Жиырмасыншы ғасырдағы әдебиетіміздің алтын өзегіндей болған қайран алпысыншы жылдар-ай... қаншама жылдар бойы қатал да қатігез қыспақта қусырылып тұрған бұла күш бұлқынып шыққан вулкандай лап етіп аспанға атылып шығып еді-ау... Әдебиеттің қай жанрында да қайта түлеу мен қайта жаңғырулар процестері соншалықты шапшаңдықпен шұғыл жүріп жатты. Әсіресе,кенезесі кеуіп, шөлдеп, өзегі талып сусырап жатқан өлең өлкесі ағыл-тегіл, толассыз жауған нөсер жауыннан кейінгі түздей ду көтеріліп құлпырып шыға келген-ді. Поэзия атырабына Қадыр Мырзалиев ойлы орманын алып келсе, Жұмекен Нәжімеденов тылсым тереңнен шыңырау көзін ашып, ал Мұқағали Мақатаев оның кеңістік көкжиегін бұрынғыдан да кеңейтіп жіберді.Әрине, әдебиетке олардан сәл ертерек келген Тұманбай Молдағалиев пен Сағи Жиенбаевтар көшкен тұманнан қалған шықтай мөлдір жырларымен жұрттың мейірін мейлінше қандыра бастаған-ды. Ол жылдары тіпті ақбурыл, көк бурыл тартқан ақындарымыз да бұрынғы тұяқкешті өрістерін тастап, әдеттегі таптауырын жолдарынан жерініп жаңа атырапқа түрен сап, жаңа соқпаққа түсуге әрекет ете бастаған-ды. Яғни, олардың да шығырмашылық әлемдерінде түлеу мен жаңғырулар толассыз жүріп жатты.
Шынында да, сол жылдары поэзия жамырасқан жаңалық пен жадырасқан жаңғырықтарға толып кетіп еді. Жарықтық өлең сол тұста даланың еркін желіндей есіп те, қаншама уақыт бойы күрмеліп жатқан түйінді шешіп те, шешілмегендерін алдаспандай жарқылдап кесіп те сөйлеп жатты.
Сол бір жылдары поэзияның тың өлкесі түгелімен дерлік жаңа қонысқа айналып, түгелімен дерлік біржола игеріліп біткендей еді.Енді ешкімге де қоныс та, игерілетін атырап та қалмағандай көрінетін. Ендігі өлең сөйлейтіндердің солардың тасасында қалып, солардың көлеңкесінде жүретіндей еді. Бірақ өлең кеңістігі дегеніміз географияның кеңістігі емес екен. Күш-қайратың, талант-табиғатың, ерік-жігерің жетсе өлең деген әлемнің көкжиегі кеңіген сайын кеңи түсетін сиқырлы қасиетке ие болып шықты.
Алпысыншы жылдардың екінші жартысында-ақ, бес-алты жыл өтпей-ақ поэзияға жаңа леп әкелген жаңа лек келіп үлгерді.
Солардың ішінде сонау қиянда жатқан Атырау өңірінен қызғыш құстың даусындай естілген Меңдекеш Сатыбалдиевтың сергек те шымыр үніне де құлағымызды тіге қалғанбыз.
Ол үннің тілегі де, ниеті де сәуірдің ақша бұлтындай қылаусыз аппақ болып шықты.
Арман үшін!
Аяман жанды мына,
Жамандықтың көнбеймін даң-дұңына,
Жақсылықты ақ жібек ауаға орап
Үлестірем дүниенің барлығына.
Ақын жанының жомарттығына, ақын жүрегінің кеңдігіне, ақын мейірімінің көл-көсір молдығына тәнті болғанбыз.
Жалпы, өлең деген алып атыраптың рельефі де алып жердің рельефі сияқты сан түрге, сан құбылысқа түсіп отыратын құбылмалы ғой. Оның да жер бедері сияқты, бір тұсын сортаң мен тұз басып жатса, енді бір жері көкорай шалғынды, жасыл жайлаулы мамық, ал басқа бір өңірі орман-тоғайлы көркем, одан әрірек көзді де көңілді де аңылжытар құлазыған дала, онан кейін сулы да нулы алқап, сонан кейін... осылай жалғаса береді. Осынау сан құбылып, сан түр мен сан түске ауысып тұрған өлеңнің әр алқап, әр өңірінің өз климаты, өз температурасы, өз демі мен лебі бар, яғни өз табиғатына сай өзінің өмірі мен тағдыры бар. Оған ол өңір мен өрістерде еңбек етіп жатқан ақындардың болмыс-бітімі мен мінезін қосыңыз. Шын талантты ақын ғана сол болмыс-бітімі мен мінезіне сай өлеңдерді дүниеге келтірмек. Яғни, шын ақын о баста құдірет құйып жіберген талант қуаты арқылы өз болмыс-бітімі мен мінезін көрсетсе керек. Сондықтан олардың біреуінің ақ бұрқақ ашулы, біреуінің қақпанға түскен қасқырдай ызалы, енді біреуінің тарыдай нәрседен таудай ой іздеп отыратын пәлсапашылдығы, үшінші біреуінің қара қылды қақ жаратын турашылдығы, сонан кейінгі біреуінің мамық мақта үстінде отырғандай мамыражайлығы, әйтеуір, осылай да осылай жалғаса беретін мінезге, сол мінез тудыратын сан түрлі харекетке ие болмақ. Егер осы талап тұрғысынан келіп қарастырсақ, онда біз Меңдекеш Сатыбалдиевті мейірім мен қайырымның ақыны дер едік. Ал мейірім мен қайырымның ақыны өмірге тек жақсылық қана тілейді. Сондай ақын ғана атар таңға қарап:
Тұрмын қарап қырық бірінші жыл құсап
Атпаса деп қара бұлтты жамылып, — десе керек.
Меңдекеш Сатыбалдиев сондай адам болатын. Қашан көрсең де оның тұла бойынан мейірімнің шуағы құйылып, қайырымның сәулесі төгіліп тұратын.
... Мен Меңдекеш ағаны сол айтулы алпысыншы жылдардың соңына таман көрдім. Ол кезде мен көп жұрт сияқты “Горный Гигант” дейтін жерде пәтер жалдап тұратынмын. Ол жерде менен басқа, бүгінгі таңда есімдері барша оқырман қауымға кеңінен танымал Әнес Сараев пен Дүйсенбек Қанатбаевтар да тұрып жатты. Екеуінің отбасы бір ауладағы бір үйдің екі қапталын қоныс еткен. Мен оларға жиі барып тұратынмын. Сол жылдары ол үйлерге, құдай-ау, кімдер келіп кімдер кетпейтін десеңізші?! Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменов, Төлен Әбдіков, Сайымжан Еркебаев, Қажығали Мұхамбетқалиев, Есенжол Домбаев, Ахат Жақсыбаев, Төлен Қаупынбаев, Шәміл Әбілтаев тағы басқа толып жатқан азаматтар үйме-жүйме болып топырласатын да жататын. Есік алдында қапталдасып қатар тұрып, дастархан басында қауқылдасып әңгіме соғушы еді. Бүгінде қарап отырсақ, көңілімізден де, көзімізден де бұл-бұл ұшқан ол да бір заман екен-ау?!
Бір күні Дүйсекеңнен Меңдекеш Сатыбалдиев көшіп келіпті дегенді естідім. Көп ұзамай Әнекең мен Дүйсекеңнің үйінде ол кісімен кездестім де. Жалдап тұратын пәтері Әнекең мен Дүйсекеңдердің үйлерінен алыс емес екен.
Меңдекеш аға шыбықтай талдырмаш,, рең-ажары қағаздай жұп-жұқа, аққұба, толқынды қара шашты, сөйлегенде ернін шүйіріңкіреп сөйлейтін, күлгенде балаша мәз болып күлетін, ақжарқын әдемі кісі екен. Сыртымнан мені де жақсы білетін болып шықты.Бірден шүйіркелесіп сөйлесіп кеттік. Көп ұзамай жұмысқа кірді. Мен ол кезде телевидениеден кетіп, бала-шағамды асырау үшін кездескен қара жұмысқа жегіліп жүргем-ді. Ақыры Маңғыстауға кетіп тындым да, Мәкеңмен байланысымыз шорт үзілді.
Маңғыстау облысы ашылғаннан кейін барлау экспедициясынан босап, облыстық газетке ауыстым да келесі демалысымда Алматыға соқтым. Ойда жоқ жерден көшеде Мәкеңмен кездесе қалғаным. Туған бауырын көргендей құшағына тартып, жік-жапар болып жағдайымды сұрап жатыр. Мен жағдайымның жаман емес екенін, тек бір тұрмыстық тұсаудың ғана бар екенін айттым. “Ол қандай тұсау” деді Меңдекеш аға. Қолымдағы екі баланы балабақшаға орналастыра алмай жүргенімді, сонан әйелімнің үйде отырып қалғанын қысылып-қымтырыла жеткіздім. “Ойбай-ау, оны шешейік те” — деді Меңдекеш аға. — “Сендердегі обдыстық атқару комитетінің төрағасының орынбасары Есентаев деген кісі емес пе, мен ол кісіні жақсы білем, өзі бір жаны жайсаң жан. Сол кісіге хат жазып жіберем. Көмектесетін шығар” деді. Мен хат жаза қояр ма екен деген екіұштылау ойда болсам да, ақ адал ниетіне риза боп, рахметімді айтып қоштасып жүріп кеттім.Демалыстан оралып жұмысқа кірісіп кеткем, бір күні газет редакторы “Сені Есентаев іздеп жатыр, тез жет” дегені. Бардым. Төртбақ толық денелі, бірақ жүріс-тұрысы шұғыл Есентаев мені емен-жарқын қарсы алып, Меңдекеш Сатыбалдиевтен хат алғанын, ол хатты алған бойда тиісті орындарға тапсырма бергенін, сол тапсырмасының жаңа ғана орындалғанын, енді балаларымды ертеңнен бастап орналастыру керек екенін айтты.Жаным жадырап сала берді. Жаным жадырамай қайтсын ол кезде екі бала түгілі, бір баланың өзін балабақшаға орналастыру деген қиямет-қайым іс болатын. Сөйтіп, Мәкеңнің бір хатының арқасында арқам кеңіп, алдым даңғайыр болып еді.
... Бүкіл болмыс — бітімі мейірім мен қайырымнан тұратын жаны жайсаң ақын әмәнда сергек, әмәнда бәйек. Ондай ақын ешуқытта да өмір мен тірлік алдындағы, заман мен қоғам алдындағы міндеті мен жауапкершілігін ұмытпақ емес.
Тілегіміз —
енді қайта төгілмесін
көз жасы мен қан саулап,
Оу, тірілер,
бізге қалды,
бізге қалды
дүниедегі бар салмақ.
Ақын енді қандай бір дүлей күшке де қарсы тұруға, қандай бір ауырлыққа да иығын тосуға әзір. Белі буулы, білегі түрулі. Жарты өкпесі мен алты қабырғасын алдырып тастаса да! Бәрі бір даяр! Ал ондай жан қашанда ірі сөйлейді, ірі турайды. Қан құйлы жауыздыққа да, қатыгез жамандыққа да шыдамақ емес. Өлсе де жағаласып өлмек. Ондай ақынның поэтикалық кредосы, азаматтық принципі ешуақта да өзгермейді.Ондай ақын туған жер, туған ел туралы толғағанда
Бақыт емес бақытым
Егер сені
түк уайымсыз күнде де жоқтамасам, —
деп сөйлесе керек. Уайымсыз күнде де туған жер мен туған елін іздеп, жоқтап отыратын ақыннан кім-кім де айналып кетпес пе?!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі