Өлең, жыр, ақындар

Алла тағаланың сипаттарын білмек

Уа достар! Жоғарғы сөздерден Алла тағаланың барлығын һәм бірлігін білдіңіз, енді сипаттарын айтайын.

Алла тағала бар, өздігінен бар, біреу бар қылған емес, барлығының алды жоқ, бұрыннан бар, арты да жоқ ешқашан жоқ болмайды, өлмейді, тозбайды, өзгермейді. Алла тағала жалғыз, не серігі жоқ, не теңдесі, ұқсасы жоқ және еш нәрсеге ұқсамайды. Кітапта бүл алты сипатын — затия сипаты дейді. Олар мынау: бар, өздігінен бар, бұрыннан бар, жоқ болмайды, жалғыз, еш нәрсеге ұқсамайды. Бұлардан басқа кітапта субутия деген сегіз сипаты бар. Олар мынау: тірі, білімді, құдіретті, талап қылушы, яғни бір нәрсенің болғанын ұнатушы, болғызушы, яғни бар қылса да, жоқ қылса да сөйлеуші, естуші, көруші. Бірақ бұл сипаттары адамдарға ұқсамайды. Мәселен, біздің тіршілігіміздегідей денеменен емес, біздің құдіретіміздей қол-аяқ яки қарумен емес, біздің біліміміздей ойменен, көзбенен, яки біреуден ұғып емес. Ақыры өзінің еш нәрсеге ұқсамағаны сықылды сипаттары да өзгенің сипатына ұқсамайды. Және кітапта сәлбия сипаттары деген болады. Олар: ұйықтамайды, өзгермейді деген сықылдылар. Оны ешбір кемшілігі жоқ десе содан ұғуға болады. Ақырында бәрін жиып айтқанда, Алла тағаланың сипаттары кемшіліксіз, білімді, құдірет десе ұғарсыз.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз