Туған жердің қар, мұзы,
Аязыңмен жуындыр.
Туған жердің бал қызы,
Бұрымыңмен буындыр.
Туған жердің бұлағы,
Толқыныңмен ат мені.
Туған жердің жыланы,
Шырылдатып шақ мені.
Туған жердің шеңгелі,
Тырна аямай бетімді.
Туған жердің ермені,
Аузыма құй өтімді.
Туған жердің доңызы,
Қан жоса қып жарып кет.
Туған жердің қоңызы,
Домалатып алып кет.
Туған жердің қасқыры,
Кемір, ақын сүйегін.
Туған жердің тас, құмы,
Сені осылай сүйемін, —
дейді арқалы ақын Жәркен Бөдешұлы. Бұл өлең, сөз жоқ, ақылы кем аусар, немесе “тіпәй, кәпір” дегізетін әумесер болмаса, елім деп еміреніп, жерім деп тебірене алатын кім-кімнің де алпыс екі тамырын тарпаңның қыл құйрығынан ескен шылбырдай шиыршық аттырып, шыңнан құлаған тау суындай бұлқан-талқан еткізіп жібере алатын өлең. Бұл өлең — жаныңның мүлгіп кеткен алыс бір түкпірінде астаң-кестең дауыл тұрғызып, санаңның қалғып кеткен қиян бір қатпарында алай-дүлей бұрқақ соқтырып, жүрегіңнің ең бір сезімтал, ең бір сергек алқабында алапат сілкініс тудыратын өлең. Мұндай өлең, әдетте ыстық ықылас, ынтық көңіл, аста төк аңсар сезіммен бірге, туған жерге деген ұлы махаббаттан туады. Ұлы махаббаттан! Мен осы өлеңнен Махамбеттің “Ау, қызғыш құс, қызғыш құс, ел қорыған мен едім, мен де айрылдым елімнен, көл қорыған сен едің, сен де айрылдың көліңнен, Аспанда ұшқан қызғыш құс, сені көлден айырған, лашын құстың тепкіні, мені елден айырған, хан Жәңгірдің екпіні” деп қайтара соғып, қайырыла сөйлейтін, ғасырлар астынан естілетін “Қызғыш құсының” қанатының суылын; Мағжанның “Сағымы сайран құрады, бораны ұлып тұрады, Қыс — ақ кебін, Жаз — сары. Орманы жоқ, шуы жоқ,Тауы да жоқ, суы жоқ, Мәңгі өлік сахарасы. Сарыарқа деген жерім бар, неге екенін білмеймін — Сол Арқамды сүйемін” деп туған жері үшін ет-жүрегі елжіреп, сүйегі үгітіліп тұрған “Сүйемін” өлеңінің оттай ыстық лебі мен демін, Төлеген Айбергеновтің “Аруана жаудың қолына түссе ботасын шайнап өлтіріп. Қаралы мойнын қайтадан артқа бұрмастай халге келтіріп, жеріне тартып отырады екен, моншақтап жасы боздаумен, омырауын жасқа толтырып” деген әрі қайсар, әрі қасіретті жолдарындағы ерек екпінді ағысты сезгендей боласың. Өйткені бұл өлең — оқыған сайын өзегіңде лапылдаған өрт тудырып, жан-жүрегіңнің астаң-кестеңін шығаратын жоғарыда келтірген даңқты өлеңдермен тағдырлас, тамырлас өлең. Түк те асырып айтып отырған жоқпыз. Дәл солай! Тағдыр талайымы таңқы, түсінігі тайыз біреулер миығынан мырс етіп Жәркеннің өлеңін ұлы тұлғалардың атақты өлеңдерімен тағдырлас, тамырлас деуі қалай болар екен деп күмән-күдікпен қарап, шәк келтіруі әбден мүмкін. Ондай жандарға Жәркеннің өлеңін тағы бір оқыңыз, қайта-қайта оқыңыз дер едік. Оның үстіне Жәркен бір өлеңінде “Мен ақын емспін, Тағдырым — ақын” дейді. Яғни, мұндай өлеңді жазу үшін Жәркеннің басынан өткен тағдыр сенің де басыңнан өтуі керек. Ең алдымен, бұл өлеңді Тағдыр туындысы деп қараған жөн. Тар жол тайғақ кешулі, тауқыметті ол Тағдырға сәлден кейін тағы да бір оралып соға жатармыз... Сондықтан ақынның туған жерге деген сағынышы мен сүйіспеншілігігін әлі де аша түсетін бірер жырларын одан әрі оқып көрейікші.
Туған жерден кеткелі
Сағынышым көп менің.
Айға қарап ұлыған
Мен бір жалғыз көкбөрі.
Айға қарап ұлысам —
Ай сарғайып батады.
Күнге қарап ұлысам —
Күн сарғайып батады.
Таңға қарап ұлысам —
Таң сарғайып атады.
Тауға қарап ұлысам —
Тас сарғайып қалады.
Суға қарап ұлысам —
Су сарғайып ағады.
Сарғайтпайтын заман жоқ,
Адам аз да, арам көп,
Ұрлығы көп заманда
Ұлымасқа амал жоқ.
Жаны да, жүрегі де, жыры да, сыры да, мұңы да — бүкіл ішкі дүние, болмыс-бітімі түгелімен туған жерге деген сағыныштан күзгі жапырақтай боп сарғайып , шемен боп қатқан шерін ақтарып, көбесі сөгілмей көк мұз боп қатып қалған қасіретін еріту үшін алып кеңістікке шығып қасқыр боп ұлыған ақын көзіне мына дүниенің бәрі сарғайып көрінеді. Ақын сағынышынан ай да сарғайып кеткен, күн де сарғайып кеткен, тау мен тас та... сарғайып кеткен.
Бейне бір ақын бойын кернеп бара жатқан сағыныштың сары жалқыны ақтарыла төгіліп бәрін де сарғайтып жібергендей. Сағыныштың сол бір сары жалқынды жалыны барша дүниені шарпи жалап күйдіріп бара жатқандай. Онсыз да осылай күйдіріп, өртеп бара жатқан сағынышы қыспаққа түсіп, қысастық көрген кезінде, айналаңды ұрлық пен қорлық, зорлық пен зомбылық торлап алған сәтте бұрынғыдан да күшейіп, бұрынғыдан да артып, ақырында дертке айналып кетері сөзсіз ғой. Мұндайда айтылар сөз де жетпей, ақын байғұс қасқыр боп ұлымай қайтсін. Ондай сәтте ол:
Бірде сөзім — шырын бал,
Бірде сөзім — қан жылым.
Көп қарадым қабаққа,
Аз қосылдым санатқа.
Бір көзімнен сор ағар,
Бір көзімнен қан ақса.
Тұла бойым сыз, қайғы,
Салқын жүрек қызбайды.
Бір бүйірім жылыса,
Бір бүйірім мұздайды.
Бұл жапа шеккен жанның шырылы ғана емес, жат жұрттың иелігіндегі алыста қалған туған жерін аңсаған әрі қапалы, әрі налалы жүректің ұлуы! Былай жүрсең шөңге, былай жүрсең шоқ басып, бірде отқа кіріп, бірде суға түсіп аласапыран күй кешкен ақын жаны соншама неге дегбірсіз?! Неге, ең болмаса, бір мезет, бір сәт байыз тауып дамыл етпейді. Неге? Сол кезде саған ол:
Ана жақта Анам бар,
Мына жақта балам бар.
Мен Анама алаңдап,
Анам маған алаңдар, —
деп өзегін өртеп, кеудесін керіп бара жатқан күйініш-күйзелісін ақтарып салады. Ақын тағдыры лапылдап жанып жатқан екі оттың ортасында қалған.
Енді міне мақаламыздың бас жағында айтқан ақынның тауқыметті тағдырынан аз-маз хабар бермек болған уәдеміздің үдесінен шығатын сәт те келген сияқты.
Жәркен Бөдешұлы өзінің ең ыстық, ең аялы, ең қимас туған жерін тастап 1969 жылдың сәуір айында Жоңғар Алатауының “арқар аспас қиын асуын” асып, Атажұртты бетке алып арғы беттен бергі бетке қашып шыққан ғой. Ат құлағы көрінбейтін ақ түтек боранға тап болған олардың көрген азабы адам айтқысыз. Бірде қалың қарға қамалып, бірде аш бөрілердің талауына түсе жаздап, әбден арып-ашып, итсілікпелері шығып жүріп, әйтеуір, шекараға ілігеді-ау. Бірақ олардың шекарадан өткеннен соң да көрген құқайлары аз болмайды. Жәркеннің өзін сөйлетіп көрейікші: “Шекарадан өтпей жатып-ақ тергеушім сол кездегі Совет өкіметінің басшының атына қаратып осы елден баспана сұрап өтініш жазып беруді талап етті.Мен қуана-қуана өтініш жаздым. Қара сөзбен емес, өлең сөзбен жаздым, есімде қалғаны мынау:
Кері қайтара көрмеңіз!
Кері қайтара көрмеңіз!
Тілегім осы сіздей көсемге
Өлсем өлейін осы елде.
Өлейін түрмеңде,
Өлейін көшеңде.
Өлейін атажұртым — Қазақстанда.
Өлейін,
Өлмесем осы топыраққа
Дән болып өнейін.
Бұл тілегімді қабыл етсеңіз,
Патша ағзам,
Не айтсаңыз да көнейін!
Не айтсаңыз да көнейін!
Арада үш күн өткен соң мұрты қияқтай бір қазақ офицер қасыма келіп отырып әлгі өлеңді жолма-жол орысшалады. Бұл менің бөтен тілге тұңғыш аударылуым еді” дейді.
Өлейін түрмеңде,
Өлейін көшеңде!
Атажұрт үшін өзін құрбандыққа шалып, басын азап пен тозаққа салуға бар не деген жанкешті жан айқайы бұл! Апыр-ай, атажұрт дегеніңіз “жыланының шырылдатып шаққанына” да құмбыл болып, тіпті содан рахат табуға да дайын туған жерден де қастерлі, туған жерден де қасиетті екен ғой. Өйткені ол тарихтың қатпар-қатпарларынан тамыр тартып сені қоректендіріп, бойыңа қуат, ойыңа суат беріп тұрған асыл діңгегің ғой. Мұндай халді тек өз басынан өткізген тағдырлы жан ғана сезіне алса керек. Бәлкім, біз айта беретін патриотизіміңіз де, біз қайталай беретін ұлттық рухыңыз да осындай қуатты сезімдерден бастау алғанда ғана қайырлы болатын шығар-ау.
Атажұрт үшін туған жердің бауыры сая, сауыры салқын, бір жағы жақпар-жақпар жартасты биік, бір жағы ұлы кеңістікпен ұласып жатқан құнары асыл туған жерін де, құшағы ыстық туған елін де, алақанына сап аялап өсірген әкесі мен шешесін де, іні-қарандастарын да қиып кеткен ақын жанында күн сайын, сәт сайын жүріп жататын арпалыс — жауыңа да тілемейтін алапат арпалыс болса керек...
... Міне, ақын жиырма екі жылдан кейін балаларын ертіп туған жердің қасиетті топырағын басты. Әке-шеше баяғыда о дүниелік болған. Іні-қарындастарының да бірі болса бірі жоқ. Өмірден өткен ең жақын, ең асыл жақын-жуықтарына бір уыс топырақ сала алмаған ақынның жан-жүрегін өкініштің күйігі өртеп, көкірегін күйзелістің отты жасыны қақ айырып тұр...
Өкініштен өзегі өрт-жалын боп тұрса да, әйтеуір тәңір жарылқап туған жеріне оралды ғой. Тәуба! Шүкір! Туған жердің майда самалы желпіп, ыстық күні аймалап, топырағы майдай жағып ақынның қамыққан шерлі көңілін елжіретіп, тоң болып торыққан жанын ерітіп жібергендей болды. Аз күнде-ақ көңіл көтерілді, жан жадырады. Ең бастысы , туған жердің дидар келбетіне қарап өзінің алыста қалған балалық шағымен қауышты. Балдай тәтті балалық шағымен қауышқан жазған ақында не ес қалсын?! Бірде құстай ұшып, бірде құйындай жүйткіп тартты да жөнелді!
Қараған, бұтаның түбінен,
Ұйқысы қанып түнімен
Ойнап шыққан қояндай
Орғып-орғып жүгірем.
Орғыған сайын алқындым.
Алқынған сайын шарқ ұрдым.
Соңымнан қалмай жүгірген
Тасбұлақ,
Өзен,
Самалды
Болдыртып артқа қалдырдым.
Ойдан қырға орғыдым.
Қырдан нуға орғыдым.
Нудан суға орғыдым.
Табанға қатты батса да
Орғыдым таудан тасқа да...
Қаншама жылдардан кейін туған жерімен табысып, оның мамықтай жұмсақ құшағына күмп беріп, ауасын құшырлана жұтып, суын мейірлене ішкен ақын жаны бәрі бір алаң, бәрі бір мазасыз. Жанының бір жағы Атажұрт, бір жағы Туған жер. Содан да ол “Құдайым шырылдаттың аямай-ақ, екі оттың ортасына тастадың да”, — деп налиды. Бұл ақынның мәңгілік тағдыры. Өйткені ол тіпті ертеректе-ақ “шекара жүрегімді бөлді екіге, анамның құрсағында жатқан шақта-ақ” деген болатын. Күрделі тағдыр! Содан ба екен, Жәркен ақын кілең екі айырылып, қақ бөлініп сөйлеумен келеді.
Тауға шықсам — ұлармын, шөлге түссем — құланмын.
Ұлар құсап тау жайлап, құлан құсап мойнымды
Тарғыл құмға бұрармын.
Екі жарылу, екі бөліну. Бір теріскейге, бір түстікке қарап, бір шығысқа, бір батысқа қарап екі дай күн кешкен ақынның ішкі әлемі алай-дүлей. Түп тамырын іздеп келген ақынның кіндік қаны тамған туған мекенді қия қоюы да қиын. Сана-сезімі, ақыл-есі, қай кезде де жол айрығында тұрғандай қақ айырылады да тұрады. Ақын туған жерінен қай бір жетіскеннен ауды дейсің?! Ол жердің түптің-түбінде айдаһар құлқынды алып елге жұтылып кете ме деген қауіп оған амалсыз ата тек, атажұртты іздетті ғой.
Туған жерім Жайыр тау,
Екі өркешті айыр тау.
Айыр таудан сұм тағдыр
Тірідей мені айырды-ау,
Тірідей мені айырды-ау!, —
деп күйзеле тұра, ол туған жердің күні ертең-ақ жат ел, жат жұрт боп кетерін бүкіл болмыс-бітімімен, бүкіл тамыр-талшығымен сезіне білді.
Ақырында
Жоңғария ойпатынан — өлі құм,
Сарыарқаға дейін жортқан бөрімін.
Төртқұбылалы тұрған темір құрсауда
Анау Шығыс Түркістанда тусам да
Ата жұртқа жетті менің өмірім... —
деп іштегі шемен боп қатқан шерін алғаусыз ақтарып өксігі мен солығын басады.
Шындығын айту керек, елім, жұртым деп өліп-өшіп келген ақынды Атажұрт емешегі үзіле еміреніп, құшағын құшырлана ашып қарсы ала қойған жоқ. Талай-талай топсасы берік емен есіктерді күзеттіріп, талай-талай қатал босағаларға телміртіп қойды. Қойын бақтырып, қотанын күзеттірді. Сандалтты. Сергелдеңге салды. Ол бәріне төзіп бақты. Өйткені ақын мақаламыздың бас жағында айтып өткендей атажұрттың “түрмесінде өлуге” де, “көшесінде өлуге” де құмбыл болатын. Аңсап келген ағайыннан не естімеді дейсің?
Жалғанда жаман бар ма бөлінгеннен,
Бөлінген емес екен өлімнен кем.
“Жансыз” — деп
“Қос жүрек”, — деп,
“Ауған ел”, — деп
Естіген сөзім аз ба көрінгеннен, —
деп қамығып, торыққан сәттері аз болмапты. Бірақ ол бейәдеп, былапыт жандардың ондай-ондай оспадар сөздеріне налыса да, жасыған жоқ. Қайта шыңдалып, ширыға түсті. Шамырқанса да шарт сынған жоқ! Қайралып, қайраттанып кетті.
Ол бүгінде туған жердің тау-тасын, өзен-көлін, жайлауы мен құмын, аязы мен аптабын, қысы мен жазын, күзі мен көктемін, құсы мен аңын, гүлі мен тамшысына дейін қалдырмай, жұрегін қақтап сауғандай етіп жырлаудан бір танбай келеді.
Жәркен Бөдешұлы бүгінгі қазақ поэзиясындағы ең белсенді, ең белді, шоқтығы биік, орыны берік саусақпен санап аларлықтай санаттағы ақындарымыздың бірі.
Мен мақаламда Жәркеннің, айтқызбай-ақ, өздеріңіз байқап отырғандай, қырық қырының бір қырына ғана тоқталдым. Тағдырлы қырына!
Ол бірде:
Жер көгерді,
Мен қашан көгеремін,
Көгермей ішімде өлді көп өлеңім.
Қарақұмның семіртіп сексеуілін,
Қара нөсер жаудырсам деген едім.
Сыңсыған нуға айналып төңірегім,
Гүлдерді тозаңдатып көбелегім,
Араларым мұртына май жалатып,
Масаларым мертіксе қанға батып,
Ойлағаным болса осы не дер едім?!
Ауырмай, сырқамай-ақ өлер едім, —
деп бәріміздің көкейімізде жүрген тілегімізді алғаусыз ақтарып-ақ салған екен. Тілегі қабыл болғай!
Жәркеннің бір өлеңінде “жұлдызымнан жаңылған жоқпын” деген жолдар бар. Шынында да ол жұлдызынан жаңылмаған ақын!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі