Менi Жұмекен ағамен, Алматыға оқуға келген кезiмде, қолымнан жетектегендей боп ертiп апарып, рухани әкемдей болған Әбу Сәрсенбаев таныстырған едi.
Ол кезде Жұкең Қадыр Мырзалиев ағамызбен бiрге Жазушылар Одағының бiр бөлмесiнде қарама-қарсы отырады екен. Екеуiнiң де, әсiресе, бiз сияқты әдебиетке ендi ғана бет қойған жастар үшiн, атақтары жер жарып, айдарларынан жел есiп тұрған кездерi. Өлеңдерi газет беттерiнде топ-топ боп жарияланып жатады. Бiз оларды құныға, жата-жастана оқимыз...
Шынын айту керек, ол алғашқы кездесуде Жұмекен аға өзiме де, өлеңдерiме де соншалықты ықылас та, ылтипат та бiлдiре қойған жоқ. Әбекеңнiң қолқалауымен менiң сол жерде оқып берген бiрер өлеңiмдi үнсiз тыңдап отырды да, қабағын кере көтерiп не ұнатқаны, не ұнатпағаны белгiсiз үнмен «и-ия» деп, сiрiңке қорабын бiр сылдыр еткiзiп шайқап, папиросын аузына қыстырып бөлмеден шығып кеттi...
Мен содан оқуға түсiп орнығып алғанша, тек бiр рет бас сұққаным болмаса, қайтып ол бөлмеге кiргем жоқ. Жұмекен аға маған ықылассыздау болғаннан кейiн, ол кiсiге деген пейiлiм суып қалмаса да, ортайып қалғандай едi...
Ол тұста, жиналыс, бас қосулар көп пе, жоқ әлде Жазушылар одағының үйiне кiрiп шықтым деудiң өзi бiр мәртебе ме, әйтеуiр, сол жаққа жиi барып тұратынбыз. Бiр күнi Жұкеңдi коридордың бойынан кездестiре қалғаным. «Ассалаумағалейкум» деген сәлемiмдi сондай бiр ықыласпен қабылдап, менi ежелден етене бiлетiн жандай, жай-күйiмдi, оқуымды ден қойып сұрастыра бастады. Жақын бiр ниеттес, сүйектес бiр ағаммен кездескендей менiң де iшiм жылып сала бердi. Сол жолы «әй, бала, сен ауылдан келдiң ғой, айранды сағынып жүрген шығарсың» деп бұрынғы балалар мен жасөспiрiмдер театрының жанындағы буфетке ертiп апарып айран алып бергенi есiмде. Сол күнi, ол кезде дәстүрге айнала бастаған сыра, немесе арақ-шарап iшiп емес, қазақ үшiн қасиеттi дәм ақ iшiп тарқасып ек. Бүгiнде қарап отырсам, сол ақ дәм Жұмекен ағам екеумiздiң арамыздағы ұзақ жылдарға созылған ақ-адал көңiлдiң дәмiндей болған екен-ау...
Содан бастап Жұмекен ағаға жиi барып тұратын болдым. Өлеңдерiмдi көрсетем, немесе әдебиет туралы, соның iшiнде поэзия туралы пiкiрлерiн тыңдаймын. Ол кезде бiз үшiн бәрi таңсық, бәрi тосын.
Бiр жылдан кейiн, яғни алпыс бесiншi жылы ол кiсi «Лениншiл жастың» әдебиет бөлiмiнiң меңгерушiлiгi қызметiне ауысты. Бұрын ол орында жұмыс iстеген Әбiш Кекiлбаев ағамыз бiздiң алдымыздағы тегеурiндi, талантты жастардың шығармаларын, олардың қоғамдық мәртебесiн көтеру мақсатында болса керек, тура Қазақстан комсомолының Орталық комитетiнiң үйiнде талқылатып жүретiн. Сол үрдiс Жұмекен ағаның тұсында, ұзаққа созылмаса да, бiршама жалғасын тапқан-ды. Бiр күнi редакцияға өлеңдерiмдi апарып жүретiн маған Жұмекен ағам «сенiң өлеңдерiңдi талқыласақ қайтедi» дегенi. Мен бұл тосын ұсыныстан абдырап қалдым. Абдырамай қайтейiн, өлеңдерiм әр-жер, әр-жерде жарияланып жүргенмен, ол кезде есiмiм қалың жұртшылық түгiлi, әдеби қауымның ортасында соншалықты белгiлi бола қоймаған. Оның үстiне, әлi бар болғаны ҚазПИ-дiң екiншi курс студентiмiн ғой. Жүзiмнен соны байқаған Жұкең «абдырап-саспай-ақ қой, жас таланттарды көтеруiмiз керек. Тек алдымен бас редактормен келiсiп алайын» дедi. Бас редакторы Шерхан аға. Шер-ағаңның түсi суық, сұсты көрiнгенмен жастарға деген пейiлi дарқан кең ғой, бiрден мақұлдапты.
Талқылауға бiрқатар белдi адамдар жиналыпты. Жанымды өсiретiн, өлең алдындағы, жалпы әдебиет алдындағы жауапкершiлiгiмдi арттыратын жақсы-жақсы салиқалы пiкiрлер айтылды. Көп ұзамай газеттiң жарты бетiне жуығын алып тұрған өлеңдерiм жарияланды. Бұл — әлi буыны бекiп, сүйегi қатпаған мен үшiн үлкен мәртебе едi...
Жұмекен ағамен қарым-қатынастарымыз бұрынғыдан да жақындаса түстi. Ол жақындық бара-бара рухани туыстыққа, яғни рухани аға-iнiлiкке ұласып кеттi. Ендi үйiне де барып тұратын болдым. Ол кез менiң желбастау кезiм ғой, содан ба көрiнбей кетсем, «әй, балабас, қайда құрып кеттiң» деп ренжiп қалатын...
Ол кiсiнi көп жұрт бүгiнде үндемейтiн едi, тұйық едi деп еске алады. Мен ол сөздердi негiзсiз деп айта алмаймын. Рас, абыр-дабыры көп, немесе сыралғы емес ортада Жұкең, өзiмен өзi боп, томаға-тұйық отыратын. Өңмеңдеп, өңешiн созып орынды-орынсыз кiрiсе кету де, айтылып жатқан әңгiмеге киiлге кету де ол кiсiге жат едi. Сондай-ақ бiреудiң көзiне көлгiрсу де, бiреуге көпшiк қоя сөйлеу де ол кiсiнiң әдетiнде жоқ болатын. Ал егер сондай бiр жағымсыз, жұғымсыз қылықтарды көре қалса, онда ол басын әнтек шайқап, қалың қою қара шашын артқа серпiп жiберiп «ужас» деп түсi тұнжырап бұзылып кететiн-дi. Қабағы керiле көтерiлiп, маңдайы жиырылып барып, қайта жазылатын. Қолындағы сiрiңке қорабының iшiнен бiртiндеп шырпы суырып, оны бас бармағы мен сұқ саусағының арасына салып бытырлатып сындырып, отырған жерiн пырдай етiп шашып тастаушы едi...
Ал, шындығына келсек, Жұкең өзiнiң сырлас достарының ортасында тiптi де тұйық емес едi. Ондай жерлерде барынша емен-жарқын еркiн отыратын, әзiл соңынан әзiл, қалжың соңынан қалжың айтылатын. Папиросын бұрқ-бұрқ сорып, соның қалың түтiнiне басын еңкейте сұғып жiберiп тұншыға ұзақ күлетiн. Солай бола тұра ол кiсi, желкеуде әлдекiмдер сияқты «мен ананы бiтiрдiм, мен мынаны бiтiрдiм» деген желөкпе әңгiмелерге де, «мен анау тақырыпты жазбақпын, мен мынау тақырыпты жазбақпын» деген қашпаған қашардың уызынан дәметкен қысыр сөздерге де бармайтын. Ол кiсiнiң бойында жалбыраған жалбақайлық, құркеуде бөспелiк дегендер қалай болмаса, кекiрейiп кердеңдеп тұру, аспандап қарау сияқты астамшылық та сондай жоқ едi.
Бiр күнi, ұмытпасам «Қазақ әдебиетiнiң» бетiнде болу керек, бiр iнiсiнiң Жұкеңнiң кезектi кiтабын жерден ап-жерге салған, автор түгiлi, өлеңге жанашыр кез-келген көлденең көк аттылының да жанын жаралайтындай өте бiр жағымсыз мақаласы шықты. Ол мақаланың қысастықпен әдейi ұйымдастырылғаны оның өн бойынан баттиып көрiнiп тұр едi. Зәрлi, былғаныш мақала. Әдейi жамандау үшiн, жала жабу үшiн жазылған мақала. Ол кез Жұкеңнiң есiмi жиi-жиi айтылып жүрген кез болатын. Соны көтере алмаған, көре алмаған бiреулер әлгi мақаланы әдейi ұйымдастырған болу керек. Сол мақаламен Жұмекен Нәжiмеденовтың бетiн қайтарып, тауанын шағып тастамақ болған. Мiне, осы мақала Жұкеңнiң жанына қатты батты. Мен Жұкеңе «қарсы мақала жазсам қайтедi» дедiм. «Жоқ, — дедi Жұкең, — жазбай-ақ қой. Бiрiншiден, сен жазғанмен, ол мақаланы дәл қазiр еш жер баспайды. Екiншiден, алда-жалда баса қойғанда да оған қарсы тағы мақала жазылады... Сөйтiп жалғаса бередi. Уақыт кетедi, жүйке тозады... Жұмыс бiр жақта қалады. Ал олардың iздегенi де сол. Оларға тек жұмыспен жауап беру керек» дедi. «Сонда бұл мақаланы ұйымдастырып жүргендер кiмдер» деп ем, «кiмдер екенiн бiлем, бiрақ оның саған қажетi жоқ» деп бетiмдi қайтарып тастады...
Бiраз уақыт өткеннен кейiн Жұкең маған бiр топ өлеңдерiн оқып бердi. Кiлең бiр бестi айғырдың қылынан шымыр есiлген шылбырдай шиыршық атып тұрған берiк, бiрақ айқай-сүреңсiз, қуатты өлеңдер екен. Ол өлеңдердiң бiразы көп ұзамай жарық көрдi де. Сонан кейiн-ақ Жұмекен Нәжiмеденов поэзиясы туралы сыңаржақ пiкiрлер, мүлде жоқ боп кетпесе де, едәуiр толас тапты. Қандай жала, қандай бәледен де, ең алдымен өзiңнiң адал төгiлген маңдай терiң ғана арашалап алатынын сонда түсiндiм...
Кейiннен мен Маңғыстауға, ол кiсi Мәскеуге оқуға аттанды да бiрер жыл бiр-бiрiмiзден көз жазып қалдық. Бiрашама уақыт өткiзiп, мен Маңғыстаудан Алматыға демалуға келсем, ол кiсi де демалыста жүр екен. Шұрқырай кездестiк. Өзi бiр керемет көңiлдi екен. Жолма-жол аудармалармен танысқан орыс ақыны Юрий Кузнецов қатты риза боп өлеңдерiн аударуға сөз берiптi. Мен де қуанып қалдым. Өйткенi мен өз басым Кузнецовты орыстың ең iрi ақыны деп бағалайтынмын. (Бүгiнде марқұм боп кеткен оны, Кожинов, Распутин, Белов сияқты орыстың нағыз зиялылары орыс ұлтының ұлы ақыны деп атап жүр). Бiрақ ол сәттi басталған iстiң неге жалғасын таппай қалғанын қазiр бiлмеймiн...
Жә, айта берсек әңгiме көп. Ол кiсiнiң жүрiс-тұрысы да, сөйлеген сөз мәнерi де, қабаржыған сәттерi мен қуанышқа кенелген тұстары да, бәрi-бәрi көз алдымда...
Ол кiсi отырғанда да, жүрiп бара жатқанда да, анда-санда шашын артқа қарай серпiп тастап, басын сәл еңкейiңкiреп ұстаушы едi. Бейнебiр тереңге үңiлiп отырғандай, немесе тереңге үңiлiп бара жатқандай...
* * *
Ақындардың түрi көп. Әрқайсысының табиғаты басқа-басқа. Бiрiне бiрi мүлде ұқсамайды. Әрине, мен бұл жерде қаптаған өлеңшiлердiң бәрi туралы емес, қадау-қадау iрiлерi туралы айтып отырмын. Олардың бiрi бауырын жазып көсiлiп шабатын ұлан-ғайыр кеңiстiктiң ақыны болса, екiншiсi қыран қанаты талатын шырқау биiктiктiң, үшiншiсi тылсым тұңғиық тереңдiктiң ақыны боп келедi. Олардың бер жағында адам жанының құпия қыл iшектерiн қозғайтын, немесе махаббат тақырыбына бейiм, сондай-ақ табиғатты тамылжыта жырлауға құмбыл ақындар қаншама. Әрқайсысы бөлек-бөлек дүние, әрқайсысы бөлек-бөлек әлем.
Мен бұдан бiраз жыл бұрын өзiмнiң күнделiк кiтапшама Жұмекен Нәжiмеденовтың поэзиясы туралы екi пiкiр жазып қойыппын. Сол пiкiрлерiмдi осы жерде толықтай келтiре кетудi жөн көрiп отырмын.
«Бiрiншiден, әр ұлы ақынның өлшемi болады. Олай болса, Жұмекен Нәжiмеденовтың өлшемi — тереңдiк. Сөз жоқ, биiкте тұру мен кеңiстiкте жүру де қиын. Ал бiрақ тереңдiкте жұмыс iстеу қиын ғана емес, аса ауыр да. Кеңiстiктi игеруге де, биiктiктi меңгеруге де болады. Ешқандай асқандық деп ойламай-ақ қояйық, рухани кеңiстiгiмiз бен биiктiгiмiз бiршама игерiлген де...
Әдебиеттiң өмiрмен өзектес, тiршiлiкпен тамырлас екенiн жұрттың бәрi де бiледi. Тынысы да бiр, тiршiлiгi де бiр. Олай болса, мынаған қараңыз, адамзат баласының атмосфераның қалың қабатын тесiп өтiп космосқа шыққалы қашан. Ал бiрақ, бар болғаны, он бiр мың метрлiк мұхит тереңдiгiне әлi күнге жете алмауда. Яғни тереңдiктiң алапат қысымына төтеп бере алатындай барокамералар жасай алмауда. Осыған дейiн жасалынған ол шарболат барокамераларды тереңдiктiң сұрапыл қысымы қалайыдай қабыстырып тастайды. Тереңдiкте жұмыс iстеудiң қиын ғана емес, аса ауыр болатынын осыдан-ақ бағамдай берiңiз.
Жұмекен Нәжiмеденов ғұмыр бойы, кiм-кiмдi де, қысымы жаншып, езiп жiберердей аса ауыр сол тереңдiкте жұмыс iстеп өттi.
Әдетте, табиғат тереңге асылын жасырады. Ал халық, немесе адам тереңге, ең алдымен қайғы-қасыретiн жасырады. Өйткенi қайғы-қасiретiн асылындай сақтамаған халықта, немесе адамда қадiр-қасиет болмайды. Менiң түсiнiгiмде Жұмекен Нәжiмеденов халқының сол қайғы-қасiретiн бар табиғатымен, бар жан-жүрегiмен, бар болмыс-бiтiмiмен сезiне отырып жұмыс iстеген ақын...
Екiншiден, Жұмекен Нәжiмеденов деген есiм — өзен, көл, таулардың географиялық, тарихи атаулары секiлдi рухани атауға айналып кеткен есiм. Егер ол рухани ұғымдағы өзен болса, онда ол бұрқ-сарқ етiп бұрқырай құйылып, тегеурiнiмен тас домалатып жатқан тау өзенi емес, аңқасы кеуiп шөлiркеп жатқан елдiң мейiрiн қандыратын сабырлысы мен салиқалысы. Егер ол көл болса, о шетi мен бұ шетiне көз жетпейтiн көлемдiсi емес, түбiне құпия жасырған тереңi. Егер ол тау болса, аспанмен таласқан биiгi емес, бойына қазына жинаған қадiрлiсi».
Менiң Жұмекен Нәжiмеденов поэзиясы туралы түсiнiгiм, жинақтап айтқанда, кеше осылай болған. Бүгiн де осылай. Ертең де осылай болып қалмақ. Мен бұл сөздердi саусағымнан сорып шығарып айтып отырғам жоқ, бұл сөздердi мен оның поэзиясының бүкiл табиғатынан шығарып айтып отырмын.
Бұдан да дәлiрек айтсам, мен өз басым, Жұмекен Нәжiмеденовты қазақ өлеңiндегi саусақпен санап аларлықтай оқшау құбылыстардың бiрi деп бiлем.
Әрине, Жұмекен Нәжiмеденовты бiрден түсiне қою, бiрден ұғына қою аса күрделi, аса ауыр. Өкiнiшке орай, кеше де солай болған, бүгiн де солай, бәлкiм ертең де солай боп қалуы... Өйткенi ол қысымы алапат тереңдiкте жұмыс iстедi. Өзiмен бiрге оқушысын да сол тереңдiкке тартты. Ал тереңдiк қысымына кез-келген оқырман төтеп бере алмақ емес... Ол үшiн үлкен дайындық, үлкен рухани жiгер керек. Өйткенi ол «жапырағы жалбыраған» елтең-селтең ақын емес, тереңдiкке тас жарып сүңгiп құнар сорған қуатты күретамыр ақын едi. Яғни, өзi айтқандай, оның тамыры «балшық емес, таспен жатыр тiстесiп». Оның күрделi болатыны сондықтан. Тағы да өз сөзiмен айтқанда:
... Ал тамырлар — топырақтың астында
шулап жатыр ұқсап ұлы тасқынға.
Әттең үнi жетпейдi
саққұлаққа, кереңге:
себебi — тым тереңде.
Оны құлақпен емес, тек жан-жүрек, сезiм-ой талшықтарымен ғана терең пайымдап, терең түсiне аласың. Ол өз оқырманын көздi арбап жалт ете қалар әсер мен жарқ ете қалар ұшқынмен алдарқату үшiн емес, қозданып жатқан шоқтай тұла бойына шым-шымдап жылу сiңiру үшiн жұмыс iстедi...
Оның өлеңдерiнiң әр сөзi «үп» десең ұшып кететiн қауқарсыз қауыз сөздер емес, қауызынан аршылған дәндей әрi толық, әрi салмақты. Себебi ол ненi жырласа да, сол жырланар тақырыптың соны тұсын, тiптi тосын қырын ашқанды қалады. Ашылмаған жаңа қыртыстар мен жаңа қатпарларды қопарды. Мүлде бейтаныс жаңа ұғым, жаңа түсiнiкке бет қойды. Жаңалықты әйтеуiр жаңалық айту үшiн ғана iздесең, онда ол бар болғаны бүйректен сирақ шығару болып шығатынын ақын о баста-ақ жақсы түсiнген. Жаңалық дегенiң дәстүр топырағынан, тiптi нақты тарихи оқиғалармен салаласа-сабақтаса жалғасып, солардан нәр алып, құнар сорып жатпаса онда оның бәрi бекершiлiк болып шығатынын жақсы ұққан.
Жата алмайды жыр текке
Жыр да жазда көктейдi.
Бұл аспаннан бұлт өтсе
Бiр жыламай өтпейдi.
Аңызы да көп жұрттың —
Ескен желдiң ермегi.
Көз жасымен сол бұлттың
Гүл жылайды жердегi.
Аспаннан өткен бұлт бiр жыламай өтпейтiн, сол бұлттың көз жасымен гүлiне дейiн жылап тұратын сонда бұл қандай жер?! Сөйтсек, бұл жер елiм деп еңiреп, жерiм деп тебiренiп өткен Махамбет батырдың өскен, сонан кейiн өмiрден баз кешкен жерi екен. Бұл құбылысты тек Жұмекен ғана көре алған, Жұмекен ғана ұққан. Өлеңнiң тарихи сабақтастығы дегенiмiз осы емес пе?! Рухани сабақтастығы. Сонымен бiрге тарихи тереңдiк.
Әрине, ақын тереңдiгiн тарихи салаластықтар мен тарихи сабақтастықтардан ғана iздестiрiп отырсақ, онда бiздiң ол қарекетiмiз оғаш қана емес, әбестiк те болып шығар едi. Өйткенi ақын, алдымен өз заманының, өз уақытының перзентi. Сондықтан ол әуелi өз заманы мен өз уақытының бойындағы келеңсiз құбылыстар мен кiсәпiр мiнездерге қарсы күрес ашуы керек. Бiрақ ақын мiндетi ол келеңсiз құбылыстар мен кiсәпiр мiнездердi даттап, балағаттауда емес, олардың шыққан тегiн, яғни табиғатын ашып көрсете бiлуiнде. Бiрақ ашудың да ашуы бар. Мұндай тұстарда бiр деталь, бiр теңеу, бiр образдың өзi құпия кiлтке, ерен қуатқа, айрықша қаруға айналады...
Дүниеде адамдардың бiр-бiрiн көре алмаушылығы, қызғанышы деген әрi дерттi, әрi қасiреттi құлықтары бар ғой. Өз-өзiнен табаға түскендей қуырылып, күн астында қалған терiдей жиырылып тұратын ол құдай атқан құлықтар кеше де болған, бүгiн де бар, ертең де бола бермек. Сонда оның табиғаты қандай? Әрине, оның табиғаты сан қилы. Жұмекен оның табиғатын мына жолдармен ашады:
Екi көз тұр — екi жұлдыз жанады,
бiрiн-бiрi көрiп тұрған жоқ бiрақ.
Ақ қағазға екi нүкте тамады
бiрiн-бiрi көрiп жатқан жоқ бiрақ.
Екi нүкте көрер болса бiр-бiрiн
Қос нүкте емес, сызық болар едi ғой.
Екi көзiң көрер болса бiр-бiрiн
бiр басыңды бұзып болар едi ғой.
Әрине, бұл жолдарда, өзiңiз байқағаныңыздай, «көре алмаушылық», «қызғаныш» деген сөздердiң ешқайсысы да жоқ. Бiрақ онда сол дерттi ұғымдардың табиғаты бар. Тiптi маңдайындағы қос көзiң бiрiн-бiрi көрер болса, бiр басыңның тас-талқанын шығарып, бұзып бiтер едi. Көре алмағандықтан, қызғаныштан. Бұл өлеңде, сөз жоқ, өмiрдiң өзi алға тартқан философиялық тереңдiк жатыр. Тағы да ол тереңдiк бiр кiлтпен, яғни бiр детальмен ашылған. Осы бiр көре алмаушылық деген бәленiң, осы бiр қызғаныш деген қызыл иттiң табиғатын барынша қопарып терең зерттеген ақын, «сыбырла оның құлағына күп-күрең: «құдай» екеу болыпты де, аман бол, жазбаса арыз бiреуiнiң үстiнен, маған кел» деп салады. Ондай жандардың тағы бiр түрi: «күн көремiз деп бiреулер күн көрсетпейдi басқаға». Бұл жолдар «бiреу өлмей бiреуге күн жоқ» деген ежелден келе жатқан пасық, оспадар мәтелдiң бiр нұсқасы. Жұмекен Нәжiмеденов келеңсiз, жиiркенiштi бiр ғана құбылыстың өзiн жан-жағынан, сан тұсынан келiп, осылайша қазымырлана қазып көрсетедi. Бұл да оның өзгеше бiр ерекшелiгi.
Сонда ол күншiлдiк пен ол қызғаншақтықты тудыратын кiмдер? Егер күшi де, қуаты да бiр-бiрiмен шамалас, бiр-бiрiмен тең түсетiн адамдар, аярлыққа бармай, ададықпен тiресiп-күреске түсетiн болса, ол күрес пен тiрес күншiлдiк те, қызғаныш та болмас едi. Бiрақ ол қызыл ит қызғаныш пен болған-толғаныңды ғана емес, жұмысыңның жүрiп тұрғанын көре алмайтын ол бетпақ күншiлдiктi тудыратындар тырақы тыраштар мен тәштек мiскiндер ғой. Ондай-ондай әлiн бiлмейтiндер өзiн ғана әлекке салып қоймайды, сенi де әлекке салып бiтедi. Ондай жандарды ақын тiптi аяп сөйлейдi. Аяп отырып оның бейшара портретiн жасайды.
Ес, ес, Самал, ес үдеп
есiп, есiп тоқташы,
қиратайын ба осы деп
қимылдаттың шөп басын.
Күштiсiң-ау жеңiлге,
ауыр болғың келедi.
Бiлем, Самал, сенiң де
дауыл болғың келедi.
Шәлтiк есекдәмелiк.
Ақын соны күлкi етiп, мазақ етiп отыр. Сондықтан да ақын «толқытатын теңiздi дауыл да емес, тереңдiк» деп алып, «буырқану не теңiң, асып-тасып иланшы: тасып қайда кетедi тас табаққа құйған су» деп мүлде тұқырытып, келемеж етедi. Өзге жұрт, өзге елде емес, «өз елiнiң есiгiне қолын талай рет қыстырып, өз елiнiң ауласында талай рет итке таланған» ақынның басына «тоқсан қабат бұлт пен тоқсан түрлi ой қонатыны» сондықтан. Өйткенi ақынды «ойланбайтын пенделер ойландырмай тұрмайды». Сондықтан да ол күйiнедi, сондықтан да ол опынады.
Миллион қатпарлы, миллиард жықпылды өмiрдi түбегейлi түсiнiп, оны ақи-тақи ұғыну мүмкiн емес. Оны түгел түсiнiп, оны түгел ұғынсақ, онда ол өмiр де болмас едi. Сондықтан да өмiр көбiне-көп жұмыр басты пенденiң парық-пайымы жете бермейтiн парадокстар мен шарпысып жатқан қарама-қайшылықтардан тұрады. Қарап тұрсаң, ол парадокстер мен ол қарама-қайшылықтар ақылы бар, сөзi бар, көзi бар, санасы бар адамдар бойынан шығып жатыр. Түсiну қиын, ұғу ауыр. Бiрақ солай бола тұра олардың болмыс-бiтiмiне үңiлу, олардың мiнез-құлқын ашу парыз. Ол, ең алдымен өзiңдi өзiң тану үшiн қажет. Адам өзiн танымай, оның өзгенi де, айналасындағы сан-сапат құбылыстарды да тануы мүмкiн емес. Бұл жұмыс, бәрiнен бұрын, қалам ұстап, қағаз толтыратын жандардың мiндетi болса керек.
Сонда, қоғамның да, адам жанының да ойран-ботқасын шығарып жiберетiн жамандықтар не үшiн жасалынады? Ол жамандықтың түпкi мақсаты не? Бұл сұрақтар кез-келген адамның санасын сарсылтып, шаршатып жiберетiн сұрақтар. Егер бiз оны өзiмiздiң қарапайым таным-түсiнiгiмiздiң таразысына салып қарасақ, онда бiреуге жамандық ойлап, қиянат жасаған адам, түптiң түбiнде сол жасаған жамандығынан зардап тартып, сол жасаған қиянаты үшiн зауалға ұшырауға тиiс. Бiрақ кiлең олай бола бермейдi ғой. Көп-көп адам өзi жасаған жамандықтың зардабын да тартпай, өзi жасаған қиянаттың зауалына да ұшырамай шайқап iшiп, шалқақ басып жүрiп жатқан жоқ па? Солай бола тұра, сол әлгi сауалды өзiңе-өзiң қайта-қайта қоюмен боласың: жамандық пен қиянаттың түпкi мақсаты не?
Бұл сауал төңiрегiнде де Жұмекен Нәжiмеденов әбден бас қатырып, әбден сана сарсылтса керек. Ақынның айтуынша:
Жамандықты жасайды екен адамдар
Жақсылар тек тартады екен азабын.
Яғни, жамандық атаулы жақсыларды азапқа салу үшiн жасалынады. Дәл осы жерде ақынға айтылар қарсы уәжiң жоқ. Өйткенi дүниенi ту-талақай етiп, айнала тiршiлiктiң астаң-кестеңiн шығарып жiберетiн жамандықтың азабын тартып, мазағына ұшырап жататындар, өзiмiз күнде көрiп жүргендей, сол жақсылар ғой.
Дүние қандай әдiлетсiз, қандай аяр! Әйтпесе, «иегiмен құдық қазып ептiлер, түйе байғұс оймақтан су iшпес» едi ғой.
Сауалдан сауал туады. Осының бәрiне кiм кiнәлi? Сөйтсек, осының бәрiне Бiз Өзiмiз кiнәлi екенбiз. Өйткенi
Тайғанақтап iз секiлдi мұздағы
бiрақ кейде қателестiк бiз-дағы:
тау мен сайдың арасына дес бермей,
төбелердiң өсетiнiн ескермей,
байғыздың да аңсауы бар екенiн,
бұлбұлдың да жемсауы бар екенiн,
ақылдың да ажалы бар екенiн,
бақырдың да базары бар екенiн
ұмыттық бiз,
әдiлеттен үмiт қып,
әдiлеттiң бар екенiн ұмыттық.
Мiне, бар бәле осында: әдiлеттiң бар екенiн ұмытып кете беретiнiмiзде. Әдiлет деген кейiннен келетiн зардап та, зауал да емес. Әдiлет деген өзiмiздiң қолымызда. Осыны елеп-ескермегендiктен де бiз азапқа түсiп, мазаққа ұшыраймыз. Яғни, кiнә өзiмiзде!
Не нәрсенi айтса да, қай тақырыпты қозғаса да қатпар-қатпар боп жатқан арғы астарын қазып, тұңғиық түпкi тереңiне үңiлiп өткен Жұмекен Нәжiмеденов, сенiң де жан-жүрегiңнiң терең түкпiрiнде жатқан сан тарау сауалдар мен сан қилы ойларды оятып алады. Ақын мақсаты осында. Сенi де тебiрентiп, сенi де толқытуында.
* * *
Ақын, ұлттың ұлы ақыны деңгейiне көтерiлуi үшiн, ол сол ұлттың қайғы-қасiретiнiң қанды жасын iшiп, оның бүкiл азабын жан-жүрегiмен көтере бiлуi керек. Қанша ол тынысты, қанша ол қуатты болғанмен, қанша ол образ, теңеу, метафораларыңызды иiрiп алып кеп өлеңге қызмет еткiзiп қойғанмен, ол өлеңдердiң өзегiнде ұлттық рух пен ұлттық мүдде жатпаса, онда ол ұлы ақын бола алмайды. Iрi ақын болуы мүмкiн. Мықты ақын болуы мүмкiн. Бiрақ ол ұлттың ұлы ақыны емес.
Әрине, Жұмекен Нәжiмеденов өмiр сүрген кезеңде майы таусылған шамдай өз-өзiнен өшiп, бойынан нәр кеткен шөптей өз-өзiнен семiп бара жатқан ұлт тағдырын да, оның әлсiз болса да, жүрегiнiң бiр түпкiрiнде жатқан арманды аңсарын да жазу мүмкiн емес едi. Жазғанмен, бәрi бiр жарық көрмес едi. Жарық көрмегенi былай тұрсын, ақынды қоғамның көзiне шыққан сүйелдей етiп құртып тынар едi.
Бiрақ табанға түсiп тапталып жатқан ұлтының тағдырын, оның бүгiнiне бұғау салынып, ертеңiне қылыш сiлтенiп жатқанын күнде көрiп жүрген ақынның көкiрегi қақ айрылып, жан-жүрегi жыламады дейсiң бе?!
Мiне, осы тұста ол «Күй кiтабын» жазды. Күй тiлiнде сөйлеп тұрған ұлтының зары мен шерiн, мұңы мен наласын, қайғы мен қасiретiн өлең тiлiнде сөйлеткiсi келдi. Құрманғазылар заманындағы отарлық тепкi мен Кеңес одағы кезiндегi отарлық астамшылдықтың бiр-бiрiнен түк айырмашылығы жоқ екенiн ұқты. Айырмашылығы — үстерiндегi киiмдерiнiңде. Ол замандағы адамдар үстерiне күпi мен шекпен киiп құл болған, ал бүгiнгi адамдар галстук тағып, костюм киiп құл болып жүр. Бар айырмашылық осы. Ал зорлық — сол зорлық. Қиянат — сол қиянат.
Жұлдыздар тұр суық күлiп,
Суық, жылтыр жанарымен.
Дүние тұр бұйықтырып
Қарауытқан қабағымен.
Жас жапырақ қалады үркiп...
Бiрi үзiлiп түстi шеткi.
Түнгi дала алабұртып
өз-өзiнен ыс-пыс еттi.
Қимыл кiрдi бар алапқа
Көз үйрендi әрең бұған.
Көлеңкелер — қара қатпа
Жүгiредi қараң-құраң.
Бұл қай заманның көрiнiсi. Құрекең заманындағы ма, Кеңес заманындағы ма? Байқасаң, қай заманға салсаң да, сол заманның суретi боп шыға келмей ме? Айырма жоқ. Дәлiрек айтсақ, бұл екi қоғамның да қас-қабағыңның суретi. Яғни ақын Құрманғазы заманын айта отырып, өзi өмiр сүрген қатал қоғамның да қас-қабағының суретiн салған.
Бұл кiтап — азаттық аңсаған ұлттың ой-арманы жайлы, сол жолдағы қиямет-қайым, тар жол, тайғақ кешулерi мен тағдыр-талайымы туралы кiтап.
Бүкiл халық — бұғауда. Ал халық нағыз бiр құдай атқан, екi иiнiнен су кеткен сүмелек сорлы, барып тұрған можантопай бейшара болмаса бұғауға шыдар ма? Егер ол нағыз сорлы, барып тұрған можантопай болса, онда ол халық халық болып аталмас та едi. Онда оның баяғыда-ақ тамыры семiп, баяғыда-ақ жапырағы қурап, құмға түскен iз сияқты тарих желi бiр «үп» еткенде сүртiлiп, iзiм-қайым жоқ боп кетер едi!
Халықты халық қылатын намыс пен жiгер. Ал намысы бар, жiгерi бар халық ешуақытта да қолға түскен бұғауға, аяққа салынған кiсенге шыдамақ емес. Ондай халықтың түптiң түбiнде қайрат көрсетерi, қарсылық көрсетерi хақ. Ондай халықтың қолын шынжырлы бұғау неғұрлым қатты қысқан сайын соғұрлым өшiмдi алам деп өжеттенiп, өзегiңдi жарам деп өршеленiп кетерi сөзсiз. Ондай халық пен ондай халықтан шыққан өршiл перзенттiң «салмаса егер бұғау маған, бұлқынбас ем мұнша қатты» дейтiнi сондықтан. Қолына бұғау түсiп өжеттене өршеленiп кеткен ол жанның рухы тiптi асқақ, аса тәкаппар. Бұғауда жатып-ақ ықтырып сөйлейдi.
Бұлқынбасам қаттырақ — мүшем де ұйып барады.
Ханға бермес қолымды — кiсен қиып барады.
Жылау салса жаныма — торыққаны деп түсiн,
бұғау салса қолыма — қорыққаны деп түсiн.
Бiрақ ол қанша асқақ, қанша тәкаппар болса да, тiптi өз басы бұғаудан құтылса да, ол бұғауды бәрi бiр басқа бiр мұңдасы, басқа бiр қандасы киетiнiн сезедi. Соған қорланды, соған күйiнедi. «Менен қалса шынжырды бұл, басқа бiреу киер келiп» дейдi ол түрме күзетшiсiне. Осы сөздердi қан жылап айта тұрып, ол бiрақ сонда да өз биiгiнен түспейдi, төмендемейдi. Сол тәкаппар қалпы: «сен ғой менi мүсiркейсiң, ал, мен сенi аяп тұрмын» дейдi. Кейiпкер кесек турап, iрi сөйлеп тұр. Нағыз кескектi ердiң сойы.
Ол, мiне, түрмеден қашты. Бiрақ ол сонысымен азаттық ала қойды ма? Басы бостан болды ма? Жоқ, әлде, ол түрмеден қашқанда елi мен жерi iшкенi алдында, iшпегенi артында қалып, арқасын кеңге салып арқа-жарқа боп жатыр ма?! Жоқ, тағы да жоқ! Өйткенi, «күйшi қашты мазағынан түрменiң, азабына бүкiл байтақ елiнiң». Ол ендi бүкiл байтақ елiнiң азабына келiп кiрдi. Ол азап күйшi үшiн түрменiң мазағынан да ауыр. Өйткенi азап бұғауы түрме бұғауынан да қатерлi. Түрмедегi мазақ бұғауы қолын қысса, елдегi азап бұғауы жанын қысады. Елiм деп еңiреген ер үшiн одан өткен ауыр қасiрет бар ма?!
Бiрақ перзент бойындағы бұрқақ тасқын, бұла рух тiзе бүгiп жасып, мойын ұсынып мойып қалмайды. Өйткенi халық қасiретiнiң отына қақталып, халық қайғысының көз жасына суғарылған қайратты жiгер мен айбатты намыс семсерi бұрынғыдан да шалт суырылып, бұрынғыдан да қатты сермелмек. Ондай тұста «қанды желiк» боп халық көтерiлмек...
Сарнады-ай кеп дала сонда,
Құм да оянып аунады ақыр,
Қызды найза алақанда.
Ер тiл қатты жауға батыл:
«Қайт, қайт, қайт, қайт!»
Дауыл, дауыл!.. Ағала шаң...
Жалба-жұлба көрiндi иық.
Қолдар жүрдi жағада сан
Ел тiл қатты кегiн жиып:
«Қайт, қайт, қайт, қайт!»
Бұл жолдар бейнебiр бүкiл халық болып «қайт, қайт, қайт, қайт!» деп ел iшiнен, жер үстiнен қара бәленi аластап тұрғандай соншалықты қаһарлы естiледi.
Халық бойында осыншалық ашу-ызаны, осынша жiгер мен намысты тудырып отырған не? Зорлық-зомбылық. Тiзе батыру. Саған жан деп емес, мал жеп қарау. Отырсаң опақсың, тұрсаң сопақсың деп қорлау. Алдына сап емпеңдетiп айдап, елпiлдетiп жүргiзiп қою. Оған кiм көнбек?! Сондықтан да «ол асау болмас едi — болмасына қойды ма?» Егер сенiң ашу-ызаң атқақтап, намыс-жiгерiң жарқылдап тұрса, сол үстем өкiрем өркөкiректiк те қанша қорланып қоқиланып қоқаңдағанмен күндердiң күнiнде аяғын тартады екен. Сондықтан да сол өпiрем өктемдiк күйшiнi суға да, отқа да салып азаптаса да бәрi бiр оның сағын сындыра алмапты. Өктемдiктiң де амалы таусылып, айласы бiткендей дағдарып қалғандай болыпты. Яғни, үстем өктемдiк «Қор етпейiн деген жоқ, қорқыта алмай қор болыпты».
Бұл «Күй кiтабында», негiзiнен жалды Құрманғазы күйлерi арқылы азаттық аңсаған халықтың жiгерi мен намысы, қайғы-қасiреттен қабырғасы қақырап сөгiлiп жүрсе де келсең кел деп бiлек сыбанып, бел буып шыға келетiн елдiң өршiл рухы жырланса, ал «Жаңғырық» толғауында тағы бiр азаттық күрескерi Махамбет батырдың басын алған тұстағы опасыздық пен сатқындық өзек болған. Бұл да қасiрет. Ұлт қасiретi!
Ол кез — ұлы даланың Исатайынан айырылып, Махамбеттiң жалғыз қалған кезi. Бiрақ патша үкiметiнiң итаршылары үшiн Махамбет батырдың жалғыз қалғанының өзi қатер, қауiп. Махамбеттiң бұл жалғанда көзi тiрi тұрғанда, сөзi тiрi тұрғанда зорлықтың шоқпарын, зомбылықтың сойылын көтергендер төсегiнде тыныш ұйықтап, төрiнде алаңсыз ас iше алмақ емес. Сондықтан оның көзiн де, сөзiн де құрту керек!
... Иен далада жалғыз отырған үйге бiр топ адам сау етiп аттан түсе-түсе қалысты. Алдарқатып отырып айласын асырып ақын басын, сабағынан үзiлген қарбыздай домалатып, кесiп алып кеттi. Өз қандастары, өз бауырластары. Бұдан өткен сатқындық, бұдан өткен опасыздық бола ма?! Жоқ, дейсiң, әрине! Бiрақ одан да өткен опасыздық, одан да өткен сатқындық болады екен. Инемен шабақтағандай жаның түршiгедi, кездiкпен тiлшелегендей жүрегiңнен сора-сора қан ағады.
Ол сорақы сатқындық пен ол нәлетi опасыздық ақын басын сұлтанның алдына домалатып тастай салған сәттен басталады. Ақын басын алып келген қанды қол қарақшы топ, ендi бiрiмен бiрi ерегiсiп,Махамбеттiң басын мен шаптым, жоқ, сен шапқан жоқсың, мен шаптым деп сұмдық масқара айтысқа түседi. Сонда не үшiн дейсiз ғой. Сұлтанның көзiне түсiп абыройын асыру үшiн, ақын басына төленетiн екi мың сом үшiн. Неткен масқара бейшаралық! Бәлкiм, тарихи факт бұлай сөйлемейтiн шығар. Мүлде олай болмаған шығар. Бiрақ рухани фактор бар емес пе?! Махамбет заманын былай қойғанда күнi кеше, Кеңес заманында ғана сол сатқындық пен опасыздық талай-талай арыстарымыздың басын саудаға салып, ақырында оларды аттырып, астырып, қалғандарын көздерiнен тiзiп тұрып итжеккенге айдатып жiберген жоқ па?! Ал рухани фактор арғы-бергiнi түгел жинақтап, оларды қорытып сөйлеуге әбден құқылы.
Сонымен не болды дейсiз ғой.
Талас қызып жатты:
Өлексеге түсетiн қарға құсап қалбақтап:
— Уа, сұлтаным, мен — дедi
бiреу ұшып алға аттап.
— Жоқ, мен! — дедi бiр сымпыс екi бұтын иректеп
Қылыш шабуға үйренген жiгiт едiм үйде ептеп.
— Жоқ, ол емес мен! — шолақ адам бiр мыртық, —
Қоя алмадым елiмдi «бiр тентекке» бүлдiртiп.
— Семсерiмдi бiраздан сынай алмай жүр едiм, —
ақ семсердi — бiрi айтты — өңменнен тiредiм.
Сол-ақ екен, шолақ топ қаруларын серместi,
Қамшылары шошаңдап,
«Мен, мен» дестi, «мен» дестi.
Мұны ендi сатқындықтан да өткен сатқындық, опасыздықтан да өткен опасыздық демей, ендi не дерсiң?! Бұл, ендi, ұлттық трагедия!
Жұмекен Нәжiмеденов бетiн тiлiп жiберсең де қан шықпайтын кiсәпiрлiктер мен адам етiн тiрiдей жейтiн кәззаптықтарды көрсетуде көп-көп ақындардан оқшау тұр дей аламыз. Бұл да сол адам табиғатының тереңде жатқан қалың қыртыс-қатпарларына үңiле бiлуден.
Бұл жерде бiр айта кетер нәрсе, адам бойындағы қыртыс-қатпарлар орасан зор қарсылыққа ие. Ол қарсылықты жеңу үшiн орасан қуат керек. Жұмекен Нәжiмеденов сондай қуатқа ие ақын едi.
* * *
Менiң ойымша, дәл Жұмекен Нәжiмеденовтей еңбекқор ақын, өзiн өзi азапқа салып қойып жұмыс iстеген ақын жоқтың қасы. Бар. Бiрақ сирек. Ол тiптi екiншi рет инфаркт алып, өмiрi қыл үстiнде тұрғанда да, қолынан қаламын тастамай, алдынан қағазын жинамай өттi. Жанкештiлiкпен жұмыс iстедi... Сұмдық асықты. Бейнебiр ерте кететiнiн сезгендей...
Жұмекен ағаның «Тез, тез!» деп аталатын сюжеттi бiр өлеңi бар. Бiр күнi оны кәрi әкесi, яғни атасы шақырып алып «көршi халсыз жатыр», «тез, тез барып Қошалақтан дәрi әкел» деп жұмсайды. Содан ол балағын түрiп жiберiп, Қошалақты бетке алып жүгiрiп алып жөнеледi. Жалаңаяқ табанына тiкен мен шөңге кiргенiне де қарамайды. Өйткенi «көршi халсыз жатыр». Соны құтқару керек. Ол көршiнiң тағдыры мұның жүгiргенiне тiрелiп тұр. Қошалақтағы дәрiгер де оған дәрi берiп жатып «тез, тез жет» деп асықтырады. Ол тағы да аяғы аяғына тимей зымырап алып жөнеледi. Әйтеуiр ол өлдiм-талдым дегенде ауылға ымырт үйiрiле жетедi-ау. Бiрақ алдынан шыққан кәрi әкесi оны «кешiктiң ғой, ұлым» деген сөзбен қарсы алады. Баланың меселi қайтып, көңiлi су сепкендей басылып қалады, кiнәсi жоқ болса да, өз мiндетiн адал атқарып шықса да, ол өзiн айыптыдай сезiнедi...
Кейiннен, ес жиып есейген соң да, ақынның ел алдындағы атқарар парызы мен мiндетi, көтерер жауапкершiлiгi сол қалпында қалған. Сондықтан да:
Парыз десе атан-түйе тәрiздi ек,
Менде ғана қалған-сынды бар iзгi от:
Әлi-әлi әлдекiмге, асығыс
Шығатұғын секiлдiмiн дәрi iздеп.
Өтелмеген бiр парызым бар анық:
Табан тесiп,
сирағымды жара ғып,
әлдекiмге мен, әйтеуiр,
алқынып
келе жатқан сықылдымын дәрi алып.
Өйткенi,
Әлi менi күтiп жатқан тәрiздi
екi дүние ортасында әлдекiм.
Ол бейнебiр адамды қатыгездiк құрсауынан, ажал тұзағынан құтқарам деп, адам жанына дендеп кiрiп алған дертке дауа iздеп асығып жүрiп, бұл дүниеден өзi де асығыс кетiп қалғандай...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі