Өлең, жыр, ақындар

Менің әкем, халық ұлы - Шәкәрім

«Осы мол асыл қазына кітаптар қайда? Қайда кетті?» — дейсіздер ғой. Сіздердің де, менің де жанымды жеп, жүрегімді күйдіретін, мәңгілік арман боп, ауыр тиетін жағдай.

1931 жылы қораларды, тамдарды бұзып, ағаштарын, тақтайларын алғанда, ол кездегі жанама жандайшап, санасыз адамдар бар кітаптарды далаға үйіп, түп-түгел өртеп жіберген!...

Жадыма жатталып, есте қалғандар 1961 жылдан қағаз бетіне түсіріле бастап, 1911 жылы жаңадан жазылып, 1982 жылы аяқталды.

Автор.

Құнанбайдың үлкен бәйбішесі — Найман Ағанас бидің қызы — Күңке. Ел аузында Ағанасты — әділ би, сезімді, ақылды, әулие болған адам деседі.

Сол Күңкеден Құдайберді жалғыз. Құдайберді ер жеткен соң, Құнанбай оған әйел әпермек болып, Қаракесек руының «Кедей» деген табынан шыққан Алдабергенге құда болам деп кісі жібертеді. Алдаберген Құнанбайдың жіберген кісісіне: «Мен қыз берейін. Бірақ қоятын екі түрлі тілегім бар. Бірінші, ауыл арасы шалғай, бір-біріміздің қуаныш, қызығымызға кезінде құтты болсын айта алмасаң, өкпелеспейік. Екінші, өлім бар да, қаза бар, бір-біріміздің қаза болғандарымызға уақытында көңіл айтып, бата жасаса алмасақ ренжіспелік. Осы екеуіне келіссек, мен көндім», — дейді.

Құнанбай: «Алдабергеннің екі тілегін орындаймын», — дейді. Сүйтіп, Құнанбай Құдайбердіге Алдабергеннің қызы Төлебикені айттырып, алып береді.

Алдаберген бай емес, орта дәулетті, өте адал болған адам. Сол адалдығының арқасында ел қатты сыйлап-құрметтеген, абыройлы болған. Балаларын, қыздарын ерте оқытқан адам. Алдабергеннің, Төлебикемен туысқан баласы Төлебай да әке жолын ұстап, о да адал, абыройлы болған. Төлебайдың балалары — Керімқан, Омар, Оспан, Мұса. Керімқан өте жақсы болған деседі, жастай қайтыс болыпты. Мен Керімқанды көргем жоқ. Омар, Оспан, Мұса нағашыларымды көрдім, алдарында да отырдым. Бұлар орысша оқыған. Омар мен Мұса өлең шығаратын, үшеуі де домбыра, скрипкаға жүйрік және қол өнерге шебер еді.

Шәкәрімнің шешесі арабша, түрікше көп оқыған. Қолөнерге өте шебер, кесте тігетін, ою оятын, киім пішетін, пышақ соғатын істі адам болған. Есті, сергек, ақылды, мейірімді, жомарт болған әжеміздің Құранын, «Ғибадат исламиясын», «Мүхтасарын», тағы басқа көп кітаптарын мен көрдім. Шешелерімнің, үлкен әжелердің: «Дәметкен (Төлебикені солай атаған) оқымысты, ақ мартуы бар, есті, ақылды еді», — деп отырғандарын сан естігем.

Шешесінің араб тілін жақсы білетінін әкейдің өзі де айтып отыратын. Және: «Араб тілін меңгеруіме шешемнің көп пайдасы тиді» — дейтін еді.

Төлебике келін боп түскен соң үш-төрт жылға дейін бала көтермейді. Мұны естіген Құнанбай келіні Төлебикеге кісі жіберіп: «Құдайберді бір анадан жалғыз еді, баласы болмай жүре ме? Келін ренжімесе, бір әйел әперсем қайтеді?» — дейді. Төлебике ырзалығын білдіреді. Сөйтіп, Құнанбай Құдайбердіге Мамай руынан шыққан Дулат батырдың қызы Ботантайды айттырып, алып береді.

Мен Төлебике әжемді көрмедім, ал, Ботантай әжемді көрдім. Менің 19 жасымда қайтыс болды. Ботантай әже өте өжет, сөзшең, тентек, қайтымы тез, шаруақор кісі еді. Ашуы келгенде елуден асқан әкейді, шешемді сабағанын көрдім. Бұл жағдай былай еді. Біздің қора Шыңғыстың бауыр жағында бір қабат таудың ішінде болатын. Ал, үлкен ауыл деп атайтын Ботантай әжемнің ауылы Жидебайдағы Құнанбай салдырған, артынан Оспан, онан соң Абай қыстаған, Шидегі қыстауға жақын, таудан 30 шақырымдай болатын. Жазғытұрым отаулар малмен бауырға көшіп кеткенде, әке-шешем, біз — балалар қорада қалатынбыз. Қораның алдына тігілген қазақ үйдің, жанында тұрып, асу жақтан жирен ала атқа жеккен, арбалы атты жаяу Жанбота айдап, әжем бір қолымен арбадан ұстап, екінші қолына таяғын таянып келе жатқанын көріп «Әжем келе жатыр, әжем!» — деп айғайладым. Әкей мен шешей үйден тез шығып жөнелді, біз жүгірдік. Жарты шақырымдай жерде арба келе жатыр еді. Әкей алдымен жетіп: «Апа! Аман ба?» — деп апасын құшақтағанда үлкен әжем: «Менің, көшкенімді білмей, алдымнан шықпай неге жатырсың?! Міні, арбам сынып қалды» — деп, әкейді бастан-арқадан таяғымен ұрып, сабап жатты. Әкейдің тымағы түсіп қалды. Оған қараған жоқ, апасын құшақтай берді, апасы сабай берді. Бір жағынан шешем барып құшақтап еді, «Ыбырайдың май басқан қызы! Сен де алдымнан шықпадың» — деп, таяқпен шешемді де салып қалды. Әрине, кәрі адамның ұрғаны өтпесе керек, екеуі де таяққа қарамай, апасын құшақтай берді. Біздің әке-шешемізді біреудің жәбірлегенін көргеніміз осы.

Әкей мен шешей апасы ұрып болған соң, қолтықтап үйге алып келді. Арбаның білігі сынып қалғанын Жанбота айтып жатты. Үйге еніп, әбден жайғасып отырған соң, үлкен әжем әкей мен шешемді шақырып алып, беттерінен сүйді. Айналасында қамалып отырған ь|мді де алдына алып, «Құлындарым!» — деп беттерімізден сүйіп, қасына отырғызды. Үлкен әжем: «Қалқам, Шәкәрім! Таяғым өтіп кетті-ау?! Бері келші?! Басыңнан сүйейін!» — деп, әкейдің, басынан сипап, сүйіп, жылады. Әкей: «Апа! Неге жылайсыз, жыламаңыз!» дегенде, үлкен апам: «Қарағым! Қуанғаннан жылаймын ғой», — деп, көзінің жасын сүртті. Мен ішімнен «қуанғанда кісі жылайтын еді?» деп ойладым.

Әкей күліп, «Сіз қызықсыз-ау, апа! Біздің көшкенімізді білмедіңдер деп ұрасыз. Біз сіздің көшкеніңізді қайдан білеміз?

Әулие емеспіз! — деп күлді. Көшерде хабар айтыңыз дегенім қайда?» — деді. Үлкен апам: «Қыстаудан асығыс көштік, хабар жібере алмадым. Сен барғанда арбам сынбас еді деп ашуландым ғой, қарағым!» — деді. «Апа! Оқасы жоқ, қайта білігі сынғаны жақсы болған. Сіздің арбаңыздың үйшігін, біздің трашмөңкенің астына салып берем», — деп Жүзжасар деген ұстаны шақыртып алып, Жанбота, әкей үшеуі ас піскенше арбаны дайындап қойды. Ас ішкен соң, әкей атқа мініп, апасын асудан асырып, қонысына қондырып, кешке қайтты. Бұл ғана емес, әкейді үлкен апамның мұнан кейін де ұрғанын көрдім. Бірақ ешбір зіл-кегі жоқ ұрыс еді ол. Шәкәрімді апасы жанындай жақсы көретінін де білем. «Шәкәрімнің алдында ал» — деп жылап, тілеу тілегенін де естігем.

Осы Ботантай әжем келін боп түскеннен кейін бір жылдан соң екіқабат болып, Әмір есімді бала туыпты. Әмірдің кіндігін кескен Қадиша Әнет табынан шыққан Арғынбай деген кісінің қызы еді. Қадишаны Шәкәрімнің шешесі Барақ деген, түбі Көкше табы, 18 қасында Құдайбердінің қолына келген жас жігітке қосып, қолбала қылып ұстаған. Өлгенше бізбен бірге болды. Әкей Қадишаның балаларына өз жерінен жер берді. Қадишаны «шеше» дейтінбіз. Бізден бөтендігі жоқ болып, бір туғандай болып кетті 1931 жылға дейін. Қадиша шешем қайтыс болғанда менің жігіт кезім еді. Сол Қадиша Әмірдің, туғандағы жайын жырдай етіп әңгімелейтін.

Қадишаның сөзі мынау. «Ботантай Әмірге екіқабат болып, іші біліне бастағанда, Төлебике «Ботантай жел науқас болды» деп үйден шығармай, өзі «екіқабат болдым» деп, ішіне кішкене жастың тығып алады. Мұны Бәкем (Құдайбердіні «Бәкем» дейді), Төлебике, мен үшеуімізден басқа тірі жан білген жоқ. Содан, «Төлебике екіқабат, болды» деген хабар тарап кетті. Түсіп деген көршіні «Төлебике екіқабат болды» деп Алдаберген аулына жіберіп, сүйінші сұратты. Ол сүйіншіге бір қара ала бесті ат алып келді. Ботантай желқуар ішіп жатыр деп, ол үйге ешкім кірмейтін болды.

Күзде ел бауырға түсіп, «Жол болды» деген қонысқа қонған күні қатты дауыл болды. Осы түні Ботантай ішім ауырды деген соң, барып едім, бала шыр етіп жерге түсті, мен кіндігін кестім. Төлебике баланы орап, үйіне алып кетті. Мен Ботантайды жайғап, бір кесе май ертіп ішкізіп, орап жатқызып, Төлебикенің үйіне барсам босанған әйел болып, оранып отыр екен. Қайта Ботантайға барып, түскен баланың жолдасын орап алып, Төлебикенің аяң жағына қойып, қайта келіп Ботантайдың үйін тазалап, оны бұрынғыдай жатқызып қойдым да, «Төлебике ұл тапты, сүйінші!» — деп, айғай салып, бар ауылды ояттым. Ауылдағы әйелдер жиналып келіп, босанған Төлебикені көріп бірі бала жолдасын алып орап, жан баспайтын жерге көміп, бірі қазан асып, май ерітіп, Төлебикеге ішкізіп, кейбірі қалжаға сойып жатқан қойдың ішек-қарнын аршып, бірі қалжа етін асып, әбігер-сәбігер болды да қалды. Ауылда үлкен шілдехана болды, қыз-келіншектерге теңге, жүзік үлестіріп, егде әйелдерге шілдеханада шағидан жасалған өңір бердік. Баланың атын «Әмір» деп Төлебикенің өзі қойды. Алдаберген аулына сүйінші сұрауға менің әкем, Арғынбай барып, құла жирен ат алып қайтты. Ауылға «бауы берік, қайырлы болсын!» — айтушы адамдар үзілмей келіп жатты. Ауылда ерен той, шілдехана болды. Алты айға дейін мен түнде Әмірді Ботантайға еміздіріп алып, Төлебикеге әкеп беріп отырдым. Күндіз баланы көтерген болып, Ботантайға еміздіртіп тұрамын. Алты айға тақағаннан кейін, Әмірді тамақпен асырайтын болдың. Екі жылдан кейін Төлебикенің өзі де екіқабат болып, ұл туды, оның аты Омар еді, бір жасқа толмай өлді.

Онан соң Төлебикеден үш ұл болды — Нұртаза, Шаһмардан, Шәкәрім, Ботантайдан — Жылқыайдар, Ырзықбай деген балалар болды. Жылқыайдар төрт жасында шетінеп кетті», — деп Қадиша шешем айтып отыратын.

Шәкәрімің шешесі өлең шығаратын болған. Көп өлеңдерін шешелерім білетін еді. Не керек, ол кезде ойламадың, ескермедік! Қолында жүрген жігіттеріне, құрбыларына айтқан өлеңдерінен есте қалғаны:

Бір жолдасым — Барағым — тақыстау туған қарағым!
Бол-болшыға зорлаған, көптен жолдас манабым!
Бір жолдасым — Жасаубай, тақтайлап жиған жасаудай.
Шырт-шырт еткен мінезің, жаңа үйреткен асаудай.

Басқа да бәйіттері болған. Төлебике мұнда келін боп түскен соң кесте, ою, тігіннен басқа қолдан келер өнерлерін қойып кеткен сияқты. Қарала жүргізуді, ұсталықты Құдайбердінің, жолдасы, руы Әнет Сағындық деген кісіге үйретіпті. Сол Сағындық: «Мен қарала жүргізуді, ұсталықты Төлебикеден үйрендім», — дейтін. Мұнда келгеннен кейін Дәметкен (Төлебикені Дәметкен атандырған) екі тоқым шапқан көрінеді, — бірін Бәкеме (жұрт Құдайбердіні — Бәкем деген), енді бірін Бәкемнің досы, Бәкен, руынан — Қыздар деген кісісіне арнап (Ол Қыздар 1930 жылға дейін тірі болды). Біздің ауылға жиі келетін, сонда — ескі оюлы тоқымын көрсетіп, «Мынау Дәметкеннің маған шауып берген тоқымы еді. Көзіндей көріп, тозса да тастамай жүрмін» — дейтін. Ол айтады: «Алдаберген қызы Төлебикені ұзатарда: Қарағым! Енді ол жаққа барған соң, ұсталықты таста, әйелге қолайсыз, ұласпайтын өнер, — депті», деп.

Елді старшын-старшынға бөлгенде, Құнанбай Құдайбердіге басқа балаларынан бөлек екі дәрежелі старшын бол деп, оның теліміне 50 үй Әнет табын, 20 үй Қарабатыр табын бөліп берген. Бұл Әнет пен Қарабатыр таптары кедей, әл-ауқаты төмен ел болған. Бұларды Құнанбай: «Менің іш көйлегім, шын тілектес адамдарым» — деп, қатты аяп, жақсы қоныс беріп, Құдайбердіге: сен осыларға басшы боласың, ренжітпейсің, бұларды мен өлген соң ренжітсең, менің аруағым күңіренеді» — деп тапсырған. Сондықтан, бұлар бізге туысқаннан артық болып кетті. Құдайберді жасынан өкпе науқасына шалдығып, сырқат болды. Балалары жас, өзі сырқат Құдайбердінің барлық шаруашылығын Әнет, Қарабатырлардың білікті бас көтерерлері басқарады екен. Сол себепті аталған екі ата елдің жасы үлкені Құдайбердінің ағасындай, кішісі туған інісіндей күн кешіп, сый-құрмет көрген. Құдайберді өзі өле-өлгенше бұл таптарға артық шығын тарттырған емес.

Құдайберді барлық шаруа қам-қарекетін есті әйелі Төлебикеге билетіп қоя берген. Төлебике Әнет, Қарабатырлардың нашар, жетім-жесірлеріне қатты қарайласқан. Қый оярда, соғым соярда олардың әйел-еркектерін шақыртып алып, жұмыс істетіп, қайтарында қап-қап ет, керек-жарақтарын арқалатып жібереді дейді. Әрине олар келген соң бос қайтпайтындарын біледі. Қайсысы келсе де, бірдеме дәметіп келеді. Олар сұрағанын алып қайтады. Төлебикені Дәметкен атандырған да осы шағын қауым.

Құдайберді құс алып, мылтық атып, аң аулайтын адам болған. Қыста соғым кезінде Құдайберді кешке аңнан қайтып келе жатса, өзенді өрлеп, қаппен жас ет арқалаған он шақты әйел-еркек қарсы ұшырасады. Құдайберді оларға амандасып, өте шығады. Аңшылар ақпан келіп шай ішіп отырғанда, Құдайберді: «Дәметкен, сен олардың еңбегін өтеуде менен өттің. Бұлардың ашына тамақ, жалаңашына киім болдық. Енді сен бұлай етпе. Олар үшін артық соғым сойғыз, бүгінгідей еттерін жаяу арқалатпа, бас білетін түйелерге мінгізіп жібер, өзіміздің көзіміз тірі тұрғанда, бұларды бір нәрсеге мұқтаж етпелік», — депті.

Құдайбердінің балаларының ішінде жастайынан басқа балаларынан гөрі қылығы өзгеше, зейінді, сезімі, сергек зерегі Шәкәрім болды.

Семей медресесінен оқып шыққан руы Қарабатыр, бізге көрші Өтебай деген молданы Құдайберді өз қолына ұстап, оған әйел әперіп, балаларын оқытты. Өтебайдан Құдайбердінің балалары Әмір, Мұртаза, Шаһмардан және көрші ауылдардың балалары оқыды. Осылармен бірге 5 жастағы Шәкәрім де оқиды.

Әмір жиын-сауықта, ән салып, өлең айтуға, думанға құмар болады. Ал Шәкәрім оқуға өте зерек болып, хатты тез танып шығады. Осы қабілетін байқаған әке-шешесі Шәкәрімге баса көңіл бөліп, әсіресе, шешесі араб, түрік тілдерін қосымша үйретіп отыратын болған.

Шәкәрім жасынан жалғыз ойнап, не әке, не шешесі қасында көбірек жүретін. Әнді жақсы салып, домбыраны шебер шерте білетін Өмір Шәкәрімге домбыра үйретеді.

Шәкәрім жалғыз ойнағанда әкесінің қағаздан қиып жасаған неше түрлі суреттері — арқар, қасқыр, түлкі, құс, құсбегі, қаз, үйрек, қаршыға бейнелерін ермек қылып отыратын. Шешесінің қасында ойған оюына, тіккен кестесіне қарап отырып өзі де ою ойып, сурет салатын болған. Онымен қабат пышақ соғуға, қарала жүргізуге талаптанады. Демек өзі айтқандай: «Бала кезімде қолым тыныш отырмайтын, не темірді егеп, не ою ойып, не ағаш жонып, бірдеме жасап отыратынмын», — дегеніндей, қолөнерге бейімделе бастайды. Сүйтіп жүріп, қолөнерге де шебер болып шығады.

Шәкәрім бір әңгімесінде: «Әкем өлгеннен кейін, жас кезінде шошалаға барып, қый шоғына қыздырып кездік соқпақ болдым. Ол үшін ескі орақтың шыбығын кесіп алып отқа қыздырып соғып, әбден жұқартып егеп, қайта қыздырын суарған кезде, кездігімнің жүзі жарылып кетті. Сүйтіп, бірнеше кездік соқсам да, қыздырып суарғанда бәрінің жүзі жарылып, іске асыра алмай әуре болып жатқанымда, Абай ағам шошалаға кіріп, кездік соғып жатқанымды көрді. Мен сәлем бердім. Абай аға сәлемімді алып, «Кездік соғып жатырсың ба, Шәкәрім?» — Деді. Мен: «Соғайын деп едім, бірақ суарғанда бәрінің, жүзі жарылып кетеді» — деп, соққан, жүзі жарылған кездіктерді көрсеттім. Абай соққан кездіктеріме қарап, «Өзің ұстасың, ғой. Кездіктеріңнің мүсіні жақсы келген, бірақ суарғанда жүздерін жарып алыпсың.

Жеңешемнен неге сұрамадың, қалай суаруды?» — деп тұрғанда шешем келіп, Абайға амандасты. Абай амандасып болған соң, «Жеңеше, Шәкәрімнің ұста болмақ ойы бар екен, бірақ суарудың рет-жөнін білмейтін көрінеді Суаруды неге үйретпейсіз?» — деді.

Шешем де кездіктерімді көріп: «Кездіктеріңнің жүздері жарылып кетуі біріншіден, өте қыздырып алып суарғансың, екіншіден, жұқа жүз жағынан суарғансың сондықтан жарылған», — деді. «Пышақтың қалың сыртынан суарған жөн деп, суаруға дайындап қойған кездігімді қыздыртып «былай суар» деп, көрсетіп, сыртынан суартып еді, кездіктің жүзі жарылмай шықты. Сүйтіп, пышақ соғуды да үйрендім», — дейтін.

«Абай бізді жақсы көретін, келгенде қасына жатамыз деп таласатынбыз. Абай: «Бұл кіші ғой» — деп мені қойнына алып жататын, басқа балалар да Абайдың айналасына жайғасатын. Бізге әңгіме айтып беріп, оқыған оқуымды, жаттаған қиссаларымды айтқызатын еді», — дейді Шәкәрім.

Шәкәрім жасынан «Мың бір түн» әңгімелерін оқып, ертек қып айтып, парсы, араб ақындарының бәйіттерін жатқа төгілдіретін болған. Олармен бірге қазақтың «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қобыланды», «Қыз-Жібек» сияқты қиссаларын оқып, жаттап алған. Ескі жыраулардан — Бұқар, Асан, Марабай, мәтел-мақалдарын, мәнді — нақыл сөздерін оқыған. Осы аталған ақын-жыраулардың жыр-өлеңдерін бертінге дейін жатқа айтқанын сан естігем.

Әкей: «Бала кезімде «Қыз-Жібек» қиссасындағы Төлегеннің алты қазға айтқан зарын оқығанда, «Алпамыс» қиссасындағы Жәдігердің зарлап айтқан өтініш-мұңын оқығанда, жыламай оқи алмайтын едім», — дейтін. Сол қиссаның өзі ұнатқан жерлерін, Ақжүністің Қарт Қожаққа айтқаны сияқтыларын бізге жатқа оқып, «Ер Тарғынды» жазған Марабайды және шығыс, батыс ақындарын мақтап отыратын.

1866 жылы көкек айында, 37 жасқа шығарда Құдайберді қайтыс болады. Оның үлкен баласы Әмір 14 жаста, Мұртаза 14 жаста, Шаһмардан 9 жаста, Шәкәрім 7 жаста, Ырзықбай қырқынан шықпай қалады. Үлкен әйелі Төлебике 36 жасында, кіші әйелі Ботантай 33 жасында жесір атанады. Құдайбердіні жоқтау дауысты үлкен әйелі Төлебике жазған, Абай да жазған. Ол кезде марқұм адамға бағыштаған дауысты жай күнде айтып жүрсе, жаман ырым болады деп айтқызбаған. Мына екі ауыз әжем шығарған жоқтауды мен үлкен шешемнен ұққан едім.

Қаза емес арман басылар,
Қайғыны қалай жасырар.
Артында қалған жетімдер,
Әкелеп кімге асылар?
Зарымды жалын өрлетіп,
Шығарар тілден тербетіп
Балапандарың балдырған,
Болар ма адам, ер жетіп?.

Шәкәрім аяулы әкесі жайында былай деп естелік айтатын: «Мен әкемді жасымнан жақсы білемін. Әсіресе, кейінгі жылдары, күндері көз алдымда тұрады. Ақырғы жылда бұрынғыдай аңға жиі шықпай, үйде болатын уақыттары көп болды. Түрікше әңгіме кітаптарды оқуын қойған жоқ. Өтер жылы күздің басынан төсек тартып жатпаса да, жүдеу тартып, жөтелі жиілей бастады. Әкем ұзын бойлы, ақсұр, қара мұрт, қара сақал, өткір көзді, тік иықты, сырт пішіні сұлу, қимылы тез, сергек адам еді. Сөзден қалған жоқ бірақ еті арылып, арықтай бастады. Қыс ортасына тақағанда, әкесі Құнанбайға сәлем берем, шешелеріме амандасамын деп, Мырзағұл деген жолдасын ертіп, бауырға кетті. 4-5 күннен кейін кешке жақын Бәкем келе жатыр деп, үйдегілер тегіс тысқа шықты. Қарасаң, өзенді өрлеп, астында төртөбел аты бар, Мырзағұл екеуі келе жатыр екен. Барақ әкемнің атын ұстап, түсіріп жатқанда, тақап келген шешем: «Өңің қашып кетіпті, сырқаттанып қалғансың ба?» — деді. Әкем: «Ия! Сырқаттанып тұрмын», — дегеннен басқа ештеңе айтпай, тыстағылармен есендесіп, үйге кірді. Біз де үйге кіріп, әкемнің, айналасына қаумалай отырдың. Мен бұрынғы әдетімше, алдына барып отырайын деп жатқанымда, Мырзағұл аға: «Бәкен, сырқаттанып келді, мазасын алма, Шәкәрім», — деді. Мен бетіне қарап, тұра бергенімде, әкем мені құшақтап, маңдайымнан сипап-иіскеді:

— Қай жерің ауырды? Қашан сырқаттандың? — деп жан-жақтан қойылған Барақ, Өтебай молдалардың сұрақтарына әкем: «Бүгін сырқаттандым...» — дегеннен басқа жауап қатқан жоқ.

Кісілер шай ішсін, балалар қарсы үйге барыңдар! — деген соң, Әмірден басқамыз тегіс қарсы үйге барып үрпиісе отырдың. Мен артынан білдім. Әкесіне сәлем беріп қайтып келе жатқанда, әкем ат үстінде жөтеліп, атынан түсе-мүсе қан құсып жіберіпті. Мырзағұл басын сүйеп, сол арада көп отырып, қайта атқа мініпті.

Әкем қыста қысыр байлатып, қымыз ішетін, кейін қымызды да көп ішпейтін болды. Науқасы бұрынғыдан ауырлап, қан құсқанын маңайдағы ауылдар естіп, көңілін сұрағандар жиі келетін болды. Қысқы қатынасқаннан бұл жайды қалада жатқан Абай естіп-біліп, дәрілер алып, біздің ауылға келеді. Әкем Абайдың сәлемін алып, олар құшақтаса көрісті. Абай әкеме ақ ұнтақ дәрі және тамызып ішетін қызғылт дәрілерді ішкізді. Содан әкем Абаймен сырқаты жоқ адамдай шүйіркелесе әңгімелесіп кетті. Абай әкейге «қалаға апарып дәрігерге қаратсам» деген ойын айтты, әкем «оның жөн ғой, бірақ, қазір қыс уақыты, жаз шыға апарарсың» деді.

Көкек айының іші, күн жылынып, жер көктей бастаған кез. Әкемнің сырқаты бұл уақытта ауырлап, төсек тартып жатқан болатын. Қораның қасындағы кен, көгалға үй тігіп, әкемді сонда жатқызғанына бірнеше күн болған. Әкем өте арықтап, өңі ағарып, төсекте бірде басын көтеріп отырып, бірде жататын, анда-санда сусын ішеді. Қасынан шықпай отыратындар Абай, Әмір өз шешем басын сүйеп, кіші шешем аяғын сипап отыратын. Сондай жүдесе де, әкем сөзден қалған жоқ, Абаймен, шешелерімен ақырын, баяу дауыспен сөйлесіп те қоятын. Басқалардан қасында Өтебай молда отырып, кейінгі кезде молда әкеме анда-санда дем салып қоятын болды. Осыны байқаған соң, балалардың ойнап, айғайлауы тоқталған. Кейде ойнап, айғайлаған бала болса, Мырзағұл шығып оларға ұрсып тастайтын. Мырзағұл әкемнен үлкен, оны әке-шешелерім қатты сыйлайтын. Сондықтан біз де Мырзағұлдан именетінбіз. Үйде жүрген әйел-еркектердің де бұрынғыдай жайдары, ашық мінездері, қатты сөйлескен күлкі-әзілдері, шуы да жоқ, сыбырлап қана сөйлейтін болған.

Маған айналамдағы барлық тіршілік тылсыммен байланып, қозғалмай қалғандай сезініп, ойымды көңілсіздік, бір ауыр нәрсе басқандай жүрегіме бір зат қадалғандай, жүрегім лүпілдей беретін болды. Балалар да далада ойнамай, үйде отыратынбыз.

Бір мезгілде, бізді үйге шақыруға Барақ келді. Оның көзінде іркілген жас көрінді, мен оны байқап, жүрегім дүрсілдеп, шошып кеттім. Мұртаза: «Бізді кім шақырады?» — дегенде, Барақ: «Бәкем шақырады» — деп, ертіп келді. Үйге кірсек, жастығы жоғары салынған әкем шалқасынан жатыр екен. Ақырын дауыспен: «Бері келіңдер», — деген соң, біз қасына келдік. Әрқайсымызды құшақтап, төсіне қысып, маңдайымыздан иіскеді, басымыздан салқын алақанымен сипады. Бізді Барақ үйден алып шығарды, біз жылап жібердік. Ол: «Бәкем қысылыңқырап жатыр, жазылады, жыламаңдар, жаман болады!» — деп жұбатты. Бізді Айдынай атқарып, тамақтандырмақ болып жүр еді. Қазақ үйден әйел -еркектердің шу етіп жылаған дауыстары шықты. Әкем өлді. Біз тысқа шықтық. Абай мені құшақтап, көп жылады. Абайды Мырзағұл жұбатып, тоқтау айтты.

Әкем қайтыс болған соң, ауылға көп кісілер жиналып, әкемді жатқан үйден кілемге орап, қара ала патсайы шапанды үстіне жауып, бір топ адам көтеріп алып шығып, қораның күн батыс жағындағы кең жазық көгалдың ортасына апарып қойды. Көп адам қатар тұрып жаназа оқып, теңге салып, көп адамдар өзенді құлдап алып кетті. Үйден шешелеріммен бірге көп әйелдер шығып дауыстап жылап тұрды. Біз де әкеміздің сүйегін алып бара жатқандардың қарасы үзілгенше жылап қарап тұрдық.

Әкем өлгеннен бастап, таяққа таянып еркектердің күңіренген мұңлы дауыстары, үйдегі жоқтау айтып, зарлаған әйелдердің зарлы үндері бір ауыр қайғыны жүрегіме орнатып, езіп-жаншып тұрғандай сезілді. Жаралыстың жайнап, жарасымды жасыл көктемі болып тұрса да, менің ойымды бір зілдей ауыр нәрсе басып тұрғандай болды. Мен әйелдер отырған үйді жағалап жүріп, олардың, зарларын еститінмін. Олардың аянышты зарлы жоқтау сөздерін естіп, кейде жылап алатынмын. Жоқтауларын жатқа айта алатын едім. Жәдігердің жайын өзіме ұқсатып, оңашада көп жылап отыратын едім. Әкемді ойлап, оның еркелеткені, айтқан сөздері есіме түсіп, өксігімді баса алмайтын да кезім болды. Төлегеннің қаздарға айтқан зары, Төлегеннің өлгені көз алдымда тұрғандай болып, мен де зар-мұңымды айтсам дегендей болушы едім», — дейтін еді Шәкәрім.

Абай Шәкәрімнің, жасынан домбыраға құмарлығын байқап, күздің басында, керей руынан шыққан атақты домбырашы — Біткенбай деген адамды шақыртып алып, Шәкәрімге күй үйретуді тапсырады. Бір жылға тақау, ел жайлауға шыққанша, Біткенбай Құдайбердінің аулында болып, Шәкәрім одан — «Саймақтың сары өзені», «Алшағырдың ашты күйі», «Асан күйі», «Ала байрақ», «Кертолғау», «Азаматқожа», «Теріс қақпай», «Ақсақ құлан», «Ақпан күйі», «Аққу зары», «Бозінген», «Ақсақ тоқты», «Боз айғыр», «Қара жорға», «Қорқыт сарыны», «Қорамжан», «Жетім қыздың зары», «Әсірқалша» сияқты көптеген қазақ күйлерін үйренеді. Ел жайлауға шығып, кереймен біздің ел беттесіп келгенде, Дәметкен Біткенбайға көйлек, шапан кигізіп, сауынға бір сиыр айдатып, бір бесті ат мінгізіп қайтарады. Шәкәрім: «Менің домбыра ұстазым — Біткенбай, оны тауып алдырып беруші — Абай», — дейтін әркез.

Шәкәрім жасынан қол өнерге — ою ойып, киім пішуге ұсталық ісіне шебер болған дедік. Бұзылған сағат, іс машиналарын бөлшектеп, олардың құрылыстарымен танысып, оларды жөндейтін де қасиет бар еді әкейдің. Сағат, машина, темір соғуға, істеуге керекті ұсақ саймандары өзі көз жұмғанша бар болатын. Ағаштан ойған ожаулар, қаралап соққан пышақтары болушы еді. Шәкәрім киімді не қазаққа, не басқа елдер үлгісіне ұқсатпай, пішіп киетін болған. Оюдың бұрынғы қошқар мүйіз нақыштарына бірнеше түрлерін енгізген. Жастың бетінің, түскиіздің кестелеу оюының нәзік, ұсақ оюларын шығарған. Тек мұнымен ғана шұғылданбай, Абай әкеп берген, әкесінен қалған «Мың бір түн», ескі қиссаларды жасынан үзбей оқитын болған. Құрбы-құрдастарына өлең шығарып, жиын, той-думанға кеп араласқан, 13 жасынан бастап аңшылыққа ауады.

Шәкәрім: «Аңшылыққа жасымнан құмар болдым. Әкемнен қалған шитіні алып, тауға аң аулап шығып кететін едім. Ауыр шиті иығымды қиып кеткен күндері де болды. Сол аңға құмарлықты қоя алмай кеттім» — дейтін.

Шәкәрімнің басынан өткізген істері өте көп те, әрі қызық Бірақ оның бәрін жазуға қаншама уақыт керек және сексенге жуықтаған жасы бар менің өмірім де оған жетпес, дегенмен бірлі-жарымын кейінгі ұрпақ үшін хатқа түсірмекпін. Шәкәрім бір әңгімесінде: «Әкем қайтыс болғанына көп уақыт өткен жоқ. Мен қыстаудың алдындағы төбеде жалғыз отырып, тасқа өрмелеп бара жатқан жұлдыз құртты езіп өлтіріп алдым. Өлтірсем де оған жаным ашып, өз жетімдігім ойыма түсіп, «құрт болып» өлең шығарғаным есімде. Басқасы ұмытылып, екі аузы ойымда қалды», — дейтін. Сол екі ауыз өлеңі:

Өлтірдің, онан таптың қандай пайда?
Өмір сүріп жүруші ем жазда сайда.
Жетімдік қандайлығын көзің көрді,
Кешегі тірі жүрген әкең қайда?!
Менің де жетім қалды балаларым,
Олар да жылайды аңсап аналарын.
Өзің жетім, жетімді аясаңшы,
Жоқ екен басыңда ми-саналарың...

Осындай бірнеше ауыз өлең еді. Осы өлеңімді кешке шешелеріме оқып беріп, шешелерімнің жылағаны есімде. Абай келгенде, өз шешем айтып, Абай оқып көрді, шешем Абайға сен Шәкәрімге өлеңді әзір жазба деп, ақыл айт дегенде, Абай: «Шәкәрімге өлең жазба демеңіз, оны тыймаңыз. Жазсын, өзім қалай жазуды үйретемін», — деді. Абай маған өлеңді қалай жазу керек, қандай өлең жазу керектігін айтып көп-көп кеңес, ақыл беретін. Мені Абай тәрбиеледі. Абай болмағанда, мұндай болуым неғайбыл еді» — дейтін.

Тоғыз жасында Шәкәрімге шешек шығып, қатты ауырады. Осыдан бастап, молдадан оқуды доғарады. Абай Құдайбердінің аулына жиі келіп, інілерінің, жеңгелерінің, хал-жағдайын біліп, бірнеше күндеп жатады. Інілеріне, әсіресе, Шәкәрімге ақыл айтып, оқитын кітаптар беретін болған.

Шәкәрім өз тұсындағы құсбегі, мерген болғандардың алдыңғы қатарындағы адам еді. Шәкәрім жақсы мерген болуыма да, Абай себеп болды деп, ол жайында былайша сыр тарқататын. Бір жылы жазғытұрым Абай аулына бір мерген адам келіп жатады. Абай мені шақыртқан соң барсам, орта жастағы орыс екен. Ай жарық, желсіз түнде, ол мергендігін көрсетпек болды. Екі жүз қадамдай жерге мосы тігіп, оның жел жағын киізбен қалқалап, ортасына май-шам жаққызып, сол шамның тек білтесін ғана қырқып түсіретінін айтты. Бұл жұмысты Баймағамбет орындап, өзі шамға таяу жерде тұрды. Мерген көп те сығаламай, атып жібергенде шам сөніп қалды. Жақында тұрған Баймағамбет шамды алып келді. Қарасаң, дәл білтенің түбінен қиып түсіпті, ал шамның өзіне оқ жөнді дарымаған. Ол Абайға таныс, Абай аулына құс атуға келген адам екен.

Шыңғыс сыртында айналасы қалың қамыс «Саркөл» — деген көл болатын. Онда жазғытұрым құс көп болады. Мен мергенге сол көлге барып құс атайық деп кеңес бердім. Оны Абай да мақұлдап, Саркөлге қостап барып, құс атып, бір айдай жаттың. Атқаны қашанда құр кетпейді. Түнде де атады. Бір жүндес ақ иті бар, жаралы, атып түсірген құсты қолма-қол алып келеді.

«Түнде қалай атасыз?» — дегенімде ол: «Түнде суда отырған көп құстардың шу дыбыстары естіледі. Мен құсты көрмей, тыңдап, дауысты межелеп атамын. Оларға көбіне оқ басынан тиеді», — деді. Мен кейін аңғардым, шынында оқ түнде атылған құстың көбінің басынан тиген боп шықты. Көп құс аттық. Атқан құстардың жүндерін өзі не бақыршыға жүндетіп, жүнді қапқа салдырып, еттерін аздап тұздап, кептіре береді. «Құдайбердиевич! Бізде ет болмайды. Сіздердей соя беретін қой жоқ қой» деп қалжыңдап қояды. Өте адал, ақкөңіл адам еді. Маған аңшы жайлы көп-көп қызықты әңгімелер айтып, көз мергеннен қол мерген артың болады деп, маған көп сығаламай, екі жағымнан да атуды сол адам үйретті. Және ұшып бара жатқан, не су толқынында жүзіп бара жатқан, желді күні құсты қалай көздеп, қай жерінен сығалап атуды да үйретті. Өзі Омбыда туып, жасында сонда болғанын, мергендікке бала кезінен құмар болғанын айтты. «Өзіңдей мерген көрдіңіз бе?» дегенімде ол күліп: «Өзімнен артың мергенді көрдім. Мені үйреткен бір ұстазым болды. Сол екеуміз бір күні қайыққа мініп, құс атуға келе жаттық. Бізден төмен жеңіл қайықпен жүзіп бара жатқан екі адамды көрдік. Бірі екі күректі есіп барады. Бірі аузына нанын тістеп, темекі сорып, қайық ортасындағы көлденең салынған тақтайда отыр. Әлгі менің қасымдағы ұстазым «Анау отырған адамның аузындағы нанын атам» — деп, мылтығын жұлып алдым. Мен өлтіресіз деп, қолынан ұстай алдым. Оған болған жоқ атып қалды. Менің зәрем ұшып кетті, нан тартып отырған адам шалқалап құлады. Мен өлді дедім. Сонда жолдасым: «Өлген жоқ, оқ нанды жұлып кеткенде, оқ екпінінен құлады» — деді. «Қайта қарасам тірі екен. Міне, осындай епті, менен артық — сол ұстазым!» деді мерген. Ұшып бара жатқанда атуға қиын бұлдырық болады. Ол тура ұшпай, бұлтақтап ұшады. Бұлдырық атайық деп, екеуміз Бұлдырық атуға шықтық. Ол бұлдырықты ұша жөнелгенде бірақ атып түсіреді. Мен көпке дейін тигізе алмай жүріп, ақыры бұлдырық атудың да айласын үйрендім. Сол алғашқы ұстазыма ырза болдым. Қайтарда ауылға ертіп келіп, Әмір мен шешелеріме қой беретінімді айтқанымда, Әмір: «Оның аз ғой. Ол сені өлмейтін өнерге үйретті, ат не құнан неге бермейсің? — деді. Мен қуанып, Өмірді құшақтадым. Сөйтіп, досыма бір семіз торала құнанды беріп, Ақшоқыға жеткіздіртіп салдым».

Абай Шәкәрімге орысша оқы деп ақыл айтады. Шәкәрім орысша білетін Нұрпейіс деген адамды қолына ұстап, орысша үйреніп, сөздік алып, орыс тілін жақсы үйреніп алады. Нұрпейіс бертінде қайтыс болды. Үйге келгенде: «Шәкәрім менің шәкіртім еді. Менен асып кетті. О да жақсы. Абай айтатын еді, «Шәкірті ұстазынан асса, оған ұстазы қуануға керек», — деп. Мен Шәкәрімді көргенде сол себепті қатты қуанамын», — деп жайдарлана күлетін. Әкей Нұрпейісті сыйлайтын.

Он бес жасқа келгенде Шәкәрім қаршыға ұстап, құс баптап, аңшылық жолына түседі. Осыдан бастап, қыс болса қостап, елсіз жайлауға барып, аң аулайды. Жаз болса, қаршыға салады. Қостап шыққанда, оқитын, жазатын құралдарын ала жүретін. Шәкәрімнің нағашылары музыкаға құмар, скрипка тартуға шебер болған. Ол ауыл да өлең-әңгімеге құмар, сауықшыл ауылдың бірі еді. Шәкәрім нағашыларының аулына барып тұратын. Он жеті жасынан бастап скрипка тартуды үйренеді. Қаладағы музыкант орысқа «скрипка алғызып бер» деп тапсырады. Жазғытұры барып, скрипкасын алып, сол орыстан да скрипка үйренеді. Гармонды бұрын үйренген. Орынбасар Мырзатайұлы, Өтегелді Сеңгірбайұлы, Сқақ Ырсайұлы сияқты әнші, әңгімеші, домбыра гармоншы адамдарды жинап алып, қосылып музыка ойнайтын болады. Мен жас кезімде әкемнің мұндай ісін көрдім. Жоғарғы адамдар жиылып бірі гармон, бірі скрипка, бірі домбыра тартып, кейбірі тісіне жұқа қағаз, не тарақ қойып ысқырып, Базарбай үлкен жез шіләпшінді оқтаумен ұрып даңғырлатып, бәрі қосылып ойнайтын.

Әкем жасында киімді өте сәнді киеді екен. Мен білетіннен бастап құба төбел киетін, киген киімдерін таза ұстайтын еді. Көп ұйықтамайтын, ұйқысы сергек болатын. Жазуды отырып, дөңгелек столға жазатын. Жазу жазып, не оқып отырғанда, балалардың қасында ойнағандарына алаң болмайтын. Мен ініммен екеуміз жазу жазып отырған үлкен столының бос жеріне кеней тігіп ататынбыз. Сақамыз не қолына, не сыясына тиіп кеткенде ғана «ақырын» дейтін де қоятын. Әкем жалпы балаларды жақсы көретін. Баласын ұрып, ұрысқан адамдарға: «Өзің бала күніңде істегеніңді ұмытып кеткен соң, ұрсасың-ау!» — дейтін. Бізбен ойнап еріп келген, не үй маңына келген, үйге кірген балаларға бізбен тамақ ішкізетін, сондықтан әкемнен бір бала қашпайтын. Әрине, жарамсыз істесек ұрсатын. Он алты жасымда, есімнен қалмастай бір ұрысқаны мәңгілік есімде қалды. Біздің үлкен ауылдың алдында қатар екі көл болатын — бірінің суы бар, бірі сусыз батпақ болушы еді. Екі көлдің арасы жақын ортасында қылдай жол бар. Күн жауғанда сол жолдан жүрген адам батпақтап жүре алмайтын. Мен бауыр жақтан келе жатсам, екі көлдің арасындағы жолда бір қартаң адамның екі қап бидай теңдеген түйесі батпаққа батып қалып, екі қапты батпақ жерге қалдырып, түйесін құрғақ жерге шығарып, батпақтағы бір қабын сүйреп, түйе қасына әкеп қойған екен. Мен қасына тақап келгенде ақсақал: «Балам, бір қапты түйенің қабырғасына қойып берейін, сен сүйеп тұр, ана қапты әкеліп, теңдеп алайын» — деді. Мен оның айтқанына құлақ аспай, жүріп кеттім. Мен үлкен ауылға барып, Шидің жиегіне бүгін қонған ауылға келсем, әкей өзінің қосында отыр екен. Мен өзіміздің үйге түсіп жатқанымда, әкей «бері кел!» деп шақырды. Мен келсем, бағанағы өзіме кездескен ақсақал отыр екен. Олар менің келе жатқанымды түрулі тұрған қостың есігінен байқапты. Мен кірісімен әкей: «Мына ақсақалға жолықтың ба?» — деп сұрады. Мен тана алмадым, «Жолықтым!» — деуім-ақ мұң екен, қатты ұрысты. «Саған мұны кім үйретті? Өзің осы ақсақалдай болмайсың ба? Мұның не? Оңбаған!...» Мұнан да жаныма бататын сөздер айтты, ұрған да, боқтаған да жоқ. Өмірі боқтықты білмейтін. Бірақ ұрғаннан гөрі сөзі арқама аяздай батты. Аяғында: «Ең ақырғы қайырымсыздығың осы болсын!» — деді.

Құдайберді балаларында, оның ішінде Шәкәрім балаларында біреуді ұрып, боқтау болмаған. Адам түгілі айуанды боқтағанын естігем жоқ. Біз де солай болып өстік. Әкемнің сол ұрысқаны өмірімде ойымнан кеткен жоқ. Біреу бір нәрсені істей алмай, не көтере алмай жатса, соған болыспай қарап тұра алмайтын болдым. Сондайды көрсем, әкемнің сол ұрысқаны санама сап етіп, ойыма түсе кететін дағды болды.

Әкей көп жантаймайтын еді. Жантайып жата кеткен бізге: Жантаю — еріншек жалқаулықтың бір түрі» — дейтін. Атқа тік отыратын, ерден көп қозғалмайтын. Шәкәрім жігіт боп қалған кезінде өкпесінен ауырып, Абай қалада Курбатов деген дәрігерге қаратып тәуір болған. Соның кеңесі болу керек, ерте не кешкі таза ауада жүріп, демалып, дене шынықтыру жасап, аяқ-қолын кермеп, арлы-берлі жүретін. Бұл әдетін кейінде де қалдырмаған. Үйді ыстық қылмай, таза ұстайтын. Ішінен тері, желет киген адамға «ол жарамайды» дейтін. Қыста да, жазда да салқын сумен жуынатын. Серіппелі төсекке тақтай салғызып, тегіс төсекке жататын, құс төсек салдырмайтын, арқардың, не қойдың жүнінен сырытып қатты төсеніш істетіп, соған жататын. Төсегін өзі « алып, жинап, үйін өзі сыпыратын. «Мұныңыз қалай?» — дегенде «Өз қолынан келген жұмысты біреуге істеткеннен жаман іс жоқ»,-деп және Долгополов пен Шәукімбайдың Абайға айтқандарын айтып күлдіретін. Мен бертінге дейін сол кезде әкейдей табиғатты зерттеп бақылаған қазақ баласын білмеймін. Сондықтан, кейбір ісіне таңданатынмын. Адам, айуаннан бастап, өлі табиғатқа дейін зерттеп-байқап жүрген адам десем бекер болмас. Жәндік заттарды зерттеуін былай қойғанда, мынадай көрген істерімді айтайын. Бертін келген бір кезде сиясы болмай қалып, әкей қолдан сыя жасап, жазуды жазғанын көзіммен көрдім. «Түйеқарын» деп аталатын тікені бар өсімдікті түйіп қайнатып, қойылтып, ашудас қосып сыя жасады, кейінгі жазуларын сол көк сиямен жазды. Шақпақтың баурында, жерден шығып жатқан қаракөк, сарғыш түсті қою ми батпақ бір сайдан қайнап жатады. Терең, екі құрық бойы жетпейді. Жазда ең түбі мұз болады. Қыста мидың беті жарылып, тұтас қатады. Осыған бұрын қотыр болған малды тоғытып, қотыр болған адамдарды салады. Содан қотыр жазылады. Әкем осының, қою батпағын кептіріп, отқа жағып, анық күкірт барын тапқан. «Бауырда біздің «Жол болды» деген қоныс пен «Ескі там» қонысының арасында, «Боз биіктің» обасындағы обаның тасында магнит бар», деді. Астында темір қоры болу керек деп жорамалдаған да еді. Мен «оны қалай байқадыңыз?», дегенімде «Бірде көшті тосып, сол биіктің басына шығып, обада отырдым. Оба соққан тастарды байқап отырсам, бір тастың сыртқы қабыршағы темірді қыздырғанда пайда болатын қабыршағына ұқсайды. Сағатымдағы қыбыланаманы сол тасқа жақындатқанымда, тілшесі тасқа қарай айланып кетті, ал тастан аулақ әкетсем, тілшесі қайта орнына келеді. Бірақ ондай қасиет басқа таста жоқ. Сірә, темір тереңде болу керек» — деді. Қазақ кереге, уық, шаңырақты жосамен бояйды. Шақпақта «Жосалы биік» деген биік бар. Содан жоса алады. Әкей бір жылы үйшіге үйдің ағашын жасатып, соны жосалауға Әупіш деген жолдасын алып, сол Жосалыға барып, кешке бірақ келді. «Неге кешіктіңіз?» — дегенде, «Ел бетінде жатқан жосаны алады. Оған желдің, жауынның, күннің әсері тиіп, маңызы кетеді. Сондықтан мен қаздырып, жосаны тереңнен алдырдым»-деді. Айтқанындай, жер астынан алынған жосаның түсі де, ағашқа жұғуы да басқаша болып шықты. Сондайларды әкей әмәнда байқап-зерттеп жүретін болған. Менің ханқамау — шахматымның кейбір ғаскертастары жоғалып, кеміп қалды. Әкей мені ертіп, жайлаудағы «Буратиген» деген биікке әкеп, бір жерді қаздырды, астынан қыстастың екі түрі табылды: бірі күрең, бірі ақ сұр. Содан мен ханқамау ғаскерлерін, тоғызқұмалақ тастарын жасадым. Қыстас жонуға, өңдеуге оңай болады. Әкейдің мұндай қасиеттерін жазғаным — бұл адамның дүние зерттеуге, әр нәрсенің, керекті жөн-жосығын білуге талаптығын білсін дедім. Ал, айуан, өсімдіктерді зерттеу-байқауында өзінше қызықты болжамдары болушы еді. Оларды баян етуді келешектің еншісіне қалдырдым...

Шәкәрім жасынан ән-күй шығарамын деп талаптанған. 14 жасында шығарған әні «Қозы көш», Біржан сал Абай аулынан қайтарындағы салғаны осы «Қозы көш» әні. Мұны бұрын «Қиясбайдың» «Қозы көші» деп атайтын. Қиясбай — Қодардың немересі. Ол өзін баламын деп, балаларды «құрбым» деп мәз-мейрам ететін. Менің жақсы ес білетін кезімде тоқсаннан асқан жасында қайтыс болды, Қиясбайға біз — «Қорамжан», «Ерке атан» әңгімелерін айтқызып, күйлерін сыбызғыға салдыратынбыз. «Баламын» дегізген Абай. Қиясбай Абайдың екінші ағасы — Тәңірбердімен құрдас. Атасы Қодар жарамсыз іс істеп, Құнанбай, ел болып өлімге бұйырып өлтірткен. Соның немересі Қиясбайды ел, әсіресе, Құнанбай балалары қатты еркелететін. Сол Қиясбай бір күні Абайдікіне келеді. Абай: «Қияс, нешеге келдің?» — дегенде, Қиясбай: «Жасымды білмеймін» — дейді. Сонда Абай: «Сен бізше жасамайсың, пілше жасайсың, піл он екі жылда бір жасқа келеді» — дейді. Содан ол өзін «баламын» деп кеткен. Сол Қиясбай Шәкәрімге келіп, «Аға, «Қозы көш» әніңізді маған бір бестіге сатыңызшы?» дейді. Шәкәрім: «Ат алмай-ақ, бос бердім!» — дейді. Содан ол ән Қиясбайдың «Қозы көші» аталады.

21 жасында Шәкәрім «Жастық», «Кәрілік» деген тақырыптарда өлең жазып, оған ән шығарады. Шәкәрім одан кейін де көптеген әндер, күйлер шығарған.

Шәкәрімнің Абай тірі кезінде жазған өлең, қиссалары Абай сынынан өтіп отырған. Шет елдердің атын естіген ақын-жазушыларының кітаптарын, газет-журналдарын үзбей оқып жүретін болған. Сол кезде Шәкәрімнің кітапханасындағыдай кітаптары бар адамдарды көргем жоқ. Батыс, Шығыс ақындарының толық жинақтары, барлық елдің лұғаттары, газет-журналдары болатын. Шәкәрім бұларды өте ұқыпты ұстайтын. «Мың бір түннің» толық томдары да болатын.

Шәкәрім жасынан, өзі айтқандай «белін буып, білім қууға» түседі. Қазақ шежіресін жазбақ болады. Ол үшін Табаридің — «Тарих ғумими», «Тарих ғұсмани», «Тарих Интишар ислам», Нажім Ғасымбектің — «Түрік тарихы», Абылғазы баһадүр хан жазған «Шежіре Түрік», Радловтың «Ойғыр туралы», Аристовтың " Түрік нәсілі туралы», дүниедегі әр түрлі жұрттың шежірелерінен: Түріктің ең ескі замандағы шежіресі — «Құдатқу білік», «Кошо-қайдам», Қытайдың — Юан-Шау-Ми-Ши деген тарихшысының жазғанын, парсы, Рим, Европа жазушыларының жазғандарын оқиды. Сүйтіп, қазақ шежіресін жазады. Қазақтың лұғатын жазбақ болады. Қазақтың бай ауыз әдебиетін, эпостық әңгімелерін мақал-тақпақтарын, мәнілі сөздерін жинайды. Қазақтың мақал-мәтелдерін сынап, оларды құрып, «Қазақ айнасының, 2-бөлімі» деп жазады. Эпостық — «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» оқиғаларын өлеңмен жазады. Өлеңдер жинағын «Қазақ айнасы. 1 бөлім» деп жазып бастырады. Бұлар ерте кезде жазғандары.

Білімді алаңсыз қууына ең алдымен ағасы Абай себепші болған. «Абай маған: «Сен ел ісіне кіріспе, тек біліммен шұғылдан»-дейтін.» Екіншіден, үлкен ағасы Әмір де себепкер болған. Түрлі ел ісіне, старшын ішіндегі жұмысқа, сөзге Әмір араласып жүрген. Сөз білетіндер ел ішінің дау-жанжалына, ұрыс-таласына, ру партиясына кіріспей отыруына мүмкін емес заман еді. Соларға Өмір қатысып, Шәкәрімнің қолы бос болған. «Бірақ, — дейді Шәкәрім, — Сорыма қарай, Әмір 27 жасында қыршынынан қиылып көз жұмды». Әмірге жоқтау дауысты Шәкәрім жазған. Сол дауыстың бір-екі аузынан басқасы ұмытылған. Әмір ат жалын тартып мінген соң, Әнет, Қарабатырлардың елдегі әнші, домбырашы жастарының басын қосып, салдың құрып, сауықпен жүретін болған. Дәметкен Әмірдің бетін қақпай, өте еркелеткен. Өмір өзге балаларынан бөлекше өжет болады. Жастай жетім қалса да, туысқандарына кеудесін бастырғысы келмейді.

Құдайберді дүние салып, артында көп мал, жас балалары, екі жас әйелі қалған соң Құнанбайдың Құдайбердіге тетелес баласы Тәңірберді жесір қалған жеңгелерін әмеңгерлік жолымен алам деп, көп әурелейді. Бір рет жолын береді. Оған да тоқтамайды. Ақырында елдің ақсақалдарын қайта-қайта салып, мазаларын алады. Әбден мазасы кеткен соң, Дәметкен күндесі Ботантаймен ақылдасады. Дәметкен айтады: «Мына Құсмұрын (жеңгелері Тәңірбердіні «Құсмұрын» дейді) қайнымыз бізді аламын деп, кісі салып отыр. Қазақ жолынан қалай құтылады, біреуі тисін депті. Оның көкейін тесіп бара жатқан мал, біреуін енші малымен алсам деген ой. Түбі алмай қоймас та, бұған не айтамыз?» — дейді. Ботантай: «Ол оңбаған жолын алмап па еді, енді несі бар?» — дейді. Дәметкен: «Оған тоқтап отыр ма? Біз былай етсек қайтеді, сен менен жассың ғой. Балалар менің бауырымда қалсын, бөтен емес, бір торының баласы қайның ғой, тисең қайтеді. Бұл қыр соңымыздан қалмай қойды. Қалар да емес» — дейді.

Үлкен апам, Ботантай айтады: «Мен сол кезде жеңешемнің сөзін естіген соң, жарайды, жеңеше, мен тиейін, бірақ келген кісіге айтыңыз, «Құсмұрын алса, Бәкемнің дос-жолдастарын ертіп келсін. Солардың алдында одан алатын сертім бар», — деңіз дедім. Жеңешем менің ырза болғанымды, сөзімді Құсмұрынның жіберген кісісіне айтып, қайтарған болуы керек. Кешікпей Құсмұрын, қасында төрт-бес ақсақалы бар, жеңешем үйіне келіп түсті. Қой сойылып, шай қайнатылып, қымыз сапырылып жатыр. Тамақтарын ішіп, жеп болған соң, жеңешем маған «сөзін айтсын» деп, біреуді жіберіпті. Бұл ел бауырға түсіп келе жатқан кез. Біздің ауыл бөктерге, қораға тақау жерге қонған. Пішен шабатын, қара қый аударатын, қора жөндейтін, қыстық отын қиятын шаруаның қарбалас кезі. Жеңешем жіберген кісіге «барам» деп қайтардым. Үйде жүрген әйелдің жыртың, ескі көйлегін, жыртық шапанын киіп, аяғыма ескі көң етікті сұғып, басыма кір, жыртың орамал салып, белімді ала жіппен буып алып, толып отырған кісілердің үстіне жетіп бардым. Төрде отырған Құсмұрын қайныма: «Ей, Құсмұрын! Мені алатын сен ғой! Мен саған тием! Мені алатын болсаң, мендей киін! Меніменен бірге жүріп, пішен шабысып, жинасасың! Қыстың отынға ағаш қиясың! Әйдә! Жүр! Мына ақсақалдардың алдында, «осыны істеймін!» деп ант бересің! Сонда мен сенің қатынын боламын» — дедім. Отырғандар Байқұлақ, Қаражан, Байұзақ, Қыздар, бәрі Құдайбердінің қимас, тату боп өткен дос-жолдастары. Оларды көрген соң тіпті бата сөйледім: «Ей, Құсмұрын! Жолыңды алдың! Оған да тоқтамадың! Бәкем өлді, жас балалары, көп малы қалды. Оларды кім қағып — кім бағады? Мен не боламын деп отырсың ғой, оңбаған! Жүр! Менің «айтқанымды істеймін» деп, аруақ-құдайды аузыңа алып ант ал! Әйтпесе, сандалмай, бізден аулақ бол!» — дедім. Ақсақалдардан бірінші сөйлеген Байқұлақ Тәңірбердіге қарап: «Сен бізді жеңгем ыразы болды деп ертіп келіп едің ғой?! Мұнда қандай ырзалық бар? Әмеңгерің екені рас, бірақ ырзалық керек қой?! Ырза болмаса, Құдайбердінің аруағын күңірентіп алуға қалай дәтің барады?! Біз қалай ти деп айта аламыз? Менің айтқанымды алатын болсаң, енді мұндайыңды қой! Мұныңа біз ырза болып отырғамыз жоқ! дегенде, барлық ақсақалдар: «Мұның жөн емес, Тәңірберді» деп бірден айтты. Құсмұрынның салындысы суға кеткендей, төмен қарап ештеңе айта алмады. Ақсақалдар бізге тілек, баталарын беріп қайтты. Сонан кейін, біз Құсмұрынның, алам деуінен біржола құтылдық!».

Ботантай белін буынып, жеңін сұғып, барлық шаруасына өзі араласатын болған. Бұрын да сіңлісіндей жақсы көретін Дәметкен Ботантайға барлық шаруаны билетіп, екеуі не істесе ақылдасып, күндестігі білінбей кетеді. Бар балалар қашан ер жетіп, үйленгенше Дәметкеннің бауырында болып, балаларының да екі шешеден туғандығы білінбей кеткен.

Ботантай әжем өжет, сөзшең, әңгімеші адам еді. Ботантай айтады: «Мен қайындарыма істемегенім жоқ. Оларға «Біз — жетім-жесір болдың, қарайласпайсыңдар! Шаруашылығымызға болыспайсыздар! — деп айтпағаным жоқ, бірақ, олар менің қатты айтқан сөздерімді көтерді, қарсы келмеді, сыйлады. Менің тілім олар түгіл Тәтеме де тиді (Тәтесі — Құнанбай) тәтем қартайғанда қарғап, «баламды (баласы Әмір) өлтірді оңбаған шал» — дедім ғой. Содан Тәтем өлген соң, мені аруағы атып, көзіме ақ түсіп, көрмейтін болып қалдым. Тәтемнің зиратына барып, қабірін құшақтап: «Кеш, Тәте!» — деп жылап, топырағынан алып көзімді сүртіп, содан көзім жазылып, бір көзімде ғана ақ қалды» -дейтін. Әмірді Құнанбайдың қалай байлағаны жайын Әмірдің жолдасы — Мұхаметжан жырдай етіп айтатын. Мұхаметжан Майбасардың үлкен әйелінен туған баласы. О да Әмірмен бірге салдық құрған. Әнші, өлең шығаратын, ақ көңіл, аңқылдақ, адал адам еді. Әңгімеші болатын. Менің жігіт болып қалған кезімде қайтыс болды. Мұхаметжан: «Мен Әмірмен бір жүріп салдық құрдым. Біз жігіттерді ертіп алып, қайда жиын, той-сауық болса, сонда барып, сайранды салып, ауыл-ауылды кезіп жүрдік. Біз барған ауылдың қыз-келіншектері алдымыздан қарсы шығып, аттан түсіріп алады. Біз оларға жол-жобасын беріп, олармен құшақтасып, ән салып келеміз. Осындай сауықпен жүріп, бір күні Әмірдің үлкен аулы Ботантайдікіне келіп, қона, түстене жаттық. Таңертең Тәтем: «Әмір мен Мұхаметжанды шақырып кел» — деп, Мырзақанды жіберіпті. Біз атқа мінгелі жатыр едік. Бармақ ауылымыз Топай Бейсембайдікі болатын. Бейсембай әнші, домбырашы, сауықшы-сері болатын. Әмір жігіттерге: «Бізді Бейсембай аулынан тосыңдар, біз Тәтеме жолығып келейік», — деді Әмір екеуміз Мырзақанға еріп Тәтем: аулына келдік. Үйге сәлем беріп кірсек, Тәтем, Майапам отыр екен. (Майапасы — Нұрғаным). Енді отыра бергенімізде Тәтем. «Отырмаңдар! Оңбағандар! Не істеп жүрсіңдер?» деп ақырды. Мен жасаңдау едім, төмен қарай бердім. Әмір өжет болатын, ол жасыған жоқ. «Тәте! Біз не істеппіз?» деді. Тәтем: «Сендер не істемей жүрсіңдер?! Оңбағандар! Құдай атқырлар! Елдің адал некесін арамдап, жын-сайтанның жолын қуып жүргендеріңді білмейді ғой дейсіңдер ме?» — деп және аңырды. Әмір: «Тәте! Біз ешкімнің некесін бұзып, арамдаған жоқпыз. Жиылып ойнап-күліп жүргеніміз рас. Бізді сізге біреу шағыстырған шығар?» — деді. Тәтем: «Ешкім де шағыстырған жоқ! Не істеп жүргендеріңді өзім білем! Сендердің жаманшылық жолға түскендеріңді көрмей өлмедім ғой?! Інісі мен баласы елді бұлдіріп, адалын арамдады, сайтандық жолға түсті деген атаққа қалдырдыңдар, оңбағандар!»- деді. Әмір: «Тәте! Ешкім шағыстырған жоқ, өзім білем дейсіз. Тапа тал түсте баран атпен басқа балаларыңыз елді зарлатып, тірі қойларының құйрық тарын кестіріп, елді талап жатқанын көрмейсіз. Біздің түнде қылаң атпен жүргенімізді үйде жатып қайдан көресіз? Сол балаларыңыздың біреуі сыртымыздан өсектеген ғой, сіз соған нанғансыз ғой?!» — деді. Енді Тәтем не істер екен деп мен ойлап тұрдым», — дейді Мұхаметжан. Әмір ұрысқанына жасыған жоқ тұрған қалпынан қозғалған да жоқ. Тәтем енді бізге ештеңе деген жоқ. Мырзақанды шақырды. Мырзақан кірген соң оған: «Бар! Ана үйлерден адам жиып алып кел! Мына оңбағандарды байлатып қоям! Кім бұларды қолымнан алар екен, оңбағандарды!» — деді. Жаны бізге ашып отырған Майапам Тәтемнің иығына қолын салып: «Қажы! Бұларды аясаңшы! Бірі — ініңнің, бірі — жетімек — балаң емес пе?» — деп еді, Тәтем: «Әрі жүр!» — деп, қолын серпіп жіберді. Әмір тұрып айтты: «Тәте! Бізді байлауға көп кісінің керегі жоқ. Қайда байла дейсіз, мына Мырзақанның өзі де байлайды. Біз қарсылық етпейміз», — деді. Тәтем Мырзақанға: «Арқан ал да, терезенің алдындағы пәуескенің артына екеуін байлап таста! Жазасын тартсын! Оңбағандар!»-деді. Бізге «барыңдар!» деген соң, біз шығып кеттік. Мырзақан бізді пәуескенің артына қатар отырғызып, арқанмен байлаған болып, шаңдып қойды. Жалаңқабат, аласа терезеден Тәтем кеудесінен бізге көрініп тұрды. Әмір маған: «Сен уайымдап отырсың-ау, Мұхаметжан?! Жасық екенсің ғой! Сексенге келген шал байлады деп ренжисің? Онанда, кел! Ән салып жіберейік!»-деді. Әмірдің даусы жіңішке, ашық еді. Менің даусым қоңыр, жуан болатын. Әмір де өлең жазып, ән шығаратын. Оның «Сыпыра бойдақ» деген әні болатын. Сол әнімен мынау өлеңді шырқатып айтып жібердік. Сондағы Әмірдің өлеңі деп айтқаны:

Қаршығам қазға салсам қаз іледі,
Жиылып қыз — бозбала бір жүреді.
Құдай-ау, жас күнімде өлім берме,
Көл шайқап, жем жейтұғын мезгіл еді.
Қайырмасы: Оймаң ауыз, күлім көз,
Қай уақытта келем кез?
Ойнап-күліп қалайық
Жастық-дәурен өтер тез.

Жалаң қабат терезеден естіп отырған Тәтемнің: «Ей, Мырзақан!» — деген даусы саңқ етіп бізге естілді. Сонда Әмір мені шынтағымен түртіп қалып: «Шал бізді босатады», — деді. Мырзақан үйге кіргенде: «Мырзақан! Босатшы, анау оңбағандарды! Оларға дауа жоқ екен!» деген Тәтемнің даусы естілді. Сүйтіп, бізді босатып жіберді. Әмірдей біздің тұқымда ер, жомарт адам болған жоқ қой. Әмір өлген соң, мен де Қызыл молаға ауып кеттім», — деп Әмірді айтып, көзіне жас алғанын көрдім.

Шәкәрімнің ұстазы болып, тәрбие алған адамы Абай. Ол жайды айтып жатпай-ақ, Шәкәрімнің он тоғыз жасында шығарған «Жастарға» деген ұзақ өлеңін оқысақ жетіп жатыр. Онан соңғы ұстазы үлкен әсер еткен өз шешесі — Төлебике. Шәкәрімнің: «Мені адалдың жағынан тәрбиелеп, ақыл берген үлкен әкем — Құнанбай», — деп отырғанын сан естігем. Құнанбай Шәкәрімнің жиырма жеті жасында қайтыс болған. Шәкәрім: «Мен Тәтеме сәлем беріп тұратын едім. бірақ, жиі барып, қасында отыруға мүмкіндік болмады. Тәтемнің аулы біздің ауылдан шалғай болатын. Жылында бес-алты рет барғанымның өзінде көп әңгіме айтып, ақыл беретін. Маған өз өмірінің түрлі жәйттерін айтатын. Әсіресе, адалдық жағын баса үйрететін. Елге адал еңбек сіңірсең, адал болсаң, абыройлы боласың. «Елге жаңсақ, құдайға да жағасың!», «Көпті сыйласаң, өзің сыйлы боласың», «Көпсіз қол жоқ», «Көпсіз — көмусіз далады», «Көп тілегі — көл», «Көпке сенген — көгереді, көпті жамандаған — көміледі», «Адам көппен көркейеді» — деген сияқты нақыл сөздерді айтып, «Мені екі ажалдан, екі айдаудан елім алып қалды. Елімнің сол еңбегін өтей алмай кеттім. Адал бол, Шәкәрім! Сенің екі нағашың да адал болған. «Ер нағашыға тартты» — деген мәтел шын. Мен олардың адамгершілігін, адалдығына ырза болып құда болғам. Сенің адал болатын жөнің бар» дейтін. (Екі нағашың деп отырғаны — Құдайбердінің нағашысы — Найман Ағанас би; Екінші нағашы дегені — Алдаберген — Шәкәрімнің шешесінің әкесі). Тәтем: «Көпке жақпай, адал болмай, абырой, атаң алмайсың», — дейтін.

Тәтем өз жайын айтып, былай дейтін: «Мен абырой, атаң алу үшін — ең алдымен адалдық керек, ешкімді ала көрмей, адалына болысу, кемтарға жәрдемдесу керек дегенді ертеден ойыма бекіттім. Мен жасымда Алладан былай тіледім: «Өзіме бақ бер! Бақ берсең, дәулет бер! Әкімшілікті бер! Бірақ елді өзіме қаратып алғанша істеген жаман қылықтарымды кеш! Сол тілектерімді беріп, кемеліме келгеннен кейін, ол берген бағыңды, дәулетіңді, әкімшілігіңді орнына жұмсай алмайтын болсам, екі аяқтының ең қоры, ең сорлысы қыл» — дедім. Бірақ балаларымды, туысқандарымды тату-тәтті қыл деп тілемедім. Оны да тілесем, беретін еді. Сол үшін тілегімді алдым. Мен елді қаратып, ел басшысы болғаннан кейін, қате кетпесе, біле тұра қиянат жасап, арамды қолдаған, момын, жетім-жесірді жылатқан жерім болған жоқ. Мен адалдыққа, көпке сүйендім. Олар мені қиыннан құтқарды. Мені ел — адал, әділ деген атаққа бөледі. Менің аяғымнан, жағамнан алып, менімен кім жауласты? Туыстарым жауласты! Менің бағымды, абыройымды кім күндеді? Туыстарым! Сырттан келіп жағаласпады. Ішімнен жау шығып жағаласты! Сырттан іш жауы жаман. Менің көргенімдей жағдайға ұшырасаң да, ақты жақта, жетім-жесірге, жылағанға болыс, жәрдем ет! — деп, құлағыма құя беретін дейтін Шәкәрім. Міне, Шәкәрім осындай ортада өсті.

«Абай менің бетімді түзеп, адам болып шығуыма өтелмес еңбек сіңірді. Бір жылы біздің Жонды аралап шығуға орыс инженері келмек болды. Абай землемерге мені қосты, әрі орыс тілін үйрен, әрі өнерін үйрен деп. Мен ол адаммен үш айдай бірге жүріп, жер өлшестім. Осы үш айдай күнім — жылдай болды. Землемер менің шала білетін орыс тілінде дұрыс сөйлеуге үлкен көмектесті. Және мен оның үйретуімен тік үш бұрыштың есебін үйрендім, алыс екі төбенің арасын, не таудың басын төмен тұрып қалай өлшеуді үйрендім, Демек, геометрия заңдарын үйрендім.

Тастардан металдар шығатындығын әдістерін, белгілерін байқадым. Ол адам кетерінде маған көп өлшеу құралдар берді, дүрбісін беріп кетті, бұ да Абайдың арқасы. Долгополов, Михаэлис сияқты Абайдың достары келгенде Абай мені шақыртып алатын. Мен олардың аса қымбат сөздерін, бағалы кеңестерін, ақылдарын зердеме алып, сан естідім. Долгополов пен Михаэлистердің социология ғылымы жайында айтқан әңгімелері, ақыл-кеңестері күні бүгін ойымнан шықпайды, маған үлкен сабақ болды. Батыс-шығыстың ескі замандағы ойшылары, жазушы-ақындарымен танысып, оқуыма да Абай себеп болды. Ғылым іздеп, қалаларды аралауыма Абай себеп болды. «Мұсылмандық», «Түрік-қырғыз» шежіресін «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебекті» жазуыма көп көмек берді», — дейтін.

«Мен, — дейді Шәкәрім, — Жайлауда Абай аулына бардым. Үйде Абай тұрғылас ақсақалдар толып отыр екен. Мен сәлем беріп кіргенде Абай: «Кімді айтса, сол келеді дегендей, Шәкәрім, келгенің жақсы болды. Мен мына ақсақалдарға айтып отыр едім. Мен етек басты болып, білім қуа алмай қалдым. Сол көксеген арманымды Шәкәрім арқылы орындаймын деп, саған білім қуғызатын болдым! Адам қырық жасына дейін білім жинап, қырық жасында кәміл толады, ақыл-ойы, жігер-қайраты жетіледі. Енді үш жылда сен қырыққа толасың. Шығыс тіліне жетік болдың. Енді үш жылға дейін орыс тілін үйрене бер. Бар қаражатың менің мойнымда, сен осыған дайындал. Кәне, осыған келісесің бе?» — деді. Мен: «Барлық қаражат сізден болса, білім алуға барайын. Бірақ, қай жерге барамын?» — дедім. Абай: «Афин-Грек білімі Стамболға жиналған, содан табылады. Араб білімі: Меккеде, бірақ, менімше Меккеден гөрі Мединадан көбірек табылуы керек. Және Мысырдағы Александр атындағы кітапханаға барасың. Осы төрт жерге барып, тарихи орындарды аралап, керек кітаптарыңды алып, біліміңді толықтырып қайтасың. Сатып алатын кітаптарыңа, жол қаражатыңа жетерлік пұлды өзім берем. Осыған келіссең, қолыңды әкел — деп», қолын ұсынды. Мен: «Қаражат сізден екен, мен білім алады екем, барам», — деп, қолымды бердім. Абай қолымды алып кісілерге қарап, «Көрдіңдер ғой, Шәкәрім уағдасын берді!» — деді. Отырған ақсақалдар: «Көрдік» — десті.

Осыдан соң, мен орыс тілін жете білуге бар ынтамды салып, еңбек етуге айналдым. Басқа жылдарымнан гөрі, осы жылдарым пайдалы жылдар болды. Өзім білетін шығыс тілдерін де тереңдей зерттеп, кемшілігін толықтырдым.

1901 жылы Абай жақсы көретін ағам — Шәке қайтыс болды. Одан бұрын 1892 жылы Оспан қайтыс болған. Шәке өлгенде Абай бірнеше күн болып Шәкенің зиратын қалатып, қырқын бергізіп қайтты. Қазақтың өлген адамын үш жыл жоқтайтын дәстүрі бар. Адамы өлген ауыл үш жылға дейін қаралы болады. Осы өлімнің үстіне мен өте жақсы көретін Мағаш 1904 жылы қайтыс болып Абайдың да, менің де сорым қайнап қалды. Абай Мағаш өткен соң, ақылынан адаспаса да, ауыр ойдың құрсауында болып, үйде көзінен жасы парлап, отырып қалды. Біз Мағаштың жетісіне дайындалып жаттың. Ауылдың қасындағы дон, басында Абайды күтіп, елдің қадірлі көп адамдары жиналды. Мен Абайға келіп: «Сіз өзіңіздің: «айтқанын істеген — анық адам және қайғыға қайғыра біліп оны тоқтата алар қайраты да болуы керек» — деп, бізге үйретіп, соны істемегеніңіз қалай?» — дегенімде, «Е, мен не деп едім?» — деді. Мен сонда:

«Көзіме жас бер, жылайын,
Шыдам бер, қайрат қылайын.
Жаралы болған жүрекке
Дауа бер, жамап, сынайын», —

деген жоқсыз ба? — дегенімде. «Мен әлсірейін деген екенмін ғой. Киіндір, тысқа шығар», — деді. Мен шапанын, бөркін кигізіп, қолтықтап көптің ортасына әкеп отырғыздым. Абай көппен амандасып болған соң, тез бойын жинап, «Мағаш тек менің ғана балам емес екен, көптің сіздердің де балаларыңыз екен! Мен сіздерді ойламаған екенмін, ғафу етіңіздер!» — деп, сөзге араласып кетті. Бір мезетте, мені қолымен нұсқап: «Мынау Шәкәрім де, мен де сорлы екенбіз. Бұдан бұрынғы жылда Шәкәрімге ойымды айтып, уағда бергенім естеріңізде шығар. Мына екі туысқанның қазасы қабат келіп, мұны білім іздеу жолынан қалдырды, менің Шәкәрімге білім қуғызсам деген мақсатым орындалмай қалды. Шәкәрім де, мен де сорлы екенбіз дегенім осы?! — деді. Мен Абайға: «Ол тілегіңізді орындаймын, айтқан жерлеріңізге барамын» — дедім. Абай аз күлімсіреп: «Қаражат беретін мен өліп қалсам, қайтесің? — деді. Мен: «Сіз өлмеңіз! Қайтсем де, тірі болсам, Сізге берген сертімді орындаймын!» — дедім.

«Бір қайғыңды бір қайғың ұмыттырсын» деген оңбаған қарғыстай, Мағаштың қырқында, Абай қайтыс болып, біржола сорым қайнап қалды. Абай түсімнен шықпайтын болды. Абайдың қаралы үш жылын күту қиын болды. Ақыры ойланып, ел бауырға түскен соң, барлың туғандарды жинап, Абайға еткен уағдамды орындауға сапар жүретінімді айттым.

Бұған наразы болғандары: «Жақсы көретін ағасының үш жылын күтпеуі қалай?» — деп баруыма ырза болмады. Ұққандары ырзалығын берді. Наразы болғандардың өкпелерінен гөрі Абайға берген сертімді орындауды артың көрдім.

Сүйтіп, 1905 жылдан 1906 жылға қарсы күзде жүріп кеттім. Абайдың ақырғы кеңесі — осы сапарым менің көзім ашылып, адам қатарына қосылуыма үлкен себебін тигізді. Сол сапарда, неше ұлттың, ғалымдарымен сөйлесіп, пікір алысып, керек кітаптарды алдым. Ол кітаптарды посылка етіп, Семейдегі Әниярдың атына жіберіп отырдым. Стамболда тарих қорларын сақтайтын орындарда болып, ары бара жатқанда 13 күн тарих ақтардым. Ертедегі Шығыс ақын-жазушы, ойшылдарының шығармаларын түгелдей алдым. Гомерден бастап Грек халқының ойшыл-философтарының шығармаларын, Батыс философтарының шығармаларын, ертедегі Түрік ғалымдарының жазған шығармаларын, әр елдің лұғаттарын, Америка жазушыларының шығармаларын алдым. Демек, менің бұл сапарым көкірек көзімді ашып, аңсаған арманыма қолым жеткен сапарым болды! Бұ да Абайдың айтқан ақыл-кеңесінің жемісі. Стамболдан Меккеге бардым, оның тарихи орындарында болып, көп қажеттерімді таптым. Мединаға бардым. Одан Араб халқының ескі замандағы Мұхаммед пайғамбардан 200 жылдай бұрын болған Абу Суфиян сияқты ғалымдардың шығармаларымен танысып, кітаптарын алдым. Бірақ, Мысырдағы (Египеттегі) Александр атындағы кітапханаға бара алмадым. Меккеде сол кітапханада көп жыл істеген ғалымға кездесіп, менде жоқ ғалымдардың шығармаларын жазып алдым. Қайта қайтқанда бізден ауру шығып, бір айдай Стамболда жатып алдың. Мен доқтырмен келісіп Стамболдың тарихи орындарын тарихи ақтардым. Үнді, Парсы ғалымдарымен пікір алыстым. Ең аяғы Түрік музыкантынан нота жазуды үйрендім. Парсы тілін жетік білетінімнің арқасында Парсы, Үнді доқтырларымен сөйлесіп, емдеу тәсілдерінің көбін үйрендім» — дейтін.

«Болыс-әкімшілікке құмар болдыңыз ба?» — деген сұраққа әкей былай деп жауап беретін: «Құмар болғам жоқ. Абай маған: әкімшілік қолында болған адам елді жемей, қиянат қылмай, партия, дау-жанжалға кіріспей отыра алмайды. Кіріскен адам ардан айрылады, білім қуудан қалады» — деп, құлағыма құя беретін. Сондықтан, болыстыққа құмар болмадым».

«Болыс болдыңыз ғой?» — дегенде, «Екі рет өзіміздің Шыңғысқа, алты айдай Сыбанға болыс болдым. Шыңғысқа болыс болып қалуымның себебі: қазақтың жуандары болыстыққа араласпай тұрмайды. Екі жуан елді бөліп алып, қай шары көбі болыс болады. Біздің елде осындай екі партия болған. Ол кезде Шыңғыста отыздың ішінде елу басы болған. Біздің Олжай жарылса: бес старшын — Сақ-Тоғалақ екі старшын — Өнет-Бөкең. Бұларда жеті тас — жеті, елу басы бар. Бұлардың көпшілігі нашар, кедей таптар. Бұлар бұрын әкемнің жолдастары, тату достары болған, момын елдер. Ұжымды, берекелі ел болған. Олжай бөлінгенде бұлар тұтас отырып, қай жағына шарын салса, сол жағынан болыс сайланатын.

Бір жылы, қиян-кескі партияда, Олжай екі бөлініп, болыстыққа қырқысады. Болыс сайлауында жеті старшын екі бөлінген екі партияның екі жағына да шарын бермей отырып алады. Келген ояз шар түгел болмаған соң болысты сайлай алмай-ақ қояды. Ояз: «Бұлай болса, назначениямен басқа болыс сайланады!» — дейді. Ал, жеті старшынның айтатыны: «Бізге ризашығын, алым-салық ауыр түсетін болды, біз болған болыстан дұрыстық таппадық. Бізге адал, қиянатсыз кісі керек. Олай болмаса, жаттан-ақ сайлансын!» — дейді. Осы сайлауда Абай мені шақыртып алып, «Сен болыс боласың», — деді. Мен: «Болыс болмаймын, болыс болма деген», — дедім. Абай: «Кім саған болыс болма деді?» — дегенде мен: «Өзіңіз айтқансыз!» — дедім. «Оның рас! Бірақ осы жолы сен болыс болмасаң, басқа елден кісі әкеп сайлайды, болыстық кетеді!» — деп мені көндіріп, шарға салғанда болыс боп шықтым. Ешкімнен шабарманға ат, болысқа сойыс, не орынсыз шығын салғам жоқ. Жоғары орынның тапсырған қызметін істеп жүрдім. Келесі сайлауда талас болып, мен тағы сайландым. Келесі сайлауда: «Қуған білімімнің қалғанын, болыстықтың жексұрындықтан басқа түк әпермейтінін айтып, енді болыс болмайтынымды айттым. Оспан болыс боламын дей беретін. Оспан ағам болсын, мен босайын!» — дедім. Абай келісті.

Оразбай Абайға қарсы. Осы сайлауда Оразбай жақтың шары көп болып, Күнту болыс болды. Сүйтіп, мен Шыңғысқа екі сайлау болыс болдым амалсыздан...

1911 жылы Сыбанның Салпы деген табында қырғын талас болып, кісі өліп, сайлау болмай қояды. Сондықтан жоғарғы орын мені назначениямен сол елге сыртымнан болыс сайлады. Мен: «Сырқатпын, болыс болмаймын!» — деп оязға бардым. Ояз: «Сен ол елді жайғайды деп жіберіп отырмыз. Егер бітірсең босайсың» — деді Мен жазғытұры Сыбан еліне барып, таласқан екі жақты бітістіруге бар күшімді салдым. Аңыры сәті келіп, татуластырып, бітістік деп ел атынан оязға рапорт түсіртіп, екі жақтың қалаған бір кісісін болыс сайлатып, сол күзде босап қайттым. Содан кейін болыс болғам жоқ!» — дейтін. «Мені болыстың, әкімшілікке құмар қылмай, одан құтқарған Абай!» — дейтін.

Мен 1900 жылы шілде айында туыппын. Мен әкемді 5-6 жасымнан бастап жақсы білемін. Мекке жақтан әкей Семейдегі Әнияр деген кісінің адресіне тең-тең посылка жіберіп жатады екен. Оларды Әнияр біздің қалашыдан ауылға жіберіп, оларды үйге жинап қоятын. «Бұл не?» — деп сұрасаң, «Атаң жіберген кәмпит, өзі келген соң береді», — деп бізді қуантып қоятын. Әкей келіп ашқанда бір-aқ көрдік, бәрі кітаптар болып шыққанын Әкей Меккеден жазғытұрым көк шығып жер кебер кезде келді. Біз арбамен он бес шақырымдай жердегі Шәкен аулынан алдынан шықтық.

1907 жылдың қысында «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын жазды. Оны жақсы білемін. Келген кісілерге оқып беретін. Осыдан бастап, әкейдің айналасында кітаптар жиналып тұратын, өзінің дөңгелек столында жазу жазып, кітап оқып отыратынын білем, өңкей солақай болатын. Әкей балаларға көп ұрыспайтын, жеке үйде отыратын. Біз қасында ойнағанымызда алаң болмайтын. Әкей қонақ келгенді ұнататын. Қонаққа ертек айтқызып, не өзі ертек, әңгіме айтып, жазған өлеңдерін оқып беретін. Кейде жаңа оқыған әңгімесі, жазған қиссаларын ауылдағы адамдарды жинап айтып, оқып беретін. Үйде жүрген әйел, еркектер әкей әңгіме айтарда именбей келе беретін. Әкей кісі талғамайтын. Қиясбай сияқтылармен Абай сияқты әңгімелесе беретін.

1912 жылдың жазында «Кең қоныс» деген жайлауынан қора салдырып, қыста қыстап барып, сонда жататын болды. Қар қатқанша қасында бір қағушысы, бір бақыршысы болды. Қар қатып, аңға шығудан қалған кезде, қағушыны қайтарып, бақыршы екеуі ғана қалып, өзі кітап оқып, жазу жазумен шұғылданатын болды. Алты жылға тақау осылай істеп жүріп, 1918 жылдың қысында, он төрт жасынан біздің ауылда болған руы керей «Әупіш» деген жан жолдасын қайтарып жіберіп, өзі жалғыз жататын болды. Әупіш келген соң, ауылдағылар шошып қалды. Әупіш келген жайын баяндады. Бір күні оған әкей: «Түйе саууды үйрет», — дейді. Әупіш: «Оның керегі не сізге? Үстіңізге сүт шашырайды», — дегеніне болмай, түйені қалай саууды үйренеді. Онан соң, бір күні Әупішке айтады: «Сен елге қайт, мен жалғыз жатамын» — дейді. Әупіш: «Қайтпаймын!!» — дейді. Әкей: «Жоқ, Әупіш! Сен мені ұғасың. Менің қайғы-қуанышыма ортаң екеніңді білемін. Шын маған жаның ашыса, елге бар. Мен сенің еркіңді байлап, неше жыл қасымда ұстадым. Әрине, сен менің қасымда болғаныңа ренжімейтініңді жақсы білемін. Бірақ, адамның еркін байлау — құлданумен бір себеп. Мен енді құс салып жатқам жоқ. Ендігі бітіретінім — жазу, өз тамағымды өзім істеп, су әкелуге, от жағуға, атқа, түйеге даяр шөпті салуға шамам келеді. Мені ұқсаң, аясаң, елге қайт», — деп, болмай мені қайтарды», — дейді. Әупішті қайтарарда және Әупіш туралы жазған өлеңі бар. Соны оқығандарың жөн болар.

1924 жылы бұрынғы қорасы жерімен — крестиян болып орнаған шаруалардың теліміне тиіп кетті.

1925 жылы Кереймен жапсарлас, Шақпақтың күнгей бетінен, бұрынғы қорасынан он бес шақырымдай ары, жайлаудан әкейге жаңа қора салып бердік. Бір там, бір шошала, айналдыра салған пішен қора, ат қорасы болды. Өзі өлгенше сол қорасында болды. Жазда отынын, атқа беретін шөбін дайындап береміз. Соятын малый, соғымын 14-15 шақырымдай жердегі Байқошқар ауылындағыларға қойып кетеміз. Қыстай сол қорасында жазуын жазып, кітаптарын оқып жатады. Ауыл жайлауға шыққанда бірақ қосылады. Анда-санда ауылдан кісі барып, қал-жайын біліп тұрады. Ауыл қыстауға қайтарда әкей қорасында қалады. Не ауылмен келіп, қараша, желтоқсан айларында қорасына қайта барып жатады.

«Әкей, Абай өзін қалай тәрбиелесе, бізді де солай тәрбиеледі. Соның негізгілері: адам елге, не біреуге пайдасын тигізуі керек. Пайдасын тигізе алмаса, залалы тимесін. Онан соң, қатты тапсыратын нәрсесі — адалдық! Адал болыңдар, адалдық арқаны ұзын. Біреуді өткелге салып өтуден сақ болыңдар. Егер бұны істемесеңдер, ырза емеспін, — дейтін. Адам баласын ұлтқа, руға бөлуден сақтан. Бұлардан басқа да: қайтсе адам адамшылық атқарады? Жазушы, ақын қандай болуы керек? Шын адам кім? Жаман нәрселер нелер? Адамның қай мүшесі қандай қызмет атқарады, қай мүшең артық? Адамшылық міндетін немен атқарады? Елге қалай еңбек ету керек? Осыларды өзі шешіп, көп-көп ақыл айтып ұқтырады. Осыларды жазыңдар деп тақырып беріп отыратын. Осы ақыл-кеңесінің арқасында мені мен Қабыш деген баласы: «Ақын», «Өлең айт!», «Жүрек», «Адам кім?», «Жаман не?» деген сияқты тақырыпта өлең жазып, айтқан әңгімесін, ертегісін қисса етіп жазып көреміз деп талпынатын болдық. Қабыш деген баласының қабілеті артық еді. Ол ағай өлеңді қолма-қол айтып, ойын дөп түсіретін, 33 жасында қайтыс болды. Біз де әкей сияқты ән шығарамыз деп те талаптандың, шығардық та, осының бәрі әкей тәрбиесінің нәтижесі. Біз әкейдің тәрбиесінің арқасында боқтық, арамдық дегенді білмедік. Кісі түгілі айуанды да боқтап көрген емеспіз. Малшыларды не оның балаларын бөтен санағанымыз жоқ. Олармен бірге жатып, бірге ойнадық. Олардың үлкендерінің аттарын атамайтынбыз. Ата, апа — дейтінбіз. Олар бізді жанындай жақсы көретін.

Әкей көп жантаймайтын. Әкейдің бір әдетін көрдім. Бір істі істеп отырып, басқа бір істі істеп отыратынын байқап: «Екі істі бір мезетте қалай атқарасыз?»-деп сұрадым. Сонда әкей айтатын: «Дағдыланған ой негізгі қажетті түйіннен айрылмайды. Ал, қосымша істелетін іске ойланбай, жай қарай, қол қимылымен істей беруге болады. Мен негізгі бір ойды ойлап, не істеп отырғанда басқа дыбыс, не сөзге көңілім алаңдамайды. Оған адам ысыла келе үйреніп кетеді» — дейтін.

Әкей: «Ұмытшақпын?» — деуші еді. Онысымен біреудің айтқан, не жай ел арасында айтылған, аса қажетті емес сөздерді ұмытып қалатынын айтса керек. Ал, қай ақын, жазушы, ойшылар — не мәселе жайында қандай пікір айтты десеңіз, оны кім айтқанын, ол жайында не деп айтқанын, қай шығармасында айтқанын да ұмытпайды. Соған қарағанда өзіне керексіз сөздерді ұмытып, қажетті, үлгілі, өнерлі сөздерді ұғуы да, ойына сақтауы да түбегейлі болып қалатын сияқты.

Әкей жалпы жастарды, оның ішінде оқыған жастарды, жақсы көретін. Семинарияда оқыған — Біләл Құдайбаев, Нұғыман Құланбаев, Құтайба Ибрагимов сияқты жастар келгенде, бөлек отырғызып, олармен әңгімелесіп, олар үйде екі-үш күндеп жататын. Ол кезде мен жас болатынмын. Не жайында әңгімелесетінін аңғара қоятын кезім емес. Ал, өзім толың білетін кезде Мұхтар Әуезов, Даниял Ысқақов сияқты оқыған жастар келіп, бірнеше күн жатып, әкеймен әңгімелесетін. Сонда, Мұхтардың көп айтатыны Шығыстың ақын-жазушылары болатын. Оларды жетік білетін әкей олардың не жайында, айтқандарын түсіндіріп беретін. Бір күні Мұхтар: «Сол Шығыс ақындарының ішінде ең күштісі қайсысы?» — деп сұрағанда әкей: «Олардың бәрі де шебер, нәзік-көркем жырдың иелері, шешен тілді ақындар, маңызды әңгімелерді жазушылар. Бұларды Батыстың ойшыл -ақындары да мақтаған: бірінен бірін артық-кем деу қиын. Солардың ішінде Ғафиз (Хафиз) — «Ниссан-ил-ғайып» атанған: «Оның тілі ғайыптан келген», — деген мағынада». Тілге өте шебер ақын болған деп Ғафиздың өлеңдерін айтып, оқып, аударып беретін. ІІІайх Сағади да қызықты, мазмұнды әңгімелерге шебер жазушы болған деп, оның да бірнеше қызықты әңгімелерін айтып беретін. Солар сияқты Науаи, Фердаусилардың да не жазған, не дегенін айтып-әңгімелеп беретін. Бұл жайт әрқашан болып тұратын. Мұхтар әкеймен жиі келіп әңгімелесетін. Қыста да Мұхтар мен арқылы әкейге хат жазып, керекті сұрақтарына жазба түрде жауап алып тұратын. Кейінде Мұхтар марқұм айтатын: «Сол кезде Шығыс әдебиеттеріне Шәкәрімдей жүйрік адам көргем жоқ. Шығыс әдебиетіне берілуіме себеп болған ұстазым Шәкәрім!» — дейтін.

Шынында, Шәкәрім Шығыс әдебиетіне жүйрік болған, көп оқыған, Шығыс ақындарының кейбіреулерінің шығармаларын қазақ тіліне аударған.

Әкей өлеңді ойланып жазатын. Көбінесе үйде далаға шығып кетіп жазған кездерін де көрдім. Кейде атқа мініп, тауға шығып, өлең жазып келген уақыттары да болды. Ал, қолма-қол жазған үш өлеңін білемін: Біздің үйге жастар жиі келетін. Жайлауға шыққанда, бір күні бір топ жастар әкейге келді. Сонда жақсы-жаман адам жәйлі сөз қозғалды. Оны бастаған Өмірлі — әкесі Құланбайға, кейін Құдайбердіге жолдас болған, руы — Әнет, біздің ауылдың қасында болатын. Жасы кіші болса да тұрғылас деп әкей Өмірлімен қалжыңдаса беретін. Сүйтіп отырғанда, Өмірлі: «Қажы, маған жақсы-жаман кісі қандай болатынын жазып беріңізші? Ол менің өлеңім болсын. Мыналарға айтып жүрейін!» — деді. Біз қымыз ішіп отырдың. Әкей жазып жатты, бірақ көп кешіккен жоқ. Міне, Өмірлінің өлеңі деп, мына өлеңді оқыды.

Адамның ең жақсысы — қиянатсыз,
Ақ көңіл, Ең залалкес жасығы — тайғақ мінез,
Екі тіл. Көз мінезі құбылса — ар-иманы жоқ деп біл,
Аулақта жемтік сыдырса — оны ойыңмен айуан қыл.
Дұшпанға да бол әділ, түсірме ойға тот пен ніл,
Осы өлеңді құлаққа іл, болсаң анық біздің ұл!

Енді екі өлеңді бір кеште қатты кейіп келгенде жазғанын көрдім.

1918 жылы, мен орыс оқытушысынан орысша оқиын деп Семейге бардым. Кеңес өкіметі қазаққа соттықты берген соң, мұндағы алаш азаматтары облыстық соттың бастығы етіп сырттан әкейді сайлаған. Біз қаланың Жоламан жақтағы шетінде, Үдері дегеннің үйінде жаттың. Семейдегі Белгібай деген байдың қызы бір мұғаліммен қашып кетті дегенді есіттік. Ертеңінде Жаңасемейдің базарына барсам, көп адам жиналып тұр екен. Байқасам, төменгі жақтан бір арбаға бір қызды отырғызып, оның қасына беті көкала болған, басы жарылып орамалмен байланған бір жігітті отырғызған. Екі қазақ солдаты отырып, атты айдап келе жатыр екен. Тақап келгенде байқасам, жігіттің басын байлаған орамалдан қаны шығып тұрғанын көрдім. Базарға келіп, жігітті түсіріп, ұрып, жаяу айдады. Қасымдағы кісіден: «Бұлар кім? Бұларды қайдан әкеледі?» — дегенімде ол: «Бұл қашып кеткен Белгібайдың қызы. Бір мұғаліммен кетті дегеніне 2-3 күн болған, соны іздеп жүр деген. Анау сол Белгібайдың қызы, мына жаяу айдап бара жатқаны алып қашқан мұғалім болу керек, сорлыны аямай соққан екен!» — деді. Мен және бірқатар адамдар арбаның артынан еріп отырдың. Арбадағыларды Белгібайдың қоңыр шатырлы үйінің қақпасынан кіргізді. Мен әкейге келіп, көргенімді, естігенімді айттым. Әкей де естіген екен.

Әкей, мен, атшы Дүйсембі үшеуіміз Үдерінің бір бөлме үйінде жататынбыз.

Жаңа жатып қалғанда, біздің терезені біреу қақты. Әкей шам жақты. Дүйсембі қақпаны ашып, екі адамды ертіп келді. Екі жас жігіт сәлем беріп, әкейдің қасындағы орындыққа отырысты.

Әкей келген жайларын сұрады. Оның бірі: «Белгібайдың қызын бір мұғалім 2-3 күн болды алып кеткен еді. Соны бүгін тапты. оған сіз ертең билік айтасыз. Қызды бұрынғы атастырған орнына қалдырсын да, мұғалімге жаза кесетін болсын! — деп бізді сізге жіберді, басты азаматтар» — деді. Әкей аз ойланып отырып «Балалар, сендер бекер келгенсіңдер. Олар сендерді босқа жіберген. Еш уақытта биге сен билікті былай айт демейді. Және біздің заң бар емес пе? Сол заңнан шыға аламыз ба?-деп, заң жазылған кішкене кітапшаны алып, бір тармағын оқыды. Одан ұққаным: Біздің заң — ар жолы, билікті ардан, адамшылықтан аттамай, тура айтамыз», — дегендей сөздер. «Міне, біз осы көрсетілген заңнан аспаймыз. Және бар жұмыстың анық-танығы сұрауда, қағуда ашылмай ма? Қайта беріңдер», — дегенде, басқа бір жігіт: «Ол қыз Оразбайдың жесірі екен. Оразбай ашуланып, мен Алашқа қырық ат бергем. Жесірімді қайтартып берсін. Әйтпесе кетісем деп, інісі Ыспанды жіберіпті», — деді. Әкей: «Оразбайдікі де жөн емес, айттым ғой, іс тергеуде шешіледі», — деп, орнынан тұрды. Олар да шығып кетті. Ол қыз — Мағаштың қызы Уәсиланы алған Қарамырза Кәкеннің ағасының баласына айттырған қыз. Қарамырзалар Оразбайдың қол астында, сондықтан Оразбай жесірім деп отыр. Ана жігіттер кетіп қалғаннан кейін, і үп ортасында тағы терезе қағылды. Дүйсембі және есік ашты. Үйге Жаңасемейде тұратын, руы ноғай Кәбір деген мұғалім мен бір ақсақал кірді. Амандасып болған соң ақсақал: «Қарағым, Шәкәрім! Саған бізді Затондағы, Жаңасемейдегі халың, елің жіберді. Қызды алған мұғалімге Сіз билік айтады екенсіз. Соның әділін шешсін деп көп сұрайды?! Алаштың екі солдатын алып, өлерше ұрып, итше тепкілеп, базардың ортасымен алып келгенін жұрттың бәрі көрді. Бүгін апарып Белгібайдың кілетіне қамап, тамақ апарғанның тамағын алғызбады. Қыз еркімен қашқан.

Өлердей сабағандай кісісін өлтіріп, қорасына түсіп, малын ұрлаған жоқ қой! Осы да заңға, адамгершілікке жата ма?» — деді.

Әкей: «Ақсақал! Істі олардың берген жауаптары шешеді. Оған ел алаң болмасын. Біз ардан, адамдықтан аттап, билік айтпаймыз!» деді. Ақсақал: «Қарағым! Біз атаңның аруағына тапсырдың!» деп шықты.

Ертеңінде Жаңасемей базарының жоғарғы жағында, Қаражан байдың мектепке жалдаған үйі болатын. Сот сонда болатын болды. Алаш бастығы Әлихан Бөкейханов Омбыға кетіп, орнына уақытша Мұхаметжан Тынышбаев тұрған. Сот болатын залға жұрт лық толды. Мен есік босағасында тұрдым. Сыймағандар есіктен сығалап тұрды. Алдыңғы қатарда қыз, Белгібайдың туғандары отырды. Басы орамалмен таңулы, беті, маңдайы көкала болған мұғалім тұрды. Оның артында мылтық ұстаған солдат тұр. Соттар келгенде, отырған жұрт түрегелді. Әкейдің екі жағында — Мұқыш Тоштаев пен Смахан Бөкейханов отырды. Мұқыш Белгібай атынан жазылған арызды оқыды. Арызда: «Қызымды тартып алып қашты, тереземді шағып, мүлкімді алды. Іздеу жолына қанша пұлым шықты, — деп шұбыртып, мұғалімді қаралаған сөздер. Сөздің бірі анық бірі күңгірт болып естілді маған.

Әкей Ғабдолла Қоскеевке сұрақ қойды. Қалай алып қаштың? Не алдың? Терезені неге сындырдың? — деп. Ол: «Терезеден шыққаным рас, бірақ қиратқамыз жоқ, ашпасын ашып, содан кеттік, еш мүлік алғамыз жоқ. Қыз ырза болған соң, алып қаштым!..» — деді. Мен Белгібайдың қызын бірінші рет көргенім сол, көк көз, қызыл сары екен.

Қызға сұрақ қойғанда: «Біз терезені қиратқан жоқпыз, ашпасынан шықтық. Үстімдегі киімімнен басқа түк алғам жоқ»,- деді. Ақырында әкей қызға қарап: «Қарағым! Ақырғы айтатын сөзін, не? Бұрынғы атастырған жеріңе баруға ықтиярсың ба?» — деді. Қыз бөгелген жоқ дайындалып алған кісідей: «Адал сот алқалары, Сіздерден сұрарым, тілегім, менің ақырғы айтарым: Мен бұрынғы жеріме бармаймын, оған ырза емеспін. Басыма бостандық берсеңіздер екен? Бостандық берсеңіздер, осы мұғаліммен қосылғым келеді» — деді. Арт жақтан: «Жарайсың! Жолың болсын!!» — деген дауыстар шықты.

Соттар оңаша бөлмесіне кіріп кетті. Аздан соң, соттар шықты. Жұрт түрегелді. Мұқыш соттың билігін оқыды. Бас жағында: «Біздің сот — ар соты, ардан, адамгершіліктен аспай, әділін айтамыз...» — деген сияқты сөздерді оқып келіп: «Қыздың басына бостандық берілсін! Өзі сүйген адамына барсын!» — деп тоқтады. Залдағылар ду қол шапалақтап жіберді. Түндегі келген ақсақал: «Бәсе, айттым ғой, Шәкәрім әділін айтады деп! Жолың болсын! Атаңның аруағы әмән қолдасын! — деп дауыстады. Ыспан қажы орнынан атып тұрып, әкейге қарап, қатқыл дауыспен: «Ей!! Шәкәрім! Алашорданы астықпен басып отырғаныңды көрермін! Алаш азаматтары, қауым не бізбен болар, не сенімен болар! Босаға бұзып, жесірімді тартып алып отырған бұзақыны ақтап жіберген арам билікті қайдан көрдің?! Бұл билігіңді алмаймын! Жеріне жеткенше қуармын!» — деді. Қатты ашумен керауыз Ыспан тағы әлденелер айтып жатты, жұрт шуымен ести алмадым. Сол кезде, қыз бен мұғалімнің қастарында тұрған жұпыны киінген адамдардың біреуі қара мұртты жас жігіт: «Мына төбеттің халқы кім? Халқы мына біз, мына тұрған көп пе? Әлде ат төбеліндей байларды халқым деп тұрма?» — дегенде, әкей: «Қой, шырағым!» — деді де, «Ей, Ыспан! Қайда, қандай жобада, қандай заңда көрдің әйелді сүймегеніне зорлап қоссын дегенді? Біз сол өзің айтып тұрған Алаштың шығарған заңымен айттың! Ырза болмайды екенсің, қу! Саған билікті ала ғой деп қолқаламаймын! Сүйген кісіңе айтқызып ал! Саған тартып, арам билікті айтуға арымыз шыдамайды! — деді. Шығып болмаған жұрттың арасынан: «Мына көсе не оттап тұр, өзі?» — деген дауыс естілді. Менің оған айызым қанып, Ыспанның әкейге айтқанына қаным қайнап, ыза болып тұрдым.

Кәбір бастаған бір топ жігіттер Қоскеев пен Белгібай қызын орталарына алып, жайраңдасып шығып кетті.

Кешке әкей қатты күйзеліп келді. Аңқау, ақкөңіл Үдері қажыға: «Қарағым ауырып келдің бе? Өңің қашып кетіпті?!» — дегенде, Әкей: «Мен босқа әуре болып жүр екем! Басшылардың елді ел қылатын түрі жоқ! Баяғы күндестік! Баяғы мансап құмарлық! Өзімшілдік! Баяғы рушылдық, партиядан арылар түрі жоқ! Елді қорғау, адалды жақтау жоқ! Сорлы елге, сор жауыны сорғалағаннан басқа түк жоқ! Бұлардан үміт, қайыр жоқтығына көзім жетті! Ел оқығандары ғой, елді адал жолға бастайды бұлар деп сеніппін! Қаталасыппын! — деді. Менің әкейге қатты жаным ашыды. «Енді бұлардың арасынан кетсеңізші» — дегеннен басқа ештеңе айта алмадым. Осы түнде, әкей: «Партия қуған өңкей қырт», «Тыныштық жоқ тыным жоқ», — деп басталатын өлеңдерін қолма-қол, ашу үстінде жазды. Ертеңінде, Быков деген доқтырды шақыртып алып, іш аурумын деп қағаз алды да, атын жеккізіп, Жаңасемейдегі Абдрахман байдың үйіндегі алаштың кеңсесіне келіп кірді. Мен, Дүйсембі екеуміз қақпа алдында, арбада отырдың. Әлден уақытта әкей шығып: «Ертең елге қайтатын болдың. Бүгін, керек-жарақ аламыз», — деді. Сүйтіп, әкей ауылға қайтып кетті. Аз күн ауылда болып, жайлаудағы қорасына барып жетіпті. Сол қыста қасындағы Әупішті қайтарып, өзі жалғыз жатты.

1907 жылы «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын жазды дедім. 1908 жылы қыста Пушкиннің «Дубровский» әңгімесін поэма қып аударды. Гарриет Бичер-Стоу әңгімесін «Том ағайдың балаганы» деп аударды. «Ләйлі-Мәжнүн», «Дубровский» поэмаларын ел баспаға басылмай-ақ жаттап алды. Ақтай елге тарап кетті.

Шәкәрімнің ел ісіне араласып жүрген кездері іс-әрекеттерін өзімен теңдес адамдардан сұрайтынмын. Олардың көпшілігінің айтатыны — Шәкәрімдей адал ешкім болған жоқ десетін. Олардың және бір айтатыны: Шәкәрім кісі қағуға жүйрік еді. Ұры мен айтушыны қаққаны ешбір билердің қаққанына ұқсамайды. Айтушысы жоқ жұмысты тексергенде, демек, жеке ұрының, айыпкердің өзін қаққанда да шындығын табатын. Және Шәкәрімге келген адамдардың наразы болып кеткенін көргеміз жоқ» — дейтін. Ұрыларды Шәкәрім қолына ұстап, ұрлықтарын қойғызғанын көрдім. Мысалы, өз старшындағы Мауқай, Мұздыбай, Жақайларды өз қолына ұстап, біріне жылқы бақтырып, бірін қасына ертіп, бірін қағушы етіп, олардың бәрі көрші, туысқандай болып кетті. Ұрлық-бұзықтық істеген адамдарды, солдаттан қашып келген ноғайларды, кісі өлтіріп, еліне сыймай келген адамдарды, ағайындарымен араздасып келгендерді ұрлығын, бұзақылық істерін қойғызып, қолдарына ұстау Құнанбайдан келе жатқан әдет. Құнанбайға Кавказдан кісі өлтіріп қашып келген Қазақбай (руы Шеркес), солдаттан қашып келгендер — Ысқақ Хабитқан, қазақтан — Сарымсақ, Қарымсақ, Шибұт, Байшуақ, Бердіқожалар, тағы басқалар Құнанбайға келіп, олардың көпшілігіне Құнанбай қыстау беріп, қоныстандырған. Абай да ұрлығын қойғызам деп, қолына ұстағандары Шөкемай, Шаңтимес, тағы басқалар. Құдайбердінің қолына келіп, ұрлығын қойғандар — Бәкеңнен — Мақыш, Қуағабай, Жексембай, Әнеттен — Алакөз, Қарабатырдан — Мергенбай. Осы айтылғандардың көпшілігі бізге туғандай болып кетті. Бірі атқосшы, бірі малшы болып, тату көрші болған.

Шәкәрім де ата-аналарынан қалған өнегені істеген. Жоғарыдағы айтылғандардың көпшілігіне жер беріп, бөлек ауыл еткен. Айтылған Қарабатыр Мергенбай қыстауын жаңа байыған ағайыны Дүйсекеге үш түйенің малына сатқан. Кейіннен Мергенбайдың баласы Мұратбай әкесі сатқан жерін даулаған. Әкей Дүйсекеннің баласы Бекқожаға: «Мергенбай кедейліктен арзанға сатты, үш түйенің малын ал да, жерін қайтар, не және үш түйені, малын бер», — деп үш түйенің малын Мұратбайға және алып беріп, өзінің «Суықжал» деген жерінен қора салдырған. Оларға жалғас қыстауынан айрылған Жүнісбайға да жер беріп, қора салдырған. Қарабатыр Исабай деген Шәкенің мерген жолдасы болған. Оған Шәке жерінен қыстау салдырып, қоныстандырған. Шәке өлген соң, тіпті, бертін де ол жерге Шәкенің Жалеш деген баласы қыстау салып, Исабайдың балаларын қыстауынан қуғысы келген. Жалешке ренжіп, Ғафыр (Қапыр) деген баласының «Молда қонған» деген жерінен қора салдыртып, жер бөліп берген.

Бертінде, Қарабатыр Өтегелдінің «Жерге қоштасу» өлеңі елге жайылып кетті. Шынында оны жазған Абайдың немересі — Әубәкір. Оны мен де жаттап алғам. Ол өлеңде Өтегелді Құнанбай берген қонысымды немерелерің тартып алып қаңғыртты, кімге айтайын, қош жерлерім, деген. Аяғында, «сендерді апам әруағына тапсырдым» — дейді. Апам деп отырғаны — Айқыз Қарабатырдың қызы — Құнанбайдың үшінші әйелі. Әкем — Көкітай, Тұрағұл, Әзімбай баласы Шөпіш, өзінің інісі Ырзықбай, тағы басқа туысқандарды жинап, өлеңді оқып берді. Олар бұл Әубәкірдің өлеңі десті. Әкей: «Бұл кімдікі болсын мейлі, бірақ, қыстауымды тартып алды — деп отырғаны — «Борсықбай» емес пе? Ол — Тәтем бөліп берген Қарабатыр Өтегелдінің жері емес пе еді?» — деді. Тұраш: «Өздері кедейліктен көшіп кетпеп пе еді?» — деді. Әкей: «Тек кедей болғандықтан емес, Сеңгірбай, Серікбай, Жүнісбайларды қуған, осы отырған біз, мына сендер! Онда байыған Сейіт аулын алып қалып, қуылғандардың орнына Ғабидоллаға қыстау салдырған жоқсыңдар ма? Онан да — Тәтем әлді, Абай өлді, біз олардың айтқанын істемедік, тапсырғанын орындамадық, — деп шындарыңды неге айтпайсыңдар?!» — деп ызғарлана сөйледі. Кәкітай: Шәкәрім аға! Ашуыңызды басып, қалай істеу керек, бәрін өзіңіз айтқаныңыз жөн, олардың жерінен айрылғаны да рас, жерсіз жүргендері де рас, — деді. Әкей: «Олай болса, ол жерді пайдаланып отырған байлары, малдылары кеткен, ол жерде бұрын телімі бар шаңырақтарға мал төлесін. Егер олар мал алмаймыз, өз қыстауымызға, жерімізге барамыз десе, ол жерге кейін орналасқандар көшсін» — деді. Шөпіш: «Қажы! Бұл билігіңіз заңға сыяр ма екен? Олар малды не деп тартады? Айып деп тарта ма? Жоқ, жер ақысы деп тарта ма? Егер, соның біреуін істеген болсаң, ол заңға сыя ма? Олардың бұрынғы қыстауларын қайтарып беріп, кейін орналасқандарды қолмен, күшпен көшіруіміз заңсыз болмай ма! Олай болса, сходпен жерлерін қайта бекітіп беру керек емес пе? Сход жинап, елді тегіс көндіруге бір старшындардың адамдары бір жерден шығып көне қояды деп ойлайсыз ба? Мына отырғандар наразы болып, арыз беріп қуыспай ма?» — деді.

Әкей Шөпішке ашулы түспен к,арап: «Айтып отырған айыбың не? Айып емес, жердің ақысын төлесін! Және «Заңсыз, сходнен бекітіп қайтару керек, оған жалпы бір старшынның барлық адамдарының бір жерден шығуы керек» — дейсің. Оларды жерінен қуып, Өтегелді айтқандай «тартып алғанда» оларға не төлеп едің? Және заңсыз болады дейсің? Жер, қыстауларын қайтартып алғанда заңды болады да, өз жерін, өз қыстауларын қайтарып бергенде заңсыз бола ма? Сходпен қайта бекітіп беру керек дейсің? Олардың жерін алғанда сход жасап, бекітіп алып па едіңдер?» — деді. Шөпіш: «Сіз маған қадаласыз, олардың жерін алып, қыстауларынан көшірген жалғыз мен емес қой?» — деді. Әкей: «Жалғыз сен емес, осы барлығыңа айтып отырмын. Беттеріңді байқадым. Шақырған жұмысым бітті. қайта беріңдер!» — дегеннен басқа түк айтпай, жазуына кірісті. Әупіш столдағы тегене, тостаған, дастарқанды жинады. Келгендер тегіс шығып, Кәкітай отырып қалды.

Аздан соң Кәкітай әкейге: «Сонша ренжігеніңіз не? Жаңағы айтқаныңызды істетіп, қаулысын жасаттырып бекіттіріп берейік. Егер, жерімізге бармаймыз, мал аламыз десе, малын алғызып берейін. Бірақ қайсысын істеуім керек, соның ақылын айтыңызшы?» — деді.

Әкей: «Қарағым, Кәкітай! Мен дегенде сенің ниетіңнің, жүрегіңнің ақ екенін айтпай-ақ білем. Сен бұған әуре болмай-ақ қой! Неге десең: Мұны істерсің. Басқа дұшпандар — қажының балалары тағы таласып жатыр дер. Онсыз да араздықтарыңды пайдаланатын қулар, араларыңа шоқ салар да тұтатар. Бұларды өзім жайғастырармын, қарағым. Қыстауынан айрылған Жүнісбайға жер бердім, орналасты. Ендігі қалған Сеңгірбайдың екі баласы — Өтегелді, Баймұрынды орналастырамын деді де, бізбен үйлері бір Өтегелді мен інісі Баймұрынды шақыртып алды. Сүйтіп, екеуіне «Күнгей бұлаң» — деген қонысын ап қора салдырды. Әкей бар туғаннан Кәкітайды өте жақсы көретін. Келген сайын құшақтап, маңдайынан иіскейтін. Кәкен, (Кәкітайды — Кәкең дейді) өте ақ көңілді, балажан адам еді. Біздің ауылға жиі келіп тұратын. Қонғанда бізді қасына алып жататын. Бәрімізді сүйіп, алдына, жанына отырғызатын. Шешелерімді «жеңеше» дейтін. Шешелерім де Кәкеңді еркелетіп, айтқанына көне беретін. Кәкең шешелеріме: «Еншім бар сендерде, бұл үй менің үйім, еншімді аламын», — деп қалжыңдайтын. Шешелерімнен қалаған ұсақ нәрселерін Кәкең алатын, қолын қақпайтын. Бір жылы қыста өз шешем тымаққа тыс жасаймын деп, пай шымылдықты бұзып жатқанда Кәкем келді. Жеңешесімен амандасып, біздің беттерімізден сүйіп, құшақтап болған соң: «Жеңеше! Мұны неге бұзасыз?» — деді. Шешем тымаққа тыс алу үшін сөгіп жатқанын айтты. Кәкем: «Жеңеше! Жақсы болды. Маған да бір тымаққа тыс керек еді», — деген соң, шешем: «Мә, қиып ала ғой» — деп, қолындағы қайшыны ұсынды. Кәкем: «Жеңеше! Мен тымаққа қанша шығатынын білмеймін» — деген соң, шешем өзі қиып, қолына орап берді. Сонда Кәкем тысты ұстап тұрып: «Мен сықылды біреу айтқан екен «сырты мұнан табылды, іші қайдан табылар?» — деп, сол айтқандай, іші қайдан табылады?» — деп күлді. Шешем де күліп, «Іші де табылады, қалқам! Ағаңның аңнан беріп жіберген он шақты түлкісі кілетте ілулі тұр, таңдаған біреуін алып деді. Кәкем сол түлкілердің біреуін алды. Мұны жазғаным Сқақ аулымен оның балалары, немере, шөберелерімен қанымыз, жанымыз, тілегіміз бөтен болмай, күні бүгін татулық үзілмей келді. Қазір Құнанбай тұқымының ең үлкені мен. Сол Сқақтың үбір-шүбір бала-шаға, келін-кепшіктеріне айтқанымды істеттім. Олар алдымнан кесе өтпейді, сыйлайды, қатты айтсам да көтереді. Кейде қисынсыз да ұрсамын, онымды да көтереді. Осының негізгі себебі бар.

Ысқақ Күңкенің баурында болып, Құдайбердінің бір туған бауырындай болып кеткен. Ысқаққа әйел әперіп, енші беріп шығарған біздің үй. Міні, осы жағдай Ысқақ тұқымдары мен Құдайберді тұқымдарын туғаннан артық айрылмас, үзілмес байланысқа әкеп тіреді. Кәкітайда, оның баласы Әрхам да біздің үйді «өз үйім» дейтін себептері осы. Әрхам да қашан қайтыс болғанша сомадай шал болып қалған мені құшақтап, бетімнен сүйіп, маңдайымнан иіскейтін. Бір келіп сүймегенде Әрхашқа өкпелегенім бар.Әрхамдай адал, бауырмал адам сирек болар!

Менің 20 жасымда, ел жайлауға шығып бара жатқанда, «Барлыбай» деген қоныста, бір топ адам келді. Олар әкейге сәлемдесіп, әңгімелесіп, кешке дейін отырды. Келгендер — Тұрағұл, Әрхам, Бердеш, Дүдіри, Медеухан. Бұлар Құнанбайдың, немере, шөберелері. Көтібақтан — Орынқожа, Кенжебек, Жігітектен Әзімқан, Бөкеншіден — Әлімбет, Торғайдан — Төлепберген, Тұмабай, Бәкеңнен — Ақымбай, Рахымжан, Әнеттен — Балаш, Кәрімқұл. Бұлардың ішінде әкейден кіші болса да, тұрғыласпын деп қалжыңдаса беретін сөзшең, өжет Байсалдың баласы — Орынқожа.

Сол Орынқожа әкейге: «Біздің, келген шаруамыздың алды сізді көріп, амандасу. Мына отырған жастардан басқамыз қарайлас келеміз, ең үлкеніміз — Сіз. Сіз болсаңыз кезең асар жерге тақап барасыз. Бір күні кезектен асып кетіп, көз жазып қалуымыз мүмкін. Сіз ашып айтпаған, біз сұрамаған екі сөзіміз бар екен. Соны Сізден сұралық деп мыналар жолда байласып еді, сіз соған жауап берсеңіз?» — деді. Әкей: «Орынқожа, дұрыс айтасың! Бүркелей айтқанмен, «кешікпей өлесің, дегенің ғой» — деп күлді. Сұрайтындарыңды айтыңдар», — деді. Орынқожа «Берген сұрағымызға біздің көңілімізге қарамай, шын ойыңызды айтуыңызды тілейміз?» — деді. Әкей: «Мен неге білетін сөзімді, ойымды ашық айтпаймын? Ренжітіп айтсам, менен кетіп қалады, «шаңырақ саным азаяды» деп қорққаным ба?» — деп күлді. Орынқожа: «Қажы! Мен мына отырған партия құмарлардың ішінде жүріп, осылардың амал-айласы жұққан ғой», — деп күлді. Орынқожа: — «Сізден бірінші сұрайтынымыз, осы отырғанымыздың қайсысымыз адал?» — деді. Әкей ойланған жоқ. «Ең адалдарың — Әрхам. Ол түптеп келгенде адалын айтып, адалына тоқтайды. Өзінің қол астындағы кінәлі жолдас, достарының кінәсін айта алады. Арамын арам дей алады. Ол партиямнан кетіп қалады ғой деп, қысылмайды. Кетсе өкінбейді, ақ ісінде табан тіреп қала алады, бұл Әрхамның адалдығын көрсетеді» — деді. Әрхаммен құрдас Бердеш: «Әрхам адал болайын, адалдықты ұстайын деген жоқ. Ол партия құмар емес, болыс болу қолынан келмейді. Сондықтан, оған жолдастың да керегі жоқ. Тек көзге адал көрінейін деп қана істейді» — деді. Әкей күліп: «Жоқ, Бердеш! Егер Әрхам сендей болыс болса, сенен артық болар еді де, елге қадірлі болар еді. Ал, Әрхам амалсыздан адал болайын деген жоқ. Әрхамның адалдығы өзіне тән, туа біткен адалдың. Жүре адал болатын да адам болады. Әрхамда қулық, бұлтақтау, өтірік айту, кезең асырып жіберу жоқ, шын адал!» — деді. Орынқожа: «Қой, Бердеш! Әрхаммен құрдас болғанмен, тең түсе алмайсың!» — деді. Отырғандар күлісіп алды. Орынқожа: «Әрхам адал дегеніңізге ешкім таласпайды, қажы. Енді кім шешен, соны айтыңызшы?» — деді. Әкей: «Сенің бұл сұрауыңа айтатыным: осы отырған сен шешен! Бірақ сенде екі мін бар. Бірі — даудың, ең әлді, ұтымды жерін алдына салып жібересің. Біреумен дауға түскенде, жығар ұтымдысын артына сақтау керек. Және сен дауласқанда, жанаспайтын жанама сөздерді қосып жібересің», — деді. Орынқожа: «Дұрыс айтасыз. Мен сөздің ұтар салмағын артына сақтау жөн екенін жақсы білем. Ал, менің дауласатын, айтысып, тартысатын кісілерім кім? Осы отырғандар, не осылар сияқтылар. Бұлардың жайы маған белгілі. Сондықтан, бұларды шу дегенде ұтымды, әлді сөздермен төбеден ұрғандай тырп еткізбей, қол-аяғын байлағандай, үнін қайтып шығармайтын етіп, әлді, ұтымды сөзбен ұрып жығам, бұлар ұтымды ештеңе таба алмай тілі буылып қалады» — деді. Отырғандар қатты күлісті. Тағы Орынқожа: «Егер, менің айтысатын кісім бұлардай болмаса, мен оны байқап, салмағын өлшеп алам. Ол адам әлді көрінсе, сіз айтқандай қажасып келіп, жығар жерім жетті-ау деген жерде, ұтымды, әлді, күшті сөзді сонда ғана қолданам. Күшті түйіндісін аяғына сақтаймын», — деді. — «Қажы! Екінші сөзге айтарым, мен ақын, жазушылардың жазған әңгімелерін балаларыма оқытып тыңдаймын. Сонда, сіздей жазушылар әңгіменің болар уақиғасынан бірден бастамай, «күн қызарып батты, қарайып бұлт аспанды басты, сылдырап өзен ағып жатыр, шөп жайқалып тұр», — деген сияқты сөздерді айтып келіп, әңгімені бастайтын көрінесіздер. Соны байқасам, әңгімем гүлденсін, түрленсін деп қосатын сияқтысыздар. Мен де дауым өтімді болсын, гүлді, қызықты болсын деп, түрлендіре, жанама сөздер қосатыным рас. Бірақ, теріс кетіп, не өтірік қосып, ұтылып қалудан сақтанамын» — деді. Жұрт және күлісті. Әкей: «Орынқожаның осы айтқан екі жауабынан тауып айтқыштығы, шешендігі байқалып отырған жоқ па? Шынын айтсақ, «Әрхам — адал, Орынқожа — шешен», — деді. Келгендер қайтты. Ал Шәкәрім дұрыс, әділін айтуды атасы Құнанбай, ағасы — Абайдың айтып ұғындырған жолынан шамасы келгенше таймаған, мынау жақын, анау алыс деп, ешкімді алаламаған.

Жоғарыда аты аталған Өтекелді жасынан әкейдің, жолдасы, қасында болған әнші, домбырашы, скрипкашы, ертекші, дойбы-құмалақшы, құсбегі, күлдіргіш, ойын-сауықты басқаратын епті, пысық адам еді. Өтекелді 1932 жылы қайтыс болды. Әкейдің жастық, мергендік, құсбегілік жайттарын Өтекелді жақсы білетін.

«Бір жылы — дейді Өтекелді, — Ел сыртқа шығып бара жатқанда, кештен бұрын Шәкәрім он екі атылар мылтығын алып, кетіп қалды. Ауыл таң ата көшуге дайындалып жатқан. Шәкәрім арқарлы Керегетас биігінің бір жотасынан дүрбі салып, жартастың, түбінде тұрған жеті арқарды көреді. Арқарды жағына алып, ату жерге келгенде, тастың жоғарғы басында, қарауылда тұрған үлкен құлжа пысқырып қалып, төмен тұрған арқарлардың қасына қарғып түседі. Дыбысшыл арқарлар елеңдеп, қашуға ыңғайланады. Үлкен құлжа алдарына түсіп, сайды құлдай қашқанда, қарсы төбенің басындағы обаны қалқалап отырған Шәкәрім алдыңғы құлжаны көздеп атып қалады. Құлжа ұшып түседі. Ендігі қалған арқарлар ұйлығып ымыранғанда, оларды ісек арқар бастап алға шығып, жалт беріп қайта сайды өрлей қашады. Шәкәрім енді алдында бастап бара жатқан ісек арқарды атып жығады. Оқтың қай жақтан шыққанын аңғара алмаған арқарлар тағы ұйлығып қалады. Бүйтіп тұрғанда бір тау ешкіні құлатады. Қалғандарын бір кәрі ешкі бастап жөнеледі, аңдып отырған Шәкәрім оны да атып түсіреді. Ендігі қалған үш арқардың екеуін сол сайда атып, қалғанының артқы бір аяғын үзіп жібереді. Шәкәрім атылған арқарларды бауыздап, бір жерге жинап, оларға сыртқы шапанын жауып, біз үй тігіп жатқанда ауылға келді. Мені мен Әупішті жіберіп арқарларды алғызды. Біз атылған арқарларды түйеге артып әкеп, сойып, етін қуырып, қуырдаққа бір тойдық» — дейтін Өтеш (Біз Өтекелдіні Өтеш дейтінбіз). Керегетастың сол сайы «Арқар қырған» аталып кетті. Шәкәрім мені қатты еркелетті дейтін Өтекелді. Өтекелді мынау үлкен, мынау кіші демей, бәрімен ойнай беретін. Оны ел тойынан, құдалығынан тастамайтын, ойын-сауықты Өтекелді бастайтын. Мұхтар өзі бастаған жастардың жазғы жиынына Өтекелдіні ертіп алатын. Ол бастық болатын. Ол кейін өзін — «Кәрі Қара» деп атаңдар деген соң «Кәрі Қара» атанды.

1932 жылы дүние салар алдында, Жаңасемейде Өтекелдіге ақырғы рет жолықтым. Әкейдің әрбір ісін айтып кеп, жылағаны әлі есімде.

Мен кетерде құшақтап, бетімнен сүйді. «Сол Шәкәрімнің алдында өлмей, артында қаңғырып қалдым, қарағым Ахат! Енді сен бақытты бол! Сен ғұмырлы бол! Ата -бабаларыңның аруағы жар болсын!» — деп, батасын беріп, жылап қалды. Оның ақ араласқан қара бурыл сақалы, қабағы салбыраған, оты сөнуге тақаған үлкен көзі, арық, ұзын денесі, әлі көз алдымда тұрғандай болады. Мен 1932 жылы, 14 мартта көрдім. Ертеңінде, мен поезбен кеткем. 15 мартта Өтеш қарт қайтыс болыпты.

Мен әкем Шәкәрімді «адал еді, адамды ала көрмейтін еді, істің ағына болысушы еді» дедім. Осыларды мен халықтың айтқандарынан, көзім көргеннен алып жаздым. Абайдың өмірі қасында болған Қорамжаннан естігенімді айтайын. Сол Қорамжан бір әңгімесінде: «Абай айтты біреуді: «Ол барып тұрған арам, оның арамдығының түбі жоқ» — дейді. Ал, адал адамға келгенде олай демейді. «Ол адал!» — дейді. Ал, мен — адалдыққа келгенде Шәкәрімнің түбі жоқ адал!» — дер едім», — деді дейтін. Әкейдің адалдық жайында бізге айтқан өсиеттерін жоғарыда айттым. Дүниеде өтер кезінің алдында бізге тағы да сенім артын, «Қабыш пен Ахат, Зиятқа» деп басталатын өсиет сәлемін жолдапты...

1928 жылы «ірі байлар, халықты бұрын қанап, зорлық-зомбылық көрсетіп, байыған ақсүйек, шонжарлар кәмпескеленсін» деген қаулы шықты. Сол қаулының бірнеше тармақтары болды, мысалы: кәмпескеге жататын адамдардың малының саны, оның ақсүйек, шонжардың тұқымы болуы, болыс, би болып, елді зарлатуы, көп жалшы ұстап, олардың еңбегін қанауы деген сияқты: ол тармақтардың бәрі ойда жоқ. Осы кезде бұрынғы Шыңғыс болысы — Досов болысы болып атанған. Досов болысынан бірнеше адамдар кәмпескеге ілінетін болды. Солардың ішінде малы толмаса да болыс болған, ақсүйек, аға сұлтан болған шонжар Құнанбайдың немересінен біреуі ілінуі қажет болды. Бұған орай Шәкәрім кәмпескеленіп, жер аударылатын болды. Бұл кезде кәмпескеге ілінетін адамды көпшіліктің жиналысына салатын еді. Ол күнде біздің ауыл «Қаражартас» ауыл советі болып аталатын. Осы ауыл совет жиналысына Шәкәрім салынды. Семейден келген үлкен уәкіл Қоянбаев және бірнеше адамдар шығып сөз сөйледі. Қысқаша, олардың айтқаны: «Шәкәрім кәмпескеге жата ма» деген ұсыныс. Сөйлеушілер: «Шәкәрімнің Құнанбайдың немересі екені рас, болыс болғаны да рас. Бірақ, Шәкәрім бір адамға зорлық-қиянат істеді, біреудің еңбегін жеді дегенді естігеміз де, көргеніміз де жоқ. Осы елде бір адал адам болса, сол Шәкәрім!» — деді. «Бізге салсаңдар біз Шәкәрімді кәмпескелеуге ырза емеспіз!» — деп отырып алды. Ақыры дауысқа салғанда, үш-төрт адамнан басқа қол көтерген адам болмады. Бұл жайды көп жазуды қажет етпедім. Осы жайында Құлжабек деген жігіт: «Мен Шәкәрімнің қолында болып жұмысын істедім. Малшы болсам да, өз үй-ішінің бір адамындай болдым. Ақымды кем беріп, ренжіткен жері жоқ», — деп айтқанындай сөзді біреу емес, бірнеше адамдар ортаға салған. Солайша, бұл жиналыс Шәкәрімді толық ақтап, бермей қалады.

Сонан соң, «Шәкәрімді өз ауыл советінен басқа ауыл совет жиналысына салу керек», — деп, бізге жалғас, «Ақтөбе» ауыл советінің жиналысына салды. Бұл жиналыста да елдің, көншілігі Шәкәрімді кәмпескелеуге ырза емеспіз деп, қол көтермеді. Үшінші рет ең шеткергі «Құндызды» ауыл советінің жиналысына салады. Бұл ауыл советтің көпшілігі Мырза деген ел болатын. Бұрын әкей сонда бір сайлауда болыс болған. Жиналыста олар да қол көтермей қойып, бір ауыздан бермей қалады. Демек, Досов болысынан Шәкәрімді қаралап, кәмпескелеуге ұсыныс айтуға ешкім шықпаған. «Шын адал адамды көпшілік қолдайды», — деген әкейдің дана ойы тура келгеніне сонда көзім анық жетті. Бірақ іс мұнымен бітпеді. Шәкәрімді енді қырдың жиналысына салмай, Семейдегі Затон жұмысшыларының жиналысына салатын болды. Осы жиылысқа қатысқан Алтыбаев деген жоғарғы орында қызмет істеп жүрген азамат жиналыста болған жағдайды, онда Шәкәрімнің адалдығын айтып сөйлеген адамдардың сөздерін бір түрлі әсерлі етін әңгімелеп берді. Алтыбаевтың айтқанының бәрі есімде қалмады. Егер сол азамат өзі болса, бәрін айтып берген болар еді. «Кеше заводта жиналыс болды. Сенің әкеңді кәмпескелеу жайы қозғалып, көпшілік талқысына салынды. Сонда бір жұмысшы: «Шәкәрімнің малы тола ма?» — деген сұрақ қойды. Оған: «Малы толмаса, басқа тармақтарға жататын адам. Ол — болыс болған. Қажыға барған. Жалшы ұстаған, оның еңбегін қанаған. Алашордаға кілең аға сұлтан болған Құнанбайдың немересі, бұл жағынан кәмпескеге толық жатады» — деді. Сонда тұрып сөйлеген жүмысшылар «Шәкәрімнің, бір адамға қастық қылды, арамдық жасады дегенін естігеміз де, көргеніміз де жоқ, біз Шәкәрімді кәмпескеге жататын адам деп айта алмаймыз» деді. Қанша жүмысшы сөйлесе де Шәкәрімнің, адалдығын, халыққа қиянатсыздығын айтты.

Сол сөйлегендердің ішінде озық көзге түскен бір қария болды. Ол: «Шәкәрімді болыс болды, жалшы ұстады, атасы Құнанбай, Алашордаға шілен болды дейсіз. Шәкәрім болыс болғанда кімді зарлатты екен кімге зорлық қылды екен? Шәкәрім болыс болды, бірақ, Шәкәрімдей адал болыс болған жоқ, ол халыққа аян! Шәкәрім жалшы жалдап, еңбегін жесе, бір жалшының еңбегімді жеді деп, Шәкәрім үстінен арыз бергені бар ма екен? Шәкәрім бір адамның еңбегін жеді дегенді осылардың бірі айта ала ма екен? Қажыға барды десе, осы да сылтау бола ма? Ол заманда қажыға кім бармады? Оған айыптауға бола ма? Атасы жуан деп, өзін күйдіруге бола ма? Осы отырған жұмысшылардың Шәкәрімді көргені де бар, көрмегені де бар, мен Шәкәрімнің адал билігін көзіммен көрдім. Алаштың билеп тұрған күнінде — Белгібайдың қызына билік айтып, басына бостандық беріп, алып қашқан мұғалімді ақтап құтқарған Шәкәрім болатын. Осыным бекер ме, жолдастар?» — дегенде, залдағы отырғандар «Мұныңыз дұрыс, дұрыс!» — деп шулап жіберді. — «Сондықтан, біз партия, өкіметіміз көрсеткен адал істі қолдайтын болсаң, Шәкәрім кәмпескеленсін дегенге қосылмаймыз! — дегенде, залдағы жұмысшылар: «Біз осыған бек қосыламыз!» — деп дауыстап жіберді. Қолға салғанда бір жұмысшы қол көтермеді», — деді Алтыбаев.

1929 жылда Алматыдан, Ораз Исаевтан әкей атына бір хат келіп, оны ауданда оқып, қайта желімдегенін көріп, мен де ашып оқыдым.

Хат О. Исаев, Т. Рысқұлов, тағы бірнеше азаматтар атынан жазылыпты. Хатта әкейге Алматыға келіп, тарих бөлімінде қызмет істеңіз. Қарауылда қанша жаныңыз бар. Шойын жолға қанша шақырымдай тұрасыз. Келіссеңіз хат жазыңыз, қаражат жібереміз. Сіздің тарих зерттеу мекемесінде қызмет істеуіңізді ұйғардық — депті. Бұл хатты мен оқып берген соң, туған-туысқандар, үй-ішімізбен қатты қуанысып қалдық. Бұл жақсы болды десіп, көшуге де дайындалсақ дестік. Сүйтіп, ауылдағылар көшпекке даярланып, шаруаларын жайғай беретін болды да, мен жайлаудағы қорасында жалғыз жатқан әкейге жүріп кеттім. Мен барғанда тамағын асып қойып, жазу жазып отыр екен. Мен қонаға барғам. Сәлем беріп, амандасып болған соң, хатты бердім. Мен хаттың бұрын ашылғанын, ауылдағыларға оқып бергенімді, үй-ішіміздің, жақын-туғандардың қуанып жатқандарын, көшуге де дайын екенімізді айтып тастадым.

Әкей: «Өздерің де көшуді, менің баруымды ұнаттыңдар ма?» — деді.

Мен: «Біз қатты қуанып қалдық, естіген ел де қуанды» — дедім. Әкей: «Е, сендер де, ел де оз көздеріңмен өлшеген екенсіңдер ғой?» — деді де, хатты оқыды. Аз ойланып отырды.

Mен әкейдің ыңғайын байқап: «Барғыңыз келмей отыр ма? Оныңыз тартпақтық емес пе? Уақытты көріп отырсыз ғой?» — дедім.

Әкей, аздап түсі бұзылыңқырап, «Менің айтқан нақыл сөзім бар еді. Сол айтқанымдай, сендер де, басқалар да мені танымайсыңдар деп ренжуімнің қажеті жоқ екен!» — деп үндемей қалды.

«Ақыл мен ойымның орны болған — денем өз сырымды анық білмейді. Достарым сырымды қайдан білсін?» — деген нақыл сөзі ойыма түсе қалды. Мен де үндемей, шаршаған болып, іштей әкейге өкпелеп, қыңырайып жаттым. Әлден уақытта, әкей: «Қой, екеуден-екеу отырып, араздаспалық, татуласалық. Шай қайнап тұр, шай ішіп, жайланған соң, мен ойымды айтайын», — деді.

Екеуміз шай іштік. Шай ішіп болған соң әкей: «Сендер де, ел де шолақ ойлағансыңдар. Сендер: мен онда барып отырсам, бізге де, өзіне де жақсы, жайлы болады — деп ойлағансыңдар. Ал, ел, басқа туғандар: Мына уақытша болып тұрған қысылшаңдықтан құтылып, аман қалар ма еді, — деп болжап-пішкен. Арғы жағын, болашақты көздемей, бүгінгі күнді ғана көздегенсіңдер. Олай шолаң ойлау жарамайды, балам! Бұл уақыт әлі орнығып болмаған уақыт. Келешек алда. Ал, хош делік, мен тарихты зерттеп отырармын, Сонда білген анық тарихты жазсам, ол осы уақытқа қайшы келер. Сол кезде олар маған не айтпақ? Мынауыңыз бұл кезге сай келмейді, былай жазыңыз демей ме? Егер мен білген нақты тарихты бұрмалап, тек осы кезеңге сәйкестендіре жазсам, сонда мен кім болам? Кейін ақиқатты зерттеп-аршушылар, болмайды (он айта аласың, ба? Сөзсіз болады! Тарихтың шындығы өшпейді. онда мен тарих алдында, арлы адамдар алдында кім боп шығам! Бір өлмей, екі өлгенім болмай ма? Әлде сендерді сақтап, қатын-балаларымды асыраймын, соларды аман алып к,алам деп барам ба? Жоқ, олай емес! Сендердің ырзықтарың өз алдарыңда. Шын адал, қиянатсыз болсаңдар, аққа қара жұқпайды. Менсіз-ақ бастарың аман болады. Адал еңбекпен өмір сүре біліңдер! Және осы мені шақырып отырған азаматтар осы орындарда бекіп отырады деп айта аласың ба? Аңыры хақиқат табылады. Бірақ хақиқатты табу жолы тура тартқандай жол болмайды, бұралаң кедергісі көп кездесетін жол болады. Қазір сол кедергілі жолда келеміз. Сендер осы уақыттағы кедергіге шыдамай, алдағыны болжамай айтасыңдар! Жас уақытым болса бір басқа. Енді өлер шағымда, үйде болғаным жөн болар! Маған бармады деп басқалар да, сендер де өкпе етпей-ақ қойыңдар?!» — деді.

Мен елсіз қора да жалғыз жатқан әкейдің қасында екі күн болып қайтпақ боп, шай ішіп отырғанда әкей маған қарап: «Сен менің Алматыға бармағаныма ренжіп қайтқалы отырсың, ә?! Мен өткізген өмірімді, ойымды білмегендіктен ренжисіңдер! Мен қандай дәуірде, қалай өмір өткіздім. Қатты дауылда, қанды оқпан толқында, қараңғы түнде, жай оғының астында, сорғалаған сор жауында, желкенсіз қайықпен теңізде өмір сүрдім. Менің өскен айналам қандай? Көргенім не? Осыны сендер білмейсіңдер! Айналам — дау, жанжал, өтірік, ұрлық қанау, талау, надандық, жуандық-зорлық, мақтан, мансапқұмарлық, партия, обырлық, қорқаулық, жалқаулық, ұрыс-төбелес, міне, менің көргенім-сүрген өмірім. Мен осылармен жағаласып, арпалысып өмірімді өткіздім. Олармен жеке өз басым үшін алысқам жоқ. Өз басымның тыныштығын ойлаған болсам, байлық, мақтан, мансапқа ие болып, мықты, жуан деген атаққа қолым жетіп, шалқып өмір өткізер едім. Арым, адамшылығым мені оған апармады. Адам болып тудым, адам атымды ақтаймын, көп үшін, халық үшін, келешек ұрпақ үшін еңбек етейін. Кейінгіге үлгі аларлық із-белгі қалдырайын, адам атым өшпесін, тарихқа азда болса үлес қосайын деген ойда болдым. Арыңды сатып бақ алып, мансап тапқанымша, көптің адалын жақтайын, көпке жағайын, көргенімді, білгенімді бар адам баласы үшін жазайын, наданның көзін ашайын, келешектің ойын ашайын деп жаздым. Айтқанымды, аңсаған арманымды орындауға қолым жетпеді, әлім келмеді. Қатыгез заман, қайырымсыз, қатал, мансап құмар, қаңғыбас, мейірімсіз басшылар көнбеді. Тілін емізген, көз байлаған қулар, жайдары пысықтар, алдампаз, арам сопылар, парақор ұлықтар көндірмеді. Мен жалғыз қалдым. Өз ойымды, өз арымды сақтап қалайын деп, адам атымды ақтап алайын деп, жапанға қаштым. Сондағы менің ойым, мақсатым не, білесіңдер ме? Қалған өмірімді жазумен, ізденумен өткізбек болғам. Сол ойымды, тапқанымды жазып кейінгіге қалдырмақ болдым. Өз заманым үшін жазғам жоқ. Келер дәуірдің адамы үшін жаздым. Адамның арты бүгінгілер ғана емес, кейінде келешектер бар. Дәуір артқа тартпайды. Алға тартады. Өмір жаңара бермек, өмір жаңарса, адам тазара бермек. Еш нәрсе біржола жоғалмақ емес, өзгеріп қайта келмек. Тарих мәңгілік. Ол өткеннің тазасын, жарамдысын алмақ. Жаңа заман тарихтың тазасына, асылына орнамақ. Тарихтың отындай тазасы, алмастай асылы жаңа дәуірдің іргетасы болмақ. Сол іргетастың бір керегіне жарарлық тас сынығын тайпақпын, соны жазбақпын. Соны іздегеннен басқа өмір маған қалған жоқ балам! Енді ұғарсың! Қош, жолың болсын!» — деп елсіз тамында қала берді. Мен қош айтып, елге тарттым. Әкейдің жайлаудағы тамы қыстауға алпыс шақырымдай болатын.

Әкейдің соңғы кездері көз алдымда. 1930 жылы, 26 майдан кейін әкемді қайтып көргем жоқ. 29 майда кел деп шақырған соттың қағазы келген соң, әкеймен қош айтысып айрылдым. 1930 жылы 29 майда аудан түрмесінде жатып, 4 июнь күні сот 5 жыл кесіп, Семей түрмесіне түстім.

1930 жылы февраль айының аяң кезінде, әкейдің науқастанғанын есіттік. Сыртта қашқындарды қарап жүрген солдаттар әкейдің тамына қоныпты. Олар барғанда әкей қатты науқас екен. Қыраулап кеткен үйді олар жылытып беріпті. Жақын жердегі ауылдың адамдары жер мұз болып қатынаса алмапты. Солдаттар аттарының аяқтарын қырықтырып зорға келіпті деген хабарды естіген соң және солдаттардың бастығы Племянов хабар айтыпты — біреулері барсын деп. Осы хабарды естіген соң, мен бір көршінің әлді атын сұрап мініп, бармақ болдым. Мен тура жолмен бара алмайтын болдым. Өйткені, жолдың қары қалың, жазық жерлері көп, сондықтан кілең жоталарды қуып отыруым керек болды. Сүйтіп, күн батарда «Кең қоныстағы» Орынбасардың аулына зорға жеттім. Атымның төрт аяғының жүндері қырқылып қалды. Орынбасар ақсақал әкейге екі рет барам деп, атының аяғын қырықтырып, жете алмай қайтқанын айтты. Бұдан былай Шақпақ жотасына шыққанша жазық, қар мұз қалың, қар беті мұз екенін айтты. Орынбасар ақсақалдікіне қонып, таңертең Орынбасар аулының қасындағы биікке алып шығып, жолды көрсетіп жіберді. Мен Шақпаққа қарай тура тарттым. Шақпаққа шейін жазық, қар-мұз атымның аяғын қиып тастады. Аяғынан қанды сары су шығып, төрт аяғы дірілдеп, аттың жүргісі келмеді. Аттан түсіп жаяу жетектедім. Қалың киім ауыр болған соң: қаптал шапанды атқа артып қойдым. Түс ауып бара жатқанда Шақпақтың баурындағы «Керуен бұлаққа» келіп, атымды шалдырып алдым. Күн еңкейіп бара жатқанда, зорға дегенде Шақпақтың жотасына шығып, атыма мініп, қағыл, мұзы ат тұяғынан аспайтын жерлермен қораға тарттым. Қораның қақ алдындағы белеске шыққанымда, қорадан кісінеген қоңыр аттың даусы естілді. Атым да қораны көрген соң, жіті басты. Қораның алдына келдім. Сыртқы қақпасы шарбақ болатын. Итеріп шарбақты аша алмай қойдым. Қоңыр аттың ширыққан жер тарпыған, пысқырған дыбысынан басқа түк естілмейді. Жым-жырт, жүрегім дірілдеп, аузыма тығылды. Әкей өліп қалды ма деген ой бойымды мұздатып жіберді. Көз алдыма әлденелер келіп, тамында әкей өліп жатқандай көрінді. Шарбақты арлы-берлі және қозғадым, ашылар емес. Терезеге баруға дәтім шыдамай тұр. Қараңғы түсіп барады. Күнде жауа борап, түтеп кетті. Мен терезеге бардым. Тірі болса, шам жағар деп. Жарық жоқ. Әкей өлді деп, жүрегім аттай тулады. Көзімнен жасым ағып кетті. Айғайлап жылауға елсіз дала, жан жоқ. Қора, соғып, ысқырып, ұлып тұрған боран, айнала қараңғылық өзімді бас салып жұтып жібергендей, өнебойымнан әл кетіп, жағым қарысып, тылсым тілімді байлап тастағандай, даусым шығатын емес. Күн батарда ғана желсіз ашық боп тұрған аспанды қара бұлт басып, қатты дауыл соғып, алай-түлейін шығарды, бұлтты сапырып, қарды боратып түкті көрсетпей жіберді. Көзіме әлде кімдер елестеп, басыма әлде не, қорқыныш ойлар оралып, есім ауғандай тұрып қалдым.

Еркіндікті көксеген көк тағысын, қараңғыны жамылған қара жүрек, қанды ауыз, қанды қол, қан ішер мерген мерт қылғандай. Әні, сол түз тағысы қансырап жығылды. Соның денесін кебіндей қарға орап, боран көрге көміп жатыр. Мынау айғай, шу, ызың, күңіреніс өлімді жоқтау, қайғылы қазаны хабарлау, өлім сағатында айтылар жоқтау мұңлы зар. Ия! Шал өлген екен. Ол анада келгенімде, еш қайда бармаймын дегенде, өлетінін білген екен. Түз тағысындай барлық өмірін түзде өткізіп, жапанда жапамен өлді. Өмірі де, өлімі де — жұмбақ сыр. Ол жұмбағы шешілер, сыры ашылар, ұғылар. Бірақ, оны сен шешіп, сен ұқпайсың. Шешетіндер, ұғатындар кейін табылады. Өздеріңді қалай тәрбиеледі. Соны ұғасың ба? Анық білесің бе? Жоқ білмейсің! Әкең ең алдымен сендердің жақсы болып өсулерің үшін ұяларының айналасының таза, былғаныштан, ластан аман болуын ескерді. Сендер екі шешеден: 6 ұл, 6 қыз болдыңдар ер жеткендерің (өлген 2 ұл, 2 қызды қоспағанда) Осы бәрің бір-aқ шешеден туғандай болдыңдар. Екі шешең бәріңді бірдей көрді. Сендер де шешелеріңді бірдей көрдіңдер. Сенің туған шешең үлкен шешеңді сыйлап, алдынан кесе өтпеді. Сен ғана үлкен шешеңнің бауырында болып, туған шешеңнің, басқаның тілін алмайтын оңбаған қылықтарың болды. Бір-біріңнің алдарыңнан шығып, ұрсып - таласып көрген жоқсыңдар. Көрші малшылардың балаларымен тату болдыңдар. Оларды ата, аға, әже - апа, әже - ана дедіңдер, олардың бөтендігі болған жоқ. Олар да сендерді өз баласындай көрді. Адамды сабап, боқтау, ұрсу дегенді білмедіңдер. Адамды ала көру қиянаттау әке - шешелеріңнің алдында кешірілмес қылмыс екенін ерте сезіндіңдер. Алғаш семья айналасындағы махаббат, татулық, адамды ала көрмеу, жатсынбау сендерде осыдан басталды. Осы тәрбиені — адалдықты, адамгершілікті, татулықты, оларды бұзатын жаман қылықтарды әкең жастайларыңнан құлақтарыңа құйды. Сендерге осыларды тапсырды. Сол ақыл-өсиет берген әкең өлді. Ал, қалай өмір сүресің деп, біреу құлағыма сыбырлағандай болып тұрғанда, жүрегім дір етіп, көзімді ашып, терезеге жалт қарасам, әкей сіреңке тартып, лампа жағып жатыр екен, қуанып кеттім. Жаңағы өлген түз тағысы да, оның қабірі де, басымдағы ой да әп-сәтте жоқ болды да кетті.

Мен терезені қақтым. Әкей лампаны ұстап, терезеге жақын келіп: «Бұл кім?» — деп дауыстады. Мен: «Ахатпын» — дедім «Аманшылық па? Шарбақты, аша алмадың ба?» — деді. Мен: «Аша алмадым?» — дегенімде, «Шарбақтың, көлденең салған үшінші шарбағының ортасына шөп тығып қойғам, сол шөпті түсіріп жіберсең, шарбақты тіреп қойған бақан көрінеді. Соны қамшыңның сабымен көтеріп қалсаң, шарбақ ашылады», — деді. Мен әкейдің айтқанын істеп шарбақты ашып, атымды қораға кіргіздім. Тықыршып тұрған қоңыр ат бір оқыранып барып тынышталды. Мен сәлем беріп, үйге кірдім. Әкей сәлем алып, ауылдың, елдің амандығын сұрады. Мен амандықты айттым. Әкей ағаш тегенені, алдына қойып, ұннан ұмаш көже істеп жатыр екен. Үйдің терезе жақ қабырғасының қырауы әлі кете қоймаған. Әкей айтты: «Қатты науқастанып, үш күн басымды көтере алмай, төсекте жатып қалдым. Кепеулер (ГПУ — А. Ш.): келіп, үйді жылытып, отын жарып, үйге кіргізіп беріп кетті. Атыма шөп салып, алдына қар ойып қойды. Бүгін басымды көтеріп отырмын. Ауыр тамақ ішсем қайталап қалам ба деп, ұмаш көже істеп жатыр едім. Тыстағы отыннан отын бұтап әкеп, үйді жылыт!» — деді. Мен киімімді жеңілдеп, даладағы бұталып үйілген қайыннан үш - төртеуін әкеп, өткір балтамен бұтап, пешке салып, үйді жылыттым. Үйдегі қырау кетіп, үй жылынды. Әкей айтты: «Сен бүгін қонақсың, саған тамақ асуым керек. Шошаланың төбесінде ілулі бүрген қарындардың біреуін әкеліп, ет ас!» — деді. Мен: «Сіздің ішетін тамағыңыз маған болады» — дедім. Әкей: «Жоқ, оның болмайды! Келген қонаққа ет аспаған ырымға жаман, мен де жас сорпа ішейін» — деді. Мен шошаладағы бір бүрген қарынды әкеп, аузын шешіп, қолыма ілінген қойдың сан жіліктерін алып табаққа салдым. Әкей: «Осыларды асқалы жатырсың ба?» — деді. Мен: «Ия», дегенде, «Сен тамақ сала білмейді екенсің, сан жіліктерді сый қонаққа асады. Ал, үй адамдары алдымен қол жіліктерді асады» — деді.

Мен сан жіліктерді қарынға қайта салып, қол жіліктерден қазанға астым. Әкей де ұмаш көжесін жасап болды. Мен шай жасадым, плитаның үстіндегі қайнап тұрған шәугімді алғалы жатқанда, әкей «тұтқышпен ұста, қолын, күйеді» — деген соң, жатқан тұтқышты алып, шәугімді бодынасқа қойып, алақаныма қарасам, шәугім ұстаған алақаным қап-қара күйе болыпты. Әкей күліп: «Балам! Тұтқыштың күйе жағымен ұстапсың ғой» — деді. Сүйтіп, екеуміз шай іштік. Шай ішіп отырғанда әкейдің төсегінің тұсындағы шегеге ілулі тұрған жазулы қағазға көзім түсті. Әкей менің жазулы қағазға қарап отырғанымды байқап, қағазды алып, оқып берді. Жазудың жалпы мазмұны — жақын жердегі Байқошқардағы адамдарға арнайы жазылған екен «Мен өлсем, елге апармай, осы қорамның қасына қойыңдар. Барлық жанға, сәлем айтыңдар» — деген. Сол қағаздағы жазылған сөздерді ұзақ өлең етіп қайта жазды. Мен әкейге қарап отырып, қатты жаным ашыды. Ақ шашы, ақ сақалы қарға ұқсаған, әжімі молайып, жүдеген өңі — қардан кебін жамылған құлазыған белдей, елсіз жапан дүзде, жалғыз жүрген, үйірінен адасқан кәрі тағыдай көрінді. Жүрегінде қандай сыры бар, қандай тілек, қандай ойы, қандай арманы бар, соларын білгім келеді. Бірақ түсінен, отырысынан, қалпынан іш сырын сезе алатын, таба алатын емеспін. Қорытып, бір ойға келдім. Енді қалай етсем де, әкейді көндіріп, ауылға апарайын, өлер кезінде мына халде, жапанда өлмей, үйде өлсін. Жапанда қалай өмір сүреді, не істейді екен, қасында болып соны білейін деген ойға келдім.

Бұл түнгі әңгімеміз — ел жайы, қалыптан артық түсіп жатқан налог төлей алмағандарға кесіліп жатқан абақты; аштықтың төніп тұрған қаупі, — осылар ғана болды. Ерте тұрып, «Аттарды жайға!» — деп мені оятты. Мен қораға шығып, атыма шөп салдым. Қоңыр аттың ширатылып қалған шылбырын жазып жөндеп байладым. Алдына салған шөпті, қарды таптап тастаған екен. Оларды, тазалап, қайта шоп салдым, бірақ шөпті жемеді, шөлдеп тұрған сияқты. Ертеңгі шайды ішіп отырғанда әкей айтты: «Келгендер Қоңыр атқа шөп салып кеткен. Менің дыбысым шықпай қалса, кісінеп, жер тарпып, пысқырып, тынышсыздана береді. Ал, жөтеліп, даусымды шығарсам тыныштала қалады. Далаға қоя берсем, аунап, ойнақтап, қайтып келеді, біржола кетіп қалмай, маған үйреніп алды» — деді. Өздеріңізге белгілі, әкейдің «Қоңыр ат» деген поэмасы бар. «Ат — ер фанаты» — дейді ғой. Бұл Қоңыр атты әкей дөненінде мінді. Мұны басында жылқышы мінген болатын. Әкей өзінің мініп жүрген дағдылы атын тастап, сол қоңыр дөненді қалап алады. Соған қарағанда, жақсы ат болатынын әкей сезген сияқты. Ал, Қоңыр атты алсаң — биік, аяғы асадалдың аяғындай тік, сіңірлі. Қысқа бел, басы етсіз, екі көзі оттай жайнап тұратын, жал-құйрығы қара, тұяғы құланның тұяғындай дөңгелек, тік бақай, сүрінбейтін, жүрісі жайлы, әлді ат болатын. Сол дөненінен мінген Қоңыр ат әкейге біржола үйреніп кеткен. Әкейді жалғыз тастап кетпейтін болған.

Ертеңгі шайды ішіп болған соң, Қоңыр аттың тізгін, шылбырын түріп, тысқа шығарып қоя бердім. Босатқанша асығып, тықыршып тұрған ат қорадан төмен «Қара бұлақ» жаққа қарай ойнақтап, құйрығын тігіп алып жөнелді. Мен өз атымды бұлақ басына апарып, қатқан мұзды ойып суардым. Әлден уақытта Қоңыр ат та келіп, су ішіп, жата қалып екі жағына кезек-кезек аунап түсіп, тұрып сілкініп және төмен қарай ойнақтап кетті. Мен оз атымды аунатып, қораға кіргізгенде, Қоңыр ат та келіп қораға кірді. Мен аттарға шөп салып, үйге келдім. Әкей өлең жазып отыр екен. Байқасам, тұсына ілінген қағаз алдында жатыр екен. Мен: «Аттардың астын, қораны тазалаймын, отын даярлаймын» — деп тысқа шырыш. Ол күні әкейге бөгет етпейін деп, қора тазалап, отын дайындап, түске дейін далада болдым. Үш-төрт күндей, боран ашылмай, әкей «Қоңыр ат» поэмасын бітірді. Әкей ел жайын көп ойлай берді. Қазақтың бұрын басынан өткен ауыр күндерін айтып, соның ішінде «Ақтабан-шұбырынды» жайын әңгімеледі. «Бірақ, — деді. — Онда қалмақтың көп қырғынына ұшырап, көбі қаза тапса да, жаяу - жалаңаш шұбырса да, тірісі аштан өлуден жаужұмыр жеп, қайыңның суын ішіп аман қалыпты. Адам баласына ең ауыр қаза — аштық. Өзегін өртеп тұрған аштыққа ұшыраған адамда ақыл-ес қалмайды. Сол ашты да соғып кетпесе игі еді» — деді. «Қазақта өндіріс жоқ қой, қолдағы күнкөргіш малы кетсе, не болады» — деді.

Бір күні ашық жалтыр аяз болды. Әкей маған: «Аттарды ертте. Айыр Шақпаққа шығып келейік» — деді. Мен аттарды ерттедім. Жүргелі жатқанда, әкей: «Менің отын ала келетін арқанымды ала жүр, отын ала келеміз», — деді. Мен қылдан ескен ұзын жіңішке арқанды ала жүрдім. Әкей бастап отырып, қораның батыс жағындағы Айырдың басына шықтық. Қоңыр атты бос қоя беріп, оз атыма шідер салып қойдым. Бұл биіктен оңтүстікте — Қаранай, Тазқызыл, Балға, Тектұрмас, Құр жоталары, шығыста — Буратиген, Егіз қызыл, Жәнібек, Тезек шоқысы, Ақшатау жоталары, батыста — Көксеңгір, Жорға, Жауыртағы, Шорқашқан, Шымылдық, Жосалы биіктері; ал солтүстікте — Керегетас, Қара жал, Қызыл жал, Айдарлы қойтас, қара қойтас, Бұшантай, Ділдә жоталары, көлденең жатқан Шыңғыстауының сырт жоталары көрінеді.

Айнала аппақ қар жамылған дала. Көк пен жердің жапсары бұлыңғыр, біріне-бірі қосылып тұрғандай. Әкей қағаз, қарындашын алды, бір өлең жазатынын сездім. Әкей айтты: «Отын — олжа, су — қорлық» — деген мақал бар ғой, мен тауға шыққан сайын бос қайтпаймын, отын ала қайтам. Алатын отыным мынау - тас арасына шығатын бұта. Мұны — «Қара бұйра» дейді. Мұның қасиеті жастай жанады, түтіні болмайды. Қызулы, шоғы көпке дейін сөнбейді, сексеуілдің азғыны болса керек. Сен осыны жина. Оның алуы да оңай, етіктің өкшесімен теуіп жіберсең, түбімен қопарылады. Арқанмен сүйретіп отырамыз», — деді. Сүйтіп, әкей жазу жазуға кірісті, мен отын алуға кірістім. Әлден уақытта әкей: «Қайталық», — деп дауыстады. Мен үйген отынымды ық жаққа жеткізіп, арқанның бір ұшына байладым. Өз атымды әкеп, енді Қоңыр атқа барайын деп едім, әкей: «Барма! Қоңыр ат өзі келеді» — деді. Мен атыма мініп, арқанның үшін алып сүйреткенімде, ат отыннан үркіп, ойдан темен ала жөнелді. Зорға жығылмай қалдым. Арқанның үшін қоя бердім, отын қала берді. Әкей отынға қарай жүріп, тасаға түскенде, арғы бетте жүрген Қоңыр ат кісінеп, жотаға шығып, әкей қасына келді. Әкей сенің атың үйренбеген, арқанды маған бер деп, атына мініп, отынды сүйретті. қоңыр ат үріккен де жоқ, қымсынған да жоқ. Сүйтіп, түсте қораға келдік. Шай ішіп отырғанда әкей тау басында жазған — «Отырмын таудың басында, Жетпістен асқан жасымда» — деген өлеңін оқып берді. Және төрт-бес күн ақтүтек болып, далаға шыға алмай, үйде отырдың. Әрине, әкей бос отырмайды. Не қилы әңгімелер айтады, жазған өлеңдерін оқиды. Не өткен ақын - ойшылардың сөздерін айтады. Боран ашылған соң, екеуміз және тауға шықтық. Бірақ, бұл күні боран болмаса да, күн бұлыңғырланып тұрды. Терісінен аздап ызғырық болып тұрған. Әкей биіктің ық күнгей бетінде отырған, мен қарабұйра жинауға кіріскем. Әлден уақытта әкейдің қасына келіп байқасам, әкейдің екі көзінен құлай аққан жастың сорабын көрдім. Әкей көп жыламайтын, берік болатын. Жылай қалғанда өңі бұзылмай, көзінен жас парлап қана ағатын. Неліктен жылады екен деген ой келіп, «Неге жылағансыз?» — деп сұрадым. «Өткен бір жағдай есіме түсіп, көңілім босап, көзіме жас келді» — деді. «Басқа жұрт қазақты, әсіресе, өзіміз — надан, білімсіз, өнерсіз, мәдениетсіз дейміз. Өнерсіз надан қалғанымыз рас. Бірақ, жете тексерсек, біздің де зор білімді адамдарымыз болған. Жер жүзіне жайылған, ғылым іздеп, өмірін сарп еткен бабаларымыз өткен, Әбунасыр, Әбусина, Қорқыт, Ұлықбек, тағы - тағылар түрік қауымынан, бізден шыққан. Тіпті кешегі өткен Әнет Бабаңның өзі ғалым - философ адам екен. Соны да тани алмай, баға бере алмай келдік қой. Абайға не қылмадың, не көрсетпедік — қарғадық, сөктік, жала жаптың, ұрдық, соқтық, талас-тартыс, ру партиясын қуумен өттік қой. Нақыл сөздердің несі, алтын қазынаның қорларын жасаған — Асан, Бұқар, Марабай, Mapқасқа, Өтеген, Үмбетей сияқты дүлділ, төкпе ақын, жыраулар, осыларды жете ұғып, түсіне алдық па? Жоқ! Осыларды ойлап отырып, Әнет Бабаңның үш ауыз сөзі есіме түсіп, сол көзімнен жас шығарды. Арғын Қазыбек қазақта жасынан талапты, санасы ерте оянған, өзгеше туған адамның бірі болған. Әнет Бабаң Бұхардан оншақты жыл оқып, он екі фән ғылымын бітіріп келген соң, үш жүз қазақ баласының Жеті жарғы биінің бірі болды. Қазыбек жас жігіт кезінде, Әнет бабаңнан қазақтың жол-жобасын, білім үйренемін деп, көшіп келіп, бір жыл бабаңның қасында болып, ақыл-кеңес алады. Қазыбек кетерінде Әнет бабаңа мынадай сұрақ қояды. Қазақтың айтылған заң - жобаларында — «Қасаң дауға» (демек, айтушы — байшөгелі жоқ дауға) неге бір тоқтам айтпаған?» — дейді. Бабаңның «Қасаң дауға» айтқан тоқтамы: «Қазақ жолы қанағат, бұ да жолдан адаспас, «Қасаңдау» емі шарағат, бұған ешкім таласпас» — дейді.

Және Қазыбек былай деп сұрақ қояды: «Жер дауы, жесір дауы, ұрлық — өтірік, күнә, неше түрлі нәрселерге өздерінше тоқтам айтқан. Ал сол талас - тартыстың: дау -жанжалдың, ұрыс - төбелестің, адамды ардан күстіртіп, қиянат, зұлымдық қылдыратын, адамдардың бастарын бір жерге сыйдырмайтын не? Олар қайдан шығады? Соған жуымасақ, жаманшылық болмайды деп неге көрсетпеген?» — дейді.

Әнет-Бабаң көп ойланып отырып: Арабша «Хакім», қазақта «Әкім» деген сөз бар. Бұл сөз үш әріптен құралады — а, к, м. Сол бір ауыз сөзді екі рет айтсақ — акм-акм болып, алты әріп болады. Екі «а», екі «к», екі «м». Осы алты әріп — алты ауыз сөздің бас әріптері. Міне, осы алты ауыз сөз жоғарғы айтылған жаман қылықтардың шығатын көздері. Адам баласын ардан кетіріп, қиянат - зорлық, мансап - мақтан, талас туғызатын да, дүниені бұзып тыншытпайтын да осылар. Басқы екі — «а», бірі — «алтын». Алтын, пұл, байлыққа көрсе қызықпайтын, оған ар-иманын сатпайтын адам аз. Екінші «а» — «әйел»: әйелге, қызығу, қырқысу, таласу, әйел туралы теңсіздік бәрі осыдан шығады. Екі «к»-нің бірі — «кек», бірі — «кежір», «кек» қуған адам оңбайды. Біреу жықса кегімді алам деп сен қуасың, сен қусаң ол «кек» қуады. Осы «кек» қуу дүниені тыншытпайды. «Кек қуған, кек сақтаған оңбас» — деген осы. Екінші «к» кежір - қисық. Кежірлік — адамның қасиетсіз мінезінің бірі. Кежір - қисық адам; өзі білмейді, біреудің таза ақыл кеңесін алмайды. Өз дегенімді істеймін деп таласады, жағаласады, тыным таппайды, басқаға тыным таптырмайды. Екі «м»-нің бірі — «мақтан», бірі — «мансап». Мақтанбайтын, мақтанға мастанбайтын адам аз. Мақтанда тазалық, әділдік болмайды. Мақтаншақ — байысам, басқадан ассам дегізіп, арсыздыққа шейін апарады. Ал, «мансап» — бұл «мансапқорлық», әкім болсам, барлығына өзім қожа болсам, бар адамды бір шыбықпен айдасам деген ең айуандық пиғылға апаратын, дүниені бұзатын, кеселдің бірі. Бұлар адам баласының басын да қоспайды, адалдықты, адамгершілікті де істетпейді. Сұрағыңның түбі «Әкім» деген сөзде болды ғой. Әлің келсе, «Әкімді» дұрыс ұстап, сақтанып жүргейсің», — депті.

«Бабаңның сол алты әрпінен шыға алмаған екенбіз ғой деген ой көзіме жас келтіргені. Арғылардың өзін қойғанда кешегі бабаң, философ емес пе?» — деді. Бұл күні кештеу қайттың. Кешкі шайды ішіп отырғанда әкейге сұрақ қойдым: «Бағана бабаң айтты деген алты сөзге қарағанда, бұл өмірде адам баласы таласып, бірін-бірі жаулаумен өтетін сияқты ғой?» — деп. Әкей: «Жоқ, олай емес, балам! Таза ақылы, ақ жүрегі, мейірімі, ар, ынсабы бар адам бірін-бірі айуанша жеп, талап өтуге мүмкін емес. Бірақ, тату-тәтті бір кісінің баласындай болып тұруға әлі уақыт жетпей келеді. Дүниедегі жаман әдет екшелеп қала бермек те, асылы жасай бермек. Олай болса, адамның бойына біткен, үш асыл қасиеттері бірігіп басын қосса, адам баласының таласуы қалмақ. Олар: таза ақыл, ақ жүрек, адал еңбек! Міне, осы үшеуінің басы қосылса, адам барлық табиғат байлығынан пайдаланып, бақытты өмір сүрмек. Бірақ, оған қанша уақыт барлығын дәл айту қиын. Жоғарғы үш қасиет біріксе, өзімшілдік мансапқорлық, мақтан, өтірік, зорлық мейірімсіздік, қара ниеттілік деген сияқты қылықтарға орын қалмайды. «Ал, осы айтқанымыз бола ма?» деген сұраққа келсек, сөзсіз болады. Неге десең, жоғарыда айттым, табиғат талдап асылын қалдырып, жарамсызын жойып отырады. Бұл — табиғат жолы. Адамның анау — ақ заман, ағаш заман, тас заманы деген дәуірлерімен осы заманды салыстырып қара. Қоғам қандай өсті, қандай жаңалықтар шықты. Қоғам есе бермек, таза адамдар көбейсе, жаман әдет қала бермек, әділет болады деген қорытынды шықпақ!» — деді. Сонымен, әкей қасында күндер өте берді.

Бір күні әкей айтты: «Бүгін ескіше 1-наурыз, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді. Ал, жаңа жылдың бұрынғы аты Наурыз — бұл фарсы тілі. «Жаңа күн», деген сөз. Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, Құрбан, Ораза айттарын — ұлыс күні дегізіп жіберген. Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар — «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар, ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар» деген тіпті ескі мақал. Және Ұлыс күнін қалай қарсы алатындары туралы айтылған мынау жыр қазақтың арғыдан келе жатқан мұрасы:

Ұлыстың ұлы күнінде, бай шығады балбырап,
Қасында жас жеткіншек тұлымшағы салбырап,
Бәйбіше шығар балпиын, сәукелесі саудырап,
Қыз шығады қылмиып, екі көзі жаудырап,
Бозбала шығар бұрқырап, ақ бөкендей сырқырап,
Құл құтылар құрықтан, күң құтылар сырықтан,
Кетік ыдыс шөміштің түтіні шығар бұрқырап.

Ұлыс күні құлды, күңді азат етіп, ескі ыдыстарды отқа жағатын салт болған. Сол Ұлыс күні көрісіп, амандасу туралы бұрын былай десетін болған: «Амансыз ба? Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Қайда барса, жол болсын!» Кейбіреулер: «Ұлыс бақты болсын!

Төрт түлік ақты болсын! Ұлыс береке берсін! Пәле-жала жерге кірсін!» — деседі.

Және бір жыр:

Ұлыс күні кәрі-жас, құшақтасып көріскен,
Шалдар бата беріскен, сақтай көр деп, терістен.
Кел, таза бақ, кел! — десіп, — Ием тілек бер! — десіп,
Көші Қайрақан, көші — десіп.
Және ескінің бір өлеңінде Ұлыс күнін қосады:
— Есік алды қара су бойлағаным,
Жалғанның қызығына тоймағаным.
Көмілсем де кетер ме көкейімнен
Қалқамен Ұлыс күні ойнағаным, — деген.

Тағы бір ескіден келе жатқан жоқтау, бұл да Ұлыс күнін дәлелдейді. Шақшақ Жәнібек кенже қызын өзінің досының баласына берген. Жәнібек өлгенде, сол қызы әкесін жоқтайды. Бұл ұзақ жоқтау еді. Наурыз туралы айтқанын ғана айтайын:

«Айналайын, әке-екем!
Неге бердің кедейге!
Қанша ақылды десең де,
Кедейді — кедей демей ме?»
Байға берсең, әке-екем,
Қазысы қарыс айғырды,
Сүбесі сүйем қошқарды,
Ұлыс күні соймас па ем!
Тамам сорлы тоймас па ең!
Ұлыс сайын бастарын,
Жұп шырақ жағып қоймас па ем! — деген» — деді әкей.

Мен әкейден: «Жұп шырақ» болатыны қалай, не біреу, не үшеу болмай, жұп болуы неліктен?» — деп сұрадым.

Әкей: «Жұп шырақ» — тілек, намаз есепті құлшылық. Бұл фарсының баяғы — Зардушт (орысша — Зарастр), соның жолынан қалу керек. Ал «Жұп шырақ» болуының мәнісін толық білмесем де мақал білдіреді:

«Жалғыз шала — сәуле болмас,
Жалғыз шырақ — тәуба болмас»

— деген бар» — деді әкей. Сол ескіше 1 наурыз күні әкейге айттым: «Біз де бүгін қазан толы көже істейік» — деп. Әкей айтты: «Бізде бидай жоқ қой! Ұннан ет тура, кеспе көже істейік», — деді. Мен қаптан үн әкелдім. Әкей жылы суға түз езіп, дәмін шығарып, осымен иле деді. Мен ағаш тегенеге нан бастым. Әкей айтты, иін әбден қандыр деп. Әкей жазу жазып отырды. Мен кеспелік нанды басып, оқтаумен жайып едім, жөнді жайылмады. Бір жері қалың, бір жері жұқа болып және жайған наным қолыма, оқтауға жабысып әуре болдым. Әкей көрді де: «Наныңның иі де қанған жоқ. Тамақ жасауға өзіңнің қолайың жоқ екен, балам!» — деп, өзі нанды қайта иледі. Кеспелік нанды да оқтаумен кесті. Мен бірдей етіп кескен кеспесіне қарап отырдым. Табақтағы кеспені қайнап тұрған сорпаға салып жіберейін деп жатқанымда әкей келіп, кеспені аз-аздан сорпаға салып, араластырып отырды. «Тұтас салсаң кеспең ұмашталып қалады» — деді. Қазанның қақпағын жауып, «кеспе сорпаның бетіне шыққанда әбден піскені болады» — деп үйретті. Сүйтіп, екеуміз құдайы көже істеп іштік.

Бір күні әкейден: «Қазақ бұрын неге табынған, қандай дінде болған?» — деп сұрадым. Әкей: «қазақ бұрын пұт яки суретке шоқынған жоқ. Қазақ атанғаны — Ноғайлыдан бөлінген соң ғана мұсылман болған. Бұрын түрік, ойғыр болып жүргендегі діні — ескі түріктің маужуси діндері болған. Ал, отты қадірлеуінің жолы екі түрлі. Бірінші, фарсыдан шыққан Зардушт пайғамбармын деп, отпен құлшылық еткізген. Сол жұққан. Екінші, ескі түріктер Құдай жаратқан заттардың ең қасиеттісі бес нәрсе деп, соларды қасиеттеген. Олар: от, топырақ, су, тас, яки темір, сонсоң өсімдік. Отпен аластау, жұп шырақ жағу, отпен ұшықтау сияқтылар. Ауруға су бүрку, сумен емдеу. Топырақты шұқырлап от жағып «моқал ошаң» деп, арлы-берлі аттау. Жеті жол торабынан жеті уыс топырақ, жеті түрлі шөп (өсімдік) алып емдеу. Темір пышақ қылышпен емдеу — бәрі осының сарқыншақ қалдығы. Және сол бес нәрсені 12 жылдың атына қасып, 60 жылдың ұлы мүшел еткені де сондықтан еді.

Сол 30-жылы, наурызда, түнде мен жатып қалдым. Әкей ұзақ отырып, «Жан беріп жарық, жылы нұрдан», — деп басталатын 30 жол өлеңін жазды...

Сонымен, күндер өтіп жатты. Екі-үш күн аралатып тауға шығып келеміз. Үйде әкей жазу жазып, кітап оқиды. Әңгімелесеміз, кейде ертек айтады. Менің бұрын жазған өлеңдерімді, өлеңге аударған ертегімді айттырады.

Бір күні мен үюлі тұрған қайыңдардан алып, отын кесіп жаттым. Әкей қасыма келіп, түбірімен жатқан қайыңды көріп:

«Мынау түбірден ожау жасауға болады екен. Сен кесіп алып, қабықта, ожау жасайық» — деді. Мен түбірді кесіп, қабықтап әкелдім. Әкей: «Мұны осы қалпымен кептірсек жарылып кетеді. Бұрын ершілер, ер жасайтын түбірді сиырдың жапасына былғап, күнге тастап кептіретін, жарылмасын деп. Ал бізде сиыр жоқ. Сен аттың жас тезегін әкел, соны жағып кептірейік», — деді. Мен шіләпшінге салып аттың тезегін әкелдім. Сұйық болса да аттың тезегімен сылап, түбірді кебетін жерге қойдық.

Бір күні түбірді алып, әкей ожау жасамақ болды. Оның ішін оятын ыңғыруды өзі соғып алды. Шапашотпен шауып түбірді жеңілдеп алып, ішін ыңғыруымен ойып, түбірден әдемі қымыз ожау жасады.

Әкейдің қол өнерге шебер екенін бұрын да білетінмін. Сонда да әкейге: «Шебер екенсіз!» — дедім. Әкей айтты: «Жасымнан пышақ соғуға, ағаш жонуға, сурет салуға, ою оюға құмар болдым. Егер соларды үзбей қуғанда іскер маман болып шығатын едім. Бірақ, олай істемедім. Қол өнері адамның өзімен бірге кетіп өлмейтін өнер. Біреуге жалынбай, көз сүзбей, өз керегіңді өзің істеп аласың. Біреудің қажетін шығарып, адал еңбегіңмен күн көруге де болатын таза еңбек — осы қол өнер екен. Ең аяғы — киімімді пішіп, жыртылған жерімді өзім тігіп, үзілген түймемді өзім қадап алам. Біреудің бұзылған іс машинасын, сағатын жөндеп беріп, алғысын аламын. Киіміңді кірлетіп, жыртып алсаң, еріншек болмай, шебер болсақ кіріңді өзің жуып, жыртылған киіміңді өзің тігіп, жамап аласың»... — деді.

Бір күні сағатымды бұрап, тоқтата алмай, әкейге көрсеттім. Әкей бұрап көрді де, «Арқаны үзілген екен, бірақ қай жерінен үзілгені белгісіз, ашып көру керек» — деп, столға ақ қағазды жайып, соның үстіне сағаттың ішін ашып, ұсақ винттерін қойды. Көзге киетін лупа, винттерді бұрайтын шымшып ұстайтын кішкене қысқыш, демек, керек саймандардың бәрі бар. Сағатты әбден ашып болды да, «Арқаны отыртқан шегеліктен жырылған екен, қайта тесу керек. Сағатыңның арқаны аз қысқарады. Ол кемшілік келтірмес» — деді. Сүйтіп, арқанды жіңішке тескішпен тесіп, қайта орнына орнатып, сағатымды түзеп берді, мен әкей сағатты істеп жатқанына қарап отырып, әкейдің білмейтіні аз екен деп таңғажайыптанып, Семейдегі оқыған шебер сағатшыға ұқсаттым. Елсіз жайлау, иесіз қорада, жапан дүзде жалғыз жатқан әкейдің қасында үш айдай жатқан күндерімде айтқан ақыл-өсиеттері маған үлкен сабақ, жаңа ой бергендей, тағылымды мектептен оқып шыққандай болып сезілді. Сол айтқан ақыл-кеңесінің бәрін ұғып, бәрін көңіліме тоқымасам да, қайсы бірін зердеме сақтап, мүмкіншілігінше істеп өттім.

Кейде өзім жатып, әкей не жазып, не кітап оқып отырғанда, әкейге қарай: осы тәрбияны, осы тағылымды қайдан алғаны, қалай қайраты жеткеніне таңданып, білгім келіп, шамама қарай ой кездіремін. Ақыры, ойымды қорытып өзі айтқандай: «Абай болмаса, мұндай болып шығуым мүмкін емес еді» — деген сөзіне тіреймін. Оған Құнанбай атасының адалдық жайда берген өсиетін берік ұстанғанын қосамын. Ал, осыларды ұстауға қайратынын жеткеніне қайран қаламын. Әкейді бұрын анық тани алмағаныма өкінемін. Мұныма ішімнен әкейден кешірім сұрағандай боламын. Ал, кейде:

Аурусыз жанға айла жоқ,
Аурулы жанға дәрі бар.
Аурусыз адам қайда жоқ,
Аурудың онда бәрі бар.
Аурусыз адам — мисыздар,
Мисызда науқас бола ма?
Тәні сау, миы науқастар,
Ондайға дәрі қона ма?
Милыда ойсыз күн болмас,
Ауырмай миы тұра ма?
Миынан басқа ем қонбас,
Емдеймін деп, сұрама! —

деген өлеңі есіме түсіп, бұл адам жеке өз басының, қамын жемей, адам баласының қамын жеген, жаратылысында өзгеше жаралған адам болып көрінеді де, көзі жете алмағандардың жапқан жала, өсегі әкейге батпайтынын сездім. Түбегейлі әкейдің барлың сырын - ойын қаптал жете білмесем де, бірқатар жайларын сезінгендей болдым. Енді, елден келгендегі ойымды әкейге ашып айтқым келді.

Әкей туралы басыма мынадай ойлар оралды. Бұл адам халық үшін, жалпы адам баласы үшін туған. Сондықтан, ел қамын ойлаған. Азаматтың борышымды елге істеген еңбегіммен ақтасам деген мақсатта болған. Осыны көксеген. Соны жасынан арман еткен адам. Өмірінің алғашқы кезін — халық арасында, ел арасында, ісіне араласа отырып, өткізген. Халықтың өмір - тұрмысынан көп тәжірибе алған. Көп оқып, көпті зерттеген адам. Ақырғы кезде, ел басшыларының, билеуші адамдарының елге істеген ісін, қылған қылықтарын көріп - танысқан. Солардың елге, жетім-жесір, нашарларға істеген қилы қиянаттарын күрт аурудай жұқпалы, ескіден, сонау ата-бабаларынан үзілмей келе жатқан ру таласы, партиясының, мансапқорлық, мақтан, байлық жуандықты, өзімшілдік, күндестікті, алдау айласын түгел білген. Ескі заман жолын, қанды қақпанын көрген. Осы ауру, жұқпалы дертін қалдыртып, жақсы басшы, оқығандарына ұқтырам, соларды айтқаныма көндіріп, қиянатсыз жолға, береке-бірлікке, қазақты — адал бауырлық, еңбекке, өнерге - білімге тартсам деген ойда болған адам. Қазақ баласы түгіл, барлық адам баласын алаламай, ұлтқа бөлмей, бір туғандай көруді көздеген адам. Бірақ, ол арманына, мақсат – тілегіне заманының қара күші — басшы, билеушісі көнбеген. Өзін қаралаған. Ата - бабамыздың жолын бұзатын, діннен бездіретін азғырушы, мұны аластау керек деп, өсек таратқан. Солардың арсыздығынан, ел талаған қасқырлық қылығынан қашқан. Көз алдында талап жеп жатқан елінің жемтігін, зарлаған жетім-жесірлердің көз жастарын көрмейін, зарын естімейін, қайғысын оңаша тартайын деп, қашқан. Енді өмірді келешекке арнайын, білгенімді, көргенімді, өсиетімді жазып қалдырайын деген оймен кеткен адам...

Заманының басшыларынан көңілі торығып, тауы шағылады. Олардың қылықтарынан жиренеді. Сырларын ашып, ащы тілмен түйрейді. Арсыздардың құрып - бітетінің өзінің мақұл сөзін, жарамды ақыл-өсиетін кейінгі келешек буындардың алатынына айқын сенім артады. Сол тілекте еңбек ететін адам болып көрінеді маған!

Сол қамықтырған, қажытқан, қайғыртқан ел басшыларының әкімдерінің қылықтарынан торыққан ойдан тебірене, толғана келе зарлы мұң, терең сырлы, хақиқат шындығын ағытады, іштегі мұңын, қайғысын, арманын жыр етеді. Осындай толғауларын, терең ой, таза ақыл, ақ жүрегінен, ел тілегіне қабыса айтылған сөз - өлеңдерін, ақыл-кеңестерін ойлап, әкейдің ішкі мақсатын, сыр - сыпатын ұққандай болам. Бұл жүрісін түсінгендей болам.

Бірақ, осы қалыпта, осы күйде жапан түзде, елсіз тамда өліп қалса, ешкім білмей, денесі қандай күйде болады деген ой басыма келгенде денем түршігіп кетеді. Осы ойды ойлап, бұл түн шала ұйықтап шықтым.

Оңынан ескен жылы жел соғып, таудың күнгей бетінің қарын кетіріп, ойдың қалың қары жұқарып, бетінің қарын ашып, жерді қара қожалақ ете бастады. Жазғытұрымға уақыт жетті. Бір күні ертеңгі шайді ішіп отырғанда, мен әкейге: «Елге барыңыз! Енді үйде болыңыз! Бұрынғыдай емес, сырқаттанып қала беретін болдыңыз. Ел жайы болса ауырлап тұр. Мені жауапқа тартып, тергеу астында жүрмін. Менің тілегімді берсеңіз — ауылға барып, ендігі ой қорытындарыңызды үйде отырып жазыңыз!» — деп мұңая тілек айттым. Әкей: «Жарайды, көшелік, бірақ қазір Тай өзенінің мұзы түсті ме екен? Соны ертең шалып келейік», — деді.

Мен қатты қуанып кеттім. Ертеңінде ерте тұрып, атқа мініп, Тай өзенін шолуға бардық мұзы түскен екен, суы ернеуінен асып жатқан көрінеді. Екі күндей бұтаулы қайыңдардан екі сүйреткі жасап, менің атымды сүйреткіге үйретіп алдық. Қорадағы шөпті жинастырып, отындарды ыңғайлап бір жерге үйіп, қораны, даланы, есік алдын тазаладық. Кейбір басы артың саймандарды жинастырып, қораның бір бұрышына апарып қойдық. Демек, елге көшуге дайындалдық! Келер күні сүйреткіге қос жабдығын, төсек-орын, ыдыс-аяқты артып, Айдарлы қойтастың баурына барып қондық. Отынымыз қу арша болды. Бұл жерде бір жұмадай отырдық.

Бір күні елден Жұмаділ деген жігіт келді. Әкей одан ауылдың, елдің, амандығын, неге келгендігін сұрады. Ол амандықты айтып, маған жіберген соттың шақыру қағазын берді. Сот маған 29 майда кел деген екен. Жұмаділ бір күн қонып, қайтты. Мен сотқа баратын болдым. Әкей айтты: «Енді ауылға жақын келдік қой, сен маған алаң болмай, қайта бер. Мен мына өлеңмен жазып жатқан поэманы бітірейін, аз-ақ жері қалды ғой!» — деді.

Ертеңінде атымды ерттейін деп жатқанымда, әкей айтты. «Мен сені Барлыбай өзенінен өткізіп жіберуім керек. Тасып жатқанда Барлыбай өзенінің кез келген жері өткел бере бермейді. Жазғы жайдақ өткелге қазір су жайылып кетті. Сондықтан, Барлыбайдың басындағы «Қара ағаш» айырығының қылқа жерінен өту керек, оны сен білмейсің. Ауыл жақын ғой — бақыр асып, тамақтанып алайың», — деді. Сүйтіп, ет асып, шай қайнатып, тамақ ішіп жүретін болдың. Мен әкей алаңсыз болсын маған деп, өзімнің сотқа тартылу жайындағы ойымды айттым.

«Қыста мені тергеуші бір рет шақырған. Сонда ісіммен танысқам. Соған қарағанда, сот гепеу, мені ағартады», — дедім. Әкей күліп: «Оны неліктен білесің?» — деді. Мен айттым: «Маған салған — ет, жүн, тұқымдық бидай ақшаны төлемедің деп, айыптайды. Ал, шынына келгенде, тізімдегі малыма, оны қайда жібергеніме жауап беруім керек. Және сол маған салынған салық малымның бағасына қарай салынуы керек еді. Ал, ауыл кеңесінің салып отырған салығына барлық малымның бағасы жетпейді. Қалыпсыз салынған. Және мен малымның жоғын базарға, не басқа біреуге сатқам жоқ, үкіметтің айтуы бойынша кооперацияға өткіздім, олардың қағаздары бар.

Қайсыбір малымды тамаққа, киімге жараттым. Сондықтан, менің сотталмауым керек», — дедім. Әкей: «Балам, шолақ ойладың, шолаң ойлаудан сақ болу керек. Менше, саған бұл жолы кесіледі. Бұл толқында тұрған уақыт. Ол толқын алып кетеді. Бұл уақытша ғана. Ең қажетті іс — осы толқынның өтуі. Соны қалай өткізу. Содан бұзылмай, бұрылмай адалдық қалыпта өту. Бұл уақытша болған ағым, артқа басудың жаңылыс, қателік шегінісі.Қайта шегіністе де кері күш, кері ағын болады. Осыған сен және сен сияқтылар кез келіп отыр. Осы шегіністегі ауыртпалықты көтеріп, жай-жапсарын ұғынғанда ғана адам бұрынғы бетінен, алған адал жолынан таймай өте алады. Адам болашаққа ой жібермей, сезбей — айла-тәсіл, арамдық, қиянатшылдық, ар сату жолына түсіп, не аққа жала жауып жексұрын болады. Олай болудан сақтан! Заманыңның түзеліп, гүлденетін, жетілетін кезін, адамдық арыңның жойылмайтын жағын ойлап, кезегін күт! Мынаны ойда сақтау керек: «Басына ауыр қайғы түскен адам енді маған өмір жоқ деп, тіршіліктен безеді». Бұл — қайратсыздық, өмір заңын көре алмағандық, өз қасиетін жоғалту. Өмір — дәуір әмәндә өсуде, жетілуде болады. Қоғам да солай. Басқа түсіп тұрған ауыртпалықты көтермей қайғыру, қажу адамды шатастырады. Соған шатасса, адам алдағы күтіп тұрған атар таңынан, алар үлес - бақытынан құр қалады. Адам тәжірибені өткен дәуірінен алады. Сол дәуірге көз жіберіп тексерсе, салыстырса алдағы өмірінің сәулесін айқын сезеді, балам!» — деп әкей сөзін тоқтатты.

Тамақ та дайын болды, тамақ жеп, шай ішіп, атқа міндік. Күн еңкейіп қалған кез. Барлыбай өзеніне келдік, суы лайланып, көбігі бұрқырап, арнасынан асып, өзен тас-талқан болып тасып жатыр екен. Өзенді өрлей отырып, Қарағаш айырығының қылқа жеріне келдік. Әкей: «Мен өтіп көрейін» — деп ар жаққа өтті. Су аттың омырауынан асып кетті. Қайта бері өтіп: «Сенің атың Қоңыр аттан көп аласа, сен етігіңді шешіп, қанжығаңа байлап, балағыңды, тоқымыңды түріп алып өт» — деді. Аттарды суарып, отқа қойып, өзен жағасында отырдық.

Әкей: «Егер саған кесік кесіліп, не абақтыға жабылып, не басқа жаққа жіберсе, мен сені көре алмай, сен қайта оралғанша көруім екіталай болар» — дегенде, мен: «Неге олай дейсіз?!» — деп жылап жібердім. Әкей менің маңдайымнан иіскеп: «Жасықпысың! Ақылды азамат емеспісің, жылама! Мен саған бір тапсырма айтайын, соны ұқ! Әмән ойыңда сақта! — деді. — Бірінші,сен балалардың ішінде ызақор, сөз көтере алмайтын ашуланшағы болдың. Оның үлкен себебі сен жасыңда үлкен шешең Мәуеннің қолында өстің. Мәуен сенің айтқаныңды істеді. Ешкімге саған қарсы сөз айтқызбады. Сенің терісіңді де жөн деп, саған кір жуытпады. Мәуен бар жерде сен ешкімнің сөзін тыңдамадың, өз білгеніңді істей бердің, тентек болдың. Қазақ «Ашу алдар, ақыл дос, ақылына ақыл қос» — дейді. Ашу-ызадан пайда шықпайтынын жақсы біле-тұра адамның тастай алмайтын себебі, ол әдет болып бойға сіңісіп қалуынан. Әдет те бір туыс. Бірақ, қайраты бар адам ондай жаман әдетті тастауына болады. Өз бойын тексере білген адам, кемшілігін түзеуі оңай. Менің сұрайтыным — бойыңдағы ызақорлық, ашуланшақ әдетіңді таста, балам!

Екінші, ойыңнан тастамай, ұғып, жүрегіңде сақтайтын тапсырмам, адам басына мынадай да уақыт кез келуі мүмкін: сен өмір сүру үшін біреуді өткелге салып өтетін де уақыт кез келер. Демек, бір адамды өзіңнің аман — тірі қалуыңды, не азаптан құтылуыңды ғана ойлап, соны ұстап беріп, соны жолыңа құрбан етуден сақтан! Бұлай өмір сүргенше, өлген артық. Ол адамшылықтың ісі емес, айуаншылықтың ісі. Мұндай істі істеген адам — тек өз басының ғана қасиетін жойып қана қоймайды. Оны тәрбиелеген ата-анасының, да қасиетін кетіріп, оларға тіл тигізеді. Жаман қылық істеген адамға «Сені шошқа тәрбиелеп пе?!» — демей ме? Сонда кімді шошқаға теңегені болады?

Егер сондай қиыншылық келіп, біреуді өткелге салып өтетін күн туса, оған жолама! Біреуді құрбан етіп, тірі қалғанша, ақпен, адал ісіңмен өл! Егер өткелге кісі салып өтсең — тіріде өзім, өлсем аруағым ырза болмайды! Мұны саған айтып отырғаным — алдыңда осындай жағдай кез келуі мүмкін дегендіктен, адам атың жойылмасын дегендіктен. Менің ақтық тілегім осы!

Ал, балам, күн батуға таяды. Амандықпен көріселік!» — деді. Мен әкейді атына мінгіздім. Әкей қасына қарай бет алып жүріп кетті. Мен өзеннен өтіп, әкейге көп қарап тұрдым. Күн батып бара жатты. Күн батар жақтағы аспанда көлбей жатқан бұлтқа батар күннің сәулесі түсіп, қызыл жолақ шұғыласын таратты. Әкейдің қарасы жазықта көрініп барады. Әлден уақытта шығыстан қара қошқыл пердесін жайған зұлмат та көрінді, ақырындап аспан көлемін алып, әкейді де көзден жасырды.

Бұл менің әкейді соңғы рет көріп, әңгімелесуімнің ақыры болды. Әкейдің соңғы айтқан ақыл-кеңесін, тілеген тілегін істеймін, орындаймын деп, өзіме - өзім серт бердім. Әкейдің қарасы көрінбей кеткен жаққа қарап: «Әке, алаңсыз бол! Айтқаныңызды орындаймын!» — деп дауыстағанда, көзімнен жас парлап кетті.

Мен әкейдің сол: «Отанға, елге адал қызмет істе, өзіңді адал еңбегіңмен таныта біл, адам баласына қиянат істеме!» — деген өсиетін шамама қарай істеп, орындадым десем, мақтанғаным болмас.

Құнанбайдан бері қарай келе жатқан әдет — қолдарына молда, оқытушылар ұстап, балаларын оқыту. Құнанбай күзектегі қонысына там салдырып, сонда молда сақтап, өз балаларын, маңайдағы ауылдың балаларын оқытқан. Қашан ел қыстауға қонғанша, молда, балалар сол тамда жатқан. Алғаш ұстаған молдасы Сармолда деген. Одан соң, Ғабитқан деген молданы ұстаған. Бұлар бірнеше жылдап балаларды оқытқан. Сол күзектегі там бүгінге дейін — «Ескі там» аталып кеткен.

Абай да қолына молда, орысша білетіндерді ұстап, өз балаларын және ауыл балаларын оқытқан.

Құдайберді қолында тұрып, балаларын, маңайдағының балаларын оқытқандар — Өтебай, Теңізбай, Әлімбай. Кәртайған кездерінде бұлардың үшеуін де көрдім.

Шәкәрім де қолына оқытушылар ұстаған. Алғашқы кезде ескі оқу жолымен балаларды оқытқандар — Өтебай, Әлімбайлар болған. Бұлар менен басқа Шәкәрімнің ұл-қыздарын, ауыл балаларын оқытқан. Одан кейін, медіреседен оқып шыққан Қимади деген оқытушы ұстаған. Қимадиден менің Қабыш деген ағайым, мен және көршілердің балалары оқыды. Біз жаңа оқу жолымен оқыдық. Онан соң, медіресенің шәкірттері — Омарқан, Мұсағалидан оқыдық. Орысша оқытқандар — Қашап және Антонина Григорьевна. Шәкәрімнің кенже қызын немерелерін оқытқан — Қабдырахман. Шәкәрімнің қолына оқытушылар ұстағаны — балаларының ғана хат тануларына себеп болмай, ауыл-аймақтың балаларының да көзін ашуға мол әсер-ықпалы тиген.

Шәкәрім күй, әндер шығарған дедік. Бір әнін қалай шығарғандағы жайын айтқаны есімде: «Семейдегі бір музыкант орысқа скрипка алғызып бер деп тапсырған едім. Сол «скрипка алғыздым», — деп хабарлаған соң, жазғытұрым келіп, одан скрипка тартуды үйреніп, бұрынғы білетінімнен жақсы тартатын болдым. Бір ай Семейде жатып, Ақылбай екеуміз бір қайттық. Семейден ерте шығып, Шағылдың белесіне келіп отырмыз.

Семейден қоңыраудың соғылған, барабанның айғай-шуы, неше түрлі дыбыстар естіліп тұрды. Мен Ақылбайға айттым: «Мынау естіліп тұрған дыбыстардан, мынау көктемнің ғажап көрінісінен бір ән менің ойыма оралып тұр» — деп. Содан скрипкаға бір сарын салдым. Ақылбайға: «Бір ән шығарам», — деп аулақ барып отырдым. Сол жерде «Жастың» туралы өлеңге ән шығардым. Ақылбай да бір ән шығарды. Көп отырыппыз, бесін құлай атқа міндік» — деді.

Ал, өзім Шәкәрімнің үш әнінің қалай шығарылғанын білем. «Жиырма үш жасымда» деп басталатын өлеңіне, «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», деп басталатын өлеңіне, «Қорқыт, Қожа Ғафиз түсіме енді де» деп басталатын өлеңіне әндер шығарғанын көрдім.

Бізбен өмірі бірге болып, туғандай боп кеткен Мажыра деген әжеміз болған Біз ол кісіні — «Әжірә» дейтінбіз. Бізбен бірге қыстайтын. Қыста Әжірәнің, үйіне, құдашасы келді. Оған еріп келген қыз-келіншектер, ауылдағы, басқа да ауылдан келген қыз-келіншектер, бозбалалар үйге лық толды. Олар ойын ойнап, ән салып думандатты. Әкей төр үйінде отырған. Әжірәнің үйі мен әкей отырған үйдің орталығында зал ғана болатын. Бір кіргенімде, әкей жазуын қойып, домбыра тартып отыр екен. Маған айтты: «Залдың, менің, есігімді ашып қой, өлеңдеріңді айтыңдар, сендердің салған әндеріңнен әсер алып, мен бір жаңа ән шығарайын деп отырмын» — деді. Мен барып Қабыш ағайға айттым. Қабыш бар есіктерді ашып, отырғандарға өлең айтқызды. Ескі - жаңа әндердің көбі айтылды. Домбырамен күйлер тартылды. Таң атқанша ойын-думан болды. Ертеңінде әкей «Жиырма үш жасымда» деп басталатын өлеңіне сол түнде шығарған әнін бізге үйретті.

Жазғытұры отаулар малмен бауырға көшіп кеткенде әкеймен екеуміз шешелерім, жас балалармен қорада қалатынбыз. Әкей екеуміз тауға шығатынбыз. Таудың басында отырып, әкей өлең жазып қайтатын.

Бір күні «Үштас» деген таудың жотасына шығып отырдық. Бұл биіктің айналасындағы көрініс жазғытұры өте тамаша болады. Күз жартас, ағып жатқан өзен, тоғай, тоғайда сайраған бұлбұл, байғұз, үкі, көкек, сарала қаз дауыстары, таулар жаңғырығы, баулы сайдың жұпар иістері, бәрі адамның ойына - бойына тәтті сезім жүгірткендей әсер беретін көріністер. Әкей жазу жазып отырды. Мен өзенге барып, жуындым. Әлден уақытта қайттың. Жолда әкей дыбыстап, бір сарынды әуез айтып келе жатты. Үйге келдік. Әкей домбыра тартып отырды. Шай ішіп отырғанда әкей айтты: «Балам! Бүгін олжалы қайттық. Мен жаға ән шығардым. Ол әнді жаратылыстың әнінен, бағанағы сайраған бұлбұл, шақырған көкек, таңдайын қаққан үкі, оларға қосылған таулар жаңғырығы, күрілдеп аққан өзен дауыстары, осылар қосылғанда жаратылыстың әні боп шықпай ма?» — деп, «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген өлеңін жазып, әнін де шығарғанын айтып, маған үйретті.

1929 жылдың қараша айында мен халін біліп қайтайын деп, жайлаудағы жалғыз жатқан әкейге бардым. Екі күн қонған соң, әкей екеуміз Байқопшардағы Кәріміқұлдікіне келдік. Байқопшарда қала боп орналасқан он шақты үй болатын. Әкей келген соң, бұрынғы әдеттерінше, ауылдың бар адамдары келді. Әкей әңгіме айтты, жазған өлеңдерін оқыды. Әкей екеуміз төр үйге қатар жаттық. Түнде әкей шам жағып, жазу жазды. Ерте оянып, домбыраға бір сарын тартты. Ел тұрып, шай ішкен соң, әкей түнде жазған «Қорқыт, Қожа Ғафиз түсіме енді де» деген өлеңін оқып, оған салған әнін айтып, бізге үйретті. Осылай шығарылған үш әнінің куәгері болдым.

Ерте кездегі бір әнін шығарған жайын әкей былай дейді: «Абай екеуміз әңгімелесіп отырғанда, өлеңнің қанша буында жазылатынын айтыстың. Сонда, ең көбі 11 буын болады екен, 8 — 4 буынды да өлең жазылады екен. 10 буынға өлең жазылмайды екен. Мен үйге келіп 10 буынға өлшеп, өлең жаздым. Бірақ өлеңнің 1-ші жолы мен 3-ші жолы, 2-ші жолымен 4-ші жолы ұйқасатын болса да, оқығанда қара сөз болып кетті. Содан, әуреленіп жүріп, әнмен айтылуға келтірдім» — деген болатын. Мысалы, «Ажалсыз әскер» деген өлеңі болатын. Бұл өлеңі 1912 жылы «Қазақ айнасы» деген атпен басылып шыққан өлеңдер жинағына енген. Осы жинақта 10 буынмен жазылған басқа да өлеңдері бар.

«АЖАЛСЫЗ ӘСКЕР»
Патшалар сансыз шығын қылады,
Дайындап соғыс үшін әскерін.
Аямай, бірін-бірі қырады.
Ел алар оққа байлап жастарын.
Тұрақсыз шыр айналған дүние,
Жұтады бәрінің де бастарын.
Ел түгіл, жерлеріне кім не,
Айтпасаң моласының тастарын.
Шын патша мен емес пе уайымсыз,
Әскерім — өлеңім мен сөздерім,
Олардың патшалығы байымсыз.
Көреді баянсызын көздерің.
Ойлаңыз, біздің әскер өле ме,
Қағазға бір басылып қалған соң.
Бұл мықты әскер емей немене,
Жайылып талай орын алған соң?..

Жоғарыда айтқанымыздай, әкейдің көп өлеңдері әнімен шығарылған. Ал, күй жайында, «Бозторғай» деген күйді ел жайлауға шығып, «Таз қызыл» деген қоныста, таң атып келе жатқан мезгілде, аспанда сайраған боз торғайдың үнін естіп, содан әсер алып, скрипкаға тарттым дейтін.

1920 жылдар шамасында Макс Кушинский деген профессор, ұлты неміс, біздің өкіметтен рұхсат алып, қазақ ішін аралауға шыққан. Негізгі мамандығы дәрігерлік. Макстың қасына Москвадан екі адам қосқан. Бірі — оқыған қазақ азаматы, дәрігерлік жоғарғы мектепте оқып жүрген Қошке Кемеңгеров, бірі — неміс тілін білетін орыс азаматы. Бұлар алдымен Мұхтардың аулына келген. Мұхтарды қастарына ертіп алады. Неміс ғалымы Кушинский: «Қазақтың көпті көрген адамымен әңгімелессем» — дейді. Мұхтар оған Шәкәрім жайын түсіндіреді.

Сүйтіп, осы топ ел жайлауға шығып, біздің ауыл «Томарлы бұлақ» деген қоныста отырғанда, біздің ауылға келеді.

Бұлар ауылға келгенде, әкей үйде жоқ болатын. Қабыш ағай мен екеуміз алдарынан шығып, қарсы алып, үйге кіргіздік.

Мұхтар: «Әкей қайда?» — деп сұрады. Қабыш: «Дүдіри кешеден қатты, сырқат болып, сонда кетті» — деді (Дүдіри — Шәкәрімнің ағасы Шәкенің үлкен баласы). Қымыз, бауырсақ әкелініп, шәй ішіп отырысты. Мұхтар әкейдің қайда, неге кеткендігін неміс тілін білетін орыс жігітіне түсіндірді. Ол Макске немісше айтты. Макстың айтқан сөзін Мұхтарға орыс жігіті айтып түсіндірген соң, бәріміз ауырып жатқан Дүдіридің аулына келдік. Алыстан келген жолаушыларды Мұхтар әкейге таныстырды. Әкей мен Макс қол ұстасып, амандасып болған соң, үйдегі отырған әйелдерді шығарып, Дүдіри жатқан үйге кірдік. Макс Дүдіриді қарап, укол салып, дәрі берді. Дүдіридің науқасын: «Сырттан болған жамандат екен. Енді екі-үш күн өтіп кетсе, жамандат ішке түсіп, өлуі мүмкін» — депті. Соның себебімен кешікпей Дүдіри тәуір болып кетті.

Содан, бәрі біздің ауылға қайтып келіп, екі-үш күндей, Кушинский, Мұхтар, Кемеңгеров үшеуі әкеймен әңгімелесті.

Қошке Мұхтарға: «Қазақша сен айтып бер, менің мойным босасын. Еркін дем алып, сайрандайын, сағынып келген далама!» — деп қалжыңдады.

Кушинский айтқанын әкейге Мұхтар қазақша айтып, жеткізіп отырды.

Кушинский әкейден — «Қазақтың ескі мәдениеттерін, қандай ғалымдармен танысқанын, қай ғалымдардың шығармаларын оқығанын сұрап, философиялық ойлар жайында көп әңгімелесіп, пікір алысты. Дәл осы кезде Құрбан айты болды. Кушинскийді бір жорға атқа мінгізіп, Мұхтар, Қошке, бәріміз айтшыладық. Бәйге, көкпар, тартыс, балуан сияқты ұлт ойындары болды».

Кушинский қатты қуанып, ойындарды, суретке тартып алды. Бәріміз - жарыстың, бұлаққа, өзенге шомылдық. Қонақтар рахаттанып қалысты. Мұхтарға көп-көп алғыстар жаудырды. Қазақтың айтта қырық үйге кіріп, дәм ауыз тиетін дәстүрі бар деп, үй-үйге кіріп, дәм ауыз тиіп, қымыз іштік.

Қайта келіп, Кушинский әкеймен және әңгімеге кірісті.

Шәкенің кенже баласы Кибаш скрипканы жақсы білетін, менің Қабыш деген ағайым домбыраға жүйрік болатын. Екеуі скрипкаға, домбыраға қосып, орыстың күйлерін тартып, құрмет көрсетті. Кушинский шексіз ырза болғанын білдіріп, әкейге көп - көп рахмет айтты.

«Мені өте таңғалдырған нәрсе — сіздің халқыңыздың тамақ жеуі, соншалық көп жеген, ішкен тамақтарын қалай сіңіруі. Түсте, кешке біз жеп жүрген бір табақ етті біздің неміс халқының бір семьясы бір ай жейді десем, оным қате болмайды. Сіздердің бір адамыңыздың жеген етін, ішкен қымызын, басқа ішетін тамақтарын қоспағанда, қалай сіңіреді, ұлтабары қалай бұзылмай, бойына таратады деп таң қалдым. Соны келгеннен ойлап, мынадай себеп бола ма деп қорыттым, — деді Кушинский.

— Біріншіден, осы жүрген ауаларыңызда ешбір қоспа жоқ, таза ауа, оған жерде өсетін, денеге неше түрлі әсер беретін шөптерді, өсімдіктерді алыңыз, бұлардың қайсы біреулерінен жұпар иісі аңқып тұрады, осындай хош иістер әмән ауаны тазартып, денсаулыққа үлкен әсерін тигізеді. Таза қоспасыз ауа тамақ сіңіруге, кейбір аурудың жазылуына үлкен себебін тигізеді.

Екінші, сіздердің көпшілігіңіз, тіпті барлығыңыз ат үстінде жүреді екенсіздер. Бұл әркімге табыла бермейтін дене шынықтыру, тамақты сіңірудің бір жақсы әдісі сияқты. Бір ауылға барып, тамаққа тойып алып, екінші ауылға барғанша, жеген тамағы таза ауа мен ат үстіндегі қозғалыс - қимылымен бойға тез сіңетін болу керек.

Үшінші, сіздің қолдан жасап алатын тамақтарыңыздың көпшілігі — құрт, ірімшік, айран, қымыз сияқты тағамдарыңыз — денсаулыққа, тамақты сіңіруге, ұлтабарды бұзбауға адам денесіне, тамыр - қанына үлкен әсерін тигізеді екен. Мына Мұхтар мен Қошкенің бір қазақ бір табақ ет, бір тегене қымыз ішеді, бір тоқтының етін тұтас жеп қояды дегендеріне енді нандым!» — деп күлді Кушинский.

Кушинский кетерде әкейдің қолын қатты қысып, «Мен сізге жолығып, әңгімелескеніме өзімді бақыттымын деп санаймын! Сізді сахараның ойшыл ғалымы деп санаймын! Амандық болса, елге барған соң, сахара тынысы туралы шығарма жазамын деген ойым бар. Жол тартса, тағы келермін. Мен қазақша үйренейін, сіз немісше үйреніңіз. Қайта келгенде, тілмашсіз, ауызба - ауыз сөйлесетін болайық!» — деп күлді. «Баршаларыңызға, халықтарыңызға шын жүректен ырзамын! Көріскенше сау, аман болыңыз!» — деп Кушинский жүріп кетті. Осы неміс ғалымы Макс өз еліне барған соң «Степь и ее обитатели» деген атпен кітап жазған.

1925 жылдың мөлшерінде, Ленинградтың жоғарғы мектебінің филология бөлімін бітірген Филистров деген орыс азаматы, қасында жоғарғы мектептің оқушысы, жас қазақ жігіті бар, екеуі жайлауда «Қара бұлақ» деген қоныста, біздің ауылға келді.

Бұл Филистров қазақтың, әдет-ғүрыптарын зерттеуге шыққан.

Бұлар бір жұмадай жатып, әкейдей қазақтың түрлі ғұрыптарын - қыз ұзату, құдалық жайлы, ырым - жораларын, әр түрлі ыдыс, ер-тоқым, үй мүлкінің бөлшектерінің аттарын, түрлі ырымдардың қалай аталатынын, олардың неге, қандай ғұрыпқа байланысты екенін және басқа да қазақтың ескі тарихи әдебиеттерін сұрап, көп әңгімелесті.

Әкейдің құсын ұстап, және өзін жекелей суретке түсірді. Сол Филистров қайтып барған соң, қазақтың этнографиясы жайынан кітап жазып бастырып, бір кітабын әкейге жіберді.

Шәкәрімнің мен білетін, басылған шығармалары:

«Мұсылмандық». Жас кезінде жазылып, 1911 жылы Орынборда бастырған.
«Түрік, Қырғыз, Қазақ һәм хандар шежіресі», 19 жасынан жинастыра жүріп, 1911 жылы Орынборда бастырған.
«Қазақ айнасы». 1-бөлім (өлеңдер) 1878 бен 1904 жылдарда жазылған. 1912 жылы Семейде бастырған.
«Қалқаман — Мамыр» (поэма). 1888 жылы жазылып, 1912 жылы Семейде бастырған.
«Еңлік — Кебек» (поэма) 1891 жылы жазылып, 1912 жылы Семейде бастырған.
«Дубровский» (поэма, Пушкиннен). 1908 жылы жазылып, 1924 жылы Семейде басылған.
«Ләйлі — Мәжнүн» (поэма Фзулидан). 1907 жылы жазылған Мұхтар Әуезов араб әрпімен Ташкентте журналға бастырған. Екінші рет Сәкен Сейфуллин латын әрпімен кітапша етіп, 1934 жылы Алматыда бастырған.

Ерте кездегі газеттерде, журналдарда басылған өлеңдері, қара сөздері бар.
«Боран» (поэма, Пушкиннен) ертеректе жазылған. 1936 жылы Алматыда журналға басылған.
«Шын бақ айнасы». Әңгіме. 1918 жылы «Абай» журналының 4 нөмірінде басылған.
«Ұлтшылдың туралы». Әңгіме, 1918 жылы «Абай» журналының 3-нөмірінде басылған.

«9 бет бәйіт» (араб, фарсы, түрік тілдерінде аралас жазылған). «Дума» деген поэмасы ертерек, 1904 жылдар шамасында жазылып, Қазанға жіберіліп, цензурадан өтпеді деп хабарланған.

«Шыны бақ» (ұзақ әңгіме).
«Нартайлақ — Айсұлу» (поэма).
«Әділ — Мария» (роман).
«Галилей» (ұзақ әңгіме).
«Қазақ айнасы» (2-бөлім, әңгіме).
Өзінің, әндерімен жазылған пьесасы.

Қызылордаға жіберілген 8-шығармасы. Мұнда Ақан сері жайлы және, «Шыны бақ» атты пьесасы, тағы басқа әңгіме, өлеңдері бар.

«Том ағайдың балаганы» (Гарриет Бичер Стоу-дан. Гарриет 1812 жылы туып, 1866 жылы өлген дейді).
«Бәйшешек бақшасы» (Бұл шығармасында өлеңдері, қара сөздері және басқа да әңгімелері бар).
«Асархидон — Лаэли» (Толстойдан).
«Үш сауал» (Толстойдан).
«Криз патша» (Толстойдан).
«Ұждан» (Күн шығыстың жүз әңгімесінен).
«Қол шатыр бұйрығы» (Күн шығыс жүз әңгімесінен).
«Пан-жи-зан-хан» (Күн шығыс жүз әңгімесінен).

Хафиздан аударған 288 жол өлеңдер. Бұл он түрлі өлеңнің біреуі «Абай» журналына басылған. Ал біразы Тәжік Академиясының шығаратын журналына бертінде басылған.

Мысал өлеңдері.
Нақыл сөздері.
Жұмбақтары.
«Жайлаудың баласымен айтысы» (22 жасында жазылған).
«Шал мен кемпірдің ғашықтығы» (поэма).
«Өмірбаяны» (өлең).
«Үш анық» (философиялық әңгіме).
«Жан мен тіршілік туралы» (философиялық әңгіме).
Мен білетін 30-ға тарта әндері бар.
Көп ұсақ өлеңдері.
Мен шала білетін «Бозторғай» атты күйі.
Ескі сөздер.

Шәкәрімнің басталып, бітпей қалған жазбалары: «Абай өмірі», «Қазақ лұғаты», «Құран аудармасы», «Адам баласының шын бақытты өмір сүруі» жайлы әңгіме.

Мен білмейтін әңгіме, өлең, ән, күйлері, ерте кезде газет - журналдарға жазылған өлең, қара сөздері бар екені сөзсіз. Әкем: «30 жас шамасында бір айдай тілім байланып, сөйлей алмайтын болып қалдым. Осы кезде 7 жастан бастап жазған өлеңдерімді өртеп жібердім. Артынан Абай ұрысты. Өзім де өкіндім» — дейтін.

Әкей өзі екі әңгімесін нашар дейтін. Бірі — «Мұсылмандық» дейтін шығармасы: «Мұны надан, білімнен хабарым жоқ кезімде, басқа жұртта «Ғибадат исламия» деген кітап бар, олар араб тілінде не түрік тілінде жазылады, қазақ тілінде неге жоқ деп, соларға еліктеп жаздым, оны мансұқ еттім», — дейтін.

Екінші — «Түрік хандар шежіресі» деп, өлеңмен Түрік қауымында болған хандарды жаздым. Бұл — жасымда шежіре жазбақ болып, бірнеше елдердің шежірелерін оқығанымда, «Отечественная история» деп патша, хандарды жазғандарды көріп, еліктегенім, осы да біліми көзқараспен айтылмаған», — дейтін.

Ал, дастандары туралы: Жазған поэмамда «Нартайлақ — Айсұлу» поэмасының поэзиялық жағы «Дубровский» поэмасы мен «Ләйлі — Мәжнүн» поэмасынан төмен. Оның негізгі себебі, өте асығыс жазылуынан болса керек. Бірақ оның уақиғасы — егер пьесаға аударылса, қызықты болар еді, - дейтін. Толстой туралы, бір мәжілісте, мен әкейден: «Сіз Толстой туралы жай әңгімеңізде де, Толстой туралы жазған өлеңіңізде де өте бағалайсыз» — дедім. Сонда, әкей айтты: «Мен Толстойды бұрын да бағалайтынмын. Әсіресе мен Толстойдан үш сұрақ сұрадым. Сол сұрақтарыма Толстой маған өте қымбатты жауап қайырды. Сол жауаптары мені толғандырып, ғибрат алатын сабақ болып, көңілімде орнап қалды.

1.Адамның арына тиетін жағымсыз қылықтардың өзім білетін бәрін тізіп жаздым да, «Осылардың ішінде және біз білетін, арға ең ауыр тиетін не?» — дедім.

Толстой бұған: «Осы жазғандарыңның бәрі де адамшылық арға тиетін нәрселер. Меніңше, арға ең ауыр тиетін іс бар. Ол — егер адам көпшілікке, не жалпы қоғамға зиян келетін хақиқат істі біліп, соны үш нәрседен қорғанып, сол хақиқатты айтпай қалса, сол арға өте ауыр тиеді. Бірінші, сен өте бай болып, сол хақиқатты айтсаң, малыңа, зияны тисе, екінші, сен мансап иесі болып, сол хақиқатты айтсаң, мәнсабыңнан айрылатын болсаң, үшінші, сол хақиқатты айтсаң, басың жазаланатын болса. Міне осы үш түрлі зардаптардан қорғанып, көпке зиян келетін хақиқатты біле тұра айтпай қалсаң, арға ең ауыр тиетін осы» — деді.

2.«Ірі шығармалар жазуға бет алдым. Бұған қандай кеңес бересіз?» — деп, көлемді шығарма жазу жайында ақыл сұрадым.

Толстой бұған: «Көп адамдар қатысқан көлемді шығарма болсын, не ұсақ әңгіме болсын, алдымен сол әңгіменің уақиғасына, іс-әрекетіне жазушы өзі араласқандай жетік болуға керек. Сол уақиғаның ізі, сыры, қоғамға байланысты әрекетіне жазушы өзі араласқандай жетік болуға керек. Сол уақиғаның жайы жазушыға айнадай айқындалып, сезіліп тұрғандай болуы керек. Олай болмаған күнде, әңгіме дәл, қызықты болып шықпайды. «Көлеңкеге қарап пішкен тон бойға шуақ келмейді» деген мәтелді жазушы ойдан шығармауға керек. Ішіне араласпай, сырттай ой - жотамен жазған шығарма шындыққа жанаспай, қызықты болып шықпайды», — деді.

3. «Жазушы, оның ішінде мен, өз жазғанымның дұрыс терісін сынай алмаймын. Өз шығармасының қатесін қандай әдіспен көріп, сынап - түзеуге болады?» — дедім.

Бұл үшінші сұрағыма Толстой: «Жазушының артық қасиеті — өз қатесін көріп, соны түзей алуы. Бұл әркімнің қолынан келе бермейді. «Біреудің қатесін біреу көреді» — деген де бар. Бәрінен, адам өз қатесін өзі көріп, өзі түзегені артық. Өз қатесін өзі түзей алатын қасиет адамның өз бойында бар. Ол адамға біткен — ақ жүрек. Егер адам оз істеген ісін, жазған сөзін ақ жүрегіне сыната білсе, ақ жүректің нәзік сезімін ашып бере алады. Ақыл -толғауынан өткен қорытындыны жүрек елегінен өткізу керек. Жүрек ымбалына беріліп дағдыланған адам өз мінін де, басқанын мінін де көре алады. Сондықтан, әділ сыншың — ақ жүрегің», — деді. Осындай ақыл-кеңес берген Толстойды мен ұстазым деп бағалап, ардақтаймын!» — деді әкей.

1931 жылы, Семей түрмесінде, әкейдің өлімін естігенде жаздым.

ҚАРТ ӨЛІМІ
Тай мен Шақпақ арасы,
Кереге тас саласы.
Жер күңіреніп сілкінді,
Сарыарқаның даласы.
Жота, төбе, биіктер,
Тартып қайғы — күйіктер.
Маңырап, шулап жылады,
Арқар, марал, киіктер.
Арша, бұта, қайыңдар,
Нені сезіп, пайымдар?
Бар табиғат мұңайды,
Түсіп ауыр уайымдар.
Күннің нұры ажырап,
Кірпіктен оты шашырап,
Күңгірт сәуле көңілсіз,
Күңіренді атырап.
Гүл, бәйшешек, жапырақ,
Сарғайды, солды көк құрақ,
Өліктей бейне көмілген,
Қалды басып топырақ.
Өлім күйін тартты жел,
Өксіді өзен, орман, көл,
Тулаған толқын бұлқынып,
Ақты арындап қанды сел.
Жас құйылып ағылып,
Бұлт қайғырды қамығып.
Ай тұтылған аспанда,
Азалы перде жамылып.
Шолпан жұлдыз батқанда,
Күн шығып келе жатқанда,
Қанға батып жығылды,
Кеудесінен атқанда.
Кеудені оң жаралап,
Ішін кетті аралап,
Жүзге тілді жүрегін,
Тілім-тілім паралап.
Жүрек зорға жыбырлап,
Қозғалды ерін қыбырлап,
Нұрлы көзін төнкеріп,
Бірдеме айтты сыбырлап.
Деді: «Бірің бері кел,
Мен жау емес, едім ел!
Осы араға көміп кет,
Молам болсын мына бел!
Жасыр ағаң денесін,
Ит пен құстар жемесін!
Кейінгілер іздесе,
Моласы жоқ демесін!
Жетті ажал, бітті хал,
Сырт киімін шешіп ал!
Орамалмен басты орап,
Іш киіммен көрге сал!
Кем де мені елге қайт,
Барлық жанға сәлем айт!
Оққа ұшып өлді де,
Жайлауында жалғыз қарт!
Бұлар неге жылады?
Нені уайым қылады?
Терең ойлы ақынның
Қаламы қолдан құлады.
Бітті өмір, болды сүр.
Туыс, өлім бұлар жыр.
Кейінгіге келетін
Менің жайым болар сыр!»
Осы сөзін елге айтты,
Ар иесі ерге айтты.
Табиғаттың жаршысы
Соғып өткен желге айтты.
Хәлі бітіп әлсіреп,
Шынтағымен жер тіреп.
Жарасынан қан шапшып
Денесі жатты тітіреп.
Жатыр қанға боялып,
Келместей тірлік оралып.
Түскендей тулап қақпанға,
Өлімге өмір оранып.
Әлсіреп, жерден тұра алмай,
Жан денені қия алмай.
Таза ақыл, жүйрік ой,
Кеткендей мойын бұра алмай.
Төңкеріп көзқарасын,
Қолымен басып жарасын.
Шығарда жанмен қоштасты,
Дегендей қайда барасың?!
Салқындап жүрек, суып тән,
Тоқтады аққан қызыл қан.
Уә! — деді де, көз жұмды,
Дем таусылды, шықты жан.
Арсыздың ары жоғынан,
Қайырымсыз, қанды қолынан,
Қазасы жетті кәрінің,
Адамның атқан оғынан.
Мұны бекер демеңдер,
Сендер уайым жемеңдер.
Сүйтіп өтті жалғаннан,
Терең ойлы кемеңгер.
Береді дәуір кезегін,
Өлмейді ақын, сеземін.
Тек, ойласам сол халін,
Өртенер жүрек - өзегім!

...1961 жылы, 26 июльде Бақанасқа бардым. 27 июльде әкем сүйегін тастаған құдықты жалғыз қазып, ол күні метрден аз-ақ артық қаза алдым. Жаныма адам алмай, жалғыз қазған себебім: біреу болса, ол асығып, сүйектің бір жерін сындырып алар деген ой келді.

28 июльде және қазып, барлық сүйегін түгел алдым. Тек, оқ бүлдірген екі сүйегі болды. Бірі — оң жақтағы тоқпақ жіліктің басын үзген. Екінші атқан оқ төс сүйектің ортасынан өтіп, оң жақ омыртқаның қанатын сындырған. Кейбір сүйектерін өлшеп алдым.

Бас шеңбері — 53 сантиметр.
Маңдайы қарақұсқа дейін — 31 сантиметр.
Құлақ - шеке арасы — 30 сантиметр.
Ортан жілік — 43 сантиметр.
Жіліншік — 46 сантиметр.
Жамбас — 26 сантиметр.
Бастың биіктігі — 19 сантиметр.

Әрине, осы өлшеулер дәп дәл деп айту қиын. Мен алған өлшеумен өлшесем де дұрыс болмауы мүмкін. Әкей өте ұзын адам болатын.

Сүйегін ауданға алып келдік. 7 августа қабірі қазылды. 8 августа Абай зиратының қасына жерленді. Жүзден артың адам қатысты. Жетісі де берілді. Ел жабдығына 6 қой, 240 сом шығарды. «Абай» совхозы мен аудан басындағылар түгел жиналды, басқа совхоздардан да келгендер болды. Аудан басшылары машина және басқа қажет нәрселерді бергізді. Жаңа өліктен де артың болды деуге болатындай. Сүйек келгенде жыламаған жан болмады. Көздерінің жасымен бірге қуаныштары да байқалды. Жаназасына қарт аталар, аналар түгел кірді. Семейде дұға өткіз деп 2 қой, 70 сом берді.

1961 жылы, 28 июльде әкей сүйегін көмілген құр құдықтан, плашыма орап қойып, осы өлеңді жаздым.

ФАНТАЗИЯ
Жапанда, жайлау шетінде,
Салынған шағын қора - там,
Шақпақтың күнгей бетінде,
Отыр сонда бір адам.
Елсіз қора, жайлауда,
Жалғыз жатқан кәрі шал.
Тұтқындай болып байлауда,
Отыр ма күтіп ол ажал?
Ол алысты ойлайды,
Өлместей белгі, жүзінде ар.
Тереңге ойы бойлайды,
Жүректе жалын, өмір бар.
Қырау басқан шашы бар,
Күмістей жылтыр ақ сақал.
Жетпістен асқан жасы бар,
Не істеп жатыр осы шал?
Айнала кітап жиылған,
Ортасында жалғыз шал.
Арына берік сиынған
Бұл не ғажап, бұл не хал?
Малдас құрып жүгінген,
Отырғандай тілекпен,
Кітаптарға үңілген,
Беріліп жылы жүрекпен.
Қыранша қарап далаға,
Шарықтап ойы кезгендей.
Алдыңғы жаққа қадала,
Жарығын нұрдың сезгендей.
Ғажап өмір, ғажап түс,
Алыстан болжап көргендей.
Бақытты еңбек, бақытты іс,
Соларды жырлап бергендей.
Қуаныш сезім жүрегін,
Орнығып, орап басқандай.
Көксеген арман, тілегін,
Ақтарып, айқын ашқандай.
Көрікті ойы шығар тез,
Көңілінде қалмай қорғалап,
Қуаты күшті нұрлы сөз,
Тілінен тұр сорғалап.
Кернеген қиял бойында,
Таразыға тартылып.
Қорытқан кен ойында,
Таусылмай жатыр сарқылып.
Таратып қорды жиналған,
Армансыз болып өлсем деп.
Осыған жаны қиналған,
Артқыға түгел берсем деп.
Қайратты, қамқор кәрінің,
Сөнбейтін нұрлы күні бар.
Арқалаған арының
Сияқты ауыр жүгі бар.
Арманы, ойы — ашың сыр,
Елі үшін еңіреп, егілген.
Жалынды оттай жанды жыр
Қаламынан төгілген.
Аңдыған біреу соңынан,
Жүрегіне атыпты оқ
Қаламы түсті, қолынан
Доғарылды, жыр да жоқ.
Баяғыда осындай,
Болыпты дейді ауыр хал.
Жапанда, жанға қосылмай,
Өліпті солай кәрі шал!
Мен бардым сол қораға,
Бар ма деп, ізі, белгісі.
Кім құмар емес мұраға,
Әркімнің келер білгісі.
Жан жоқ он да мен барсам,
Іздедім көп сандалып.
Тыңдап, байқап барласам,
Жел ғана тұр ән салып.
Көрінбейді көзге жан,
Сөйлеседі көп адам.
Естіліп тұр салған ән,
Тақап едім бір қадам.
Білдім анық өздерін
Барып көр, егер сенбесең!
Есіттім және сөздерін,
Айтайын олар кім десең.
Лермонтов, Пушкин ән сап тұр,
Орыстың ойшыл ақыны.
Кәрі шал өлген сонда жүр,
Оларды еткен жақыны.
Фердауси, Хафиз, Науаи,
Шайх Сағади, Абай да. Фзули,
Толстой, Жалали,
Табарсың бәрін, абайла!
Қайырымсыз жүрек, қанды қол,
Жара сапты тәніне.
Өлтірдім деп, кетіпті ол,
Келмепті зиян жанына.
Көмілген қарттың сүйегін,
Достары тауып алыпты.
Жарасын жамап, жүрегін,
Орнына қайта салыпты.
Қайтадан қарт тіріліп,
Өлмейтін боп кетіпті.
Жырын жазып бітіріп,
Мұратына жетіпті.
Ән сап жүр екен кәрі де,
Шалқытып, шырқап далада.
Естіпті елдің бәрі де,
Еркегі, әйел, бала да!

1961 жылы, 28 шілдеде әкей сүйегін алған күні әкей сүйегі жатқан құдық туралы жаздым.

ҚҰДЫҚ
Көрінер алыс көзге елес,
Жайлауда терең құдық бар.
Көлемі онша кен, емес,
Байқағам, бұрын еді тар.
Суы біткен, құрып та,
Ұқсаған көрге түрі бар.
Болмаған бұл іс ғұрыпта,
Бір ғажайып сыры бар.
Кеміпті біреу құдықты,
Топырағымен қайтадан.
Белгісіз, не тығыпты,
Аңғарып, кім байқаған?
Құдықтың орны жойылмай,
Жатыр дейді белгісі.
Көзінен жасы құйылмай,
Өтпейді дейді бір кісі.
Барады екен аталар,
Таяқпен зорға жорғалап.
Отырар ару аналар,
Көзінен жасы сорғалап.
Тұрады екен жігіттер,
Қайысып қабырға сөгіліп.
Қайнайды іште кек - жігер,
Уытты жасы төгіліп.
Барады екен балалар,
Маңына соның жағалап.
Айтқанын ұғып аналар,
Құдықты қоршай қамалап.
Қадала қарар сұлулар,
Қара кезі мөлдіреп.
Балқытып бойын жылулар,
Аяныш жүрек елжіреп.
Қыз, келіншек, бозбала,
Барады екен басшы алып,
Құдыққа көздер қадала,
Қайтады екен таң қалып.
Көріпті әнші барғанын,
Еріткен бойды әнімен.
Жұрт естіпті ән салғанын,
Келтіріп әсем сәнімен.
Күйші барып, қайтыпты,
Басына түнеп түнімен.
Құдықтың сырын айтыпты,
Домбыраның үнімен.
Тұрған екен ғалымдар,
Тереңге төнген құздай боп.
Сан сырлы терең ағымдар,
Басқандай ойын мұздай боп.
Көргендер кеп ақыннан,
Жырлады дейді егіліп.
Жыр туып жігер - жалыннан,
Тілінен тұрған төгіліп.
Отыз бір жыл өткен соң,
Ойладым соны қазсам деп.
Жұрт барып, тегіс кеткен соң,
Бір олжаны тапсам деп.
Іште сырым, көңіл тоқ
Соғады жиі тек жүрек.
Екі күн қаздым, түк те жоқ,
Алғаным құр қу сүйек.
Беріле сүйген халайық
Сақталған талай жүректе.
Таң қаларлық ғажайып,
Не сыр бар, мынау сүйекте?!!
Арсыз адам қолынан,
Істелген сұмдық бір қылық
Бақанастың бойынан,
Көресің, жатыр құр құдық!

ҚАБЫШТЫҢ ӘКЕСІНЕ АЙТҚАНЫ
Ол күнде:
Хажы, ғалым, мұхтасыр,
Туыс қадыр сый болған.
Болыс, ақын, писатель,
Облыстың би болған.
Ақыл таппай қалмаған,
Сауығы жоқ салмаған.
Білім, талап жүлдесі,
Мансабы жоқ алмаған.
Мақсаты зор жас болған,
Хақ жолына бас болған.
Жазған, айтқан, бастырған,
Көп наданға қас болған!
Бұл күнде:
Ақ қар, көк мұз Арқаның,
Ықтай қонған тасында.
Қырау басқан, бықсыған,
Қара қосы басында.
Босағада қыраны —
Қондырулы тұрады.
Таңдап сүйген құралы —
Жаралысы асыл да.
Қайрат, нұрдан айрылған,
Мақсат, талап майрылған.
Қаралы шал қайғырған,
Мен отырмын қасында.
Жым-жырт жапан көргісіз,
Ой кезеді келгісіз.
Кіріп-шығып тықырлап,
Сындырғаны сытырлап.
Тынымы кем тыпырлап,
Бақыршы жүр осында.
Қымбат, қызық мұңым деп,
Бақыт, рахат күнім деп.
Жанға сая, тыным деп,
Бүгін жетпіс жасында.
Жантаямын, белгісіз
Айығым да, масым да.
Селк етемін сарнағам,
Мұңлы үнінен зарлаған.
«Я, рабби!» арнаған,
Келесіге мұңы бар.
Таңмын қиял зорына,
Қусырулы қолына.
Келген бармақ жолына
Ой кездірген түрі бар.
Ырзалық қамға ишарат,
Сұрғылт перде жүз қабат.
Бұл өмірде бізге жат,
Сырт айналған сыры бар.
Айнымасқа айналған,
Дайындалған, сайланған.
Жабдық - жарық жайланған,
Аман-есен жеткендей.
Қайта айналып көрмеске,
Ақыл, көмек бермеске.
Хат, хабары келмеске,
Жат сапарға кеткендей.
Қажетің не? Дәрің не?
Көнбегенге кәрің не?
Өзіндік бар бәрінде.
Бір күн күнің өткендей!

ӘКЕСІ ӨЛГЕНДЕ 1931 ЖЫЛЫ ГҮЛЛӘРДІҢ АЙТҚАН ЖОҚТАУЫ

Сарыарқаның жонында,
Хақиқат - ардың, соңында,
Отырған әкем тамында,
Серігі — қалам қолында.
Оятып алыс - маңайын,
Ұқтырды, жазды талайын.
Төлеусіз берген сыйы көп,
Алсаңдар тілін ағайын!...
(бірнеше жолдар өшкен)
Жасынан ұстап адалдық,
Етпеген зорлық, жамандық.
Момындар келіп дос болған,
Бойында толы адамдық.
Жеті жаста жетім қап,
Қолтығына Абай ап,
Үйреткен ақыл, өсиет,
Ашып көзін, жолға сап.
Талабына ақыл сай,
Талпынды іздеп, жатпай жай,
Ақ жүрек, сергек, сезімді,
Қайратты, ойға болды бай.
Оянды ерте ұядан,
Шықты қиын жырадан.
Қанатын жайып талпынды,
Алысқа тілеп қиядан.
Жетіліп, мінсіз түледі,
Алдында болды тілегі.
Өміріңде өлгенше,
Елі үшін бақыт тіледі.
Күн шалған жерді шарлады,
Керегін тапты, барлады.
Аянбай тапқан еңбегін,
Баршаға бірдей арнады.
Жазды, айтты ақылды,
Жақтады әділ, мақұлды.
Алаламай адамды,
Тең көрді алыс - жақынды.
Ағасынан айрылды,
Абайды жоқтап, қайғырды.
Алмадың оның тілін деп,
Еліне кейіп, зар қылды.
Өзін де күндеп қаралап,
Өсек айтып жалалап.
Абайды ұрған арсыздар —
Әкемді кетті жаралап.
Елсізге қашты аңдай боп,
Адасқан топтан қаздай боп,
Жапанға барып жатты әкем,
Панасыз бейне жандай боп...
(бірнеше жолдар өшкен)
Ойында бар ма алмақ дем,
Таппақ па әлде жараға ем?!
Сағынып үйде қалдым мен,
Сырыңды айтшы әкекем?!
Сіз кеттіңіз, қалдық біз,
Жаттыңыз барып, хабарсыз.
«Сарқыншық кенжем Гүлләрім,
Бір көрер ме едім», дейтінсіз ...
(біразы өшкен)
Әзір жоқ елге қайтарың,
Мынау болды байқарын —
Артыңа мұра қалдырып,
Көп екен әлі айтарың!
Жазу екен ермегің,
Көп екен ойда термегің.
Артыңнан келер өренге,
Бар екен борыш - бермегің.
Надандардан торығып,
Алысып, шаршап, зорығып,
Жалықпай соны қазыпсың,
Таусылмас кенге жолығып.
Сарғайып ойдан азыпсың,
Қазақтың мінін қазыпсың.
Ар жүгін ауыр арқалап,
Келешек үшін жазыпсың!
Таза ойға терең төніпсің,
Жалынды жырлар төгіпсің.
Өлмейтін сөздер өмірде,
Қажымай, талмай теріпсің.
Бойдағы асыл нәріңді,
Беріпсің түгел - бәріңді.
Залым, сопы, қуларға,
Төгіпсің, әкем, зәріңді.
Ар жолын адал мақтапсың,
Адамдық борыш ақтапсың.
Әлемде ойшыл сөздерін
Аударып, ұмытпай жаттапсың!
Ашуға мініп қашпапсың,
Адалға жұртты бастапсың.
Жуанның зорлық жолына,
Түспепсің, аяқ баспапсың.
Мейірім, ұят, бойыңда ар,
Сабырлы, жігер күшің бар.
Арқалаған ел жүгін —
Қайыспас әкем қара нар!
Қажымадың, талмадық,
Ізденіп қайда бармадың.
Түгелдей шарлап әлемді,
Не қажетті алмадың.
Жолықтық ойдың кеніне,
Қорытып бердің еліңе.
Қалдырған мұраңды артыңа,
Теңеймін шалқар көліне....
(бірнеше беттер жоқ)
Қораңа жалғыз барыпсың,
Аң аулап, тауды қағыпсың,
Оққа ұшып адам қолынан,
Жапанда, әкем қалыпсың.
Сарғая күттім, келер деп,
Насихат айтып берер деп.
Қоштасып, кешу алысып,
Ойлаушы ем үйде өлер деп!
Айрылдым әкем, тірегім,
Далада қалды-ау сүйегің?
Бақытсыз, сорлы болдым ғой,
Дәл келмей еткен тілегім!
Қолымнан, әкем, көмбедім,
Көзімше неге өлмедің?!
Естімей ақтық сөзіңді,
Өлерде жүзің көрмедім.
Көп екен қайғы, көрмегім,
Осы ма тілек бергенің?!
Панасыз, зарлап қалғанша,
Жақсы екен бұрын өлгенім...
(дәптердің көп беті жоқ)
Арымды жойып, бере алмай.
Қорлыққа салған көне алмай,
У іштім әкем өлгелі,
Бірақ та, қалдым өле алмай.
Жанымды аяп қалмадым,
Жалғайға көз салмадым.
Қабышты қимай, өмірде
Сол еді тірі қалғаным.
Өсиетін, сіңген сүйектен,
Таза көңіл - тілектен.
Кетпейсің әкем өмірде,
Қайғылы, мұңлы жүректен!
Қаралы өмір сүрермін.
Несіне ойнап-күлермін?!
Өзімді-өзім жұбатып,
Әніңді айтып жүрермін!
Тоқтамас жасым көзімнен,
Аламын үлгі өзіңнен.
Оңаша жерде тірідей,
Сөйлесем әкем өзіңмен.
Көруші едің жаныңдай,
Жүрегіңнің қанындай
Еркелеткен әкекем,
Жүрермін қалай сағынбай?!
Жүректен шығар зар ма екен,
Қайғылы мендей бар ма екен?
Әлемге айқын әкемді,
Жоқтасам, елім, ар ма екен?!
Қамықтым жаным қиылмай,
Басыңа елін, жиылмай.
Арманда қалды әкекем,
Топырақ қолдан бұйырмай...
(төрт ауыз өлең, оқылмайды)
Қабірге жайлап салынбай,
Бетін, жөндеп жабылмай,
Сүйегің қалды қудық та,
Әлі де жатыр алынбай.
Ойымнан кетпес арманым,
Жерленбей қолдан қалғаның!
Кеш, әке, әлсіз, нәзікпін,
Сондықтан алмай қалғамын!...
(бірнеше беттер жоқ)
Айрылдым бауыр, анадан,
Туысқан, қимас ағадан.
Жалғыз қалдым сандалып,
Айрылып сүйеу, панадан?!
Торға түстім тұтылып,
Әлім жоқ кетер құтылып.
Басымнан кешкен көп — қайғы,
Кетпейді ойдан мұтылып
Он жеті толар жасымда,
Айықпай көзден жасым да.
Дос түгіл, дұшпан көрмесін,
Қазаны тартқан басымда.
Сөкпеңіз, мені жылаған,
Бар тірегі құлаған,
Бар екен тағдыр аяусыз,
Сақтаған маған сыбағаң.
Керегі жоқ рахаттың,
Жас өмірімді таланттың.
Тірлігімде тілеймін —
Алдында кеткіз Ахаттың.
Тағдыр-ау, жаздым не саған,
Көрсетпедің не маған?!
Бақытты өмір Ахатқа.
Тілеймін, енді бер соған!

ӘКЕЙДІҢ КІТАПХАНАСЫ ЖАЙЫНДА

Сол кезде мен әкейдің кітапханасындай мол кітаптары бар кітапхана көрмедім. Бұл мол кітаптарды абдыра, жәшіктерге салдырып, ел қыстаудан көшкенде бір бөлмеге қалатын қойғызатын. Оған ешкім тимейтін. Жылда бір рет тазарттырып отыратын. 1918 жылы мен осы кітаптарды тазаластым. Отау үйлер малмен көктемде бауырға көшіп кететін. Әкей, үй-ішімен біздер ел сыртқа шыққанша қыстауда болатынбыз.

Бір күні әкей кітаптарын тазалаттырып, маған тізімге алдыртты. Әкей айтып отырды, мен кітаптардың авторларын, шығармаларын жазып отырдым. Үш күнде тізімді жазып зорға бітірдік. Кітаптардың молдығы сондай, авторлардың бар томдарының аттарын жекелеп жазып шығуға мүмкіндік болмады. Мысалы, «Мың бір түннің» барлық томдары болатын. Оларды біз «Мың бір түн» бар деп қана жаздық. Сонда менің байқағаным, есімде қалғандары, діни кітаптардан: Құран, Інжіл, Таурат, Забр, Мұхтасар, Нақу, Бидал сияқты кітаптар. Солардың аудармалары, әр тілдегі тәпсірлер. Будда, Зарадұшт діндері жайында жазылған кітаптар.

Тарихқа келсек: Табаридің «Тарихи ғұмұмы», «Тарих Ғұсмани», «Тарих інтишар ислам», Нәжім Ғасымбектің «Түрік тарихы», Әбілғазы Баһадүрдің шежіресі, Радловтың Ойғұр туралы шежіресі, Аристовтың түрік нәсілі туралы жазған шежіресі. Түріктің ең ескі замандағы кітаптары — Құтағду білік, Кушу-Қайдам, қытай тарихшысы — Юан-шау-ми-шидің шығармасы. Араб, фарсы, рум, грек, европа тарихшыларының шығармалары сияқты кітаптар.

Философия жайлы: арғы замандағы араб ойшылы Абусуфиянның, «Хуррият» туралы кітабы. Аристотель, Платон, Сократ, Әбунасыр Ибн-Сина, Ұлықбек, Шопенгауэр, Кант, Луи Пастер сияқты философтардың кітаптары. Әдеби кітаптар туралы: Гомердің поэмалары, Бичер Стоудың шығарма кітабы («Том атайдың балаганы»), Байрон, Щедрин, Крылов, Гоголь, Некрасов, Пушкин, Лермонтов, Толстой, Фердауси, Науаи, Сагди, Низами, Физули сияқты басқа елдердің де ақын, жазушыларының кітаптары.

Әр елдің ертедегі эпостық кітаптары, мақал, мәтел, мәнілі сөздері жазылған кітаптар.

Біліми фәндерден: алгебра, геометрия, физика, химия, астрономия, география, анатомия, психология кітаптары.

Араб, түрік тілдеріндегі нота кітаптары болған. Араб, фарсы, түрік тілдеріне аударылған әр елдің сөздіктері, әдеби шығарма кітаптары.

Бұлардан бақа да әр жерден алдырып тұратын газет, журналдары болған. Бұларды тізімге жаздырған жоқ.

Өте қымбатты әрі ойшыл, әрі ақын, әрі жазушылардың шығармаларын оқығанда, олардың кітаптарының шетіндегі екі елідей, ақ қалған жеріне сол ойшыл, ақын, жазушылар жайында жазған бағалы сөздері, пікірлері бар еді.

Әкей бес тілді жетік білген адам. Ол араб, фарсы, шағатай, түрік, орыс тілдері еді. Сол тілдерді жақсы білу арқасында, жер көлеміндегі елдердің тілдерінде жазылған шығармалармен оңай танысқан.

«Осы мол асыл қазына кітаптар қайда? Қайда кетті?» — дейсіздер ғой. Сіздердің де, менің де жанымды жеп, жүрегімді күйдіретін, мәңгілік арман боп, ауыр тиетін жағдай.

1931 жылы қораларды, тамдарды бұзып, ағаштарын, тақтайларын алғанда, ол кездегі жанама жандайшап, санасыз адамдар бар кітаптарды далаға үйіп, түп-түгел өртеп жіберген!...

АХАТ ШӘКӘРІМҰЛЫ

Баспаға әзірлеген Бейбіт САПАРАЛЫ.
ҚАЙЫМ МҰХАМЕТҚАНҰЛЫ


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз