Өлең, жыр, ақындар

Керей

Керей деген сөздің неден шыққаны туралы шежіре жазушылар әртүрлі сөз айтады.

Рәшиддин, Әбілғазы хан, әм Нәжіб Ғасым «керей» деген қара деген сөз дейді. Ойғырдың жеті баласы, бәрі қара болған соң, оларды мағұл тілінде керейіт дейді, яғни қара дегені.

Профессор Березин деген кісі керей Маньчжурияның Қари деген халқынан шыққан шығар дейді.

Аристов — Саян тауының темірқазық тұмсығындағы Ода өзенінің бір айырғы Керей деген өзен атымен болса керек деп ойлады. Мен қаралар деген сөзді дұрыс деп білемін. Біздің орта жүздегі керейлер сол керейіт нәсілінен Ашамайлы деген кісінің Сибан, Қараби деген екі баласының нәсілі. Және Қарабидің бір қызын алып, қолында тұрып қалған Абақ деген кісінің нәсілі. Ол Абақтың түбі сары үйсіннің тұқымы он екі ру абақ керей атанып кетті. Сол сарыүйсін — Абақтың он екі баласы: Жантекей, Жәдік Жастабан, Жұбағайыр, Шерулі, Ителі, Итемген, Молңы, Меркіт, Барбас, Қарақас, Кеңсадық. Бұл Кеңсадықты Аристов Шимойын деп жазады. Сол дұрыс болар.

Жер жүзіндегі түрік нәсілді жұрттың ішінде керей бар. Шыңғыс хан кезінде керей ханы Oқ хан деген еді, шын аты Тұғрұл, оның елін Шыңғыс алып, өзі қашып жүргенде найман Сумажы, Танеке деген бектер ұстап, басын кесіп, найманның Таң ханына алып барғанда, — кәрі кісіні өлтірмей-aқ, тірі алып келсең нетті деп басына күміс қаптатып, тағына қойды.

Бұл орта жүздегі керейлер — керейіттің бір ғана Ашамайлының екі баласы — Сибан, Қараби дегеннің нәсілі әм Қарабидің қызын алған сары үйсін Абақтын нәсілі.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз