Мен, соңғы кезде, әлде кездейсоқтық па, әлде орайы мен ретi солай келiп тұр ма, әйтеуiр жұрттың ұғымы бойынша, өмiрде қолайсыз адамдар болып саналатын ақындар туралы сөз айтатын болып алдым. Жақында ғана қатар жүргенде өте қолайсыз адам, бiрақ үлкен ақын Сәкен Иманасовтың творчествосы туралы сөз айтқам. Бүгiн, мiне, тағы да сондай табысып, шүйiркелесiп кетуге өте қиын, тонның iшкi бауындай боп жақындасып дос болу мүмкiн емес, түсiнiгi де, түйсiгi де бөлек, тiптi кейбiр адамдар үшiн жат боп көрiнетiн Өтежен Нұрғалиевтiң өлеңдерi туралы, өз мүмкiндiгiмше әңгiме қозғауға тиiс боп тұрмын.
Әрине, қолайсыздықтың табиғаты да әртүрлi болады. Сәкен Иманасовтың қолайсыздығы бетiң бар, жүзiң бар демей түйеден түскендей дүңк еткiзiп қойып қап, осымен әңгiме бiттi деп жөнiне кететiн қолайсыздық болса, Өтежан Нұрғалиевтiң қолайсыздығы — тек турасын айтып қоймай, арты дау-дамайға соғып, тiптi жағаласуға ұштасып кететiн, нағыз қызылкөз қолайсыздық. Жығылып жатса да, тiлiн тартпайды, айтқанынан қайтпайды. Бұл жерде айта кететiн мәселе, Өтежан Нұрғалиевтiң бұл өмiрде жеңген тұсы болса, ол оны тiк тұрып жеңiп алған емес, ол оны жығылып жатып жеңiп алған. Ол әлi күнге дейiн жығылып жатып тағдырмен де, өмiрмен де, адаммен де алысудан, жағаласудан танған емес. Бiрақ Өтежан Нұрғалиев жығылып жатса да, екi аяғымен нық тұрған, дүниеге кеудесiн керiп қарайтын көп адаммен биiк екенiн, өзге емес ең алдымен, өзi жақсы бiледi.
Ендi адам Өтежан Нұрғалиевтан ақын Өтежан Нұрғалиевке қарай ойыссақ. Менiң ұғымымда, Өтежан Нұрғалиев шығармашылық өмiрге екi кезең боп екi рет келген сияқты. Тағы да екеуiнде де құбылыс болып келген. Бiрiншiсi — сонау алпысыншы жылдардың басында басталып, жетпiсiншi жылдардың ортасына таман келiп аяқталатын Өтежан Нұрғалиев те, екiншiсi — сол жетпiсiншi жылдары мүлде басқаша боп түлеп, мүлде басқаша басталатын Өтежан Нұрғалиев.
Шынын айту керек, әдебиетке алпысыншы жылдары «Менiң махаббатыммен» келген ақын Өтежан Нұрғалиев өлеңдерiнде жаңа бояу, тың үн, тосын мiнез болса да, қолайсыз мiнез жоқ болатын. Қайта ол қабағынан қар жаудырып, қанатымен ызғар соқтырып тұрған мезгiлге күнi күркiреп, найзағайы жарқылдаған, жаңбыры төгiлiп, шуағы құйылған, кеудесi толы күмбiрлеген күй, жаны мен жүрегi толы махаббат, тұла бойы тұнып тұрған жарасым мен үйлесiмнен жаралған көктем болып кiрген-дi.
— Нөсерлi едi найзағай
Шыбыртқы соққан шартылын,
Бұлттарды түрiп айдамай
Қуатың қайда, жарқыным?! —
Тiл қатты таулар осылай
Аспанның найзағайына,
Қаһары келiп найзағай
Таулардың қайрағанына
Ашумен жұлып кеттi де
Жартысын кемпiр қосақтың,
Қосақтап қойған тамшыны
Қылышпен кесiп босатты.
Өтежан Нұрғалиевтiң алғашқы өлеңдерiнiң бiрiнен саналатын бұл өлеңдегi табиғат құбылысы ақын табиғатына да тiкелей тән дер едiм. Ол да, Ақынның өзi де әдебиетке кемпiрқосақтарын керiп, оған көгенделiп қосақталып тұрған жырларын найзағайлармен босатып, жаңбыр болып құйып, нөсер болып төгiлiп келген-дi. Әдебиетке жаңа леп, жаңа тыныс қосылды. Оның жуас ағып, момын соғып тұрған тамырына бұла қуатты жас қан құйылды. Қасаң идеология қағазының тозаңын жұтып, семiп бара жатқан әдебиет өкпесi топырақ пен жусан исiн жұтты. Сiре боп қатып, сiресiп жатып алған схемадан әбден мезi болған оқушы жанына сондай жақын, жүрегiне сондай ыстық құбылыстармен Өтежан өлеңдерi арқылы қауышып, масайрап қалды. Ендi оқырман қауым жалаң сөз, жадағай ұраннан қашып, Өтежан ауылдан арқалап алып келген «әншi жел, бишi талдың» аралына кететiн болды. Ақын да талғаусыз ақтарылып өлеңдерiне құлай жығылған оқырмандарының «түнде оттап, күндiз жусап жатқан таулардың» арасында қыдырып, өзiнiң ай астында кездескен алғашқы махаббатымен таныстырды. Тың теңеу, жаңа образ, тосын тiркестер дүниеге келдi. Ол кезде жердiң кiндiгi — партия, аспанның тiреуi — Ленин мен Сталин деп қана жырланатын үрдiстi бұзды.
Кiндiгi болса жердiң сенiң үйiң,
Ал өзiң аспанымның тiреуiсiң! —
дедi ол қарапайым ғана қазақтың қызына. Әрине мұндай оқыс, сол кездiң көзiмен қарағанда тiптi оғаш бұл метафоралардан жаман түс көргендей шошып кеткендер де, шоқ басқандай шоршып түскендер де аз болған жоқ.
Әдебиетке жаңбыры да көп, шуағы да мол жаңа лептi, тың тынысты Өлең алып келгенiн ақынның өзi де сезгендей, оған оның өз кiтаптарының аттарын «Ақ нөсер», «Нөсерден кейiн», «Кемпiрқосақ», «Айшуақ» деп қоюы куә.
Бұл тұстардағы Өтежан өлеңдерi өзiнiң ерек образдылығымен есте қалады. Ол образдар мен метафоралар сондай табиғи, сондай қарапайым. Бiрақ соншалықты масштабты, соншалықты iрi.
Бiр төбенiң басында
Сөнбей жатқан вулкандай, —
дейдi ақын. Бұл момын қойлы ауыл түтiнiнiң көрiнiсi. Ол суреттiң астарына үңiлсеңiз талай-талай гәп жатыр.Ендi бұлаққа қараңыз:
Жер көзiнен жас парлап
Жылап жатқан сияқты!
Жердiң көз жасын көрiп, оны аяйсың, оны жұбатқың келедi.
Көтере алмай көл жатыр
Жұлдыздарын шалқалап,
Таулар, таулар жолда тұр
Аспандарын арқалап!
Айтты да тастады. Қиналған да жоқ, күшенген де жоқ. Күнде көрiп жүрген сурет, күндегi көз алдымыздағы болмыс. Тағы да бұ образ-метафоралар — қай әдебиеттiң де ажарын арттырып, шырайын кiргiзетiн образ-метафоралар.
Ақын қайраттанып, қуаттанып келе жатты. Ақын қайраттанса, тас жарып, тау қопармайды. Ақын қайраттанса әрiрек қарайды, тереңiрек үңiледi.
Тастай-тастай жалғанды,
Жеңiлденiп алғанмын,
Iше-iше арманды
Көңiлденiп алғанмын.
... Ұшырдың, жыр, құс қылып,
Қанаты жоқ еңсенi.
Тайфундардай ысқырып
Шақырайын мен сенi.
Өз өлеңiнiң тайфундардай ысқырып шақырып тұрған ақын қуаты алапат болса керек. Шынында солай болып шықты. Ендi ол «Қазандай менiң түндерiм төңкерiп тастап iшетiн» деп алшаң басып, асқақ сөйлейтiн болды. Оның құрылысшылары аспанның бiр қиырына шығып ап «кiрпiштерiн найзағайдың қып-қызыл жотасына қалайтынды» шығарды.
Берiрек келе ақын тақырыбы кеңейдi. Космосты, планетаны, космодромдарды жылады. Егер Өтежан Нұрғалиев ақынның бiр сәтсiз тұсы болса, оның осы тақырыпты кеңейiткен тұстары. Тақырыбы кеңейген бойда оның күш-қуатының арнасы тартылып сала бередi. Болмысы жүдеп, бояуы солғын тартты. Күшенгеннен дауысы қарлығып, асығыс болғанмен жайдақ боп қалды. Яғни жерден өкпесi көтерiлмей кеткен Антей сияқты қауқарсыз халге түстi.
Өтежан Нұрғалиев өлеңдерiнiң топырағы да, тақырыбы да өз елi, өз жерi, тiптi керек десеңiз өз ауылы.
Бiр қызығы, оның космос, бүкiл әлем туралы жазған өлеңдерi, өзгенi былай қойғанда, өз ауылының да көңiлiнен шықпаған болса, ал өз ауылының жырға түскен тағдыры мен талайы, қасiретi мен қайғысы, егер дұрыс аудартып оқытса, әлемнiң көңiлiн толқытатын деңгейге көтерiлген дер едiк. Өтежан Нұрғалиевтiң «Соғыстың соңғы жазы» кiтабы бiздiң бұл сөзiмiзге толық жауап бере алады. Бiздiң манағы айтқан, тағы бiр құбылыс болып оралған екiншi Өтежан Нұрғалиев та осы кiтаптан басталады. Ал екiншi Өтежан Нұрғалиев бiрiншi Өтежан Нұрғалиевтi, ол қанша күштi болса да, он орап алатын қуатқа ие. Оның «Соғыстың соңғы жазы» кiтабы, шынын айту керек, қазақ поэзиясында қай жағынан болсын — орындалу жағынан да, батылдығы жағынан да, философиялық тереңдiгi жағынан да, образды ойлау жағынан да, — сирек кездесетiн кiтап.
Ақ қағаздан қорқушы ем нүктесi жоқ,
Айдаладан қорқушы ем бүкпесi көп.
Нүктесiн де көп көрдiм, бүкпесiн де,
Маған сiрә, бұл жердiң өкпесi жоқ, —
деп басталады бұл кiтап.
Өтежан Нұрғалиевтiң бұл кiтабы — сонау соғыс жылдарында жалаңаяқ, жалаң бас өсiп келе жатқан бозөкпе баланың аянышты тағдыры туралы ғана кiтап емес, жәбiр мен жапа, зорлық пен зомбылық, қаталдық пен қатыгездiк туралы кiтап. Ал ол қаталдық пен қатiгездiкке, ол зорлық пен зомбылыққа бала көңiлмен қарау — қандай ауыр, қандай қиын.
Көлемi бiр-ақ тұтам бұл кiтаптың iшiндегi әр өлеңнiң әр қайсысы үлкен-үлкен бiр кiтаптың салмағын көтерiп тұр десем тiптi де өтiрiк айтпаған болар едiм.
Ақынның «Бота баққан ақын» деп аталатын өлеңiне көз жүгiртiңiз. Енесiне жамыратпай бота бағып жүрген бала ақын бiр күнi өлең жазып қағаз шимайлап жатады. Өлең жазған адамда ес бола ма, ол басқа әлемге кiрiп кетпей ме, мiне, сол кезде бала ақынның құлағына «бота кеттi» деген дауыс естiледi. Бала орнынан тұра сап, ботаның соңынан жөнеледi. Қалай да ол ботаны енесiне жамыратпау керек, өйткенi бастықтың әйелi шұбатты өлердей жақсы көредi. Ботаны қуып ұшып келе жатқан баланың табынына тiкен емес, тiптi шөңге емес, сояу кiрiп кетедi. Ұшып түскен бала, домаланады да қалады. Сол сояуды атауызбен зорға суырып алады... Шынында да сол сояу суырып алынып па?! Жоқ суырылмапты. Табанынан кiрген ол сояу «маңдайынан шор болып» шығыпты. Сол сояу арқылы ақын басқа бiр арнаға түсiп, басқа бiр пәлсапаны қаузап «Жүрегiмде жатыр менiң, Өмiрдiң, Талай-талай суырусыз шөңгесi» деп өз тағдырына қамыға үңiлiп, оған өзгенi де үңiлдiрiп кетедi. Тiптi ол сояу кiрiп үңiрейiп кеткен табанындағы тесiк арқылы Өткен Күнiне үңiледi. Менiңше, бұл образға түсiнiктеме берiп жатудың тiптi де қажетi жоқ. Тек айтарымыз, оның — кiм-кiмдi болсын селт еткiзетiн тосындығы. Табанына кiрген сояудан қалған Тесiк арқылы Өткен Күнiне үңiлiп отырған ақынды көз алдыңызға елестетiңiзшi. Құйқаң шымырлайды.
Өтежан Нұрғалиевтiң бұл кiтабындағы қай өлеңдерi де жарасы үңiрейiп, қаны сорғалар тұрған өлеңдер. Ол өлеңдердi оқып отырғанда ол жаралы өлеңдердiң денесiнен сорғалап тұрған қан сенiң жүрегiңнiң үстiне сорғалап тұрғандай болады.
Бұл ауыр хал сол күндердiң елесi ед...
Сол күндерге қайта оралу неге сеп?!
Әрең жеттi елуiншi жылдарға
Екi қапшық ұн көтерген Көк Есек... —
деп басталады ақынның «Бақыт деген не?» деген өлеңi. Мүмкiн «бақыт» деген ұлы биiк ұғымға жексұрын мақұлық Көк Есектiң не қатысы бар деп ойларсыз. Тiкелей қатысы бар! Өйткенi көк Есектiң үстiнде екi қапшық ұн бар. Яғни, Көк Есектiң үстiнде Екi Қапшық Бақыт бар.
Қабағынан есектiң тер домамалп,
Қазiр жетем деп келемiн жобалап.
Есек болып келе жатқан Екеуге
Есек болып құлап қалу обал-ақ.
Неге қорқам неге сасам! Немдi аяп!..
Мен келемiн аяңымнан танбай-ақ...
Теңiздегi алтын артқан кемелер
Аза болса болған шығар мендей-ақ.
Қос қапшық ұн болар екен қанша нан?!
Сол бiр нанға тояр екен қанша жан?
Өмiр ендi бұрынғыдан өзгелеу
Қарындасым, нан әкелем мен саған! —
деп сол бала жан-жүрегiмен, бүкiл тұла бойымен бақыттың шуағына шомылып, бақыттың нұрына бөленiп келедi. Есектiң үстiне тиелген неткен ұлы бақыт! Бәлкiм, өмiрдi боямасыз көрсету дегенiмiз осы шығар.
Әлгiнде айттым, бұл кiтап туралы, ұзақ сөйлеуге болады. Өйткенi бұл кiтап — тағдырлы кiтап. Адам қайғысы мен қасiретiн арқалаған кiтап. Бұл кiтап — әлi күнге өзiнiң тиiстi бағасын алмаған кiтап. Бiрақ «баға алу» деген не өзi? Орден бе, медаль ме? Немесе жақсы жасалынған баяндама ма? Қайсысы? Егер сұрақ төтесiнен қойылса Өтежан Нұрғалиев те, мен де, сөз түсiнетiн ағайын, Сiздер де қай-қайсымыз да жауап бере алмас едiк. Ол үшiн алдымен «алтын артқан кемелерге» бергiсiз Көк Есекке артқан екi қапшық ұнның бағасын беру керек шығар.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі