Қазақ елі қашан да қыз баласын аялаған, оларды жат-жұрттық деп қадірлеп, болашақ ана деп төрінен түсірмеген. Бірақ, «қыз баласын сыйлау керек, олар нәзік жандылар, ауыр сөйлемеңдер, ол да біреудің қарындасы» деп қызыл тілге салып алып, өз баласының анасын ұрып жатқандар қаншама. Неге бұндай іс-әрекеттер әлі де бар? Мәселе әйелдерде, олар аңдамай сөйлейді, тілінен табады дейтін санасыздар саны көп. Бұл пікір қайдан шығып отыр? Неге олар еркектердің ондай қылықтарының түбінде әйел жатыр деп ойлайды? Сол арқылы оны ақтап алып, нәтижеде әйел зардап шегеді һәм кінәлі...
Жақында желіде еркектің өз әйелін лифтте тепкілеп жатқан видеосы тарап кетті. Әйелін бірінші рет соққыға жығып тұрғанға ұқсамайды. Дұрыстап қарасам қазақ секілді, сондағы менің намыстанғаным... Әйелге қол көтерген еркек- еркек емес, ол ешкім. Менің әйелім – менің жеке меншігім деп ойлайтын шығар бәлкім, алайда адам- зат емес қой? Теуіп жатқанда миында не тұрды, сол қызық маған. Өзін керемет мықтымын деген шығар, көкірегі шірік, санасы төмен, еркек деуге келмейтін ез. Ал әйел ше? Неге ол өзін соншалық төмендетті? Соның барлығын неменеге шыдап жүр? Балалары ұстап тұрған шығар деп ойлайтындарыңыз бар, бірақ ойланып көріңізші, әкесінің айуандығын көріп өскен бала ертеңгі күні қандай болады? Сондай әкеден тәрбие көріп өскен бала, тәрбиеден мақұрым қалған демек. Тек осы ғана емес, жалпы камераға түспей жүрген осыған ұқсас жағдайлар көп. Неге әйелдер үндемейді, неге көбі өз құқығы үшін күреспейді? Мен осыған күйінемін. Олар еркектің тарапынан қорлық көре тұра, мойынсұнып шыдауға мәжбүр емес! Бұл жерде тек ерлі зайыптылар арасындағы ғана ерсі әрекеттерді айтып тұрғам жоқ, өгей әкенің өгейлігі де бар. Жаңалықтардан естідім, өгей қызын зорлап жүрген, әйелі жұмыста болғанда қызын қорқытып, ойына келгенді істеген. Қыздың бүкіл өмірін құртты. Ол адамға қанша жыл берсе де аздық етеді, өлім жазасы қолданылса деймін, тек оған емес, жалпы осыған ұқсас қаншама оқиға болды. Түрмеге отырып шыққан соң істегенін қайта істемейді деп кім айтты, басқа қыздың тағдырын тас-талқан етпесіне кім кепілдік береді? Осыдан кейін біздің қоғамның алға ілгерілейтініне қалай сенеміз? Қоғам шіріктері жер басып жүргенде ел дамымайды! Отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы шаралар қатаңдатылса деймін. Әйелдердің үнсіздігі жоғарыдағыларға жетсе деймін. Осы іспеттес жағдайлар тамырын тереңге жая берер болса, онда келер ұрпақтан қайыр күтіп керек емес. Осындайдан кейін де жас қыздар тұрмыс құрудан қорқақтап жатады, одан гөрі жұмысына ден қойып, шетелге қосымша білім іздеп кетеді. Барған жерлерінде өзін сыйлайтын адам тауып, тұрмыс құрып қалып кетіп жатады. Ал ол аралас некенің көбеюіне әкеліп соғады.
Аралас неке демекші, осы тақырыпта бір мақала оқыған жайым бар. Расында ойланатын дүние жазған, алайда маған ұнамаған тұстары болды. Автордың «Бізде не көп? Қыздарымыз көп» дегенін ұғына алмай қойдым. Қашаннан бері қыздарға «не?» деген сұрақ қойылады? Оны қоя берші, «қыздарымыздың біразы үйі мен ақшасы болса болды, кім көрінгенге тие салады» деген. Мендегі сұрақ, шетелдік азаматқа тиген қыздар солай айтып кетті ме? Бізге ақшасы ұнады, үйі бар, махаббат жоқ, тек материалды жағдайына қызықтым деді ме? «Өзге емес, діні бір, тілі бір түркітектес бауырларға қимайтын қазағымның қызы еш арланбастан шетелдіктің жетегінде кетуге құмар. Бұның бәрі әуелден отбасында тәрбие көрмеген, бетімен жібергендіктен» дегені ше? «Арланбастан» деген тым шектен шығу емес пе? Жағдайдың мән жайын білмей жатып, адамның арына сөз тигізуге қалай дәті барды? Мейлі, солай- ақ болсын, ал қазақ қызы арланбастан шетелге кетуіне қазақ ерлерінің қатысы жоқ па? Қазақ ерлері ше? Көпке топырақ шашпаймын! Бірақ мойындайықшы, өз беделін өзі түсіріп, сыйластықты білмейтін жігіттеріміз жетерлік қой? Қызды сыйлай білетін ортадан қыз баласы еш уақыт кетпейді! Ал кетті ме, отбасына сөз тигізіп, отбасының берген тәлім - тәрбиесін даттағаннан, мәселені қоғамнан іздеп көру қажет. Өз Отанындағы қоғамда, соққыға жығып жатқан әйелдің құқығы жерде тапталып, жас қыздар зорланып, көптеген әйел ит өмір сүріп жатқанда ол қыздар қалайша өз тағдырын тәуекелге тігеді? Әйел сыйлай білмейтін қазақпен отау құрмақтан қорыққаннан кетіп жатады.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Алғыс түбі- ақ май, Қарғыс түбі- қара қан» деген. Әйелдерін аяусыз соққыға жығатын ерлер заң жүзінде жауапқа тартылмаса да, қыздың көз жасымен, оның жақындарының қарғысымен өз істегендері үшін Құдайдан өз жазасын алады! Заңның күшімен кісенделмеген адам, Құдайдың қаһарымен кісенделеді. Ал ол - бұл фәнидегі ең азапты қорлық. Сондықтан, еркектер қауымы, естеріңізді жинаңыздар. Өзіңнен әлсізге күш көрсету- өз мықтылығыңды дәлелдеу емес, тек өз дәрежеңнің төмендігін көрсету.
Зейнуллаева Алуа.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі