Махамбет жылы атанған осы жылдың жазы басталар тұсында Атырау жерiнде айта-айта жүретiн, рухани кеңiстiгiмiз үшiн елеулi де, ерек қалпымен есте сақталатын әдеби бiр оқиға болып өттi. Ол — Махамбет рухына арналған Поэзия күнi. Ол Поэзия күнiнiң тағы бiр ерекшелiгi, оған республикамыздың түкпiр-түкпiрiнен, негiзiнен, тек қана ақындардың шақырылуы.
Шынын айту керек, ол күндер — Атырау елiн де мәз еткен, ақындарды да мол қуанышқа бөлеген күндер болды. Ақындар Жайық үстiндегi көпiр арқылы, қас қағым сәтте Еуропаға сан қайтара өтiп, Азияға сан қайтара қайтып жүйткiдi де жүрдi. Ақындар бiр кезде шаршап-шалдығып, етек-жеңiн жинай алмай ми батпаққа белуарынан кiрiп малтығып жататын, бүгiнде үстiне тозаң қондырмайтын кiрпияз, сылқым кейiпке кiрген, сәнiне мәнi, мәнiне сәнi жараса қалған Атырау қаласын аралап, Бейбарыс, Құрманғазы, Дина сияқты алып бабаларымыз бен шешелерiмiздiң ескерткiштерiнiң алдында бас иiп, табандарының астына гүл шоқтарын қойып, айдын шалқар, ақ шағалалы Ақ Жайықты ұзынынан өрлеп те, көлденеңiнен ендеп те жүзiп, сонан кейiн ел-жұртпен мәдениет сарайларында бiр, театрларында екi — қайта-қайта кездесiп, көрмелер мен мұражайларда болып, күркiретiп өлең оқып, күпiлдетiп сөз сөйлеп өздерi де арқа-жарқа, қалың көпшiлiктi де арқа-жарқа еттi. Әсiресе, ақындарды айрықша арқаландырып, ерекше тебiрентiп толқытқан күн — әрi қасiреттi, әрi қасиеттi Қаройға барасыңдар деген күн едi. Қасiреттi болатыны — ол жерде Махамбеттiң басы шабылған, қасиеттi болатыны — ол жерде Махамбеттiң денесi жатыр.
Қаройға ертең ұшамсыз дегенде, мен өз басым, бiз барар кезде Қарой аспанын құтырынған қып-қызыл найзағайлармен бауырын сабалаған күркiреген қалың қап-қара бұлттар толтырып, немесе құм суырып, құйын үйiрген дауыл тұратындай әсерде болдым. Екi тiкұшақпен Қарой жерiне аспаннан сау етiп түсе қалғанымызда өзiм күткен табиғи сұрапыл мiнездiң бiрi де болған жоқ. Мамыражай. Аспан шайдай ашық. Жел тұрмақ түгiлi лүп еткен леп те жоқ. Ыстық болғанымен, ми қайнатар аптап та, аңқа кептiрер аңызақ та емес. Табаныңның асты майда бұйра балапан жусан. Айнала түгел, алыстан етжақын туысы, сүйектес ағайыны келгендей құшағын айқара ашып, кеудесiн кеудеңе басқан ақжарқын нөпiр жұртшылық.
Махаңның басына Маңғыстаудың ақ тасынан, маңғыстаулық шебердiң қолымен дулыға-күмбез кесене орнатылыпты. Ақын аруағына бағыштап дұға оқылды. Кесене iшiне кiрiп құлпытасқа алақанымызды басып, маңдайымызды тигiздiк. Сонан кейiн кесенеге алып барар жолдың қапталында кiл ақындар қаз-қатар тұра қалып ағаш көшеттерiн ектiк...
Дегенмен бәрi бiр мен қателеспеппiн! Сол күнi, мен күткендей, құтырынған қып-қызыл найзағайлы қара бұлт қара нөсерiн төкпесе де, құм суырып, құйын үйiрген дауыл соқпаса да, солармен пара-пар стихиялық құбылыс пайда болды. Оған менiң ақындардың алқалаған қауым алдында шығып өлеңдерiн оқығанда көзiм жеттi. Бейне бiр әр ақын бiр-бiр қара бұлт көтерiп келгендей, әр ақын бiр-бiр дауыл арқалап жеткендей, әр ақын бiр-бiр арқырап-сарқырап жатқан Атыраудың бiр пұшпағын алдына өңгерiп алғандай кез туды. Жағаласып жатқан бұлт пен өрттiң, дауыл мен толқынның iшiнде қалдық та қойдық.
Ақындардан кейiн сахнаға кiлең бiр жас өрiм қарадомалақ мектеп оқушылары шықты. Шеттерiнен сен тұр, мен атайындар екен. Олар Махамбет өлеңдерiн кеудеңдегi жаның сiреу-сiреу көк мұз боп қатып қалса да ерiтердей, бойындағы қаның көк су болып кетсе де қайнатып толқытардай етiп оқыды. Тебiренбеген жан, толқымаған адам қалмады. Құдiреттi Махамбет өлеңдерi келешек ұрпақтың көкiргiнен атқақтап шығып, көмейiнен астан-кестең боп ақтарылып құйылып жатты...
Қазақта «бас кеспек болса да, тiл кеспек жоқ» деген сөз бар. Бұл сөзге ә деп құлақ қойғанда қанқұйлы қатыгездiктiң ғұрпындай қабылдап қалатының сөзсiз: бас кеседi, бiрақ тiл кеспейдi. Сөйтсек, қазекем бұл сөзге анағұрлым терең мән берген екен. Оған дәл осы жерде көзiмiз жете түстi. Махамбеттiң қылыш тiлi — басы кесiлгеннен кейiн — 168 жылдан соң сөйлеп тұрды. Тағы да бүкiл ашу-ызасымен, бүкiл қайғы-қасiретiмен, бүкiл өкiнiш-наласымен, бүкiл өрт-өжеттiгiмен Ертеңгi Ұрпақ көмейiмен тiл қатып тұрды. Тiлдi, кесу мүмкiн емес! Оны кессең де кесiлмейдi! Көкiректерi мен көмейлерiне көрiк басылып жатқандай ауыздарынан от лапылдаған ақындар Махамбет рухына өз өлеңдерiн бағыштап, сонан кейiн жеткiншек ұрпақ бiрiнен соң бiрi Махамбет өлеңдерiн түйдектетiп жатқан кезде, ту желкемiздегi Махамбеттiң дулыға-күмбезi де аспаннан түскен алып қоңырауға айналып күңiрене күмбiрлеп өлең оқып тұрғандай болды. Ол өлең сол сәтте мынау арынды ақындарға, өлеңдерiн көкiректерiне құйып осынау ұрпаққа арнағандай.
Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,
Ел қорыған мен едiм,
Мен де айырылдым елiмнен.
Көл қорыған сен едiң
Сен де айырылдың көлiңнен.
Махаң мына алқалаған топқа мұңын шағып, наласын төгiп, өзегiн өртеп бара жатқан өкiнiшiн жеткiзгендей. Ендi сендер, «Ел қорыған мен едiм» деп өткен шақтың өкiнiшiмен емес, «Ел қорыған менмiн» деп көкiректерiңдi керiп, бастарыңды шалқақ ұстап, мәртебелерiңдi өсiрiп, мерейлерiңдi асырып, қынаптан суырылған қылыштай жарқылдап сөйлеңдер деп тұрғандай.
Алла тағала соған жазсын!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі