Әдебиетімізді түлетіп-жаңғыртқан, өрісін кеңейткен, өркешін биіктеткен алтын кезеңдердің бірі — алпысыншы жылдар екенін, бүгінде ешкім де жоққа шығара алмайды. Ол жылдары тау суындай екпінді, даланың желіндей тегеурінді әдебиетке келген қуатты жаңа толқын ғана емес, солармен бірге олардың алдыңғы аға ұрпақ өкілдері де дүр сілкініп түлеп, қоғам мен адамның бұрын айтылмай, ашылмай келген терең қабаттарын қопарып, әлеуметтік өміріміздің тоң боп сіресіп жатқан қыртыстарын үңгіп, мүлде жаңа ізденістер мен үрдістер алып келгені баршаға аян. Рухани өміріміз болмыс-бітімі ерен, мүмкіндік қарымы кең, таланттары зор, ілім-білімі бар ірі тұлғалармен толықты. Осыншалықты айбарлы, ауызын айға білген қуатты әдеби күш жинақталған тұста жас ақын мен жазушының дауысы жұртты елең еткізуі қиынның қиыны болатын. Ол үшін әдебиетке жаңа сөз, жаңа тыныс алып келе алатындай талант иесі болу керек еді. Құдайға шүкір, ондай талант иелері, аз да болса, бар боп шықты. Солардың бірі, сөз жоқ, Дүйсенбек Қанатбаев дер едік. Ол ақын әйгілі «Адыраспанымен» жұрттың бәрін жалт қаратты:
Дала — аңызақ қаптаған
Алтыннан қазір су сыйлы.
Өмірде тыным таппаған
Қып-қызыл шағыл сусиды.
Жалбарын, жалын, өл мейлі
Татырмайды аспан нәр.
Тек оған көңіл бөлмейді
Шөлдегі адыраспандар, —
деп басталып,
Исі мен кермек дәмі үшін
Оны ешкім көзге ілмейді.
Сонда да бұзбай болмысын
Өзінше ол да гүлдейді.
Даланың долы желі де
Жұлқиды адыраспанды.
Сонда да ол өнген жерінен
Екі ел ажыраспайды.., —
деп аяқталатын жолдар, шын мәнінде, барша оқырманды тәнті қалдырғаны рас. Өйткені қарапайым ғана орындалған бұл өлеңнің өзегінде үлкен мән мен мағына жатыр. Ол мән мен мағына туған жерге деген, далаға деген махаббат пен ұлы сүйіспеншілік. «Жарбайы ғана жұлып, торғайы ғана қонатын» тұла бойы өттей ащы адыраспан екеш адыраспанның өскен жерінен екі ел ажыраспайтын қайсар мінезі, сөз жоқ, көп адамды ойландырып толғандырары сөзсіз.
Осы өлеңнен кейін-ақ Дүйсенбей Қанатбаевтың поэзиядағы жұлдызы жанып жүре берді. Дүниеге «Ақ пышақ бірін шауып, бірін үзіп жатқан» «Адай» мен бұрын-соңды бізге беймәлім, тың әуен мен тосын сазға толы «Дүтар саздары» келді. Бұл жырлар да өлең сүйер қауымның есіне тасқа қашағандай болып сіңіп қалған жырлар.
Енді сол дутар саздарына құлақ түрейік. Қандай гәп, қандай сыр шертер екен.
Қалауын таппай қасқая тосқан қырғыннан
Алапат жаулар атының басын мың бұрған.
Ұлдарым менің жанымен үнсіз қоштасып,
Намысы үшін шыңғырған!
Айтулы батыр айықпай кеткен айбардан
Арынды бұлақ атқылай шапқан қайнардан.
Жарқ ете қалған қайқы бел алмас қылыштар
Қараңғы түнге ай болған!
Осы бір шумақтың өзінен-ақ түркмен жұртының қайтпас қайсар өр мінезі мен асқақ рухын тануға болады. Көз алдыңа ауыздығын қарш-қарш шайнап тыпыршып бір орнында тұра алмайтын кілең бір ақалтеке мінген, елі мен жерінің намысы үшін “жанымен үнсіз қоштасуға” даяр ақберен атпал азаматтар тізіліп тұра қалады.
Олардың қолындағы жарқылдаған алмас қылыштар қараңғы түнге ай болғандай. Тұла бойың жел кернегендей дуылдап, өз-өзіңнен қуаттанып, қайраттанып бара жатасың.
Дүйсенбек Түркменстанда дүниеге келген. Түркмендермен ең бір сүйектес, тілектес ағайын-туыстай боп қоян-қолтық алғаусыз араласқан. Ол елдің мінез-құлқын да,салт-дәстүрін де, әдебиеті мен мәдениетін де, тарихы мен аңыз әңгімелерін де бойына жас кезінен молынан сіңіріп өскен. Содан болса керек ол түркмен халқының ұлы классик ақыны Мақтымқұлыны жеріне жеткізе аударып шықты. Ол енді бөлек әңгіме. Дутар сазын тағы бір тыңдап көрейікші. Не дер екен.
Ойы-қыры оймақтай-ақ осы аймақ,
Көрмеді-ау бір шаттығына масайрап.
Ту даламды тулақ етті қайтейін
Мынау қырғын, мынау соғыс, ат ойнақ.
Тауды төбе, қайраң қылған көлшікті
Бұл ойранға шыдар емес жер тіпті.
Ал қайрат қыл, қайран бахшым, серігім
Астыңдағы ақ табаның мертікті.
Қансыраcаң намысыңды тірек ет!
Ақ алмаспен жау жүрегін іреп өт!
Не боп қалды? Жер құштың ба, ант атқыр
Көтер басты! Отырма олай жүрелеп.
Бұдан дағы тұл болғаным көп жақсы.
Көкірегімді бабауратпай кел, бахшы.
Еркек болып жаудан қорғай алмадың
Енді әйел боп туған жерге төк жасты.
Бұл өлең ту даласын тулақ етіп, тауын төбе, көлшігін қайраң қылған, ойран соңынан ойран салған лағнет атқыр отаршыларға қарсы айтылған өлең. Ерлікке, өрлікке үндеу. Бірақ өлең өкінішпен , наламен аяқталады. Қайран ерлер қаптаған қалың жаудан жеңіліп тынады. Сол кезде дутар да сұңғағын созып жіберіп сыңарынан айрылған аққудай сұңқылдап қоя береді: “еркек болып жаудан қорғай алмадың, енді әйел боп туған жерге төк жасты.” Неткен қатал үкім, неткен аяусыз жазғыру! Нағыз түркмендік рух!
Мен балаң, жас кезімде Дүйсенбек Қанатбаевтың қасында ең көп жүрген, бірге болған адамдардың бірімін. Оның тұрмыстық тіршіліктегі басынан өткізген тауқіметтері мен қуаныштарын да, өмірге деген, өнерге деген көзқарастарын да бір кісідей жақсы білем. Қаламынан туған бүкіл шығармаларымен түгелдей жете таныспын. Бірден айтайын, насихатының аздығына қарамай, мен оны қазақтың бүгінгі таңдағы үлкен ақындарының бірі деп бар даусыммен айта алам.
Олай болса, маған Дүйсенбек Қанатбаевтың негізгі тақырыбы — қандай тақырып, ұстанар ұстанымы не, тамыр салған топырағы қайда жатыр, оның өнердегі концепсиясын не деп білесің деген сауалдар қойылып жатса, мен оларды заңды сауалдар дер едім. Менің ойымша, Дүйсенбек Қанатбаевтың ең негізгі тақырыбы да, шығармашылық тағдыры да — сахара кеңістік, ұлы Дала. Ол ондаған жылдар бойы бүкіл саналы өмірін қалада өткізіп келе жатса да, өзінің адыраспаны сияқты даласынан екі елі ажырасып көрген емес. Оның жырларындағы қайғы мен қасірет те, дүрмек пен дүбір де, сор мен зобалаң да, мейірім мен қайырым да сол ұлан ғайыр кеңістік үстінде, ұлы дала төсінде өтеді. Ол тіпті асқар Алатауға мақтаныш сезіммен қараса да кеңістікте тұрып мақтанады. Бірақ ол ешуақта да сол асқар таулардың иығына шығып ап өзінің байтақ даласына биіктеп қараған емес.
Құдайға шүкір, қазақ поэзиясында шексіз кеңістік — Дала бейнесі аз жасалынған жоқ. Даланың шөлі мен көлін, қыстауы мен жайлауын, жолы мен жотасын, сортаңы мен майсасын, тағдыры мен тауқіметін, жаны мен малын, құсы мен аңын көрсететін поэтикалық полотнолар дүниеге келді. Яғни, әлемдік поэзияда болып көрмеген өлең тілімен жырлаптұрған тұтас галерея жасақталды. Мен бұл жерде «Әлемдік поэзияда болып көрмеген» деген сөзді бостан бос айтып отырғам жоқ. Асырып та айтып отыр деп ойламаңыздар. Шыны солай. Ал енді бұл сөзіме күмән келтірсеңіздер, қане, айтыңыздаршы, қай ел, қай ұлттың поэзиясынан, қазақ ақындарындай Дала образын жасаған, Дала бейнесін асқақтатқан жырларды табар екенсіз. Таба алмайсыз. Тек біз өзіміз таныта алмай жатырмыз.
Міне, осы алып галереядан Дүйсенбек Қанатбаевтың дала туралы шығармалары да ортадан ойып тұрып орын алғанына ешкім де шәк келтірмесе керек. Ол өз шығармалары арқылы Дала образын тың теңеу, ажарлы бояу, тосын суреттермен толықтырды. Дала төсінде болып жатқан сан түрлі, сан қилы құбылыстарды мүлде жаңаша, мүлде бөлек, ешкімге ұқсамайтын қалыпта қағазға түсіре білді. Өзінше көре алды, және өзінше көрсетті. «Киіз үй» өлеңіне көз жүгіртіңізші. дала өзгеріп, жаңғырып жатыр. Оның төсіне басқа қарекет келіп, өзге тіршілік орнығуда. Әрине, ғасырлар бойы қанға сіңген салт-дәстүрлерден, қастерлі қасиеттерден арыла қою, олардан қол үзіп мүлде енші алып кете қою оңай емес. Бірақ өмір өз дегенін істемей қоймайды. Күні өткеннің көкірегінен итереді, күші қайтқанның төбесінен басады. Әрине, мұндай кезде ақын да ауытқымалы аласапыран күй кешеді. Ол өзінің осы бір аумалы-төкпелі көңіл күйін бір кезде кеңістікті ақ жұмыртқадай боп мекендеп тұрған киіз үй тағдыры арқылы береді. Жаңа өмірдің екпінін бойына сіңірген «өзі шайқап өсірген түлектері» киіз үй — ақ жұмыртқаны келмеске жіберді. Ақын қамығулы. Ақын қимас сезімнің құшағында. Бірақ ол дәл осы жерде күрт өзгереді. Өйткені ақын салт-дәстүрді қорғаушы ғана емес, сонымен бірге жаңа өмірді қолдаушы да:
Біз оның ескі жұртын сызып тұрып,
Орнына сарай салдық қызық қылып.
Осылай ер жеткенде қанаттылар
Самғайтын жұмыртқасын бұзып шығып.
Бұл тек жұбату емес, әрине. Бұл жолдардың астарында талай-талай сыр, талай-талай гәп жатыр.
Меніңше, Дүйсенбек даланы өзі көтеріп, өзі арқалап жүрген сияқты. Олай демеске амалым жоқ. Өйткені ол:
Мен сені жүрем ылғи думандатып
Керек жерде алдыма жайып тастап —
дейді ол.
Оның дала төсінен тапқан теңеулерін, образдарын, метафорасын, штрихтары мен детальдарын айтып тауыса алмайсыз. Айтпай тағы тұра алмайсыз.
Дала сері, дала сал
Мекені ғой ерке елдің.
Шыр айналып қарасам
Ұшындаймын циркульдің.
Бұл суретке әсерленбеу, тапқырлығына таңданбау мүмкін бе?
Қыр үстінде айқыш-ұйқыш жол жатыр
Батырлардың найзасындай айқасып.
Тұтас бір дала драмасы. Ойланасың, толғанасың. Бағзы бір замандармен еріксіз сырласып, еріксіз мұңданасың. Дүйсенбек суретті әйтеуір бір сурет үшін салмайды. Ол суреттер, сөз жоқ, тағдыр-талайымды болып келеді.
Анадайда қарнын сипап балбал тұр
Бір тостаған қалған-сынды ішілмей.
Бұған енді не дерсін. Бедірейген балбал тасқа да жан бітіп кетті. Оның үстіне, ол балбал таста, шын мәніндегі, кең етек, кең құрсақ далалықтың мінезі жатқан жоқ па? Ал киіз үйдің орнын айтса —
Тек жұрты жатыр дөңгелеп
Қоп-қоңыр пластинкадай.
Көрдің бе, көшіп кеткен иесіз үйдің дөп-дөңгелек жұрты да, қоп-қоңыр пластинкаға айналып ән салып кетті.
Дүйсенбек ақын үшін «торғайлар — қанатты қоңыраулар», «сартікен — алтын ине», «жетіқарақшы — жеті күлше», «күзгі киіз үйлер малақайын басына баса киіп алған шаруа», «сортаңы — сорғыш қағаз», «жылт-жылт етіп іннен інге сүңгіген тышқандар жанды сынаптар» асығып жүгіріп бара жатқан «бұлақтар — жерді тепшіп тігіп бара жатқан инелер», «зу атылған оқ жылан — электроспираль», т.т.
Әрине, Дала образын жасауға бар талант қуатын, бар мүмкіндік қажыр-қайратын сарқа жұмсап келе жатқан Дүйсенбек Қанатбаев оның тек жоғарыдағыдай деталь-суреттерін ғана салып қойса көп нәрсенің орыны толмай орта тартып қалғандай болар еді. Өйткені, Дала, ең алдымен, тағдыр, өмір. Адам тіршілігі. Заман мен Уақыт кеңістігі. Ал ол кеңістік қаншама қан жұтып, қайғы ішкен. Қаншама қасірет көріп, мұң арқалаған. Сондықтан да «қайғылы күймен тек қана, оянады әлі сол ауыл». Ол кеңістікті мекендеген елді де адамзат, ұлт басынан өткен таукіметті оқиғалар айналып өткен емес.
Ұлы кеңістік үстіндегі талас пен тартысты келісім мен кетісуді, кісілік пен кісәпірлікті, имандылық пен имансыздықты, мәрттік пен нәмәрттікті шынашақтай кезінен көріп, танып өскен ақын, сол кеңістіктей кең философиялық ой айтады.
Құдайыңа адал болу — сол қиын, —
дейді. Шынында да құдай алдында адал болудан өткен қиын, одан өткен азапты жол бар ма?! Адал болу — кісінің кісісінің, адамның адамынының қолынан келмек. Ол үшін сен қаншама қорлыққа төзіп, қаншама зорлықты көріп, қаншама зомбылықты басыңнан өткізуің керек. Ол жолда сен қаншама мехнат шегіп, қаншама бейнет арқалайсың. Тағы да сен мехнат пен бейнеттің зейнетін ешуақытта көрмеуің мүмкін. Міне, ақынның бір жол өлеңі ғана қаншама жүк арқалап тұр.
Өзінің кеңістігіндегі шыңыраудай терең мұндай жолдар Дүйсенбек Қанатбаев шығармаларында аз емес. Оларды ондап, жүздеп келтіре беруге болады. Бірақ оның бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Сан түсті, сан бояулы ол жолдарды бір-бірімен жымдастырып, бір-бірімен үйлестіріп тұтас бір мозаика, ақынның өз тілімен айтқанда «құрау көрпе» жасауға болар еді де, сонан кейін:
Аман болсын әсем әлем бүп-бүтін
Аман болсын құрау-құрау дүние, —
деп бәріміз қосылып тілек айтар ек.
Дүйсенбектің өзінің даласына деген мейірім мен қайырымның орасан молдығы соншалықты, ол қозының көгенделіп, ботасының ноқталанғанына да күйінеді.
Қаулап шыққан қойнаудың қолтығына
Жіберейін раң мен мортығына.
Қақпақтының тұсына қақпан құрып
Жол бермеспін бөрінің жортуына.
Ақын енді ұлы даласының кеңістігіне азулы ажал, аузы қан жыртқышты кіргізбек емес. Жыртқыштықтың алдында қақпан боп жатып алмақ.
Дүйсенбек бұл өлеңінде тағы да дала туралы:
Жете алмаған еш қыран шырқауына
Шыңырауын еш қауға сарқа алмаған,—
деп толғанады.
Біз бүгін Дүйсенбекке, шырқауына, жете алмасаң да, қыран боп самғап, шыңыраудан, сарқа алмасаң да, мейір қандырар жырлар алып шыға бер демекпіз.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі