Менің ойымша, есімі қалың жұртшылыққа кеңінен танымал Қуандық Түменбай қазіргі қазақ жазушыларының ішіндегі ең өнімді жазушы. Ол тіпті қолындағы қаламы бірде-бір суалып, алдындағы қағаздары бірде бір құрғап көрмеген менің қадірлі құрдастарым,үлкен талант иелері Тынымбай Нұрмағамбетов пен Мархабат Байғұтовтан да өнімді. Қаптап шығып жатқан газет-журналдардың беттерінен бір түспейді. Яғни ол өнімді ғана емес, өтімді де.
Әрине, көп жазу үшін көп жазуға болмайды. Олай етті ме, онда ол жазушы көпірме көбік сөздер мен дәні жоқ кебек сөздерге ұрынар еді. Бірақ әркімнің талант табиғаты әрқилы ғой. Бір жазушылар бар оқырманын ұзақ күттіріп, аңсатып барып анда-санда бір көрінеді. Тағы да қалай көрінеді дейсің?! Қаталаған аңқаңды басып, мейіріңді қандырып, тіліңді жұтып қоярдай тамсантып көрінеді. Дей тұрғанмен, сараң жазушының бәрі сарабдал жазушы емес қой. Ұзақ жылдар бойы өзін өзі қазыққа байлап сарсылып жұмыс істеген кей жазушының шығармасын оқып отырып, ішінен іліп аларлық ештеңе таба алмай, босқа сарп болған уақытты аяп қапа боласың.
Сондықтан біреуді көп жазады деп күстәнәлауға да, енді біреуді сараң жазады деп әспеттеуге де болмайды. Өйткені көп жазады, сараң жазады деген ұғымдардың бәрі — шартты ұғымдар.
Мәселен, жұрттың бәрі біледі, Төлен Әбдіков сараң жазушы. Оның пәленбай жыл бұрын жазылған шығармасынан кейін, келесі шығармасын күте-күте көзің талып, ішегің үзілердей болады. Әбден күдер үзе бастағанда жұрттың бәрін жалт қаратқан, құбылыс деуге лайықты тосын бір шығарманы ұсына қояды. Қазақ әдебиетінің алтын қорына баяғыда енген сүйекті-сүйекті бірқатар шығармалар берген, енді прозадан қол үзгендей боп, драматургия жанрына мүлдем ауысып алған Дулат Исабековті алыңыз. Жанр ауыстырып жаңа қырынан көріне бастады. Соның арқасында өз бидайына өзі қуырылып, бұйығы боп келген қазақ драматургиясы шетел сахналарына қайта-қайта шыға бастады.
Сондай-ақ бір шығармадан кейін бір шығарма беріп келген, енді үзақ күттіріп қойған Оразбек Сәрсенбаев, Марал Сқақбаев, Әнес Сараев, Софы Сматаев, Бексұлтан Нұржекеев, Қадірбек Сегізбаев, Қажығали Мұхамбетқалиев, Смағұл Елубаев және басқалар күні ертең-ақ құлжаның асығындай салмақты дүниелер бермесіне кім кепіл?
Мұның бәрін біз сол талант табиғатынан шығарып әдейі айтып отырмыз. Бұл ретте әлемдік әдебиеттен мысал іздеп тінтіп кетсек, мүлде шығандап ұзап кетер едік.
Ең басты байлам — шығарма қалай жазылған , автор не айтпақ болған, көркемдік болмыс-бітімі қай деңгейде, көтерген тақырыбын қалай меңгерген, қолданған әдісі мен тәсілі өзін-өзі ақтап тұр ма, өрісі қалай, өресі ше? Міне, осы, және басқа да көкейкесті сұрақтарға жауап бере алатын шығарма ғана — нағыз шығарма. Ол шұғыл түрде шапшаң жазылып бітті ме, жоқ әлде ұзақ жылдар бойы жазылды ма, онда жұрттың шаруасы жоқ. Сондықтан, мен өз басым, шапшаң жазатын адамдардың бәрінен дүмбілез дүниелер, бір қайнауы ішінде немесе иі қанбаған шығармалар шығады, ал сараң жазатын жазушылардың бәрі дерлік әр сөзін қадағалап бағып отырған керемет стилист, ғажап сұңғыла болады дегенге оншалықты ден қоя бермеймін. Сараң жазатын адамдардан да көп-көп кемшілік тұстар кетуі әбден мүмкін. Тіпті қайта-қайта қарап, қайта-қайта қағып-сілкетін кей шығарма табиғи болмысынан, қан-сөлінен айырылып қалуы әбден мүмкін...
Енді өзіміздің сөз еткелі отырған объектімізге қайта оралайық.
Ең алдымен айтарымыз, Қуандық Түменбай — бүгінгі қоғаммен қоян-қолтық араласып, бүгінгі уақыт тынысымен бірге дем алып, бүгінгі заман құбылыстарын зер сала зерттеп жүрген жазушы.
Мен бұл мақаламда оның қаламы мен қағазынан шыққан барлық дүниелеріне тоқталып жатпаймын. Ол мүмкін де емес. Олай етсем, мақаламыз қайыру бермейтін ұзақ әңгімеге ұласып кетер еді. Сондықтан мен оның, соңғы жылдары, яғни тәуелсіздік жылдары жазылған, өзімнің табиғатыма да, жаныма да жақын, ең бастысы, шығармашылықта алған бағыт-бағдары мен ұстанымын анық көрсетіп беретін екі-үш хикаятына ғана тоқталмақпын.
Қуандық Түменбайдың “Түрмедегі торғай” деп аталатын етек-жеңі дөңгеленген ып-ықшам хикаяты аярлық пен опасыздықтың, өтірік пен жаланың адалдықты қалай қорлап, имандылықты қалай аяқ асты еткенін қарастырған шынайы шығарма.
Оқиға ауруханада өрбиді. Нейрохирург Есенбай Қойбағарұлы ауру Барболсын Әйтшуовтың миындағы қатерлі ісікті соңғы рет компьютермен ақи-тақи тексеруден өткізіп болғаннан кейін, онымен бетпе-бет жеке отырып, күні ертең болатын операция алдында сәл де болса көңілі көтерілсін деп емен-жарқын әңгімелесіп, қысылтаяң мына заманда ауруханада, әдеттегідей, дәрінің қат боп тұрғанын, бірақ меңгерушіден қоярда қоймай жүріп екі құты дәріні сұрап алғанын, қалған екі құты дәріні өзінің сатып алуы керектігін, тағы да басқа дәрігерлік ескертпелерін айтып шығарып салады. Сонан кейін аса жауапты да қатерлі операция алдында дұрыстап демалу үшін, жақында ғана үйленген келіншегіне телефон соғып үйіне қайтады. Қаперінде басқа ештеңе жоқ.
Бірақ бұл дүниеде жақсылығыңнан да сұмдық бір жамандық іздеп, адал ниетіңнен де бәлелік пен арамдық көретін, айнала тіршіліктің бәріне күмәнмен қарап, күдікпен үңілетін жаны күйкі адамдар бар ғой. Әйтшуов те дәл сондай сұмпайы сілімтік боп шықты. Есенбай оның сондай жан екенін қайдан білсін.
Сонымен ертеңіне ол, әдеттегідей, жұмысына ертерек келіп, ақ желеңін енді ғана іле бергенде бөлмесіне өз-өзінен бүрісіп, мойнын ішіне тыққан сырқат Әйтшуов кіріп келсін. Екі сағаттан кейін басталатын операцияға ештеңеге көңіл бөлмей, асықпай өзін-өзі дайындаудың орнына бұл неғып жүр деп Есенбай ойланғанша, Әйтшуов “мен дәрі іздеп таба алмаймын. Ақысын берсем, бәлкім, өзіңіз тауып берерсіз” деп рецепт қағазы мен 500 теңгені үстел үстіне қойып, екі иығы қушиып, арқасы дөңкиіп есіктен шыға береді. Бәленің бәрі дәл осы жерден басталады. Милиция формасын киген екі жігіт кіріп келеді де «Қозғалмаңыз!” деп әй-шайға қаратпай, жаңа ғана салған қалтасындағы 500 теңгені суырып алады... Сонымен пара алды деген жаламен Есенбай Қойбағарұлы, қолы кісенге түсіп ұсталып кете барады...
Сөйтсе (кейіннен білді!) , екі сағаттан кейін басына операция жасалатын сырқат Әйтшуов мұны нағыз алаяқтың өзі деп ойлаған екен. Яғни оның ойынша , рецепт әйтеуір көз алдау үшін жазыла салған, қоймадағы бар, бұған тиісті екі құты дәріні өздері қымқырып қалып, кейіннен әжеттеріне жаратпақ. Осының алдын кесу үшін, ол айғақ ретінде 500 теңгені дәрігердің қолына салған.Міне, осы бір арам ойға әбден арбалған ол шұғыл түрде тиісті орынға хабарлаған ғой. Осы бір қаскөй ойдың торына әбден шырмалған ол басындағы қатерлі ісікке жасалынатын операцияны да тәрк еткен.
Сонымен нейрохирург Есенбай Қойбағарұлы ажалдан арашалап қалмақ болған өз клиентінің көрсетуімен түрмеге қамалды. Жазықсыз. Жаламен. Бірақ енді ол өзінің таза, адал екенін қалай дәлелдемек?! Жарайды, мұның бәрін аурухана меңгерушісі Анастасия Федоровна, одан қала берді ұжымдағы қызметтес әріптестері жақсы біледі, солар араша тіседі-ақ дейік. Бірақ оларға тексеруші сене қояр ма?! Ендігі арғы тіршілігі не болмақ? Құдай-ау, үйленгеніне де бір-ақ апта болған еді. Ол қосағының бетіне енді қалай қарамақ? Дос-жарандарына, таныс-білістеріне не демек? Әйтеуір жан-жағын анталап қамаған сұрақтар.
Бірақ жазушы өз кейіпкерін жанын жеген осы сұрақтарға біржола талатып, оны отқа да, суға салып абдырап асып-сасқан шыжбалаң күйгелектікке де, өзегін өртеген күйінішке де түсірмейді. Қанша қиналса да, оған сабырын серік еткізеді. Айнала тіршілікке байыппен, байсалмен қараудан айырмайды.
Тергеуші келіп жауаптасқанда да сол пайымды байып, сол парасатты байсал. Жауабы — нық, дәйегі– берік. Бірақ оған қарап жатқан, мәселенің түбіне үңілетін, сөз төркінін ұғайын деген тергеуші жоқ. Тап бір Есенбайда жеті атасының құны кеткендей, әп, бәлем, қолыма түстің бе дегендей, алақанын ысқылап құшырлана шүйлігеді. Ол үшін алдында отырған адам — адам емес, әйтеуір кеудесінде жаны бар сұлба! Адам өмірі, адам тағдыры деген ол үшін пішту. Оны қалай бүгем, қалай ием, қалай бұраймын десе де өз еркінде. Сондықтан да оның дауысы– өктем. Сондықтан да оның қимылы — озбыр. Сондықтан да айтқан сөзі жетіп, атқан оғы өтіп тұр. Сондықтан да ол Есенбайдың өзін де көзге ілмейді, сөзін құлаққа қыстырмайды. Ол үшін адамды жерден ап, жерге сап қорлаудан, алқымынан ап қысып, аяққа сап таптаудан өткен рахат пен ләззат жоқ. Ол үшін адамды құлдай кемсітіп, құрдай жорғалатып қойғаннан өткен мақсат-мүдде болмаса керек.
Мейлі, ол жоғары немесе төмен болсын, бәрі бір, біздегі билік табиғаты осындай. Ол үшін адамды жаншып-жәбірлеулен өткен ірілік жоқ. Оның алдында адам деп аталатын мақұлығыңыз қаншалықты тапталып қорланса, ол соншалықты тоғайып, соншалықты семіріп кетеді. Сол тергеуші ғана емес, бойы мен ойына өктемдік пен озбырлық, зорлық пен зомбылық кіргізіп алғандардың бәрі осындай.
Бойы мен ойына өктемдік пен озбырлық, зорлық пен зомбылық енгізіп алғандардың бәрі адамға үстемдік етсем деп ойлайды. Ондайлардың қай-қайсысы да жаншып жібергісі, таптап тастағысы келіп тұрады. Сенбесеңіз, дәл қазір айнала жайлаған тіршілікке бір сәтке көз салыңызшы. Сол мораль, сол психология. Қорланасың, мүсәпір күй кешесің. Қарап тұрып құйқаң шымырлайды, жаның түршігеді.
Нейрохирург Есенбай Қойбағарұлын тергеу астына алған тергеуші де осындай өктемдік дертіне шалдыққан жан. Ол Есенбайды қалаған уақытында шақырып алады да дәлел-дәйектен де, логикадан да жұрдай “тисе терекке, тимесе бұтаққа” саятын әйтеуір бір далбаса сұрақтар қояды да, жауабына құлақ та салмастан камерасына қайтарып жібереді. Оған қарсы тұруға Есенбай дәрменсіз. Онда енді екі көзін төбеге қадап келесі сұрақ-жауапты сарсылып күтуден басқа амал жоқ...
Тек жанына демеу болатыны... ұшып шығып, ұшып кеп терезенің маңдайшасына ұя сап жатқан құйтақандай торғай. Ол байғұс түрмені түрме деп ұқпайды. Ол үшін бұл жер ұя салатын, жұмыртқа төгетін, оны шайқап басып балапан өргізетін құтты мекен. Әне, қарашы, ол тағы да ұшып кеп тұмсығындағы бір шымшым балшықты ұясына қалап қойды... Тіршілік. Түрмедегі тіршілік. Осы бір құйтақандай тіршілік иесі оның көз алданышы. Көз алданышы ғана емес, үміті. Ол үміт барда Есенбай, қанша қиналса да, беті қайтып жасып, жүзі қайтып мұқалмақ емес. Апыр-ай, адам жаны неткен нәзік, неткен сезімтал. Кейде үзіліп кетердей боп дірілдеген тіндей нәзіктіктен де алапат қуат алып, басына төнген таудай пәледен де тайсалмай өжеттеніп, өршеленіп кетеді. Есенбай да түрмеге ұя салып жатқан сол бір торғайға қарап жатып тап осындай гәпті басынан кешірді. Пыр етіп ұшып кеп, пыр етіп ұшып кететін сол бір торғайдан жан дауасын тапты...
Есенбай, тіпті, қазақ тергеушінің алдында қазақша сөйлей алмай қор болады. Өзінің азаматтық құқын пайдалана алмай жапа шегеді. Өйткені о баста құрылған жүйе солай. Ол жүйенің өрмекші торы солай тоқылған. Ол торды қақ айырып бұзып шығардай шырпыдай да қауқары жоқ Есенбай дегенің кім болыпты?! Кімнің шікірасы! Қарсылассаң, сол тордың сілекей тіндеріне шырматылған шыбындай боп арбаң-арбаң еткен өрмекшілерге жем боп кетесің. Есенбай осыны ұқты. Оларға қанша түсіндіргісі келсе де, түсіндіре алмай әбден пүшайман болды.
Солай бола тұра, айдан астам уақыт түрмеде жатқан Есенбай қаншама жан қиналысы мен сана сарсаңына түссе де өзінің кісілік келбетін, адамдық кейпін жоғалтпады. Келесі бір тергеуде отырғанда тергеушіден өзіне опасыздық, тіпті зұлымдық жасаған Әйтшуовтың басындағы ісікке операция жасалды ма, жасалған жоқ па деп сұрайды. Жаны ашып сұрайды. Сөз жоқ, бұл Есенбайдың кісілік ірілігі. Имандылық ірілігі. Тағы бір мысал. Екі күндік демалыс күндерінде түрмедегі бір сырқатқа шұғыл түрде операция жасау керек болады да қапелімде хирург табылмай, түрме қызметкерлері Есенбайға қолқа салады. Есенбай ешқандай бұлданып жатпастан шын ықылас-ниетімен, бар ынты-шынтысымен операцияны сәтті аяқтап шығады. Бұл детальдар Есенбайдың кісілік келбетін бұрынғыдан да ажарландырып жіберген...
Ақыры Есенбай Қойбағарұлы ақталып шықты. Өйткені тағылған айыптың бәрі дәлелсіз, дәйексіз еді. Өйткені айғақтың бәрі Есенбай жағында болатын. Жазушының сот залынан далаға атып шыққан Есенбай “аулада қып-қызыл боп ұйыса өскен раушан гүліне қарай атылып барып, иіле ұзақ иіскеп, бір сәт бір уыс шөпті жұлып ап, аузына сап ашырқанбастан шайнай бастады” дегеніне де еріксіз сенесің. Бұл көріністе тек еркін өмір мен бостан тіршілікті аңсағандық қана емес, сонымен бірге өзегін оттай өртеп, ішін жалап бара жатқан күйіктің зәрдей ащы уытын қайтару да жатса керек.
Хикаят сәтті жолдармен аяқталыпты. Сондықтан біз де бұл хикаят туралы қорытынды әңгімемізді сол сөйлемдермен аяқтағанды жөн көрдік. “Жылт еткен қиялы енді торлы терезенің ар жағында ұя басып қалған торғайды ойлады... Түрме бұзыла қалса, біздің үйдің терезесінің маңдайшасына келіп қонақтайсың” деді әлі де өзіне өзі келе алмай күбірлеп тұрып, түрмені қалқа ғып алған тар жердегі серігін есіне ап. Сол сәт көкірегінен бір қараторғай пыр етіп ұшқандай жан дүниесі тосын дір етіп, өзіне бақырая қараған бір топ адамға қарай құшағын аша жүгірді.”
Қуандық Түменбайұлының келесі “Қой мен қойшы” хикаяты да сол бір дүниенің асты үстіне шығып, үсті астына түсіп кеткендей астаң-кестең уақыттағы асығыс-үсігістіктен парасат-пайымы мен сабырынан айырылып қалған тоқсаныншы жылдардың аласапыран кезеңіндегі ауыл адамының, дәлірек айтсақ қарапайым ғана қойшының иығына түскен ауыртпалыққа арналыпты. Аспан ашық, ай жарықта, бұрылып қарауға шама келтірмейтіндей қас пен көздің арасында, алдындағы бір отар қойдан айырылып қалса, оны ауыртпалық демей не дерсің?
Ия, бір күннің ішінде папка құшақтаған бір топ басшылар көктен түскендей сау ете түсті де, жердің құты, елдің ырысы дерліктей бір отар қойды айырбас деп, бартер деп Құмкөл жаққа айдайтын боп шешті... Сонымен не керек, қойшы байғұс қу таяғын қолына ұстап, бұтағы қырқылып, тамыры қиылған қу ағаштай айдалада, жападан жалғыз сопайып қала берді...
... Енді, міне, оның жол-жөнекей бір жерден, іштегі қыжыл мен ызаны басу үшін, ақ арақты қырлы стақанмен тартып-тартып жіберіп атымен үйіне келе жатқан беті. “Маңырап қалды-ау, маңырап қалды-ау момын мал. Құлағына өзі айшылық жерден танитын қара қойдың даусы естілді. Қошақан боп көзін ашқалы алдына сап айдаған малы еді, енді мүйізі шығып, құйрық байлағанда өзгелерге өз қолымен етке бергені өзегін өртеп барады... Артына бұрылып бір қарады. Дәл бір мүйізді қара тоқты ілесіп келе жатқандай елестеді... Қойшы артына тағы бір қарады. Сол тұқыл мүйізді, жүні тықыр қырқылып, құйрығы салақтаған қара тоқты елес боп артынан еріп келеді.” Ел аман, жұрт тынышта алдындағы қойынан айрылып қалған қойшының қазіргі халі осындай?! Құдай-ау, айырбасқа жанармай аламыз дейді. Онысын қайда құймақ? Ауылдағы қыбырлаған трактор мен машина біткеннің бәрі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеп пе еді...
Енді ол үшін санасы санға , ойы онға бөлініп сансыраған сергелдең тіршілік басталды. Аспан асты, жер үсті қанша кең болса да сияр емес. Жұмыр басын тау мен тасқа соқса да бұл тіршіліктен жанына керек боларлықтай тұтқа, көңілі көншірліктей байыз таба алмастан әрі жатып, бері жатып, Алматыдағы үлкен ұлына барып қайтпақ боп пойызға шықты. Салып ұрып станцияға келсе билет жоқ. Сөйтсе, жұрт біткен ешқандай билетсіз-ақ жолсеріктермен жең ұшынан жалғасып міне береді екен. Бетімен кеткен дүние...
Бұл да ілінді-ау. Ілінгені бар болсын, ол орналасқан жолсеріктердің өздері жататын шағын купеге қой жетектеген бір жігіт кіріп келсін. Мұның не десе, бизнес дейді. Бизнесінің түрін! Қойды тірілей сатса, өлі еттен гөрі әлдеқайда қымбатқа өтетін көрінеді... Сонымен ол қоймен бірге пойызда бір түнеп Алматысына да келіп жетті-ау. Баласы күтіп алды. Үйге келді. Немересін иіскеп мауқын басты. Келіні алдында бәйек боп құрақ ұшып жүр.
Бірақ бәрібір қойшының жаны жай табар емес. Мына дүние мұны бейне бір керексіз зат сияқты қоқысқа лақтырып тастағандай. Бәрі бөгде, бәрі жат. Енді оның Алматыда да байыз таппай еліне қайтқысы келді... Ертеректе бәйбішесін ертіп келген Алматысы бүгінде мүлде басқа боп кеткен. Сол келісінде үй жанындағы баққа шыққаны, жастар жағы алқа-қотан отырып ап ән шырқап, дабұр-дұбыр әңгіме соғып, кәуәп пісіріп, ал кемпірі алма ағашынан қып-қызыл апортты үзіп алып “мынау жұмақтың өзі ғой” деп тамсанатыны көзден бұлбұл ұшқан. Бақ та, жасыл желек те жоқ. Олардың орнын сопайған-сопайған сұп-сұр үйлер басыпты.
Түбірімен отап тастау. Жаншып-таптау. Талан-тараж. Қай жаққа қараса да көретіні осы. Адам деген неткен тойымсыз. Неткен қанағатсыз. Араны ашылған үстіне ашылып, құныққан үстіне құнығып, жолындағысының бәрін бұрап сындырып, бұралақтап асап, құныға қылқытып, жалмап жұтып барады. Елді де, жерді де ойлап жатқан бірі жоқ. Ойлайтындары– бос қауғадай қаңғырлаған қарақан бастары. Міне, қарашы, күні кеше ғана, сол атаукересін ішкірлер, ауыл-аймақты тұттай жалаңаштап шешіндіріп алып еді, енді, міне, бір кездегі кең қолтық қаланы да абақтыдан бес бетер етіп қуықтай тарылтып қамап тастапты...
Баласы қоймаған соң өтіп жатқан айтысқа барып, көкірегін жегі құрттай кеміріп жатқан шері мен мұңын ақтарып салған ақынға риза боп қайтқандай болса да көңілі орнына түсіп көнши қоймады. Сергелдең өмір.
Қалаға келген ауыл адамының аңсары — базар. Ол енді мал көрмесе тұра алмайтын сіңісті әдетімен мал базарына тартсын. Барса, о, тоба, өз көзіне өзі сенсін бе, сенбесін бе, қарсы алдында пойыздағы купелес қойын ұстап өзімен бірге келген жігіт тұр. Қасында– қойын саудалаған бір әйел. Ақыры не керек, қойшы малды да, ең болмаса “бізде азық жоқ, сенде жазық жоқ” деп жөн-жоралғысымен бауыздауды да білмейтін орашалақ жандарға ызасы кеп өз өзінен әбден қапа болды. Қапа болды да, олар үшін емес, ғұмыр бойы өзіне серік болған, ешқандай кінәсі жоқ байғұс қойды, қолдарына жөндеп пышақ та ұстай алмайтын адамдарға қиналтпайын деп, қалған істің бәрін өзі тындырып, қойды өз қолымен бауыздап берді. Қойды өз қолымен бауыздап тұрып, қызығы да, шыжығы да көп болған өзінің бүкіл өмірін бауыздағандай болды. Сонымен күдері үзіліп, үміті қырқылғандай еді...
Қойшы базардан келген бойда шұғыл жиналып, ауылына қайтып кетті.
Қойшы бейнесі — сол бір ешқандай жүйесіз, ешқандай бағыт-бағдарсыз басталып, тіпті бағыт-бағдар болса да оның бәрі шикі, дүмбілез қалыпта жүргізіліп, ақырында сергелдең күйге түсіп қаңғып қалған мың-мыңдаған адамдардың жиынтық бейнесі. Әрине, ол сергелдең кезең өз-өзінен келе қойған жоқ. Тізеге басып, қолын қайырып, қабырғасын қаусатып, омыртқасын үзген әпербақан биліктің озбыр пәрменімен болды. Өйткені ол билік капитализм талаптарын желеу етіп, тіпті жалаулатып жүріп жаны ашымайтын, иманнан жұрдай, адамды бит құрлы да, ит құрлы да көрмейтін қатыгез қоғам орнатты. Ал оның зардабын қарапайым халық тартты. Жазушының бұл хикаятынан біздің ұққанымыз осы.
Біздің байқағанымыз, Қуандық Түменбай өз кейіпкерлерінің ішкі дүниесіндегі күйініш пен сүйінішті, нала мен өкінішті, қақтығыстар мен соқтығыстарды, күдік пен үмітті, сезім шарпылыстары мен ойлы толғаныстарды, ишаралы меңзеулер мен философиялық толғамдармен де, психологиялық сана ағымдармен де емес, құйылған қорғасындай салмақты детальдармен және шағын диалогтармен бергенді қалайды. Сол нақты детальдар мен шағын диалогтардан кейіпкердің бүкіл болмыс-бітімі, мінез-құлқы, пайым өресі мен парасат мөлшері анық көрінеді.
Сондай-ақ оның кейіпкерлері, қандай бір жағдайда да, отқа бір түсіп, суға екі түсіп, айқайға аттан қосып, бір анда жүгіріп, бір мұнда жүгіріп, өз өзінен өртеніп, күйініп шыжбалақтаудан да, жыртылған матадай дарылдап, от алған мотордай парылдап кететін даңғаза дарақылықтан да ада. Олардың бәрі дерлік өн бойында болып жатқан тартыс-талқысын, реніші мен күйзелісін, айналада өтіп жатқан ситуациялармен келісуі мен келіспеушілігін ішіне бүгіп ұстайтын, қандай ауыртпалық болса да қайыспай қарсы тұруға даяр, тіршіліктің ыстық-суығын көп көрген көңтерлі қарапайым жандар. Салиқалы сабыр иелері. Олар ешуқта да, “ойбай мына бір пәле келіп қалды” деп ала қанат сауысқандай шықылық қағып сұқақтап та, сұр жыландай басын қақшитып сумаңдап та кетпейді.
Оның “Депутат Аязби” хикаясындағы Аязби де осындай жан. Ол өзінің бүкіл ғұмырын — бақытын да, баянын да тек жерден іздеп, жерден тапқан адам. Агроном. Өмірі атыз бен арықтың, топырақ пен судың арасында өткен, осы уақытқа дейін табан ақы, маңдай терімен өз ырыздығын өзі теріп келеді. Анау бола қояйын, мынау бола қояйын деп бас қатырмапты. Мансап іздемепті. Лауазым қумапты.
Енді, міне, аяқ астынан астаң-кестең болды да, бүп-бүтін жерден бүлік басталып колхоз тарады. Әркім-әркімдер өздерінше ұжымдасып жеке-жеке отау тіге бастады. Біреулердің айтуымен Аязби де сол науқанның үйірілген иіріміне күмп берді.
Сол кезде алдындағы асқар таудай ағасы, айтқанын екі етпей орындататын Мылтықбай мұның қалыпты өмірін басқа арнаға салмақ боп киліксін. Ойы — Аязбиді депутат ету.
Аязби айықпас дерт — қояншық ауруымен ауырады. Ал ондай сырқаты бар адам депутаттыққа ұсынылмауға тиіс. Бірақ аудандық ішкі істер басқармасының бастығы, қолы ұзын Мылтықбай үшін ол мәселені шешу түк те емес. Денсаулығында ешқандай кінарат жоқ деген анықтаманы бір пәсте ала салады.
Сонымен не керек, өзінің де, шешесінің де қарсылығына қарамай, ел алдында еңбегімен де, кісілігімен де абыройлы, ешкімнің ала жібін аттамай адал өмір сүрген Аязби ағасы Мылтықбайдың пәрменімен депутаттық талас-тартысқа түсті де кетті. Қарсыласы — ақын. Ол да депутат болам деп ақ тер, көк тер боп жұр.
Бәсекенің аты — бәсеке. Бірақ Аязбидің ол ақыннан екі артықшылығы бар. Біріншіден, ол — осы жердің түлегі. Екіншіден, оның Мылтықбай ағасы бастаған сүйеушілері де, демеушілері де көп.
Алғашқыда, Аязби не үшін депутат болу керек екенін, басқа емес, мұны не үшін итермелей беретінін түсіне қоймайды. Ақырында, басынан бір шықпай алаңкөңіл қылған бұл сұрақты ағасына қойып тынады. Сөйтсе, осы әулеттен бір депутат шығу керек екен. Басқа дәлел де . дәйек те жоқ. Әрине, Аязбидің көп адамнан, оқып-тоқыған жағынан болсын, дүниетаным жағынан болсын шоқтығы әлдеқайда биік. Бірақ оның сол қасиеттерін дәлел етіп, соларды алға тартып отырған бір ағайынды көрмеді. Ел мен жер мүддесі үшін депутат болуың керек деген сөзді де естімеді. Мақсат біреу-ақ, ол — Мылтықбай мен соның айналасындағылардың “бізден де біреу шықсын” деген жалған намыс пен рушылдықтан туған бейшара ұстанымдарын тояттандыру. Аңғал Аязби сол бейшара ұстаным мен жалған намыстың құрбаны боп кеткенін қапелімде өзі де байқамай қалды. Енді бәрі де кеш. Ауыр маховик айналып кеткен. Енді оны тоқтатуға мінезі жұмсақ Аязбидің күш-қуаты да,дәрмені де жетпейді.
Ақыры сол ағайындарының күні-түні құлағын сарсылтып, біреулерінің аяқ-қолынан тартып сүйрелеуімен, енді біреулерінің ту сыртынан итермелеуімен, көңілі құлап тұрмаса да, Аязби депутат болып шыға келді. Осы процесс тұсында ол билікте отырғандардың өз мақсаттарына жету үшін ешқандай шімірікпестен тізеге салып опырып жіберетін озбырлықтарын да, жықпыл-жықпылы көп небір құйтырқы қулық-сұмдықтарын да өз көзімен көрді. Көрді де жаны шошып, жүрегі түршіккен оның қояншық ауруы қайта-қайта ұстап, талай рет талып та қалды...
Жан шошырлық ондай сөзді бәсекелесі ақын туралы айтқан ағасы Мылтықбайдың аузынан естіген. “Адалдар” партиясының атынан түскен әйгілі ақын бір кездесуде “Америкада алты жазушы бар, бізде де солай болсын дейді биліктегілер. Бұл — дұрыс емес. Бұл– әдебиетті тұқырту. Осы отырған бәріміз де әдебиетпен адам болдық емес пе? Тіпті анау тапаншасын сипалап отырған майор мырза да “Әліппемен” тілін сындырып, “Ана тілінен” өлең жаттап, мектеп бітіргенде әдебиеттен шығарма жазды. Әдебиетсіз өмір жоқ” деді. Бар айтқаны осы. Қанша қадалсаң да артық айтқан ештеңе жоқ. Бәрі рас. Бірақ Мылтықбайдың жанына осы сөз шаншудай қадалды. Өйткені ол әдебиеттен мүлде мақұрым жан ғой. Содан да ақынның бұл сөзі оған мысқыл мен кекесіннен бес бетер естілді. Шамына тиді. Ашуын келтірді. Көп ұзамай Мылтықбай ағасы түйіліп отырып Аязбиге “Анау “Адалмын” деп жүрген ақының кім өзі, қайдан шыққан дәу еді. Мені әдебиетті түсінбейді деп мысалға келтіретін кім өзі, әкеңнің... Өзі іше ме екен? Гәстиницада өлтіріп ішкізіп, бар абыройынан айырайық... Қойнына қатын сап... Осы жағын ойлаңдаршы”...
Міне, осы сөздерден-ақ өздерінің шамшыл тоятын басу үшін кім-кімді де обып жіберуден тайынбайтын, ар-ұятты аттап, ожданды өртеп, кісіліктің күлін көкке ұшырудан жүзі жанбайтын билік тізгінін ұстап отырғандардың бүкіл бет-пердесі ашылып отырған жоқ па?!
Сонымен Аязби ағасының көңіліне бір қарап, жандайшаптардың көңіліне екі қарап, ең сұмдығы , дені-қарны сау деген жалған анықтама ап депутаттықтың жайлы орнына барып жайғасты. Жайғасқаны бар болсын, өз көзімен көрген құйтырқы қулық-сұмдықтың бәрі оның жанына батты. Жүрегі лоблыды. Басы айналды. Сырқаты қозды...
Ақыры, мәжілістің алғашқы отырысының бірінде-ақ “басы шым ете түсті де”, қояншығы ұстап құлап қалды... Бірер күнде-ақ одан “депутаттық мандаты денсаулығына байланысты қайтарылып алынды”.
Әлдекімдердің жалған намысы мен рушылдығының қуыршағы боп кеткен есіл азамат осылайша қор болды...
Сонымен біз Қуандықтың үш хикаятына аз-кем тоқталып өттік. Үш хикаятта да әр түрлі ситуация, әр түрлі ортадағы қарапайым адамдардың өмір жолы суреттелген. Олар, тіршілік-тынысы бір-біріне мүлде ұқсамаса да, иманнан жұрдай, адамгершіліктен мақұрым қатыгез қоғамның илеуіне түсіп, ертеңі не болары белгісіз боп қалған, тауы шағылып, тауаны қайтқандар. Тағдырластар.
Түйіндеп айтарымыз, әдебиетімізде өндіре еңбек етіп келе жатқан тегеурінді талант иесі Қуандық Түменбайұлы дәл қазір кемел шағында. Яғни, одан күтеріміз әлі алда.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі