Бұлтық-бұрылыстары да, кедір-бұдыры да, асу-белі де көп мына өмірдің біршама кезеңін бірге өткізген Сәкеңнің, Сайымжан ағамның ең жиі қолданатын мәтелдерінің бірі “Жақтырмасаң — қойыңды бақтырма” еді. Ол бұл сөздерді шамырқанып шарт кеткенде айтатын. Ал оның шамырқанып шарт кететін тұстары жиі боп тұратын Міне, дәл осы мәтелде оның бүкіл мінезі, бүкіл болмысы, тіпті бүкіл өмірлік принципі жататын деуге болады. Ол біреуге жағыну дегенді, біреудің көңілінен шыға қою дегенді, біреудің қас-қабағына қарай қояйын дегенді, біреудің көзіне түсе қояйын дегенді білмей өтті. Кіммен болса да — мейлі ол өзінен кіші болсын, мейлі ол өзінен үлкен болсын — лауызымына да, атақ — даңқына да қарамай терезесін тең ұстап сөйлесетін. Ешкімнің алдында да бұғып аласарып, ешкімге де жылтырап мәймөңкелемейтін. Ешкімнің де мұрнын шүйіріп, тұмсығын көтеріп сөйлескенін көтере алмайтын. Біреудің өтірік әрекетін көріп, жалған сөзін естісе — өзіне мүлде қатысы жоқ болса да — бейне бір шындықтың жалғыз өкілі сияқты отқа түсіп күйіп кететін. Ондайда қақ бөлініп, “тарс” атылатын. Мен оның сондай-сондай сәттерінде “ой, менің қызыл мылтық Сәкем-ай”, дейтінмін. Шынында да ол қызыл мылтық еді. Мылтық болғанда да шүріппесі үнемі қайырулы тұратын мылтық еді...
Мен Сәкеңмен, Сайымжан Еркебаев ағаммен сонау өткен ғасырдың алпыс жетінші жылында танысып едім. Сол кездесу, суретке түсіріп алғандай, әлі көз алдымда. Жазушылар одағына жиі барып тұратын кезіміз ғой. Атақты бір ақынның ықыласты алақаны мен белді бір жазушының пейілді бір сөзіне марқайып қаламыз. Әйтеуір сол маңды төңіректеп жүретінбіз... Бір күні сол қасиетті ғимараттың басқышымен көтеріліп бара жатқан мені, төмен түсіп келе жатқан қып-қызыл кісі қолымнан ұстап тоқтатты. Мен алдында ішіп келе жатқан кісі шығар деп, тез сытылып кетпек боп бұрыла беріп ем, қолымды жібере қоймады. “Сен Темірхансың ба?” — қызара бөртіп тұрған жүзі ішіп алған адамның жүзі болғанмен, сөзі сау адамның сөзі. Нық, таза. “Иә, Темірханмын...” Не керек, сұрақтан жауап, жауаптан жөн сұрасу басталып, сөйлестік те кеттік.Менің, соның алдында ғана Қазақ телевидениесіне орналасқан кезім. Ал ол Қазақ радиосына жұмысқа жаңа ғана қабылданыпты. Содан бастап ол кісі дүниеден қайтқанша, біздің арамыз ажырап, жұбымыз жазылмады деуге болады. Жас алшақтығымыз он жыл бола тұра тең-құрбыдай қатар жүрдік. Көп ұзамай ол кісіні өзіммен бірге істейтін, менен лауазымы бір саты жоғары, сақа ақын болып қалған Дүйсекеңмен, Дүйсенбек Қанатбаевпен таныстырдым. Сол-сол екен қалт еткен бос уақытымызда үшеуміз бір жерден табыла кететін болдық. “Бір жеріміз”, көбіне-көп, телевидениенің жоғарғы жағындағы, көлеңкелі саялы ағаштар өскен алаңқайдағы доңғалықты цистернадан сатылатын сырахана. Кейіннен ол сырахана “Сайымжанның сары сиыры” атанып кетті.
Сондағы бір байқағаным, Сәкеңнің өте көп білетіндігі, өте көп оқитындығы еді. Батыс пен шығыс классиктерінің шығармаларын бірінен соң бірін айтып, ауызымызды аштырып, көзімізді жұмдырып қоятын. Әр есік, әр босағаны паналап, пәтер жалдап жүрген оның сол кезде-ақ кітапханасы болатын. Қай жерге көшсе де сол кітапханасын, бір кітабын да тастамастан, буып-түйіп машинаға тиеп ап таситын да жүретін. Мен сол кітапхананың талай рет тұрақты жүкшісі болдым дей аламын. Сонымен бірге ол кітапхананың тұрақты жүкшісі ғана емес, тұрақты оқушысы да болып алдым. Айрықша айта кетер бір нәрсе, менің кітапқа деген құштарлығымды бұрынғыдан да күшейтіп жіберген осы Сәкең еді.
Алматыдағы шет тілдер институтының неміс тілі факультетін бітірген соң Сәкең Атырау облысы Доссор кентіндегі мектеп интернатта, кейін Батыс Қазақстан облысы Тайпақ (қазіргі Ақжайық) ауданындағы Талап мектебінде неміс тілінен дәріс берген. Сол жылдары көп ізденген, көп оқыған, көп жазған. Өзінің болашақ кейіпкерлерінің арасында жүрген. Солармен талас-тартысқа түскен. Біліскен, күрескен, шыңдалып шыныққан.
Ол Алматыға көптеген әңгімелер, бірқатар хикаяттар, яғни бірнеше кітаптың қолжазбаларын арқалап жеткен ғой. Бірақ солардың ішінен тек “Алғашқы адымы” ғана жарық көрді.
“Алғашқы адым” хикаяты өмір есігін алғашқы ашқан жас жігіттің алғашқы қателігін, алғашқы күрсінісі мен алғашқы сүйіспеншілігін, алғашқы қиындығы мен сол қиындыққа қарсы күресін көрсететін шығарма.
Сайымжан Еркебаев мойып жасуды білмейтін оптимист қана емес, нағыз барып тұрған романтик те еді. Бұл туралы Әбекең, Әбіш Кекілбаев жақсы айтқан: “Иә, Сайымжанды білем. Өзі де,өнері де желге қарап шапшитын қиқар жігіт. Бірақ, нағыз талант. Романтик. Дүниедегінің бәрін өз қолымен ұстап, өз тұмсығымен иіскеп, өз тісіне салып шайнап, өз тілін тигізіп талмап көргісі келеді”.
Оның барып тұрған сол романтиктігі ғой қырыққа жақындағанында Маңғыстауға тартып кеткендігі...
Ол кезде Сәкеңнің жағдайы тіпті де жаман емес еді. Жұмысы да бар, айлығы да, қаламақысы да жақсы. Жалғызілікті. Не кием, не ішем демейді. Солай бола тұра, бір күні ол біздің үйге нілдей бұзылып келді. “Мен Маңғыстауға кетем” дегені. “Неге?” деймін ғой мен. “Бұл жердегі сұрқай тірлік, сүреңсіз өмір мені жалықтырып жіберді. Маңғыстауға баруым керек. Өмірді қақ ортасынан қайта бастаймын”. “Кеш емес пе?” “Жоқ кеш емес, қайта дер кезі. Жүрем десең, менімен бірге жүр. Көлшіктен балық ұстап, балық қорыған тіршілік бола ма?” дейді ол. Өзімнің де мұңайып жүрген кезім. Не керек, әрі ойлап, бері ойлап, ақырында мен де баратын боп келістім.
Сәкең Рахмет Өтесінов деген жақын жездесінің кең сарайдай екі қабатты үйінде жатады екен. Ал Рахмет Өтесінов ағамыздың Маңғыстаудағы ең беделді, ең абыройлы адам екенін кейіннен білдім. Ол кісі Өзен аймағындағы мұнай көздерін ашып, оны игеруге де, Жаңа Өзен қаласының ірге тасының қаланып, шаңырақ көтеруіне де өлшеусіз үлес қосқан адам. Тек біз барардан бірер жыл бұрын ғана жол апатына ұшырап, екі аяғы сал боп жатып қалған екен. Бірақ нағыз қайтпас қайсар жан екен. Мұнайшылар өмірінен қаншама кітаптар жазып шықты. Міне, сол кісі Сәкең екеумізге қаланың қақ ортасынан бір бөлмелі үй алып берді. Жасадық та қалдық.
Мен бұл жерде Сайымжан Еркебаевтың Маңғыстауда жазылған сүйекті екі шығармасына – “Жолдар мен шақырымдар” және “Жел өті” романдарына аздап болсын тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын.
“Жолдар мен шақырымдар” атының өзі айтып отырғандай, өмір жолын енді бастаған, әлі балапан мұрты да алынып үлгермеген бозбала жігіттің мына қым-қуыт тіршіліктен, аспан асты, жер үстінен өз орнын табу үшін алыс сапарға аттанғанын, сол сапар үстінде көрген қиындықтары мен ауыртпалықтарын, жаман мен жақсының арасы қандай алыс болса, кейде сондай жақын екенін, сондай-ақ аралас-құралас жүретін жаны да бірде шуақ төгіп тұрса, енді бірде ызғар шашып тұратынын суреттейтін шығарма.
Бұл кітаптағы оқиғалар қандай шапшаң дамып, қандай шұғыл әрекеттерден тұрса, оның жазылу стилі де сондай шапшаң, сондай шұғыл. Айналаның бәрі дамылсыз қозғалыс, тіршіліктің бәрі дегбірсіз қимыл. Сол қозғалыстар мен қимылдар бейнебір шығарма сөйлемдерін ширатып шиыршық аттырып жібергендей әсер аласың.
Сайымжан Еркебаев Хэмингуэйдің диалогтарына аса бір қызығушылық танытып отырушы еді. Сөйтсем, жай ғана қызығып қоймаған екен. Ол оны өзіне мектеп етіп алған екен. Ол диалогтарды адам образын ашатын құрал, әдіс етіп ала біліпті. Мірдің оғындай ұшқыр, түскен тастай нық.
“Жел өті” романы менің жаныма соншалықты жақын, менің көзіме соншалықты ыстық көрінетін шығарма. Өйткені Сайымжан көрген ортаны мен де көргем. Сол бір қиын да күрделі ортаның ыстық-суығын өз басымнан өткізгем.
Маңғыстау — тек қызған еңбек майданы емес, шайқасып жатқан, шарпысып жатқан адамдар тағдырының да майданы болды. Маңғыстауды, бәрі болмаса да, көп жұрт қалта толтыратын қойма, шетінен қарпып асайтын майшелпек көрді. Олардың арасында, әрине бұрынғы жүрген жерінде қарау жолға түсіп, енді адамшылық жолға түсейін дегендер де, барар бағытынан адасып, панасыз қалып, енді осы Маңғыстаудан пана табайыншы дегендер де, оннан-мұннан қашқан алаяқтар да, адал еңбегімен ел қатарына қосылайын дегендер де болды. Бәрі, бәрі болды!
Шынын айту керек, талантты жазушы Сайымжан Еркебаевтың шығармалары кезінде өз деңгейінде дұрыс бағаланбады. Көбіне-көп уәлі сөздерден де, дуалы ауыздардан да тыс қалып келді. Ал оның шығармалары талдап-талқылауға да, сараптап салиқалы сөз айтуға да тұратын салмақты шығармалар еді. Бірақ ештен кеш жақсы дейміз де. Олай дейтініміз, міне, оның үш томдық жинағы жақында жарық көрмек.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі