Өлең, жыр, ақындар

Армысың, Кавказдың көгілдір тауы!

Армысың, Кавказдың көгілдір тауы! Сен мені сәбиімде әлдиледің; сен мені жалғызсыраған құзар шыңыңа шығарып, бұлттан торқа жаптың, зеңгір көкке үйір еттің. Содан бері сен, сенің аспаның көңілімнен шықпай қойды. Иығынан найзағайлы бұлт ұшырған табиғат тәжісің, сен. Тауыңның басында тұрып жаратқанға жалбарынған жан өмірге насаттанса да, артынша сол өмірді менсінбейді.

* * *

Таңертең шығып келе жатқан күн сәулесінде қалың қар, шалғайдағы құздың мұзы жарқырап, көз жауқарын алушы еді. Сары сәулеге оранған олар ылдидағы күңгірттік әлі арылмай тұрған шақта жолаушыға таңды танытушы еді. Сол сары сәуле суға шомылған кезінде еркекті көріп, ақ көйлегін төсіне баса салған қыздың ұялшақ дидарына ұқсас еді.

Сенің дауылыңды сүюші едім, Кавказ! Дауылың қатты соққанда заңғарлар дауыстасқан түнгі қарауылдай жаңғырығып кетуші еді!.. Тақыр шоқыда жел қағып, жаңбыр мүжіп имиген жалғыз ағаш, аңғарда сусыл қаққан жүзімдік, құрдым үстінен өтетін белгісіз жол, қапталда көбік шаша аққан белгісіз өзен; жауыз жаудың немесе жай аңшының атқаны белгісіз гүрс еткен мылтық, одан туған үрей... бәрі-баршасы бұл өлкеде тамаша.

* * *

(Бұл өлкеде ауа дегеніңіз сәбидің лебізіндей таза, құстай еркін адамдары бейғам өмір сүреді; олардың қанына сіңгені соғыс; қара-қоңыр дидарынан жан сыры көрініп тұрады. Шыммен немесе құр сәмбімен төбесін жапқан түтінді тамда әйелдері мен қыздары оңашаланып, мылтық тазалайды, күмістен зер салады; тағдырдың бұғауын танымаған олар оңашада сағыныштан сарғайып, іштен семеді.)


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз