Біз әдетте бәріне уақыт төреші, бәрін де уақыт көрсетеді деген сөздерді жиі қолданамыз. Бұл сөздерді біз өзіміз құрмет тұтатын құндылықтардың көзден таса, көңілден тыс қалып есесі кетіп бара жатқандай сәтті сезінгенде, өзімізді жұбатқандай боп айтатынымыз бар. Әрине несін жасырамыз, көбіне-көп солай екені де рас. Бірақ тереңірек үңіліп, әрірек бажайлап қарасаң, өмірде кілең солай бола бермейтініне де көзің жетеді. Өйткені қара қылды қақ жарар әділ деп ойлайтын уақыт дегеніңіздің өзі кейде опасыз. Оның кейде бадырайып тұрған бар нәрсенің өзін көзапара көмескілендіріп, бұлдырландырып, алыстатып жіберетіні бар. Тіпті мүлде өшіріп жіберуі де кәдік.
Менің мұны айтып отырған себебім, арғы замандарға бармай- ақ, күні кеше ғана азаматтығын да, шығармашылығын да өзіміз ерекше қадірлеп, құрмет тұтқан ағаларымыз бен замандастарымыздың есімдері бүгінгі таңда мүлде айтылмай, айтылса да сирек айтылатынын көріп, біліп отырғандықтан.
Мәселен, аңсар, іңкар сезімнің ақыны, төгіліп тұрған мөп-мөлдір кәусар талант, қайталанбайтын ғажап лирик Сағи Жиенбаев, өлеңдерінің өн бойынан туған жер топырағының демі есіп қоя беретін Құдаш Мұқашев, өлең өрісін кеңейтемін деп басын тауға да тасқа да соғып, жанталасып өткен Жүсіп Қыдыров, қызғыш құстай шарқ ұрып ұшатын шымыр жырлар әкелген Меңдекеш Сатыбалдиев, сөздері от бүркіп, шоқ түкіріп жататын Өмірзақ Қожамұратов, өзі де, сөзі де Оқжетпестей асқақ боп өткен Еркеш Ибраһим және де басқа қаншама ақындарымыздың есімдері тек мерейтойларда болмаса, айтылудан қалып бара жатқаны бәріміз білетін шындық қой. Олардың шығармалары күнделікті рухани айналыстан шығып барады. Өкінішті-ақ!. .
Сол ақындардың ішінде, сөз жоқ, Сабырхан Асановтың да есімі бар. Ал Сабырхан Асанов, біз жақсы білеміз, алпысыншы жылдары әдебиетке келген толқынның кеудежарды таланттарының бірі болатын.
Сабырхан Асанов әдебиетке, ең алдымен, айнала тіршіліктен үйлесім мен жарасымдылық, әсемдік пен сұлулық іздеп келген ақын. Сондықтан да ол өз өлеңдеріне, көбіне-көп, ізгілік пен инабаттылықты, қуаныш пен шаттықты арқау етті. Ол қайғы мен қасіретті, мұң мен наланы қаузағанннан гөрі, жалт ете қалған үміт пен жалт ете қалған арманды қалт жібермей қаз-қалпында сөз- суретке түсіргенді қалады.
Алатаудай болсын мейлі айбыны,
Жетістіріп жаза алмайтын қайғыны.
Жырлары да бітті оның дей беріңдер,
Қуанышым бітсе менің қай күні!
Бұл — оның сол жылдардағы басты кредосы.
Ол тек сүлулыққа, әсемдікке ұмтылады. Оның “бақытымды сезінемін, достарым; гүл ұстаған саусағымның ұшынан” дейтіні де содан болса керек. Сондықтан да ол табиғат әлеміндегі ғажап, сұлу құбылыстарды сөздің суретіне түсірудің хас шеберлерінің біріне айналды. Сенбесеңіз, қараңыз:
Ағаштың бұтағында әрең отыр,
Қанатсыз балапандай қалтылдап қар.
немесе:
Қарайлайтын өткенді,
Қаулап өсер көк те енді.
Қалқиған әлсіз құлақтар,
Көтеріп тұрды көктемді.
немесе:
Қуғын көрген ала бұлт тыным таппас,
Айдың шамын бір жағып, бір өшіріп.
немесе бота туралы:
Сыр бойынан үзбей өткір қияқты,
Балпаңдатып тастайды кеп аяқты.
Жалғыз өзі сахнаға шыға кеп,
Би билеген балерина сияқты.
Қозы-лаққа тиісіп не жаусынбай,
Жүреді ылғи шыдам еркі таусылмай. . .
Бөлек шығып боздағанда дауысы,
Кішігірім паровоздың даусындай.
немесе:
Жел жапырған таудың дудар бастары,
Бұлаңдайды құйрығындай балықтың.
Сөзбен салынған тұнып тұрған табиғат пейзаждары. Тағы да бәрі де жанды тербелісте, қимыл-әрекетте. Оқисың да, тұтас бір табиғат пейзаждарына арналған галереяны аралап шыққандай боласың. Сұлулықтың тұнығынан су ішіп, сұлулықтың сәулесіне шомылып шыққандай ләззат аласың. Жаның жаңбырдан кейінгі даладай жадырап, көңілің тауға шыққандай марқаяды.
Сабырхан Асанов табиғат көріністерін фотоға түсіргендей сөзге түсіріп қана қоймайды, кейде оларды адам жанындағы мың сан құбылыстармен астастыра қарастырады. “Қобалжыған көңілдей боп қозғалып, қою бұлттар қопарылып көшеді”. Бұл — тек сәтті теңеу ғана емес. Бұл — салмағы ауыр, айтары мол метафора.
Оның өн бойын толтырып кернеп бaра жататын өлең табиғатын осы топырақтан іздеген жөн
Бөлісе алмай бұл дәуірдің дүрмегін,
Бір жақсы өлең жүрегімде жүр менің,
Шыға алмаған жандай бейне қамалып,
Таба алмастан тас есігін түрменің.
Атқан таң ба, алаулаған арай ма,
Жақсылықты жаны қалап қалай ма.
Күрсінгенде көзден ұшқан мұң болып
Көрінбестен көкжиекке тарай ма?
Көктем бе әлде,
Он екі айда бір келген,
Нөсер болса тіпті несін іркем мен.
Шаттық па екен шайқатылған ауада,
Сезім станцияларына тіркелген.
Сергек сезім станциялары ғұмыр бойы толассыз жұмыс істеп өткен ақынның, сөз, махаббат тақырыбына жазылған өлеңдері аз болмаса керек. Иә, дәл солай. Өз қолымен баспаға дайындап кеткен таңдамалысының атын жан-жары Шолпанның есімімен атауының өзі тектен-тек емес. Ол өзінің өлеңдерінде көктемге қалай қайта-қайта орала берсе, махаббат тақырыбына да дәл солай айналып соға береді, тағы да ол өлеңдерінің бәрі дерлік кенересіне келіп, шүпілдеп толып тұрған сезім. Алатаудың баурына қонған ақша бұлттай үлпілдеп тұрған аңсар арман. Сабырхан Асанов махаббатты белгілі бір кезеңнің, яғни жастық шақтың ғана тақырыбы деп қарамайды. Ақын үшін ол — мәңгілік тақырып. Құдайдан қалап алған, құлай жығылған тақырыбы. Жырлаған сайын шөлі бір қанбай, кенезесі кезерген үстіне кезеріп откен тақырыбы. Тіпті оны махаббатқа табынып өткен ақын деуге болады. Оны бейне бір махаббат қана билеп-төстеп, оған тек махаббат қана әмірін жүргізгендей.
Сенсің менің билеушім, әміршім де,
Тырп еткізбей қоятын Тәңірсің де.
Саған ғана табынам жер бетінде
Күш-қуатын жүректің танысын деп.
Сен биіксің барлық бар биіктерден,
Бар биікті алдына иіп берген.
Сен тазасың, сен таза мөп-мөлдірсің,
Құраған көз жасы мен құйып терден.
Кім бар, қане, бір саған тең келетін?!
Не данышпан сен десе сенделетін.
Әнші біткен бір сен деп ән салатын,
Ару біткен сенімен емделетін.
Сен өткірсің отты сөз, отты ісіңмен,
Қыз бен менің шықпаушы ең көп түсімнен.
Жарым болып жатырсың жаныма кеп,
Сенде ғана қиянат жоқ деп түсінем.
Махаббатты ғана билеушісі мен әміршісі деп көретін ақын, әрине, оның алдында пұтқа табынғандай тізесін бүгіп, басын иіп, көз жасын пора-пора ағызып, езіліп, егіліп отырмайды. Оны жанының шұғыла-шуағына орап, лүпілдеп соғып тұрған жүрегінің үстіне салып бәйек боп тербетеді. Содан күш алады, алапат қуатқа ие болады. Ұлғайып, іріленіп, “айналасына от таратып жататын сөнбеген планетаға” айналып бара жатады. Сол бір сөнбеген планета қызуына сенің де жаныңның өртенбеуі, сенің де жүрегіңнің қарылып, қақталмауы мүмкін емес. Сен де сол махаббат деген ғажайып сұлу әлемнің ішіне еніп, оның ажары мен базарына сұғыңды қадап, сұқтанып, арбалып бара жатасың.
Бақыт боп қонсаң басыма,
Тау болсаң да көтерем.
Даңғыл жол болсаң таусылмас,
Бойыңда қаңғып өтер ем.
Өрт-жалын болсаң өршіген,
Кетсем де жанып құштар ем.
Кең жазық болсаң, төсіңнен,
Сағымың болып ұшар ем.
Болар ма, сірә, жеңгенің,
Еркімді алдың еңсеріп.
Өзенім болсаң сен менің,
Өсер ем бойлап теңселіп.
Шығысым болсаң сен менің,
Таң болып сенде атар ем.
Батысым болсаң сен менің,
Күн болып барып батар ем.
Қиын-ау енді сенбегім,
Күнәң да болса, өсекке.
Аруым болсаң сен менің,
Жатар ем тартып төсекте.
Сен құдай болсаң, пендеңмін.
Не десең де көнер ем.
Ажалым болсаң сен менің,
Қарсыласпай өлер ем.
Егер бар болса, махаббат гимініңіздің өзі дәл осындай-ақ болар-ау!
Сабырхан Асанов өлеңдерінің тағы бір өлең өрісі — қазақ даласы, туған ел мен туған жер. Ол бұл өлеңдерінде де кең байтақ даласы хақында, елі мен жері туралы үзіліп кетердей үздіге сөйлеп, оларға деген аңсар сағынышы мен кәусар сүйінішін қотара төгіп, қопарыла ақтарады. “Төсіңдегі түйе боп түрегелер менің сен деп боздаған сағынышым” деп емірене тебренеді.
О, дала, дала, сенің кеңдігіңді,
Ержетіп тентек балаң енді білді!
Көз салсам, қуанғаннан кеудем менің,
Түндіктей желпілдеймін желді күнгі.
Жалықпай кезіп алқап алабыңды,
Ізімді тауып алдым бала күнгі.
Жүгіріп кең төсіңде кеттім жалғыз,
Түруге үлгере алмай балағымды.
Бір қарағанда қарапайым ғана жолдар, қатардағы ғана шумақтар. Алып бара жатқан ештеңесі де жоқ сияқты. Солай бола тұра, өн бойына бір тылсым қуат жинаған бұл шумақтар жады өте нашар адамның өзінің есіне жатталып қалады. Неге? Оның себебі, бұл хал — қаладан ауылы мен даласын аңсап барған бүкіл қазақ баласының басынан өткен хал.
Бәріміздің басымыздан өткен далаға деген сағыныш. Сабырханның туған ел мен туған жер туралы жүрекжарды жырларының өзін тұтас бір үлкен мақалаға арқау етуге болады. Ол жырлардың бәрі дерлік оңтүстіктің аптапты керімсалындай аптапты ыстық. Алатаудың ақар-шақар биіктігіндей асқақ, Сарыарқаның даласындай кең жазира.
Бұл жерде біз ақынның қатал дертке шалдығып, төсек тартып өткенін ойша шолып, қамыға құныққан сәттеріне аз да болса тоқталмай өтсек, ең алдымен, өзімізге сын болар еді.
Күндер зулап, түндер зулап өтуде,
Талайлардың түбіне ол жетуде.
Бұл тірлікке бір келуін келген соң,
Кім еркімен көнер дейсің кетуге.
Бірақ мезгіл өз дегенін істетер,
Қаптап көктем, қаптап күз де, қыс та өтер.
Бірте-бірте кеміп жүрек жалыны,
Бірте-бірте бойдан қуат, күш кетер.
Бірте-бірте тілек, арман тиылар,
Үлбіреген үміт жібі қиылар.
Бар өмірім бірақ түйір тамшы боп,
Жанарыма жақұттай боп жиылар.
Сабыр тілеп, сонда іштей тынармын,
Тынармын да тұңғиықтай тұнармын,
Сол бір тамшы кетпесін деп домалап,
Кірпігімді қаға алмастан тұрармын.
Дертті ақынның жан-жүрегінен алғаусыз ақтарып салған осы бір шер мен мұңға толы өлеңін оқып отырып, сен де бір аса қимас сезіммен, іштей бордай үгітіліп, күн шуағы түскен тоңдай езіліп бара жатасың. Бар өмірі бір-ақ тамшыға айналған ақын тағдыры қандай ауыр. Кірпігін қағып қалса, өмір мөлт етіп үзіліп түспек. Сондықтан ол кірпігін қағуға қорқады. Сенің де көзіңе мөлт- мөлт жас тығылып, мына өмірдің соншалықты баянсыз, соншалықты тұрлаусыз екенін бұрынғыдан да жіті сезініп, бұрынғыдан құмбыл ұғына түсесің. Құдай-ау, бәріміздің де ғұмырымыз қас пен көздің арасында мөлтілдеп ілініп тұрған бір-ақ тамшы жас екен ғой. Егер кірпік бар болғаны жалғыз-ақ рет қағылып кетсе. . . бітті! Арғы жағы тұңғиық. Бір-ақ тамшы өмір!. .
Өзінің осы бір дертті ауыр халін бар жан-тәнімен сезінген ақын, бәрібір өзінің о бастағы болмыс-бітімінен, Алла-тағала берген табиғатынан танбайды. Пәни өмірден бақилыққа кететініне анық көзі жеткен ақынның соңғы өсиеттей мына бір екі шумағын оқыңызшы. Ғұмыр бойы қыз бен көктемді сүйіп өткен сабырхандық мінез бен сабырхандық болмысты аумай танисыз.
Қойнында қызықтарым өткен бар,
Қойнында алаулаған көп таңдар.
Мені егер де алмақ болсаң, тағдырым,
Қыз кезіндей күлімдеген көктемде ал.
Кетпей тұрған кезінде өлкем қатайып,
Батсам, барып жұмсақ жерге батайын.
Бар мезгілден көктемді артық көруші ем,
Гүлге оранып, күнге оранып жатайын.
Міне, ақын өсиеті. Тірлігінде қалай өмір сүрсе, өліміне де соны тілепті.
Гүл мен күнге оранған Сабырхан Асанов өлеңдері біздерді әлі талай рет қызуымен де, қызығымен де өзіне құштар ете берері сөзсіз!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі