Өлең, жыр, ақындар

Кең тынысты ақын

Бүгiнгi таңда өзiнiң ұлттық топырағында тамыр сап, ата-баба дәстүрiнен құнар тартып, бiтiм-болмысын жоғалтпаған республикадағы бүкiл исi қазақтың бәрi Жүрсiн Ермановты жақсы бiледi. Өйткенi оның аудиториясы өте кең, өте үлкен. Жүрсiн, екi күннiң бiрiнде, ұлтымыздың ең игi дәстүрлi өнерiнiң бiрi айтысты жүргiзiп, сән-салтанаты келiскен алып Сарайлардың қақ төрiнде мыңдаған, ал теледидарлар арқылы миллиондаған көрермендердiң алдында отырады. Бүгiнде халықтың Жүрсiнге деген ықылас-iлтипаты да, құрмет-қошеметi де айрықша. Оны қазiргi заманның ауыртпалығын өзiнен де үлкен алақапшыққа салып базар жағалап жүрген әйелдер де, тепсе темiр үзер кезiнде екi қолын қалтаға сап жұмыссыз теңселiп қалған азаматтар да, студент-оқушылар да, зиялы қауым да, бiр сөзбен айтқанда, үлкен-кiшi түгел бiледi. Мен өзiм оған талай куә болдым. Әсiресе қарапайым халық Жүрсiн тұрған жерге қоғадай жапырылып, қамыстай иiледi.

Әрине, ол құрмет-қошеметтiң бәрi тек Жүрсiннiң жеке басына ғана көрсетiлiп жатқан құрмет-қошемет емес. Ең алдымен, ол құрмет елдiң ең озық дәстүрлерiнiң бiрi — Айтысқа көрсетiлiп жатқан құрмет. Оны, құдайға шүкiр, Жүрсiннiң өзi де жақсы ұғып, жақсы сезiнедi.

Шынында да, қазiргi кезде ұлттық дәстүрлi өнерiмiздiң iшiнде жұртшылықтың жанын жаулап, жүрегiн баурап алған айтыспен үзеңгi қағыстырып тең шаба алатындай өнер жоқ. Ал шығып жатса, онда оның түк те әбестiгi болмас едi. Өйткенi ұлағатты дәстүрлердiң қай-қайсысы да бiзге көптiк етпейдi. Олар, қайта, бiздi бұрынғыдан да қуаттандырып, бұрынғыдан да рухтандырып, бұрынғыдан да байыта түседi. Өйткенi халық бойына да, жеке адам бойына да, ең алдымен, дәстүр арқылы ұлттық намыс, ұлттық жiгер кiредi.

Ал дәстүрiн жоғалтқан ел — бәрiн жоғалтады. Дәстүрсiз ел де, адам да «ұшарын жел, қонарын сай бiлетiн» қаңбақ пен ебелекке айналады.

Мұның бәрiн бiз неге айтып отырмыз? Кейiнгi кезде, анда-санда болса да кейбiр адамдар айтысқа деген өздерiнiң ұшқары пiкiрлерiн сездiрiп қалып жүр. Өкiнiштi-ақ. Егер ондай пiкiрлер күнi ертең етек алып кетсе басқаны былай қойғанда, ұлтымыздың тiршiлiгiне кесапатты кесiрiн тигiзерi сөзсiз. Кiм болса да, пiкiр айтар кезде айналаға бiр қарап алған жөн.

Жақында бiр газеттен жапондықтардың салт-дәстүрi туралы мақала оқыдым. Олардың өз салт-дәстүрiне деген құрметi бәрiмiзге бесенеден белгiлi ғой. Менi, әсiресе, елең еткiзгенi, шет елге оқуға баратын жасөспiрiмдер жапон дәстүрi туралы арнайы емтихан тапсырады екен. Өйткенi дәстүр — тамыр. Көгерем, өнем деген ел де, адам да тамырсыз өмiр сүре алмайды. Сүрсе де, ұлттық болмыстан жұрдай болады. Ал бiздiң шет елдерге оқуға кетiп жатқан балаларымыздың көбiсiнiң қайтып оралмайтындығы өз тiлiн шала-пұла бiлiп, құнарынан нәр алмайтындығынан.

Бiзде дәстүрлi өнерiмiздiң өркениетке iлесе алмай қалған қараңғылықтың нышанындай көретiндер жетiп жатыр. Ал байқап қарасаңыз, сол өркениеттi елдердiң өзегiн ұстап тұрған дәстүр екенiн бағалау қиын емес. Қай жағынан болсын мойыны озық деген американдықтардың мөңкиген бұқаның үстiнен түспей, француздарыңыз қораз таластырғанын қоймай, қызыл шүберектi испандықтарыңыз бұқамен сайысын тастамай келе жатқан жоқ па?

Мұның бәрiн бiз, әрине, әңгiменiң орайы келгеннен кейiн айтып отырмыз. Өйткенi Жүрсiн Ермановтың бүкiл рухани тiршiлiк-тынысы дәстүрлi өнерге, соның iшiнде айтысқа бағышталып кеттi. Сондықтан дәстүр туралы, айтыс жайлы айтып жатсақ, онда Жүрсiннiң де рухани еңбегi жайында әңгiме болып жатыр деп ұққан жөн.

Айтыс — қазақ пен қырғыздан басқа елде жоқ айрықша құндылық. Бiздi ерекшелендiрiп тұратын дәстүрлi өнер. Жапондықтар айтады екен: «егер бiздiң дәстүрiмiздi басқа елдер түгел түсiнген күнi жапон ұлты құриды» деп. Осы сөздiң астарында көп мән жатыр. Бiздiң айтысымызды тiптi ауылымыз аралас, қойымыз қоралас деген өзбектердiң өздерi түсiне бермейдi. Бiр мысал. Оңтүстiк Қазақстан облысында Сайрам деген аудан бар. Елдiң табаны, негiзiнен, өзбектер. Бұдан оншақты жыл бұрын айтысқа кiлт бетбұрыс жасалынып жатқан кезде Сайрамнан бiр де бiр айтыскер ақын шықпаған ғой. Өткеннен қалған жоспаршылдық пен науқаншылдықтың құрсауында өскен облыс басшыларының бiрi мұны бiр төзгiсiз жағдай деп ойласа керек, сол кезде аудан басшысы болып жүрген өзбек жiгiтiн шақырып алып, «сендер неге айтыспай жатырсыңдар» деп мәселенi төтесiнен қойыпты. Сөздiң мағынасын жөндi түсiне алмай қалған өзбек жiгiтi сасып қалып «Әмекi, бiз айтыспаймыз, бiз «хұп!» деймiз? — деп оң қолын төсiне басып, басын иген екен.

Яғни, дәстүрлi өнер — бiздi рухани байытатын ұлттық қазына-құндылығымыз ғана емес, бiздi қорғап, қорғалап тұратын рухани қорғаныс-бекiнiсiмiз.

Мiне, елуге келiп отырған Жүрсiн Ерманов осындай аса игiлiктi, сонымен бiрге бүгiнгi таңда бәрiмiз аса зәру, аса дiлгiр болып отырған дәстүрлi өнерге саналы түрде қызмет етiп келедi. Ол бұл өнерлi iске жұмыс таба алмай қалғандықтан, немесе ермек үшiн барып отырған жоқ. Құдайға шүкiр, Жүрсiн Ермановтың бiлiм-пайымы да, интеллектуалдық қуаты да, ұйымыдастырушы, iскерлiк қабiлетi де өз қатарластарының көбiсiнен көш iлгерi. Оның бәрiн былай қойғанда ол қазақтың бүгiнгi таңдағы белгiлi ақыны ғой.

Жүрсiн Ерманов — сонау жетпiсiншi жылдардың басында қазақ елiнiң шоқтығы биiк қасиеттi жерлерiнiң бiрi Ұлытаудан келiп, қазақ поэзиясына қосылған айтулы ақындарымыздың бiрi. Оның өз қатарластарынан бiр ерекшелiгi Алматыдан оқу бiтiргеннен кейiн де Жезқазғанға барып бiраз жыл жұмыс iстегендiгi. Елдiң қалың ортасында болып, оның рухани құнарын бойына да, ойына да барынша молынан сiңiргендiгi. Сондықтан болса керек, оның өлеңдерiнде ұлттық бояу-нақыштар, бай ажарлы бейнелi сөздер, кеңiстiкте алқынбай көсiлетiн кең тыныс, асқақ сөйлейтiң биiктiк жатады.

Жүрсiн Ермановтың бүкiл болмысы — далалық болмыс. Даланың жөргегiне оранып, даланың бесiгiне бөленiп өскен оның жыры да, сыры да тiптi мұңы да — сол Дала. Есiлiп сөйлеп, көсiлiп жүретiн ортада өскен оған қала тым тар, тым шектеулi.

От жақпаймыз күйелеш күл шығарып
«Құдығымыз» көрген жоқ бiр суалып.
Көршiң итпен сөйлесiп отырады
Иланбасаң үйiне кiршi барып.
Елдегiлер еткенмен осыны аңыз
Бiз iшiнде жүрген соң — шошынамыз.
Төрт қабырға — қыстауың,
Ал жаз шықса
Балкон деген жайлауға асығамыз.
Ие болар кезеңде бiр атаға
Мейманыңа беретiн — құр атала.
Желдегенде барарың — саяжайың,
Шөлдегенде табарың — сырахана.

Бәрiмiз де ауылдан келгенбiз. Бәрiмiз де жусанды даламызды, елдiң аялы алақанын, оның мiнез-құлқын елжiреп еске аламыз. Туған жер мен туған елге деген сағынышты өлеңдер бәрiмiзде бар. Бiрақ Жүрсiн сол сағынышты сезiмiн өзiнше айтқан. Осы өлеңде «сағыныштан өлiп бара жатырмын», «қыстауыңа қунап, жайлауыңа аунар ма едiм» деген айтыла-айтыла әбден жауыр болған бiр де бiр тiркес жоқ. Өзiнiң қаладағы тiршiлiгiн мысқылдай отырып, далаға деген сағынышын бiздi әбден мезi еткен «сағынышты жырлардан» мүлде басқа жол тапқан. Шеберлiк деген осы.

Әрине, мұны айтқанда Жүрсiннiң бiлетiнi де, жазатыны да ауыл тақырыбы екен деп ойлап қалмаған жөн. Оның ең басты тақырыбы Қоғам мен Адам тағдыры. Олардың терең қатпарларын қопарып, тылсым құпия тұстарына үңiлiп, бiз бiле бермейтiн, бiрақ бiзге соншалықты жақын қасиеттер мен құбылыстарды ашып көрсетедi.

Жүрсiнде кез келген антологияның ажарын кiргiзетiн «Бас» деп аталатын үлкен философиялық жүк көтерiп тұрған өлең бар.

Тиiп басым тасқа
Кейде ашиды миым.
Дұшпаны көп болса
Ие болу қиын.
Көрешегiн көрмей
Кiрмес, сiрә, көрге.
Мен игенмен жерге
Ұмтылады Ол төрге!
Қадiрiмдi кiсi
Бiле түссiн дей ме?! —
Ойға толып iшi
Сықырлайды кейде, —

дейдi.

Өлеңнiң орындалуы қандай?! Тастақ жердегi тұлпардың тұяғындай нақ, сағаттың соғысындай дәл. Бiрде бiр бөгде дыбыс, бiрде бiр артық сөз жоқ. Ал көтерер жүгi, жүрегiңе түсер салмағы ше?! Мынау алашапқын, аласапыран дүниедегi қым-қуат тiршiлiктiң iшiндегi адам баласының басы бiрде тау мен тасқа соғылып есеңгiреп, бiрде «Алланың добына айналып» домалап, бiрде танауын көтерiп кекжиiп, ендi бiрде тұңғиық ойға батып тұнжырап тұр. Ақынның айтпағы, бұл тiршiлiктiң осыншалықты қолайсыз, осыншалықты дүрбелеңдi, осыншалықты шым-шытырықты, шат-шiлекейi шығып; адамдардың бiр-бiрiмен тiл табыса алмай жүз жыртысып, жаға ұстасып жатуы, ең алдымен, басқа ие бола алмаудан. Ақын соны меңзеп отыр.

Ақындық өнерiнде «жалғыздығын серiк еткен» Жүрсiннiң қазақ әдебиетiне тарту еткен қуатты жырлары аз емес, ал ендiгi берерi одан да мол боларына бiз кәмiл сенiмдiмiз.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз