Кiм-кiмге болсын алпыс айтулы, атаулы жас. Ол жасты әркiм әртүрлi түсiнiп тойлайды. Бiреулер оны «бәле-жалаға ұрынбай, әйтеуiр аман-есен жеттiм-ау» деп, таза пендешiлiк тұрғыдан ғана өлшеп тойласа, екiншi бiреулер көп нәрсенi бiтiрiп, көп нәрсенi қопарып тастадым», деп өзгеден бұрын өз бағасын өзi шығарып, аузын айға бiлеген астамшыл-дықпен атап өтiп жатады, ал үшiншi бiреулерi /олар iлуде бiреу/ өзiн күдiк пен күмәнға байлап берiп, «не бiтiрiп, не әкелдiм» деген жанын шабақтаған бiздей iстiк сұрақ астына алып өткiзедi. Ал былайғы жұрттың – оқырман қауымының мүшелмен жұмысы жоқ. оның мүшел той иесiне әлдеқашан берiп қойған өз бағасы бар. Рас, оның көзқарасын кейде әдейi ұйымдастырған мақтан мен марапатқа, қолпаш пен қошеметке толы жәдiгөй, жайдақ насихаттың адастырып кететiн кездерi де болады. Бiрақ олар ғұмырлы емес. Сондықтан оқырман жұртшылық, негiзiнен, белгiлi бiр ақын мен жазушының әйтеуiр алпысқа келгенiн емес, алпысқа қалай келгенiн атап өтпек. Сондықтан мүшел той үстiнде өз түсiнiгiңмен емес, зерделi оқырман қауыммен санасып сөйлеген абзал.
Егер бiз дәл осы принциптi ұстанып сөйлер болсақ, онда бүгiн алпысқа келiп отырған Тоқаш Бердияровты оқырман қауым өзiнiң творчестволық алқабында өнiмдi жұмыс iстеп келе жатқан жұмыскер, бейнетқор ақынымыз, тағдыры бар талантымыз деп бiледi.
Өмiрдегi Тоқаш Бердияров қамырдан суырылған қылдай боп сызылып жүретiн, жұрттың бәрiнiң көңiлiнен шыға қоятын қолайлы, жайлы адам емес. Оның керектi-керексiз жерлерде де iстiң байыбына барып, бармай да шатырлап шарт сынып, тасырлап тарс кетiп жататын кездерi жиi болып тұрады. Егер бiз мүшел той күнгi сөздi кедiр-бұдырсыз жылмиып, жұтынып тұрған сөз деп ұқпай, шындық айтылар сөз деп ұғар болсақ, онда Тоқаш мiнезiндегi сол қолайсыздық, сол жайсыздық ұзақ жылдар бойы ақын творчествосы туралы айтылар әдiл сөздiң аяғына тұсау болып келгенiн жасыра алмаймыз. Осы мақаланы жазар кезде арғы-бергi мерзiмдiк баспасөздi ойша шолып қарасақ, соған тағы да көзiңiз жете түседi. Айтылар тұста айтылмай, жазылар тұста жазылмай қалған сәттерi жетерлiк-ақ екен. Тiптi, ол «Қазақ совет поэзиясының антологиясында» өзiнiң тиесiлi орнынан көп сырғытылып, керi ысырылып тасталыпты. Дегенмен, әдiл қазы Уақыт күнi-сәтi келгенде ақынның әдебиеттегi алар орнын айқындап, шыққан биiгiн белгiлеп берерi сөзсiз. Өйткенi кiм-кiм де түптiң түбi әлдекiмдердiң қолтықтап демеп көтермелеуiмен емес, халыққа көрсеткен қызыметiмен, төккен тер, еткен еңбегiмен бағаланады емес пе?! Ал Тоқаш Бердияровтың өз халқының рухани тiршiлiгiнiң тынысын кеңейтiп, оның қазына байлығын молайтуға қосқан үлесi елеулi. Ол бүгiнгi қазақ әдебиетiнде өз жолы, өз бояуы, өз даусы бар суреткер! Әдебиеттi ардың iсi дейтiн болсақ, онда Тоқаш Бердияров сияқты таланттар туралы айтылар сөзiңдi кезегi келiп тұрғанда көкейiнде бүгiп қалуға да, олар туралы мен емес, басқалар айта тұрсыншы деп бұғып қалуға да болмайды...
Әдебиетте өз жолы, өз үнi бар шын мәнiндегi әрбiр ақынның тек өзi ғана ұстап, өзi ғана тұтына алар құралдарымен жабдықталған творчестволық шеберханалары бар. Ол шеберханалардан шығар саз бен дыбыс та сан қырлы, әр қилы. Бiрiнен перне-перненi қуалап, ындыны құрып егiлген саз, екiншiсiнен күркiреген күн мен шатырлаған найзағай дауысы, ал үшiншiсiнен сыбдыр қаққан жапырақ пен сылдырап аққан бұлақ үнi естiледi. Осынау сан қырлы, әр қилы саз бен дауысқа көмiлiп кетпей, солардың дәл ортасына орналасқан, өн бойынан қадап ұрған қашау мен балға шыңылы естiлiп жатқан қарапайым ғана бiр творчестволық шеберхана жұмыс iстеп тұр. Ол – Тоқаш Бердияровтың шеберханасы. Шынында да, Тоқаш өлеңдерiндегi нығыздап, шегелеп сөйленер нақтылық, құлаққа қасаң емес, бiрақ қатаң еұстiлетiн шымыр үн, сөз жоқ, қашау мен балға шыңылын еске түсiредi. Өмiрдiң барынша қарапайым, барынша «үйреншiктi» көрiнiстерiне арналған оның өлеңдерi қарапайым, үйреншiктi еңбек құралдарының үйiн иемденуi де заңды болса керек. Сондықтан оның өлеңдерi қара жерге жетi рет аунап алғандай қажырлы, қайратты. Сондықтан да оның өлеңдерi үстiнен тер мен топырақ иiсi аңқып тұрған табиғи. Сондықтан ол биiк сөздер мен романтикалық пафосты тiлеп тұрған материалды әуелетiп ұшырып сөйлегеннен гөрi, жерге қондырып, жерге түсiрiп сөйлегендi жақсы көредi. Оның өлеңдерiнде романтика бола қалғанның өзiнде, ол тiршiлiктiң қарапайым «қасиеттерiн» бойына сiңiрген реальды жұмыскер романтика!
Күннiң сәулесi қымыз ғой,
Iшемiн сусыным қанғанша.
Күннiң сәулесi – сиырдың емшегi,
Сауамын саусағым талғанша.
Күннiң сәулесi – ақ мата,
Қанарға қаптаймын.
Күннiң сәулесi – алтын дән,
Күннiң сәулесiн сатпаймын.
Әдемi сөздермен әсiрелеп, аспандатып алып кетудi оңтай көретiн материалды, яғни қымызды сәуле ғып iшiп, сиырдың емшегi етiп сауып, ақ мата етiп қанарға қаптап жатқан ақын құдiретi қандай! Сiз бұл жолдарда романтика жоқ дей алмайсыз. Бар. Бiрақ ол романтика – көзбен ғана көре алатын құбылысты қолмен ұстайтындай етiп заттандырған романтика!
Ақынның ақындығы материалды табуында емес, материалды игеруiнде ғой. Материал дегенiңiз тек шикiзат қана. Ол творчестволық шыңдаудан, творчестволық байытудан өтпей, халықтың рухани тұтынуы мен сұранысына қызмет ете алмайды. Шикiзат қалпында қалады. Далада тот басып жатқан темiр кiмге керек! Оны сен қайтадан көрiкке сап қыздырып, төске сап илеп, жұрт тұтынар құрал етiп шығаруың қажет. Шығардың ба, мiне, сол Творчество. Ал Тоқаш Бердияров өз көрiгiн өзiнше қыздырып, өз темiрiн өзiнше илей бiлетiн талант. Тағы да ол шыңдап шығарған өлең – тұтынуға болмайтын, тек көрiктi жерге қойылып, көздiң жауын алатын сувенир-өлеңдер емес, жұртшылықтың күнделiктi рухани тiршiлiгiне қызмет ететiн қашау мен балға-өлеңдер. Сондықтан оның өлеңдерiнен әдемi киiнiп, сызылып тұрған, «тектiлiк» көрсетiп тепсiнiп, кеудесiне нан пiсiп «пәлсiнiп» тұрған бiрде-бiр өлеңдi кездестiре алмайсыз, бәрi де қарапайым жұмыс киiмiн киiп алған, қажетiңе жараса, құлшына қызмет етуге дайын тұрған елгезек, бейнеткер өлеңдер.
Мұның бәрi ақынның табиғилығынан, табиғатқа етене жақындығынан болса керек. Ол тiптi айға ұшқанның өзiнде, «табиғат лирикасын» жазу үшiн ұшады. Тың ұйқасты айдан алғанмен, екiншi ұйқасын жерден табады. Оның «өз аэродромына тұманды түнде қона алмаған самолеттей» болып тұратын кездерi де жоқ емес. Бiрақ ол өткiншi сәт. Өйткенi ол тағдыр «Марсқа лақтырса да, туған жердiң кеудесiне түсетiн» қасиетке ие.
Тоқаш Бердияров поэзиясының осы қарапайымдылықтан өсiп-өнген тағы бiр ерекшелiгi – алып аудиторияның алдына шығып, жұрттың бәрiмен бiр сәтте тiл табысқаннан гөрi, жұрттың бәрiмен жеке-жеке кездесiп, оңаша сырласып, оңаша сұхбаттасқанды қалайтындығы. Әрине, оларды бiр-бiрiне қарсы қоюға болмайды. Олардың қай-қайсысына да қойылар талап бiр, қай-қайсысының да көтерер жүгi ортақ. Ол – халыққа адал рухани қызмет көрсете бiлу. Сондықтан аудитория алдына шығып сөз алатын қуатты үнге ие трибун өлеңдерге көрсетер құрметтен осындай қарапайым, қажырлы өлеңдер де тыс қалмауы тиiс...
Бiрақ қарапайымдылықты әйтеуiр бiр қарапайымдылық үшiн жасауға, өзге жұрт тапқан қарапайымдылықтың дайын кiрпiштерiнен қамал соғып, соның iшiнде жасырынып жатып алуға болмайды. Шын творчестводан туған қарапайымдылыққа қол жеткiзу – ұзақ процесс. Оған өз үнiңдi, өз бояуыңды сiңiре бiлуiң керек. Ол үздiксiз iздеу мен iзденудi талап етедi. Оған сырт көзге қарапайым болып көрiнетiн қарабайлықтың сiрескен схемаларын быт-шыт етiп күйретiп қана жетуi мүмкiн. Ол сiрескен схемаларды күйретуге әрi батыл, әрi сәттi эксперименттердiң ғана әлi жетедi. Тек сол шынайы батыл эксперименттер ғана ақынды қарапайымдылықтың қастерлi ауылына алып бара алады. Айтулы-айтулы деген ақындардың творчестволық жолы бiздiң бұл сөзiмiзге толық дәлел. Тоқаш Бердияровтың творчествосы да осындай қиын, қауiптi, бiрақ iзгi процестi бастан кешiрген творчество.
Бiз мақала тақырыбын «Тағдырлы дарын» деп қойғанымызда, сөз бен сөздiң әуездi үйлесiмiне қызығып, ойдан шығарып қойып отырған жоқпыз. Бiз оны ақынның творчестволық өмiрбаянының өзiнен шығарып қойып отырмыз. Кейде бiздiң творчестволық өмiрбаянды тым үстiрт ұғынып, келте түсiнiп қалатынымыз бар. Творчестволық өмiрбаян дегенiмiз (тiкелей қатысы болса да) ақынның тек жеке басының тiршiлiгi мен өмiр жолынан құралмайды. Солай бола тұра, әлгiндей келте түсiнiктiң салдарынан көп ақындар, (өкiнiшке орай, кейбiр елеулi таланттар да) өз басынан өткен барлық жайтты тiзбелеп, өлеңге көшiруге құмар. Ондай өлеңдердi, тағы бiр өкiнiштiсi, арашаға түсiп ақтап, бәйгеге қосып баптаушылар да көбейiп барады. Сондықтан да бiздiң поэзиямызда соңғы жылдары тұрмыстық, туризм өлеңдер бел алып бара жатқанын жасыра алмаймыз. Творчестволық өмiрбаян – ақын творчествосының өмiрiмен, әлеуметтiк ортамен, қоғаммен тарихи байланысынан барып дүниеге келмек. Сонда ғана ол тағдырлы өлеңдер бола алмақ. Тоқаш Бердияров поэзиясын бiз әлгiндей жеке басының тiршiлiгiн өлеңге «оңай» көшiруден мүлде ада дей алмаймыз, дегенмен, оның өлеңдерi, негiзiнен, тағдырлы болып келетiнiн баса айтқанымыз жөн. Сондықтан да ол дүбiр мен дабырдың жетегiне ерiп елiгiп, желпiнiп кеткеннен гөрi, сол дүбiр мен дабыр тұяғының астында қалып жатқан тiршiлiк тағдырын көрiп, соған жаны ауырып, соған жылайды. «Бозторғай» деп аталатын өлеңiн алып қарайықшы. Айдаладағы боз жусан түбiне ұя салған бозторғай. Ол ұядағы қос жұмыртқасын бейнебiр әнмен, өлеңмен шайқап жүргендей. Кенет бозторғай мекендеген сол далаға ыю-қию дүбiрлi көкпар тартылды. Бiрақ ақын көзi жан берiп, жан алатындай боп өтiп жатқан тартысты көкпарда емес, тұяқ астында қалып бара жатқан ұядағы жұмыртқада! Сол үшiн жаны ауырады, сол үшiн шырылдайды:
Аттардың тұяқтары сатұр-сұтыр,
Ұядағы жұмыртқа сау болғай да!
Көкпар бiттi... Аспанда – қос қанатын сабалап безiлдеген ана торғай... Шаңға бөгiп қалған сұлық дала... Тасырлап түсiп жатқан тұяқ астында дүниеге келетiн бозторғай тағдыры қандай қиын! Осында қаншама астар, қаншама ассосация жатыр. Ақын өз оқушысын қорқытып, үркiтпейдi. Аяушылық, адамгершiлiк сезiмiн оятады. Өйткенi ол «көздiң жасы қорқыныштан тумайтынын» бiлген. Бұл да тағдыр. Тағдыр үйреткен тәлiм! Ақын тағдырының лүпiлдеп соғып тұрған алпыс екi тамыры ел мен жердiң алпыс екi тұсымен байланысып, жалғасып тұр.
Адам қаны бiлегiңе тамады,
Бiр бұрасаң жердiң көне көйлегiн!
Осы жолдарды оқығаннан кейiн Жердi сыйламай, Жердi қасиет тұтпай көршi, қане!
Осылай тiзе берсек, ақын творчествосында тағдырлы өлеңдер тiзбектеле бередi, жалғаса бередi.
Бiз бұл жерде ақын есiмiн қазақ әдебиетiнде өшпестей етiп бекiтiп берген «Оқ және гүл», «Ескi паровоздар» поэмаларына тоқталған жоқпыз. Бiрақ ақын творчествосы туралы айтылар сөздiң соңы бұл емес қой. Тағдырлы бейнетқор ақынымыз туралы әлi талай-талай ойға кетiп, қалам ұстарымыз кәмiл.
... Менiң дәл қазiр құлағымның түбiнен шыңылдаған қашау мен балға үнi кетпей тұр. Тағы да тағдырлы мүсiндi жыр дүние есiгiн ашқалы тұр ма екен?!. Ылайым солай болғай да!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі