Түн жарымы ауып қалған кез еді. Үйдегі бала-шағалар жатып, ересектері енді жатуға жиналап жатқан-ды. Ал, мен керекті бір қағаздарымды таба алмай көне бір папкілерімді қопарыстырып, өз-өзімнен әбігерге түсіп отырғам. Кенет телефон безілдеп қоя берді. Беймезгіл уақытта телефон шалып тұрған кім екен, шамасы бір шұғыл шаруасы болған-ау, деп тұтқаны құлағыма тостым. Темірхан, бұл Төлеген ағаң ғой дейді.Дауысы бір түрлі қарлығып, құмығып естілетіндей. Қай Төлеген? Төлеген Жұмабеков. Сайлаубектің ағасы. Көңілімде ештеңе жоқ мен: ассалаумағалейкүм, Төке. Қалдарыңыз қалай,жайшылық па? деп жатырмын. Төлеген ағаның даусы қатты қамығып естілді: Жайшылық болмай тұр ғой. Әлгінде ғана есіттік. Сайлаубек пен Санжарбек авариядан қайтыс болды. Құдай-ау, не дейді!? Төке-ау , не айтып тұрсыз?! Қалай?.. тұла бойым қорғасындай ауырлап, буын-буынымнан әл кетіп, қапелімде орнымнан тұра алмай, отырдым да қалдым...
... Сонан кейін Сайлаубектің үйіне бардық. Қос арысынан айрылған Зибагүл естіген жұрттың төбе құйқасын шымырлатып аңырап отыр. Қанша өзін-өзі ұстайын десе де Төлеген ағаның көзінен де ыстық жас ыршып-ыршып кетеді. Барлас, Жалғас, Қайраттарда өң-түс жоқ. Сең соққандай сергелдең халде. Олардың әрқайсысын бауырыма басып, ұзақ егілдім. Олар да бүкіл шері мен шеменін ақтарғандай еңкілдеп жылайды.
Келесі күні үйінде бір түнетіп, екеуін де Жазушылар Одағынан ақтық сапарға шығарып салдық.
Жазушылар Одағының алдында өткен қаралы жиынға халық көп жиналды. Ол қаралы жиында маған да сөз берілді. Бұл жерде сол сөзімді келтіре кеткенді жөн көріп отырмын.
Қайран, асыл досым Сайлаубек!
Сен де, міне, бәрімізді ойда жоқта опындырып, өмірден озып барасың! Құдай-ау, мына тірлікте сен туралы қоштасу сөз айтамын деп ойлаппын ба?! Мұз шайнап, от жалағандай болып тұрмын!
Сен екеуміз осыдан 42 жыл бұрын, яғни 1965 жылы, күздің осындай бір сарыала мезгілінде танысып-табысып едік. Содан бері, тіпті, бір-бірімізден алыста жүрген шақтарда да, жан-жұбымыз ажыраған емес. 42 жыл бойы арамыздан қыл өтпейтін дос болдық. 42 жыл бойы бізді жалғастырып тұрған мың тініміздің бірі де үзілмепті.Үзілмек түгілі не сетінеп, селкеу тартпапты. Тіпті, кейбір жағдайларға деген көзқарасымыз әртүрлі бола тұра, бір-бірімізді кінараттап, бір-бірімізге ренжіп көрмеппіз.
Аумалы-төкпелі мына заманда жамандық көрсем де, жақсылық көрсем де, алдымен сен жететін едің.
Алған бетіңнен қайтпайтын бірбеткей едің. Ешкімнің артынан бықсып сөз айтпайтынсың. Айтатыныңды бетіне шыжғырып тұрып айтатынсың.
Қаншама аңқылдап, ақтарылып жүрсең де, сыр шашпайтын берік болатынсың. Сенің осы мінезіңе риза болған мен Құлыптаулы қара сейфім-ай дейтін едім.
Сен өз ғұмырыңда қыруар еңбек бітірдің. Қазақ сынының айбарын асырып, мәртебесін көтеруге үлкен үлес қостың. Қазақ сынының көкейкесті, ең түйткілді, түйінді мәселелеріне батыл барып,іргелі-іргелі қаламгерлер, аса ірі тұлғалар Тәкен Әлімқұлов, Тахауи Ахтанов, Қалтай Мұхамеджанов, Зейнолла Қабдолов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменовтердің шығармашылығына тұтас кітаптар, қомақты эсселер,салиқалы сын мақалалар арнадың. Ол еңбектердің қай-қайсы да әдебиетіміздің айшықты беттерінде ұзақ өмір сүретініне біз кәміл сенімдіміз.
Қайран, Сайлаубек досым-ай!
Сенің енді арқа-жарқа боп, аңқылдап-жарқылдап,дүбіліс, дүбір тудырып; айналаңды дүйім бір жұрт көшіп жатқандай етіп жіберетін саңқылдаған даусыңның енді естілмейтіні өкінішті.
Сенің енді тігілген үйдей боп отыратын мол денеңді көре алмайтынымыз өкінішті.
Әлі айтамын, жазамын деген қаншама жоспарларың бар еді. Солардың орындалмай қалғаны өкінішті.
Қайран Сайлаубек!
Мен үшін сенің мына өмірдегі орның опырайып,үңірейіп қалды. Ол орынды енді ешкім толтыра алмайды.
Ең өкініштісі, Сайлаубек айналайыным-ау, өзің жаныңдай жақсы көретін кенжең, бәріміз де болашағынан үлкен үміт күтетін Санжарбектің де о дүниеге өзіңмен бірге кеткені болып тұр. Олай дейтінім, біздер, оның ішінде сен де, мен де бармыз, не болғанда да, мына өмірдің ащысын да, тұщысын да, қызығын да, шыжығын да азды көпті көріп үлгердік қой. Ал Санжарбекжанның он екіде бір гүлі ашылмаған еді ғой. Көктей солды ғой жас түлек!
Қайтесің, осындай ауыр қаза үстінде де Алла Тағала пендесінің шүкіршілік етуін қалайды. Олай болса, шүкір, ғұмыр бойы сенің қасың мен қабағыңа қарап, айтқан сөздеріңнің бәрін бұйрық пен жарлықтай қабылдап, бұлжытпай орындаған адал да асыл жарың Зибагүл, алтын асықтай ұлдарың Барлас, Жалғас, Қайрат пен немерелерің, бірге тумаса да, саған туған ағаңдай қамқор болғанТөлеген ағаң бастаған аға, іні, қарындастарың қалды. Шүкір!
Жабыққанда жан-жүрегінің лебімен дем берген достарың қалды. Шүкір!
Басқа не айтамыз.
Бақұл болыңдар, асыл дос Сайлаубек, қимас перзент Санжарбек!
Қаралы жиында менен басқа да Сайлаубектің ұстаздары,үзеңгілес достары, жүректері күйреп-күйзелгендей боп, егіліп тұрып сөз сөйледі.
Сонан кейін мәңгілік мекен Кеңсайға апарып, екеуін Жер- ананың құшағына бердік. Жатқан жерлерің жәннатта болсын деп топырақ салдық. Әруақтарына бағыштап аят оқылды. Егіліп, үзіліп тұрып қош айтыстық.
Бірақ сол кезде біз әлі ол аварияның қалай болғанын білмейтін едік. Әркім әртүрлі айтады, әртүрлі қисын келтіреді. Тіпті, мен өзім алғашқыда Сайлаубектің аяқ астынан Астанаға жол тартқанын түсінбей дал болдым. Өйткені, біз бір күн бұрын ғана жұмыста бірге болдық. Әншейінде бірер сағатқа сұранып немесе айтып кететін ол Астана жайында бір ауыз сөз қозғамаған.
Сөйтсем, Зибагүлдің айтуынша, жолға шығу мәселесі шұғыл түрде шешіліпті. Осында, Алматыда іссапармен жүрген Санжарбек қайтар кезі жақындағанда, машина сатып алады. Ал, Сайлаубек баласын ұзақ жолға жалғыз жібергісі келмей, онымен бірге Астанаға дейін барып, келесі күні кері қайтпақ болады. Әйтеуір, не керек, келесі күні жолға шығады.
Сонымен... Алматы- Астана трассасының 270 ші шақырымында машина апатқа ұшырайды. Қалай апат болды? Неден болды? Міне, осы сұрақтарға әлі күнге жауап жоқ. Тағы да машина өзі жүріп келе жатқан жағына емес, трассаның қарсы бет жағына аударылған. Оған не себеп?
Екеуі де аударылған жерде ұзақ жатып қалған. Құдай-ау трасса үсті ағылып жатқан машина ғой. Ол машинадағы адамдардың бәрі жол жиегінде жайрап жатқан жандарды, қирап жатқан машинаны сөз жоқ көрді ғой. Солардың қай-қайсысы да тиісті орындарға дер кезінде хабар беруге болады ғой. Әлде, хабар берілсе де, тиісті орындар не шабандық, не салғырттық танытты ма? Әлде... Әлде... Әйтеуір, ойлансаң-ақ самсап шыға келетін сан сұрақтың түбіне жете алмайсың.
Ең сұмдығы, Санжарбектің қалтасындағы ұялы телефоны мен сексен мыңдай теңгесін әлдекімдер алып кетіпті. Кімнің алғаны белгісіз. Анық білмегеннен кейін, мынау шығар деп болжам айтудың өзі де күнә. Өліп жатқан адамды да тонайтын қандай зұлым, қандай қаскөй, қандай қатыгез заманда өмір сүріп жатырмыз, Құдай-ау! Осындай сұмдықтарды көре-көре немесе ести-ести кейде мына өмірден мүлде шығынып, қос қолыңды төбеңе қойып, безіп кеткің келеді.
* * *
Сайлаубек пен мені, әлгінде айтып өткенімдей, сарыала күздің тамылжып тұрған бір күнінде, маған әрі ағайын, әрі ауылдас болып келетін Балтакесті Өтебеков деген жігіт таныстырып еді. Мен ол кезде республикадағы жоғары оқу орындарының қара шаңырағы болып саналатын Абай атындағы педагогикалық институттың екінші курсында оқып жүргем. Ал, Сайлаубектердің КазМу-дың бірінші курсына енді түскен беттері. Ол кезде бәріміздің де сымға тартқандай талдырмаш, тарамыс кездеріміз.
Сайлаубек пен мен екеуміз танысқан бойда табысып кеттік деуге болады. Бірден-ақ ежелгі сыралғы достардай емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып, өзіміз де, сөзіміз де жарасқандай боп, ешқандай тосырқамай да, бір-бірімізге тосын мінез көрсетпей де, тізе қосып, қатар жүріп кеттік. Ә, дегеннен бір-бірімізді жақын тартып, бір-бірімізге құлай жығылғанымыз сонша, енді ол маған жерлес десе жерлес, ағайын десе ағайын, Балтакестіден де жиі келетін болды. Мен де жиі-жиі іздеп барамын.
Сол кездесулерде әңгімеміз махаббат, қыз-қырқыннан гөрі, әдебиетке көбірек ойысып кете беретін. О бастан-ақ қазақ әдебиетін жақсы оқып-біліп келген ол, көп ұзамай, орыс, шетел әдебиеті туралы да жиі-жиі айтатын болды. Әсіресе, оған бұл тұста жақын нағашы боп келетін Асқар Сүлейменовтың әсер-ықпалы көп тиді деуге болады. Ол кезде Асқар Сүлейменовтың есімі зиялы қауым арасында үлкен құрметпен аталатын. Оның білімпаздығы, шешендігі, қайтпас қайсарлығы ауыздан-ауызға аңыз болып тарайтын.
Әлі есімде, Сайлаубек екеуміз 1966 жылы Қазақстан жазушыларының кезекті құрылтайына қатыстық. Әрине, оған біз сияқтыларды кіргізе салмайды. Өйткені Жазушылар одағының мүшесі емеспіз. Мен Жұмекен ағадан, ал, ол Асқар ағасынан бір-бір шақыру қағазын қолға түсіргенбіз. Сонымен кірдік.
Құрылтай жүріп жатыр. Төрде Мәскеуден, одақтас республикалардан атақтары жер жаратын небір жақсылар мен жайсаңдар отыр. Жазушылардың бірінен соң бірі шығып сөйлеуде. Байқаймыз көбісі бірін-бірі қайталайды. Алдымен, коммунистік партияның көрегендігі мен кемеңгерлігін мақтайды. Социялистік реализмді әспеттейді.Буржуазиялық қоғамды түкке алғысыз етіп, бужуазиялық реализмнің итсілікпесін шығарады. Социализмнің мәртебесі мен мерейін асыратын жарқын шығармалар беру керектігін айтады. Жаттанды. Әуелде желпініп кірген Сайлаубек екеуміз әрі-беріден кейін жалыға бастадық. Бір кезде сөз Асқар Сүлейменовке берілді. Мен Асқар ағамыздың терең білімді, аузымен құс тістеген шешен екенін сонда көрдім. Ол ондаған жылдар бойы сананы сартап, талғамды таптаурын етіп келген, қатып-семіп қалған сірескен схемалар мен қасаң стандарттардың быт-шытын шығарып сөйледі. Ол мінбеден түскеннен кейін, жиналысты жүргізіп отырған төраға оған қатқыл дауыспен зекігендей болып, ескерту жасады. Асекеңнің таймас қайсар мінезді адам екенін сонда көрдік. Жөнсіз жасалынған ескертуге қарсылық ретінде Асекең және Әбіш Кекілбаев, Атыншаш Жағанова үшеуі құрылтайды тастап шығып кетті. Сол күні нағашысы үшін Сайлаубектің мақтанғанын көрсеңіз. Шынында да, ол мақтанса мақтанатындай-ақ оқиға еді.
Міне, сол Асекең Сайлаубекті көп баулыды. Ол тәрбиенің ықпал-әсері Сайлаубек арқылы маған да тиіп жатты. Асекеңнің айтуымен ол мынадай-мынадай жазушылардың мынадай-мынадай шығармаларын оқып жатырмын дейді. Жалпы менің бойымда, ол қаншалықты жақсы, қаншалықты жаман, оны білмеймін, біреуден қалмайын деген ұмтылушылық, бүгінгі тілмен айтқанда, бәсекелестік қабілет қатты дамыған. Содан ба, мен де Сайлаубектен қалмайын деп іргеміздегі Пушкин кітапханасына жиі-жиі барып, кітап дүкендерін жиі-жиі аралайтын болдым.
Жалпы мен өз өмірімде, бағыма орай , көп оқитын, көп ізденетін адамдарға жақын жүрдім. Бұл тұрғыда маған Жұмекен, Әбіш ағаларымның, кейінірек Сайымжан ағамның ықпалдары көп тиді. Олардың қай-айсысы да білімдері ауқымды азаматтар болды. Бұл қатарға мен Сайлаубекті де қосар едім.
Сайлаубек, сөз жоқ, Асқар Сүлейменов ағасына көп еліктеді, тек еліктеп қана қоймай, одан бойына көп қасиеттерді сіңіре де білді. Ең алдымен, оның Асекеңнен алғаны, қай нәрсеге де, белгілі бір шығармаға болсын, айнала болып жатқан құбылыстарға болсын, адамдар арасындағы қарым-қатынастарға болсын, жұрттың айтуымен жығыла кетпей, өз көзқарасы болу керектігін қалыптастырды дер едім. Алғашқы жылдары, басқаны былай қойғанда, оның күнделікті өмір сүру жүйесінен де, тіпті сөйлеу мәнерінен де Асқар Сүлейменовтің әдеті мен салты көрініп тұрушы еді. Мәселен, ол да күйлердің пластинкаларын жинап, соларда ұзақ уақыт бойы тыңдап отыратын. Шахматты да жақсы меңгеріп алды. Небір күрделі дебюттерді жатқа білетін. Әрине, о бастағы бұл балаң еліктеулер, жалаң еліктеу ғана болып қалған жоқ. Олардың бәрі Сайлаубек бойына терең тамыр салып, бара-бара оның да әдеті мен салтына айналып, оны бұрынғыдан да байыта түсті деп ойлаймын. Жаныңда жүрген адамның жан-дүниесінің бай болуы, дүние-танымының кең болуы, біле білсең, ол да бір Алла тағаланың басыңа берген бағы ғой.
Кезінде мектепті күміс медельмен үздік бітірген Сайлаубек университетті де жақсы тәмамдады. Жақсы тәмамдап қана қоймай аспирантурасына түсті. Қорғайтын тақырыбан да бекітіп алды. Бірақ ол бір күні нілдей бұзылды да, ғылыми жұмыспен айналысқысы келмейтінін айтып, аспирантураны тастады да кетті. Содан кейін, ол таза сыншылық жолға түсті. Әрине сыншы болу үшін талант-таралғы, қабілет – қарыммен бірге, жан жақты үлкен білім керектігі бесенеден белгілі болса керек. Ғылым деген, не болғанда да, белгілі бір тақырып аясында қалып қояды. Оны біз қазіргі таңда дажиі көріп жүрміз. Әсілі, Сайлаубек осыны ерте түсінген болуы керек. Оның бастамай жатып, ғылыммен тез қоштасуына осы жағдай себеп болды ма деп ойлаймын.
Оның үстіне, Сайлаубек те, бәріміз сияқты тұрмыс тапшылығын көрудей- ақ көрді. Пәтерден соң пәтер жалдап, әркімге бір тәуелді болып, күркешіктерде де отырды. Бірақ, құдай оңдап, күндердің күнінде қазіргі әкімдік тұрған жердің маңынан туған туыстарының көмегімен, құрқылтайдың ұясындай ғана жер үй сатып алды. Үш төрт адам ғана зорға сиятын тап тар үй. Бірақ өз үйі! Дүниеге балалар да келе бастады. Ал оларды аспиранттың стипендиясымен асырай алмайсың ғой. Оларды тек қызмет істеп жүріп қана дұрыс жетілдіруің мүмкін. Міне, бұл тұрмыстық фактор да Сайлаубектің ғылымнан қол үзуіне себепкер болса керек.
Сөздің реті келіп тұрғанда айта кетейін, Сайлаубек пен Зибагүл екеуі төрт ұл сүйді. Екеуі де бала тәрбиесіне аса мұқият , аса тыңғылықты қарады. Екеуі де оларға талап қойғыш болып шықты. Балаларының жүріп тұруын , қандай кітап оқу керек, қай уақытта сабақ оқу керек, әйтеуір , бәрін- бәрін белгілеп, солардың орындалуын қатаң қадағалайтын. Ал бұлардың бәрі адамнан қаншама күш қуатты, қаншама қайрат жігерді қажет ететіні кім кімге де белгілі болса керек. Сайлаубек пен Зибагүл бойынан сол ерік жігер мен қайрат қуат табыла білді. Олар сол төккен тер мен берген қуаттың жемісін де көрді. Барлық баласы мектепті алтын күміс медальдармен бітіріп, жоғарғы оқу орындарына еш қиналмастан өз күштерімен түсіп кетті. Сайлаубек оларды оқуға түсіру үшін адам да іздеген жоқ, ол адамға беретін қаржы да іздеген жоқ. Балалары оқуға түскенде , жууға ғана шығынданғаны болмаса,басқаға басын ауыртпады, жүгіріп табанын тоздырмады. Қазір сол балаларының бәрі сан салада қызмет істеп жүр.
Сайлаубекке құдай Зибагүлдей асыл жар берді. Зибагүл Сайлаубекке де қасы мен қабағына қарап, келімді кетімді қонақтарға да қызметін көрсетіп, төрт баланың да жағдайын жасап, оның үстіне, өзі де ғұмыр бойы жұмыс істеп, бір тыным таппайтын. Бұл үймен қаншама қарым қатынаста жүрген біз Зибагүлдің бір рет те ренжіп, не қабақ шытып, тымырайып отырғанын көрмеппіз. Ол Сайлаубектің шын мәніндегі жан жары , Құдай қосқан қосағы болды!
Достың достығы басына іс түскенде білінеді деген тап рас. Ол кезде Сайлаубектің қай жерде жұмыс істеп жүргені дәл қазір есімде жоқ, әйтеуір мен қазақ телевидениесінде жүргем. Бір күні әкең қатаң жатыр дегеннен кейін буынып түйініп, әйел, бала шағаларыммен ауылға кеткем. Анам бір жыл бұрын қайтыс болып кеткен. Төсек тартып қалған әкеме қарайтын жан жоқ. Содан әкемді төрт ай күтіп, ақтық сапарға шығарып сап, Алматыға қайта келсем, мені жұмысқа кешікті деп қызметімнен босатып жіберіпті. Бұл өмірдің әкең өліп қалса да қайрылып қарамайтын қйырымсыз қаталдығын сонда алғаш білдім!
Содан далада қалдым. Вокзалға барып жүк түсірдім, ет комбинатының тоңазытқыш цехында жүкші болдым. Малая станица деген мекенде ақ амур деген балық өсіретін көлшіктер бар екен, сонда жұмысшы болдым. Қолым қалт еткенде редакцияларды аралап, жұмыс іздеймін. Бәрін дерлік әлденеше адақтап шықтым деуге болады. Бірақ бірде біреуі табалдырығынан аттатпақ түгілі, маңынан жүргізбейді.
Мне осындай моральдық жағынан күйзелтіп, тұрмыс жағынан жаншып жіберетін қиындықта жүрген кезімде менімен бірер адам ғана қатысты. Мені бірер адам ғана іздеді. Соның бірі, тіпті бірегейі Сайлаубек айналайын болды. Қай жерге көшіп кетсем де, қай жерде қолымды күс, иығымды жара етіп, қан сорпам шығып, жұмыс істеп жүрсем де, әйтеуір, ол мені тауып алатын. Әңгімесін айтатын, қабаржып жүрген көңілімді көтеретн, әдебиетте болып жатқан қалт еткен жаңалықты жеткізетін, кейде ол кезде Зибагүлдің елінен келіп тұратын майы сорғалаған қаяз деген балықты қағазға орап алып кеп, сыраханаға алып кететін. Әйтеуір, Сайлаубек сол бір жаным жүдеу тартып, шаршап жүрген жылдары қасымнан табылды.
Күндердің күнінде бірде бір редакция мені табалдырығынан аттатпай қойғаннан кейін, бала шағамды шұбыртып, Маңғыстау қайдасың деп тартып отырдым. Ол кезде Маңғыстаудың атағы жер жарып, дүниені дүңкілдетіп тұрған кезі. Тек барсаң болды, ақшаны күреп тауып, қапшыққа сала беретіндей сөздер айтылады. Жаспын ғой, сол сөздерге қатты еліккен болуым керек. Әбден тұрмыс қажытып, діңкелеп жүрген адам ондай сөздерге елікпей қайтсін!
Жиған терген аз мұз кітабымды Сайлаубек пен Дүйсенбектің үйіне теңдей бөліп, аманат етіп қалдырдым да, жолға шықтым.
Иіні келіп тұрғанда, айта кетейін, мені Маңғыстауға ешқандай романтика емес, тұрмыс айдап барды. Сол кеткеннен мен ол жақта 25 жыл жүрдім...
Бұл жерде менің айтайын дегенім, алыста қиян шет, қиыр өлкеде жүрсем де, айналайын Сайлаубек тағы да жанымнан табылды. Яғни, үздіксіз хабарласып тұрды. Бірде бір хабарын үзген жоқ. Біршама уақыттан кейін, ол “Қазақ әдебиеті” газетіне ауысты да, менімен хабарласуын бұрынғысынан да үдетіп жіберді. Сөйтіп жүргенде, күндердің бір күнінде аса бір құрмет тұтып, сыйлайтын ақын ағам менің шығармашылығым туралы “Қазақ әдебиетінің” бетінде қатал мақала жариялады. Әрине, ол мақаланың, білген адамға, пайдалы, құлақ қояр жақтары да аз емес. Бірақ ол мақаладағы құрылған жүйе, яғни, менің кемшілігімді тым қазбалап, жерге тыққандай етіп тұқыртып сөйлегені жаныма қатты батты. Мен ол мақала шыққанға дейін көлемді сын мақала түгілі, рецензия жазып көрмеген екем. Амал жоқ, өз позициямды қорғауым керек болды. Сайлаубекке хабарластым. Ол жазам десең өзің біл, Шер ағаңа, Шерхан ағамыз бас редакторға ұсынып көрейін деді. Қарсы мақаламды жаздым да жібердім. Әдеби сындағы тұңғыш мақалам болса да, жаман шықпаған сияқты. Көп ұзамай, ол мақала жарқ ете қалсын.
Сол мақаладан кейін ақ өлеңмен бірге сын жанрын да қатар алып жүретін болдым. Сын мақалалар кітабым жарық та көріп үлгерді. Бүгінде ойлаймвн , егер сол тұста Сайлаубек “Қазақ әдебиетінде” жұмыс істеп жүрмегенде, ол мақала жарық көрер ме еді, көрмес пе еді деп. Ал ол мақала жарық көрмесе, менің одан әрі қарай сын жанрына бара қоюым екіталай еді. Яғни, менің сынға баруыма, әдебиеттің қыры мен сырына одан сайын қанығып, оның проблемаларын талқылауға қатысуыма Сайлаубек бірден бір ықпал етті деп ойлаймын.
Сайлаубектің сыншы болып әбден қалыптасқан кезі де, жұртқа кеңінен танылған тұсы да сол “Қазақ әдебиеті” газетінде жұмыс істеп жүрген жылдары деп білемін. Ол жылдар “Қазақ әдебиеті” газетінің сын жанрының өркендеуіне айрықша көңіл бөлген жылдар еді. Әрине, ең алдымен, басшыға байланысты ғой. Дәлірек айтсақ қай жерде редактор болса да , сол жердің бағын ашатын Шерағаңның іскерлігінің арқасы. Солай бола тұра, сол газет бетінде қазақ сынының беделі мен мерейін көтеруде бел буып, білек сыбанып жұмыс істеген Сайлаубектің де еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Сол жылдары “Қазақ әдебиеті” газетінің бетінде, әсіресе, қазақ сынының маңдайы жарқырап ашылуына Сайлаубектің де еңбегі зор деп білемін.
Жаныңды түсінетін, не нәрсені де айтқызбай ақ қасы қабағыңнан ұғатын жақын доспен бірге жұмыс істеген қандай жақсы! Жұмыста не болмайды. Бірде күн шыққандай қуансаң, енді бірде бұлт басқандай ренжисің. Ондайда жақын досың реніщіңмен де қуанышыңмен де бөлісіп отырады. Бір біріңді жебейсің, бір біріңе демеу боласың. Несін айтасың біз бұрынғыдан да жақындаса түстік.
Бәріміз жақсы білеміз, 2ОО2 жылы Қазақстан жазушыларының кезекті құрылтайы болды. Жазушылар одағының хатшылығына біраз жұрт қолдау көрсетеміз дегеннен кейін, мен де кандидатурамды ұсындым. Өтпей қалдым. Несін жасырам, құлап қалған оңай ма, күйреп, күйзеліп кетпесем де, жанымның жабырқап қалғаны рас. Сегіз ай, сегіз күн үйде жаттым. Жұмыссыз ұзақ жатып қалдың ғой дегендерге, Құлағанда да қатты құлаған екенмін, жамбасымды әлі ала алаалмай жатырмын деп әзілдейтінмін. Кейіннен “Ақиқат” журналына бас редактор болып тағайындалдым. Көп ұзамай, неге екені белгісіз, Сайлаубек те Жазушылар Одағынан кетіп, “Қазақ әдебиетінде” жұмыс істеп жүрген. Бір күні ол Темке, бұрынғыдай емес, мына жер маған, жас келіп қалғаннан кейін бе, ауырлау болып жүр, егер, мүмкіндік болып жатса, сен жаққа ойыссам қайтеді деді. Көп ұзамай, күтпеген жерде бір орынның да орайы келе қалғаны. Әрине, бұл әңгіменің бәрін тәптіштеп айтып отырған себебім, негізгі айтылар сөзім жұртқа неғұрлым түсінікті болсын деген ниеттен туып отыр.
Менің туған күніме, жыл сайын, бала шағамнан басқа, тек Сайлаубек пен Зибагүл ғана келетін. Алматыға көшіп келгелі олардың келмей қалған күні болған емес. Сол дәстүрмен екеуі әдеттегідей гүлдерін құшақтап келе қалды. Дастарқан басына жайғастық. Өткен кеткенді айтып әңгіме дүкен құрдық. Несін жасырам, ащы судан да алып қойып отырмыз. Бой қызды, ой кеңіді, тіл шешілді. Бір кезде неге екенін білмеймін, төтесінен Сен осы өткен сайлауда кімге дауыс бердің, маған ба, Нұрланға ма? дегенім. Сайлаубек ешқандай мүдірместен: Нұрланға дауыс бердім деді. Сайлаубек өзін де, өзгені де алдау дегенді білмейтін. Досты алдау, қанша ауыр болса да ол үшін күнә болып саналатын. Әрине, шындығын айтты. Мен ренжіп қалдым. Пендешілікпен артықтау сөздер де айтып жіберген болуым керек. Ол сөздерім Сайлаубектің көңіліне тиді ме, тимеді ме білмеймін, өйткені, ол ештеңе дей қойған жоқ, тек Зибагүлдің қабағын шытып отырып қалғаны есімде.
Ертеңіне екеуміз де жұмысқа бардық, бірақ арамызда түк болмағандай, кешегі әңгімені қайта қозғап бықсытқан жоқпыз. Біраз уақыт өткеннен кейін, тілімнің тағы да қыши қойғаны бар емес пе: Сайлаубек, байқаймын, осы Нұрлан екеуіңнің араларың салқын тартып қалғандай. Не боп қалып еді? дедім. Ол: Ештеңе де болған жоқ. Оның тек мені маған емес, сізге дауыс берді деп, іштей өкпелеп, күдіктеніп жүруі мүмкін. Ал мен кімге дауыс бергенімді өткен жолы өзіңізге айтқам. Құдайды да, өзімді де, өзгені де алдай алмаймын ғой. Шыным сол. Басқаша, Нұрланмен сөзге келген емеспіз деді.
Мен бұл әңгімені бүге шігесіне дейін қалдырмай айтып отырған себебім, Нұрлан мен туралы не десе о десін, о дүниелік болып кеткен адамның соңынан пендешілік жасап, ғайбат сөз айтпасын деп айтып отырмын...
Сайлаубек, әдетте сырт көзге салдыр салақтау болып көрінгенмен, жұмысқа келгенде, аса мұқият еді. Бір ісінен де шашау таппайтынсың. Бәрі орын орнында хатталып, қатарласып тұра қалатын. Мен оның бірде бір рет қойын қалтасына телефон блокнот салып жүргенін көрген емеспін. Жады өте берік еді. Бейне бір анықтама бюросы сияқты еді. Қаншама автобустардың нөмірі мен маршруттарын сұрасам болды, жатқа айтатын. Бұдан үш төрт жыл бұрын, бірер рет қана телефон шалған адамның телефон нөмірін ойланбастан айтып беретін. Шетелдің болсын, өзіміздің болсын, жазушылар шығармашылығындағы өзіне ұнаған абзацтарды түйдек түйдегімен соғатын. Бірақ ол қабілетін көрсетіп, білгішсініп көзге түсе бермейін дейтін болуы керек, кез келген жерге киліктіре бермейтін. Орайы мен оңтайы келгенде ғана айтатын.
Бұл жерде тағы да айтпауға болмайтын нәрсе, Сайлаубектің кітапханасы дер едім. Сайлаубектің кітапханасы мен білетін кітапханалардың ішіндегі бай кітапханалардың бірі. Тағы да бір текті емес, әр текті: музыка, өнер, филасофия, архитектура, тарих, әдебиет боса болмасын, әйтеуір бәрі қамтылған. Сайлаубектің дүниетануының кеңдігі содан болса керек. Ол ғұмыр бойы кітап жинап өтті.
Кітапханасын кез келген адамға көрсетпек түгілі, табалдырығынан аттатпайтын. Тіпті, балаларының өзіне рұхсатты сирек беретін. Ал, бірақ маған келгенде кең жайлау еді. Маңғыстаудан келген сайын, кітапханасында жататынмын. Көңілі жақын біреулер керек кітабын таба алмай, ақырында Сайлаубекке кеп Сенде ол кітап бар ғой, шамалы уақытқа бере тұршы, қарап шыққан бойда кері қайтарып берем, деп қиылып сұрап қоймаса, кітапты берсе де, қолхат жаздырып алып қана беретін. Бірде оның осы мінезін айтып күліп отырғанбыз. Ойбай, Темке ау, несіне күлесіз, ондай қолхатты сіз де жазғансыз дегені. Қой, Сайлаубек, мен сенен ешқандай кітап алған емеспін дедім. Бұдан жиырма бес жыл бұрын француз ақыны Аполлинерді алғансыз, қолхатыңыз үйде тұр, сенбесеңіз ертең әкеп көрсетейін деді. Ертеңіне әбден сарғайып кеткен бір қағазды әкеп тұр. Міне қолхатыңыз. Бүктеуін жазып ашып қарасам, шынында да, менің қолхатым. Түу, саған дауа жоқ екен дедім..
Сайлаубек туралы айта берсем, сөз көп. Құбылып түрған бұл өмірде қуансам да, ренжісем де алдымен көз алдыма Сайлаубек келеді. Ондайда сырлас та мұңдас досымды аңсап, жападан жалғыз қалғандай боп, іштей мүжіліп, іштей егіліп, үн- түнсіз отырып қалам. Қимас асыл досым ай, орның бөлек екен ғой...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі