Өлең, жыр, ақындар

Өмір жолы

Өмір — үлкен жол. Бірде мұз, бірде жалын, бірде дауыл. Біреуді жылатады, енді бірін жұбатады. Барлығы да өмір ызғарына бағынып, пендешілік пен тіршіліктің тауқыметін тартады. Сол пендешілік адамды неше түрлі ойға жетелейді емес пе, өзінен жағдайы жоғары адамды көрсе болғаны, оның өмірін аңыздағы жұмақтай елестетеді, дегенмен де, әр адамның маңдайына жазылған тағдыры, өмір тармағы болады. Біреу жетімдікпен, біреу перзентпен, енді біреу кедейлікпен сыналады, бірақ сынақтар арасындағы ең жеңілі осы құнсыз мал-мүлік, дүние-байлық деп санаймын. Өзгелері әке-шешесінен, бауыры мен баласынан айырылып немесе оларды көрмей қанқұса болып жатқанда, түкке тұрғысыз байлықпен сыналу деген не тәйірі?

Өмір алма-кезек. Ешкімнің өмірі ешқашан да тып-тыныш, бейғам, бейтарап болған емес. Жоқ, бейғам өмір болады, болғанда қандай, ештеңеге алаңдамай, бақыттың бесігінде тербелетін өмір кезеңі болады, ол періштедей пәк, ешқандай арамдығы жоқ, мөп-мөлдір, тап-таза балдырған балалық шақ. Иә, балалық шақ уайым-қайғысы жоқ, қуанып ойнайтын, қызыққа тоймайтын, әрбірінің жанарында нұр ойнап, шаттық күлетін, доп қуалап, шыбықты ат қып мінетін, әкенің алақанында, ананың құшағында өсетін өмірдің тамаша бір бөлігі. Балалықта өмір деген көгілдір түске боялып, өзің талпынсаң болды, бар жақсыны алдыңа жайып салып тұратын ертегідегі қайырымды да, данышпан қариялардай болып көрінеді. Бірақ баланың да өсіп, балалықтың да артта қалатын кезі келеді. Одан әрі адам баласы ересек өмірге қадам басады, өмірге тура қарайтын кезі келеді. Дүниеде адамзат қашанғы тәтті тағаммен өмір сүреді, оның да тәттіден тұщыға, сонан соң ащыға көшетін кезі болады. Мінекей, енді нағыз қан базардай қайнап жатқан өмірге кірісер кез келді. Алдыңа арман-мақсаттар қоясың, біріне жетесің, енді бірінен сүрінесің. Үй болып, үйленесің, жұбайың мен бала-шағаңның арасында бақытты ғұмыр кешесің. Өмірдің бұралаң жолымен жүріп, тұрмыстың да тауқыметін тартасың. Осылай жүріп, жер ортасы жасқа келесің. Адам деген жол ортасына дейін шыққан жерін, жол ортасынан кейін барар жерін ойлайды. Міне, осы сәттен бастап адам санасын қаптаған ойлар билейді. Бірімен-бірі шырмауықтай шатасып, бірінен соң бірі туындап, адамның өз миына өзі тыныштық бермейтін, ақыры жоқ ойлар. Естісі де бар, есері де бар. Бір сәтте мына шетсіз, шексіз әлемде өзіңді жалғыз сезінесің, төріңнен көріңнің жақындағанын аңғарасың. Міне осылай, ағы мен қарасы, мұңы мен наласы қатар жүретін өмірді саралайсың, сұрыпайсың. Ақырында түсінерің өтіп кеткен жылдар емес, ол сенің өмірің. Туасың, өсесің, өлесің. Осы үш ұғымның арасында күйгелек ғұмыр кешесің.

Біз пенделер «Өмір» атты кітаптың басты кейіпкерлеріміз. Алла берген тағдырдымызды түнектей елесту, ең үлкен қателік. Қандай сынақ, қиындық көрсек те «өмірден түңілу» ұғымын санамыздан өшіру керекпіз, қайткенде де ажал келмей аманатты жалғаймыз. Ұмытпайық, өмір-қолымыздағы ең қымбат қазынамыз. Сол бір бес күн жалғанда Хақ жолынан адаспай, ар-ұжданның ауылына бет бұрып, шүкіршілік пен адамдықты жоғалтпай, мәнді де сәнді, сыйластыққа толы ғұмыр кешейік.


Пікірлер (1)

Модератор

Ілмектерді үтір арқылы жазыңыздар. "Авторы" деген жерді бос қалдырыңыздар.

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз