға неге құмартады? Алуға, жапыруға, зорлыққа неге өш? Бұрын қозы көш жерге де сапарлас болмаған Құныскерейдің соңынан неге бұйдасыз жүгіреді? Түнгі жорыққа, қатерлі асуға, белгісіз алысқа шығандап кетуге неге үйір?..

Ол сескенбестен ымырт жабыла өз қыстауына тура келіп тоқтады да, аттан түсіп, аула-қораны аралап кетті. Қыстау жай иесіз еді. Ауыл Совет адамдары да, уезден келген әкімдер де және тергеу орнынан бөлінген қызметкерлер де қылмысты жандарды бұл маңға із суытпай жуиды деп есептеген жоқ-ты. Оның үстіне кеше күндіз «көріп қалған» малшылар:

«Өрістен әрі жүрісі суыт екі атты адам Қоспаға қарай бет алып жортып бара жатқан. Кешке дейін Бұлдыртыдан бір-ақ шығар сиқы бар. Сөз жоқ қашқын адамдар болуы керек», — деп лақап таратқан. Бұл қисыны бар болса да, құр болжамға сүйенген алыпұшты хабар ауыл Совет қол астына жайылып та үлгіріп еді.

Көптен тығулы жатқан, бірақ анда-санда қызық үшін елсіз тоғайға жасырын апарып құс атып тұратын винтовкасын Қаршыға көп іздемей-ақ тапты. Ол ұзын ат қораның ішінде еді. Жарын кірпіштен қалап, кең есік, терезелерін қарағаймен кәшектеткен бұл қоражай кішігірім казармадай, от та, зат та сақтауға ыңғайлы болатын. Әсіресе, қақпа тәрізді қос есіктердің маңдайша, жақтаулары бөренеден тілдіріп жасатқан: солардың бірінде маңдайша мен жапсардың аралығына сүңгіткен киіз қапты мылтықты, киіз дорбалы патрондарды Қаршыға алып шығып қарагердің қасына келді: дорбаны қос қанжыға мен ердің артқы қасына таңды, мылтықтың қабын сыпырып тастап, көмейіне бес оқ тықты да, ердің алдыңғы қасына Құныскерейше тұқырта ілді. Сонсоң алты шақырым жердегі ауылына сары желіспен жұрт ұйқыға кірер шамада жетіп келді де, үлкен үй мен отаудан бөлек отыратын он шақты кедей ағайындарының ішіндегі бас көтергені Сәрсеннің үйінің есігінің нақ алдына аттан дік етіп, шылбырының ұшынан ұстап тұрып есіктен:

— Сәрсен аға, үйдемісің? — деп сұрады.

Сәрсен мұның келерін күні бұрын сезіп, күні бұрын барлық сауал-сұрағына жауап әзірлеп қойған жандай, іле есіктен басын шығарып:

— Жәй ма, Қаршығажан? Қайдан жүрсің, не керек еді? — деді.

— Ауылда кім бар?

— Бөтен ешкім жоқ, жалғыз Жолмұхан палуан ғана.

— Папамды қайда әкетті?

— Жымпитыға.

— Өлген прокурорды не қылды?

— Өлген — прокурор емес, комсомол Шынғалиев. Болыс кеңсесіне әкетті.

— Маған бес биені қосақтап бер!

Сәрсен үндемей қалды да, аздан кейін үстіне шекпен жамылып тысқа шықты.

— құй, оның алсаң да ерік өзіңде, мал өзіңдікі Қаршығажан. Бірақ Жолмұхан сезбесін... Және мені сен көрме, сені мен көрмедім дейін.

Байлаулы тұрған бес жылқыны шеткерірек жетелеп сайға түсіріп, ноқтасымен біріне-бірін қосақтап, Қаршығаның алдына салып берді де, Сәрсен ізінше үйіне беттеді. Қолына қаруын, алдына жылқысын түсірген Қаршыға да келген ізімен орманға бет бұрды.

— Құрмаш, қарашы, сайға қарап иттер үре түседі де қоя қояды, — деді Жолмұхан, қасында әңгімелесіп жатқан баланы жұмсап. — Алысырақта бір дүрсіл бар ма, қалай құлағыңды тосып байқа. Төңірекке ит-құс келіп жүрген жоқ па екен?

— Үйренбеген антұрған, менің өзіме де абалайды ана төбет, — деп Құрмаш қолына таяқ алды да далаға шықты.

Ол үй іргесінен көп ұзамай отыра қалып жан-жаққа көз жіберіп еді, көзге еш нәрсе ілінбеді: бірақ алысырақта — сайдың аяқ жағынан дүбір естілді, бала анық айырды: шапқан аттың дүрсілі және бір емес, бірнеше аттың қосыла шапқан дабырлы дыбысы. Неде болса анықтап есітейін деген оймен Құрмаш жүгіріп сай жағасына келді. Жайылудан гөрі шәшкелеп салған шөп пен астауға төккен жемге көбірек тұратын жылқының құлынды биелері орнында көрінді. Қалған бойдақтары мен ұсақ тай, құнандар сайдан әрі тепсеңді бойлап жайылып жатыр. Бірақ жүгіріп келіп тағы да отыра қалып құлақ тосып еді, әлгідегі дүбір саябырлап қалған, құлаққа шалынар-шалынбас, өте әріде еміс-еміс бірдеме ызыңдағандай болды. Құрмаш сәл отырып, жарытып еш нәрсе есіте алмаған соң ауыл бетке көз жіберіп еді, әлгіде көзге түспеген жаяу адамның қараң-қараң елесін байқады. Бұл кім? Мал басын бақылайтын, құлынды биелердің түнгі жайын күйттейтін жалғыз Сәрсен ғана. Мезгілсіз шақта Сәрсен неге сай басында жүр? Әлде басқа біреу ме? Құрмаш енді қараңдаған адамға қарай жүрді. Жалаң аяқ, басқан дыбысы білінбейтін және өмірі аяңдап жүріп көрмеген Құрмаш желе-жортып бейсеуат жанға жақындап келіп тағы да отыра қалып еді, кешеден бері әлденеше рет көрген шоқша сақал, дембелше сары кісінің алдымен көкжиектің бұлыңғыр бедеріне сызып салған суреттей сақалы шошая қалды.

— Сәрсен аға, сіз бе? — деді ол түрегеліп тары да жортақтай жақындап.

Сәрсен шошып кетті.

— Иә, мен, мен. Мен мына биелерді қарауға келіп ем... Өзің қай баласың? Аяқ астынан шыға келгенің...

– Құрмашпын.

— Ә... Әлгі палуанның қасындағы. Жай ма?

— Ит үріп, дүбірлеп шапқан аттың дүрсілі шыққан соң нағашым қарап кел деп еді.

— Ие, мен де дыбыс шыққандай болған соң... құлағым да естіңкіремейді... Алайда биелер орнында көрінеді... Ит дейсің бе? Иттер осы жерде жүр білем...

Сәрсеннің сөзі үздік-үздік және қисынсыздау шыққанмен бала оған зер салмады. «Жеті түнде мені көрмей, зәресі ұшып кетті білем шалдың», — деп қорытты. Сөйтті де, ол күндіз арсылдап қауып ала жаздаған төбеттен сескеніп, үйге тезірек оралу жағын көздеді. Сай жақта жүрсе мені байқамай қалар деп ойлады.

— Еш нәрсе білінбейді, нағашы. Әлгі жылқыны жайлап жүрген шал да далаға шыққан екен. «Ит үргенін естіген жоқпын» дейді. «Дүбірі не?» деп сұрасам, «дүбір жәй шығар, биелер орнында көрінеді», — деп аузынан сөзі түсіп бара жатқандай «мен, мен» дегені.

Жолмұхан Сәрсен жөнінде де, мал жөнінде де әңгімені жаңартуға зауықты емес еді. Өмірі малдың басын қайырып, болмаса оған шөп салып, суарып күйттеп әдет алмаған кісі, мына біреуден қалған жылқыға ұқыпты қожа бола қалу оған аса қол шаруа көрінбеген сияқты. Ол жайбарақат жауап қатты.

— Жарайды, Құрмашжан, ұйықта. Мен де өзі бүгін шаршап қалыппын, анда-мұнда көбірек жүріп, — деді.

Өзі кешікпей салыққан денеге әл-қуат құяр қатты ұйқыға еніп кетті.

Мал бағып, кеш жатып, ерте тұрып, шаруа жайын үлкендерше баптап, үлкендерше қамдап үйренген Құрмаш ертеңіне Жолмұханнан бұрын оянып, түнде болған өзгерісті алдымен байқады. Ол Көк төбет пен Бөрібасардың ұшты-күйлі жоқ болып кеткенін бірден көрді, Сонсоң мініп жүрген, бірақ кеше кешке жылқыға қосып жіберген жіңішке қара көк биені жоқтады. Мұнан кейін қыр беттегі жайылған, үй маңындағы күтуде тұрған жылқыларды түгендей келіп алты-жеті малдың саны жетпей қалғанын тапты. Мұны Жолмұханға баяндап еді, ол:

— Сәрсенді шақыр, — деді.

Сәрсен түндегі айтқанын бүгін тағы қайталады.

— Дүбірді естігенім жоқ. Ал, қорадағы, сайдың арғы жағындағы жылқылар қозғалмай жайылып жүрген. Қазір түгендейік, қандай жылқылар жоқ екен. Ауа жайылып жүрген шығар, жылқы алатын ұры-қары жоқ еді.

— Осында бір-екі ит бар еді, олар да жоқ. Иттерді ертіп әкететін кім бар?

Бұл сұраққа Сәрсен мүдіріп қалды.

— Ит... ит дейсің бе? Ит деген... Оны кім әкетсін? Қаңғып тышқан аулап жүрмесе...

Ит Сәрсенге де үлкен ой салды.

Көп заманнан қоңсы қонып, білімді, даңқты, дәулетті ағайынның малын өз малындай, мүлкін өз мүлкіндей көріп кеткен, айтқанын екі етпейтін, сыртқа мақтаныш етіп, үй арасында қошемет көрсетуді ғана білген момақан, бірақ ақылды, өз пайдасын да білетін Сәрсен Ақметшені тұтқындап қалаға әкеткенде өз шаңырағы ортасына түскендей қайғырып еді. Бірақ заман басқа, заң басқа, ашық айтып, ашық қайғыруға оның шамасы келмеді, бар қайғысын ішіне түйіп, бірнеше күннен бері мең-зең жүрді. Ол жанаса ағайын Таңқыбайды өлтіріп қашып кеткен Қаршығаны басында сөгіп, жесір Қибатты аяп көзіне жас та алған. Алайда, соңғы күндері, онан да үлкен уақиға: ата-бабасына бақ-дәулет арнап қонған, өз басына ақыл-білім өлшеусіз дарыған, бүтін уезге, қала берді губерняға аты мәлім Ақметшенің мойнына құрық түскенде Таңқыбайдың өлімі, Құныскерей атып кеткен комсомол Шынғалиевтің қазасы оған құдай өзі беріп, өзі алған, көп пенделердің бұ дүние мен о дүниеге үздіксіз көшіп жататын, «ел бейшара, иманды болсын!» деп бет сипаумен бітетін тағдыр тәртібіндей көрініп еді. Ал, Ақметше оған орны толмас, ұсталады деген ұғымға сыймас, орын-жай мекені иесіз қалар деген ойдан жоғары бір жеке тұрған асқардай көрінетін.

Түнде есігінің алдына келіп аттан түсе қалған Қаршығаға қолынан не келсе соның бәрін аямай көмектесуге дайын еді. Сондықтан да ол жеті түнде жортып жүрген жанның ісі — адыра қалып бара жатқан мекен иесінің қорғанған ісі мал-мүлкін әлі келген жолмен сақтап қалу ісі деп түсінген. Ол тіпті Қаршығамен ілесіп жүре беруге де бар еді, оның бағына қарай Қаршыға оған: «бес-алты жылқыны байлап-матап алдына салып беруді ғана бұйырды. Ол дегенін сөзсіз орындады». Үйіне риза болып қайтты. Бірақ үйден маңқылдай үре жүгіріп, сайдағы иесін көргенде құйрығын бұлаңдатып қалған төбеттің Қаршығаға еріп кеткенін білген жоқ-ты. Ал, Сәрсен үйдей Бөрібасарды қараңғыда байқаған да жоқ, ол үрмей-ақ арс етіп сай басына бір-ақ шығып, Қаршығаның қуалай жөнелген матаулы жылқыларын бірге айдасып кеткен-ді.

Сәрсен қазір: «Бәленің бәрі иттен келетін болды, Егерде іздеуші шығып итті тапса, Қаршығаны да табады», — деп уайымдай бастап еді.

6

«Бір секірдің — құтылдың, екі секірдің — құтылдың, ал, үшіншіде...» «Батыл, алғыр, шаршамайды да, бірақ осы жолы іс бітіріп қайтса да, бітіре алмай қайтса да бұл балаға ендігәрі ауыл арасындағы жортуылды қойдырған мақұл» деп ойлады Құныскерей, алдағы үлкен жортуылдың бүге-шігесін ойлап жатып. Бір кез ұйықтап кетті.

Ол түннің әлде не уағында тұрып, Жайық жағасына барып отырды, аттарды барлады. Бос жүрген Ақбозды ақырын ғана «ғыш-ғыш» деп шақырып алды. Оның құлағының түбін қасыды, күндізгі Қаршыға алып келген шекерден бір-екі шақпағын жегізді де, атты отқа қоя беріп, ұзақ уақыт көз іле алмай тың тыңдап ояу отырды.

Түнде көш жерден қарауытқан нәрсені талдап айырып, мал мен жанды шатастырып көрмеген, онан да алыстағы дыбысты құлағы шалып үйренген бұл саққұлақ адам Қаршығаның дүбірін тоғай шетіне түспей жатып есітті. Ал Тоғайдың шеті су жағасынан бес-он шақырымға дейін қашық, тап бұлар қонақтаған түкпірдегі орманнан ең кем дегенде тоғыз шақырымдай жерде еді.

Құныскерей елегізіп бір тұрып, бір отырды, Ақбозды тағы «ғыш-ғыш!» деп шақырып, бірақ жетіп келген атты ер салмай желкесінен, сауырынан сипап өтті де, «бара бер!» деп қоя берді.

Алайда, иесінен кем елегізбеген бұл ақылды ат та алыстағы дүбірге қарап құлағын қайшылай бастады. «Бір... екі... үш...» дүркіреген осы дыбыс бірден-екі анықтала түскенмен, топтанып, дүбірлеп, қайта-қайта санай бастаған Құныскерейге қанша тұяқ екенін аштырмады. Дүбір жақындаған сайын, ат та құлағын қайшылауды үдете түсті. Ол бір кез ілгері жүре түсіп, аяғымен жерді тарпып, тарпып жіберді де, осқырып қалды. Құныскерей атының құлқы өзгере бастағанын көріп, оны жалма-жан ұстай алып, ағаш түбіндегі ер-тоқымын салып, жүгендеп ауыздықтады да, шылбырын сүйретіп бос қойды. Ол екінші атты да жақындатты. Бірақ оның тұсауын алмастан тізгінін ағаштың бұтағына оңайлап күрмей салды.

Жоқ, қуғыншы да емес, көлденеңнен кездескен жылқы айдап алушы да емес, тура белгілі жерден маңдайын қисайтпастан, бірнеше жылқыны матап айдап жеткен Қаршыға екені беп-белгілі. Екпінді жігіттің жапыра басып, жатқан жерге жетуге асыққан жойқын жүрісі.

Тағы да Ақбоз осқырып қалды да, алдыңғы аяғымен жер тарпи бастады. Сөйткенше болмай «арс» еткен иттің даусы екі аттың екеуін де, тіпті еш нәрседен сескеніп көрмеген Құныскерейді де селт еттірді. Арс еткен дауысқа қосыла:

— Ақтабан, Ақтабан, ә-ә! Ақтабан, Ақтабан, ә-ә, — деген Қаршыға дауысы орманды жаңғыртып өтті.

— Мына төбеттерді қайдан таптың? — деген Құныскерейдің күңгірт, әрі ызғарлы дауысы Қаршығаны да, оның итін де жерге жымырып жіберерліктей қаһарлы шықты.

Жеті түнде тапжылдырмай бар істі бітіріп қайтқанын мақтау орнына жекіріп сөйлеген Құныскерей жігітке қатты әсер етті. Ол қорқып кетті. Неге ол итті жек көреді? Ит деген адамға серік. Егерде Ақтабан болмаса ол олай бір, бұлай бір бұлтақтаған қосақтаулы жылқыны бұл жерге таң атқанша да жеткізе алмас еді. Ақтабан қасқырша қайырып жолдан шығармай, тура айдасып келген жоқ па?!

— Аға, мен емес оларды іздеген. Иттердің өздері іздеп тапты мені. Жылқыны қуалай жөнелгенімде Ақтабан «арс» ете түсіп, қуыса жөнелді. Қай жақтан келіп қалғанын өзім де білмей қалдым, Ал, мынау Қойбағар Ақтабанның соңынан дарбақтап шауып о да жетті.

— Kepi қу!..

— Жарайды. Мына мылтықты, оқ-дәрімді шешіп алайын.

— Қаршыға аттан түсіп, ер қасына ілген мылтықты жерге қойды. Сонсоң қанжығаға бөктере байлаған киіз дорбаны шешіп алды.

— Бері әкел! — деді Құныскерей мылтықты көрсетіп. Шеттікі емес пе, бұл мылтығың?

— Солай, аға. Жап-жаңа мылтық. Киіз қапқа салып тығып қойып едім, бір жерін де тат шалмаған.

— Оны қайдан көрдің?

— Көрмесем де қолыммен ұстап сездім.

— Оғы қанша?

— Оқ көп. Жартысы жапондікі, жартысы үлкен бентовканікі.

Құныскерей риза болған адамша тамағын кеней түсті.

— Жартысы үлкен винтовкінікі де...

Оның бұл жолы үні де жұмсақ естілді. Қаршығаның көңілі орнығайын деді. Аздан кейін Құныскерей оған бұйрық ретінде:

— Алдымен ана иттерді қуып жібер! Сонсоң жатып дем ал. Иті бар адам «мені тап!» деп айқайлаған баламен бірдей, кәдімгі жасырынбақ ойнаған баламен бірдей.

Қаршыға қамшы сілтеп Қойбағарды қуа түсті. Ал, өзіне аң ауласып үйренген Ақтабаны ағаш арасына сүңгіп жоқ болды. Ол үйге қарай еріксіз шоқаңдаған Қойбағарға ермеді...

ТӨРТІНШІ ТАРАУ

1

«Шеген құдық» Әділбекке естен кетпестей әсер етіп еді.

Үлкен ақ үй, онан да ақ және өзгеше әдемі отау. Биік шегенді құдық. Құдыққа таяу жағалай құрылған шатыр лапас. Лапастың асты да, айналасы да толған қаз мойын арғымақ жылқылар. Ол жылқыларды әзірге бабымен жемдеп, бағып, суарып, биесін байлаттырып, құлындарын ағыттырып басқарған, төртпақ келген палуан денелі, тайқы маңдай, қызыл күрең жүзді Жолмұхан. Ал, бұл Жолмұханның қасында өзінің кәдімгі ағайыны, жаздыгүні Жымпитыға өгіз арбасына мінгізіп апарған Қабылбайдың Қара-Құрмашы. Құрмаш Әділбекті көре сала иесіне жалбаңдаған күшіктей қисаңдап, алыстан-ақ ыржия түсті. Ол арбадағы сұлу қызға бір қарап, Әділбекке бір қарап, әлденеге таңырқағандай, жақындай берді.

— Құрмаш, бас аяғыңды, — деді оған Әділбек, қала салтынша бір қолын беріп амандасып. — Аманбысың? Сен мұнда қалай келіп қалдың?

Құрмаш тағы да қызға бір қарап алып, үлкендеу аузын кере бастады.

— Нағашыммен екеуміз, Ақметшенің асыл тұқымды малын кедейлерге үлестіріп, қалғанын бағып отырмыз. Басқа мүліктерін де шашау шығармай Хакім ағам берген бұйрығын орындамақпыз, — деді.

Күдіктенгендей бала тағы да қызға қарады.

— Ә, сен де әкім болдым десейші! Әлгі Жолмұхан деген нағашың ана тұрған кісі ме? Жарайды, онда мына атты доғарып, басын қаңтарып анау ағашқа байла.

Сөйтті де ол, делбесін Құрмашқа ұстата салып, Жолмұханға қарай жүрді.

— Аман ба, шырақ, — деді де қойды Жолмұхан тезірек жүріп келіп амандасқан Әділбекке.

Ол артың тіл қатпады. Қызға иек қаққандай бір нышан білдірді.

...Мынау бір дәу екен. Палуан деуші еді — рас-ақ шығар. Анау жауырын, анау иық осал кісіге бітетін мүшелер емес. Қара саны бураның санынан бір де жіңішке болмас, — деп ішінен Жолмұхан палуанға риза болып аз тұрды да, сонан кейін Ақметшенің салтанатты мекен-жайына көз тікті. «Апырмай, мына дүние, мына байлық, анау жатқан ен жайлау!» — Әділбек құдықтан арғы сай алақанына қарап еді: төрттен, бестен шоғырланып жайылып жүрген бірінен-бірі аумаған қызыл нарларды көрді. Жас жігіт басын шайқап қойды. Атақты Ақметшенің жұрт аузынан түспейтін нарлары...

— Нағашы, Әділбек ағам келді ғой. Кәдімгі Хакім ағамның кіші інісі, — деп мақтанғандай Құрмаш, Әділбекке тағы да бір қарап Жолмұханға жақындай түсті.

«Хакім ағамның інісі» деген сөзге Жолмұхан қасқырша бұрылып Әділбекке таңырқаған пішін көрсетті.

— Мен сізді білемін, ана жолы қалаға келе жатқанда Құрмаш айтқан. Сіз почта айдаушы Жолмұхан аға боласыз ғой?

— Иә, сен Хакеңнің туған інісімісің?

— Кіші інісімін. Менен үлкен інісі Алматыда оқуда. Ал, мына Гүлжиһан біздің жиен... — деп бөгелді Әділбек.

— Иә, жиен деймісің? Сонда осы қыздың үлесін алып кетуге келгенің бе?

— Енді, енді қалай десең де жақын адам болған соң...

— Жарайды. Онда ана үйге кіріңіздер. Үй иесі әзірге осы бала. Дүниесін түгендесін. Кәмпескеге жататынын жатқызармыз.

Жолмұханның сөздері Әділбекке келіге тары түйгендей дүңкілдеп естілді.

Жолмұхан: «Хакімнің інісі ол қызды алып келіп, кәмпескеленген байдың үлесіне ие болады» деп ойлаған жоқ еді. Ақметшенің бұл белгілі уезд басшысына жақын екенін де білген жоқ-ты. Сондықтан Әділбекті Құрмаш: «Хакім ағамның інісі» дегенде аң-таң қалған. Енді ол әңгіменің бәрін бірден түсінгендей болды. «Тегін адам ие бола ма?» деп, текті адамдарға дін қойып өскен бұл қыр жігіті: «Бәсе!» деп жалпақ басын бір шайқап қойды. «Сұлтандар сияқты жұрттан өзге, әрі оқымысты, әрі дәулетті Теке мен Орынборға, тіпті Саратов пен Петерборға аты мәлім Ақметше правитель белгілі Жүністің жиені екен ғой! Ал, Жүністің атақты ақын Нұрымы ана аласапыран кезде Жаншаның жігіттерін әнімен, жырымен бір уысына ұстап еді. Енді мына Хакімі бүкіл уездің қожасы — аузымен құс тістеген пыркарол. Тектіден текті шығады деп осыны айт!

Шіркін-ай, Нұрым қандай еді! Сөз десең сөзге ұста, ән десең әнге ұста, жыр айтқызсаң бір таңға жыры таусылмайтын сабаз еді. Сондай сабаздар да дүниеден көшті. Иманың жолдас болсын, нар келбетті досым!» — деп Жолмұхан бетін сипады. Сол сағаттан бастап бірбеткей, өз дегенімен өскен бұл ер адам Әділбекті өзіне баулып алды.

— Сен қарағым, Хакім мен Нұрымның інісі екенсің ғой. Мен Нұрымды мұнан он жыл бұрын құшақтасып қосылып дос етсем, Хакім мені жазым басқан жолымнан бұрып, азаматтық борышымды ақтауға қосты. Бұл маған ардақты досымның аруағы үшін істелген жақсылық. Маған кімнің бай, кімнің кедей екені керек емес, кеудесіне сыймай дүрс-дүрс қағып тұратын жұдырықтай жүрегі бар қазақ керек. Ал, сен сойыңа да, бойыңа да қарағанда сондай ер жүректінің бірі боламын деп тұрған жігітсің. Мұны келбетіңнен де, қимылыңнан да көріп тұрмын... — деп бір қойды.

Әділбек ұйып кетті. Ол Жолмұханның кім екенін аңғара бастады, тағы не айтар деген оймен оның аузына бақты. Жолмұхан күттірген жоқ, не ойлайтынын, не істейтінін бір-ақ айтып салды. Оның сырт тұрпаты қандай болса, ойы да, ісі де сондай айқын, сондайлық елеулі болып шықты.

Мына қыз бала бөлінген он жеті қарамен қоса мына тұрған отауын алып кетемін десе де өз еркі, біреуге тапсырып қойып кетемін десе де өз еркі. Ал, қысқы қарағай үйді ауыл Совет конторға алды. Жолым үйді Албар дейтін малшыға бердік. Маған Хакеңнің тапсырғаны: ана асыл тұқымды қызыл нарлар мен арғымақ жылқылардың қалғанын Бес Қалмаққа жеткізіп беру. Осы міндетті орындасам болды. Жуымайын-ақ деп едім, Хакең болмады. «Сен болмасаң мына малды кім көрінген талан-тараж етуі мүмкін», дейді. «Талан-таражы» басталып та қалды. Алдыңғы күні бес-алты жылқы ұшты-күйлі жоқ болды. Сірә, әлгі Ақметшенің қашып кеткен баласы суық қолын сұқты ма деймін...

Бұл сөзге Әділбек түсінбей қалды. Ақметшенің қашып кеткен баласы Қаршыға болу керек. Ал, ол қалайша қолын сұғады?

— Жолмұхан аға, көп-көп рақмет сізге. Нұрым ағамды сыйласаңыз, оның құшақтасып қосылған досы болсаңыз сіз маған да бөтен емессіз, Нұрым ағаммен бірдейсіз. Қолымыздан келгенін біз де хал-қадерімізше көрсетерміз, өйткені аға сыйлағаннан өзге ініге үлкен дәреженің қажеті жоқ деп білеміз. Сөйтіп, мына Гүлжиһан екеуміз сапар түзеп келіп қалдық...

— Бәрін де өзім реттеп беремін. Бұл балаға да оңай емес, жас басынан мұндай хасіретке ұшырағанына...

Жолмұханның сөзін аяқтатпай қыз өксіп-өксіп жылап жіберді. Жолмұхан да, Әділбек те енді тек соны жұбатумен болды.

— Шырағым, бұған да шүкір де. Мына сияқты қолы тиген жерді омырып жіберетін қайратты жас жолдасың болғаны — бақытың.

Үйге кіргеннен-ақ Гүлжиһан өзінің төсегіне отыра кеткен. Ол ұзақ уақыт бейне бір жансыз адамдай сұп-сұр болып жағын таянып, төмен қарап үнсіз қалған еді. Ал, бұрын өзі көрмеген тіпті атын да естімеген адам барлық мал-мүліктің, мекен-жайдың қожасы есебінде бағып отырғанын және енді не боларын айтып, «бұл балаға оңай емес, жас басынан мұндай хасіретке ұшырап» деп мүсіркегеніне шыдамады. Болған уақиғаның ащы зәрі жүрегіне жаңа ғана құйылып кеткендей. Ол Әділбектің де:

— Гүлжиһан, сен берік бол. Сен ақылға сал бәрін де, босай бергеннен енді пайда жоқ, — дегеніне де жұбанбады.

Қисая түсіп солқылдап жылап отырды да, есіктен кіріп келген өздерінің жақын жеңгесін көргенде дауысы көтеріліп кетті. Бұл көптен бері анасындай болып кеткен орта жастағы әйел еді. Өзінің келін-баласын күтпесе де, Гүлжиһан мен Ақметшені бағып-қағуға бар күшін жұмсаған мейірімді жан болатын. Әйел де үн салды...

Жарайды, бала, біз үлкен үйге барайық, шерін тарқатсын бейшаралар, — деді Жолмұхан Әділбекке.

Үлкен үй кеңсеге бейімделіп, жүк-жиһазын қазан жаққа жинастырып, оң жаққа стол қойылған екен. Әділбек пен Жолмұхан сол стол жанына отырды. Ежелден шаруашылықты баса ойлап, соның қамын қамдайтын Әділбек істер істі бірден жобалады. Ол:

— Жолмұхан аға, мына қыздың отауын да, малын да әзірге осында қалдырып кеткен мақұл болар деймін.

Өйткені малды сату да, айдап әкету де қазір күшке түсер, — деді.

— Үйін ертең жықтырып, қыстауға апарып Ақметшенің көп шоланының біріне жинап, сыртынан кілтте де, ана әлгі Әлбар дегеніне тапсырып кет. Ешкім де тимейді. Малды да солай ет. Әзірге оны алушы да шыға қоймас бұл жерден. Ал, кооператив бастықтарының бірен-саран жылқы мен түйеге зауқы шапса, мен ертең олармен сөйлесейін, қаржы табар төлеп жіберетін, — деді.

— Дұрыс-ақ, Жолмұхан аға. Дұп-дұрыс, — деп мақұлдады оны жас жігіт.

Сонан кейін екеуі шәй келгенше көп жайды әңгіме етті. Әділбекке Жолмұханның өз өмірі де, Құныскерей жайлы айтқандары да бейне ертегі сияқтанды.

— Қаршыға сонда осы төңіректе жүргені ме? Оны неге ұстап алып жазаламайды? — деді Әділбек, әлгідегі «Ақметшенің қашып кеткен баласы суық қолын сұғып жүрмегей» деген сөзді анықтауға асығып.

— Бала екенсің ғой, қарағым, — деді Жолмұхан оған бетіне қарап отырып. — Өзі Құныскерейдің бөлтірігі болса, өзі кісі өлтірсе, қалай ғана оп-оңай қолға түседі деп ойлайсың?

— Кімді өлтіріпті?

— Осындағы өздерінің бір кедей-қосшы болып жүрген адамы.

— Мен мұны естіген жоқ едім, Жолмұхан аға.

— Естімесең сол. Әлі де талай қызықты естірсің. Он жылдан бері Құныскерейді ұстай алмай бүтін уезд болып әуре-сарсаңға түсіп жүр. Мүмкін екеуі қазір бір жерде, тіпті осы маңда жүрген шығар. Ол әккі болған қуды айдаладан іздесең, үй іргесінен шыға келеді. Ал, үй іргесін тінтсең — құм арасынан, сонау Адай беттегі үстінен құс ұшпас, бұйра құмының қарталанған көп қыртысының арасында жатады, — деді.

Жолмұхан сөзі Әділбекке өз көзімен көріп келген жанның сөзіндей көрінді. Құныскерей сырын Жолмұхан жақсы біледі екен.

Ертемен Әділбек үйреншікті әдетінше атын баптады. Жегіп келгені Бекейдің жуан торысы еді. Оны суарып алып, алдына жем салды; үстін тараштап, қатқан тердің іздерін кетірді. «Үйде де шаруа бастан асып жатыр еді, бұл жерден енді келген жұмысымызды тезірек бітіріп аттансақ етті», — деп, кейін елге қайту және Гүлжиһанды тағы да Орал қаласына жеткізу қамын ойлады.

«Бәрекелді, шабыны белуардан қыры мен сайы бірдей жеріңе болайын, жеріне лайық дәулетіңе де болайын», — деді Әділбек өзіне-өзі, Ақметшенің қысқы мекен-жайына ат басын тіреп. — «Қарағай үй біздің елде жалғыз ғана Хамидолла хазіретте бар. Басқа қазекең әзірге ондай салтанатты жайға ие болған жоқ. Ал, Ақаңның мекен-жайымен салыстырғанда хазіретіңіздің үйі аттылы адамның қасына ерген тайлы баладай-ақ екен. Малды қара! Асыл тұқымды нарды қара! Қара көк қаз мойындарды қара! Әттең, осыншама дәулет бір өзіне бұйырмастан кетеді-ау әркімнің қолында тоз-тоз болып... Апырым-ай, біздің Әлібекте түйір ақыл болсайшы! Осының бәрін өз көзімен көріп қайтты-ау. Қолына қонған бақытты босқа қоя беріп». — Ол Гүлжиһанға байқатпай басын шайқап-шайқап қойды. — «Мына қызға алдақашан үйленіп, айдың-күннің аманында отауымен, жиһазымен, жылқысымен мыңғыртып көшіріп алатын! Сонсоң, біразын ақшалап алып, қызды қолынан жетектеп Алматысына алып кетіп, сол жаққа тастай батып, судай сіңетін кісі. Тфу! Ақылсыз, бос белбеу, боз быламық Әлібек-ай! Ақылсыз жалғыз Әлібек емес, ана Әкім ағасы да...» — деп іркіліп қалды тамағын жұтынып. — «Бас пайдасын білмейтін бұл қандай мақұлықтар! Ақаңның малдан бөтен, әлі өз басына жетерлік, жалғыз өз басы емес қызы мен ұлына да жетерлік жасырын қазынасы да бар шығар. Мұндай адам, көзге түсер дәулеттен өзге, көзге түспейтінін де жинаған шығар-ақ. Әлгі... қызына тапсырған жасырын әңгімесі, көмулі қазына жөнінде болмағай. Егерде бұл бір қымбат мүлік болса, оны қай түрде алып кетеміз? Соны Текеге жеткізсек арғы жағынан ана біздің былжырақ жігіт келе қалса! Әй келмейді ғой: өзінен-өзі айдың-күннің аманында үркіп, шығандап жүрген бейшара бала.

Келмесе тірі құртты. Бәрі де құрыды! Ақаң түрмеде. Мына қыздың халі мынау, айдалада қалған киіктің жетім лағындай. Бұл қалай ие болмақ мал-мүлікке?!

Әкесімен екеуіне тиген отыз төрт қараны қазір алып кетуге де қиын, сатып кетудің де жөні бола қояр ма екен; бұл да қолға дұрыс тимес. Тым болмаса бір-екі нарын, бір-екі арғымағын елге жеткізе алсақ...»

Әкесінің құпия тапсырмасын Гүлжиһан Әділбекке шет-жағалап шығарда айтқан болатын. «Қызына тапсырғаны көмулі қазына болмағай» деп жігіт соны болжалдаған. Басында «бірбеткей және дөкір» деп Әділбекті қыз ішінен жек көрсе де, кейін оның қайраттылығына, қолынан қандай болса да іс келерлік батылдығына және өзгеден бөлек өзін шын аяп, жақындық сезімін аямағанына ол қатты риза болып еді. Сондықтан да ендігі жерде қыздың бар сенгені жалғыз Әділбек қана болды. Әділбектен ол сырын да жасырмады, оның берген ақылын бұлжытпай орындауға тырысты.

— Әділ нағашы, енді папамның тапсырған аманатын іздейік, — деді қыз отауын жықтырып, арбаға тиетіп, қыстауға алып келіп, өздерінің жылда жайлауға шығарда артық жүкті жинап кететін шоланына кіргіздіріп, есігін кілттегеннен кейін.

Сөйтіп, Әділбек пен Гүлжиһан қыстаудан екі шақырымдай жердегі бейітке келді. Бейіт алақанда тұрғандай-ақ алыстан көрінетін тепсең жерде екен. Жақындаған сайын қыздың түсі сұрлана берді. Екеуі қыз иегімен меңзеген үлкен құлпытастың құбыла жақ бетіне жақындай бергенде, жанындағы көне қабырдың аяқ жағын ала Гүлжиһан етпеттеп құлай кетті. Анасының қабыры екенін Әділбек бірден сезді де, қыздың үн салуына жол бермей, құлпытасқа қарап жүгініп отыра кетті де «ағузыны» боздата жөнелді. Ол құранды көп оқитын, аятты да жақсы айтатын тақуа Бекейден үйренген бар өнеріне аямай басты. Үнін қоюлата шығарып, мәддіні көтере мұқамдады; тыңғыға келгенде әндетіп тоқтап, жаңа жолды жоғары бастады. Ал, «Сұбхана раббиканы» өте бабына келтіріп құйқылжытып жіберді. Қыз бұл ғажап аяттың, ойламаған жерден оны оқыған молда мұқамды Әділбектің үніне ұйып қалды; үнсіз өксіп, солқылдап жылап тіпті үн сала бастаған ілкі қалпынан су сепкендей тынып, еріксіз саябырлады; жас жігіт осылай жұбату үшін де бар білгенін құран хадисіне салды білем, әйтеуір діндар тәрбиемен өскен қыз қол жаюға жеткенде ішінен дұғасын оқып, сенген сүйенішті күшке мейлінше жалбарынды. Баптап қол жайып, бұл бір көңілге медеу мұсылмандық салтты тамамдағаннан кейін, Әділбек ақырын ғана:

— Қабыр басында үн салуға жарамайды, аруаққа ауыр болады. Мұнан былай есіңде болсын, бұларға тигізетін біздің бар жақсылығымыз: «Иманы жолдас болып, бар сауап тие берсін!» деп тілеу, — деген үлкендерден үйренген мұсылманшылығын уағыздады.

Көңілі тез орнына түсіп, қыз тез күш жиып алғандай болды. Ол кешеден бері қара жұмыстың бәрін бір өзі істеп жүрген, меңіреу жандай, сөзге өте сараң, еңгезердей қара кісіге сыбыр етті. Қара кісі бұлардан кешірек келіп, алысырақта отырып, сырттан дұға етіп, енді жарлық күткендей қызға жақындай түсіп еді. Қыз сыбырынан кейін ол үлкен құлпытастан алты-жеті қадам жерде жатқан құшақ деңкиген қара тасты жалма-жан орнынан аударып тастап, сонсоң оны қос адым жерге домалатты да, босап қалған орнындағы жаншылып, кіші-гірім қазанның аумағындай шұңғылданған жерді кетпенімен қопара қазды. Әлде жұмсақтау келген бұл тепсең жер қазуға оңай ма, әлде ұзын бойлы, тарамыс келген қуатты денелі адамның қол күші жіберді ме, әйтеуір ә дегенше әудем жерді көмбедей етіп белуардан ойып-ақ тастады.

Әділбек қара кісіге қарап, оның қимылына сүйсінгендей болды да, мен жәрдемдесейінші деген оймен:

— Отағасы, күрегіңізді маған беріңіз, мен қазайын, — деді.

Қара кісі оған көзінің астымен бір қарап алды да, жауап берместен, қопарған үстіне жерді одан әрі қопара берді.

2

Әділбекке бүгін де көп нәрселер жұмбақ сияқтанып кетті. Өзгеден бөлек алып денелі мына кісі кім? Орнынан осы кісі ғана қозғай аларлық мына алып тас не тас? Ол тасқа бір, тастың астын қопарған қуатты ірі адамға бір кезек-кезек қарай берді.

— Бері, кел, Әділбек нағашы, — деді қыз оны ақырын жеңінен тартып. — Әкбар ағайдың күшіне таң қалып тұрған шығарсың. Таңданса таңданғандай. Мына тасты осы маңда тек қана Әкбар ағай орнынан көтере алады. Басқалардың оны аунатуға да әлі келмейді. Бұл тасты ерте заманда біздің бабамыз алып келіпті осы жерге. Үлкен жиын-тойда, ас бергенде бәйгеге ат қосу, жамбы ату, белдесіп күресумен бірге осы тасты көтеріп білек күшін де сынасу дағдылы салтқа айналып кеткен. Бірақ мұны ілуде біреу, ең күшті палуандар ғана көтеріп тізесіне шығара алады. Сондықтан «палуан тас» атанып кеткен... Ал, мына Әкбар ағай менің туған нағашым, мамамның бауыры. Жиырма бірінші жұт жылы бізге кешіп келіп осында тұрып қалды. Жеңешем мамам қайтқаннан кейін шешемдей болып кетті. Қазір бізге ең жақын тума осы кісі мен әйелі...

— Түсінікті. Көріп тұрмын тасты допша домалатқанын. Мына дене, ана қолдар көтерер-ақ! Тілі бар кісі ме, неге сөйлемейді? Бәрін ыммен ғана түсінетін жан сияқты, үндемей ісін істей береді.

— Болғанда қандай. Бірақ қазір не сөйлесін. Әңгімелесетін адамы тек папам еді...

— Әрине, солай шығар. Мінезі де өзгеше жан ғой шамасы. Бұл кісіден басқа палуан тасты ана Жолмұхан да көтере алатын адам болуы керек. Денелі, күшті палуан.

— Ол кісіні білмеймін, Әкбар ағайдан басқа тағы да... — Гүлжиһан сәл бөгеліп қалды да, аздан кейін Әділбекке жүгіріп келе жатқан Құрмашты көрсетіп, — ана бала келе жатыр... Иә, Әкбар ағайдан өзге бұл тасты Құныскерей көтеріпті деседі.

«Күшті адамның бәрі осы төңірекке жиналған ба қалай, шетінен палуан, шетінен ауызға іліккен атақты», — деп ойлап басын шайқап қойды. Сонсоң ол:

— Көлденең көздің керегі-ақ жоқ еді, қап мына баланың тағы біздің соңымызға ілескенін. Мен оны ептеп басқа жаққа алып кетейін, ана кісі қазып алғанын көрсетпесін, — деді.

Сөйтті де Әділбек, кешеден бері өзін іш тартып, қасынан шықпай қойған Құрмашқа:

— Иә, бала, жай ма? Ана-мына жұмыспен қол тимей сенімен де дұрыстап сөйлесе алмадым. Бермен жүр. Сенен сұрайтын әңгіме бар, — деп қайта-қайта Гүлжиһанға қарай берген Құрмашты бөлек алып шығып, қыстауға қарай жүрді.

— Жәй, Әділ аға. Сендерді не істеп жатыр екен деп келдім.

— Біз ана Гүлжиһанның ата-бабаларының және анасының басына құран оқыдық. Бейітке келген кісінің шаруасы белгілі ғой.

— Әкбар не істеп жатыр? Қабыр қазып жатқан жоқ па?

— Қабыр қазып жатыр, — деді ол Құрмаштың бұл сөзді аяқ астынан аузына салғанына қуанып кетіп. — Ана ауылда бір жақын-жуығының баласы қайтыс болған екен, соған қабыр қазуға жәрдемдессін деп хабарласа керек.

— Ол кім екен? — деп Құрмаш ойланып қалды, Әділбектің бос сөз сөйлемейтін салуалы сұсты жүзін көріп, сұрағын тоқтата қойды.

— Сен бала қазір не істеп жүрсің? «Жаздыгүні оқимын, Хакім ағам оқуға кіргізеді», — деп едің. Ол талабың не болды? Айтқандай ана Қабыл байдан ақы даулап ала алмадыңдар ма?

Құрмаш үлкен адамдарша қабағын керді, тамағын кенеп, бейне бір баяндама жасайтын кісідей баптана түсті. Ол соңғы кездегі қала мен далада көрген қызық уақиғаларын өзін тең көріп сөйлесе бастаған ағайынына жақсылап, баптап, кәдімгі Хакімше асықпай, ретімен тізіп айтпақшы болды. Бәлкім оның ішіне сыймай жүрген көп әңгімесіне тап осы жер, іздегенге сұраған дөп келіп, нағыз тыңдаушысы осы Әділбек болып көрінген де шығар!

— Әділбек аға, Хакім ағамның айтқанын бүкіл уезд тыңдайды. Жұрттың бәрі соның аузына қарайды. Тап осы Ақметше Мұқаметшиннің кәмпескеленген мал-мүлкін орны-орнына қою жөнінде де Хакім ағамның бұйрығын барлығы аяғынан тік тұрып орындап жүр. Мен болсам сол Хакім ағам не айтса — соны істемекпін. Жолмұхан нағашым да Хакім ағамның бұйрығын бұлжытпай атқарып жатыр. Ертең, не арғы күні мына жылқыларды шашау шығармай, сонау арғы жақтағы Бөкей беттегі Қисыққамыс, Бесқалмақ деген жерге айдаймыз. Онда Қызыл әскерге жақсы ат өсіретін совхоз ашылады дейді. Соған тапсырамыз. Сонан келген соң мен қалаға барып Хакім ағам кіргізген курс-оқуда боламын. Курс-оқуды бітірген соң Хакім ағам артельдің машина-жабдығын сен басқарасың деді. Ол үшін машиненің оқуына жетіліп шығасың деді. Жер жыртатын, тұқым себетін, егін оратын, шөп шабатын толып жатқан түрлі машинелердің тілін біліп шығасың дейді...

— Імм, өзің нағыз машиненің нәшендігі болып шығады екенсің...

— ...Бұл алдағы күнде болатын жұмыстар. Ал, «Қабыл байдан ақы алдың ба?» дейсің ғой. Ақыны сот алып берді. Қалима апамды да Хакім ағам қаладағы қыз балалар оқитын оқуға кіргізді. Қазір сонда оқуда. Ал, Қабыл байды Жетісуға айдап жібердік. Мал да көп еді, шіркін. Әсіресе мың жарымдай ақбас атан бар еді. Жылқыны, қойды былай қойғанда, қызына он жеті қара, өзіне және кемпіріне он жетіден отыз төрт қара мал берді Қарабай. Оны кәмпескелеген Қарабай ғой кәдімгі, кеше осында келіп кеткен.

Әділбек ойланып қалды. Оның ойына: «Рақымғалидың маған айттырып алып берем деген балдызы не болды екен? Әкесімен бірге кетті ме екен? Ойпырмай, кеше аузымен құс тістеген құдіретті бай, бектер, бүгін ел-жұрттан, малдан, жерден жұрдай болғаны. Ей, тоба-ай! Бұл заман не болып кетті өзі» — деген қым-қиғаш адам ойына сыя бермейтін сұмдық нәрселер, бір жағынан адам аяғандай, кеше көрген адамдардың көзден ғайып болған ауыр жайлары түсті. Ол біраздан кейін:

— Рақымғали қайда? Елге көшкен жоқ қой? Әлгі аты кім еді балдызының, ол әкесімен бірге кетті ме? — деп сұрап еді, Құрмаш оның бүге-шігесін қалдырмай айтып берді.

— Үлкен қызы Рақымғали үйіндегі жеңгеміз Зейнеп. Ал, бой жетіп отырған кіші қызының аты Нақия. Отауы бар, малы бар, жиһазы бар бай қызына кім көз тікпейді? Нақияны, кәдімгі Бүкі Жанғалидың оқыған баласы Төрәлі әйелдікке алды ғой. Төрәлі Хакім ағайлармен қатар оқыған, елде әкім болып жүрген адам ғой. Жасы әрине қыздан көп үлкен, қырыққа келген сақа кісі ғой...

— Төрәлінің әйелі, баласы жоқ па еді? — деп сұрады Әділбек, әлде бір өкінішті үнмен.

Бала оның үнін де, ойын да шамалағандай:

— Әділбек аға, сондай біреуді іліп қалса да болар еді... Дегенмен ана... — деп кейінде қалған Гүлжиһан жаққа қарады.

Әділбек те оның кешеден бері қызға қарай бергеннен ойын түсінген: «мына қызға үйленген екенсің ғой!» деген қарас еді бұл.

— Сен, бала, жарайсың. Бәрін біліп шықтың. Ал, Гүлжиһанға сен қарай берме, ол біздің Әлібектің келіншегі сенің де, менің де жеңгем есебінде, — деді.

Бала қып-қызыл болып кетті.

— Жоқ, жоқ, — деді ол сасып қалып, — ойлағаным жоқ, Әділ аға, сені үйленді деп.

Бұлар әңгімелесіп едәуір жерге келіп те қалып еді. Палуан тастың астынан Әкбар да бұл кезде іздегенін суырып алып, орнын қайтадан топырақпен толтырып, жым-жылас етіп, тасты аударып домалатып әкеліп, бұрынғы орнына қойған. Шашылған жас топырақтың үстінен шыққан адам болмаса, көлденең көзге жер де тегіс, тас орнында — бәрі баяғы қалпында сияқты еді. Қазып алған затын шекпеніне орап қолтықтап, қыстауға қарай аяңдаған Әкбарды, өздеріне қарай бұрылған Гүлжиһанды көріп Әділбек Құрмашқа:

— Сен бала, енді барып біздің атты жегіс. Біз кері «Шеген құдыққа» жете қонып, ертең ертемен ауылға жүріп кетеміз, — деді.

— Әділ аға, мен анау күні Қаршығаның және әлгі оның қасындағы бас кесердің жатқан жерін тауып бердім. Қызық, бірақ, кетіп қалыпты, ұстай алмадық, — деді Құрмаш екінші әңгімесін бастап.

— Жарайды, ол әңгімеңді екінші келгенде айтарсың, — деді Әділбек асығып, есі-дерті қазып алған затты көрсетпей, көлденең көзден тасалау қамында болып. Құрмаш оның айтқанын екі етпеді.

— Жарайды, Әділ аға, аттарды қазір дайын қылам, — деп аяғын жүгіре басып жөнеле берді.

Құрмаштың әңгімесін тыңдауға Әділбектің уақыты да болмады және «Қаршыға мен «Бас кесердің» жатқан жерін тауып бердім» дегеніне нанып құлағын да тоса қоймады. Ол ертеңіне түйе арбаға тиеген жүгіне Әкбарды мінгізіп, Гүлжиһанмен екеуі ат-арбасына отырып Оралға жүріп кетті.

Құныскерей, Қаршыға және оларға байланысты көп әңгімелер бұл жолы оған үлкен әсер етпеді. Ол Оралға жетуге асықты...

3

Осы жолы еді Әділбектің Алматыдағы ағасына Гүлжиһанның хатын жібертіп, өзі ақша салғаны.

Әділбектің ойынша: «Кәнпескеленген мүлік кәмпескеленді, кетер Ақметше кетті, бұл мына омырып-сындырып келе жатқан жаңа заманның өз тәртібін орната бастағаны. Бұған қарсыласар кім бар! Қарсыласса ана Қарабай айтқан бестен-оннан жылқы қуып әкетіп, жасырынып әрекет етіп жүрген Ақметшенің баласы мен соның қасында жүрген елден безгендер. Онда менің шаруам жоқ. Менің шаруам: әкем батасын беpiп баласының маңдайына жазған қалыңдығын алуға көмектесу. Бұған мен құдай алдында да, адам алдында да күнәлі емеспін. Сол үшін малын, мүлкін жинастырып қолына бердім. Енді дайын келіншегің міне, алып кетем десең Алматыға алып кет. Қойып кетем десең осында қойып кет. Оған қыздың қаржысы жетеді. Жетпесе өзім жәрдемдесем» деген-ді.

Қыздың ойынша: «Сүйген жар. Құдай қосқан жар. Көптен күткен, әсіресе, соңғы айлар, сарғая күткен Әлібек. Әлібек мендік. Бірақ, кіріптар әке... Ол: «саған жоғары дәрежелі білім алу керек», — деді. Бұл — білімнен басқа ойды әзірге қоя тұр дегені. Әлібек те, мен де осы төрелікке бас июіміз керек. Бұл әке ақылы, әке үкімі. Мұны орындау — бес парыздың біріндей. Және әкенің қасында болмай, қайда орналасқанын білмей, оған мына ауыр халдің жалғыздан жалғыз жүріп қасіретін тартқызбауға тырыспай, өз жөніме кетсем мені жұрт кім дер? Әке не дер? Өмір бойы бұл мені жегідей жемей ме?» — деп түйген.

Осы ойлар оны түні бойы дөңбекшітіп еді.

4

Тосын хат жанды тулатып жібергендей болып еді. Жүрек еріксіз алып ұшқандай болып еді!

Сол алып ұшқан жүрек Әлібекті Оралға да жеткізді. Шаған көшесін де жағалатты. Айтулы 91-үйге де алып келді. Енді...

Енді не демек? Қалай көріспек? Бірінші лебіз неден басталмақ. «Сәулем Гүлжиһан! Сүйгенім! Жеттім міне, көруге ынтығым», — демек пе?

Көруге ынтығым? Шын жүректен шыққан сөз бе? Көруге ынтық жарды кім көрсетпеді? Уағдалы күні кездеспей серттен тайған кім? Енді қайтып қалаға да соқпастан Алматыға асқан кім? Өзі ғой! Шөкеден үріккен асаудай, жалт берген өзі емей кім? Енді ше, «көруге ынтығым» деу жалған емес пе? Ынтық жанды не тоқтатар! Кім кедергі болар!»

Сол сағатта Әлібектің басы ың-жың, бейне бір алай-дүлей бораннан жөн таба алмай қалған жандай, сансыз сұрақтың астында қалды. Оның көбі: «Өзіңнен! Бәрі өзіңнен! Қызда жазық жоқ! Табансыздық еттің! Жігіт емессің! Уәдеден тайдың!..

...Енді не тұрыс? Ұмтыл! Кешірім сұра! Құшақта! Аймала!» — деп жатқандай.

Әлібек ашық қақпадан бөгелмей кіріп, баспалдақты есікке бір-ақ тірелді. Аз кідіріп, ентігін толастатқаннан кейін, ақырын ғана саусағының қыр сыртымен тықылдата бастап еді, қапсырулы тұрған есіктің өзі ашылып кетті. Бірақ, ешкім ішкі жақтан дыбыс бермеді. Есі-дерті енді үйде, үйдегі қызда, қалай көріп, қалай амандасуда ғана болып тұрған Әлібек арт жағынан келіп қалған Гүлжиһанды байқамады, тағы да ашық есікті тықылдата бастады.

Гүлжиһан түрмедегі әкесіне тамақ апарып, екінші көшемен келе жатыр еді. Ол Әлібекті алыстан-ақ көріп, аяғын тезірек басып жақындай берді де:

— Кіріңіз, нағашы. Үйде бөтен кісі жоқ, — деді.

Әлібек селт етті. Сөз де, үн де Гүлжиһандікі екенін ол қарамай-ақ білсе де «нағашы» деген сөз селт еттірді. Жақындық, туысқандық сөз. Ардақты да сөз. Бірақ ол «Әлібек» дегеннен басқа... Оның үні де құлаққа өзгеше естілді, жаздыгүнгі «Шеген құдықтағы» жұп-жұмсақ торғын үн қазір темірдей қатты шықты. Әлібекті енді бір сәт селсоқтық билеп бара жатқандай болды. Ол ақырын бұрылып Гүлжиһанға танымаған жанша асықпастан тура қарады, жүзінде не шырай барын іздеді, бірақ қиналып, әлденеге ауырсынып тұрған жанша іздеді. Қыз жүзінде қуаныштың да, қайғының да белгісі жоқ, жан сезімін білдірерлік айқын белгі таппады. Бар өзгеріс: жүдеулік, қатты шаршап салыққандық. Бұрынғы келісті, ат жақты шағын жүз ұзара түскен: мөлдір көз кіртие бастаған, жазық қабақ әлдене бір кір шалғандай, өңі сұп-сұр... Дене қимылында да әлсіздік, баяулық бар сияқтанды...

Қыз қолын созды, қол беріп амандасу керек...

Бір сәт не істерін білмей, селсоқ жайда тұрып қалған Әлібек кенет Гүлжиһанға құшағын жая ұмтылды. Жүгірмесе де, өте тез жүріп келіп, қызды құшақтай алды, аймалап бетінен, көзінен сүйді.

...«О жасаған Әлібек! Бір көрініп, таудай үміттің ұстар ұшына еріксіз қол создырған жар!.. Жар? Иә, жар! Құдай қосқан, ата мен ана қолдаған, ақ батамен қосқан жар!.. Онда... неге уағдалы сағатта келіп жетпеді? Неге...

О, тәңірі! Міне, енді тас құшақтап сүйіп жатыр!»

Қыздың басы айналып кеткендей болып еді.

Көп күннен бері, көп сағаттан бері ащы ой құшағында, күдік дариясына шомған өрен ойлы албырт жігіт, ғашығының кіршіксіз көз қарашығынан алдағы аса буалдыр, бірақ өлшеусіз тәтті, өмірлік үмітіне сенім тірегін іздегендей еді...

Гүлжиһан да бірінші минутте өзін-өзі билей алмады, жігіт құшағына еріксіз ене берді. Саны жоқ сарғайтқан сағаттар үміт шоғын талай сөндіріп, талай маздатқан. Сол қолда жоқ, көңілде ғана қалған әлсіз арманға қол жеткені ме? Әлде бұл түс пе?

Гүлжиһан еріксіз төмен түсіп кеткен басын Әлібектің кеудесінен жоғары көтеріп алды. Әлібектің аласұрып, әлденеге дәлел іздегендей, қыз қимылын тергеп-тексерген көзіне көзі ұшырасып қалып, Гүлжиһан шошып кетті. Ол бұрын шаттық нұрынан өзге ұшқын атып көрмеген бақытты жанардан жан түршігерлік үрей көрді, кәдімгі тал қармар үмітсіз үрей...

— Үйге жүріңіз, — деді қыз, жігіт құшағынан тез босанып, жол бергендей шеткері шығып. — Кіріңіз, үйге кіріңіз, — деді тағы да Гүлжиһан.

Әлібек ілгері жүрді. Қыз ілесе кірді де, озып барып келесі есікті ашты.

— Мына жаққа өтіңіз.

Сөйтті де Гүлжиһан, Әлібек бөлмеге кірген соң кейін бұрылып есіктен шығып кетті.

«Не болған? Бұл қандай өзгеріс?»... деген сұрақтардан әрі Әлібек болған уақиғаны талдай алмады. Тек қыздың өте күрт қиын жағдайға кездескенін білді, өзгергенін көрді. Түрі де, ісі де, мінезі де күрт өзгергенін сезді. Ол аз отырды, ойлаңқырауға уақыт жетпеді — қыз қайта кірді.

— Бұл менің папамның бұрыннан түсіп жүрген үйі, осындағы пәтері. Мені қалаға алып келген, саған ақша жіберген, маған еріксіз хат жаздырған Әділбек. Мені Жымпитыдан алып шыққан да Әділбек. Ол қазір «Шеген құдықта», маған тиісті мал-мүлікті алып келуге кетті. Қол ұшын берген жақын тек қана сол жігіт болды...

— Мен еш нәрсеге түсінбеймін. Не болды, Гүлжиһан?..

— Болар істің бәрі де болды...

Әлібек оның ұзақ сөзінің ішінен (оған қыз сөзі ұзақ көрінді) «маған еріксіз хат жаздырған да сол Әділбек» дегенді ұстап қалды. Бұл оқшау сөз сияқты адырайып көрінді. «Еріксіз... Өздігінен хат жазуға қолы бармаған. Менің айналып соғамын, Жымпитыдан жолығамыз деп сертте тұрмағаныма ренжіген. Алдады деп ойлаған. Орынды. Өкпелеуі орынды...»

— Мен еш нәрсеге түсінгенім жоқ. Ол қандай іс болары болған?

Қыз төмен қарады. Бір сәт кідіріп қалды да, басын көтерместен:

— Менің әкемді кәнпескеледі. Бөтен адам емес, Хакім нағашым кәнпескеледі. Ол да аз көрінді білем, папамды тұтқындап Оралға айдап жіберді. Осында түрмеде жатыр. Жаңа ғана тамақ апарып келдім...

Әлібек қозғалмастан тұрып қалды.

— Енді бәрін де түсіндім. Қап-қара бұлттың төніп тұрғанын сезген де сияқты едім. Бірақ, мен қашып кеткенім жоқ, Гүлжиһан. Оқуыма асықтым және тезірек орналасып, тезірек хабарласуға асықтым, сені Алматыға алып кетермін деген ой асықтырды мені... — деді Әлібек аптығып сөйлеп.

Бірақ жігіт сөзі қызға дәлелді көрінбеді: «Алматыға алып кетермін деген ой асықтырса, неге алдын ала ақылдаспайды? Мұндай күрт өзгерістерді не Меңдіқызбен, не менімен сөйлеспей бір өзі қалай шешпекші? Ең болмаса ана інісі Әділбекпен кеңеспей ме? Әділбек кеңесуге әбден тұратын әрі ақылды, әрі батыл, істесе қолынан келмейтін нәрсесі жоқ жанып тұрған жас емес пе?..»

— Бұл әңгіме, нағашы, біз қазір ат үсті шешетін нәрсе емес, біздің әліміз келмейтін қиын, аса қиын іске айналып кетті. Жуыныңыз, дем алыңыз. Сонан кейін көрерміз. Және папамның соңғы сөзі бар...

— Ол не сөз, Гүлжиһан? Папаң не деп еді?

— Бәрі де соңынан, нағашы.

...Өзгерген! Мықтап өзгерген! «Нағашы» деген сөзге ғана, жансыз сөзге ғана, екі араны алшақтатпаса, жақындатпайтын суық сөзге ғана тіреле береді...

— Папаң қалай, жүдеген жоқ па? Жиі көрсете ме? — деп Әлібек сұрақ жаудыра бастады, салқын лепті шетке ысыруға жанталасты.

— Не қалайын сұрайсыз? Елден, жерден, туған үйден айырып, абақтыға отырғызған жанның қалай болатынын білмейсіз бе? — деп қыз босай түсті де, тез ойын жиып алды. — Папама ризамын. Қажыса да, қайғырса да, тас қамауда отырса да ақылын жоғалтқан жоқ. Өмірден үміт үзген жоқ. Жалғыз тірегі мен ғана, сол менің тағдырымды ойлаудан бас тартқан күні болған жоқ. Мен мұны ақтаймын ба, ақтай алмаймын ба, міне барлық ойлайтыным қазір осы ғана.

Әлібек төмен қарады. Гүлжиһанның ауыр халі тап өз басына кездескен қайғылы жайдай көрінді, онан да ауыр сияқтанды. Папаң ақылды ғой, Гүлжиһан. Ақылды кісі ғой. Мен де білемін. Ақтарсың әлі де сен перзенттік борышыңды.

Міне, сол бірінші кездесу осындай қуанышы мен қасіреті тең өмірдің оты мен мұзының арасында етіп еді.

Сырттан қараған адамға өмір өз қалпымен өтіп жатқандай. Әсіресе үй иесі татар әйеліне мына екі жастың арманы аздай-ақ, тіпті жоқ та шығар дерлік еді. Өйткені, Ақметшенің қызы қай заманда да қалаған адамын табады, оған қыздың ажары, әкесінің ақылдылығы мен дәулеттілігі кепіл. Ал, «мына жігіт көркем екен, көркемдігінен де артығы иманжүзді екен» деп баға беріп еді әйел, Гүлжиһан Әлібекпен таныстырғанда.

Гүлжиһан оған жасырмай барлық сырын айтып жүрді, әйелдің Ақметшені көптен білетіні және хазірет ері қайтыс болғаннан бері оның аруағын сыйлаған жесір абыстайдың татар халқының дәстүрінен, мұсылманшылықтың шегінен қия баспайтын аса діндарлығы мен ұстамдылығы және оның үстіне жасы келіп қалған жанның анасындай баурағаны Гүлжиһанға өте ыстық көрініп еді. Бүгін де ол Әлібекті «атастырған болашақ жарым» деген.

— Ата тілін алған бала қор болмайды. Атиің не айтса — соны тыңда. Бірінші досың — атиің, — деді әйел Гүлжиһанға жатарда.

— Соның батасынан кейін, ризалығынан кейін ғана неке қидырасың, балам.

Бұл Гүлжиһанға өз ойымен ойлап, пішкен ақылына дәл келді.

5

— Ертең... жоқ, арғы күні сәрсенбі, папама жолығатын күнім. Сонда ақылдасамыз... — деді қыз Әлібекке. — Оған дейін мүмкін Әділбек те келіп қалар. Ол «Шеген құдыққа» кеткелі бір жұмадан асты. Қалған мал-мүлікті сатып, ақшалап келмек еді.

Бәрі де дұрыс. Абыстайдың аналық ақылы да орынды. Ақметшенің ендігі тірегі жалғыз қызы екені де шек келтірмейтін шындық. Ішіне кірген адам шыққысыз үлкен қарағай үйдің Әлібек жатқан бөлмесі де әдемі. Қыздың абыстай жанында болғаны да ескі салттың кіршіксіз белгісі.

Бірақ...

Ұйқы жоқ. Ой жүйрік. Қиялмен алтын сарай орнататын жастың желі ұйытқымады. Өмірден тауы шағылып көрмеген Әлібектің бақыт құсы да жоғары, бәрін де күтуге болады. Бәрін де орындауға жол бар...

...«Гүлжиһан қайғылы ғой, ауыр ғой жас шақта мұндай тағдыр соққысы! Енді не болмақ? Папасы қандай ақыл бермек? Мұндай халде жіберер ме жалғыз қызын? Жоқ, жібермейді. Оқу, жоғары дәрежелі білім алу керек депті. Қайда оқымақ? Қай жерде оқымақ? Егерде әкесі ризашылық берсе мен алып кетер едім. Бірақ, Алматыда ол оқитын дәрігерлік институт жоқ. Бұл орындалмайтын арман».

Тағы да біраз аунақшып жатты да, Әлібек орнынан тұрып шам жақты. Үй іші жым-жырт екен. Енді сыртқа құлақ тосты. Көше де у-шусыз. Терезенің көше бетіндегісі тас жабық және сыртқы қақпағын жауып белдік темірін өткізіп іштен тиектеп қойған. Ол сәл уақыт ойланып терезені ашпақ болып ыңғайланды да, салдырынан абыстайды оятармын деп сескенді, екінші ішкі жақ терезені ашып сыртқа басын шығарды, бұл ауланың іші еді. Ортадағы дәліз және ас бөлемеден әрі абыстай мен Гүлжиһан жатқан терезенің шамы әлі сөнбеген екен, бірақ жә сөйлеген жанның дыбысы, жә қозғалып қыбырлаған әйелдің қимылы білінбеді. Әлібек ұзақ тұрды.

Шыдамады. Ақырын ғана жылжып сыртқа шықты да, аула жақтағы терезенің түбіне келді. Құлақ тосты. Тым-тырыс... «Сәрсенбі күні папаммен ақылдасамыз... Иә, ақылдасармыз. Ол не дер? Гүлжиһан! Сен періштесің. Білемін. Сен атаның ақ жолын ұстайсың. Сен кіршіксіз жансың, мен күтем, періштем. Сәрсенбіні күтем! Алып кетем. Алматыға алып кетем...»

6

Түн бойы көз ілмей шыққан жан Әлібек еді.

Әлде небір қара түнек басқа төніп келе жатқандай ауыр сезім оған, жүрек төрінен жалғыз ауыз өлең шумағын төктірді: дөңбекшітіп төсек үстінде әлденеше аунатты да. Сыртқа да шығарды: түнгі қаланың үздіксіз қыбыры мен құлақ тұндырған ың-жыңын тыңдатты, уһлетті, аһлатты, қыз бөлмесіне құлақ тостырды, талай-талай тәтті ойға шомдырды, тентек қиялға да бой ұрғызды, құлақ тосып бөлме есігінің алдына да төндірді, жаздыгүнгі Шолпанды, Шолпанмен өткізген кештерді көз алдына әкелді. Бірақ, бәрі дәйексіз, бәрі тұрақсыз, балалық іс болып көрінді. Ол — еш нәрсенің тыңғылықты түрде басын қоса алмады. Ешбір ойдың медеу етерлік түйінді шетіне де шыға алмады. Ол аласұрып көз ілмеді. Таң атқан соң су жағасына кетті...

Сол күнгі ертеңгі шақта Жайық жағасының рақат самалын үлкен Жүнісов те еркімен жұтып, суына шарықтап құлаш сермеп еді. Бұл шаттық әлеміне шатты жүзбен қараған, өмір нәріндей денеге қуат, жанға жайлы дем берген ғажайып өзеніне құшақ жайып көріскен жанның шарықтау тынысы еді. Ертеңгі сұлу әлемге шұлғып басын иген, керіліп аққан кербез суға құмарлықпен сүңгіген қошеметті тыныс еді. Бұл өмір қырқасына батыл шыққан адамның ісіне лайық күшіне дем берген серуені болатын.

Өмір бойлап пішуге кейде көне де бермейді, оның орнына күтпеген жерден кездейсоқ ұшырата салуға да дайын.

Хакім тап сол күні Алматыдағы інісін күн шығар-шықпас шақта Жайық жағасынан кездестіремін деп ойлаған жоқ еді: ал, алыстан келген, жел аударған қаңбақша, ертемен су басына еріксіз телмірген Әлібек уездік қаладан келіп, Жайықтың суына құлаш ұрып жатқан ағасын көремін деген ойдан көш жер аулақ еді.

Ол өзенді бойлай, жағалың ойнаған балаша, есіп жүзген ақ денелі Хакімді танымай қалды. Қайта жағадағы інісін су ішіндегі ағасы бұрын таныды. Жалма-жан ол шетке шықты да:

— Бәрекелді, кездесу деп осыны айт! — деді.

Әлібек сасқанынан:

— Сары аға, ассалаумағалайкүм! — деп сәлем берді, бірақ қысылып қалғаны үнінен де, қимылынан да айқын сезілді.

— Уағалайкүмүссәлем...

Ол үндемей киіне бастады. Денесінің суын қолымен сыпырып, қалтасынан қол орамалын алып, бетін, мойнын сүртті: асықпай шалбарын киді, шашын тараштады...

Не айтарын, не дерін білмей Әлібек те үнсіз қалды. Ағасы да әлде не ойын салмақтап, айтар сөзін жинақтауға уақыт ұтты. Ұзақ киінді.

Хакім аздан кейін бәрін де түсінді: інісі баяндамаса да, оның алыстағы Алматыдан жетіп келуі, аға-жеңгесіне хабарламауы, ертемен су жағасында сергелдеңге түсуі, өңінің қашып түн ұйқысын төрт бөлгені, тек қана қыз мәселесімен... Гүлжиһанмен байланысты екені «мен мұндалап» тұрған жайлар ғой. Хакімнің бөгелгені өзгеде. «Ақметшенің және оның қызының Оралда екенін хабарлаған кім? Қыздың өзі ме? Әлде Меңдіқыз ба? Болмаса әлгі біздің елдегі тентек пе?» — деген сұрақтар еді. Ол мұны да болжағандай, болжау ғана емес, дәл үстінен басқандай еді. «Бұл тек қана. Әділбектің қолынан келетін іс. Өйткені, қыздың бұл сияқты батыл қадамға шамасы келмейді. Әкесінен биліксіз аяғын аттап басатын жан ондай нәзік болмайды. Ал, Меңдіқыз хат жазса, сыр бермей қоймайды. Жә жүрісінен, жә сөзінен, жә жүз құбылысынан болса да сездіріп алады. Және ол ойын аса бүкпейді, тура сөйлесуге үйренген пенде. Жоқ, бұл тек қана Әділбектің жұмысы. Бұл істі бір тыңғыға жеткізерлік көкбезерлік мінезі анау күннің өзінде-ақ көрініп қалған. Жымпитыдан қызды жеңге есебінде үйіне алып келген кісі Алматыдан ағасын шақырып алуға батылы жетпес пе! Айтқандай, Әділбек сонда менен алпыс сом ақша сұрап алды-ау. «Інің қаржысыз кетті, ақша жібермесе мұқтажданып қалар» деді. Оның мұқтажы жол қаражаты болды ғой! Енді не істеу керек?!.

— Бала, жай ма бұл жүрісің? Оқуларың қашан басталатын еді? — деп сұрады етігін киіп жатып.

«Не дер екен?.. Мен не деймін?» деген түйіндегі жазылмай, бағанадан бері қырық оралып тұрған күйкі сұраулар сасқалақ Әлібектің мазасын да кетіре бастап еді. Оның аузына мағынасы да аз, дәлелі де күйкі жауап сөз іліге кетті.

— Жай. Оқу бірінші сентябрьден басталатын болған соң, елге келіп қайтайын дедім...

— Імм... жолдың өзі де екі жұмадай уақыт алады. Сентябріңе де сол шамалы мезгіл қалды...

— Иә, жол он шақты күн алып қояды. Алыс жер той. Пішпектен Алматыға дейін ат-арбамен төрт қонып жететін жер...

— Солай, солай...

Хакім енді қайтып тексеру-тергеу сұрағын қойғысы келмеді. Бәрі белгілі. Інісінің жайы да, мінезі де белгілі. Қызға келгені үркіп тұр. Әлібек — Әділбек емес. Өте шиті жан. Байқамай ұстасаң шытынап кетерлік шөлмек сияқты адам. Жұқа, өте нәзік. Оның үстіне жуас. Тек бұлттан жоғары шарықтап жүретін қиял дүниесіне ғана бейім.

— Мені Оралға қызметке ауыстырды, — деді Хакім әңгімені де, әдісті де басқа жаққа бұрып. — Уезд таратылды ғой, оны естіген шығарсыңдар. Бұдан былай аудан, кей жерде округтер де болмақ.

— Қандай қызметке?

— ...Сол заң бақылау жұмысына. Облыстық прокуратураға. Екі күн болды тағайындалғаныма. Пәтер алдым. Енді үйді, үй дегенде Жымпитыдағы жеңгеңді алып келемін. Айтқандай, сен ауылға барасың ба? Уақытың да аз ғой...

— Бара алмаспын. Екі-үш күннен кейін Алматыға жүріп кетуім керек.

— Онда, сен, мүмкін, желпініп қайту үшін... — деп созып, баптап, бұған не дер екен дегендей сынап, әр сөзін бөліп, інісіне қарап тұрды да Хакім: — мүмкін жеңгеңді сен барып көшіріп әкелерсің. Бүгін кетсең, кешке жетіп қонасың. Жолда өзің білесің ғой. Мықты ат, арба тауып қойдым. Арғы күні қайтып келесің... деді.

Бұл сөздерді баптап тұрғанда Хакімнің ойы басқа түйінге тіреліп еді. Ол қысқаша: «Мен бұл мәселеге енді кіріспейін. Өмірдің өз еркіне, өз билігіне салайын. Қалай жүріп, қайдан шығар — оны алдағы күндер шешсін. Өйткені бұл қалай айтқанда да махаббат... мен өзім де...»

Хакімнің көз алдына мұнан он жыл бұрынғы Мүкәрәмамен екеуінің тәтті күндері, арман-қиялдары, су жағасына талай келіп, талай жүгірген шақтары елестеп кетіп еді. Ол жалма-жан Әлібекке:

— Жүр, алған пәтерді көрсетейін, — деді.

Ағалық етіп аңғырт басқан қадамын сөкпегеніне, оның тіпті мұқшағыш әдетінен бас тартып сапары жөнінде сөз қозғамағанына, үнінің жұмсақтығына, аса шат нұрлы жүзбен, бұл ақылды ағасының өте-мөте бір шарықтау үстінде тұрғанына қуанып кетіп Әлібек:

— Жақсы, Сары аға, жақсы. Мен өзім барып көшіріп әкелейін Меңдіқызды. Кетерде асығып амандаса алмағаныма өкініп жүр едім. Мен түскен пәтеріме айтып кетейін. Бір сағаттан кейін келем. Адрес қалай еді? — деді.

Хакім адресін айтты. Інісінен сен қайда түстің деп те сұрамады. Оған бәрі де анық сияқтанды. «Баяғы Ақметшенің хазіреттері, солардың абыстайларының үйі ғой қызының тоқтағаны. Бұл бала да сонда шығар. Айтқандай, Ақметше қалай қарайды екен бұл «некеге?» Ақметше... Бұрынғы Ақметше болса ол алдақашан шешкен шығар бұл мәселені. Әй, Жүністің баласына, «қатал» прокурордың, коммунист прокурордың інісіне бере қоймас. Менің көлеңкеммен жүріп бас пайдасын ойлайтын Ақметше емес...»

Бір сағаттан кейін ағайынды Жүнісовтердің кішісі жеңгесін көшіріп әкелуге Жымпитыға жүріп кетті де, үлкені Оралда қалды.

Ал, ең кішісі... Әділбек «Шеген құдыққа» екінші рет барғанда, ондағы қым-қиғаш тартыс пен шым-шытырық уақиғаның шет-жағасын көзімен көріп, көрмегенін өз құлағымен естіп қайтқан. Ол уақиғалардың бәрі баяғы Құныскерей мен кедей ағайынын өлтіріп, елден безіп кеткен Қаршығаның лаңына байланысты еді.

БЕСІНШІ ТАРАУ

1

Құрмаш атпен сол маңдағы сай-саланы шолып шығып, жылқы алған адамның ізін кесті. Жаздыгүні із кесу қиын. Сонда да ол шөпсіз тақырлау жерге түскен ат тұяғының таңбасын және шеттегі Сәрсен үйінің алдындағы аттың жас таңдағын көрді. Сәрсеннің өзі Жолмұханмен бірге жылқыларды және басқа малдарды қайтадан түгендеуге кеткен. Сондықтан ол Сәрсеннің үй-ішінен сұрауға бата алмай, бірақ бейсеуіт аттылының бұл жерге тоқтағанын, шамамен оның келген жағы қыстау бет екенін сезіп, Ақметшенің мекен-жайын тінтіп өтуге кірісті...

Шеткі қораның бұрышында жаңағы Сәрсен үйінің алдындағы жас таңдақ тағы да пайда болды. Қораның іргесіндегі шөп шықпай тақырланып қалған жерге түскен тұяқ таңбасы шым-шытырық екен. Ол ішінен «ат жер тарпыған екен» деп ойлады. Енді атынан түсіп, өзі ат қораның ішіне кірмекші болып еді, оның қақпа сияқты үлкен қарағай есіктерінің шалқасынан жатқанын және есік алдындағы ұзынша киіз дорбаны көрді. Киіз дорбаның бір жағы шаң-топырақ та, екінші беті қара құрымдана бастаған екен. «Бұл не дорба?» деп ойланып үлгергенше оның ауыз жағына ап-айқын түскен мылтықтың майлы таңбасын көрді. Көп заман ораулы жатқан зілдей винтовка киізді жаншып, бейне бір қағазға басқан мөрдей-ақ тапталған айқын таңба басқан. Ол басын шайқады. «Мынау кәдімгі елдегі мылтық жасырушылардың қылығы» — деді ол өзіне-өзі. «Қабылбайдың інісі, әйелі Қалампырдан басқаны бір шыбықпен айдайтын бұзық Бейсенғалидың да осындай тыққан мылтығы бар деуші еді. Бұл да сондай екен...»

Бала ұзақ ойланды. Мұның иесі кім екенін табуға тырысты. Бірақ өз ойын ортаға салуға, көргені мен білгенін тез жеткізуге атына міне сала Жолмұханға шапты...

— Сен ауылнайға жылқының ұрланғанын айт. Ұры бар сырды білетін осы жердің адамы де. Түнде келіп мылтығын алып кеткен. Итін ертіп кеткен. Өз жылқысын өзі қуып кеткен де. Арғы жағын өздері түсінер. Әйтпесе, «аппақ сақалдарыңмен қолдағы малға ие бола алмайсыңдар» деп ұялтар. Өздері іздеп, өздері тапсын... Таба алмаса, ұстай алмаса өздері ұялсын. Ұқтың ба? Біздің міндет: қалған малды Хакеңнің тапсыр деген жеріне жеткізіп тапсыру, — деді, балаға Жолмұхан.

Құрмаш әудем жер шықпай-ақ тоғай жақтан үсті су-су болып жетіп келген көк төбетті көрді, төбет шоңқайып отыра қалды да ұлыды. Тоғайға қарап жылаған жандай ұлыды.

— Қара басыңа көрінгір, кет, жоғал! — деп жекірді Құрмаш оған жақындап келіп. Ит орнынан жылжып үйге қарай жөнеле берді де, бұл ұзаңқырап шыққан соң тағы да зарлай бастады. — Мынау тоғайдан келген екен. Жамандығың өз басыңа көрінгір арам қатқыр-ай, тура тоғайға қарап ұлиды...

2

Бұрын үстіне атша мініп алып тыным бермейтін, жатса қайта тұрғызып мініп, өзі зеріккенше әурелейтін Қойбағарын Қаршыға соңғы жылдары қасына жуытпай қойған-ды. Қаншама бұрынғы достық шыдатпай алыстан қисаңдап, омырып-жеміріп жүретін жас қожайынның қасы мен қабағын бақса да Қойбағарға бір жылы шырай болмай-ақ қойды. Кейде тіпті арба астынан шыға келіп, бұрынғы әдетінше аяқ астына жығыла кеткен итті жас қожайын теуіп қалып та жүрді. Ал, ат ерттеп, мылтық алып аңға шығу қамын көздеген иесінің күні бұрын үйден аулақ, жолын тосып, жанамалай ере жөнелген ескі досын Қаршыға атпен қуып сабалап, қан қақсатып арба астына тығады...

Бұл өзгерген қаталдықты Қойбағар бірте-бірте ұқты. Ол көзінің астымен сүзе қарап, кейде қатты қайғырып көзін жұмып қалып қайта ашып, мұңды шыраймен басын жерге салып жатып алатын ауыр жағдайға да көнді.

Қойбағар Қаршығаға енді ермейтін де болды... Бәріне кінәлы ақ күшік... Ақтабан. Жас қожайынның барлық ынта-іңкәрлігі соның үстінде. Кішкене күннен бастап-ақ оны бөлек саптыаяқтан тамақтандырды. Ежелгі көне итаяққа оның тұмсығын сұқтырын көрген жоқ. Және үш мезгіл де емес, саптыаяғы жылы-жұмсаққа толы...

Ойнатқанда тізесіне секіртеді, екі аяғынан ұстап алып тік жүргізеді, жауында іргеге жатқызады, суықта сенекке кіргізеді. Ыстық кезде де ақ күшіктің бабы басқа. Көлеңкенің төрі сонікі...

Бәрінен де қорлығы: аң қуғанда алыстан қайырып, түлкіні көлденеңдеп шапқан қожайынның алдына қарай тықсырып, соңынан: «Жарайсың, Қойбағарым!» деп талай-талай мадақтаған лебізінен біржола махрұм қалу; «Қойбағарым» орнына енді Ақтабан! Ақтабан! Үйде де Ақтабан, түзде де Ақтабані Бүгін де, міне екі күннен бері көрмеген қожайынға жеті түнде тап болып, қанжығалап шауып, жылқысын қайырысып келгенде кері қуып, үлкен судың кең жағасын да қызғанды-ау!..

Қойбағар Қаршығаның қаһарлы жүзін көргеннен кейін үйге қарай жөнеп берген еді. Біраз жер жортқаннан кейін ол тұра қалып артына қарады. Орман ішінен шығып бірге ере ме деген Ақтабан жоқ. Біраз уақыт қарап тұрды да ешкім көрінбеген соң бұрылып келіп қара жолға түсті. Жолмен бүлкілдеп ауылға тартты...

Құрмаштың із кесіп жүріп көргені сәске түсте орман жақтан келе жатқан осы төбет еді.

Төбет бұл жат адамға жуыған жоқ. Өйткені алысырақта тұрып бір жекіріп алып, өзіне қарай ұмтыла түскен бұл ұшқыр жігіттің тайынбас ниетін ап-анық сезді. Сондықтан ол жалт беріп, өзінің үйреншікті қора төріне қарай бүлкілдеді.

Балағын түріп алған оңтайлы жігіт оны шақырғыштап көріп еді, бірақ Қойбағар оған бұрылмады. Бұрылатын қылығы да жоқ. О бастан көзін жұмып жатса да селт еттіретін сүйікті атымен «Қойбағар! Қойбағар!» — деп шақырмайды. Бұл бала оны келеке еткендей: бірде «Майлыаяқ! Қаһ! Қаһ!» деп, бірде Бөрібасар, маһ! Маһ!» деп ажуалайды.

Қойбағар қора мен үлкен ақ үйдің орта шеніне барып жатып қалды. Ол ұзақ жатты. Үйден шыққан жандарды, үйге кірген жандарды көзімен сүзді. Атын атамай-ақ көзімен шақыратын жұмсақ үнді кәдімгі қара сақал ескі қожайын екі күннен бері жоқ. Көп уақыттан бері, арбамен жүріп кеткен, шашбауы сыңғырлап жүретін қара шашты қыз қожа да ұшты-күйді жоғалды.

Үйден бүгін көбірек шығып жүрген жалғыз ғана бәйбіше. Ұзын көйлекті бәйбіше. Ол бүгін аяғын ақырын басады, ұзақ тұрып далаға көз тігеді...

Бәрі өзгеріп кеткен. Қойбағарға атын атар, ас құяр, көз жылылығын төгер жанның бәрі әлдеқайда, көз тасада жоғалып бара жатқандай көрінді.

Ит орнынан түрегелді де Жайың бетке қарап, ышқынып тұрып, ұлып-ұлып жіберді...

3

Ауыл Совет кеңсесі қашық емес еді. Құрмаш құйғытып отырып «а» дегенше жетіп келді. Алдынан шыққан екі адамның бірі қазақ сияқты емес: жүзі сары, мұрны істіктей кісі екен. Бірақ екеуінің де киімі шаруаның киімі: басында елтірі бөрік, үстінде жеңіл түйе жүн шекпен. Көйлектерінің жағалары да қазақы, жалпақ жаға, Құрмаш мұны бірден байқап қалды. Екеуіне қоса сәлем беріп:

— Ассалаумағалайкүм, ағайлар. Мен «Шеген құдықтан» келдім. Жолмұхан нағашым жіберді... — дей бергенде, жүзі сары, мұрны істіктей кісі:

— Уағалейкүмәссәләм, бала. Не хабар бар? Жай келдің бе? — деді.

Құрмаш аң-таң болып не дерін білмей қалды. «Мына кісі... қазақ екен ғой! Мен орыс па деп едім...» — деп күбірледі. Оның күбірін сары кісі естіп қалды.

— Қазақ болғанда нағыз қазақпын. Молдаш деген кісінің мендей тағы да төрт баласы бар. Бәріміздің де көзіміз көк, жүзіміз сары, мұрнымыз істіктей, орыс сияқты қазақтармыз. Айта бер, айта бер, — деді.

Қасындағы жуандау келген қызыл шырайлы қазақ теріс айналып кетті. Ол «мырс» еткендей болды. «Нанайын ба, нанбайын ба?» деген жанша Құрмаш сарыға бір, қызыл шырайлыға бір қарап қойып:

— Сіздер ауылнайсыздар ма? — деп сұрады.

— Иә, ауылнаймыз, бала. Айта бер жұмысыңды. Әлде бір тығыз хабар әкелдің бе? — деді сары.

Құрмаш хал-жайды, түнгі уақиғаны, бүгінгі өзінің көрген-білгенін ақтара бастады. Ол әдемілеп сөйледі, Қалекеш жыршының айтатын әңгімесіндей етіп, қасындағы тыңдаушылары тамсанып қаларлық етіп айтты.

— Жылқының қуған ізі де түндегі дүбір шыққан тоғай жаққа қарай жетектейді. Мен көп жерге дейін із кестім — тақыр жерлерге ат тұяғының таңбасы қағазға басқан мөрдей болып жатыр. Ал, ит... көк төбет тура Жайыққа қарап ұлиды. Өзі және бүгін сол жақтан келді. Қасындағы Бөрібасар қайтқан жоқ. Мен білсем: жылқыны қашып кеткен иесі Қаршыға қуып әкеткен болуы керек. Онан басқа ешкім де емес. Нанбасаңыз оның атының жас таңдағы ат қораның бұрышында жатыр, Сәрсеннің үйінің қасында да жатыр. Сонсоң мына киіз қапты лақтырып кеткен де сол, кәміл сол. Жасырған мылтығын алып тайып отырған шығар...

— Бала, тоқта. Жақсы. Ендігісін мына біз Едекеңмең ақылдасып алып істейік. Сен түсіп сусын іш. Кешке дейін осында бол. Кешке бізбен бірге жүресің. Үшеулеп, төртеулеп, көптеп тауып алайық бәлемді, — деді істік мұрын сары кісі.

Бұл Щитов болатын. Құрмаштың көзі оның қазақ емесін айырса да тілінде бір мүлтік жоқ бұл «адамды» орыс деуге батылы бармап еді. Ал, «Құрмаштың сөзіне қарағанда болған уақиғаның желісінен, мылтық салған ұзынша киіз дорбадан және басқа да бірқатар белгілерден өткен түні қашқын жігіттің орманға түнеп шыққаны айқын сияқтанды. Жылқыға да шеттен жау келмегені белгілі. Ал, сол қаршыға жалғыз ба? Жалғыз болса бір өзі мұндай істерді істей ала ма? Бұл іс қорықпай-үрікпей еркін қимылдап жүрген батыл жанның ісі емес пе? Сүйеніші жоқ жалғыз жігіт ол қуып кеткен жылқыларды қайда қоймақ? Қару алып кеткені... ойының қаралығын дәлелдемей ме?» Міне, осы сұрақтар еді Щитовтың талдай бастағаны.

Ол кешке қарай ауылдың милиционер Әжіғалиды жіберіп, сол маңда жүрген өзінің «жасырын жігітін» шақырды. Сөйтіп қасындагы волком хатшысы Едігеновті, Әжіғали мен «өз жігітін» алып, Құрмашты қосшы балалыққа ертіп, өзімен бесеу болып Жолмұханға келді.

Аяқ астында бұғып қалған Құныскерейді аяқ астынан жинап алған төрт-бес кісімен аңдуға кірісті. Бірақ Щитон оны ұстап ала қоямын демеді, өйткені «Құныскерейдің оңай қолға түсетін жау емесін» ол көптен білетін. Ізін аңдып, жолын торып, не ой-пиғылы барын әбден ашып, таңы да адам жинап отряд құрып, жолын тосып, алысқа шығандап кетпеуге әрекет жасамақ еді...

4

Жолмұхан ермеді...

Кіріп келген екі адамның бірін Жолмұхан бұрын-соңды көрген емес-ті, ал түсін танитын Қарабаймен де сырласып сөйлесіп көрмеген. «Сәрсендікіне бір-екеуі кіріп кетті. Қосарланып бұлар неғып жүр, әлде мені жылқы ұрлаттың деп тергемекші ме?» — деп, палуан келгендерді бірден-ақ жаратпай қалған. Оның үстіне зілсіз болса да Қарабайдың әзілі аралас ашық сөзі Жолмұханға тікендей қадалды.

— Әй, жігіт, сен қолыңнан іс келетін мықты және сенімді адам деп мына мал-мүліктің бәрін қолыңа тапсыртып едік. Бес жылқы ұрланып кетіпті, бұл қалай? Оны кімге алдырдың? Бүйте берсең қойыңды алдырып, қораңды бекітіп, сопайып бір өзің ғана қаларсың, — деді.

Сөйтті де ол әдетінше «е-е» деп тамағын қолқылдатып күліп қойды. Жолмұхан желкесін күдірейтіп, қасқырша бір қарап алды: «Осы неме шынымен мені айыптағысы келе ме, әлде сынау үшін айтқаны ма?» Күлкісін тоқтатқаннан кейін Қарабай тағы сөз бастады. Ол енді өз күдігін туралап ашқандай болды.

— Жылқыны алған Құныскерейдің қанқұмар баласы дейді ғой. Оны сен неге айтпайсың, жігіт. Әлде бір бүйірің бұрып тұра ма сондай діннен безгендерге?!

Жолмұхан енді желкесімен ақырын бұрылмады, аса тез бұрылып, жүзін адам сескенерлік бір безерген қалыпқа салды. Тайпақтау келген кең маңдайдағы жазық қабақ жиырыла түсті, көзі қызыл тамырланып, күреңітіп кетті. Ол құлаштап соғып жіберуге дайындалғандай екі иығын қиғаштап қозғап, оң қолын көтеріп алды.

— Сен, Қарабай, менен жасың үлкен, сондықтан ауызға келген сөзді бір жол тежеп тұрмын. Оның қандай сөз екенін қазақ атаулының бәрі шамалайды. «Бүйрегің бұрып тұр ма?» — деген сөз не сөз ол? Ал, бұрып тұр, сонда не істегің келеді?» — десем не айтар ең, ә?...

Қарабай сасып қалды. Палуанның түрі оған қатты әсер етті.

— Сен білесің. Сен білмейтін бұл маңда сыр жоқ дегенім. Е-е-е...

— Иә, білемін. Мен білмейтін де, сен білмейтін де сыр жоқ бұл аймақта. Жылқыны Құныскерейдің баласы алғанда не істейсің?

— Тауып, қолға түсіру керек.

— Кімді тауып қолға түсіріп жатырсың? Он жыл болды ғой сол Құныскерейдің артына түскендеріңе. Неге тауып қолға түсірмейсіңдер?

— Сен жігіт ол сөзді қой. Оны қолға түсіру, түсірмеу екеуміздің қолымызда емес! Сен алдымен мына бес жылқыны алғанды ойла. Ол бұзық баланың қайда жүргенін айт. Ашуланба. Сабырмен сөйлесейік, е-е-е-е...

— Құныскерейді қолға түсіре алмасаң, оның баласын да қолға түсіре алмайсың. Алады. Тағы да талай жылқыны алады. Оған ешкім қарсы тұра алмайды, — деп салды Жолмұхан күрілдеңкіреп шыққан жуан дауысын сәл бәсеңдетіп.

— Е-е-е, — деп күліп алды Қарабай тағы да әйелін келеке еткендей. Бірақ оның бұл әдетін Жолмұхан жақсы білетін. Сондықтан оның күлкісіне назар салмады. — Қалайша түсірерсің оны қолға, мына сендер жақтап сөйлеп тұрғанда!

— Жалғыз мен емес оны жақтайтын, жұрт жақтайды. Сондықтан қолға түспейді ол. Мұны өзің де білесің ғой.

— Қызық екен. Шектен шыққан бұзықты жұрт жақтайды дегенді бірінші рет естіп тұрмын.

— Жақтамаса неге ұстап бермейді? Бір адам күшті ме, мың адам күшті ме? Мың адам күшті. Сондықтан ешкім оған еш нәрсе істей алмайды.

— Иә! Қызық! Кеше ғана кісі өлтіріп кеткен бас кесерді жақтайды деу өте қызық...

— Әлі де өлтіреді. Көп адамды өлтіруі мүмкін.

— Жолмұхан, сен жұртқа үрей салма. Дұрыс емес сөзің. Жазықсыз жанды өлтіріп қоймайды, оны өкімет ұстайды, — деді Қарабай салмақты, сабырлы үнмен.

Бұл жолы ол күлетін әдетін тыйып қалды. Аз ойланды да Жолмұхан бастапқы ашу қысқан қалпын өзгертіп, ақырын сөйледі.

Қазір Құныскерейдің қайда жүргенін білесіңдер ме? – деп сұрады Жолмұхан енді қадала қарап.

– Білсек ұстамаймыз ба? Білмейміз. Ал, сен өзің ше?

– Білмейтін жалғыз мына өздерің. Әкімдер. Басқа жұрттың бәрі біледі Құныскерейдің қайда жүргенін. Мен де білемін. Білмесем де шамалаймын.

– Онда сен неге айтпайсың? — деді Қарабай жұлып алғандай.

— Айтпаймын.

— Онда бүйрегің бұратыны шын ғой...

– Әңгіме бүйректе емес, сирақта да емес. Мен білемін. Білсем де айтпаймын. Өйткені мен ер жігітті сыртынан көзеп: «Әне? Әне жүр. Барыңдар! Ұстаңдар!» деп көрсететін пасық емеспін. Басқалар да осыны ойлайды. Неге дейсің ғой, өйткені Құныскерей өздігінен ешкімге тиіскен де жоқ, ешкімді нақақ өлтірген де жоқ.

Жолмұхан енді жай қалыппен сөзінің дәлелділігіне көзін жеткізейін деген жанша нықтап, тұжырымдап сөйледі.

— Менсіз де білесің қазақтың жайын. Соның ішінде Құныскерей сияқты нағыз ер, айтқанынан қайтпайтын табанды, жан жолдасқа адал адамдардың не істеп, не қоятынын, не ойлайтынын! Құныскерейді жұрт жақтайды, ол жазықсыз, оны нақақ жазғырады деген түсінік менің миыма зорлап тыққылаған түсінік емес. Мұның асыратын, жасыратын, дәлелдейтін, сұлулайтын ештеңесі жоқ. Бұл ақиқат жай. Ақиқат уақиға. Сондықтан жұрттың бәрінің миына тегіс қонған нәрсе. Құныскерей кім өзі? Құныскерей руын алсаң — Ысық. Бергі атасын алсаң Тоғызбай. Өз әкесі Қожахмет. Жайлайтын жері Тайсойған, Бүйректі. Әкесі қазір жетпісте. Сол жетпіс жасының ішінде осы өңірде оны осал адам деп ешкім айтқан жоқ. Оның мықтылығы жүректілігінде, білегінің күшінде, ақылының молдығында. Өзі иман-шарт пен әптиектен асып білім салмақтастырған жан емес. Немен күн көреді? «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» деген қағиданың құлы болған жан. Өзі әлі тірі... Ал, оның үш баласының үшеуі де өзіндей. Оның ішінде Құныскерей өзгеше. Ол ірі, күшті, мерген, ақылды, өжет. Қуғаны әкесінің жолы. Өйткені кең даланың үрікпей, қорықпай, қысылмай, тарылмай, тарықпай өскен тарлан жігіті. Оның қолы жарлыға да, жақыбайға да, жақынға да тиіп көрген емес. Бірақ, аламын дегенін ол аузы алты қарыс Шормап билер мен мыңғырған байлардан да, аузымен құс тістеген әкім-қаралардан да алып келді. Жексұрын атануымен аты шыққан жоқ, «жігіт!» деген сөзбен шықты оның Құныскерей деген аты. Ал, сол жігітті он сегізінші жылы жаңа өкіметтің өзі қойды ғой ауылнай етіп.

Қолынан іс келмейтін адамды қоя ма өкімет? Мына өзіңді де қойып отыр ғой басына! Сөйтіп жұрт білген, жұрт сыйлаған, елге «жігіт» атанған Құныскерейдің үйіне келіп тығылды, сонау арғы беттегі бөкейліктен ығысқан атақты Аязбайдың Ерғалиы, «ұстап бер!» деп дікеңдегендерге Құныскерей не демек? Қырғидан қашқан торғайды да паналатады ғой адам. Үйіне келген миманды ұстап берген зұлымды қай ата-бабаның қағидасынан көрдік! Міне, бас салып, «қонағыңды бауыздаймын!» дегенге ер жігіт көнер ме! Әңгіме намыстан, адалдықтан, ата-бабаның аяқ асты етпейтін ғұрпынан шықты, соны таптаймын деген есерсоқ милицияны да, қол көтерген нашандігін де, тіпті бастап алып келген волатком Зиманды да жоқ ету әрекетін жасады ғой. Зиманды әрине өлтірмеді, қара санынан ғана атты. Сонан бастап Құныскерей «бас кесер» болды. Бас кесер деп жүрген әкімдер. Ал жұрт Құныскерейді кінәлы деп білмейді. Оның өңгеріп кеткен қозысын, мініп кеткен бір тайын ұрлық деп те санамайды, зорлық деп те есептемейді. Бұл да қазақтың байтақ даласының тентек, тел ескен ұлдарының еркелігі деп біледі. Тап қазір де солай түсінеді. Сондықтан да оны ешкім: «Әне, Құныскерей! Ана жерде жатыр! Анау үйге қонады!» деп айтпайды. Ол намыс жақтаушы. Егерде тағы да оны ұстаймын десе, сөз жоқ ол қару жұмсайды. Мүмкін көп адамды өзінен бұрын о дүниеге жіберіп те үлгерер. Осыны түсінбегендер ғажап топас жандар...

— Жолмұхан, сен әділдік айтудан аяғыңды жазым бастың білем — мына сөзің дәл емес. «Нашандігін де, милициясын да атып тастады, атпағанда қайтеді» дейсің. Бұл Құныскерейді жақтау, мұның қылмыскерді ақтау болды. Нашандік Мырза дейтін адал, еңбекшінің мүддесін қорғап жүрген көзі ашық саналы жігіт еді. Сол кезде қаптап кеткен баукеспе ұры, сәудегер, алыпсатар алдаушылардан момын шаруаны қызғыштай қорыған адам. Сол Мырза сияқты азаматтар ғой қаны мен жанын қоса берсе де Совет өкіметіне шаң тигізбей келген. Сен асырып жібердің. Сірә өзіңнің де мінезің мен құлқың соның сыңары болмағай. Хакім Жүнісовтің «Жолмұханның істемегені жоқ» деп отырғанын талай естіп едім. Қарғаның көзін қарға шұқымайды деп...

— Мен де сондаймын, мен де сол Құныскерейдің сыңарымын. Мұны ешкімнен жасырып көргенім жоқ, — деп Жолмұхан атком председателінің сөзін бөліп кетті. — Бірак мен елде жүрмін. Ешкімге зұлымдықпен қол көтеріп көрген емеспін, өзіме де қол көтерген адам болған жоқ. Егерде ана сияқты намысыма тисе — мен де тап соның істегенін істер едім.

— Істепсің де...

— Жоқ, менің істегенім басқа. Керек болса оны да айтайын. Ешкімнен мұны жасырып көргенім жоқ. Он сегізінші жылы мен жиырма бесте едім. Жұрт Жанша ханның дүржинасына жазып жатыр деген соң, ең болмаса астыма ат, қолыма бір көсеу тимес пе екен деп мен де келіп жазылдым. Ат та міндім, мойныма көсеу де ілдім. Көсеу болғанда қандай, бір көмейінің өзінде бес оқ қатар тығылатын сала құлаш сабаз. Әйт-дыбаны қақтық. Айқай салып қылышпен оңды-солды шыбық турауды үйрендік. Казармасын басымызға көтеріп түнімен дүрілдетіп шығатын болдың. Не керек, еріккен жігіттер «қызылдар келе жатыр» деп шу көтеріп, бас салып хан ордасының өзін шауып алдық. Кеткен жұрт қызылдарға кетті, мен хан қазынасын қоржынға салып алып, өз жайыма кеттім. Онан жинаған менде мал болмады ғой, мал түгіл астымдағы атымның өзі де құтаймады. Қотырға шалынып шаруасы бітті. Бұрынғыдай болмаса да, ел арасында бірде атты, бірде атсыз жүріп әрекет жасадық. Бірақ әлгі банды-санды, ұры-қарымен күресеміз деп жек көрген жандар менің еркін жүріп, қолыма іліккен атқа мінетінімді көре алмады. Үстімнен уезге шағым жасаумен болды. Сөйтіп жүрген кезде сабаз Хакең кездесіп, кәдімгі осы күнгі прокурор Хакім: «Жігіт, бұлай жүруге болмайды. Дене мынау, күш мынау, ана бастың іші миға толы шығар. Бұрынғыңды мен ұмытайын, қазіргіні сен ұмыт. Ел болып әлеумет ісін қолға алып жатқанда, бір жұмыстың басын ұстамауың ұят», — деді. Сөйтті де сенің қолың анау почта айдау. Қолыңда төрт-бес ат, тақымың астында өзіңнің үйренген көсеуің, ақысы айлық ақша, жататын үйің тағы бар дегеннен кейін екеуміз қол ұстасып уәде байластық. Міне, адам деп Хакеңді айт! Ол мені таныды, мен оны таныдым. Сонан бері Хакеңнің өл деген жерінде өлемін, тіріл деген жерінде тірілемін. Мына тапсырмасын да орындаймын. Ал, Құныскерейдің баласын да, өзін де мен көргенім жоқ, көргім де келмейді. Көрсем — білгім де келмейді, — деді.

Қарабай адамның мінез-құлқын жақсы білетін кісі еді. Ол Жолмұханды енді жұмсартуды мақұл көрді.

— Мен, Жолмұхан, сені Құныскерейге теңеп тұрғаным жоқ. Сенің жайыңды мен де естігенмін. Сен ер жігіт болған соң, мына жердегі бір топ кедейлерге жәрдемің тиер деп осы жұмысты тапсырдық қой. Ал Құныскерей жөніндегі жаңсақ пікірді қоя тұралық. Оны өзің де түсінесің соңынан, — деді.

Бір беткей өжет Жолмұхан омыраулап, өз ойын атком ағасына тайсалмай айтса да, ісі де, сөзі де қара шаруаға қонымды адамның мына сөзіне енді қайтып қарсы жауап қатпады. Тіпті өр көкіректікке салса да. «Құдай атқан Құныскерейді ақтайтын дәлел аз. Ол иттің істемегені бар ма!? Және сол істеген қылмысынан безіп ел қатарына қосылуды ойлаған адам емес. Ақыл айтқан Хакімге де, тіпті жаздыгүні жанына батыра сөйлеген менің ащы сөзімді де құлағына ілген жоқ. Шынында мына батырақ аткомның қылмысты дегені жанды» деп ойлады да, бірақ бұл ойын Қарабайдың алдында мойындамай өз бетімен кетті.

Қарабай үйден шығуға бет алды.

Жолмұхан да оған әзір шайға отыр деп айтпады. «Осы жалпақ бас Жолмұханның сөзінде шындық бар. Құныскерейді жұрт неге ұстап бермейді? Бәрі жиылса бір адамға құдіреті келмес пе еді?! Ұстап беру былай тұрсың, тіпті теріс сілтейтіндер көп деседі. Ол діннен безген. Арқаға қарай бет алса, кейбіреулер құбыла бетті көрсетеді екен. Әнеугуні бір жылқышылар: «Тура Жымпитыға кетіп бара жатқанын өз көзімізбен көрдік» деп ант-су ішкен. «Бір тентек ел ішінде жүрмей ме екен?...» дегенді осы жұрт тегіннен-тегін өлеңге қоспаған да шығар» деп ойлады Қарабай атком. Енді қосшы кедейлерден құрылған артельге бет бұрып келе жатып, жаңадан бөлінген жердің шекарасын ол өз көзімен белгілеттіріп, өз қолымен бермекші болды. Сонымен бірге ол өзінің сенімді қосшыларынан жоғалған жылқы жайлы да көрген-білгенін сұрамақ еді.

5

Құныскерей де көп нәрсені енді ғана түсінді.

Қалайша? — деді Құныскерей қабағын түйіп. — Комсомол хатшысы?

— Комсомол хатшысы, аға. Қоғабай дейтін бір қу жақ. Өлтіргенің жақсы болды. «Қара таяқ... оқымысты... Борсықша сорып отырған қанаушы... Ақметшелерді жер аударған күні қосшы кедейлер «уһ!» деп бір кеудесін кере дем алады» деп әнеугүнгі жиналыста өңменін соза сөйлеген шешендердің ең бір өшпендісі еді...

— Әкесінің аты кім?

— Әкесінің аты Шынғали. Ол да баласы сияқты қу жақ болса керек, баяғыда бандыларды құртамын деп жүргенде о дүниеге жөнелтіпті ғой, — деп Қаршыға әкесінің де, баласының да өлгеніне мейірі қанған жандай нығыздап, сөздің жігін жеріне жеткізе қаластырды.

— Шынғалидың баласы?! Пыркарол емес дейсің бе қаза тапқан?

— Пыркаролды қай құдай алушы еді, жүрген шығар жұртты бір шыбықпен айдап.

— Сен қателескен жоқсың ба?

— Не жөнінде, аға?

— Пыркарол жөнінде...

— Жоқ, аға. Айтып тұрмын ғой, кәдімгі Шынғалидың қу жақ Қоғабайы деп. Шашы дудардай болып сұлап түскен өзің атқанда. Сәрсен ағам айтты. Ол бәрін де өз көзімен көріп, өз қолымен өлігін арбаға салысқан.

Құныскерейдің жүзі әлденеге елең еткендей таңырқаған пішін көрсетті. Үнемі тұнжыр қабақ қатал үн, жирылыңқы шырайдан бір арылмаған бұл түсі суық жанның қабағын көріп, көз шарасын кеңейте түскеніне қарап Қаршыға да өңін құбылта қалды. Ол тіпті қуанып кетті. «Қоғабайдың өлгеніне риза екен» деген өз болжалына төр бергендей.

— Иә, аға. Өлген сол комсомол. Талайдың түбіне жетер өшпендік пиғылда еді. Бізге өштігі өз басын жұтты...

— Бұл қабарың анық болса пыркаролдың аман қалғаны жақсы болды. Зұлымдық ойдан аулақ ер жігіт... — деп сөз аяғын ашпай балаға кенет ащы ой туғызды.

— Анығына анық, аға. Бірақ сол пыркаролың да, оның інісі де, өлген Қоғабай да, елді екіге бөліп жауластыруға кіріскен бір жақ адамдар ғой.

— Солайын солай да шығар. Сонда да Хакімнің өлмегені керек. Ана жігіттің де... Оның әкесінің де өлмегені керек еді...

Қаршыға оған аң-таң пішінмен қарады. Ол Құныскерейдің он жыл бойы салмақтаған, «енді өткенге салауат айтып, барға тәубе қыларлық ойын бөлмеді, жегідей жеген ащы өмірге оның бүгін өзгеше мән бере бастағанын және оның сөзіндегі жұмсақ үнді, жаңа райды түсіне алмады.

Құныскерейдің көз алдынан тағы бір сурет өтіп кетті. Тез өтті...

Таң сәріде терезе түбінен дүрсілдеп өткен ат дүбірінен кейін: «Құныс, үйдемісің?» деген тарғыл үн жалғаса шықты. «Кім бар?». «Ерғали!» Суыт жүрісті Баймұқан, сол сияқты жортуылға түскен жан! Қай Ерғали? Ар жақтағы Аязбайдың Ерғалиы ма? Кім болса да ат шалдырып, көз шырымын ілер пана көздеген жан... «Үйдемін, құдайы қонақ болсаң!» есіктен шыға келген Құныскерейге өзіндей сұсты Ерғали: «Соңында аңшылары тақымдаған бөкей бөрісі аулаңа басын сұқты. Ер қасына киіз қап іліпті деп есіттім... Батырдың бас сағалар шағы бар. Қашқын деп қаттаймысың? Әлде құмды есіп, Жайықты кешіп жүрген еркек ұл еді деп даттаймысың? — деді-ау сонда. Мен не дермін! «Сай қабағындағы қалқиған қарыс сүйем қара жусанның да бір торғайлық көлеңкесі бар, аулама басың сұқсаң ар жағында төрім тұр. Дәмі мен жастығы дайын. Кір!» дедім білем...

Жаңа ғана көз шырымын ілуге де мұрша бермей, ілесе келген ұзын сары сол Шыңғали... Екі милицияның бірі. Өңмендеген сол. «Ауылнай болғанда ұры-қарыны үйіңе паналату үшін болдың ба? Тез шығарып бер бұзықты!» деп бұйырды. Не амал бар? Баспана іздеп келген Ерғалиды ұстап беріп жүзі қара болғаннан, — «қой, шырақ! Ауылнай болғанда» деп мені ұялтып қайтесің. Құдай қонағымды тоқтыша томпылдатып, әкіреңдегендердің алдына өңгертіп жіберу үшін ауылнай болғаным жоқ. Не жалпақ — дала жалпақ. Істеріңді менің босағамнан аттап шыққаннан кейін істе!» — дегенде, айқайлап өзіме қамшы үйірді-ау бейшара! Арғы жағын милиция да, өзі де білмей қалды... Сол Шынғалидың баласы екен ғой, кешегі қаза тапқан! Бірі ағаттығымен қаза тапты. Бірі байқаусызда... Екеуі де жазықсыз. Егес пен намыстың... Өткенге салауат! Хакім тірі қалғаны абырой, әйтпесе достыққа қастық болар еді...

Құныскерейдің жадырай түскен қабағының қайта түнергенін байқап, бірақ не ойлағанын, неге өкініп, неге тәубе еткеніне түсінбей, Қаршыға өзінің біліп, көріп келген жайын айтып бітіруге кірісті.

— Аға, әлгі бұзық Щитов жортып жүрген көрінеді бізді іздеп. «Сақ бола көріңдер, төңіректің бәрін тіміскілеп тінтіп жүр» деді Сәрсен ағай...

— Ол кім еді?..

— Щитов па?

— Иә.

— Гүпу ғой, аға. Қасында қаптап жүрген қарулы адамдары болса керек.

— Щитов?.. Бұл фамилия жоқ еді көптен бері.

— Бар, аға.

Құныскерейдің қабағы қайтадан қара суық ызғар төгіп тұрғандай болды. Ол бар ой, күш-қуатын, барлық жүз қаһарын тек қана бір нәрсеге, бір адамға аударған сияқтанды.

— Щитов сол! Қайтадан шықты. Баймұқанның түбіне жеткен... — деп, Қаршығаға бұрылмай, ауыл жаққа қарап тұрып, өзіне-өзі жауап қайтарғандай болды.

Сонсоң Қаршығаға мойнын бұрды. Жүзіндегі ызғарды жібітпейді. Қысқа-қысқа сөзбен балаға бұйрық ретінде тіл қатты. Қаршыға тыпыр етпестен, екі көзі Құныскерейде, құлағын оның өктем үнді сөзіне тосты.

— Біз күн ұясына кіре жортып кетеміз. Ұзақ жолға, бұл жаққа қайта айналып соқпас сапарға. Ұғып ал. «Неге? Қай жаққа?» деп сұрама. Қазір Николайыңа қайта бар. Үстіңе шақ шинель, солдат бөрік және солдат құты тауып берсін. Ақшасын төле. Сонсоң... болса сукар, болмаса — қалаш нан ал. Қант-шайың бар. Басқа еш нәрсе керек емес. Сұрай қалса: «Текеге жүремін, адбакат жалдаймын, папамның ісін қуамын» де. Тез барып қайт! — деді.

Бала тез жүгіріп су жағасына жетті де, арғы беттегі жағада ау жайып жүрген балықшыларға беркін көтеріп қол бұлғады.

— Микалашка, лотка! Лотка! — деген Қаршығаның ащы, жіңішке даусы қоса шыңты.

Қаршыға Микалашканың арғы беттен қайығына мінгенін қарап тұрғанда, кейіндегі ағаш арасынан Құныскерей:

— Бала! — деді, — Қаршыға селт етті, жалт қарады. — Мен Мақыштың күтіріне кете беремін. Сонда кел, ана қаз мойынды қалдырып, екі атты өзім алып кетем.

— Жарайды, аға...

6

Қаршыға қайыққа мініп арғы бетке жетісімен, Құныскерей арғымақ биені үлкен қау ағаштың түбіне байлай салды да, Мақыштан алған екі аттың біріне қоржынын артты, біріне-бірін қосақтап жетегіне алды. Сөйтті де, Ақметше аулынан шығып жағаға құлайтын жолдан бір бүйір тұрған шоқ орманға беттеді. Бұл шоқ орман бұлардың қонақтаған жерінен екі-үш шақырым жер оқшау тұр еді. Бүлкілдей желіп, сирек ағаштарды бетке қалқалап, көлденең көзге шалынбайтын жықпыл-жықпылды сағалай тез келіп жетті. Шоқ орманның төңірегін көзбен шолып, аяңмен аралап, екінші елсіз шетіне келді. Орманның ішінде де, сыртында да жан жоғын байқады. Сонсоң екі атты қалың қапырықтың ішіне кіргізіп, мал тісі тимеген қалың шөпті айнала оттарлық етіп ұзын шылбырмен арқандай салды. Өз атын ең шеткі ағаштың тасасына қойды. Сонан соң орманнан екі-үш жүз қадамдай жердегі қырқасымақтың етпеттеп келіп үстіне иек артты да, мылтығын жанына қойып алыстағы жолды торыды. Жатып, көзбен торыды. Көлденең көзге ілігерлік аң мен құсты да есепсіз жіберместей, ежелгі өзінің әккі амалына басты.

«Щитов дегені сұр мергеннің бірі. Бұл мұнан бірнеше жыл бұрын Баймұқанды қолға түсіріп еді. Түсіргенде... атып түсіріпті деп еді. Енді менің соңыма түскен сол екен. Менің оғым жаңылса оның бағы. Оның оғы жаңылса... мұндай жағдайда ұрынбай кеткен абзал», — деп ойлады Құныскерей.

Ол Қаршығаға бұл сырын ашқан жоқ еді. Ойы: егер Қаршығаның сөзі жанды болса Щитов бұл жағаға бір соқпай қоймайды. Өйткені ит... ертеңгі кеткен ит ауылға тілі салақтап жетіп барса, оның Қаршығаның жатқан жерінен келгенін Щитов түгіл бала да біледі деп ойлады. Ал, келе қалса... Тіпті Қаршығаға кездесіп қалып бас салса... «онда көріп алармын» дегендік еді.

Ұзақ отырды. Айнала көз жазбай қарап отырды. Кей кез ойға шомғандай көкжиектен көзін алмай сазарып та отырды.

Құныскерейдің сол кезде не ойлап, не қойғанын кім білсін.

Күн екіндіге төнгенде Құныскерей көзбен қадағалап отырған алыстағы жол үстінде болар-болмас ақ тозаң бүрк еткендей болды да, қайта басылды. Оның көзі жолды жеп жібергендей қадалды. Ақ тозаң екінші жерден барып бұрқ етті. «Жол бойымен ытқыған қосаяқ па?» деп ойлағанша болмай, жолдың қазба табанымен бүлкілдеп келе жатқан иттің басы қылтылдап көрінді. Көзін уқалап алып қайта қараған Құныскерейдің көзіне енді иттің тұтас бейнесі ілікті. Жолдың қырынан бір, табанынан бір қылтылдап жортып келеді екен. Алыстан кіші көрінгенмен мұның аң емес, мысық та емес екенін Құныскерей жақсы аңғарды. Өзінің осы жерде торып отырғаны да сол Қаршығаның соңына ерген иттен сескенгендік қой.

Көп кешікпей ит соңынан әрегіректе, қырат басынан шыға келген бір баланың шынашақтай бейнесі шалынды. Бала сәл тоқтап, алдында көрінім жерде кетіп бара жатқан иттің соңынан қарауыл қарап тұрған сияқты. Дәл... қарауыл! Ит тұра қалып кенет кері бұрылып еді, бала жалма-жан отыра қалды. Тіпті көзден ғайып болып кеткен сияқты ұшты-күйді көрінбей кетті.

...Елдегі баланың ойыны. Ит баладан аулақтайды, бала жасырынып қалады, ит әрі жүрсе, бала тағы ереді. Мұндай көріністер талай-талай езу тарттырған бала мен иттің әрекеті ғой...

«Мұның соңында сол Щитовтың жасырынбақ ойыны. Білем сырыңды. Мен бірақ ит арқылы ізденетін даланың тік құлақ қарсағы емес. Көрермін... Айлаңды... Әлгі есі жоқ Қаршыға неге кешікті? Мына ит пен бала соның соңына түскен ит қуғын», — деп ойлады Құныскерей. Ол не де болса мына елден бөлек, ойға келмейтін, сұмдығы асқан із кесудің бар шетіне шығармын-ақ деп етпеттеп жатып қонышынан шақшасын суырды. Оны қағып-қағып жіберді. Бірақ соңғы кезде сирек атса да насыбайдың сарқылып, тек қана шақшаның қырындысы қалғанын сезді. «Шақша да қағыла бастады. Оқ та тапшылана бастап еді, бір жөні болып Қаршыға әйтеуір оны қорландырып тастады. Енді бір аялдағанда насыбайды да қорландырармын, — деді ол ішінен, шақша тығынын сүңгілеп-сүңгілеп жіберіп, болмашы ғана тырнаққа түскен бір кездегі қарабұйраның жұқанасын ышқына тартып.

«Мүмкін бұл Қаршығаның жолдасы шығар! Аң аулауға, суға түсуге бірге шығатын?»

Бірақ бұл өте әлсіз болжалды екіншісі тез ысырып жіберді.

«...Жоқ, бұл соның ісі. Аңдушының айласы. Осыншама жерден Қаршығаны жаяу қуып келетін бала қайдан шыққан. Және... ит кейінгі жаққа бұрылып қарағанда анау жата қалды... Ит қайда барса — Қаршыға сонда деп жіберген...»

Бір кезде орманнан шыға шапқан аршынды арғымақты адамды көре сала Құныскерей:

— Түпу, иттің баласы! — деп жерге түкіріп қалды. — Бәйгеге шапқандай көсілуін қара! Ойында дәнеңе жоқ, мұндай ақымақ болар ма...

Құныскерей оның қазықша қадалып атқа отырысына және үстіне шинель, басына шошақ бөрік киіп өзгере қалғанына қарап отырды да, қайтадан қисайды. Етпеттеп жатып бақылады. Бала тура қырға қарай, кешегі Мақыштың өріс төріндегі алыстағы күтіріне қарай ат бауырын төседі...

Көп кешікпей бір бүйірлеп, арт жағынан, аттылы адамға аңшының итіндей көсіліп ақ төбет шапты, кәдімгі ертеңгі Құныскерейдің жекіріп қуалатқан қайың қаптал ірі төбеті.

«Тышқан ініне кіре алмай жүріп құйрығына қалжуыр байлайды» деген осы. Бәлекеттің баласында да торғайдың миындай ми жоқ екен. Шамам-шама. Ана ит мына ұялас итін іздеп келе жатыр. Анау бұққан бала мына адырайған баланы таппақ. Мұның бәрінің соңында ең бұзық аңшы...»

«Мен Мақыштың күтіріне кете беремін, сен сонда келерсің» деген сөзді ғана ұстап қалған Қаршыға басқа еш нәрсені де ойламады. Алыстан із кесіп, сырттан торып, оны қолға түсіруге әрекет жасап жатқан жандар бары оның есіне де келген жоқ. Ол тек қана күтірге жетуге асығып, еспе жүрісті ұшқыр биеге тақымын қадай түсті. Ал, жанамалай шауып қатарласа қалған өзінің Ақтабанын көргенде қуанғаннан:

— Айда, Ақтабан! Сілте! Сен мені жеті қабат жердің астынан да тауып аларсың! Кеттік, кеттік! — деп ысқырды.

Ақтабан құлағын жымита түсіп, оның алдын орауға асықты.

7

Бұл құйындатқан жас жігітке иттің соңынан еріп алыстан бұққан Құрмаш орнынан түрегеліп қарады. «Ана ауылнайлардың ізін кесіп бірнеше күннен бері қолға түсіре алмай жүрген сұрқия бас кесер жігіт осы болды. Өйткені соңындағы Бөрібасар, астындағы Ақметшенің көк арғымағы! Мен болмасам әлі де бірнеше күн іздер еді!» деп бір жағынан насаттана, бір жағынан «енді неге ұмтылмайсыңдар?!» дегендей ол кейінгі жаққа қарады. Кейінгі жақта оны алға қарай ит соңынан жаяу жіберіп, өздері аттарымен сай ішінде Щитов пен Әжіғали және бір қызметкер тұр еді. Аттылыны бұлар да көрді, бұлар да мұның Қаршыға екенін бірден таныды. Алайда, Щитов Құныскерей мен Қаршығаның қосылған-қосылмағанына көзі жетпей, бірақ «жылқы ұрлығы жалғыз адамның ісі емес» дегенге тоқтап, бұл жігітті әлі де іздесіріп, бір ұшына шыққанша ұстамауға» бел байлады. Ол алыстан осы тәсілмен оның соңына еріп отыруды Әжіғалиға тапсырды.

— Жақындамай, алыстан аңдырсың. Қайда тоқтап, қай жерге қонақтарын байқауға тырысарсың. Мен сенен аулақтамаспын, жә Мақыштың аулынан, жә крепил мүшесі Жантақтың үйінен табысармыз, — деді Щитов.

Әжіғали белдің үстіне шықпай, ой бетпен Қаршығаның маңдай түзеген жағына бір бүйірлеп жорта жөнелді.

Ал, алыстан, орман беттен орағытып шыққан Қаршығаны, оған қарай жүгірген Ақтабанды көріп Құрмаштан қозы көш жер алда келе жатқан көк төбет шоңқиып отыра қалды. Ол аздан кейін қыңсылай бастады. Қыңсылап-қыңсылап алып бір кез жата қалды. Жата қалды да әлденеге іші күйіп кеткендей жер тырнады. Жерді алдыңғы екі аяғымен кезек-кезек осты. Сонсоң тағы да шоңқиып отыра қалды. Ол ұзақ отырды.

Алыстап бара жатқан иесін, иесінен қол жаздыра бастаған Ақтабанның айдалаға, алысқа, ауылдан беті басқа жаққа суыт жүріспен жөнеп бергенін, оның енді кері оралмайтынын ит жақсы сезді білем...

Шоңқайып отырып ұли бастады. Айнала қарап, төрт жаққа тең ұлыды. Бұл өмірден біржола безгендей иттің зары Құрмашқа өзгеше әсер етті.

— Қара басыңа көрінсін, көк төбет. Бастадың жаман әдетті... — деп жасып, ол кері бұрылып түйе жүн шекпенді көзі көк «Молдашевке» қарай аяңдады.

Щитов қасындағы әскери формамен киінген қарулы қызметкерін арғы беттегі орыс поселкесіне жұмсады. Ондағы мақсаты: ұрланған жылқыны сол беттен іздету, егерде табылса, оны жеткізіп берген адамдарды ашу еді. Ал, иттің ұлығанынан түңілген Құрмашқа:

— Бала, сен аңғарулы, ақылды, қолыңнан іс келетін баласың. Ана Әжіғали сияқты, тіпті Хакім сияқты әкім боласың. Тек оқы. Ал, қазір ауылға қайт, — деді.

Өзі де, Құрмаш та қырқадан әрі кейін қарай жүрді.

Бұл төрт адамның жүріс-тұрысын алыстан көріп, бірақ ешбір қимыл өзгерісін көзден таса қылмай мейлінше сынап, талдап, болжап жатқан шоқ орман түбіндегі Құныскерей өз қорытындысын жасады. Оның көзі жеткені: әскери формалы Жайыққа қарай жүрген адам Щитов. Анау өріске қарай қылт-қылт жортқан милиция қазақ, ауылға қарай кері қайтқан — ауылнай мен бала. Ит қуған бала. Енді, қалай да бұл жерден біржола кету қажет. Бәрі белгілі. Ана Қаршыға күтірге күн бата жетеді. Менің онда келмегенімді көріп ол кері шабады. Оны сол кері шапқан кезде жолдан іліп алып, түн жортып ел шетіне шығып кету керек. Ал, мына Щитовты ше?.. Жайыққа да жеткізбей, артымды да оратпай, арғы бетке де өткізбей, жанын жаһаннамға жіберсем?! Қалың ағашты бетке ұстап барған адам қамыстың тасасында отырған шүрегейді атқандай қылжаң еткізбей ме... Ол ше? Егер де ол бұзық тап осыны ойлап, қоғаның түбінен шыға келген қасқалдақтай етіп, аяғын серең еткізсем деп бұғып тұрса?!.

8

Биенің бір сауымындай уақыт күтіп отырып Құныскерей орнынан түрегелді. Ол Щитовты «шүрегей үйректей қылжаң ете түсіру» ниетінен бас тартты. «Кешкі мылтық дүниені басқа көтеріп, адам түгіл мына Жайық жағасын тұтас солқ еткізеді. Сонсоң ана алыстағы адамдары қосылып бөрі қуған аңшылардай елді бөріктіріп бітірер», — деп ойлады. Сөйтті де елге қайтқан екеу ұзап, Жайыққа келген бастық арғы бетке өтті-ау деген шамада атқа қонды. Енді аттың белдісін мініп, өзінің Ақбозына Қаршыға мінген жүйрікті қосақтады да, ұзын шылбырлап айдап жөней берді.

Ол кешікпей өнімді жортақпен отырып Қаршыға соңына алыстан ерген милиция қазақты көзге ілді. Даланың несі коп, сайы мен саласы, жазығы мен белі көп. Әсіресе кез келген шөкені бетке ұстап, кез келген жыраны еңбектеп бұғып, жау алмас қамал орнына пайдаланып үйренген Құныскерейге айласын асыра түссін дегендей, алдынан сай шыға келді. Сайдың ұзын ырғасы Мақыш күтіріне бір бүйір әкетерлік Арқаға қарай тартса да Құныскерей көз ұшында кетіп бара жатқан милицияның о жақ-бұ жағынан шығар-ақ деп түйді. Сөйтті де ол аттан түсе қалып айылын қайтадан бекітті. Ақбоздың мойнынан сипап қойды да, жүйріктің сауырынан қақты. Сөйтіп, қатты жүріске түсер алдындағы үйреншікті әдетін тақырарлап болып, сай ішінде атына қайта мінді. Ол енді шамамен алты-жеті шақырым жерге тізгінін ірікпестен шабуға бел байлады. Жетектегі ұзын шылбырдан ұстаған қос атты алдына салып қуа жөнелді. Ұзақ шапты. Шамасы — шама, алты-жеті шақырым жер шапқан жан сай қиғаштап кетсе де әлгі көз ұшындағы адамның деңіне барып-ақ қаларлық еді. Бұл жолы да оның көз өлшемі мен ой өлшемі жаңсақ шықпады.

Сай қырына аяқ астынан шыға келген түсі суың жортуылшыны Әжіғали көре сала кілт тұра қалды. Сай мен екі ара мүше алып қашқандай-ақ жер екен. Бұл жерден бірнеше күннен бері соңына түсіп жүрген қарақшы кездесе қалар деген ой ұйықтаса түсіне де кірмеген нәрсе еді. Ә, дегенде ол қосақтап алдына салып айдаған бірі ерсіз, бірі жүк артқан екі атты, қасындағы еңгезердей Құныскерейді даланың көшіп жүретін «дию-перісіндей» көрді. Ол не дерін білмей қозғалмай қатып қалды. Мүмкін бұл бірнеше секундтік уақыт қана шығар, алайда Әжіғалиға ұзақ көрінді. Оның үстіне тоқтап қалып, қыр көрсеткендей көлденеңдей түскен ірі аттың үстіндегі ірі қара дәу періден де айбатты сияқтанып кетті. Ісі де сондай...

— Түс атыңнан? Түс! — деген жер-көкті дүңк еткізгендей ожар дауыс оны тура түйгіштеп жатқандай әсер етті.

Не түсерін, не түспесін, не қару жұмсап қарсы амал жасарын білмей дел-сал болып қалған Әжіғалидың көзі аттан қарғып түсіп жүрелеп отыра қалған Құныскерейдің қолындағы шолақ мылтықты көрді. Сойқан жүрісті, сойқан істі, сойқан дауысты адамның Құныскерей екеніне, қолындағы оның әйгілі шолақ мылтығы екеніне және оның көзіне іліккеннің аман қалмайтынына Әжіғалидың бірде-бір күмәны қалған жоқ еді. Сонда да бұл пысық жігіттің пысық ойы иненің жасуындай болмашы үмітке жармасты: «Оғы жетпес.:. Мылтық шолақ қой... Ұшқыр ат... Анау қайтадан атқа мініп, жетегімен шатасып... құтылып үлгірермін...»

Әжіғали атын тебініп қалды да, ит көрген қояндай жалт етіп қаша жөнелді...

Арғы жағын Әжіғали ойлап,, салалап жатуға болмады... аттың басынан ілгері ұшып кеткенде «шарт» еткен мылтық даусы естілді де құлағы тас бітіп қалды...

— Тұр! Кет былай! Лақтыр қаруыңды! — деп жеке-жеке жекірген өктем дауыс оны орнынан тоқпақтап тұрғызғандай әсер етті.

Ол жүре келіп, «көрмейсің бе, мылтық ердің қасында ғой» деген адамша атына қарап еді, жаңа ғана «қарақшының қолынан сытылып кетер» деген ат артқы аяғын серпіп жатыр екен. Айналасы қан-қан, жер-дүниенің бәрі шаң-топырақ.

— Былай шық! Таста қаруыңды! — деп ақырды Құныскерей шолақ мылтығын кезенген күйі.

Әжіғали шеткері шыға берді, беліндегі наганды белдігімен қоса жерге тастады.

Не істемек, не амал жасамақ? Наганның қабын ашып үлгергенше ана аты сияқты теңките салады... Қолдасып қайрат қылуға, бұл еңгезердей ұзын қараның ана теректей қолмен, кішігірім тоқпақтай жұдырығы төнсе?..

Әжіғали ашық жүзді, әзіл-қалжыңға шебер және оның үстіне апырып-жапырып жүретін өр кеуделі де еді. Осы мінезіне қарай оны жұрт «тентек милиция» деп кеткен.

Ол Құныскерейдің ісіне, түріне, жекірісіне таң қалғандай қарап тұрды да, жердегі жатқан наганды алып, өзіне қарай келе жатқан бұл елден бөлек жанға:

— Айтса, айтқандай жігіт екенсің! Саған да сөз жоқ, сорпаға да сөз жоқ? Ең болмаса: «Дәумен жараласа түсіп едім, о да сілікті, мен де сіліктім. Күшіме риза болып кетіп: «Жарайсың. Сені де қазақтың бір мықты қатыны дүниеге шығарған екен. Мына қаруыңды өзің ал деп лақтырып тастады», — дейін, наганымды алмай-ақ қой» — деді.

Құныскерей оған бөріше желкесінен қарап тұрды да, басын шайқап:

— Мына тарсылдағыңмен қоса ана көсеуіңді де мойныңа тақ. Сонсоң... — ол наганның көмейіндегі бар оғын және ат астында қалған винтовканың патрондарын суырып алып қалтасына салды. — Анау Жайық жағасында қалған қай бұзық? — деп сұрады.

Әжіғали жасырмады.

— Жайық жағасына кеткен орыс жігіт, тергеуші. Баламен бірге елге қарай кері қайтқан ГПУ начальнигі, — деді.

Құныскерей аз ойланды да:

— Нәшәндікке сәлем айт: енді кездессе оған деген оқ жаңылмайды. Бар! — деді.

Сөйтті де тез атына мініп, келген қалпында Ақбоз бен жиренді алдына салып жорта жөнелді.

Жаяу қалса да Әжіғали өлмегеніне қуанды. Ол енді көрген ит қорлықты, әрі қару жұмсай алмай, әрі қара жаяу қалу масқаралығын, өзінше, кәдімгі Әжіғалиша дәлелдеуді тез тапты: «Атым оққа ұшса да бандитке алдырмадым. Әттең оғым таусылып қор болдым. Әйтпегенде...» — дермін деп елге қарай аяңдады.

Ол Щитовқа түн ортасына таяу кездесті. Ал, бұл кезде кешкі ала көлеңді бетке ұстап төрт атты кезек-кезек белін суытып жөнеп берген Құныскерей мен Қаршыға қырық шақырым жер қашықтап кетіп еді. Олар елсізге бет алған.

АЛТЫНШЫ ТАРАУ

1

Ақметше тергеу үстінде.

Орта бойлы, аш өңді, солғын жүзінде көзі жылы шырай төгіп тұрған тергеушіні көргенде Ақметше: «Қатал жан болмас, ақыл-ойдан да құр жігіт емес», — деген топшылау жасады да, бірінші лебізден кейін-ақ «солай» деп түйді.

Ол тек өзіне қойылған сұрақтарға тасқа таңба басқандай, артығы да, кемі де жоқ етіп жауап қатуға тырысты, сөзі дәл, пікірі дәлелді болуды көздеді. Қарсы сұрақ қоймай сабырлы қалып сақтады.

— Сіз ешқандай партиямен де шұғылданбадым дедіңіз. Бұл қалай, халқына қызмет етем деген азамат әлеуметтік қозғалыстан қақас қала ала ма? — деп еді тергеуші, Ақметше ойланбастан, ілесе:

— Дұрыс айтасыз, азамат тергеуші. Әлеуметтік қозғалыстың түп тірегі шаруашылықты көркейтуде: Мен сол көркеюге тиісті шаруашылықтың бақташысы болып келемін, — деді.

— Қызық теория...

— Қайдан білейін, теория ма, әлде практика ма билеп алған. Әлде мал баққан атам қазақтың мұра есебінде атадан балаға үнсіз уасиеттеп кеткен мал құмарлығы ма, әйтеуір мал тұқымын асылдандыру деген мамандықтың тәжірибесі уысынан шығармай жүр.

— Сонда сана-сезім, саясат, мәдениет дегендердің түп қазығы шаруашылықтың көркеюінде демексіз бе?

— Менің түсінігімді сіз жақсы ұқтыңыз. Дәл солай деген пікірдемін.

Тергеуші ойланып қалды. «Мынау барып тұрған материалист қой»... — деп Ақметшенің тура қарағанда таймайтын, бірақ безерген пішін көрсетіп өзгені бездірмейтін жұмсақ қарасты шырайын сынап отырды да:

— Ауыл шаруашылығындағы мамандардың көбі ғылыми тәжірибеге сүйенуді жақтайды. Бұл пайдалы дәстүр. Сонымен бұрынғы жауаптарыңызға қосар-алар өзгерістеріңіз болса, айтыңыз, — деді.

Ақметше ілкі берген жауабын нықтай түсті.

— Азамат тергеуші, мен әнеугүнгі сөзімді қайта айтқым келеді, өйткені оған қосарым болса да, оны өзгертер шамам жоқ, неге десеңіз онда болған уақиғаны сол қалпында толық сипаттағанмен, ол кездегі өмір тілегі ерікті қалай билесе, соған сай әрекет істелгенін бұрмай бейнелегенмін. «Адам басы Алланың добы» дейтін қазақ халқында ескіден келе жатқан ұғым бар, мұны біз өмір өзгерісіне, қоғам құрылысының даму тәртібіне ақылмен өлшей отырып қолдансақ: адамның, жеке адамның еркі өз билігінде емес, әлеумет өмірінің ағыс-арнасының билігінде деген сөз ғой. «Алла» деген сөз: жаратушы, өзгертуші, табиғи құбылыс күші деген мағынада ғой. Өзіңіз әділдігін айтыңыз: бостандық, теңдік дейтін ежелден іңкәр ұғымға көзі ашық азаматтар тегіс жармасты, бірақ оны әркім әр түрлі ұқты, оның қолға келер жолын әр түрлі әдіспен іздеді. Міне, сол түрлі-түрлі ұғымды қолдаған сан қилы топтардың қатарында заман ағысымен біз де ақтық, яки мен де сеңдей теңселіп, тасқынды ағыстың құшағында кете бардым. Қайдан шығарын, қайда тоқтарын, қалай аяқ тірерін саясат басындағы жандар сезді. Ал, біз яки мен, өзімнің мықтап ұстаған шаруашылық саласындағы тәжірибемді жүргізумен болдым, соның, яки мал тұқымын асылдандырудың пайдалы жағын зерттеумен болдым. Әкімдікке жолағаным жоқ. Оның орнына жүріске төзімді, көзге көрікті, шаруаға пайдалы құнды мал шығару жолы менің қолымды да босатып көрген емес, ойымды да басқа нәрсеге бөлмеді, әлі де сол әрекет үстінде еңбектенудемін. Мұны ауыл аймағы ғана емес, болыс қол асты, болмаса уезд қарамағындағы халық тегіске жақын білсе керек. Өйткені ол тәжірибе жұрт көзінде істеліп келе жатқан тәжірибе. Сонсоң мұндай істер қай елде, қай жерде болмасын зерттеуші селекционердің бір ғана айы емес, жылы да емес, бүтін өмірін тұтас уысынан шығармайтын, инемен құдық қазғандай қиын жұмыс. Сізге мұны түсіндірудің маған қажеті жоқ. Өйткені білімді азаматтарға есі кеткен жан ғана ежіктеймін деп әуре-сарсаң болатыны да дәлелді керексітпейді, — деді.

— А, Құныскерей жөнінде?..

— Мен айттым ғой, азамат тергеуші, оны арқандаулы аттай менің төңірегіме шыр айналдырып жібермей жүрген — бала. Мұның тарихы сізге әбден мәлім, — деп іле жөнелді Ақметше тергеушінің алдын орап. — Ол кісінің қайда жүретіні, не істейтіні тергеу орындарына айқын шығар, бірақ маған қараңғы. Оның менде, менің онда ісім болып көрген емес. Айында, жылында төңіректеп келіп көрінер-көрінбес бір елес береді де жоқ болады. Айта кететін бір жай: осы күнге дейін әкімдерден бір адам: «Сіз Құныскерейді білесіз бе?» — деп сұрап көрген емес. Сондықтан: «Сондай адамның маған сондай жегжаттығы бар еді», — деп мен жақ салсам... келісі де келмес, жұрт нанбас та еді. Бұл жеке бастың, үй-ішілік сырдың басқа ешкімге керексіз заттың бір құпиясы ғой.

Ақметше сөйлеген сайын, ойға сиятын нәрсенің бәрін тасқа таңба басқандай етіп дәлелдеген сайын, тергеуші назары жауапкердің ақылдылығына ауа берді. «Осы бірін-бірі жалалап, реті келген шақта қарсыласын біржола жығып алуға үйренген қазақ, әлі баяғы ескі әдетіне басып жүрмесін. Мынау түбі пайдалы маман болуы даусыз», — деген қорытындыға келді.

— Сіздей оқыған маман азаматтар жаңаны тез қолдауы керек қой, — деп қалды ол, «Совет заңы — қаралау емес, тәрбиелеу» деген түп-тірекке сүйеніп.

— Сіз әділ айтасыз. Қолдауы керек... Оқыған азаматтар жаңаны мықтап қолдауы керек. Алайда, мен көп нәрсеге түсінбеймін, — деді Ақметше ақырындап қана, жұп-жұмсақ үнмен. — Адам түрлі. Оның сана-сезімі де түрлі: яки әркімнің ұғымы, пікірі, дүние тануы әр сатыда емес пе? Мысалы мал баққан шаруаның өзінше көзқарасы бар. Болмаса бұрын дәулетті болған адам мен жалшы болған адамның ойы, ұғымы, мақсаты басқа-басқа. Бұлар өкімет тәртібіне де әр түрлі көзбен қарауға тиіс. Ал, солардың бәрі теп-тегіс Совет өкіметін қабылдай салады деу қиын, бірақ қабылдауы керек деп ойлаймын. Бұл үшін сол өкіметтің артықшылығын көзімен көріп, қолымен ұстауы қажет шығар, ал бұған біраз уақыт керек болады ғой деп түсінемін. Бірден коммунист болып туған, әп дегеннен советшіл болатындар да бар болар, алайда уақыт — басты шарт сияқты.

— Өзіңіз ше? Өз басыңыз? — деді күлімсіреп, арықша тергеуші. — Коммунист партиясына тілектес болу жолы ұзақ жол деп ойлайсыз ба?

— Өзім жұрттан өзге жан емен. Үйренуге ұзақ уақыт, тәжірибе аларлық үйренерлік мерзім керек. Мен: «Коммунист болғым келеді» десем, сенбеушілер де табылар, бірден мұндай үлкен идеяға көшу, біз сияқты жасы бар, ойлануды, салыстыруды қалайтын өмір тәжірибесі бар жандарға оңайға да түспес. Бұл ұзақ жол деп болжаймын...

Мұнан кейін екеуі де үндемей біраз отырысты. Ақметше сақалын ақырындап сипап қойып, тергеушінің жүзіндегі жылы құбылысты, үніндегі жұмсақтықты, тіпті «Коммунист партиясына тілектес болу жолы ұзақ жол деп ойлайсыз ба?» дегендегі езу тартқаны — жақсылық нышаны деп түсінді. Ол қателескен жоқ еді. Көпті көрген, адамның ішкі құбылысын сыртқы өзгерісінен аңғарып үйренген бұл тәжірибелі адам алдындағы жанның қыбыр-қимылына дейін безбенге салып отырған. Орталыққа жазған қорытындысында тергеуші: «Бұрынғы правитель, бірақ көп жыл бойы селекционерлік іске ауысқан тәжірибелі ғалым. Асыл мал тұқымын шығарған (түйе мен жылқы тұқымын). Алашорданың Батыс уалаятына атаман Мартыновтың берген қару-жарағын жеткізген деген айыбы 1920 жылы қазақ даласындағы буржуазиялық ұлтшылдарға берген өкімет кешіріміне жатқан, қазір Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің «Ауылды советтендіру жайлы» деген қаулысы бойынша есепке алынған 700 бай-бектердің бірі есептеледі», — деп жазған. Оған жауап та келген еді. Бұдан өзге қосымша жаза белгіленбегеніне тергеуші де іштей риза еді. Өйткені «700 үй» Қазақстанның өз ішінде ғана орын өзгертпек, ал, «аса қауіпті» дегендерге «өзгеше шара» қолданылмақ қой. Неге екені белгісіз, бұл тергеуші Ақметшенің «700»-ге ғана іліккенін қалап еді.

— Қазақстан өкіметінің шешімі бойынша сіз республиканың басқа бір облысында мамандығыңыз бойынша қызмет істейсіз, — деді.

Ақметше селт етті, бірақ қозғала түсіп бұл тосын сезімді тергеуші көзіне шалдырмады. Бұл шешімге ол қатты риза болса да, ішкі құбылысын білдірмей, дел-салдау үнмен:

— Ол баратын облысқа қай шамада жүргізбексіз? — деп сұрады.

— Оны өзіміз алдын ала хабарлаймыз, үй-ішіңізбен, яки қызыңызбен дайындық ісін ақылдасуға бізден рұқсат, — деді тергеуші.

— Мұныңызға көп рақмет, азамат тергеуші, — деп Ақметше басын иді.

Ақметшенің шамалауынша Хакім Жүнісов, тағы басқа тергеу орындарының ісіне қанық қызметкерлері он сегізінші жылғы Алаш өкіметіне қару жеткізу және он жыл бойына Құныскерейге астыртын тілектестігі үшін ең кемі он жыл лагерь бергізер-ақ деп қорқып еді. Қазір «осы қауіптен сақтап қалған бір тәңірінің өзі» деп білді. Ол іштей: «Рахманы көп рақмет! Алла, құдіретіңе ризамын!» — деді. Сонсоң камераға алып кетуге келген бақылаушыны көріп.

— Азамат тергеуші! Әділдік пен адамгершілікті ежелден етек-жеңі кең орыс халқынан ғана күтуші едім. Сіз сол халықтың қара қылды қақ жарған ұлы екенсіз. Менің халық игілігіне арнаған ғылыми тәжірибемді соза беруге мүмкіндік бергеніңіз үшін тағы да мың да бір рақмет, — деді.

Тергеуші үндемеді. Ол тек Ақметше шығып кеткеннен кейін:

— Көріп жүрген көп жандардың ішіндегі әрі білімді, әрі ой тереңдігі өзгеше адам екен, — деп басын шайқады.

2

Әлібек жеңгесін көшіріп әкелуге Жымпитыға кеткен күні аяқ астынан бәрі өзгеріп кетті.

Бір жағынан ағасының ренжімегеніне қатты риза болып, екіншіден, о бастан Гүлжиһанмен екеуінің қосылуына тілектес Меңдіқыздың келуіне өте-мөте қуанып кетіп, Әлібек қызға:

— Жолы болар жігіттің жеңгесі алдынан шығады, Меңдіқыздар осында келеді, өзім барып көшіріп әкелемін. Саған да, маған да ақылын айтып жаны қалмайтын жеңге бұл сапарымның сәтті аяқталуына жәрдемдеседі. Гүлжиһан, бұл қуанышымды сен де құптайсың ғой?! — деп, Әлібек түні бойы шырмаған күдікті ойларды біржола серпіп тастағандай болды.

Ол қызды құшақтап сүйіп, бәріне де берік болуға, қайғырмауға, алдағы бақытты күндерді жарқын бейнемен қарсы алуға, ауыр кездің ауыр мехнатын ерлікпен жеңуге дем бергендей, ең тәтті, ең кіршіксіз сөздерін лекілдете бастап еді. Қыз да оған төмен қарап мұңая түссе де, қарсы жауап қатпап еді.

— Жолың болсын, барып қайт. Аман-есен Меңдіқызды алып кел, тілектес ғазиз жан ғой, — деді де қойды.

Әлібек оны тағы да құштарлана сүйіп, ат-арба дайындап пәтерінде күткен ағасына асығып еді.

Ал, бұл жастық өміріндегі ең бір сәтті сағаттан кейін, түске таяу қызы жатқан өзінің Оралдағы ескі пәтеріне Ақметше жетіп келді. Қызының да қуанышы қойнына сыймай кетті, қыздан кейін көп заман дәмдес болған абыстайдың да төбесі көкке жеткендей болды.

— Адамға қастық етпейтін, ізгі тілекті жандарды бір Алланың өзі қолдайды. Міне, енді құтылдыңыз кіріптарлықтан, қайыры болсын, Ақметше абзи. Құдай ғұмыр берсін. Гүлжиһанның қызығын көрсетсін, — деді әйел бата қылып.

Сөйтті де, Ақметшенің хал-жайын тыныққаннан кейін сұрау үшін, әйел оның әзір моншаға түсіп жуынуын, таза киім киіп, шәй ішіп, үй тамағын жеуін, сөйтіп «рахатлануын» қамсыз етті.

Ақметше абыстайға алғыс айтып, айтқанын орындап бұрынғы тіршілігін қайта қолға ала бастады. Ол отыра қалып хат жазды, оны конвертке салып және телеграмм текстін жазды.

— Гүлжиһан, — деді әдетінше сақалын жұмсақ саусағымен бір сипап өтіп. — Өмір ұзақ, жол қиын. Оның ұзақтығына да, қиындығына да адам көнеді. Көнбеске шарасы да жоқ. Сонымен бірге ер қадамын аңдап бисуға, әрбір ісін ойлап істеуге, ақылға салып істеуге тиісті. Мен мына кіріптарлықта отырған күндерімде көп нәрсені қайта қарап, қайтадан заман ыңғайымен әрекет етуге бел байладым. Алдымен сенің оқуың жайлы. Бүгін сен Саратовқа жүріп кет. Поезбен жеті-сегіз сағаттық жол. Мен қазір сені қарсылап алыңыз деп сондағы тілектес, білетін адамға телеграмм соғамын. Қарсыласа жақсы, егерде бір себептермен қарсылай алмай қалса, онда мына адреспен сол кісінің үйіне бар. Ол кісі ауыл шаруашылық институтының профессоры Тулайков дейтін кісі. Менің хатымды тапсыр. Оған сені Саратовтың медициналық институтына түсіруге, сонда оқуға жәрдемдесіңіз деп сұрадым. Ғалым адам. Менің сырласып жүрген, ақылдасып жүрген адамым. Ол қолдан келгенін аямас деп ойлаймын. Ал, өзімді бүгін-ертең Жетісуға жүргізеді. Мына Оралдан, Орал губернасынан жетпіс шақты адамды жер аударуға қаулы шықты. Соның бірі мен. Бізді жинап, қызыл вагонге отырғызып, әскери конвоймен жеткізбекші. Сондықтан мені әзірге бәрібір сенен бөлек әкетеді. Бұған сен қайғырма, егерде оқуға түсетін болсаң, онда Саратовта қала бер... Қыс каникулға келерсің. Мен орналасқаннан кейін хал-жайымды айтып Тулайковтың адресіне хат жазармын. Түсіндің ғой, Гүлжиһан?!

Гүлжиһан екі көзін әкесінен алмай тыңдап еді, басын изеді де, мырс етті...

— Жылама. Сен жыласаң, сенің жылағаныңды көріп менің көңілім босаса, көлденең көрген адамдар не дер!

Қыз қоя қойды. Ол, тіпті түсі қуқылданып, өзін-өзі уыстап қысып алғандай, түйіле қалды. Оның үні де берік шықты.

— Папа, мен бәрін де орындаймын. Қам жеме, — деді.

Басқа еш нәрсе айтпады. Түстен кейін «Шеген құдықтан» әкелген сандықшаны ашып, Ақметше бірер жүз сом ақша алды да аузын қайта бекітті... Ақшасын қызына ұстатты.

— Профессордың үйі тап осы пәтердей сенімді. Керегінше жұмсай бер... Керек кезде маған да аударарсың.

Сандықша салған чемоданды қолына алып, Гүлжиһан поезға мініп Саратовқа жүріп те кетті...

3

Кешке ымырт жабыла абыстайдың қарағай қақпасына арбалы адам келіп тірелді де, ізінше қызыл нардың «маңқ» еткен маңғаз дауысы ілесе шықты. Аспалы шамды жақтырмай қара көлеңкелеу бөлмеде Ақметше ойға шомып отыр еді, нар даусынан ол селк ете түсті де, орнынан қалай тұрып кеткенін өзі де білмей қалды. Жалма-жан терезеге ұмтылды. Бұл бөлменің терезелері ауланың ішіне қарайтын еді, ал, биік қақпаның сыртындағы нар көзге түсе қоймады, тек қана аулада жүрген абыстайдың:

— Ей, Алла, түйемен келген әлгі малай ма әлде, — деген даусы естілді және оның қақпаға қарай жүрген қарасыны елестеді.

Сөз бар ма! Нар даусы! Кәдімгі қызыл нардың. Оның атақты қызыл нарының. Жаздыгүні Құныскерей жегіп, осы жаққа келіп еді осындай нармен. Жегіп жүрген төрт-бес нардың бір-бірінен айырмасы бар ма? Бәрі қызыл. Бәрі бауырынан жараған. Бәрінің даусы да бірдей. Бір қарағанда өздерін де, даусын да ешкім айыра аларлық емес. Жалғыз ғана өзі айырады. Ортаншы нар. Үшеуі де бір аруанадан тараған. Кішісінен ортаншысы қоңырлау, ортаншысынан үлкені қоңырқай. Ал даусы: кішісінің даусы нәзігірек. Өзінің шығарған асыл тұқымы ғой.

Ақметшенің жүрегі шымырлап кеткендей болды да, аздан кейін жиі-жиі соға бастады. Ол мұны сезіп қана қойған жоқ, жүректің соққан дыбысын құлағы да шалды.

Әдет күшті. Қаншама толқыса да, жай қалыпта қалса да, айтар сөз дестелене бастағанда оның саусақтары, еріксіз, сұлу қара сақалды бір сүзіп өтеді. Ал, бұл жолы сүзбеді де, сипамады да. Саусақтар сақалға жетер-жетпесте әлденені жұлқып қалғандай болды. Өзі шошып кетті, оның ойына: «сақалымды жұлып алмадым ба?» — деген жаман ырым сап етті. Жоқ! Сабырлы Ақметше, бұл жолы да, ұшқыр сезімге жол бермеді. Ол кері шегінді...

— Ақметше абзи, Гүлжиһанның елге жіберген әлгі малайы... Әділбек келді, — деп абыстай жалма-жан шам жақты.

— Білем, абыстай. Гүлжиһан айтқан. Нардың даусынан таныдым... Рақмет. Шам жаққаныңыз жақсы болды. Үйдің іші қараңғы тартып еді...

Бірақ, шам жарығы оның жүзіндегі өзгерісті бірден байқатқандай еді. Абақтыда аз отырса да оның өңі көрер көзге солғын тартқан-ды. Ал қазір қарақоңыр ашаң жүз қуқылданып жүре беріп еді. Ол тез ойын да, бойын да жинап алды. Бостық, әлсіздік, керек кезде ой мен қимылды шырмайтын дәрменсіздік онымен ұзақ жолдас болып көрмеген, тіпті мұндай нәрселер оның сүйегіне бітпеген де шығар!

Ойда жоқ жерден Ақметшенің жүрегін толқытып жіберген, көп жыл бойы бағып-қағып өсірген малдың тәттілігін кенеттен көңілге құйған, көп суреттерді көз алдына алып келген, күрт қопарылған өмірін көлденең тартқан нар даусының ащы әсерін тез жеңді, ойлы сөзге, келген жігіттің сыр-сипатына көшіп кетті.

— Шамалауымша, бұл келген жас жігіт адамшылығы мол, жөн-жосықты жақсы білетін бала. Әкесі марқұм ақылды, қайратты, қатарының алды болған кісі еді. Байтоллаға барып тауап қылған ізгі жан еді, — деді ол әйелге келген Әділбекті сырттан таныстырып.

— Көрдім. Жақсы малай. Гүлжиһан да таныстырған... Міне, өзі де келді. Жоғары шық, малай... Әділбек, жоғары шық. Ақметше абзи — мына кісі. Сізге жиен бола ма? Гүлжиһанның әтиісі? — деді ол есіктен кіре бастаған Әділбекті қарсылап.

— Уа, жоғары шық, жоғары шық, кішкене нағашы, — деді Ақметше бейне бір еш нәрсе кездеспеген, ешбір жаманшылық, қиыншылықты көрмеген жанша күлімсіреп.

— Ассалаумағалайкүм! — деп Әділбек аяңдаңқырап келіп Ақметшеге көрісті де, оның алған сәлемін, айтқан сөздерін, тұрысын, қозғалысын, жүз әлпетін ойына мықтап түйіп алайын деген адамша қарап, өлшеп тұрып қалды. Алайда амандасудан әрі бірін-бірі бұрын көрмеген бұл екеуінің сөзі өрлей алмады. Ел жайын сұрауға Ақметшеге әрі ауыр, әрі келіссіз көрінді, ал түрмеден қалай босанғанын сұрау Әділбектің ойынша орынсыз нәрсе еді. Дегенмен Әділбек аздан кейін сөз тапты.

— Ерте-ақ келіп едім. Мұнанайға әкелген малдарды тез жайғастырсам да берекесіз бір жандарға кездесіп, кешке дейін қағаз-мағаз деген пәлесімен айналып қалдым, — деді.

«Малдарды тез жайғастырсам да» деген сөз Ақметшеге түсінікті сөз. Және «жайғастырғанына» іштей риза болып қалса да, бұған да ол жауап сөз қайтара қоймады.

— Гүлжиһан көрінбейді, бір жаққа шығып кетті ме? — деді тағы да Әділбек.

Оған тура жауап бермей Ақметше:

— Гүлжиһанның қазір жұмысы да, жұмыстан басқа мамандық алу мәселесі де бір басына жетіп жатыр... Иә, шешең дені сау ма, Әділбек? Қартайған да шығар ол кісі? — деді.

— Сау, Ақа. Қартаяды ғой, жасы келіп қалды... Өз денсаулығыңыз қалай?

— Жақсы, әзірге.

— Жуынып, тамақ ішіңіз, — деді абыстай Әділбекке. — Ақметше абзи, шәй дайындадым.

Әйел бөлмеден шығып кетісімен Әділбек қойны-қонышынан ақша суыра бастады: бешпетінің ішкі қалтасынан, шалбарының және жеңіл қара етігінің қонышынан үш түйдек текшелеген червонецтарды бір жерге қосып, қыртысын жазып, баптап, аздап тараштай түсіп, сонсоң сәл ойланып алып:

— Үш мың жеті жүз қырық бес сом, Ақа. Гүлжиһанның тапсырмасын тәңір жарылқағыр әлгі Жолмұхан палуан жарым-жартылап орындап қойған екен. Қалған төрт бие мен жеті нарды бүгін Мұнанай базарына алып келіп саттым. «Қағазы жоқ» деп осындағы саудагер Асан шатақ шығарып, бірақ менің Хакім Жүнісовтің інісі екенімді білген соң аузын жапты. Санап алыңыз. Сатылмаған тек мына жегіп келген нар мен аяғы аңсап қалған бір көк бие. Биені үйге тастап кеттім. Соңынан оны да біреуге соғымға өткіземін, — деді.

4

Ақша жайып тастай беруді сүймейді, мұны Әділбек жақсы біледі. Кімге кім сенген! Мал — көз құрты, ақша онан да жаман... Оған көз тікпейтін, оны текшелеп қалтаға салып, сонсоң сыртынан басып-басып қойып, мұртын сипамайтын жан бар ма!

Ақметше бірден ұмтылмады, ол ойланып, ақшаға қарап аз тұрды да, қолын ұсынбас бұрын:

— Шырағым, мұның... ерлік. Мұндай заманда... жақынға қол беру, оның мал-мүлкін жинастырып, оны шашау шығармай сақтап қалу көп адамның қолынан келе бермейді. Бұл шын ерлік. Үлкен адамшылық. Басқа не дейін мен, шырағым! — деді. Сонсоң ол ақшаны Әділбектің қолынан алып, кереуеттің үстіне қойды. Жасырмады. Санамады да. Мұндай сабырлылығына қайран қалып, Әділбек оған жауап қайыруды ұмытып кетті.

— Ақа, бұл ерлік емес. Мұндай оп-оңай ғана істей салатын, дайын малды сатып ақшасын ала қоятын нәрсе ерлік болса, жұрт шетінен батыр атанбай ма! Гүлжиһан жұмсады, мен бардым. Жақынға жақындық іс істеу борыш қой, — деді.

Ақметше оған назар салмай төмен қарап тұрып сөзін тыңдады.

— Шырағым, жолдан шаршап келдің, тынық. Ұйқыңды қандыр. Еліңде де істейтін шаруаң бар шығар. Ал, Гүлжиһан жиенің... Саратовқа жүріп кетті. Сонда оқуға орналаспақ еді. Сендерге оқу керек... мамандық оқуды кездеу керек, — деді.

— Мұнда енді қайтып келмей ме Гүлжиһан? — деді Әділбек шошып кеткендей.

— «Адамның басы — Алланың добы» дейтін Жүкең нағашым. Талай келер де Оралға... Бәлкім кездесерсіңдер де, кім біледі. Егер де Гүлжиһан...

Ақметше ойланып қалды. Оның айтар сөзі көріне тіл ұшында қалғандай болды... «Гүлжиһан тағы да» «Шеген құдыққа» жүрер болса, сен жәрдемдесерсің. Ол жерде үлкен байлық қазынасы қалды қызымның», — демекші еді ол. Бірақ, бұл жолы айта алмай бөгеліп қалды. Мұның орнына:

— ...Хат-хабар бере қалса, керек жерде көмегіңді аямассың, — деді.

Мұнан кейін ол сыртқа қарай бет алды.

Әділбек айтар сөзін үлгеріп айта алмай қалды. Бірақ ол «ертең тағы сөйлесерміз» деген үмітке иек сүйеді. Өйтпесе аша түсу керек еді: «Хат-хабар бере қалса, керек жерде көмегіңді аямассың» деген не сөз? Қандай көмек керек? Хат-хабарды қайдан жібереді Гүлжиһан? «Бәлкім кездесерсіңдер», — дейді. Жұмбақ. Бәрі жұмбақ! «Сендерге оқу керек! Мамандық оқуды көздеу керек!» Әрине, үлкен оқымысты болсаң... Ақметшедей маман болсаң...

Әділбек аула ішінде, өзі жегіп келген көк арбаның үстінде, ауылдағыдай жұмсақ көк шөптің үстінде жатып үздік-үздік ойлардың арасына сүңгіп бара жатқандай болды. Ол ұйықтап кетті...

5

Қатты ұйқыда жатқан Әділбекті Ақметше оятты. Күн сәске түс болып қалған.

— Әділбек, тұр, шырағым. Мен жүрейін деп жатырмын...

Көзін ашып, қайда жатқанын есіне түсіруге тырысқан Әділбектің ең алдымен көргені қарулы милиционер болды. Не екенін, тағы не болып қалғанын түсіне алмай, Ақметше мен милиционерге кезек қараған жас жігітке Ақметше енді түсіндіре бастады.

— Мына кісі бізді Жетісуға апарып тастайтын жігіттердің бірі. Қазір тез темір жол станциясына жету керек. Сен түйе жегіп апарып тастасаң қалай болар екен, жиен?

— Жақсы. Ақа. Жақсы. Апармағанда... — деп Әділбек сасқалақтап, бетін де жумастан лапас астындағы шөп жеп тұрған түйесін жеге бастады.

Бұл арба әзірлегенше үйден қос чемоданын, буған көрпе-жастығын көтеріп Ақметше де, абыстай да шығып келе жатыр екен. Әділбек жалма-жан Ақметшенің қолындағы жүкті арбаға салды, абыстайға жәрдемдесті.

— Бұл қалай болды, Ақа? Апырым-ай, күтпеген жерден... мен бұлай болады деп ойлаған жоқ едім...

Баланың сөзіне Ақметше бірден жауап қайтармады. Ол жүгін арбаға салған соң, абыстаймен қол алысып қоштасты да арбаға мінді. Милиционерге:

— Отырыңыз, отырыңыз, мына жер жайлырақ шығар, — деп арбаның жүксіз, қалың етіп шөп салған алдыңғы жағын көрсетті. Сөйтті де; — Ал шырақ, Әділбек, кәне мін. Осы көшемен тарта бер. Бағзалды білесің ғой қай жақта екенін? — деді.

Арба жүре бергенде:

— Акметше абзи, хапа болмаңыз, жүгіңізді соңынан өзім жіберемін. Бәлкім Гүлжиһан да келіп үлгірер, — деді қолын көтеріп бұлғай түскен абыстай...

— Ақаң ақылды ғой. Ақаң қайда жүрсе де бір басының қор болмауын көздер. Мен оған имандай сенем. Ана сорлы, надан, сасық байларды айтсайшы Қабыл сияқты. Малдан өзге үйінде жиһазы да жоқ... Ал, Ақаңның құдайға шүкір сандықшасы... — деп қалды жас жігіт байқамай.

Ол абыстаймен қыз жөнінде ашыңқырап ақылдасқысы келіп еді, бірақ абыстай терең сыр айта алмады. Әділбек:

— Гүлжиһан келсе маған тез хабар етсін, абыстай. Мұндағы заттарын орналастыруға көмектесетін адам керек қой, — деді.

— Кім білсін, келер-келмесін. Әйбірі біздә тұра береді. Абзи хабар етсе өзіне жібереміз.

Гүлжиһанның келер-келмесін, Ақметшенің енді қайтып оралар-оралмасын, әрине ешбір адам білуі мүмкін емес, мұны Әділбек алдақашан сезген. Сонда да үміт дүниесі, өкінішті көз жазып қалу оны тебірендіре берді.

Күздің күніндей түнеріп Әділбек нарын жекті де, абыстаймен қоштасып шығуға үйге кірді.

— Абыстай, мен келесі жұмада қалаға келетін шаруам бар, көргенше сау тұрыңыз. Гүлжиһанның хабарын сіз арқылы алармын, хош! — деді.

— Хош, хош, Әділбек!

Үйден шыға бергенде қақпадан кіріп келе жатқан Әлібекті көріп, ол баспалдақтың үстінде қозғалмай тұрды да қалды.

Әлібек! Кәдімгі Әлібек! Күліп келе жатыр! Ойында еш нәрсе де жоқ, мәз-мәйрам адамның кейпі бар.

— Әділ, сен де келіп қалдың ба? Үй іші аман ба?

Ол інісін құшақтамақшы болып ұмтыла түсіп еді, Әділбек кері шегініп қабағын қарс жапты.

— Мұны не дейді? Той өткен соң... даңғыра! — дей ме?!.

— Әділ... не дейсің? Қандай той өткен соң?..

Інісінің түнерген жүзінен және өңменінен итермелегендей, бұл суық лепті сөзінен ол бір сұмдықтың болып қалғанын сезе бастады. Ежелден бір-бірінің көз қарасынан да не ойлағанын ұғыса қоятын егіз қозыдай тел өскен бұл екеуі сәл уақыт түсінісе алмаған жанша бөгеліп қалды. Сонсоң бұрыннан еркін сөйлеп, билеп-төстеуге бейім өскен кішісі ағасына ащы тілін қадай сөйледі.

— Қандай той өткен соң, деп сұрайсың ба? Қандай той болушы еді сенікінен басқа! Сенің тойыңды тойлап болып, батасын оқып, дастарқанын, міне жинап, жүргелі жатырмын...

— Сен дұрыстап жөніңді айт... Қашан келдің елден? Гүлжиһан үйде ме? Енді қай жаққа жүргелі жатырсың?

Әділбек те ағасының қазір ғана Алматыдан келіп тұрмағанын енді байқады.

— Өзің қашан келіп едің?

— Екі күн болды.

— Екі күннен бері қайда жүрсің?

— Жымпитыға барып Меңдіқызды көшіріп келдім.

— Солай де! Меңдіқыздар да осында келді ме! Онда екеуіңді де жиен атаң күте алмады. Бүгін жүргізіп жіберді... Жүре қойған жөн. Әзірше вокзалдан кете қоймаған шығар...

Әлібек есік алдындағы забел тақтаға отыра кетті...

Әділбек оның мүшкіл халын көріп аяғандай болды. «Алыстан іздеп келуін келген, бірақ баяғы бөз солпық қалпында аузын ашып босқа жүрген ғой. Келгеннен соң қалыңдығымен сөйлесіп әңгімені бір жерге түймей ме екен. Е, дәрменсіз «бейшара-ай!.. Бұл Гүлжиһанмен сөйлесе де алмай қалған шығар...»

— Келгеніңе екі күн болса, Гүлжиһанды көріп сөйлескен шығарсың. Ол саған оқуға жүретінін айтқан жоқ па еді?

— Жоқ.

— Қайда оқитынын?

— Жоқ.

— Онда ендеше еш нәрсенің де басын аша алмағансың. Әй, өзім де солай деп шамалап едім.

— Дұрыстап айтсайшы, қайдағы оқу? Әкесімен бірге кеткен жоқ па?

— Оқуға жүретінін айтпаса, басқасын естіген шығарсың?

— Сенің қалай әкелгеніңді, «Шеген құдыққа» барғандарыңды, әкесінің тұтқында екенін бәрін де айтты. Басқа әңгімені Ақаңның алдында сен келген соң айтпақшы болып ұйғарып едік...

— Алматыға алып кетуді ме?

— Егерде Ақаң мақұл тапса...

Әділбек сәл ойланды да басын шайқады. Сонсоң ағасына өкпе артқандай қынжылып сөйледі.

— Менен білімің артық. Көргенің көп. Бірақ ебің жоқ. Батылдығың да... жоқ. Екеумізге қатынды ана Хакім Жүнісов алып бермейді. Өйткені оның ұғымынша бұл өткен заманның салты: қалың мал беру, құда түсу, келіншекті көру, ұзатып әкелу, жиһазын түгендеу... Осы сияқты толып жатқан ескі салт бізге лайық емес деседі. Ол өз салтымен жүрсін. Оған қарсылық жоқ. Ал, сен өзіңнің жақсы көрген адамыңды алуға қақың бар ғой. Елде «сүйдім-күйдім» деп жатыр ғой комсомолдар. Сен неге солай етпейсің? Алдақашан Алматыға алып кететін қыз еді. Көзден таса болған соң әкесі де, сенің мықты ағаң да әңгімені қысқартатын еді. Осының бірі жоқ. Ісіңе жыным келіп, бардым да қызды анау-мынауына қарамай алып келдім. «Әкеме жолықтыр», — деді, — әкесіне жолықтырдым. «Елге алып бар» деді, — еліне алып бардым. Тіпті әкесіне де, өзіне де жеткендей жасырған қазынасын қазып әкеліп бердім, малын ақшалап әкесінің қалтасына салдым. Осының бәрін реттегенде, сенің келіп алып, келіншегіңді қолынан ұстап алып жетектеп жүрмей, Жымпитыға жөнелгенің не? Хакім Жүнісов семьясын көшіре алмай қалар деп қорықтың ба? Құдіретті прокурор бір милицияны жіберсе, Меңдіқызды алдына салып әлдилеп те келер. Қызық жігітсің. Енді мынау: Гүлжиһан Саратовқа оқуға кеткен. Ақметшені пойызға мінгізіп апаратын жеріне алып кетті. Менің байқауымша... тура солай деу қиын... Бірақ, менің көңілім қара қашып тұр: сені ағаң да алдаған бола ма деймін. Ол уақыт оздырып, сені анау-мынаумен айналдыру саясатын қолданбағай!

— Алдағаны ма сонда мені?

— Кім біледі?.. Басында-ақ ағаң сенің бұл қызға үйленуіңе көнген жоқ. Бұл жөнінде маған желкесін күжірейтті. Әйеліне де ұрысқан шығар. Бірақ, «мен де Жүністің баласымын» дедім, «Әкемнің қосқан, бата қылған ісін орындау борышым» дедім. Шауып алатын кісі жоқ мені бұл үшін. Осыған қарағанда және өзі айдап жіберген кісінің қызын қалай да алдырмауға тырыспаса! «Алдады» деп кінәлауға да көп дәлел керек, әрине... Ал, Ақаң: «Гүлжиһанға да, саған да мамандық оқуын оқу керек» деді. Оның ақылы — ақыл-ақ. Гүлжиһан әкесі сияқты білім алса — керегі сол ғой. Сондықтан алдын ала болжайтын Ақаң зар еңіретіп қызын конвоймен айдатпай, өз бетімен жүріп ысылсын деп оқуға аттандырған шығар. Қандай оқуға кіретінін, адресі қалай екенін мен білмеймін, өйткені бұл жөнінде менімен ақылдасқан жоқ. Мен түгіл сенімен де ақылдаса қоймас еді... Жалғыз-ақ кеше Ақаңның: «Гүлжиһан қайда?» — деп сұрағанымда: «Оның жұмысы көп қой, шырағым. Оқуға орналасу оңай іс емес, орналаса қалса жоғары дәрежелі білім алып шығу онан да қиын. Тәуекел деп Саратовқа жібердім», — деді де қойды. Ал, мына абыстай бүгін «Гүлжиһан енді қайтып Оралға келе қоймас!» — дегенді айтады. Енді не істейсің?

Көңілі көтеріліп шалқымаған кезде Әлібек аузын ашпайтын еді. Ішіне сыймай ақтарған інісінің бар үмітті бір-ақ үзерлік, өзек өртерлік сөзі оны жанышып, езіп жібергендей болды. Басы бірден төмен салбырап кетті. Көз алдына қап-қара тұман қаптап кеткендей, бар дүние қарауытып жүре берді. Не демек? Не айтпақ? «Рақмет, Әділжан, бәрін де орындаған екенсің, бірақ өзім оқсатпадым!» — демек пе!.. Ол тек қана:

— Өзім де білмеймін енді не істерімді. Маған енді еш нәрсе де қалған жоқ... Алматыға қайту ғана қалды... — деп күбірледі.

— Алматыға қайту қиын жұмыс болмас... Ана жалғыз кеткен Гүлжиһанды тауып алу қиын болар. Бірақ өзің қайрат көрсетпесең, сен үшін басқалардың басы ауыра қоймас... — деп жігер бергендей болды Әділбек.

Ол інісінің бұл сөзіне құлақ қоймады.

— Қош! Мен ауылға кеттім. Жұмыс көп. Мамам жалғыз. Меңдіқызға да сәлем! Біріміз қызын іздеп келіп, біріміз пойызға шығарып салып Ақметшенің соңынан жүргенімізді көрсе, ағаң тағы ренжір. Мен оларға соқпай-ақ жүріп кеттім, — деді Әділбек оған.

ЖЕТІНШІ ТАРАУ

1

Қосшы кедейлер жиналыса қалды.

Аудан басшысы түгіл, ауылнай шақырып жатыр десе де үймелей түсетін халық, бұл жолы еркек-әйелі, бала-шағасы қалмай келді. Әсіресе, «Ақметшенің үйіне жиналсын!» деген сөзге өзгеше мән бергендей. Өзара әңгіме алдымен үй төңірегінде болды.

— Шіркін-ай, Ақаң да үйді салдыра білген-ау. Асты-үсті тегіс қарағай, жары күйген кірпіш, іші Текедегі бай ноғайдың үйіндей әдемі. Сейіл, сен білесің ғой, осы үйге қанша қаржы жұмсады екен Ақаң? — деді Жаңабай дейтін орта жасқа келген пысық шаруа.

Еті тірі, жөн-жосық білетін, сөзге де шебер Сейіл тамсана түсті.

— Сіз, қанша қаржы шығарды екен дейсіз, ал, мен осы үйге кім қожайын болып қалар екен деп, соны ойлап отырмын.

— Оны Қарабай атком айтар. Ол біледі ғой. Жиналыс ашатын сол кісінің өзі деседі. Үйден басқа жегетін көлік, толып жатқан құрал-сайман да бар.

— Қарабай атком келсе, тағы бір жаңалық әкелген шығар. Бірігіп жер жыртыңдар демесе?

— Бірігіп жырт деуін дер... Сонда қалай болғаны, бас басымызға дестелеп бөліп алып жыртамыз ба? Әлде әуелі жыртып алып, соңынан бірдей етіп бөлісер ме екенбіз?

— Сен де қызық сөйлейсің, Жәке, артель бөлу дегенді мен былай түсінемін: анау Миуалы сайдан арғы жонды тұтасынан жыртамыз. Қарызға алған тұқымды себеміз. Шыққан егінді орып-жинап аламыз. Сонсоң бастырамыз. Қанша астық түседі, соны қанша үй болса соншаға бөлеміз. Елу пұттан тие ме, жүз пұттан тие ме, белгілі болады. Егін бір жерге ала, бір жерге құла шығуы мүмкін. Сен бөліп алып жыртқан жеріңнен екі жүз пұт астық жинасам, онда тегістік, теңдік қайсы? Баяғы біреу бай, біреу кедей болып шығады оның түбі...

Жәкең ойланыңқырап отырды да, көршісінің бұл бірлестік әрекетінен мін тапты.

— Сейіл, сен әрине көп білесің. Сөзіңнің мағыналы болуы сол бізден көп білгендіктен. Сонымен бірге, мен сенің сөзіңді миға олай салып, бұлай салып төңкерістіріп көргенімде, бір жері шүбә туғызады. Ол шүбә туғызатын жері мынау: айталық, қазір мына он жеті қосшы мүшесі болып бірлестік құрдық. Ана Мұқаметшин малынан тиген сегіз түйені, екі темір сабанды, үш тырманы және басқа қамыт, сайман, арба бүргендерді ортаға салып бірлестік мүлкі еттік.

Ертең жер жырттық. Сенің айтқаныңдай: ордың, жинадық, бастырдық, ұшырдық, сонсоң бөлістік. Айталық жетпіс-сексен пұттан астық тиді, он жеті үйге.

Сонда сен әйелің мен екеуің жұмыс істедіңдер. Мен екі баламмен бірге басы-қасында болып еңбек еттім. Ал ана Тұрмағамбет бір өзі ғана жұмыс істейді. Өйткені әйелі дімкес, жұмысқа жарамайды. Үй шаруасының өзіне де зорға деп жарайды. Көкірек ауру, ілмиіп аяғын әрең басады. Сонда деймін-ау, Тұрмағамбет те жетпіс-сексен пұт, сен де әйелің мен екеуіңе жетпіс-сексен пұт, үш кісінің еңбегіне мен де жетпіс-сексен пұт аламын ба? Мұның қай жері тегістік, теңдік? Мен де түсінбеймін...

Өзара әңгіме Қарабай кіріп келгеннен кейін су сепкендей болды.

— Ақаңның орнына отырар ма екен? — деп біреу күңк етіп еді, жұрт оған жауап бермей, есіктен кірген Қарабай Көзеевке қарай қалысты.

Қарабай отырмады. Бірі сәкіге, бірі орындықтарға, ал, көпшілігі жүресінен еденде отырған адамдардың бір шетін ала ол терезе алдына қарай өтіп кетті. Ақметшенің үлкен қара столының жанына тоқтап, келген күйі отырғандармен түрегеліп тұрып лебіз қатысты.

— Аман-есен боларсыңдар, ағайындар?!...

— Шүкір, Қареке!

— Шүкір, әзірге...

— Өзіңіз де аман-сау жүрсіз бе?

— ...Ал, ағайындар, — деді ол, жұрт сабыр тұта бастаған кезде. — Мен сіздермен шаруашылың жөнінде әңгімелесейін деп келдім. Міне, енді бәрі көптікі — мына үй де, ана жылқылар да, кеше ғана өздерің бір жерге жинақтаған қамыт пен доғалар, түйенің иін ағаштары, көк арбалар мен дүрежкелер, екі темір сабан, екі темір тырма, екі шөп машинасы, тағы да толып жатқан тырнауыш, айыр сияқты ұсақ құралдар. Ал, осыларды қожайынның берік қолы болмаса жоғалтып аламыз. Бүгін түнде бірнеше жылқы ұрланып кетті. Ертең қанша жылқы жоғалатыны мәлімсіз. Құрал-сайман да сол сияқты. Менің ойымша: артель болып күш біріктіріп жер жыртамыз деп «әу» дескен қосшы мүшелерінің бірін бастың, бірін оның орынбасары, бірін есепшісі етіп қойған мақұл. Сонда құрал-сайманға да, мал мен мүлікке де жауапты, барлық іске де жауапты өздеріңнің адамдарың болады. Бұған қалай қарайсыңдар?

— Аталы сөз, — деді Жаңабай. — Өте әділ сөз. Өз ішімізден бастық керек.

— Мен де Жәкеңнің сөзін қолдаймын. Қарекең дәл айтты. Жауапкершілік болмаса береке болмайды. Мысалы, мына өзіміз отырған үй күтім болмаса, біреу ие болмаса, ертең-ақ есік-терезесі үңірейіп, бұрышы құлап, сылағы түсіп, істен шығады. Мал мен құрал-сайман да тап сондай. Көрінгеннің қолында кетуі мүмкін.

— Дұрыс-ақ.

— Дұрыс.

— Онда қане басқарушыға кімді көмекші, яки орынбасар етуіміз керек?

— Жолмұханға орынбасар, мен мына Сейіл болса деймін. Сейілдің қолынан орынбасарлық қана емес, онан да үлкен, онан да зор істерді істеу келеді. Бәріңіз де білесіз, қосшы кедейдің сөзін сөйлеп, жерін бөлісіп, шабындық-егістік мәселесін басқарысып келе жатқан осы Сейіл ғой, — деді Жаңабай.

Отырғандар шулап:

— Дұрыс.

— Дұрыс! — десті.

Сейілді он жеті үй кедейдің шаруашылығын күйттейтін басқарушы Жолмұханға орынбасар етуді мақұлдасты.

Мұнан кейін Қарабай:

— Ағайындар-ау, осы жыл бойы әлгі құдайдан безген Құныскерейді қолға түсіре алмай ит-әуреге түсіп келдік. Ақыры ол қанішер комсомол хатшысын атып кетті. Ақметшенің бүгінгі жоқ болып шыққан алты-жеті жылқысын қуып кеткен де сол. Осыны қалай етеміз? Он жыл бойы қолға түспей келген себебі: оны байлар қолдады, билер демеді, хазірет пен молдалар батагөйі болды. Ал, сол соғылғанды біз неге көрмейміз? Көрсек неге оны хабарламаймыз? Хабарлау ғана емес, көп болып соны неге қолға түсірмейміз? Әлде ол кешегі Ақметшеден артық па? Бұл қалай өзі? Түнде осы ауылға баласы келіп кеткен деседі. Оның келгеніне соңына еріп кеткен иті айғақ. Ит қана емес, басқа да дәлелдер мол...

Жұрт төмен қарап отырды да, аздан кейін ғана серпілді. Қарабайдың сөзі кінәлағандай әсер етіп, бәріне де үлкен ауыр ой салды.

— Рас, — деді Сейіл. — Неге хабарламаймыз, неге айтпаймыз, неге ұстамаймыз? Әлде оны ұстауға біздің айла-амалымыз жетпей ме, көп болып жабылсақ әліміз жетпей ме?

— Қырып кетеді...

— Қойшы, Жәке. «Қырып кетеді, қырып кетеді» деп үрейлене берудің өзі кесір.

— Ойбай-ау, ұсынғаны қате кетіп көрмеген сұр мерген ғой.

— Мергендігі рас, бірақ оның мергендігі емес қол бөгейтін. Аяйтындар бар, — деп Сейіл Сәрсенге қарап еді, жұрт соның көзін бағып отырғандай, теп-тегіс Сәрсенге бақты.

Сәрсеннің Ақметшеге басқадан жақын екенін және түнде келген суыт жүрісті аттылы оның есігінің алдына тоқтағаны ат заңдағанынан белгілі болғанын Қарабай да естіп келген. Әдетінше бір жөткіріп алып, ол:

— Сен, қосшы кедей, бай туысқаныңа бұруыңды қой. Оған сенің жаның ашығанмен, оның сені жарылқағаны шамалы.

— «Е-һе-һе», — деді атком ағасы. — Ақметше саған жаны ашыса мына дүниенің бірқатарын бөліп берер еді ғой баяғыдан бері.

Төмен қарап отырған Сәрсен жалма-жан басын көтеріп алып:

— Бәрі қате, Қареке. Мен ешкімді көргенім де жоқ, ешкімге жаным да ашыған емес. Жұрт тек «осы жақын ағайыны» деп жорамалмен айтады, не деп қарған десең де қарғана алам. Көрмегеніме, білмегеніме ант бер десеңіз, ант та бере аламын...

— Жарайды, жарайды. Ант та берме, жаның да ашымасын. Көрсең көрдім де, көрмесең көрмедім де. Мұнан былай қарай осылай болсын, келістік қой?

— Садағаң кетейін, Қареке. Не айтсаң соны істейін. Тек күйдіре көрмеңіз...

— Осы Сәрсеннің өзіне берсеңдер қайтеді есеп-қисап жұмысын? Малдың да, дүниенің де, үй-күйдің жайын да өзі жақсы біледі ғой. Солай емес пе, ә?

— Тап осы дұрыс екен!

— Осылай болсын!

— Табылған ақыл. Оның өзі есепші болады мал-мүлікке.

Осындай түйінге келіп және Ақметшенің үлкен үйін «ортақ үй — кеңсе» есебінде тұрсын деп мақұлдасты. Сәрсен оған бас-көз болады десті. Бірақ үйді-үйіне тарап бара жатып Жәкең мен Сейіл өзара шынын айтысты:

— «Жаның ашымасын» дейді-ау. Сонда да біреудің мүлкін иемдену күпіршілік сияқты ауыр көрінеді.

— Маған да солай көрінеді. Тіпті «бүлінген елден бүлдіргі алма» деп, осының өзі бұйырса болар еді...

2

Бір сөзінде Губчеканың басшысы әзіл-қалжыңы аралас Щитовқа:

— Қожахметов сендерді ойыншыққа айналдырып жібермесін. Жасырынбақ ойнаған бала сияқты: «мен мұндамын» деп хабарлайды, сендер оған шауып барасыңдар, бірақ ол жерден оның өзі түгіл ізін де таппай қаласыңдар, — деп күлген.

Щитов оған өзінің көзі жеткен, бірақ бірден ауызына түсе қоймаған: «Қазақ даласы да, қазақ ауылы да тек жасырынбақ ойнауға жаратылған. Сүңгіп кетсең құмынан шыға алмайсың, кіріп кетсең өрістегі мал мен малшының арасында құмнан да жаман малтығасың. Оның жүретін жерін, жататын жерін дәл айтатын бір кезеуші болсайшы! «Ойбай, ол бұл жаққа келмейді!», «Ол Жем жағында!», «Ол Сағыздың бойында...», «Ол Тайсойған бетте!» — дейді. Болмаса: «Астағпыралла, ол пәлені айта көрмеңіз. Бетін аулақ қылсын!», «Оны құдай көрсетпесін!» — деп азар да безер болады», деген шын себептерді айтпады, мұндай белгілі дәлелдерді алға салуды жөн көрмеді. Ол тек қана:

— Тегіс сол бәлекеттің соңында жүрміз, — деді.

Әжіғали кешке дейін бір хабар бермей, түнделетіп ауыл Советке жеткенде Щитов оның бір сөлекет уақиғаға кездескенін баяндамай-ақ білді.

— Қалай кеткенін байқадың ба? Тек соны айтшы, — деді.

— Атымды атып өлтірді. Өзім бір... оғым дарымаса да зәре-құтын алдым, сайды бетке ұстап жөней бергенде оқты жаудырып бердім. Бірақ бөрі төбесінен кетті. Ол — сайда, мен — қырда, ол — зытып барады, мен — атсыз қара жаяу. Тек жүгіріп атып қуып келемін. Әр жерден бір қылт еткен сай ішіндегі адамға оқ дари қоя ма!.. — деп ағыза жөнелген Әжіғалиды зорға тоқтатып еді.

Щитов Әжіғали сөзінің дәмді түйірін аршып жатпады.

— Вася екеуің тура Қожақметтің үйіне жетіңдер. Сен бастайсың. Білесің ғой жүрер жолды? Басқасын Васяның өзі біледі. Тез сусында да жүріп кет, — деп бұйырды...

Құныскерейдің байлаулы түп қазығы болып келген үйіне тез жетуге серігімен Әжіғали қайта аттанды.

Ел арасымен асықпай жететін бұл ұзақ жолға Щитов та шықты.

Жалғыз бұлар ғана емес, тап сол күні Оралдан да әскер бөлімін басқаратын Смышляев жіберген кішкене отряд Жымпитыдан Қаратөбеге бет түзеген.

Щитовтың ойы — Құныскерейдің бір мықты қазығы Ақметшені жер аударғаннан кейін және айналып соғатын бас себептің бірі Қаршыға соңынан ерген соң бұл жаққа ол енді қайтып оралмайды. Гурьев пен Орал: бірігіп соңына түскенін сезген бұл екі баскесер енді үй-ішін де жетектеп кетер. Сондықтан қатыны мен баласын әкесіне қоса қолға ұстай тұру керек... — дегендік еді.

3

Екінші күні, — дұрысы екінші түні, — қос аттап тынбай жортып, аттары да, өздері де салығып, Құныскерей күн ұясынан көтеріле берген шақта кішкене Қарасуға иек сүйеді. Бұл — елі өте сирек, бір бүйірде «түн қатып, түс қашып» шаршап, талып жеткенде жан сая табар жер еді. Түбі шұңғыл кішкене Қарасу көгінде бұлты тұрақсыз аңызақ жылдарда да суы сарқылып қалмай, ал жауынды жазда төңірегінен құсы мен аңы арылмайтын қызыл құмақ сары қасқа даланың оңаша жатқан хауыз-кәусары. Бұрын да мұнда кезбе-жортуылшы әлденеше рет аялдаған. Ат белін көтеріп, бар азық сарқылғанша жанға сабыр, тәнге тыныс беpiп, келесі асуға дайындалған. Бүгін де сол мұнан бірнеше жыл бұрынғы әдетіне көшіп Қарасудың арқа жақ бетіндегі қашық шыққан қара жыңғылға қаңтарып ат басын байлады; өзі бөркін, шекпенін шешіп, сілкіп, тепсеңдеу жерге қойып, үстін шолақ мылтықпен бастырды. Ұзақ уақыт жүресінен отырып су жағасында беті-қолын жуды...

Қаршыға да оның істегенін бұлжытпай тәкірарлады. Ол су жағасына жеткенде арғы жақ беттегі ертеңгі өрген аңды көріп:

— Аға, киік! — деп елеурей түсіп еді, бірақ Құныскерей оған көзін де салмай:

— Атыңды қаңтар, жуын! — деп қысқа ғана бұйрық берді.

Жуынып, жайласып болғаннан кейін кешегідей жайдақ ауқат — піскен ет пен қата бастаған қалаш жесті. Орыс қаласынан әкелген солдат құтымен Қаршыға тұнықтан су алып шөл басты.

— Бала, — деді Құныскерей біраздан кейін, төсеген түйе жүн шекпеніне қисайып жатып, — мына қырдың астында біздің үй қалды...

Созыла түсіп Құныскерей мойнын бұрған жаққа қарап еді, бірақ Қаршыға ешбір қырды да, қыр бейнесін көзге іліктірерлік ешбір белгі белдерді де көре алмады. Сөйтті де аң-таң болып, мойнын кері бұрып, енді асықпай шақшасын қаға бастаған «ағасынан» көз алмай жас жігіт те тынды.

— ...Ол қыр бұл жерден көзге көрінетін қыр емес, бір күн ұзағынан жортып жететін жерде. Осы жерде біраз аялдағаннан кейін сол үйге соғамыз. Үй барын білесің бе?

— Жоқ, — деді Қаршыға жұлып алғандай таңырқап.

— Бірақ таңырқаумен бірге оның жүзіне қуаныш лебі жүгіргендей болды. Ол үш күннен бері өте аз тіл қатып, бүгін ғана ұзақ сөзге бет алған қатал «ағаның» лебізін шаттық шыраймен, аса бір ризалық ниетпен тыңдады, оның өзіне қарай ентелей түсті.

— ...Сол үйге барамыз. Онда жасы жетпіс беске келген атаң бар. Қожақмет деген кісі. Інің бар... екі жаста. Аты Кенжеғали. Атаң Кенжетай дейді. Сені... — Құныскерей мүдіріп қалды. Тағы да насыбай иіскеп, шамырқанғандай көзін жұмып отырды да, қайта ашып, баланың бетіне қарады.

— Сені атаң көрген жоқ. Көргеннен кейін не дейтінін өзі біледі. Қаршатай дер ме, Қаршығажан дер ме, әлде басқа бір ат қояр ма, білмеймін. Екінші шешең бар...

— Ол үй мұнан қанша жерде?

— Ол үй қанша жерде дейсің бе? Бірталай жер. Айттым ғой бір күндік деп. Жақсы атқа бір күндік... — Ол аттарға қарап отырды да, сөзін созды. — Мына аттармен бір күндік. Жайықтан екі күн, екі түн асып, екі жүз елу шақырымдай жер қашықтадың. Соған қарай есептей бер. Ана құбыла бет Тайсойған құмы, мына жақ Бүйректі. Сол Тайсойғанда, еспе құмның іргесінде. Соларды алып шығып Арал даласына, онан әрі Қарақалпақ деген елге асамыз. Сол жаққа барған соң сен — оқуың керек. Саған ана үстіңе киіп келген сұр шинель жарасады екен, бәлкім шинелділердің оқуын оқып бітірерсің?..

Қаршыға үндемеді. Ол тек Құныскерейдің айтқан әрбір сөздерінде ерекше мағына бардай қадала тыңдады, аса зейін қойған пішін көрсетті.

— ...Сені Ақметше оқытты, білемін. Бірақ аса оқымадың. Көп оқуың керек. Ана, әлгі... — деп біраз бөгеліп алып, Құныскерей Қаршығаның ойын көз астымен сынап өтті. Баланың шын ықыласымен тыңдап отырғанын көрді. — ...Әлгі пыркарол қатарлы көп біліп шығу мақсат — алыс мақсат...

— Қарақалпақ, алыс па, аға? — деді Қаршыға.

— Алыс!

— Ол жерге қуғыншы бара қоймас, ә?

— Солай деп ойлаймын. Сонда да айла-амалсыз іс бітпес. Бәріне де тапқырлық керек.

— Жарайды. Қарақалпаққа барған соң оқуға кіремін.

Құныскерей бетін екінші жаққа бұрып, енді сол жақ шынтағына сүйенді.

Ақтабан су жағасында әлденені аңдығандай басын жерге салып жатыр еді, бір кезде оқша атылып орнынан тұра сала қырға қарай шаба жөнелді де, қос шағыл шөкесінен аса түсіп жеміне бас салды, ілесе «шыр» еткен дыбыс шықты, ит мысықтай зорманды басын езе сілкіп-сілкіп жіберіп жерге тастай берді. Қайта бас салып қайта сілікті...

Тұра жүгірген Қаршыға оның қасына барғанда ол Қызыл құмақ шөлейттің жалпақ денелі қоңды аңын жұмыстап та тастап еді...

— Үлкен бе екен? — деп сұрады қайтып келген Қаршығадан Құныскерей.

— Еркек мысықтай.

— Өз тамағын өзі асырады итің...

— Ақылды хайуан. Күшік күнінен өзіме үйренген.

— Бірақ бізді әлгі Щитовтың қолына тура түсіре де жаздады.

— Олар ізіміздің қайда асқанын да білмей қалған шығар!

— Саспа. Талай кездесер...

СЕГІЗІНШІ ТАРАУ

Әлібек тағы асықты...

Енді оны Алматысына жету, көзге түспей жатып алу, оқудан өзгенің бәрінен безу, артық уақытын тек қана өлеңге бөліп, барлық шерді енді қағазға ғана төгу арманы алып ұшты...

Ол ағасының:

Сені Елекке дейін ат-арбамен апарып поезға мінгізіп жіберемін, — дегеніне бірден көнді.

Көңілінде: «Саратов арқылы келсем бәлкім Гүлжиһан кездесер, — деген бір үміт жарқ еткендей болды да, ізінше қайта сөнді. — Не үй адресі жоқ, не кірер мектебін де білмеймін. Кімнен сұрап, қай жерден іздемекпін?» — деді ол өзіне-өзі.

Және Саратов жолы ұзақ жол, Покровскіден түсіп паромға міну, онан қайтадан поезға отыру, Ртищево мен Кинель, тағы сондай, бір түсіп, бір міну, сарғайып поезд күту... Ұзақ, бүл жол өте ұзақ...

...Сонсоң... ақылдасар Жақияға, құшақтасып жатып сыр айтысар Оразалыға жету. Олар не дер?! Үміттің үзілген жері осы ма?.. Жоқ! Тірі жүрсем Гүлжиһанды тауып аламын! Жыл өтсін. Мейлі онан да көп уақыт өтсін. Қалайда мен табамын! Сүйген жарды табамын!

...Уағдаласып едік қой. «Папам алдында ақылдасармыз»... деп еді ғой. Бірақ бұған да кесе көлденең тұрды. Ойламаған себеп...

Көктем кезіндегідей тағы да арбада үш адам. Тағы да ағайынды қос Жүнісов қатар отыр. Бірақ қастарында Сүлеймен жоқ. Көңіл ашар Сүлейменнің желғабыз лебізі де жоқ. Еріксіз езу тарттыратын әңгімесі тағы жоқ...

Аттар да алып ұшпайды. Қоңыр бүлкілмен ғана келеді. Жер баспайтын қаракөктер емес. Жол да басқа. Онда дымқыл тозаңы көтеріле түсіп қайта шөгіп жататын көктем жолы еді. Бетті желпіген самал, күзен бел қыратты құшақтаған сағым, мұрынды қытықтаған жусан иісі «жүр, жүр» деп тұрғандай. Және алда Гүлжиһан...

Қазір Теректіден Шыңғырлауға асатын шаңды қара жол бұдыры мол, соқпағы жиі, мазасыз тақыр табан. Айнала жүдеу: көктемгі далаптай қырдың өңі солғындап бозқоңыр далаға айналған. Қошқыл белдерді де боз жусанның бір өзі қымтап, безгек бет шытырмен әдіптеп қойғандай. Қыраттан құлаған көкжиек жылғалардың жағалауы да ант-су ішкендей қуқыл. Сай қабағындағы көк көбелектердің думанды базары алдақашан кейін қалды...

Бәрінен де ауыры — Гүлжиһан кейін қалды.

Арба үстінде төмен, жерге үңіліп келе жатқан Әлібек сол қолдағы Жайық бетке қарап еді: алыстан көрінген жаға, жағалауды көмкерген жал орман, онан арғы қала, бәрі де әрі қарай қашып бара жатқан сияқты. Ол жалма-жан басын көтеріп алды. Бәрі әрілеп бара жатыр: орман да, су да, қала да. Жалғыз-ақ Макаровтың тиірмендері адырайған күйінде «қош айтысып» қол бұлғап тұрғандай.

Әлібек тағы үндемей қалды. «...Не айтар?! Аға жолы — даңғыл! Аға көңілі шарықтап келеді. Аға! Елге де аға! Сөзін жұрт тыңдайды. Білімді аға, басшы аға! Өлкесіне де риза! Өзіне де риза!»

«...Өзіне де риза! Өйткені білімді. Шарықтап келеді. Өйткені, көңілі өсіңкі. Ал, мен... мен неге шарықтамаймын? Өйткені, жолым айнала шырғал. Дегеніме жету — қолға ілікпейтін ғана арман! Шырғал емей немене, жаздыгүні: «Жақсы ат мініп, жақсы киінген жас жігіт қара сирақ кедей баласымен сөйлесе ме? Ол қараша үйге ат басын тірер ме, алдында сегіз қанат ақ орда тұрғанда? — деп кекетті Қоғабай. — Мен жақсы ат мінсем, жақсы киінсем, алыста оқысам, бұл қылмыс па? Әлде тегі жаттың қызы да жат па?...»

— Бала, не ойлап келесің? Еліңді, жеріңді қайткенде көркейеді деп, үлкен білім алып, сол біліміңді халқымның қайткенде кәдесіне асырамын деп келе жатырсың ба?

Әлібек бұл жолы да тек:

— Ім-м, — деп қана тынды.

Бұл «імнің» мақұлдау да, мақұлдамау да емес екенін Хакім жақсы сезді. Әйтеуір бір әрі-сәрі жауаптық үн.

— Анау алдымыздағы Ақ Сырттың арғы жағы Шыңғырлау өзені. Бұл кәдімгі аузымен құс тістеген Баймағамбет сұлтанның басын жұтқан су. Атышулы сұлтан-правитель жөніндегі аңызды естіп пе едің? — деді ағасы.

Аңыз деген сөзге құлағы елең ете түсті де, бірақ әлі де самарқаулау үнмен:

— Жоқ, естігенім жоқ, — деді інісі.

— Естімесең тыңда! — Хакім көтеріле түсіп, фаэтонның арқасына сүйеніңкірей отырды. — «Айшуақов сұлтан құдайға қарсы асылық сөз айтқан, сол үшін оның тәңірі жазасын берген, дейді жұрт. Бұл сөзде үлкен сыр бар. Өмірде болған уақиғаға халық өз мағынасын береді, бірақ кей кезде астарлап береді. Ойлаңқырасаң: «Тәңірі жазасын берген» деген сөз: күнәкар жан сазайын тартады, өзінен де зор күштің алдында жазасын тартады», — дегендік. Ол зор күш — халық; халық қаламаған нәрсенің бәрі — айып. «Гүнәһи» деген сөздің өзі қазақша «айып» деген сөз ғой. Шеттен кірген «Гүнәһи, күнәкәр» дейтін сөздер...

Әлібек құлағын тоса қалды. Ағасы оның бар ынтасы аңыз тыңдауға ауғанын жақсы сезді.

— ...Мағынасы зор сұлу аңыздар толып жатыр. Соның ең бір әдемісі... қалай деуге болады: бас жұтпан қазалы жайға құрылған аңыз...

— Трагический.

— ...Солай. Трагический уақиғаға құрылған бұл аңыз сол сұлтанның өлімі жайлы.

Жазғытұрым сұлтан Петербордан еліне қайтып келе жатыр екен дейді. Қасында қырық жігіт нөкері болса керек. Ресейдің орманды, өзенді жерінің бәрінен өтіп еліне жеткенде Шыңғырлау тасып жатыр екен.

Шыңғырлау тасығанмен Жайық емес,

Біздерге өлең айту лайық емес... —

деп кәдімгі жалғыз қызы Зәурешті жоқтағанда, Медетханның өлеңге қосқан Шыңғырлауы. Тасығанда өткел бермейтін Жайықтай болмаса да, үстінен тіркесіп сең жүріп, ендеп кемерінен асып шалқып кеткен су төренің жолын бөгеген. «Менің жолыма кесе көлденең тұратын не күш бар?!» деп, менменсіген сұлтанның кеудесіне нан пісіп келе жатқан сияқты. Өйткені шаруаны жер мен суына ие етіп, қараны хан ұлына теңгеремін деп хан Жәңгір мен патша өкіметіне қарсы шыққан еңіреген ер Махамбет Өтемісұлының басын кесіп алғаны үшін патша ағзамның өз қолынан генерал-майор атағын алып, иығына оқалы погон тағып, үстіне сарыала шекпен киіп қайтқан сапары екен. Құдіретті генерал-правитель сұлтанның «түу!» десе түкірігі жерге түспейтін кезі, жүрген жерін дүбірлетіп, күймеге мініп қоңыраулатып, көлденең көк аттыға жолын кестірмей, «жер әміршісі бір өзім» деп келе ме қалай! Алайда дала өзенінің буырқанып, үйдей сеңдерді шопақ құрлы көрмей үйіріп әкетіп жатқанын көрген нөкері:

— Байеке сұлтан, судың түсі суық, қарқыны қатты екен. Осы бетке бір күн аялдап, тасқын бәсеңдеген соң өтсек қайтер? — десе:

— Судың қарқынынан Баймағамбет сұлтанның қарқыны кем болғаны ма? Мініңдер қайыққа, салыңдар суға ескектеріңді, тартыңдар тура арғы бетке! — деп бұйырыпты.

Өзі қайыққа алдымен секіріп мінген. Хан қаһарлы правитель заһары! Сарыала шенді генерал сұлтанның бұйрығын екі ету қайда! Жігіттері ескекке қол қойған...

Хакім тамағын кенеп, інісіне көз құйрығын тастады. Сұлу сөзге елікпе жігіттің бар назары әңгімеде екен. «Түнерген бұлт ыдырап, қабағы жадырай бастады» деп ойлады ағасы. Ал, інісі: «Қалай суреттейді! Бұл да Баймағамбет сұлтанша көңілі аспандап келеді екен. Әйтпесе, «көңіл шалқымаған жерде сөз де шалқымайды» деуші еді біздің Жақия...» деп ойлады. Ол, көрер көзге серпіле түсті, әңгіменің аяғын тыңдауға құштарланды.

... — Ендеп кеткен судың ен ортасынан өлдім-талдым деп теңселіп, ырғалып, аунақшып, толқып жете берген қайықты ортаның сарқырамасы үйіріп алады да кетеді... Өзіміз де талай көргенбіз ондай ағысты, қайықтың қайығы, қайықшының қайықшысы алып өтеді ондай жерден. Әсіресе, көктемгі мұз жүріп, сары ала суды түбімен қотарып сапырылыстырып жатқан кезде зәреңді тас төбеңнен шығарады. Су деген тілсіз жаудың бірі ғой, — деп Хакім қалай әсер еткенін байқау үшін інісіне тағы да бұрылып қарады. Тұнжырап келе жатқан студенттің ол бұрынғыдан да жадырай түскенін көрді. — ...Сөйтіп, сарқыраманың зікір салдырарлық, сүйрей жөнелген арнасынан ескекшілері алып шыға алмаса керек. Және оның үстіне қайықтың бір басы бата бастапты дейді. «Салмақтың ауыры қайықтың артына түсті ме?!» деп сұлтан басына жылжиды, басына жылжыса — енді тұмсығы батады. Қайта кері жылжыса — қайық бөксесі суға көміледі. Жігіттерінде зәре қалмаса керек. «Я, Аллалап!» есе түседі. Теңселген жақтан екінші жаққа қисайып, «әупірім!» деп, суға батып баратқан басынан қайықтың екінші басына ығыса жөнеледі. Не керек іс қиындыққа ұшырайды. Суға кету қаупі әзірейілдей-ақ төнеді. «Жігіттер, менің салмағым басты білем, мен түсейін!» деп Баймағамбет сұлтан беліне жібек белбеуді шарт буынып, екінші ұшын екі мықты жігітке ұстатып суға секіреді. Атандай ірі және семіз сұлтан суға «күмп» еткеннен кейін қайықтың басы шоршып шыға келеді. Бірақ «күмп» еткен Баймағамбеттің жібек белбеуінің ұшы ғана екі жігіттің қолында қалса керек, қорғасындай батқан сұлтанды оппа сарқырама тастай батырып, әкеткен шұңғыма түбінен енді қайтып шығармай қойған...

Әлібек басын шайқады.

— Қалғандары не ғыпты?

— ...Қалғандары аман шыққан. Асқанға тосқан! Мейманасы асып асылық сөз айтқан Айшуақов төрені су жұтқан деседі халық. Бірақ, халықтың көмейінде ол кезде айтылмай қалған сөз бар екен...

— Иә?

— ...Ол: «Баймағамбетті халық қарғысы атты! Халқының сүйер ұлы Махамбеттің басын кестіріп, патшадан барып жандарал шенін алды! Батырдың қанын төктіріп сары ала шекпен киді! Ақтық — өшпейді, қаралық — ағармайды!» деген осы шығар...

— Сен, бала, жабықпа! — деді әрі-беріден кейін Хакім Әлібекке белгілі өзінің байсалды үнімен. — Өмірде бәрі де кездеседі: қайғыру да, қамығу да. Тіпті тарығу да кездеседі. Бірақ соның бәрі уақытша нәрсе...

«Мынау біздің Жақиядан да өткен философ қой, — деді ішінен Әлібек ағасын кекетіп. — Оз басына түспегеннен кейін бәрі де оп-оңай, бәрі де уақытша көрінеді... Ол құлағын түре түсті, өзі шалқайыңқырап фаэтонның арқалығына сүйене отырды.

— Иә, не айтпақ едіңіз «бәрі уақытша» деп?

— ...Әлеуметтік уақиғалар да уақытша, жеке басқа кездесетін жайлар да уақытша. Тіпті махаббат жайы да... Оның өртеп жібергендей отты жалыны да уақытша. Сағаттап уақыт өткеннен кейін, күндер жылжығаннан кейін оның жалыны да бәсеңдеп салқындайды...

Әлібек басын шайқады.

— Олай болмаған күнде өмірдің мәні де болмас еді...

— Өзіңіздің басыңызға түспегеннен кейін бәрі жәй әншейін, өткінші нәрсе сияқты болып көрінеді, — деп салды Әлібек аптыға сөйлеп.

— Бәріміздің басымызда да болды. Бірақ, оны қайтесің ежіктеп. Ал, Гүлжиһан жөнінде әлі... уақыт бар ғой. Оқуыңды бітіргенше ол қайда барар дейсің?!

Мұнан кейін Әлібек те үндемеді, ағасы да іштен тынып ұзақ отырды. Сонсоң ол інісіне ақыл айтты.

— Сен, бала, жабықпа. Өмір алда. Сендер білім алсын деп жаңа заман мектеп есігін ашты. Бұрын жаңаша оқытатын бастауыш мектебі де қолмен санағандай Қазақстан жоғары дәрежелі оқу орнына ие болды. Ата-баба арман еткен университетін сендер үшін ашып отыр. Соны бітіріп ертең елге келгенде танымастай өзгерістер болады. Білесің бе, ана Ақметше, Дабыл, Қуанайларды неге жер аударып жатқанымызды?

— Бай, бекзат болған соң шығар.

— Тек қана ол емес. Қанауды жою үшін. Байлыққа бір адам ғана емес, бар адам ие болу үшін. Жер аударылатын ең ірі қанаушылардың саны Орал губернасында жетпіс-ақ адам. Яки жетпіс семья. Ал, барлық халықтың саны бұл өлкедегі үш жүз елу мың. Мұның ішінен мал бағып, егін егіп күн көруші жүз мың үй. Ертең осы жүз мың үйге барлық шабындық, егістік жерді, балығы бар өзендер мен көлдерді беріп, қолында бар құрал-саймандарына қосымша кооператив арқылы тіршілікке керекті машина біткенді жеткізуге тырысамыз. Сонда еңбегімен елді — ел, жерді — жер етіп отырған халық байлыққа өзін де қарық қылады, баласын да оқытады, мектебін де салады, дәрігерлерін де шығарады; үстіне киетін киім, астына мінетін машина, қолына алатын құрал жасап отырған жұмысшы табын да астықпен, етпен қамсыз етеді. Сонда жүз мың үйдің қабағы жарқ етпей ме? Ал, анау жетпіс үй иесі пе істемек? Барған жерінде олар да сол өз еңбегімен өз тамағын асырауға тиіс. Мына үйренген жерінде — қожа болып қалған — бірі қой бағып, бірі жер жыртып, «соп-соптап соқаның соңында жүрсе, басқалар көздеріне шұқып көрсетер дегендік. Бұл: ойлай келсең — зәбір емес, адамшылық. Ақметшелер барған ауданның бір шаруашылығында жалақы алып қызмет істесін, бір басының қамы үшін дүние-мүлік жиғанша көп үшін, қауым үшін білімін жұмсасын дегендік...

Бұл сөздер Әлібекке жаңа ұғым бергендей қатты әсер етті. Түсінікті. Орынды. Аса дәлелді сияқты...

— Осылай, Әлібекжан! Сен оқуың керек, көп біліп, көп көруің керек. Сен сезімтал жігітсің. Сезімталдық жақсы. Бірақ бір ғана жүректің жетегімен кете беру — ақылға теңдік бермеу деген сөз. Ұдайы нәрсенің тек жарқыраған әдемі жағын, жүрекке қонымды жағын ғана қолдай берсең ақыл өз правосынан айрылып қалып, бар билікті жүрек қана қолына ұстай кетпей ме? Солай емес пе? Бар нәрсеге де әділдік керек. Адамның миы мен жүрегін біріне-бірін үстем қылып қойсаң қиянат болмай ма?

Хакім күліп інісін құшақтай түсті. Інісі оған қарсы қимыл жасамады, қайта ағасына басын сүйегендей жақындата берді. Бірінің сүйгісі, бірінің сүйдіргісі келгендей өте ыстық, туысқандық сезім билеп кетті де, бірақ естияр аға тоқтап қалды. Сонсоң кенет құшағын жазып жіберді. Ал, інісі өзін-өзі іштей саралай бастады. «Осы мені сезімтал... нәрсенің тек жүрекке қонымды жағын көреді дейді. Жақия да «суреттеген нәрсеңнің ішкі сырын ашпайсың» деп сынайды. Мына Хакім де сол пікірді айтып салды: «Жүрегіңнің жетегінде кете бересің», — дейді. Солай да шығар. Бірақ бұған мен кінәлімін бе? Сұлу қызды сүйсем... Сұлу жерімді сүйсем... Сұлу адамды жақсы көрсем... Сұлу сөзге бас исем... Сұлу жүрісті... сұлу істі... тек қана сұлулықты қаласам... мен неғылам бұған...» деген оған бір елжіреу пайда болды. Ол ұзақ уақыт үн қатпай бозарып отырып қалды.

Бұл біріне-бірі сырт пішіні аса ұқсас ағайынды екі пенденің бірі — ми, бірі — жүрек сияқты еді. Ми ақыл ғой. Ал жүрекке тұтас билік берген жан не болар?

ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ

1

Алматыға жеткенше, тіпті Совнарком үйіне кіргенше Хакім қатты асығып еді — оның бар ниеті қалай да хал-жайды Ораз Исаевқа ақтару, қалтқысыз ақтару болатын. Барды — бар деу, жоқты — жоқ деу еді. «Бар бәле ауылдағы күрт өзгерісті көзімен көрмей сырттан топшылауда. Шаруаның артельге кіргенде қанша көлігі бар еді, қанша десе жер жыртуға шамасы келетін, бар eгic қалай шықты, қалай орылып, қалай жиналды, міне осыны білмей және өткен қыста шөп жетпей, оның үстіне қыс ұзап кетіп, бар малдың шығынға ұшырағанын білмей астық пен ат дайындығын жүргізуге бола ма?..»

Міне, осы еді Хакімнің сұрамағы, кәдімгі өзінің тар кезеңдерде бірге жортқан адал жолдасына, алғыр жолдасына, халық қадыр тұтқан үлкен досқа...

Совнарком председателінің алдыңғы бөлмесіне кіріп келгенде, кәдімгі өзіне таныс, өте таныс, бірақ көптен көрмеген Башмаков — дембелше, нық денелі, шықшытты, дөңгелек жүзді, қорғасындай ауыр, дүрс-дүрс сөйлейтін Башмаков: «Ба!» деп көзін адырайта қалды.

Бұл қарас, бұл кездесу Хакімнің жүрегіне мұңды сезім құйып жіберді, ол қуану орнына жолдасы алдында қайғылы жайының қасіретті құшағына қайтадан енгендей болды, өйткені кінәсізден кінәсіз, айыпты жандай, партиялық ісін қорғауға, әлеуметтік абыройлы орнын ақтап алуға шағынып келгені тап осы сәтте оған өліммен тең көрінді. Әсіресе, мына, қорғасын құйған сақадай, қарауға да, отырысқа да салмақты, жүзінен өмір оты шарпып тұрған, өзінің орнықты қалпында нық отырған Совнарком председателінің көмекшісі, бұрынғы Чапаев солдаты қатты әсер етті. «Мына бізді көрдің бе, Ораз екеумізді, бір кезде Совет өкіметін қанымызды төгіп орнатысып едік, енді бүгін сол өкіметтің басшылық қызметіндеміз» — дегендей көрінді. «Сен неғып жүрсің, жүзің солып, қаның қашып, іреңің үрпі-түрпі?» — деп таңданғандай...

— Оралдан келдің бе, Жүнісов? — деп Башмаков Хакімнің оң қолын қос уыстап қысты.

Иә, елден... алыстан... поездан түскен бойым...

— Көрініп тұр өңіңнен де, гимнастеркеңнің ұйпалақ түрінен де. Ұйықтамаған адамдай, көзің кіртиіп кеткен. Жәй... командировкамен бе?

Нағыз қиын жауап жаңа ғана киліккендей.

— Шаруа болмаса келем бе?

— Отыр, отыр, — деді Василий Башмаков орындық ұсынып.

— Әрине, қауырт жұмыс болмаса мұнда келмейсіңдер ғой.

Хакімнің түйіле жауап бергенін сезіп және өлкелік прокуратураға соқпай Совнаркомға тура келгенін «поездан түскен бойым» деген сөзінен байқап, Башмаков әңгімені басқа жаққа бұрды.

— Жұмыс ауырлап кетті ғой, Хакім Жүнісович. Жалғыз облыс пен ауданда ғана емес, крайдың өзінде тәулігіне он бес, он алты сағат қызмет істейміз. Ораз Жанзакович крайкомда. Мәжілісте отыр. Кешікпей келіп қалар. Жолығасың ғой?

— Әлбетте.

— Баяғыда көрер таңды көзіңмен атырып жүріп келіп, аялдамастан қым-қиғаш іске кірісіп кетіп, ат үсті сусындап, тағы ілгері аса беретін уақыт қазір ойыншық сияқты көрінеді. Ертеде ат үстінде, кеште ат үстінде, жаның мұрның ұшында жүрген шақта «әттең жылы төсек, алаңсыз ұйықтайтын үй» деп армандайтын едік. Тап ондай болмағанмен қазір де таң атқанша отыратын шақтар болады. Облыста, ауданда жұмыс ауыр шығар?..

– Менің жайымды естіген ғой... Жұмсартып көңілімді ауламақшы» деп ойлады да Хакім:

– Иә, ол күндегі жұмыс ертегі сияқты болып бара жатыр, — дей салды.

Хакім де, Башмаков та ойланып қалды. Хакім: «Менің хал-жайымды кімнен білді екен?» деп әртүрлі ойға кетті де, бірақ «білсе де, білмесе де өзім айтуға тиіспін. Бәрібір Оразға баян етем ғой», — деп қорытты. Ал, Башмаков ашық сөйлесті.

— Хакім Жүнісович, бәрі де ойлағанымыздай шешіледі, — деп Башмаков оның ауыр ойын, дәл үстінен басқандай омырып жіберді. — Есіңде ме біздің Лбищенск тұзағынан құдіреттің күшімен құтылғанымыз? Құдірет дегеніміз біздің қайсарлығымыз ғой. Оған қосымша: бізді құтқарған тілектес адамдар — ел адамдары. Файзолла қайда қазір? Бізді Шалқар жағасында жасырып қойып, жеті күн асырап, күтіп, ат-көлік тауып, Оралға жөнелткен Файзолла мен оның ағасы ғой...

Хакімнің көңілі сергиін деді. Өткенді еске түсіріп, қилы күндердің ащы-тұщы уақиғасын бөлісетін ескі жолдасқа белгілі даңқты тарихты тағы бір қозғап өткісі келді ме, әйтеуір Башмаков он тоғызыншы жылдың ауыр күзін көз алдына келтірді. Бергі беттегі момақан қазақ ауылдарын, оның Файзолла сияқты ақжарқын жас жігіттерін дәріптей бастады. Өзіне таныс әңгіме болса да Хакім оны тыңдай берді. Ащы ойға тұщы әңгіме араласты.

2

Салмақпен баптап, шебер сөйлейтін секретарь бюрода бұл жолы да ұтымды сөйледі. Дәлелдеуді керексітпейтін нәрселерді де сипатты сөзбен жиектеп, цифрмен көмкерді.

— ...Қарағанды сияқты мол көмір беретін үшінші кочегарка жасалды. Бұл ірі кочегарка бірінші бесжылдықты үш жылда орындау үстінде. Өмір жүйкесіндей Түрксиб жолы Арқаның кәсіпорындарына астық беретін оңтүстік аудандар мен республикаларға қол ұстатты. Балқаш пен Қоңырат мыс қазаны ғана болып қоймақ емес, Қазақстанның пролетариат туын тіккен әйгілі ошағы, сан жасты, сан батыракты завод тілін білетін, завод өнерін игерген маман етіп шығармақ.

Ауыл шаруашылығы ескі атамзаманғы өнімсіз ұсақ және тұрақсыз қалыптан машинеленген, көп қолдан құралған, көп жерлі, көп өнімді, көп салалы күшті шаруашылық түріне айналды... Алайда, бұрын көрмеген бұл жаңа жолдан бас тартатындар да аз емес. Әсіресе, «Кім кімді жеңбек?» дейтін тап күресінің жанып тұрған шағында артель жолын жамандап, үркітетін сұмдардың жетегінде кеткендер де толып жатыр... Бұл қиыншылық уақытша кездесетін, кездесіп те отырған асу қиыншылығы. Бұған бой бермеу басты борыш, басты міндет...

Осындай ұтымды, сенімді сөзбен секретарь тыңдаушыларын уысына мықтап қысып, тыпыр еткізбейтін халге жеткізді де, мәжіліс басқарып отырған Исаевқа «мен болдым» деген ишара беріп, терезе алдына оқшау тұрып қалды.

Ораз:

— Ендігі әңгіме мекенінен ығысқан халықты орын жайына қайтару, теріс бағытта жүргендерін түсінік-насихат арқылы совет жолының дұрыстығына көзін жеткізу. Әйтпеген күнде мұнан да ауыр күйзеліске ұшырауы даусыз, — деп тұжырды...

3

Көргенше асығып, кабинетінде тағатсыз күтіп, армансыз әңгімелесуге құмартқан Хакімнің «бар ісін» Совнарком председателі бір сөзбен бітірді. Ол тіпті Хакім мәселесін әлдеқашан өзімен ойласып шешіп-пішіп қойғандай:

— Иә, ден сау, Хакім. Ақтөбеге жүресің, сонда Ивановпен бірге істеуге. Жұмысқа тағайындау қаулысы соңынан барады. Қазір бар күш, бар жігер, бар ақылыңды көшкен елді ата қонысқа қайтаруға жұмса. Жүдеген елге жәрдем беру тез ұйымдастырылсын. Біздікіне соққан жоқсың ба? — деді түрегеліп көріскен Хакімнің қолын алып жатып.

Орнынан алыну, партиядан шығарылу, қынжылу, тарығу, күні-түні ой кеміріп, «бұл қалай болды?» деп шешілмейтін сұрақтың шырмауында ауға оралған сазандай бұлқыну қасіреті кездеспеген нәрседей-ақ... Хакім бөгеліп қалды. Аздан кейін ғана ол Ораздың барлық аяқ астынан жүктеген міндетінің ішінен бөліп алып:

– Біздікіне соққан жоқсың ба?» дейсің. Мен бір саяхатта жүрген жандай! Сараға амандасу керек еді алдымен. Бірақ, жұрт: «Жұрағат іздеп жүр» демесін деп, заңды жолмен келдім. Өзім поездан түскен бойым, диқандар мейманханасына түстім, — деді Хакім Ораздың отыр деген ишаратына қарамастан тұрған бойы жауап қатып.

— Юристер солай, заң жолымен жүреді.

Ораз енді күле сөйлеп, әзілдей бастады да, бірақ Хакімнің жолдан тозаң тартқан жүзі сұрлана түскенін көріп, үнін өзгерте қойды.

— Оқасы жоқ. Сарамен кейін сөйлесерсің, екінші келгенде. Облыстан келген бойым де.

— Облыстан емес. Мәскеуден.

— Ә, Мәскеуден! Мәскеуге барғаның өте жақсы болған. Сольцтен телеграмма келді. Мықты телеграмма. Бұл қадамың жақсы қадам. Ақылмен істелген...

— Басқа не істемекпіз. Шындықты бүркей береміз бе?

— Хал-жайды ауызша түсіндірдің бе?

— Ауызша да. Қағазша да. Облыста болған заңсыздықты Одақ прокурорына мәлімдедім. Ал, ауыл шаруашылығындағы сорақы істерді Ярославский мен Сольцтің атына жаздым. Жасыратыны жоқ, барды — бар, жоқты — жоқ, — дедім.

— Сенің солай ететініңе күмәнданбаймын. Ал, ана қартпен тік кеткенің...

Ораз сөз аяғын жұтты, Хакім мұны «әдеп сақтайды ғой» деп түсінді. Ол, қысқаша хабарлады да, сөз аяғында:

— Ел табанында қадау-қадау әр жерде бірді-екілі үй ғана қалды. Көпшілік Самар мен Сартау облыстарына және арғы бет Астрахань облысына ауып кетті. Елді жұтаған үстіне жұтамасын деп осы үш облыстың әкімшілік орындарына өтініш жасадым: жұтқа ұшырап жатырмыз. Астық іздеп сағалаған қазақ шаруаларын совхоз төңірегіне орналастыра тұрыңыз. Бәріміз де РСФСР қарамағындамыз, — дедім. Самар мен Сартау жәрдемдесіп жатыр. Ал, осы істі «теріс» деп облыс басшылары кінә тағады. Сірә, крайкомның бірінші секретарына: «Жүнісов көшпенділікке жол ашты» десе керек. «Сені соттау аз» деді маған «қартыңыз».

Ораз Хакім сөзін ойланып тыңдады.

— Жақсы, әңгіме осымен аяқталсын. Жаңағы тапсырманы Совнарком тапсырмасы деп түсін.

— Обком қаулысы қалай болады?

— Сольц тоқта десе, оған бағынбайтын кім бар? Өзгереді ғой ол қаулы. Бұған қарайлаудың керегі жоқ. Бәріне де уақыт керек. Бәрі де өзгереді. Түсінікті ғой?

— Жарайды, — деді Хакім, басқа сөзге жол таппай. — Онда ертең Ақтөбеге жүруге тура келеді.

Ораз сәл бөгеліп, әлденені есептегендей қабағын шытып тұрды да:

— Абзалы бүгін. Тап қазір жүріп кетуің керек. Өйткені жұмыс қауырт, — Совнарком председателі жәрдемшісіне: — Жолдас Башмаков мына Жүнісовке поезд билетін тез әперсін, Сырцовқа айтшы, — деді. Сонсоң аздан кейін Хакімге! — Астанаға келгеніңді аса әшкерелей бергенің жөн болмас. Заңды да, саясатты да, басқасын да менен кем білмейсің ғой. Қане! — деп Хакімге қолын берді...

— Башмаков, біз Сәкен Сейфуллинге кіріп шығамыз. Сен үйін білесің ғой?

— Білемін, Ураз Джанзакович.

— Білсең, кеттік.

Совнарком председателі Үкімет үйіне таяу жердегі Карл Маркс көшесінде тұратын Сәкен Сейфуллиннің үйіне кетті. Асығыс аяңдаған председательдің соңынан Башмаков балаша қорбаңдады.

ОНЫНШЫ ТАРАУ

1

Сырт қарауға тәкаббар дерлік, кербез пішінді, әрі келбетті, тіпті бір қарағанда өзінен кіші адамға иілмейтін адам сияқты, айбарлы Сәкен көп жерде бота мінезді жан: әзіл-қалжыңға да бейім көз құйрығы жиі-жиі жұмсақ шырайға көше береді.

Бүгін ол дәріс соңынан қаумалаған студенттеріне кілт қабақ қатып алды да:

— Жүнісов, берірек кел. Сен бүгін неге қашқақтап шеткері тұрсың? Қабағың да қалыңдай түскен бе қалай? Әлде бір нәрсеге сен де ренжіп қалдың ба? — деді ұстаз ақын.

Сөйтті де өзінің байқамай «сен де ренжіп қалдың ба?» деген сөзіне басын шайқады. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» дейді қазекең. Тауып айтқан. Бүгінгі өз қабақ шытқанымды ауыздан шығарып алдым...

Әлібек бұл сөздің астары барын аңдаған да жоқ. Өзінің түйіліп тұрғанын сезіп, күтпеген жерден оның себебін сұраған үлкен адамнан қысылып қалды, жауап та таба алмай састы. Не демек? Не демек? Мені комсомол комитетінің бюросы тезге салмақ демек пе? Әлде, бәрін мойындап: өзімде де кінә көп, жайыма жүрмей сары уайымға салыну неге керек еді? Онымен қоймай мұны — жеке басымның мұңын өлеңмен шағынғаным теріс еді демек пе? Міне, енді илейтін терідей малмаға салып малшылап-малшылап алғалы жатыр, деп шағынбақ па? Ол:

— Сәкен аға, жәй әншейін. Еш нәрсеге де ренжігенім жоқ, — деп міңгірледі...

Жолдасының жасырғанын қоштамаған «философ» ашып айтуға кірісті.

— Дәл байқадыңыз, Сәкен аға. Қабағы қатыңқы, оның себебі бар. Себепсіз өзгеріс жоқ. Ескі сынып, жаңа бөртіп келе жатқан заманда нәзік сезіммен түк сезбес көнтері болып қалған топас ойлар да алыса түспек қой, Сәкен аға. Әлібектің «күйрек» өлеңін бюрода күйретпекші. Әрине, өзіміздің комсомол комитетінің тезімен түзетпек... Сын кіріп келмесе, төрге шығып кеткен мін ығыса қоя ма! Осы жай Әлібек түгіл менің де көн қабағымды тыржита бастады.

Сәкен құлағын тіге қалған еді, мына жастар арасында философ атанған жігіттің сөзіне екіұшты сезіммен қабағын шыта бастады.

— Солай ма еді? Мені де шақырып еді комсомол. Осы жөнінде болды ғой. Імм! Сын кіріп келмесе төрге шығып кеткен мін ығыса ма дейсің? Бұл бір аталы сөз екен. Осы күні «сын түзелмей, мін түзелмес» дегенді айтушылар да бар. Бұл қазақтың: «Жібекті түте алмаған жүн қылады, қатынды күте алмаған күң қылады» деген даналығына сәйкес... — деп Сәкен сөзінің аяғын жұтып қалғандай кілт тоқтап, әлденеге қабағы қатулана қалды.

Ол аз ойланып сөз саптағандай болды. Сонсоң тамағын болмашы ғана білдірмей кенеп:

— Жігіттер! — деді келісті жүз, ақылды көзге лайық әдемі қоңыр үнмен: — Жәңгір ханды білесіңдер ғой. Қазақтың соңғы хандарының бірі Батыс Қазақстанда дәуірлеген. Сол Жәңгірдің он екі биінің бірі ер Исатай басқалардан мойны озық қалпын ат үстінде де сақтайды екен. Аты да өзіне сай атақты Ақтабан дейтін ат болған. Аяңы желіске бергісіз, желісі — шапқан атты алға салмайтын жануар екен. Сондықтан әрдайым үстіндегі батыр денелі, нарттай көрікті, асыл туған иесі басқалардан оқ бойы ілгері отырады екен деседі. Бір күні хан барлық нөкерімен, он екі биімен ат үстінде келе жатса, қасындағы тілі ащы және Исатайға өш бір биі: «Тақсыр, жез қарғылы қызыл тазы сияқты, осы Исатай алдымызға түсе беретіні несі? Тым болмаса хан алдына шығып көлбеңдей беруін қоймай ма?» — депті. Исатайдың алдына шыға беруі ханға да ұнамайтын «қылық» болса керек. Жәңгір: — «Әй, Исатай, бері кел! Жез қарғылы тазы сияқты осы сен неге алға шыға бересің?» — депті-міс. Сонда Исатай: — «Сөзіңізге құлдық, алдияр, тауып айттыңыз, тап сондай. Бірақ қысылмаңыз, алдыңызда жез қарғылы тазыдай мен келе жатсам, соңыңызда жалбаң-жұлбаң шауып, о жағыңызға бір, бұ жағыңызға бір шығып, арсалаңдап, жалбарынып он бір төбетіңіз келе жатса, сізді қай құдай алар деп қорқасыз?» — деген екен. Сол сияқты, қай кезде де, қандай жағдай болса да, біреудің шашбауын көтеріп, арсалаңдап шаба беруден аулақ болыңдар.

Философ Жақия басын шайқады. Басқалары аузын ашып ыржия күлісті. Ал, Әлібек тұнжыр қалпында қалды. Дәріс үстінде де, мына жайбарақат әңгіме кезінде де жүзінен ренжу кетпеген шәкіртін бақылап, сынап тұрған Сәкенге бұл қатты ой салды. Әлгіде ғана көз құйрығы күлкі шырайын төгіп тұрған ақын өзі де тез тұнжыр қалыпқа көшті.

«Күйрек өлеңін бюрода қарайды... Күйректік әрине, біздің қаһармандық заманға сай сезім емес. Алайда, Әлібектің күйректігі болып жатқан нашар істердің, асыра сілтеушіліктің салдарынан туған ауыр жағдайлардың әсері. Әлібек мұны көзімен көріп келді. Бір ғана көрген жоқ, бірнеше рет елге шықты. Бір ауданға ғана барып қайтқан жоқ, әлденеше ауданның сипатын өзіме әңгімелеп берді. Сорақы істер, қайғылы халдерге соқтықтыратын, соқтырып та жатқан жайлар мол... деп ойлады ақын комсомол бюросының мәжілісінде отырып. Ол бірінші мәселерге аса зейін қойып тыңдамады, ал, Әлібек мәселесіне келгенде қабағын түйіп жинақтала түсті.

Бізде жетістік көп, ауыр кәсіпорындарын құрдық, Қарағандымыз үшінші көмір кочегарына айналды. Балқашымыз мыс қазаны болды. Эмбамыз нефті байлығын шалқытса, Өскеменіміз темір рудасын ақтарып жатыр. Толып жатқан заводтарымыз бен фабрикаларымыз түтінін будақтатты. Енді осыған сай ауыл шаруашылығы коллективтік жолға түсе бастады, — дейді секретарь жолдас.

Солқылдата соғылсын,

Бесжылдықтың балғасы.

Арқырасын асаудай,

Өндірістің арнасы, —

деп жас ақын, екпінді ақын Тайыр Жароков жаңа заманның жарқын бейнесімен жоғары өрлеген қайсар қарқынын суреттесе, біздің мына алдарыңызда отырған Әлібек Жүнісов күйректік, жылауықтың, сарыуайымшылдыққа салынады. Алдыңғы жылы кәнпескеленген шынжыр балақ, шұбар төс, Ақметшенің қызына ғашық болып, бірақ комсомол комитеті сөгіс бергеннен кейін одан безіп, безгенмен мұңайып, тұнжырап, аспан жерге түскендей, жер төңкеріліп кеткендей зарығып жазған «Қап-қара бұлт көкті қаптап келеді» деген сұрапыл өлеңінде:

Жерде толы, көкте толы жай оғы,

Махаббат пен жырға тимес қай оғы?! —

деп дүниенің бәрін жай оғына сұлаттырып еді. Енді бүгін:

Қасіретсіз тәтті ұйқы,

Көп заман маған болды жат.

Толар-ақ солған тән сиқы,

Жан бұғаудан болса азат, —

дейді. Бұл қалай? Тәтті ұйқыдан айрылған кім? Жаны бұғаудағы адам қайсы? Бұл әрине, менің ойымша жақсы сарын емес. Бұл осы күнгі өмірімізге қарсы кеткен сарын, бұл іштей тулаған наразылық. Бұл онан да зор... Міне, сіздердің пікірлеріңізді есітелік деп ортаға салған мәселе осы, — деді Нақысбек.

Нақысбек қадап, нықтап сөйлейтін жас болғанмен, сол айтып тұрған сөзіне өзі күліп тұрғандай жүзі кәрсіз, сөзі зәрсіз жұмсақ мінезді еді. Қазір де комсомол комитетінің хатшысы саяси мән беріп, үлкен айыпқа қарай төндірген сөзінен кейін Әлібекке әдетінше езу тартты, бұл жай қадала қарап, түйіле тыңдап отырған бюро мүшелері мен оқытушылар атынан қатынастырған Сәкеннің алдында кешірім сұрағандай әсер етті. «Ерке баласын әкесі ақырын ғана құлағынан тартып қоюшы еді, мына жігіттің де қатты сөзі жай құлақ тарту болды» деп ойлады ақын. Бірақ ілесе сөз алған бір бюро мүшесі комсомол секретарының меңзеген шегесін балғалай түсті.

— Қазір салт-сана майданы күйректікті, солқылдақтықты, зарығу мен торығуды көтермейді, өйткені тап тартысы шиеленіскен шақта бізге қайыспас қайраткер керек. Қаһарман іске қаһармандарша қимылдайтын болат жандар керек. Біз болат жандарды дайындаймыз, дайындап та жатырмыз. Алдағы күнде дайындай бермекпіз де. Неге десеңіз шиеленіскен тап тартысы бір күнде, болмаса бір айда, тіпті бір жылда біте қоятын тартыс емес, ол ұзақ тартыс. Ал, осыған орай біздің ертең институт бітіріп шығып, келешекте құрыштай берік, алмастай өткір, табаны мұзға таймайтын буыршындай табанды жаңа ұрпақты тәрбиелейтін болашақ учителіміз, болашақ ұстаз не жазып отыр? Нақысбек сұрақты дәл қойды. «Жаны бұғаудағы адам қайсы? » Мен тура айтар едім: бұл сол жазған ақынның өзі! Жаны бұғаудағы адам ғана осыны айтады. Демек, бүл, әлгі Ілияс Жансүгіров айтқан «Ескіліктің төбесін қашап жатқан заманда, бай-құлаққа шабуыл жасап жатқан заманда» сол төбесі қашалған, қамалына шабуыл жасалған топтың сарыны, соның зары, соның күйігі. Мұндай жандардан... — бұл Боранов деген студент еді.

— ...Іргені көш аулақ жерге салған заңды, — деп іліп әкетті оған жалғас отырған сары, Боранбеков дейтін, — мұндай зиянды сарынмен де, сарын иесімен де алдын ала қоштасқан жөн...

Бұл Боранбеков пен Борановты оқушылар бір жүріп, бірге тұрғанына қарап және екеуі де мінбеге қосарлана қалатынын есептеп, «қос сары» деп атап кеткен-ді.

Жұрт тым-тырыс бола қалды, Сәкен басын көтеріп алды, қабағын қатты түйіп екі жағына кезек қарады да, уыздай жас жандардың қалтқысыз ойын, кіршіксіз сезімін тура ақтарып жатқанын көріп елжірей түсті; қаймақши бастады. Бірақ тым елжіреуден де аулақ, қатал сөзден де қашып, қоңыр үнмен:

– Жігіттер, мені мәжілістеріңізге шақырғандарыңызға көп рақмет! Бұл кішкене мәжілісіңіз үлкен жиналысқа татырлық. Риза болып отырмын. Білім жағынан да, саяси тәрбие алу жағынан да, іске құмарлық, болашаққа ынтықтық жағынан да жақсы бой көрсетіп қалғансыздар. Пісіп, жетіліп қалғансыздар. Дос сүйінетін, дұшпан күйінетін дәрежеге жеткенсіздер. Қатты ризамын! — деді.

Аты аңызға айналып кеткен атақты революционер, оның үстіне өздері қойған «Қызыл сұңқарлар» мен жастанып жатып оқитын «Тар жол, тайғақ кешудің» авторы даңқты Сәкеннің аузына қылқандай жас жігіттер қадала қарап қалды. Біреулері ақынның мақтау сөзіне қодырая түсті; ал, кейбірі «біздің мына «қос сары белсендінің» пікірін қостар ма екен, қостамас па екен?!» деп күдікпен күтті. Кейініректе отырған Жақия философ қалай болғанда да өзінің бірер сөз айтып қаларын сезіп қас-қабағын кере түсті, «сен жасыма!» дегендей қасындағы Әлібектің жүзіне салмақпен көз тастап, үйреніскен шыраймен дем беретіндігін сездірді. Әлібекке басқалары да көз құйрығын қиғаштауы, бәрі де «не болар екен?» деген іштей түйіліске кептеліп, «айыпты» жас ақынды да, айбарлы үлкен ұстаз ақынды да сынағандай болды.

Бірінші қатты ризалық білдірген сөзінен кейін талапты жастарына кезек-кезек, әрқайсысына жеке-жеке баға берерлік пішінмен асықпай сынды көз тастап Сәкен мұртын сипады, сол жақ миығын сұлулап шиырып қойды. Бар көз, бар құлақ өзіне тігілгенін сезді, бір ауыз сөзіне бір студенттің тағдыры біржола байланысты екенін әбден ұқты...

— Сен бала, жақсы сөйлейсің. Сөз өнеріне бейім жігітсің. Мұны мен соңғы кезде байқап жүрмін, — деді секретарьға ілесе, бірінші қатты сөйлеген Борановқа. Сонсоң ол әлденеге ойланып қалғандай кідірістей түсті де, аса жай, жұмсақ үнмен сөзін аяқтады. — Сендер әрқайсың әртүрлісіңдер. Біріңіз жақсы сөйлейтін шешен болсаңыз, енді біріңіз сабаққа алғыр, ғылымға бейім шығарсыз. Ал, іштеріңізде мүмкін суретшілік өнерге құмар, құмар ғана емес, салып жүргендер де болар. Маған осылай көрінесіңдер. Ал, мен көбірек білетін мына жаңағы өздерің сынаған жігіт, мықтап сынаған жолдасыңыз өлеңші. Өлеңші болғанда анау-мынау емес; бір ауыз өлең шығара салу, оны және жұрт алдында айта салу көп адамның қолынан келеді. Бірақ оның бәрі ақын емес, жай өлеңші ғана. Жүнісов нағыз ақын. Ақын болу, суретші болу әр нәрсені, әр құбылысты көргіш, адамның қасірет-қайғысына жаны ашығыш, біреудің мұңын мұңдасқыш, жә болмаса шаттығына қосыла шаттанғыш жандардың еншісіне тиген дарын. Шын дарын сирек кездеседі. Ондай дарынды қолдау, демеу жолдастарының міндеті, мына сендердің борыштарың. Жел соғып жерге тұқыртып кеткен жас ағаштарын қайта көтеріп, мәпелеп, тірек қойып түзу өсіріп жатқан адамдарды талай көрдім. Ал, сендердің мына алдарыңда отырған жолдастарың ондай қисайып, бүгіліп қалған жоқ, оны демеп жіберу керек. Тәрбиелеу деп осыны айтады, табаны мұзға таймайтын болашақ күрескер ұрпақ шығару деген осылай болмай ма? Талапты жас балапанның көптеп қанатын берік қақтыру емес пе бұл, жігіттер?!

— Солай Сәкен аға, тура айтасыз. Ал, Жүнісов өзің не дейсің? — деп еді Нақысбек...

Бірінші қатты ризалық білдірген сөзінен кейін талапты жастарына кезек-кезек, әрқайсысына жеке-жеке баға берерлік пішінмен асықпай сынды көз тастап Сәкен мұртын сипады, сол жақ миығын сұлулап шиырып қойды.

Сәкен, бұлардың шешім-қарарына араласпайын деген оймен Нақысбектен рұқсат сұрап кетті.

Ал, Сәкен кеткеннен кейін ілкі қатты сөйлеген сары жігіт:

— Әңгімені ашық айту керек. Жүнісов қатесін мойнына ала ма, алмай ма? Соны айтсын, — деді.

Философ:

— Алды ғой, жарқыным. Мына қиналып отырғаны мойындағаны емес пе? Жүзінен де көрініп тұр ғой, әйтпесе қайғыра ма. Бәрін де мойындап тұр ғой. «Мен кінәлімін» деп айқайлату адам табиғатына келіспейді, — деді.

— Жақсы, жақсы. Ал, шешім... Жүнісов сен де шыға тұр. Бәрібір айтарың жоқ... — деді Нақысбек.

Жүнісов шығып кетті.

– Сәкен ағаның ақыл сөзін негізге аламыз. Солай ғой, жігіттер. Әйтпегенде мұндай былқылдақты...

– Қуып шығу керек, — деді Боранов секретарь сөзін аяқтап.

— ...Қуып шығуға болады... Қуып шығу қашпас, әзірге сынға салайық. Бүгін өлкелік комсомол комитеті үш комсомол сұрады: Қызылорда аудандық комитетіне көмек беруге. Сонда жібереміз. Күріш дайындау науқанына. Бұған қалай қарайсыңдар?

— Үзілді-кесілді ескерту жасалсын: егер де күріш дайындау науқанында жақсы істеп қайтсаң біздің қатарымыздасың. Ал, олай болмаған күнде, кінә өзіңде — деп қадады Боранов.

— Басқа пікір?

— Басқа пікір жоқ.

— Онда осы тоқтамға келеміз. Қане, қарсы бар ма? Жоқ?

2

Аулада жүрген әйелден ақынның үйде бар-жоғын сұрады да, Ораз өзі есік қақты. Есікті ақынның өзі ашты. Күтпеген қонақ...

Амандасып тор көрсеткен үй иесіне ол тіл қата қоймай, кідірістеп қалды. Лебіз күтті.

Оразға тік қарап отырды да Сәкен қабағын шыта бастады. Совнарком председателі ақынның мінезін де жақсы білетін. Жиі әңгімелесіп жүрмесе де, бұрыннан кейбір мінез-құлықтарына да қанық еді. Келіспеген шақта, ауыр сөз айтарда ғана ақын қабағын шытады. Мұны ол мұнан сегіз-тоғыз жыл бұрын Орынборда байқаған. Ойлаған ойын тура жайып салатын, жаратпаған нәрсесін бетке айтатын ежелгі бойға сіңген әдеті...

Сәкен қабағын шыта түсті.

— ...Жасың кіші болса да, орның үлкен. Сондықтан кейде Совнаркомдығыңызға «сіз» керек. Бұл Ленин Совнаркомы, соның бір тармағы. Менің айтарым да сол жөнінде: көздеген мақсат біреу, бірақ сол мақсатқа жеткізер жолдың бұдыры көп. Бұдырға соқтырмай, көшті іркіс-тіркіссіз жүргізетін жанашыр басшы жоқ. Мына көз алдымызда жүргізіліп жатқан асыра сілтеудің жайын өзің түсінесің.

Ораз басын көтермей біраз отырды. Сөзін бітірсін дегендей ақынның жүзіне қарамастан отырды. Бірақ Сәкен тоқтап енді жауап күтіп еді. Ойындағы іркілгеннің, бәрі айтылмаса да, ең ащы сөздің басы төбе көрсетті. «Қалайда бұл келуі мәні бар келу — жә тыңдау үшін, жә тыңдату үшін басқан қадам» деп ойлады ақын.

Ол енді шалқайыңқырап отырды, жаңа ғана шытыла түскен қабақ енді жазыла бастады. Батыр мүсін, сұлу келбет. Сәкеннің қарасы мөлдір, ағы кіршіксіз үлкен өткір көз жанарынан қарсы отырған сөзге шешен, қатарының бәрінен мойны озық, аз жылдың ішінде атағы тез жайылған басшыға: «Не бар аянатын. Өзіңнен басқа кім бар қимылдайтын. Ел сенген жігіт сен емес пе ең?!» деген дем ұшқындағандай болды. Ал ұзынша келген аққұба бетінде доғалы қасы көмкере түсіп, көбіне көп жұмсақ шырай шашатын. Ораздың көзі бұл жолы ақынға жалт еткендей болды да, кенет кітап полкасына ауды: ақынның атақты «Тар жолына» кідірістеді, онан әрі тұрған «Клим Самгиннің өміріне» көшті, қатарындағы тағы бір кітапқа түсті.

— Тар уақыт! Тар жыл! Ауыр шақ, Сәке! Бірақ мұнан да тайғақ кешуді бастан кешірген ел іркілмей, іркілсе де ерлігін, төзімділігін, қайсарлығын жоғалтпай өтеді. Сіз бен біз қолдан келгенін тартынбай жұмсауға дайынбыз ғой. Бұған ешкімнің шәгі болмасқа тиіс. Айтқаныңыз қалтқысыз шындық. Сол шындықты ана сияқты көркем тілмен безелінер-ақ.

Сәкен бір минуттей үнсіз отырды, ол сөзінің Оразға әсер еткеніне күмәнданған жоқ. Өйткені іштей жақсы, көретін, тіпті мақтауды аса сүймейтін ақын, әр жерде әңгіме болған шақта, ісі мен сөзіне, мінезі мен жүріс тұрысына аса биік баға беретін бұл ірі қайраткер тағы қазір не ойлап отыр екен деп оған тұра бағып еді. Ораз да оның сынап отырғанын әбден сезді, бірақ ол! әлі де айтыңқырасын дегендей құлақ тосып отырған шәкірт шырай көрсетті.

— Кешегі Крайком пленумында көп сөз болды. Қатынаспасақ та оқыдық. Біраз мәселені әңгіме еттіңіз... «Сәкен пионерлерге Қажымұқандай палуан бол деп үгіттейді» деп ілік тағады. Мұндай дәрменсіздік, надандық Жанайдардан шықпаса керек еді. Бұл сөз оның аузына салынған сөз. «Қосшы балаларына» Сәкен пролетариат жазушысы ма, емес пе дегеннен өзге шешетін проблема қалмап па? Ел қамын қамдап болып, енді Сәкеннің қамын қамдамақ па? Ұсақ мәселе. Ұсақ қана емес, жексұрындыққа соқтыратын кеп. Сәкеннің кім екенін Сәкеннің халқы мен өзі біледі. Баян әншіні мадақтаса — халқының ән мен күйін мадақтағаны. «Қажымұқандай палуан бол» десе, ел абыройын аспандататын жұрттан асқан өнер иесі бол, тайынбайтын жүректі бол, жығылмайтын білекті бол, қажымайтын жігерлі бол, дегені.

«Әдебиетте сын болмай келді, сондықтан пролетариат ісіне зиянын тигізетін пікірлер басым» дейді. Бүл да алдымен мен жөнінде, менің шығармаларым жөнінде айтқаны. Meн сол сыншыл Жанайдарға: пролетариат ісіне үлкен кінәрат келтіретін, ауыл шаруашылық саласындағы теріс істі неге сынамайсыңдар? Мал басы кемуін, малмен әрекет ететін шаруаның тозғындау себебін неге айтпайсыңдар, неге сынамайсыңдар? — деген сұрақ қояр едім.

— Сәке, бәрі шындық...

Сәкен енді қонақ жайлыққа көшті.

— Кешірерсіз, Ораз. Маған бұл жөнінде сіздерге барып пікірлесу керек еді, өзіңіз келгеннен кейін «отырыңыз, төрге озыңыз» деудің орнына әлеуметтік жұмысты әңгімелеп кеттік. Біздің үйдегі... Гүлбаһрам! Үйдемісің? Шай әзірлет! — деді екінші бөлменің есігіне төніп.

— Жоқ, жоқ, Сәкен. Біз, мына Башмаков екеуміз сіздің хал-жайыңызды біле шығайық деп қана келдік. Және адам жібертіп шақыртудан көрі... қолыңыз тисе, бізге, маған ертең кіріп шықсаңыз қалай болар? — деді Ораз кетуге ыңғайланып.

— Әлбетте болады. Өзіңіз келмей Башмаковты жіберсеңіз де болатын еді...

— Сәке, Жүніс дейтін халық дәстүрін қолдайтын, сөзге ұста кісінің айтқан бір сөзі қазір аузыма түсіп кетті.

...Өкше ізі алыстан, бірақ мінгені тай, бір жас бала, ауыл сыртында далаға көз шүйіп тұрған қартқа жетіп келіп: — Ассалаумағалейкүм, ата! — деп сәлем беріпті. Жап-жас бала болғаннан кейін, мұнымен не сөйлесем деп ойлап, қария: — Уағалейкумәссәлам, — деп жүре сәлем алыпты. Үлкен адам тоқтамай, елеп жөн сұраспасын көріп, бала: — Ата, қай ұлыссың? — дейді. Үлкеннің сұрар жөнін өзінен сұрағанға аң-таң болып бірақ баланың пысықтығын байқап: — Тана едім, шырағым, — дейді немкеттілеу түрмен.

— Тананың қайсысыз? — деп тақымдайды бала. — Тәйт, сен күшік Тананың қайсысын білуші едің? — деп қалыпты ақсақал. — Мен білмейтін Тана бар ма еді, алты ауыл Әлмамбетбісің, болмаса жеті ауыл Жиембетбісің? Әлде қарғыс атқан Қараманбысың, бақ дарыған Аламанбысың? — деп шұбырта жөнеледі бала. Қарт тоқтай қалып: — Әй-әй, сен бала... қалай-қалай жіктейсің өзі, — деп тұра қалады да, — әлгі Даттың алды дауыл, арты өрт бір күшігі бар деп еді, сен сол болып жүрмегейсің өзі, — дейді қадала қарап. Сонда бала: — Менің іздеп келе жатқан атам сіз болмағай... — Сен кімді іздеп келе жатыр едің? — дегенде: — Маған Малайсары деген дана керек еді, деп бала да жас бүркітше шүйіле түседі. — Мен сол Малайсарыңмын... — Тайдан домалап түсіп бала қоржынын қолтықтай тізесін бүгіп: — Ата, батаңызды беріңіз, мен сол үшін келе жатыр едім, — деген екен жас Сырым...

Сол Жүніс кәрия айтқан қазақ дәстүрінің күштілігі еске түскен. Әрине, мен Сырым емеспін, сіз Малайсары емессіз. Алайда данасына тізе бүгу ата дәстүріміз ғой деп ойладым... Әзірге қош тұрыңыз, ертең көрісеміз ғой, — деп Ораз бас иіп шығып кетті.

Сәкен аң-таң пішінде қалды. Оны таңдандырған мына атақты жастың сөзге де, дәстүрге де ұсталығы еді. «Осындай ақылды қазақтар молырақ болса!..» — деді ол ішінен.

3

Сәкен кіріп келгенде Ораз бен Мырзағұл орындарынан тұра келіп есікке қарай жүрді. Мырзағұл ақын қолын бұрын алатын жерде-ақ еді, бірақ ол бір адым кері шегініп, Оразға жол беріп тұрып қалды. Атақты адам мен әйгілі үкімет басшысы алдымен амандасу керек. Сол үшін бұл әдет-салтқа шебер, көргенді жігіт басын иіп қана жылы шыраймен екеуінің қол алысуын күтті. Ораз ұзын кабинеттің төрінен маңғаз аяңдаған Сәкенге тез жетті, белгілі жарқын жүзі мен ұшқыр сөзін ала жетті.

— Сәке, жоғарылаңыз. — «Жасы үлкенді сыйламас заман, орныма отырып алып шіренуін көрдің бе» дей көрмеңіз. Өзіңізден үйренген: керек жерінде шалқақтайтын да әдетіміз бар. Іні ағаға қарап өспей ме, ә! — деп күлді ол Сәкеннің самарқаулау берген қуатты қолын қос қолдап қысып жатып.

Сәкен қарсы жауаптай қоймады. Көзі күліп, қабағын шытып тұратын өзінің іштей риза қалпымен шалқайып тұрып, Совнарком председателінің қолын қысып амандасты да, кейінде тұрған Мырзағұлға қол берді.

— Денсаулығыңыз қалай, Сәке? Тау етегі әдемі болғанмен қит етсе жауып кететін құбылмалы табиғаты мазасыз болып тұрған жоқ па?

— Ден сау, тамақ тоқ. Тау етегі әдемі. Осыны, елдің бәріне тегіс... — Сәкен сәл мүдіріп қалды да, — тегіс тілесек, — деп Ораздың меңзеген жұмсақ креслосына отырды. Ораз жауап қатпай төмен қараған күйі оның оң жағына барып отырды. Сәкен сөздің дәл тигенін сезді де ендігі зілді басқа жаққа тастап, артында тұрған Атаниязовқа:

— Мырзағұл, отыр, тура айтатын жігіт едің, кәрі райкомға жақпай қалып жүрген жоқсың ба? — деді.

Сәкеннің бұл екі лебізінің екеуі де Оразға оспақтауды керексітпейтін сөздер. «Елдің бәріне осыны тілесек» дегені «тегіс тоқтық тілесек» дегені. Совнарком председателінің көптен бері жатпай-тұрмай ойлап, ел мен екі араға атақты ақынның сөзін дәнекер етуге қам жасап жатқаны осы «тегіс тілек» үшін ғой...

Мырзағұл:

— Қайтер дейсіз, Сәкен-аға. Жеке бас бірде жағар, бірде жақпас, — деді де қойды.

Әңгіменің арғы жағына Мырзағұл бармады. Бұған Ораз да десте бере қоймады. Ол Сәкенге тура қарамай отырып:

— Қиын кезең, Сәке. Халыққа қиын кезең. Мұны сізден жасырмайтынымызды білесіз ғой. Әңгіме кәрі райкомға да тиеді, кәрі емесіміз де ортақпыз бұл күйзеліске. Алайда осының қайткенде жеңіл жолын, сүрінген үстіне сүріне бермей, ендігі жерде сүрінбеу жолын табамыз ба деп ізденіп отырмыз. Орталыққа мағлұмдадық. Ащы жайды ащы түрінде мағлұмдадық. Алдын ала істейтін шаралар белгіленді. Кейінгісін тағы көрерміз, — деді.

Ораздың бұл сөзі Сәкенге айыпты адамның сөзіндей естілді.

— Ораз, сенің алғыр жігіт екеніңді, революцияға да адал қызмет істей алатыныңды мен о бастан білемін. Бұл қиыншылыққа бәріңіздің, бәріміздің кінәлі екенімізді де білемін. Ендігі жерде: қайтсе халықты шығыннан аман сақтап қалуға болады. Осыған мемлекет қайраткері есебінде кірісуің керек. Сен кірісуің керек. Мен де, өзге де, халық та сенен осыны күтеді. Сені біледі. Саған сенеді, саған көзін тігеді.

«Кірісіп жатырмыз, Сәке... Күйзелгендерге, жалаңаштарға көмек ұйымдастырдық... Ал менен өзгеше үміт күткеніңізге рақмет», деп айтпақшы болды да, Ораз тоқтап қалды. «Қимылыңды сынап, не ойлап отырғаныңды бірден сезетін өткір ойлы жанға ауыл сыртында көлбеңдеген бозбаладай көрінермін» деп ойлады Совнарком председателі.. Ол енді іске тіке кірісе сөйледі.

— Әнеугүнгі әңгіме қиынға айналды, Сәке. Сіз бір сөзіңізде «бүлік шығарған жандар да есті жігіттер шығар» деп едіңіз және «олармен өзара қазақшылап сөйлесуге болмай ма» деп қалдыңыз. Бұл менің де ойыма келіп жүрген үміт болатын. Соны ақылдасу ниеті еді менің сізбен сөйлескенім. Енді міне, сіз мақұлдасаңыз, біздің өтінішіміз: соларға барып бір ауыз сөз айтсаңыз. Адасқандарына арты жөн болар жағын алдына тартсаңыз. Көбі бейкүнә шаруа...

Сәкен ойланбады:

— Е, оның сөйлеспейтін несі бар, — деді.

Ораз қоштай кетті.

— Көптен көп рақмет, Сәке. Онда біз сіздің тез жүруіңізді қамдайық.

— Бұл үшін маған рақмет айтуларың артық. Менің өз борышым бұл. Елмен жүзбе-жүз сөйлесуге бұрынырақ баруым керек еді. Олардың сөзін мен тыңдасам, менің сөзімді олар тыңдаса — мұнан артық бақыт бар ма? — деді ақын.

— Сәке, сізбен бірге мына Мырзағұл жүреді. Мен де сол облыста боламын. Ақтөбеде.

— Жақсы, жарайды.

— Онда, Мырзағұл, қашан дейсіз Сәкеңе сапар сағаты? — деп Ораз Атаниязовқа бақты. Шолғыш көзі енді ғана жарқ ете қалды.

— Мен өзім сізді барып алып шығамын. Жол керегі жөнінде ешбір қам жемейсіз. Тек киіміңізді реттесеңіз болды. Машина үстінде ұзағырақ боламыз, — деді Мырзағұл орнынан тұрып...

4

...Үлкен даланың үлкен ақыны отарбамен келе жатты.

Кәдімгі өзінің бір кезде өмір жүрісіне теңеген отарбасы. Бірақ та қазір ақын тұйық келеді. Жұмсақ вагон, қатты жүріс ойды өрге шалқыта бермейді. Қайта оны мазасыз тербеткендей.

«Ұйықтатпады, поезд шапқан сайын ойлатты... Түпсіз Мұхит ой түбіне бойлатты. Босқан елдей, тасқан селдей, ойым керней, мыс қазандай баста миды қайнатты» деп күбірлейді.

«...Босқан елдей... босқан елдей... баста ми қайнайды.

...Дала. Шетсіз дала. Шексіз дала. Бір шеті мен бір шеті атпен жүрсең алты айшылық жол». Бұл шалқар даланың шалқақ кеудесіне атам заманнан бері жөңкілген ел жаңа ғана табан тіреп, босудан саябыр тартып еді. Жүген-құрық тимеген бас асау ел орныға түсіп еді.

Басып жатқан қара түнек те серпілген. Желі улеген Сарыарқа да шаттана түскен. Бірақ... қимыл баяу, өнері олқы, өнімі шағын өмірден экспресс сынды зулаған тұрмысқа ілесе кету оңай тие ме?

— Сәкен аға, желдің етіне тұрмаңыз. Мына жабық терезе алдына келіңіз, — деді Мырзағұл, Сәкеннің далаға қарап түйіліп тұрғанын, өте-мөте ауыр ойға кеткенін сезіп.

— Бастығы кім екен? Аты-жөні белгілі ме? — деді Сәкен кілт мойнын бұрып.

Ақынның кім жөнінде, не жөнінде сұрағанын Атаниязов мошқаған жоқ. Бәрі белгілі.

— Бастығы Қара және Ысқақ дейтін ағайынды жігіттер көрінеді. Руы Әлім. Оның ішінде Қарасақал болса керек. Дәулетті болған адамдар. Ең қауіптісі: солардың маңында, аш арыстан тәрізді адам бар деседі. Оның аты Құныскерей. Бұл он шақты жылдан бері жортуылға түсіп, білгенін істеп келе жатқан жан. Өкімет орыны қолға түсіре алмай келген адам. Өзі мерген. Қарсылық жасайтындардың топ бастаушысы сол бола ма деген болжал бар...

Сәкен ойланып қалды.

— Құныскерей! Бұл менің естіген есімім сияқты. Баяғыда Жымпитыға барғанда есіттім ғой деймін. Ол құдайдан безгенді ұстамап па еді?

— Жоқ, Сәке!

— Шамасы қанша екен? Қолын айтам.

— Қарулы тобы болса — шағын шығар. Ал оларға еріп адасып жүргендер найза, қылыш, шиті мылтық, көбі балта, айыр көтерген жандар дейді. Оның бәрінен де қиыны бала-шағалы мал мен жаны шұбырып жүрген сорлылар ғой.

Сәкен енді далаға қарамай, Атаниязовтың жанында тұрған екі жігітке көз тікті. Бұл екеуі әскери киімді, үлкен шенді, Ішкі Істер Комиссариатының басшы қызметкерлері еді.

«Ол қолға тірі түспейді. Өліп түскенше... талай қызметкердің басын жұтар», деп айтпақшы болды да, дөңгелек жүзді кішкене қара жігіт Атаниязовқа көз тікті. Ал, оның бұл көзқарасы «бүліншілік жөнінде де, бүліншілікті бастап жүрген жандар хақында да көп сөйлеуге болмайды. Бұл өте құпия іс. Ал айтуға болатын жайды сіз ептеп баяндарсыз» деген ишара болса керек.

Сәкеннің наразы пішінін көріп және оның тік сөйлерін сезген Мырзағұл:

— Сәкен, аға, тап тартысы күшейген кезінде, ел елден, әсіресе қазақ сияқты етек-жеңі кең халықтың арасынан түрлі-түрлі адамдар шығатынын мен айтпай да білесіз. Торғайда Әбдіғапар әлек салса, Жетісуда Сәдірбек бас көтеріп Қашғар асып кетті. Құныскерей де солардың сыңары, құдайдан безген бір алаяқ, — деді.

— Өзі сол он бір, он екі жылдан бері құмда жүр ме екен?

Сәкен сұрағына Мырзағұл қысқа-қысқа жауап қатты да тынды. Сонсоң:

— Бұл адамның бар тарихын білетін жігіт қазір алдымыздан шығады, Сәке, — деді Атаниязов, ақынның қашқын жөнінде көбірек қанғысы келгенін сезіп.

— Ол кім?

— Ол жігіт сол Құныскерейді бастан-аяқ білетін адам. Айла-тәсілін де, қайда жүргенін де, қалай етіп жатқанын да сізге баяндайды.

— Аты кім?

— Аты Хакім, фамилиясы Жүнісов.

— Жүнісов?

— Иә, Жүнісов, прокурор. Көп уақыттан бері заң қызметінде еді. Жақында соны басқа қызметке ауыстырды... Крайком секретары... деп сөз аяғын жұтты.

— Жүнісов! Біздің студент Жүнісовтің ағасы емес пе?

— Бар, інісі бар оқып жүрген.

— Мен ол жігітті де білемін ғой. Жымпитыда жиырмасыншы жылдың басында ЧК-да істеген жігіт. Ораз бен екеуін...

Сәкен арғы жағын аяқтамай ойланып қалды. Ол енді өзі кеше ғана көрген шәкірті Әлібекті көз алдына келтірді. Оның ел ішіндегі сойқан істі жыр еткенін... бір аттың жайын баян еткенін... бәрін ойына тізе бастады... Aт... асау тұлпар... Кәдімгі құс қанат ат. Алты айшылық жолды аз күнде алты басатын ат. Кешегі өз тұлпары... Ақынның ерні жыбыр етті.

Сан қиын істе мені сынаған ең...

Сәкеннің қабағы қатты түйіле қалды. Ол тез купесіне кіріп кетті. Бірінші жолдың жалғасы енді ауыздан қағазға көшті:

Жан қияр серігің боп ұнаған ем,

Жаныңа-ап кейбір түнде «қанатым» деп,

Құшақтап талай мені сылаған ең.

Атаниязов та, қос қара жігіт те оның купесіне кіре алмады. Поезд тербетіп, ақын тебіреніп отырды.

Көп жерде көз аялдар шөке жоқ; үсті шаңылтақ, қатқан тулақ тәрізді, әрі түксіз тырысқан, қыртыс-қыртыс көк ала жер. Оқта-текте, кездесетін жиегі көгерісті шолақ жылғалар да қаңсып қалған, айнала жылан жалағандай.

Еңсесі түскен қара қотыр. Мұғажарға қарап Сәкен кенет күрсініп қалды. Алыста, көз ұшында бір қара көрінеді. Қара — кәміл ат. Ат екені жаңа ғана үстінен адам түскеннен байқалып еді. Ақын көзі талғанша қарап, аттың аяқты зорға басып, бір жүріп, бір тұрғанын анық көрді. Адамы да аса қарулы болмаса керек, отырып-отырып сүйрегендей атын ілгері жылжытады, өзі де қарыс аттам жер жылжиды. «Әлсіздердің бірі ғой. Қайткенде де аты бар. Қалқиса да — ат. Аты жоқтар?..»

Құлазыған айдаланың екінші бетінде, телеграф ағашының қуқыл тізбегі шұбатылған жақта жетім станциясының төңірегін сағалаған, ербиген, сүреңсіз суреттерге де көз түсіп кетті...

Даланың жып-жылмағай панасыз беті бүгін өзгеше ызғырық, бүріскен жан иесін жерге біржола бұқтырайын дегендей қара жел азынай қалған. Тоң жаба бастаған жердің құп-қуаң көсе бетінде ызғыған тұрақсыз жел қандай мазасыз. Алматының шуақ күніне көбеңсіп қалған құлақ-мұрынды қарып алғандай жалайды...

Өңсіз дала. Қажыған адам. Құр тулақ. Қалжыраған ат... Ат пен адам суреті ақын көзін бұлдыратып жіберді. Қызыл ат... Қызыл ат... дей берді оның еріні.

ОН БІРІНШІ ТАРАУ

1

Оның шәкіртінің азабы...

Күз күні.

Түн ұзақ.

Ойдан ой. Үзік-үзік ойлар. Шеті де жоқ, шегі де жоқ — бірінен соң бірі тізбектеле береді. Және бірінен соң бірі өзекті өртей түседі. Арасында толас-толас езу тарттыратындары да бар. Бірақ оның ізінше күрсіндіретіні әзір тұр.

«...Көйлегім мен бешпетімді қолтығыма қыса, терезеден сыртқа дік еттім-ау! Ә, сен бе, шырақ! Сен!.. Сен!» — деді-ау сонда Айтан отағасы! Артыма қарамастан қашып бара жатқанда...

Әлібектің езуі еріксіз жыбырлағандай болды.

Ол қараңғы үйдің төбесіне көзі талғанша қарап жатыр еді. Ізінше жыбырлаған ерні жымқырыла түсті.

«...Ұят болды. Ұят. Өлім. Өлімнен де жаман. Не деп қалды екен сонда ана үлкен кісі?!.

...Ол ол ма! — деп жыбыр етіп еді Әлібектің ерні тағы да, жүрегі тулап қоя берді. Бейне бір қатты-қатты жүгіріп келіп тұра қалғандағы дүрсілдейтіндей. Қараңғы үйдің ішіндегі қатар жатқан қожайынға естілгендей, тіпті оның арғы жағындағы келіншекке, әрегіректегі қыз құлағына шалынарлық, тарсылдап кетті. « — Қайда қалды! Не халде! Сорлы жан! Менің тәңірі қосқан Гүлжиһаным! Қайтып келер ме, сол «Шеген құдықтың» түбінде қол ұстасып тұрып, бүтін әлемді бір қауызға сыйғызған албырт шағым! Бақытты шағым! Шалқыған, тасыған шағым! Сұлудың қолынан ұстап, көзіне телмірген шағым! Құшақтап, қысып, қанбай сүйген шағым!»

Күзгі түн. Қысқа болса да ұзақ. Көз ілмеген жанға ұзақ. Ойдан ой. Үздік-үздік ойлар. Шеті де жоқ, шегі де жоқ бірінен соң бірі тізбектеле береді. Және бірінен соң бірі өзекті өртей түседі...

Әлібектің жатқан үйі Кішкенебайдың үйі. Кәдімгі Тереңөзек станциясының басындағы Қаражанов Кішкенебай. Мұнда ол кеше ғана келген. Күріш дайындау науқаны сүйреп келген. Ойда жоқ жерден келді. Өзі тілеген жоқ еді, «жаңа өмірді көзімен көріп, қолымен жасассын, күйрек ақын! Сары уайымға бейім байшыл идеологияға ұрынған неме!» деп жіберді.

Ақмешіт. Қызылорда. Әлібек Қызылордадан мұнан үш жыл бұрын кеткен еді. Онда Қызылорда астана болатын. Белгілі қазақ азаматтарының бәрі сонда болатын. Қазір бәрі Алматыда.

Осы сапар Қызылордаға аз тоқтады. Бір-ақ күн. Аудандық партия комитетінің секретары Мусин деген кісі екен. «Алматыдан келген жігіттердің бірін Жалағашқа, бірін Тереңөзекке, бірін Шиеліге жіберіңдер» деп райком комсомолға тапсырды. Өзі сөйлескен де жоқ. Жай-мәністі түсіндіріп те жатпады. «Басты мәселе — күріш. Күріштің түйірін қалдырмай жинап, бастырып, дайындау пунктіне өткізсеңдер, бар алғыс бір өздеріңдікі. Үгіт жұмысының өлшеуіші осы», — деді бозаңдау сары өңді секретарь. Әлібек үлесіне Тереңөзек тиген-ді...

Кішкенебай жүк қоймасында жұмыс істейтін кісі. Жасы қырыққа таяу болса керек. Шошақтау иегінде бір түйір сақалы бар, бет-аузы бір уыс адам. Мұрны жүзіне лайық — шошақ. Көзі кішкене ұясына жасырыныңқырап, сұм ниетпен ғана қарап тұрған сияқты. Бірінші көргенде Әлібек ішінен «қызық кісі екен» деп қойды.

«Қызың кісінің» арықша денесіне, шырылдауық дауысына қарап ол: «Жаным-ау, осы кісіні қайда көрдім?» деп көп ойланып еді. Бірақ қазаң даласында Кішкенебайлар аз ба, таба алмады. Ол баяғыда Таңқыбайды да бір рет қана көріп еді, «Шеген құдықтағы» Ақметшенікіне ат басын тірегенде. Ол кезде ат үстінде онымен сыр алысқандай сөйлесіп те үлгерген жоқ-ты. Есінде бір сипатын анықтап қалдыра алмаған. Бәлкім оның «бір көрген кісісі» сол да шығар. Өйткені Кішкенебайдың Таңқыбайға сырт пішіні ұқсас келген екен.

Кішкенебайдың бой жетіп қалған қызы да өзіне ұқсас. Талдырмаш денелі, мұның да бет-жүзі бір уыс қана қоңырша қыз. Ал әйелі ақсары, сұлу жүзді, нұрын төгіп тұрған әдемі қой көзді, өте-мөте сүйкімді мұрынды, денесі тіп-тік, бұрымы төгілген, көруге көз керек адам екен. «Мына қыз бұрынғы әйелінен. Мына кісі екінші әйелі. Жасы өзінен жиырма жас кіші шығар-ақ?» — деп бір қойды күндіз Әлібек. Және ол өзінің философиясына салып: «Өмірдің шатқал жолы жас пен кәріні де, сұлу мен ажарсызды да, дені сап-сау жан мен ғаріпті де қосақтай береді. Мына сұлу да соның бірі ғой», — деп түйді. Бірақ Кішкенебай да бір әйелге ер боларлық білем. Қарауға бір мал жинағыш адам сияқты көрінеді.

Кішкенебайдың үйі бір бөлмелі дерлік шым үй. Екінші жағы қазан жақ. Едені жер, терезелері көздей-көздей, ши қамыспен жауып, төбесін ақ балшықпен майлап тастапты. Түнде жоғары қарап көзін ашып жатқан Әлібекке төбе боз буалдыр болып көрінеді. Ол бұрышқа таяу жатыр, қатарлас Кішкенебай, оның арғы жағында сұлу келіншек, әрегіректе қоңырша келген, жаңағы айтқан шүңкиген қыз.

Қожайын да, әйел де, қыз да ұйықтап жатыр. Елдің бейқам ұйқысы. Тәтті ұйқы. Үй иесінің ғана оқта-текте қорылы естіледі, басқасы дыбыссыз, кейде тыныстаған мүкі дыбыс қана құлаққа шалынады. Бірқалыпты, іркісі жоқ рақат тыныс, рақат ұйқы. Өзек жеген ойдан аулаң, тыныш ұйқы...

Қасіретсіз тәтті ұйқы,

Көп заман маған болды жат.

Толар-ақ солған тән сиқы,

Жан бұғаудан болса азат?!

Өлең өрнектеп, төгіліп кетеді. Ішті кернеген ой үні еріксіз ерінді жыбырлатады. Әлібек тұрып өлең жазып тастамақ болып басын көтеріп алды да қайта жата қалды. Үй иесі оянып кетер деп қысылды. Және шам қайда? Оны жағатын сіріңке қайдан табылар? Бүтін үй іші дүрлікпей ме, түрегеліп жан-жағын қарманып жүрсе!

Ол аузынан бұрынырақ еріксіз шыққан бір ауыз өлеңін қазір ішінен тағы да қайталай береді. Тағы да ойланады. «Жан бұғаудан болса азат!» Мені жиналысқа салғаны да осы өлең үшін. Мұнан басқа өлең де бар, әлдеқайда буалдыр өлең. Табиғат үрейін өзіне бейімдеп айта салған жолдар. Жалғыз-ақ аяғындағы:

Жай оғынан тек махаббат өледі...

дегені болмаса!

Ол жатақханада ауызға ілінген, досы мақтап, қасы боқтаған өлеңін, оның қалай жазылғанын еске түсірді.

Ойдан ой... Өңі ме, түсі ме?

2

...Алай-түлей боран. Жел үйдей атанды жыққандай, ысқырып соғады. Бет бақтырмайтын үскірікке қарай алмай қиналып, булығып, не істеуге білмей сасқан кезде кенет тынысы кеңейіп жүре береді. Әлібек оянып кетті.

Ол сәл уақыт қайда жатқанын білмей аң-таң, көзін маңдайшадан алмай жатып еді, есік ашық екен. Сырттан кірген жел мұздай. Кәдімгі күздің салқын желі, көрпеден шығып жатқан тізені тоңдырып барады. Жаңа ғана есіне түсті: шоқша сақалды кішкене кісінің үйі екен ғой жатқан жері. Соның төрі. Еден. Жер төсек. Қалың көрпе, үлкен жастық. Жаңағы үскірік боран көз алдында тұрғандай әсер етті де басын шайқады. «Түс деген қызық. Есіктен кірген жел боран болып әсер етеді ұйқы құшағындағы тәнге. Ғажап!»

Ол ойын аяқтамай, үйге кіріп келе жатқан әйелді көрді. Бір қолтық қурай көтеріп келеді. Төрде жатқан жігіттің оянып кеткенін көріп, ол есікті асыға жапты да жалт қарады. Кешірім сұрағандай қарас. Көздері жайнай түскен.

«Қандай әдемі жан! Шолпан сияқты...»

— Жеңгей... жоқ, жеңгей деуге тым жассыз, замандас деу лайық болар. Уақыт қанша екен? — деп қалды Әлібек тіл қағысып.

Әйел қызарып кетті.

— Тым жассыз дейсіз. Мен жас емеспін. Жеңгей дегеніңіз дұрыс...

— Ауыз бармайды олай деуге, — деп Әлібек, біреу естіп қалды ма деп есікке қарады. — Уақыт қанша екен?

— Сағатыңыз бар емес пе? Біздікінде сағат болмайды.

— Бар болғыр тұрып қалыпты, — деп Әлібек өтірік айтты да, жастық астындағы сағаттың құлағын бұраған болды; ол стрелкасын да қозғап айналдыра түсті де қайтадан бұрынғы орнына келтірді. Сағат тоғыздан асып барады білем...

Әйел сәл бөгеліп қалды да, қазан жаққа қарай жылжи түсті. Тағы да тіл қатып сөйлесе түсуді іші жек көрмесе де, Әлібек бөтен үйде тер алдында жатып сөйлесудің лайық емесін енді ғана білгендей, орнынан ұшып түрегеліп киіне бастады.

— Сағат тоғыздан асып кеткен болуы керек, — деп күбірледі ол тағы да білмегенсіп.

Қазан жақта қайнатқан суды самаурынға бақыраштап құйған дыбыс шықты. «Ері жұмысқа кеткен ғой. Алыста істей ме екен?» деп ойлап та үлгермеді, есіктен шығып келе жатқанда Кішкенебай қарсы ұшырады. Әлібек әлденеге селт етіп, сасып қалды. Бірақ екеуі де үн қатпай бірі әрі — сыртқа шығып, бірі беpi — үйге кіріп кетті.

Екі-үш минуттен кейін қайтып кірген қонаққа құман-шылапшын қойып жуындыруға қолға су құя бастаған әйелдің бетіне ол қарай алмады. Әлденеге қуыстанып:

— Өзім де жуынатын едім ғой, жеңгей... — дей берді. Ал өзі бұрынғыдан әлдеқайда тез жуынды. Суды ақырын ағызып, жайлап жуынатын, мұқият сүртініп, асықпай таранатын. Айнаға қарап шашты, жағаны мінсіз қалыпқа түсіретін әдет ұшты-күйді жоғалып кеткендей. Қимылдың бәрі құйын соққандай, әлденеге асығып, әлденеден қысылып, күнәлі адамдай болды.

Әлібек бұл күрт өзгеріп кеткен қалпын өзі жақсы сезсе де, оның мәнісіне ой жібере қойған жоқ-ты. Сұлу келіншектің жас жанға өзгеше әсер еткен, оның үстіне қас қылғандай ерінің сақа адам екені, әлдебір қызғаныш отын тұтата бастағандай болды. Бірақ ізінше бір көрген жанға құмарта түсіп, жарамсыз ойға киліккені оны қылмыс істегенмен бірдей халге салды. Әсіресе, әйелдің қызара жауап бергені, жоқ жерден «тым жассыз» деп қалып «ана отағасы тең емес қой» дегендей әйелге ой салғаны оны қобалжытып жіберді. «Менің не шаруам бар еді, сонша!..» деп қысылды ол. Осы ойдың өзі-ақ оны жарамсыз іс істеткендей етті.

«Осы маған не болды? — деді ол ішінен сүртініп жатып, — әлін білмеген әлек деп, бір рет өкініш шөгірі өкшеге кірмеп пе еді?! Қайда жүрсем сұлу келіншек, қайда барсам ол сұлудың екі көзі менде... Сорлылардың өзі сүттей жас, ерлері қасқа тіс болып қалған бірдеңе. Оның үстіне ажар-көрікке де жұтап жүрген біреулер. Бірі — жуан, оның үстіне арақты судай сіміріп баржиып отыратын еді; ал мынау байғұс шүңкиген бір ешкі тұяқ...»

Ойым құлағына шалынып қалды ма деп қымсынған жанша Әлібек Кішкенебайға көзінің астымен қарап еді, үй иесі оның қимыл-қозғалысын, бет-құбылысын сынап тұр екен. Мұны ол Кішкенебайдың көздерін қыса түскенінен және қабағының түйіле қалғанынан байқады. Оның үстіне өзі бар шағын денесін шүберекке түйгендей, әлденеге құлағын тосып, аяғын білдірмей басып, бейне бір бұққан мысыққа ұсап қалған.

«Тоба, мынау бір бәлені сезбесе нетті. Бірақ, мен қандай жақпас іс жасадым? Әйелімен тіл қатысқаныма шүйілмесе? Бөтен сөз айтқаным жоқ қой...»

Әлібектің ойына тағы да Жымпитыдағы Айтан Ақбасовтың түнде үйінен қашып шыққанда қуа түсіп жұдырық түйгені, жұдырықтан да жаман сөзбен тілдегені түсе қалды. Ол сол күнгі масқара оқиғаны бұлжытпай көз алдына келтірді, беті шымырлап кетті. Құлағына Айтанның сөзі қазір де естіліп тұрғандай болды...

— Мырза, қалай, ұйқы қанды ма? — деп Кішкенебай кенеттен көзін шүйе қалды. Бір жақсысы — үй иесінің сөзінде кекесін үн құлаққа шалынбады. Бірақ «мырза» деген сөз Әлібекке ерсі естілді. «Бұл күнде «мырза» деген сөздің айтылмайтынын түсінбей ме екен, әлде жори айтып тұр ма, кекетіп. Үнінде кекетіп-мұқату жоқ сияқты».

— Отағасы... — деп тоқтай қалды Әлібек. Ол не дерін білмей Кішкенебайға тіке қарады. «Аузыма құдай салды ма бұл сөзді? Баяғы Шолпан ерін «отағасы» деуші еді?» Ол жалма-жан мүдіріп қалған себебін сездірмеуге тырысты.

— Бізде отағасы дейді өзінен үлкен кісіні. Сіз мұны көңіліңізге алмаңыз...

— Бізде де солай дейді. Оның ешбір ерсілігі жоқ.

— Олай болса тіпті жақсы. Бұрын көрмеген жер, көрмеген үй болған соң іңірде көз ілінбей, кейін түк сезбестен ұзақ ұйықтап қалыппын. Сіз бір барып қайттыңыз ба?

Кішкенебай көзін қабағымен қоса түйді.

— Ұйықтаған жақсы. Ұйықтай алған адамға ерте жатып, кеш тұрғаннан артық не бар?.. Ол тамағын кенеп, келесі сөздің етек-жеңін түргендей болды.

«Менің көп ұйықтағанымды сөгіп тұр» деді Әлібек ішінен.

— ...Қалада солай шығар. Ал, біз елдегі адамбыз. Ұйқымыз қашқалы көп болды.

— Сіз темір жолда істейсіз бе? — деді Әлібек.

Оның аузына кенет темір жол түсті. Станция басында тұрғаннан кейін теміржолшы шығар деген болжал келді.

— Иә, еріксіз теміржолшы болдық.

— Қалайша отағасы? Темір жолда істеу пайдалы емес пе? «Еріксіз теміржолшы болдық» дегеніңізге түсінбей қалдым.

— Түсінерсің, шырағым. Бізден артық түсінерсің. Түсінбесең күріш жинауға келмес ең.

Әлібек не дерін білмеді. Мына кішкене кісінің сөзінен әлденені жек көру оты жалындап тұрғанын сезді. Ол үндемеді. Әңгіме Әлібектің жаңағы күдік алған нәрсесінен тереңірек екені байқалып қалды. «Күріш жинауға келмес ең» дейді. Бұл қалай? Күріш жинауға наразы үн. Неге, бұл кісі күріш екпейтін адам емес пе? Күріш жинауға неге қастерін тігеді?..

Бұдан кейін сөз еріксіз доғарылды. ЬІзалы адаммен сөйлесуге оның батылы бармады. Әсіресе, күдіктенгені: соңғы екі жылдың ішіндегі кейбір ауылда болып жатқан түсініксіз істердің жайына көшсе оған айтар сөз шамалы. Ал, мына адамның «күріш жинауға келмес ең» дегені сол шатақ іс қой. Өзін сынауға жіберген күріш науқаны емес пе? Бұл жерде жинайтын күріш бар ма, жоқ па, оны анықтаған Әлібек жоқ. «Берілген жоспарды орындамай жатыр, соған жастар күш салуы керек» деген нұсқаудан өзге қолға ұстар дерек жоқ.

3

Ақмет қызық адам. Қырман басына келгенде, бейне бір жолындағы атты да, арбаны да, тіпті адамды да атымен бастырып, тапап, жапырып кетердей ұмтылады. Топтанып тұрғандарға атын тебіне түсіп, араларына екпіндеп енеді. Әсіресе, дауысы зәреңді зірк еттіргендей «дүрс» етіп, сонсоң күжілдеп шығады, өзі де жалын күдірейткен бөрідей айбат шеге бастайды. Алды ашық арты салбыр ескі түлкі тұмақты қодырайта түсіп, желкелігін жымырып, құлақ тұсын қоқырайта қояды. Ал, түйеден түскендей ожар сөзі мен жуан үні:

— Өй, сендердің істерің өнбей кетті ғой, қоңыз екеш қоңыз да алған жүгін домалатып, аударып, сүйреп, ә дегенше әудем жерге апарып тастайды. Ал, сендер қорбаң-қорбаң етіп жұмыстарың өнбейді, — дегенде нәзік үнді дыбыстары да ауыз толтырарлық күмбірге айналып кетеді.

Бірақ қырман басындағы үлкенді-кішілі қыбырлаған жандар Ақметке жол бергендей ақырын ығысып, сыпайы ғана амандасып, күндегі қалпынша бастырған дәннің сабанын тырнауыштап шетке ысырып, ағаш күрекпен қауызды күрішті асықпай күреп, баптап жинастырып жатады. Бірінші рет көргенде де осы қалып еді, ал, бүгін Ақметпен екінші рет келгенде де Әлібек сол белгілі сөз, белгілі екпін, белгілі үн есітті. Жұрттың қимылы да сол белгілі қалпында еді. Небір Ақметке наразылық қабақ қатқан, болмаса оның сөзіне қарсы жауап берген жә «олай, және «бұлай» деген жан көрінбейді. Жұрттың қимылы мен түрінде не бір сескену, не бір қостау, болмаса қарсы жауаптау болған емес. Жалғыз қырман басы емес, салық төлеу жөнінде де сөйлескен жандар тап осы жайбарақат қалып көрсете береді. «Бұл қалай» деп ойланып, әртүрлі ойға кетті де, Әлібек бастырған күріштің қырман шетіндегі жонданып, қобырап жатқан сабағына көз тікті. Ол, көппен сөйлесіп күжілдеп тұрған зәрсіз Ақметке ішінен риза болса да, жұрт алдында белгісіз бір қолайсыздық сезгендей болды. Біле тұра күжілдеген болады. Оны жұрт құлағына да ілмейді... Бұл қалай, мұны тыңдамай ма?.. Әлде басқа бір себебі бар ма?... Ол жонданып жатқан күріш сабанының іргесін аяғымен ысырып еді, Әлібектің көзі жерге шашылып жатқан күрішке түсті. Ол: «Шамасы сабан астында шашылған дән қалған ғой» деп ойлады да, енді сабан арасынан бірнеше сабақ суырып еді, толған дән... кәдімгі күріш дәні, өріліп тұр. Аз ғана ат аяғына езілген бас жағы дәннен таза да, сағасы басылмаған, тоқпақтай дәндер сол күймен қалған.

— Шырақ, бері кел, — деп қасына төніп, әлденеге алысқа көз тіккен Ақметке, Әлібек жәй ғана:

— Ақа, мына сабан асты да, күріш сабағы да дәнге толып, шала басылған ба қалай? — деп сұрады.

Әлібек мұны сыбырлағандай ақырын айтты. — Жұмысты шала істеп жатқанын бетіне басқандай болармын, еңбекші халықтың көңіліне келер деп ойлады. Мұның бұл сөзін Ақмет құлағына да ілмеді.

— Пай, шіркін, осы кез қырғауылдың майдан жатып қалған кезі. Көрдің бе анау шеңгелдің арғы түбінен біреуі «дыр» етіп көтерілді де, қайта қонды. Ертең амандық болса екеуміз қырғауыл атуға шығайықшы. Тоңған шығарсың, жүр қарағым, қайталық. Қараңғы түсіп кетсе... ауыл бірталай жер, көрдің ғой көп жер жүріп келгенімізді, — деп қырман шетінде байлаусыз тұрған атына қарай жүрді.

Әлібек те оның соңынан ерді.

— Тездетіңдер, бітіріңдер ана маяларыңды бастырып. Қар жауып кетсе қиын болады! — деп күжілдеді Ақмет жүре бұйрық беріп.

Әудем жер шыққан соң-ақ, Әлібек жаңағы сөзін қайталап, «күрішті шала басып жатыр екен» дей беріп еді, Ақмет оның жүзіне тіктеп бір қарап алды да жауап қатпады.

«Қызық адам» дейді ішінен Әлібек: оның мінезі де қызық көрінді оған, өзі де қызық көрінеді. Өйткені жұрт сөз жоқ, Ақметті жақсы көреді, сөзін тыңдайды, айтқанын істейді. Ауыл Совет бастығы көбінесе аудан мен екі арада, алыстағы ауылдарда болады, ал Ақмет бастық болмаса да, станция маңында колхоз — ауылдардың бас көтерері есепті. Әлібекті осы жерге келгеннен бері осы Ақмет ертіп «Науқанды» басқарысып жүр. Ауылдық басшылар бөліп жұптап қойған. Көруге де көз толарлық адам: палуан денелі, ірі жүзді, ұзын бойлы. Жасы қырықтың үстінде, кәрі емес. Бірақ аяқ басуы нық, шабан жүрісті, салмақты жан. Осыған қарап Әлібек оны аса үлкен санайды, көпті көрген тәжірибелі, өз жұмысын білетін, басқаға ақыл бере алатын, оқымаса да оқығанға бергісіз қазақ деп бағалайды. Бірақ, кейбір мінезі аужарлау сияқты, сырт қарауға қауқиған денесі де соны дәлелдеп тұрғандай-ау. «Қызық кісі», — дейді ол ішінен.

— Жас кезіңізде палуан болған жоқсыз ба, Ақа? — деп қалды ол, аттары бүлкілден аяңға түскен бір шақта.

— Жоқ, — деді Ақмет, кілт жауаптап. — Белдесіп көрген адам емеспін. Ал, көкпар тартуда «текемді» тақымымнан жұлдырған жоқпын-ау деймін. Неге сұрадың?

— Жәй, көзіме палуан адам сияқты көрініп кеттіңіз.

— Оны әркім де айта береді. Құдекең ой бермесе де бой берген.

Әлібек тоқтап қалды да, ойланып жауап қатты.

— Қатты жерге қақ тұрар демей ме қазақ, бойы бар адам, ойға да жарлы болмасқа тиіс.

— Қатты жерге қақ тұрар. Қайратты ерге мал тұрар, — дейді аяғын қоссақ. Ал, менде қайрат болған шығар, бірақ бір ат, бір сиырдан өзге тұяқ тоқырап көрген емес, інішегім. Осыған қарағанда менің бітімім бұл мәтелді ақтамайды.

«Жоқ, сен ақылды қазақсың, — деді ішінен Әлібек. — Ақылсыз кісі мұндай болмайды».

— Ақа, осы сіз айтыңызшы, мына қосымша... үстеме жоспарды артель орындай ала ма? Өйткені бастырып жатқан күріштеріңіз келесі жылғы тұқымдарыңызға да жетпейді ғой. Әлде тұқымды басқа жақтан аласыздар ма?

Ақмет тағы да бағанағыдай, Әлібектің жүзіне тіктеп қарап алды да, атын тебініп қалып:

— Інішегім, қараңғы түсіп кетер, кәне жүріңкірейік, — деді.

«Жауап бергісі келмейді. Бәрін біледі. Бірақ ішіне жиған сырын айтуға маған сенбейді» — деп түйді Әлібек. — Бұл қалай? Қалайы жоқ. Бұл үстеме жоспарды да құптамаған кісінің амалы. Маған «астық жоқ» деп айта алмайды, өйткені ауылдың басқа басшылары аудан алдында жақсы ат алу үшін тағы да екі мың пұт күріш береміз деп келген. Оларға қарсы Ақметтің жалғыз өзі айқай салып шығуға шамасы келе ме? Бұл тап осылай болуға тиіс. Ашық жауап бермей, алдарқатып, басқа әңгімеге бұра беруі де осыдан шығар. Кәміл осыдан. Жаңа сабан астындағы күрішті көрсеткенде де үндемей қалды. Мұны көрсе де көрмеді, білсе де білмеді.»

— Інішегім, сен тұқымды басқа жақтан аласыңдар ма деп сұрадың, мұны аудан білер, өйткені тұқымға деген күрішті де жоспардың есебінде қазына қоймасына төктірді ғой. Қазір біздікіне түсіп шәй ішесің бе, әлде жатқан пәтеріңе тура кетесің бе? — деді Ақмет.

Оның үнінде жә қостаған, жә аудан басшыларын сөгерлік қатаң дыбыс құлаққа шалынбады, бұл жайбарақат үн «біздікіне түсіп шәй ішесің бе? дегенін де сыпайыгершілік ретінде айтылған сөзге айналдырып жіберді. Әлібек қызыл іңірден өз пәтеріне қайтып, қабағы салынған Кішкенебайды көруге құмар-ақ емес-ті, әсіресе, онымен тіл қатысып, жүйелі әңгімеге көшу үмітсіз нәрсе. Ал, Ақмет...

Әлібек шәй жөнінде жауап қайтармастан кенет Ақмет пен Кішкенебайды салыстыра бастады. Кішкенебай тұйық, әңгімеге аса үйір емес. Оның орнына шарт мінезді ашулы адамның қалпын көрсете береді. Ал, үй ішіндегі құлқынан, сөзінен, қимылынан дүниеқор жанның бейнесін таныған. Жерге түскен қисық шегені де тастамай қалтасына сала келетін кісі көрінді. Мұны Әлібек алдыңғы күні байқап қалды. Жұмыстан қайтып келіп қалтасынан тат басқан қос шығыршық, тағаның шегесі тәрізді ұсақ темірлерді алып, қобдишаға тоғытты. Мұнан өзге де үй төңірегінен үзілген қайыс белбеудің бөлшегін, сынығын, айырдың ұңғысын жинап сенектің бұрышына тыққыштап жатқанын көрген. Әсіресе, жұртқа риза емес, тіпті өш пенденің сиқы бар.

Мына Ақмет ше? Ақмет алдымен аңғал-саңғал денесіне лайық мінезі де әрі адамға үйір; сөзге де ұтымды және әңгімелескіш. Өзі айтқандай, «бір ат, бір сиырдан өзге тұяқ тоқырап көрген емес» дегені қалтқысыз шындық білем. Мал жинар адам, дүниеқор бұлай келмейді. Мұның бәрі жұрт үшін, жұрт өзі үшін жаралғандай. Сондықтан да оның үйіне келмейтін жан аз: дастарқан жаюлы, шәй қайнаулы, барын жайып салатын бәйбішесінің де қабағы шайдай ашық. Өзі бөгетші бола тұрып, басқа жұмысқа мұршасы да аз Ақметтің совет жұмысын қолдап ат үстінен түспейтіні де сол халықшыл ашық жан болғанының айғағы шығар. Бір қарағанда тура батыр келбетті. Батыр аңғырт, бай салғырт. Осы не деген сөз? Бұл елге пана болудан басқаны білмейтін, өзін ойламайтын, күшін, барын басқаға жұмсайтын қалтқысыз аңғырттық па? Мына Ақмет те өткен замандарда өмір сүрсе, сөз жоқ, сол «аңғырт батыр» болар еді. Мүмкін, бұл қазақтың еліне, жеріне сай кең мінез, ашық бауыр, жел жағына пана болумен келген асыл сойының алтын дәстүрінен қалған бір тарау болар. Сонда батыр білекті, ашық мінезді, арыстан жүректі ер қазақтың бүгінгі ұрпақтары «бұқпантайлыққа» бет бұрғаны ма? Алып келбетті Ақаң күріштің шала басылғанын бүркемелеп күн көрмек пе? Бұл: «Жұрт дәнсіз, нәрсіз қалмасын деген жасырын батырлығы ма?..» Қалай болғанда да Кішкенебай да, Ақмет те адам. Біреуі біздің бір малды екеу етем деп тырысатын Бекей сияқты. Ал, Ақаң «батыр келбетті палуан Шайдолла мен кәдімгі көпшіл Сүлейменнің қоспа түрі сияқты», – деп ойлады Әлібек.

– Ақа, жеңгейдің шайы әзір-ақ шығар, сіздікіне барайық.

— Мақұл, інішегім. Жеңгең шайы әрдайым дайын.

4

Райком секретарының кабинетіне кірер жерде:

— Мусин ағай крайға жүріп кетті, орнында Ақмамбетова апай қалды, — деді кішкене қара қыз.

Әлібек іштей «уһ!..» деді. Қаншама батыл түрде, бетке-көзге сабалағандай, ауыр шындықты айту, тіпті адамның аузы бармайтын, «жоқ күрішті бар деп, тағы да қосымша жоспар қабылдап, ауылдық Совет пен жергілікті партия ұйымы алдап отыр» деп бірінші секретарьға шағу оңай да емес еді. Бұл «сенің өзің осыны көрмей не бітіріп отырсың?» деп айыптаумен тең. Бұған ауданды басқарып отырған беделді партия қызметкеріне бұл оп-оңай да тимес еді. Сондықтан Мусиннің крайға кеткені Әлібекке тыныс сияқтанды. Оның іші бұл әңгіменің кешіккенін тіледі. Ал, секретарьдың орнында қалған әйелмен сөйлесу әлдеқайда жеңіл, оның қарсы жауап қатуы да екіталай сияқтанды.

Ал, ол кабинетке кіріп келгенде не дерін, сөзді неден бастарын білмей қалды. Тіпті, бұл «өңім бе, түсім бе?» деген күдік пайда болғандай, белгісіз бір әлсіздік өн бойын тұтас билеп алды. Оның аяғы да тәлтіректеп кетті...

Әлібекке қарай столдың арғы жағынан Шолпан түрегеліп еді. Кәдімгі Шолпан! О, тәңірі, баяғы отағасының: «Сен! Сен бе! Сен!» дегені бойды шіміркендіргендей әсер етіп, өткенді өкініш оймен шолып өткізген, кәдімгі үш жыл бұрын Жымпитыда болған оғаш уақиғаны Тереңөзекте, Кішкенебайдың үйінде көз ілмей жатқанда еріксіз еске түсірген Шолпаны.

Әйелдің Қызылордада екенін Әлібек, әрине білмейтін. Тіпті оның оқуға кеткенін де естімеген. Мұнда партия қызметінде жүргені, ең қызығы Шолпанның фамилиясы Ақмамбетова екені де Әлібектің ойында жоқ еді.

Шолпан да қызарып кетті. Бірақ ол өз бойын тез билеп алды. Әлібектің қасына аудандық комсомол комитетінің секретары ере келгені оның бұл үлкен қызметтегі үлкен жауапкершілігін бірден еске түсірді. Жастық шақтың ұшқалақ сезіміне жол бермеді.

— Әлібек!.. Қай жақтан келіп қалдың? Иә, жоғарыла. Былай қарай өт. Сен біздің ауданға келеді деген адамның өңі түгіл түсіне де кірер нәрсе емес... Қызық уақиға! — деді.

— Иә, ойға келмеген нәрсе... Мұнда сіздің барыңызды мен де білген жоқ едім! — Ілкі әлсіздік енді батыл сезімге орын берді. Өзін қарсылап, аяғын қадап басқан сүйкімді Шолпанға Әлібек те ұмтыла түсті. Ол жалма-жан қолын берді де, Шолпанның көзіне қадала қалды. Бұрынғы от шашқан сиқырлы көзді аздап мұң шалғандай, жүздегі қызғылт шырай қарақоңыр тартқан. Ал, өзі анағұрлым таразылана түскен, тіпті Әлібекке жүдеу көрініп кетті...

— Мұнда екеніңізді білген жоқ едім дейсің бе, Әлібек? Мүмкін солай шығар. Ал, «сіз» деп сөйлеуіңе жол болсын, әлде мен қартайып қалыппын ба? Бұрын Шолпан демеуші ме едің, ә?

— Шолпан... сасып, не дерімді білмей жатырмын. Тіпті ойламаған жерден алдымнан шықтың...

Әлібектің қасындағы аудандық комсомол комитеті секретарының бұл күтпеген кездесуге таңданғандай көз қимылын қайшылай түскенін байқап, Шолпан жай-мәністі түсіндіре бастады.

— Біз Әлібекпен бір жерде, бір елде туып-өскен ағайын адамдармыз, Бәсібеков. Көрмегенімізге үш жылдан артық уақыт өтіп кеткен еді. Бұл Алматыға оқуға, мен Қызылордаға курске келгенмін. Осыған сан жылдар өтіп кеткен сияқты. Күтпеген жерден тосын көрісіп қалдық, — деді.

— Көріп тұрмын, Шолпан апай. Ініңізді тауып берген екенмін. Мусин жолдасқа ертіп келіп едім. Бұл жігіт крайкомолдың жіберген уәкілі. Тереңөзекте күріш мәселесімен жүр...

— Імм. Рақмет ертіп келгеніңе. Ағайынымды тапқаныма төбем көкке жеткендей болып қалдым.

«Ағайын... Әрине, ағайынбыз. Әсіресе, сырымызды білмейтін Қызылордада басқа не демекпіз...» деп ойлады Әлібек.

Енді Әлібек те жазыла түсті. Ілкі келіссіз қысылыс тарқай бастағандай болды.

— Өмірдің өзі осы сияқты тосын кездесумен қызық емес пе, Шолпан? Қызылордаға да, Тереңөзекке де ойламаған жерден сапар шектім. Бірақ бұл қалада бұрын болдым ғой, үйренген жер. Ал, өзің қашан келіп едің?

— Сол жылы... Сол жылы деп әлгі сен келіп кететін жылды айтқаным ғой. Курсқа келіп, оны бітірген соң осында райкомда қалып қойдым.

— Үй-ішіңмен бе?

— Үй-ішіммен. Отағасы және кішкене қызыммен... Гүлбаһраммен үшеуміз де.

«Отағасы» деген сөз Әлібекке тағы да, жалаң аяқ жүріп аңдамай басып кеткен мұздай әсер етіп, оның денесі түршіге түсті. Сасқанынан:

— Імм... Ол кісі де осында қызметте ме? — деп сұрай салды.

— Осында. Темір жолда істейді.

— Темір жолда? Астағпыралла! Сол кісі сияқты бір адамды бүгін Тереңөзекте көріп қалдым. Бұл ол кісідей семіз емес. Мен асығып жүріп кеттім де, анықтап айыра алмадым...

— Тереңөзекке кеткен. Көргенің сол, тап біздің отағасы. Семіз емес бұрынғыдай! Сырдың күні жеп, жүдеген және қарайып та кеткен.

Әлібек таң-тамаша қалды. Ол кісі сол отағасы болса, онда біздің Кішкенебай соның қарамағында болмағай? Қызыл вагоннан жүк түсіріп, оны складқа арқалап тасып жүр. «Отағасы» оны әзілдеп қояды: — «Көтер Қыпшақ көтер!» — деп. Қызық...

— Әйтекең қайдан семірсін, бүтін темір жол бойының рабкобын жұмасына бір рет көрмесе көңілі көншімейді. Кеше Шиеліде жүр еді, бүгін Тереңөзекке барған ғой, — деді Бәсібеков.

— Маған айтатын сөзің бар ма еді? — деп Шолпан Бәсібековке қарап еді, райкомол секретары:

— Жоқ мына Жүнісов жолдас Мусинмен сөйлесемін дегеннен кейін... — деп мүдіріп қалды.

— Не жәйлі?

— Сол күріш науқаны жөнінде, Шолпан апай. Бұл кісі Тереңөзекте дайындық жұмысына жәрдемдесіп жатыр.

— Мусин жолдасты сол науқан жөнінде крайға шақырып кетті. Бірқатар мәселенің басын ашып қайтпақшы.

— Мұнан кейін әңгіме доғарыла бастады. «Мусинге айтатын сөзді Шолпанға айтып қайтем? Және басын ашып келетін мәселесі де сол науқан шығар. Аудандық партия комитеті секретарының өзі шешсін қосымша жоспарын» деп ойлады Әлібек.

— Мусин ағай Крайдан оралсын. Күріш жөнінде тек қана секретарьдың өзі шешеді барлық мәселені, — деді Шолпан. — Ал, біздікіне барамыз, шәй ішеміз, Әлібек. Сен де бірге боласың, райкомол жолдас.

Әлібек те, Бәсібеков те жауап қайтармады. Жұмыста да, үйде де билеп-төстеп жүре беретін Шолпан екеуін мойын бұрғызбастан үйіне алып кетті.

Өзіне қарсы үйден жүгіріп шыққан кішкене қызды Шолпан қуыршақтай жеп-жеңіл аспандата көтеріп алып:

— Міне, Әлібек, біздің кішкене Гүліміз. Кімге ұқсайды? Отағасыға ма, маған ба? — деп сұрады, әлденеге өзгере түскен бір нәзік үнмен.

Бірінші қарағанда Гүл Шолпан сияқты: үлкен көзді, қарақоңыр шашты, жас балаға сай — монтиған ғана дөңгелек жүзі де Шолпанның жүзіндей өзгеше сүйкімді. Бірақ... Әлібек баладан көзін басқа бұрды, сен қалай деп ойлайсың? — деген жанша Бәсібековке бақты. Бәсібеков мүдірместен жауап қатты.

— Шолпан апайға ұқсайды. Мына ағасы сізден де аумаған Гүлбаһрам, қараңызшы: маңдайы, мұрны, ерні, тіпті өңі де аққұба, бәрі өздеріңіздің тұқымыңызға тартқан, — деді.

Бәсібеков қалтқысыз пішіндеді — ол Шолпан мен Әлібек бірі апа, бірі іні деп ұқты. Ал, Әлібек қызарып кетті. Оның ойы әлде небір сыйар-сыймас, болжалдан тыс, оғаш нәрселерге кетті. Бірақ ол жауап қатпады. Сырын да, ойын да, өзгере қалған өңін де Бәсібековтен тасалап, өзі кірген бөлменің ішін тінткілеп, әңгімені басқаға бұруға жанталасты.

— Үйіңіз жақсы екен, Шолпан. Пәтеріңізді айтамын...

— Бұл отағасының тапқан үйі. Пәтер емес, Әлібек.

— Осы үйді қаншаға сатып алды Әйтекең? — деп сұрады Бәсібеков.

Шолпан аздап ойлана түсті де, әзіл-қалжыңға аударып:

— Сауда-саттық, жабдықтау саласында жұмыс істейтін адамдардың шебер келетінін білесіз ғой. Біздің отағасы да бұл жағына өте жетік. Аз төлеп, қымбат нәрсені қолға түсіргіш, — деп күлді.

— Жігіт, Әйтекең.

Гүлбаһрам да, үй де, Айтан да, үш жыл ішінде бұрынғыдан көп өзгерген. Шолпан да Әлібекке өзгеше ой салды. Ол алдымен Жақияша түйді. «Өмір — бақша. Бақшада өскен гүл мен алма Адам атаны да жолдан тайдырған. Неге өмір еріксіз ұмтылдырады? Неге алманы жеуге, гүлді иіскеуге құмар адам? Кәрі де, жас та гүлге бір қарамай, алмаға бір ұмтылмай жай өте алмайды. Шолпан алма. Несі бар. Жедім!.. Бұған Шолпан айыпты ма? Жоқ! Мен айыптымын ба? Әлде өмір айыпты ма? Жоқ! Ешкім де айыпты емес! Ендеше, Жақияның философиясы дұрыс. Адам еркі өмірдің өз билігінде. Өйткені адам ойын өмір өзі қалыптастырады. Сөз де, құлық та, мінез де, іс те — өмірдің өз жетегінде. Сезім де солай. Жаратылыстың қалауы! Бәрі де соның қолында»...

— Әйтекең отағасы да, сен де Шолпан, өзгерген екенсіздер. Өңдеріңіз қоқырайған. Бойларыңыз таразыланған... Отағасыны тіпті жақсы білетін адамдар да танырлық емес, денесі жүзіктің көзінен өтерлік, жас жігіт сияқты. Тіпті өзгеріп кеткен.

— Өзгергенбіз. Мықтап өзгергенбіз. Тек қана Гүліміз өзгерген жоқ нағашысы сияқты...

Әлібек тағы да қызарып кетті. Оның құлағына «нағашысы сияқты» деген сөз әлгіндегі өзінің оғаш ойын қытықтай түскендей болды. «Шынымен Гүл...» Ол көмейдің арғы төріндегі сөзді де аяқтамай, соған қосымша дәлел қарастырды.

— Гүлбаһрамнан басқа балаларыңыз жоқ па?

Шолпанның жүзіне әлде небір белгісіз сезімнің көлеңкесі жүгіргендей болды: қабағы шытынай түсті де қайта жазылды, соған қосыла көз жиектері де бір сәт күлімдей беріп еді, бірақ ізінше бұл да жоғалып кетті. Әйел сұп-сұр болып үнсіз тұрып қалды. Екі көзін әйнектен алмады. Әлібек төмен қарады. Әлденеге жазықты жанша ол Шолпанды, Шолпанның бар өмірін, үйін, тұрмысын, қарсы алдында тұрған оның мүләйім қалпын қатты аяп кетті. Бұл қалып оған сүйікті жан үмітсіздік пен тәтті өмірден еріксіз қол үзіп бара жатқандай көрінді. Екеуі де үнсіз қалды.

Аудандық комсомол комитетінің секретары екеуіне кезек қарады. Ол еш нәрсеге түсінбеді. Оның көзіне бұл екі жанның жұрттан бөлек жастық шағы елестей қалмады. Ол екеуіне ғана, өздеріне ғана мәлім шақ еді ғой.

5

— Шолпан апай, мен қайта берейін. Күтіп отырған адамдар бар шығар кеңседе. Қазір жұмыс қауырт, — деп еді Бәсібеков, Шолпан оған бұйырғандай:

— Жоқ қарағым. Күнде көріп жүрсек те, біздікінен дәм татып көрген жоқсың. Мына замандасыңмен бірге боласың, шәй ішесің, — деді.

— Ендеше, мен шайға дейін кеңсеге кіріп шығайын. Тасбөгеттен келген комсомолдар бар еді, оларға берер тапсырмамды түсіндірейін.

— Кешікпе, шай қайнап жатыр.

...Бәсібековтің шығып кеткені Әлібекке қиын жағдай туғызды: Шолпанмен бетпе-бет қалғанда не дер? Әңгімені неден бастар? Бұрынғы ессіз құмарлық тағы да әлденеге жетектемек пе? Ол кез бір басқа, қазіргі жағдай бір басқа. Бір ауданның белгілі Шолпаны, жұрт ақыл сұрайтын басшы Шолпаны! Мына үй-жай... Комсомол басшысы жанында отырса әңгіме де жалпы әлеумет жұмысы төңірегінде болар еді...

Әлденеге түйіле қалған Әлібектің қоңырқай қабағын Шолпан еріксіз жазып жіберді. Ол шай жабдығын үйінде жүрген оқушы қызға тапсырып, өзі Әлібектің қасына отырды. Баяғы жайдары қалпы, баяғы іркілмей сөйлейтін сүйікті мінезі. Сөздің ара-арасында мұқамдап қоятын көтеріңкі үні, сөйлеп отырып қабағын кере тура қарайтыны, сол кезде жанарындағы жігерлі ұшқынға бой тасалаған ынтықтың ишарасы — бәрі сол қалпында, бәрі үйіріп, бәрі еріксіз билеп әкеткендей әсер етті.

Әлібек, елге қашаннан бері барған жоқсың? Елдің хал-жайынан не хабарың бар? Мен міне, үш жарым жыл болды осы Қызылордадан қозғалмағаныма. Демалысты да осында өткіземін, Гүлдің қасында... Шіркін, Аңқатыға барып бір шомылып қайтар ма еді. Баяғы Бәшекең көлінің шалғынды жағасын, арғы беттегі думанды жайлауды, жағалық ойнайтын Кеңсуатты, ақсүйск ататын Жалғансайдың бойын бір көріп өтсем, бір аунап мауқымды бассам, жалаң аяқ жүгірсем, көлінің борығын тартсам, қырының жусанын жұлып иіскесем, арманым болмас еді! Әттең қол босамайды, қол босаса, басқа бір себеп көлденең тұра қалады. Тіршіліктің әбігерлі азабы, бітер емес. — Шолпан терезеге жалт қарады, сыртта жүгірген баланың төбесі көрінді. Айдар шашына қоса түйген қызғылт лентасы күн көзіне оңып ақшыл тарта бастаған екен, ағараңдап Әлібектің көзіне де айқын шалынды. Әлібек жүрегі тағы да әлденеге дір ете түсті.

— ...Гүлжан ғой лақ қуып жүрген. Отағасы... әкесі бір емес, екі лақ сатып әперді, сол екеуімен балаша ойнайды... Шолпан енді бұрылып Әлібекке қарап еді, Әлібек мұңайып қалған екен, — немене бір жерің ауырып отырған жоқ па Әлібек, түсің өзгеріп кетті?

Әлібек қабағын шытты. Сөйтті де, жалма-жан Шолпанға қарамастан терезеге, онан да әрі әлдеқайда кез тігіп, Шолпанның елді-жерді, жас шақты аңсаған жүрек тебірентетін сағынышты, алыста қалған ыстық кездерді көксеген сөзіне жауап қатты. Ол іркілмеді, сөз саптап жатпады, кеше ғана көріп келген, көз алдында өткен ащы уақиғаларды тізе бастады.

— Шолпан, елде болғаныма бір айдай ғана уақыт өтті. Әлібек «Мамаңмен қоштас» деп телеграмма бергеннен кейін елге жол шектім. Бірақ, асыл ананың жүзін ақтық рет көре алмадым, қабырына ғана бас идім...

Әлібектің дауысы өзгеріп кетті.

— Шешем қайтыс болды ма? — деп Шолпан оның білегінен ұстай алды.

— Бүгін қырық күн...

Шолпан бетін сипап, күбірлеп іштей «тие берсін» айтты да:

— Ойпырмай, асыл ана десе, асыл ана еді. Иманды болсын!.. Өмір деген сол... Кеше ғана, тіпті жаңа ғана сені көргенде шешем көз алдыма келіп еді. «Шолпан қарағым» дейтін үні де әлі құлағымда тұрғандай. Маған «қарағымнан» өзге сөз айтпаушы еді. Туған шешемнен де лебізі ыстық еді... — деп оның да үні өзгеріп кетті.

— Мамам жайында кейін айтармын, алдымен ел туралы, — деп Әлібек әлі де Шолпанның жүзіне қарай алмай, әлденеге айыпты жанша қысылып, іштей түйілген күйі, сөзін қайтадан бастады. — ...Жалаң аяқ жүгірсем... Суының борығын тартсам... Қырының жусанын жұлып иіскесем... дейсің, Шолпан. Мен де солай ойлаушы ем. Жағалық ойнаған суыма, асық атқан тақырыма аңсап жетуші ем. Думанды жайлау қазір қу дала, суға шомылатын кең суат құлазып жатыр. Жер бар — ел жоқ; шабын бар — мал жоқ; аудан бар — халық жоқ. Қос Аңқатының аралығын жайлайтын үш жүз Барқыннан жеті үй ғана қалған; Алқакөл мен Есенге сыймай жататын қалың Тоқсабадан, балықшының қосындай, әр жерде бір үй шошайып бармақпен санарлықтай тұр; Қашарсойғандағы Құлдар мен Сасықкөлдегі Олжаорыс — Бүкілер де сондай. Не керек, кешіп кеткен елдің күзгі орнына қарап тұрып, жүректі шымшылата аңыратқан Тәттімбеттің «Сарыжайлауын» көзіммен көріп қайтқандай болдым. Менің барар алдымда қырық үй бір түнде көтеріліп, оны аудан әкімдері күшпен тоқтатпақ болып әрекет жасаған екен. Барбастаудың сыртында қалың көш ат-көлігін доғарып арбаларға алқа-қотан иіріп, өздері ортасына кіріп алып, кіжіңдеген шолақ белсенділерді тұмсыққа соғып, араларына енгізбепті, мылтығын кезенген есерсоқ милицияларға кеудесін ашып қарсы шыққандар да болған. Не керек ауданның әлі келмей жөңкіген жұртты облысқа айтып, қайтартпақшы болған екен, Хакімнің өзі барып, бассыздық істеген милиция қызметкерлері мен «айдап кел» белсенділерді қамауға алған. Ал, күнгөріс іздеген елді топтап ет комбинаты мен тері заводына, темір жол бойындағы құрылыстарға орналастырыпты, — дейді. Онан бұрынғы Ішкі Ресейге асып кеткендерін Хакім Самар мен Сарытау әкімдерімен келісіп, егісті совхоз төңіректеріне жұмысшы етіп алдырған көрінеді. Бірақ Хакімнің өзіне қарсы: «Елді көшпенділікке үйретесің» деп жала жапқан ба қалай, әйтеуір Ақбұлаққа шақырып алып, «партия мен үкіметтің жолына қарсысың» — деп орынан алып, сотқа берген. Мұны маған қарт коммунист Асан еңіреп отырып жырлап берді. Өзі арақ ішіп кеткен. «Елден айрылып, мола күзетіп қалдым» деп Кемсеңдейді...

— Ойпырмай, мынау сұмдық екен! Мен тап мұндай деп естіген жоқ едім. «Егін шықпай қалыпты, артельдердің халы нашар, оның үстіне белсенділер қырып барады» деген асыра сілтеулердің ылаңы ғана еміс-еміс құлағыма келіп еді...

Мамамды қолымнан жерлеп қайттым. Сол өзіміздің екі үй, Асан мен Сүлеймен және Сағада қалған Өтеулі мен Мұқыш келін жерлескен. Мен барған соң жетісіне де солар келіп бет сипасты. Жалғыз қашарын сойып Әділбек бата оқытты...

Шолпан сазарып қалды.

Оның көз алдынан ертеңгі сағыммен көтеріліп жерден жоғары көлбеп жатқан Шалқар көлінің айна беті, көлге құйған қос Аңқатының көк-жасыл құрақпен көмкерілген ирек лентасы... тағы-тағы бұлдыр суреттер шұбап өтті...

— Сіздің үйде жалғыз... Әділбек қана қалды ма? — деп күрсінді әйел.

— Мен барып кеткенде солай еді. Ал, қазір хабарым жоқ. Ол да кеткен шығар. Өйткені мен бірге ертіп кетейін дегенімде, «мен өзім де жол табармын» деген.

— Жол тапқаны қалай?

— Оның ешкімге көнбейтін бір беткей екенін білесің ғой. Сол ешкімнің дегеніне көнбейтін мінезі ауыл Советтің председателіне қол көтерткен. Сол үшін жауапқа тартып, тергеп те жатыр.

— Не дейді, масқара!

— Мен де қорқып едім. Бірақ Әділбек өзіне-өзі палуан, әділдікке сенеді. Өзіне сенеді демекші, әркім өзінше бас қорғап, өзінше айлалап, елден ығысып кетіп жатқан көрінеді. Ағайынды Қадес пен Ақмедия тал түсте ауданды алдап кеткен көрінеді. Қалай дейсің ғой: ат-арбасына төсек-жастығын салып, оның үстіне сүзбе ауын тиеп, Қадес Шалқар жағасындағы аудан орталығына келеді. «Бұл тағы қайсысы көше-қашуға бет алған?» деп алдынан милиционер шықса, Қадес: «Сейдахмет қарағым, аман-есенбісің? Аудан басындағы ағайындар сау ма? Ақмедия екеуміз мына Шортанбай ағашының түбінен ау салғалы шықтық. Баяғыда балықтың ұйығы арылмайтын жер еді. Биыл табан мол қозғалыпты деседі жұрт. Аман болса бірінші тізбекті өзіңе байлаймын. Маған бір махорке болса да бірдеңе тауып берсең. Жапырақ таптырмас. Насыбай атпағаныма күн жарым болды, бас қаңғырып тұр. Шайға шыдауға болады, насыбайға шыдау қиын» депті. Сейдахмет: «Мына тиегенің бәрі ау емес қой — десе, — иә, астында тігетін қосым, көрпе, жастығым бар. Қос тігіп жатып ауламаса, атүсті балық ұстап өндіре алмайсың ғой. Бір күн, екі күн балықтың жүрген ізін барлайсың, ұйығының қай жерде екенін болжайсың. Айтқандай дүкенде шай тапшы, дер кезінде үстінен шыға бермейсің. Мына тиын-тебенді саған қалдырып кетейін, ертеңге дейін маған бір ширек болса да шай қарастырып қойшы. Қасында жүрген сен сатушының тілін білесің, — десе, Сейдахмет: — Жақсы Қадеке, — депті.

Сөйтіп, Қадекең бірер күн Шалқар жағасында балық аулаған болып жүріп, өзіне Ақмедияның үй-ішіне қоса бір түнде Шалқар айналып қашқан. Аудан әкімдері бергі жақты қорыса, ол айласын асырып арғы жақпен жөнелген дейді. Сондай жай, Шолпан. Әркім өз басын, өз ошағын қорғап, тіршілік етуге кіріскен. Нәтижесі: ел табанында жеті-ақ үй қалған. Оның екеуі Әділбек пен Бекей қарттың үйі.

Әлібек көгеріп кетті. Оның жүзінен көз айырмай қарап қалған Шолпан Әлібек сөзін бітіргеннен кейін де үнсіз қалды. Бұлардың бірі шағынып, бірі аяп төккен жан сырын Бәсібеков бөлді. Бірақ оған қарамастан Шолпан:

— Келдің бе? Жақсы. Қазір шай да, тамақ та дайын, — деп оған орын көрсетті де, Әлібекке ешкімнің ойына да келмеген ақылын айтты: — Әлібек, сенің жұрт алдында жаның таза. Сенің жаныңа батқан нәрсе қазақтың адал ұлы мен адал қызының да жанына батып келеді. Оған дәлел: ардақты революционер ақынымыз бас болып Ақтөбеге үкімет комиссиясы шығыпты. Ол төтенше комиссияның ең басты міндеті көшкен шаруаны кері қайтару, жүдегеніне астықтай, киімдей жәрдем көрсету көрінеді. Осы жөнінде кеше Исаевтың телеграмын алдық. Енді менің саған айтар ақылым: сол Сәкен ағаңа тез жет. Ол жердегі күйзеліс бұл жерге де жетті, осы жайды айт, осыған шара қолдануды сұра.

Әлібек ойланбастан ұшып түрегеліп Шолпанды құшақтай алды да, неге екені белгісіз балаша бетінен сүйіп:

— Мен қазір кетемін. Ақтөбеге, Сәкен ағайға... Бәрін де жеткіземін. Бәрін де айтамын, — деп аптықты.

— Қазір емес, шай ішіп, тамақ жегеннен кейін, — деп әйел иығынан басып, жігітті қайта отырғызды.

— Бұл — жаңалық. Бұл — жақсылық. Сәкен кіріссе... Исаев телеграмма берсе, бұл... бұл... — деді Әлібек...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз