әЕгер бiз бүгiнгi үлкен кеңiстiк пен уақыттың өзiндей қазақ әдебиетi деп аталатын үлкен ұғымның қабырғасы қалың, iргесi берiк, ортадан ойып тұрып шаңырақ көтерген Дулат Исабеков шығармаларын заман мен уақыт құрсағында пайда болған шығармалар десек, онда бiздiң бұл сөзiмiзге ешкiм дауласа алмас едi. Олай болса, бiз де оқырман ретiнде Дулат Исабеков шығармалары жайында аз-кем пiкiр бiлдiргендi жөн көрдiк. О баста-ақ тоқсан торапты, қырық шиырлы адам мiнезi мен құлқы, оның пейiлi мен пиғылы арқылы әлеуметтiк өмiрдiң қатпар-қатпар астарларына үңiлiп келе жатқан жазушы бұл «Ай-Петри ақиқаты» кғiтабында да сол шығармашылық концепсиясынан бiр елi таймапты. Қайта, оны бұрынғыдан да ширықтырып, бұрынғыдан да ширатып жiберiптi. Адам жаны мен әлеуметтiк қатпар астарларынан бұрынғыдан да өрiстi, бұрынғыдан терең мән мен гәп тауыпты. Тағы да, жазушы ол терең мән мен гәптi шым-шытырық оқиға, алыс-жұлыс арпалыстан емес, күнделiктi қарапайым өмiрден, тiптi, керек десеңiз, қарабайыр тiршiлiктiң өзiнен iздейдi. Күрделi ой айту үшiн күрделi композиция да, тiптi, күрделi сөйлем де құрап жатпайды. Кейбiр жазушылардай оқырманын шана сүйреткендей азапқа салып қоймайды. Не бiр астарлы ауыр ойлардың өзiн сiзге соншалықты оңай ұғындырып, жеңiл қабылдатқызады.
Кiтап есiгiн ашқан бойда көзге түсетiн «Өкпек жолаушы» деп аталатын шығармасымен аз-кем сұхбаттасып, оның айтар ойына үңiлiп көрейiкшi. Өмiрдiң өзiндей қарапайым осы бiр шығармада бiрде бiр артық қимыл, бiрде бiр жасанды әрекет жоқ. Шығарманың тiгiлген киiмi де, тұрғызылған құрылымы да күнделiктi тiршiлiктен көшiрiлiп алғандай табиғи.
Асылы, шын жазушы жұрт айта бермейтiн ойды, жұрт көрсете алмайтын әрекеттi ешкiм мән берiп, ешкiм ден қоймайтын сәттерден таба алса керек. Өйткенi жұрттың бәрiн жалт қаратқан оқиғадан жұрттың бәрiне белгiлi ойды айту түк емес. Мықты болсаң, жұрттың бәрi мән бермейтiн тұстан, жұрттың бәрi ден қоя бермейтiн сәттен гәп iзде. Өмiрдiң тылсым қатпарларына үңiлу деген, мiне, сол болса керек.
«Өкпек жолаушы»... Үлкен қаланың ежелгi аудандарының бiрiндегi көне үйдiң екi бөлмелi пәтерiнде ендi ғана зейнет демалысына шыққан Зейнеп атты жесiр әйел өмiр сүрiп жатты.Бүкiл ғұмырын өмiрдiң ызғарлы өтiнде өткiзiп келе жатқан бұл әйелдiң маңдайының соры бес елi, бейнетiнiң қалыңдығы бес батпан. Күйеуiнен айрылып, бауырынан өрген төрт баланы адам қатарына қосам деп, оның көрмеген қорлығы, көтермеген жүгi жоқ. Өмiр сүрудi ол тiптi рахат деп, бақыт деп ұқпаған. Өмiр сүруды ол ғұмыр бойы күрес, тiрнектеп жүрiп нәсiп теру деп ұққан. Қайырымы жоқ бұл тiршiлiктiң қаңтардай қатал қабағының астында жүрiп, шиеттей төрт баланы аяғынан тұрғызып, қатарға қосу өмiрлiк мұратым, пенделiк парызым деп бiлген. Сол үшiн ол бойындағы бар қуатын сарп етiп, қанындағы бар қызуды сарқып берген. Онсыз да өмiрi өксiкпен өткен, ақырында төрт баласы төрт жаққа кетiп, соқа басы ғана қалғансомадай әйелдiң күнiн көрер ғана там-тұм ырыздағы болғанмен, көрер қызығы бәрi бiр болмай шықты. Жаратқан құдай, ең болмаса, төрт балаға не береке, не бәтуа бермей қойды. Ендi, мiне, солардың күйiгiне өртенiп, тағдырдың табасына шыжғырылып отырысы мынау.
Күнделiктi өмiрi күйiк пен күйзелiстен тұратын осы әйелдiң үйiне күндердiң күнiнде аяқ астынан сонау Қырымнан Сақа елiне ұшып бара жатқан өкпек /транзиттi/ жолаушы Айтөре сап ете қалсын. Ол Алматы аэропортынан ұшар алдындағы үш сағатты пайдаланып, өз өмiрiнiң ең қызықты да, қасiреттi шағы өткен, бұдан жиырма жыл бұрынғы шаңырағының босағасына бiр сығалап кетпек болды. Ол пәтер Зейнеп тұрған пәтер болып шығады. Айтөре мiнезi ашық, жаны кең Зейнеппен сөйлесе келе тез тiл табысады. ауа райының қорлайсыздығына байланысты ұшағының ұшуы кейiнге қалдырылған Айтөре Зейнеппен ұзақ әңгiмелесiп, шер тарқатады. Бұрынғы пәтерiндегi бұл отырыс жиырма жыл бұрынғы ауыр азапты кезеңдердi оның есiне ерiксiз салады.
Айтөре Зейнепке билiк десе, адамдық пен имандылықты аттап, ар-ожданды аяқ асты етiп кете беретiн, қолына бақан алып, бас жарар бақастыққа ғана емес, қарсыласын қасiретке ұрындырар әрекетке баруға жүзi жанбайтын қорқау хайуандықты жаны езiле отырып әңгiмелеп бередi. Сол билiкке талас жолындағы қорқау хайуандық ақырында оның жалғыз баласын мерт етедi. Тағы да ол қорқау хайуандық баласын хайуандықпен өлтiрген болып шығады.
Осы жерде жазушының өмiрлiк үлкен философиясына ден қоймау мүмкiн емес. Тағдыр қатыгездiгiнiң құрбаны болған Зейнеп бәрi бiр өзiнiң туған жер, туған елiнен кетпей қалған. Табан аудармаған. Ал адам қатыгездiгi тағдыр қатыгездiгiнен әлдеқайда қатерлi, әлдеқайда қанқұйлы екен. Сол адам қатыгездiгiнiң тепкiнi Айтөренi жердiң шетi — түу Якутиядан бiр-ақ шығарады да, әйелiн жындандырып, ақырында оны, артында мола да қалдырмай, адастырып өлтiредi. Адам қатыгездiгiнiң қаншалықты сойқанды құбылыс екенiн осыдан-ақ бiле берiңiз.
Осы тағдыр мен адам қатыгездiгiмен қатар өрiлетiн Зейнеп балаларының бойынан көрiнетiн, жалғыз қалған анасына деген мейiрiмi жоқ қатыгездiк бар. Бұл — аса қатерлi қатыгездiк. Өйткенi ол ұрпақ бойындағы, ертеңнiң бойындағы қатыгездiк қой. Ұрпақ бойындағы ол қатыгездiк қайдан, неден пайда болған?! Қалай пайда болған? Апыр-ау, Зейнеп балаларына ана сүтiмен бiрге бүкiл жанының қуатын, жүрегiнiң жылуын берген жоқ па едi?! Оларды көз алдынан бiр сәтке де қағыс қалдырмай өткiзген жоқ па?! Солар үшiн отқа да, суға да түскенi қайда?! Сонда ол қайдан шыққан қатыгездiк? Сөйтсек, ол қатыгездiктiң түп тамыры, өскен топырағы әрiде, яғни ұрпақты халықтық дәстүрден тыс, ұлттық ғұрыптан бөлек өмiр сүргiзуде екен. Бағамдап қарасақ, дәстүр мен ғұрып дегенiмiз әр адам сақтауға тиiстi әдеп жинақтары ғана емес, халықтық мейiрiм мен қайырымның қасиетi сiңген қастерлi ұғымдар болып шықты. Бiр сөзбен айтқанда,халықтық мейiрiм аналық мейiрiм қосылғанда ғана толыққанды ұрпақ өсiп шықпақ. Онсыз өскен ұрпақ бәрi бiр рухани мүгедек, рухани жартыкеш болып қалмақ. Бiрақ мұны Зейнеп тым кеш ұққан. Ол бүгiнде бiр кездегi әжесiнiң екiқабат әйелдердi жолға шығармайтын әдетiн, «үйде тумаған әйелдiң баласы мейiрiмсiз болады» деген қатал ұстанар қағидасын қайта-қайта еске алып қана қоймай, оның үлкен философиялық мәнi мен мағынасын ендi ғана сезгендей. Дәстүрдiң жөргегiнде өспеген, ғұрыптың бесiгiнде тербелмеген бала өз ұлтына ғана емес, анасында да жат, бөгде боп өседi. Мiне, Дулат Исабеков шығармаларының терең тағылымы!
Дулаттың келесi «Тыныштық күзетшiсi» атты шығармасы — да әдебиет деп аталатын қасиеттi ғимараттың босағасын именбей еркiн аттаған, оған өз үн, өз тiршiлiгiмен өзiндiк бояу нақышымен, өзiндiк тосын әлемiмен кiрген шығарма. Бұл шығарма да адам қолымен жасалынатын қатыгездiктiң бүкiл сұмпайы бейнесiн бүкпесiз ашып көрсетедi. Сонда «Тыныштық күзетшiсi» деген қастерлi ұғымға қызмет етiп, ұлы әрекетке барып жүрген кiм? Ол — Демесiн, кәдiмгi жынды Демесiн. Ол да «Өкпек жел» кейiпкерлерiндей қатыгездiктiң құрбаны. Бала кезiнде басына ауыр соққы тиiп, делқұлы болып қалған жан. Содан берi оның бойына табиғат құдiретi мен бүкiл жауыздық пен қатыгездiк атаулыға қарсылық, жеккөрiнiш сезiмi ұя салған. Ол тiптi балалармен соғыс ойыны кезiнде де шын берiлiп, делебесi қозып, оның ойын екенiн ұмытып кетiп, Мүтанды таяққа жығып салады. Бойындағы қатыгездiкке қарсы тұрпайы дүлей күш оны кез келген уақытта дөрекi, тiптi қатал әрекеттерге дейiн барғызады. Бiрақ сол қатыгездiкке қарсы тұрпайы дүлей күштiң өзi оқырман жүрегiнде әрi аяушылық, әрi құрмет сезiмiн оятары сөзсiз. Өйткенi қатыгездiктiң сойылынан жарымес болып қалған ол жан барша адамзатты, барша тiршiлiк атаулыны соғыс зұлматынан, жауыздық пен қатыгездiктен қорғап жүрмiн деп ойлайды. Оған өзi қатты сенедi. Шанаға ат жегiп, түнi бойы ауылды айналып жүредi де қояды. Оның қолына мылтық алып, күзетке шыққан мұндай әрекетiнен үркiп қалған жұрт соңынан тыныш ұйықтайтын болады. Өйткенi ол суық қолды ұры-қарыларды да ауылға беттетпей қояды. Ақырында ол қанқұйлы қатыгездiктiң қолынан опат болады. Тыныштық күзетшiсi деген ұлы ұғымға қызмет етiп, соның жолында жанын пида етедi. Делқұлы, әумесер жанның осыншалықты iрi әрекетi кiм кiмдi болсын бей-жай қалдырмасы сөзсiз.
Менiң ұғымымша, Дулат Исабеков — қазiргi қазақ әдебиетiндегi ең үздiк әңгiмешiлердiң бiрi. Олай дейтiнiмiз, оның шағын әңгiмелерiнiң өзi үлкен қабырғалы шығармалар көтеруге тиiс жүктердi кңтерiп тұрады.
Мәселен, «Ескi үйдегi жаңа қонысты» оқып шығыңыз. Совхоз орталығынан бөлiмшеге моторист болып келген Есiркеп, бiр күннiң iшiнде-ақ бұтына толып, талтаңдап жүре алмай қалады. Бүкiл бiр ауылдың жарығы қолына қарап қалған соң оңа ма?.. Көкiрегi iсiп, айналасының бәрiне аспандап қарап, көпсiп сөйлейтiн болып алады. Әлi келмейтiн жерде де тыраштық көрсетiп, күлкiге қалады... Бiрақ ол күлкiнi де «маған жасалынған қысастық» деп ұғып, болып жатқан тойдың қызығын бұзып, жарық берiп тұрған двигательдi өшiрiп тастады. Өзiнiң тыраш шамшылдығының тоятын табам деп, бiреудiң қызығын қараңғыда қалдырды. Мiне, Дулат Исабеков осындай берекесiз жанды оқырманын күлдiре отырып әшкере етедi.
Ал оның «Ескерткiш» әңгiмесi үлкен әлеуметтiк жүк арқалап тұр. Ол бұл әңгiмесi арқылы жалғандық пен өтiрiк топырағында өсiп-өнген, тiршiлiгi азып-тоза бастаған қоғамның бар болмыс-бiтiмiн ашып көрсетедi. Қарапайым тiршiлiк иесiн асқақтатып, мерейiн өсiретiн қоғамның, шынтуайтына келгенде, оны жәбiрлейтiн озбыр қоғам екенiн бiр деталь арқылы жерiне жеткiзе суреттеп бередi. Қарапайым еңбек адамын асқақтатамыз деген идеология бар болғаны көбiк ауыз догма екенiн, оның бүкiл болмысы, түптiң түбiнде қарапайым еңбек адамын, яғни адамды қорлау екенiн ұқтырады.
Жазушының, сондай-ақ, «Конфронтация», «Қараспан процесi» және басқа әңгiмелерi де — адам мен қоғам бойын жайлап бара жатқан бойкүйездiк пен салғырттыққа, шамшылдық пен жалған намысқойлыққа қарсы сөйлеп тұрған шығармалар. Сол бiр келеңсiз қасиеттердi ол ұтымды деталь, сәттi ситуациялар арқылы әжуалап көрсете бiледi. Ол шығармаларды оқыған оқырман күле отырып — тiксiнерi, тiксiне отырып — тағлым алары сөзсiз.
Дулат Исабековтың «Талахан-186», «Ай-Петри ақиқаты» шығармаларын классикалық деңгейдегi шығармалар десек, түкте қателеспеймiз.
Мен өз басым, осы уақытқа дейiн, адамдар бойын жайлап алған күйкi ұсақтықтың табиғатын дәл осы «Талахан-186» шығармасындай көрсетiп берген шығарманы бiлмеймiн.
Күндердiң бiр күнiнде ауыл адамдарының бiрi апанда өсiп тұрған помидорды көре қалады ғой. Бүкiл жан дүниесiн, рухани болмысын, ел мен жерге деген биiк махаббатын тонатып алған кiлең бiр күйкi адамдар сол бiр апандағы помидордың қалай пайда болғанына, оның қалай өскенiне, қандай сортқа жататынына бастарын ауыртып, жүйкесiн тоздырып, әлекке түседi. Ендi олар үшiн түзге отырған бiреудiң тезегiнен өсiп шыққан помидордың сортын анықтаудан өткен үлкен мәселе, ұлағатты шаруа болмай қалады. Ең сұмдығы сол, тағы да бұл ұсақ күйкiлiк дертiне бiрер адам ғана емес, бүкiл ауыл шалдыққан. Мiне, қасiреттiң үлкенi қайда жатыр?!
Адам жанының қуыс-қуысына түгел ұя салған бұл ұсақ күйкiлiк ел қамын, жер уайымын қылғытып, бүгiн мен ертеңнiң қамын қамдастырар парасатты отап тастаған.
Ондай күйкi бейшаралық орын алған жерде даланың тозаңын шығарып жатқан Семейдегi жарылыс та, Иран мен Ирак арасындағы көнтөгiс те түк емес. Бұндай кезде Пiкән сияқты сорлылар «Әй, оттамай, аузыңды жапшы-әй! Не iстерге бiлмей жұрттың басы қатып тұрса, қайдағыны айтып қақсай беретiнi несi?» Бұл — помидордың сортын анықтай алмай тұрған Пiкән байғұстың Бектұрдың ядролық жарылыс пен қантөгiс туралы айтқан хабарына жауабы. Асылы, адам жанының азып-тозуы осындай күйкi ұғым мен ұсақ мүддеден басталса керек.
Кезiнде баспасөз беттерiнде өзiнiң тиiстi бағасын алған «Ай-Петри ақиқаты» әңгiмесi де адам басына қонар бақтың қаншалықты баянсыздығы мен оған келер сордың соншалықты оңай екенiн көрсетер көркем дүние.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі