Кімге қалай екенін қайдам, ал мен үшін ең жаман өлең — ортақол өлең. Неге? Өйткені, жаман өлеңнен өлеңнің текті табиғаты мен бекзат бітім-болмысын, сыртқы мүсіні мен ішкі тынысын түгел қамтып, түптеп тани алмайтын, дайындығы аз, түсінігі шала оқырманның өзі де бірден жерінеді. Ал ортақол өлеңнен көп-көп оқырман, тіпті, өзін өлең дүниесінің білгірімін, сөздің тамыршысы, ойдың безбенімін деп санайтын көзіқарақты, көкірегі ояу адамдар да бірден бас тартып, бірден сырт айналмайды. Өйткені, ортақол өлеңде бәрі бар. Ұйқас пен ырғақ дегеніңіз буын-буынымен үйлесіп, бунақ-шумағымен қосылып сіресіп тұр. Балталамақ түгілі, көк мұздың көбесін сөгетін сүйменмен ұрсаң да бұза алмайсың. Теңеу ме? Ол да бар. Образ ба? Іздесең оны да табасың. Әрине, ол теңеулер мен образдар оқыған адамды селк еткізетіндей, ең болмаса, селт еткізетіндей жаңа да, тың да емес. Әбден таптаурын болған көне немесе әлжуаз, көтерем. Бірақ қалай болғанда да, ондай өлеңдер, ең бастысы, өлеңге қойылатын негізгі талаптар мен шарттардың барлығын игеріп алған. Енді оған не демексің? Ондай өлеңге бірдеңе деуге қандай себеп, нендей салдарың бар? Әлде, ол өлеңнің авторымен алакөз бе едің? Сұрақ дәл осылай төтесінен, кісілігіңе салмақ сап қойылғанда, өзің-ақ амалсыз тосылып қаларың хақ...
Шынында да, ондай өлеңдерде бәрі болып келеді. Бірақ оқып шыққанда әлгінде айтқанымыздай, "не селк етпейсің, не селт етпейсің". Тым үйреншікті. Кәдімгі механикалық машықтан туған конвейерлік өнім. Штамп. Бірінен-бірі аумайды. Жарқ ете қалатын сілкініс те, сарт ете түсетін серпіліс те жоқ. Қимыл-қарекеттері — жіппен басқарылатын қуыршақтардың қимыл-қарекеттері. Жаныңның терең қабаттарына кіріп тебіреніске түсіретін сарабдал ой да, күркіреп, күрпілдеп келіп жарқылдап жататын жасындай асау мінез де жоқ, тек әлеміш бояулармен сылап-сырланған, күн көзінде жатқан шынының сынығындай жалт-жұлт етіп көзді арбайтын жасанды, алдамшы әрекет қана бар. Мұндай ортақол өлеңдердің қауіптілігі сонда, оқырман қауымның өлеңге деген талғамын барынша бүлдіріп, барынша аздырып-тоздыратындығында. Яғни оқырман қауымның осындай жылтыраған целофан қапшықтағы өлеңдерге әбден бой үйретіп, сүйексіңді болып алатындығында. Жұртшылықтың ондай өлеңдерге әбден бой үйретіп алатындығы сондай, кейде олардың қолына қан-жыны сорғалаған дүниені ешқандай орап-бүктемей, сол қалпында молынан қарпып ұстата салсаң, не боп қалды деп шошынып кетері хақ. Өйткені, ол жылтыраған целофан қапшықтағы өлеңдерге үйреніп алған. Әдемілеп, әрлеп, орап-сырлап беруің керек.
Ақырында ортақол өлең оқырманды адастырып, шатастыратыны сондай, оны бидайдан арпаны, күріштен күрмекті, тарыдан қауызды айыра алмайтын жағдайға жеткізеді. Менің ортақол өлеңді жаман өлеңнен де жек көретінім содан.
Мұның бәрін тәптіштеп айтып отырған себебіміз, әсіресе, кейінгі кезде шын талантты өлеңдердің сұрқай, ортақол өлеңдердің лайлы тасқынының астында қалып бара жатқандығынан. Содан барып шын талантты өлеңдер қаламға көп ілікпей, көзге көп шалына бермейді. Оның есесіне ортақол өлеңдердің пысықай авторлары орынсыз әспеттеліп, орынсыз құрметке ие болып жатады. Міне, осындай келеңсіз үрдістердің салдарынан, сырт қалып көзге көп шалына бермейтін ақындардың бірі, сөз жоқ, Бауыржан Жақып дер едік.
Әдетте, ақын деген, егер ол шын ақын болса, әдебиет табалдырығын аттаған бойда, ең болмаса, бір шумақпен болса да, жұртты жалт қаратары сөзсіз. Олай болмады ма, онда ол ақынның одан әрі жұртшылық аузына іліне қоюы екіталай. Бауыржанның оқырман қауымды бірден өзіне қаратқан өлеңі "Әжемнің ұршығы". Бұл өлең кезінде жай оқырманды ғана емес, қазақ өлеңінің күмбірлеп тұрған көне қоңырауы Әбділда Тәжібаевтың дуалы аузына іліккен болатын. Ол өлеңді бәріміз де сүйсіне оқығанбыз. Тағы бір оқиық.
Бір сәтке, әже, тыншып па ең,
— Шүйкеге мол жіп жиылып.
Отырушы едің ұршықпен,
Уақытты қоса иіріп.
Қолыңнан шыққан сыйлықтар,
Қонатын үйге құт болып.
Секундтар және минуттар,
Иірілетін жіп болып.
Сен жоқта көңіл серги ме,
Сағындық аңсап — бұл шыным.
Иесіз қалды төргі үйде,
Киелі сенің ұршығың.
Кетсең де алыс Күнге ұшып,
Кетпейсің естен ендеше.
Өзің боп мені жүр құшып,
Сен тоқып берген кеудеше.
Өзімді сонда жұбатып,
Өмірге іштей күйінгем. ...
…Ұршық қой мына Уақыт
Жіп қылып бәрін иірген.
Міне, жай ғана тұрмыстық бір шаруа алып әлемнің тыныс-тіршілігімен жалғасып, кішкене ғана бір деталь — Уақыт дейтін ұлы ұғыммен ұласып жүре берді. Оның үстіне секундтар мен минуттардың өзін жіп қылып иіріп отырған Әженің сиқырлы қуаты қандай десеңізші?! Бейне бір ол Уақыт билеушісіндей... Бірақ бәрін де үгіп, бәрін де уатып, жалмап-жұтып жатқан жебір Уақыт күндердің күнінде кәрі кейуананы да өзінің иіріле үйіріліп тұрған иіріміне тартып алып кетті. Тағы да осы өлеңдегі Әжеге деген соншалықты құштар сағыныштан, қимас аңсардан тағы бір сөз айтсаң көз жасы құйылып жүре беретін қыстығып тұрған бозбаланың лебі мен демі қандай?! Сол леп пен дем сенің де көкірегіңе кіріп, сенің де жаныңа ұя сап жатқан әлде бір сағыныш пен аңсарды оятып, дүр сілкіндіріп кеудеңді кернеп алып бара жатады.
Жалпы, Бауыржан өткеніне, балалық шағына көп үңілетін, сол бір дәуреннің тұнығына көп сүңгитін ақын. Рас, жалғыз Бауыржан ғана емес, бәріміз де өткенімізге, Бердібек ағамыз айтқандай, "балалық шаққа саяхат" жасамайтынымыз жоқ. Бірақ көбіміздің балалық шаққа жасаған саяхаттарымыз жалпылама баяндап беруден, сол бір шақты өліп-өшіп сүйетінімізді жел сөздермен күптіре айтудан әрі аспайды, немесе ол шақты суреттеп береміз деп көрген-білгенімізді этнографиялық мүражайдың библиографиялық көрсеткішіне айналдырып алатынымыз бар. Әрине, нақты бір детальді, айқын бір затты көрсетпей қандай бір кезең, қандай бір мезгілді өлеңмен өрнектей қою қиын. Бірақ ол деталь да, ол зат та тірі көрініс, тірі суретке айналу керек қой. Ол да бізден әлдеқайда жас бола тұра, бәріміз сияқты, "Қолтаңба" өлеңінде айтқандай, "ағаш қасықпен құрттың көбігін жалап" өскен ақын. Осы сөздің өзі-ақ талайымызды балалықтың шат-шадыман күндеріне алып кетіп, көңіл-көздеріміз уақыттың қалың тұманының ар жағында қалған талай-талай қызықты көріністерді бірінің соңынан бірін ілестіріп шығары сөзсіз. Бірақ өлеңнің міндеті өткенді тек көрсету ғана емес қой. Өлеңнің міндеті, ең алдымен, өткенді тірілту. Образбен көрсету. Тірі образбен! Сондықтан жұрттың Бауыржан ақыннан құрт қайнатып жатқан әжеңнің қолтаңбасын қай жерден көріп тұрсың деп сұрауы әбден заңды. Оның үстіне біздің қазіргі түсінігімізде қолтаңба деген қастерлі үғым, қадірлі түсінік. Олай болса, құртта қандай қолтаңба болуы мүмкін. Бірақ Бауыржан бізді дәл сол қастерлі ұғым мен қадірлі түсінікке алып келеді.
...Келешек бізді күтті алдан,
Келмеске сәби күн кетті.
Сол кезде сықпа құрттарда,
Қолтаңбаң барын білмеппін.
Құртыңды аңсап жаныммен,
Қолтаңбасын мен сәғындым —
Аялы алақаның мен
Салалы саусақтарыңның
Әжесінің аялы алақандары мен салалы саусақтарының ізі қалған құрт. Құрттағы әже қолтаңбасы! Өткеннің тірі образы дегеніміз осы емес пе?!
Бауыржанның әжесі туралы, әжесінің қолынан шыққан дүниелер жайлы жазған өлеңдер біршама. Тағы да ол өлеңдердің бәрі дерлік сәтті, бәрі дерлік желсіз күнгі көл тұнығынан күміс кесемен шөп еткізіп іліп алғандай мөп-мөлдір, тап-таза. Өйткені, олар аса бір құштар сүйіспеншілікпен, аса бір құмбыл ықыласпен жазылған. Бауыржан үшін әжесі, өзі бауырында өскен аяулы адам, асыл ана ғана емес, ол тұтас бір әлем. Әжесі бұл дүниеден өткенде, сол бір тағдырлы тұтас әлем де әжесімен бірге қопарыла көтеріліп, барса келмес бақи дүниеге көшіп кеткендей...
Бірақ әжесінен қалған мұра өлмек емес. Тағы да ол мұра мұра қалпында қалмай әлдеқайда масштабты, әлдеқайда ауқымды кең дүниемен жалғасып кетеді. "Алаша" өлеңін алайық. Әжесінің көзіндей кәдімгі алаша. Сол алаша үстінде жатқан ақын қандай күй кешеді дейсіз ғой. "Жатсам сенің үстіңде туған жерде ояндым" дейді. Бұл, әрине, детальдің ғана ойнауы емес. Тамыры да, қуаты да әріде.
Ойға баттым не түрлі,
Қасиетімсің төрдегі,
Ұшқыш кілем секілді,
Алып кеттің сен мені.
Енді, міне, туған жердің бәйшешек-гүлдері бетіне ою-өрнек боп түсіп, туған жердің бояуы сіңген алаша бір сәтте сиқырлы кілемге айналды да үстінде жатқан ақынды көтеріп ап әлем үстімен ұша жөнелді.
Бауыржан, сөз жоқ, дәстүршіл ақын. Бірақ дәстүршілдікті әлдекімдердей тар қауызға салып қарастырмайды, әлдекімдердей тым үстірт, тым жадағай, тым таңқы түсінбейді. Кеңірек қарастырып, тереңірек үңіледі. Менің бұлай деп шұқшиып сөйлеп отырған себебім, қазір бәзбіреулер дәстүршілдік дегенді өлеңнің сыртқы кейпі, яғни формасы деп ұғады екен. Басқаны былай қойғанда, өлең әлемінде едәуір аты бар деген бір замандасымыз "Біз өлеңді Абайдың жыр үлгісімен ғана жазуымыз керек, сол нағыз дәстүр" деп байлам жасапты. Рас, Абайдың ғажайып жыр-үлгілерінен ешуақта да бас тартуға болмайды. Өйткені, ол үлгілермен біздің ұлы құндылықтарымыз дүниеге келген. Ол үлгілермен әлі де талай-талай таңдай қақтырып, таңғалтатын шығармалар дүниеге келетініне шәк келтірмейміз. Яғни ол үлгілер мәңгі жасайтын үлгілер. Оған ешкімнің де дауы болмаса керек. Ешкімнің де! Бірақ Абай бұрын-соңды қазақ өлеңінде болып көрмеген жаңа үлгілер алып келді ғой. Тағы да ол жаңа үлгілер қазақ ұғымына соншалықты жақын. Сүйектес бауырдай боп сіңісіп кетті. Олай болса, оның сол дәріс сабағынан неге тағылым алмаймыз. Ол дәріс сабақтың біз үйренетін ең басты қасиеті — жаңа үлгілердің Абай ғана айта алған жаңа мән, жаңа мазмұнға қызмет етуінде. Абай ғана айта алған ол жаңа мән мен жаңа мазмүнды жеткізуге бүрынғы үлгілердің мүмкіндігі жетпес еді. Ол жаңа мән мен жаңа мазмұндағы Абай өлеңдері бізде бұрын болмаған жаңа үлгілерді киіп дүниеге келді. Табиғи түрде! Сондықтан бүгін өмірге келіп жатқан немесе болашақта өмірге келетін бөлек мән мен тосын мазмұндағы өлеңдер де өз үлгілерін киіп дүниеге келіп жатса оны жатырқамаған жөн. Тек табиғи болсын, арғы тамыры болсын Абай дәстүрі бізге осыны үйретеді.
Олай болса, жаңа мән, жаңа мазмұнсыз жаңа үлгіңіз де, көне үлгіңіз де әншейін бір іші қуыс схема боп шығады. Тағы да қайталап айтамыз: жаңа үлгіні жаңа мән, жаңа мазмұн ғана тудыра алады. Әрине, көне үлгілермен де ғажап дүниелер өмірге келуі әбден мүмкін. Келіп те жатыр. Тіпті кейде ұйқасқа ғана құрылып, таңдайы тақылдаған дидактикалық үлгімен жазылған өлең де жүрегіңді баурап, жаныңды жаулап алады. Бұл да бір сиқырлы құбылыс! Бір сөзбен айтқанда, қандай үлгімен жазсаң да, ол үлгі қозғаған тақырыбыңның мән-мағынасын, болмыс-бітімін ашуға қызмет етуі керек. Бауыржанның "Домбыра" атты өлеңі бар.
Бұлбұлдың дауысы
сіңген домбыра,
Қыран боп түлкі
ілген домбыра.
Аңшы боп ойға
шомған домбыра,
Аттың шабысы
қонған домбыра.
Лекіткен домбыра,
лепірткен домбыра,
Ортекелерді
секірткен домбыра,
Бәйге атындай
баптаған домбыра,
Арыстарымды
жоқтаған домбыра,
Арқаны жаяу
кезген домбыра.
Азапқа талай
төзген домбыра,
Азаттық күнін
күткен домбыра.
Қазаққа ғана
біткен домбыра!
Біз бұл өлеңнің қандай үлгімен жазылғанына мән беріп жатпаймыз. Өйткені, бұл өлеңде, ең бастысы, домбыраның табиғаты мен тағдыры сөйлеп тұр. Қараңызшы, өлеңнің әр жолы саусақпен басқан сайын бір леп пен бір гәп шығаратын пернеге айналып кеткен жоқ па? Сонымен бірге, бұл өлеңге тек домбыраның ғана табиғаты мен тағдыры ғана емес, қазақ рухының да табиғаты мен тағдыры өрілген.
Бауыржанның бізді тағы бір тәнті ететіні оның байқағыштығы мен қырағылығы. Ол, әдетте, жалт еткен жақындағыны шап беріп ұстай алатын, қиядағыны қалт жібермей қағып түсетін алғыр. Көзімен көргенді сол сәтінде сөзімен суретке түсіре қояды. Әрине, ол жылт еткен нәрсенің бәрін сырт еткізіп баса беретін ешқандай композицияны, ешқандай арақашықтық өлшемін, ешқандай көлеңке мен жарық тепе-теңдігін білмейтін, талғам атаулыдан жұрдай бей-берекетсіз фотограф емес. Оның сөзбен салған суреттерінің бәрі дерлік өрі нақты, әрі жанды. "Объектив — дерсің жанарым, жүрегім — фотоаппарат" дейді ол бір өлеңінде. Дәл солай.
Шілдені мүйізімен шайқап іліп,
Сиырлар бара жатыр оқалақтап.
Жанымызға соншалықты жақын, көзімізге соншалықты таныс аптапты күнгі ауыл суреті. Бірақ "шілдені мүйізімен шайқап іліп" бара жатқан сиырларды тек Бауыржан ғана көре алыпты. Енді Бауыржанның жаңбырлы күнгі күзгі ағаштарына қараңыз:
Күллі ағаш моншаға түсіп жатыр,
Шешіп тастап киімін сыртындағы.
Бұрын мүндай суретті қай ақын салыпты?
Бауыржанның кейбір суреттері аса іріленіп, зор қайрат, зор қуатқа ие боп кетеді. Сенбесеңіз, таңалакеуімнен тұрып жұмысына кіріскен көше сыпырушының қимылына көз салыңыз:
Сырылмен таңды оятып,
Сыпырып түнді жүргендей
Бұған енді қалай сүйсінбейсіз?
Тізе берсек, Бауыржан салған суреттерден тұтас бір көрме жасақтап шығуға болар еді. «Үлпілдеген көгалда, бүлкілдейді ақ бұлақ», «Жел жүгіріп барады су бетімен, су жүгіріп барады жер бетімен», «Дүр етіп қарағайдан ұшқан құстай кетті ұшып жүрегімнен қалың өлең», «Төсіне қырат-батырдың тағылған гүлдер орден боп», осылай жалғаса береді, жалғаса береді.
Егер Бауыржан табиғаттың көңілді де, қөздіде арбар сыртқы құбылыстарын сөз-суретке түсірумен ғана болып, тек соны ғана қызықтап кетсе, | онда ол оқырман қауымды тез жалықтырып алған болар еді. Онда ол қаншама әдемі бояулар жағып, қаншама қызық суреттер салса да, бар болғаны пейзаждық қана ақын боп қалар еді. Өйткені, табиғат әлемі, бізді қоршаған мына дүние әсем қимыл-қарекеттер мен ажарлы әсем суреттерден ғана тұрмайды ғой. Оның да тартысқа толы драмасы, күйініші мен сүйініші, бітіспес күресі мен тіресі бар. Сондықтан енді ол дүние астарына үңілуге бет қояды.
Өзендерім желең төсі ашылып,
Тереңіне, ағады сыр жасырып.
Қара жердің астарында асыл бар,
Қойнауына шөккен талай ғасырлар.
Қалың бұлттың астарынан жай құлар,
Қуаныштың астарында қайғы бар.
Жарықтың да астары бар — қараңғы,
Ой да астарлы, ұстама, дос, жағаңды.
Дүниенің лебі мен деміне алаң ақын, енді бұдан былай антеннадай сақ, мембранадай сергек. Сондықтан да ол уақыттың кеше, бүгін, ертеңіне, яғни үш өлшемінен де сыр мен гәп іздейді. Дүниенің бар түпкірімен жалғасып, дүниенің бар тарабымен байланысқа түскен ақын көкірегі, сөз жоқ, күмбір мен дүбірге толып шыға келмек. Енді оның бәріне алаң, бәріне күпті көңілі, тіпті космос кеңістігімен де байланысқа түскендей.
Басқарып тұрған әр қадамды үнсіз,
Басқарып тұрған айналамызды.
Ғажап бір күш бар жалғаған сымсыз,
Кунге де бізді, Айға да бізді.
Әрине, бүл жолдар арқылы ақын өзінің дүние танымы мен қиял кеңістігінің мүмкіндігін ғана көрсетіп қоймай, айнала тіршілікпен біртұтас, бір жаратылыс екенін, мына әлемнің бірімен-бірі қабысып, бірімен-бірі жалғаса жамырасқан құбылыстардан тұратынын, оның діңі де, тіні де бір екенін, ол әлемнің бүкіл тыныс-тіршілігі де, болмыс бітімі де сенің жүрегіңде жаңғырып жататынын жеткізіп тұр. Ақынның дүниетанымы мен қиял кеңістігі қаншалықты масштабты, қаншалықты ауқымды болса да, оның жаны, ең алдымен, жер бетіндегі өмір мен жер бетіндегі тіршілікке, тіпті оның көл бетіндегі қоңыр үйрегінің тағдырына да алаң. Өйткені, космос корабльдері де, ең алдымен, осы жұмыр жердің қамын ойлап, күйін күйттеп ұшып жатады. Олай болса, қоңыр үйрек екеш қоңыр үйректе де мына қатыгез заманның қасіреті жатса, ақын жаны қалай күйінбесін, ақын жаны қалай тебіреніп солықтамасын. Сол өлеңді түгел оқыңызшы. Үзіп-жұлып, бөліп-жарып оқу — бұл өлеңге обал.
Қалмастан тілсіз жауға жаны күйреп,
Қаперсіз, су бетіне салып ирек.
Көрдім мен, кетпейді әлі көз алдымнан,
Уланған көлде жүзген қоңыр үйрек.
Қоға да, жағадағы қамыс та улы,
Қосылған бұлақтағы ағыс та улы.
Балапан кезінде-ақ бұл үйректі,
Дегелең дүмпулермен таныстырды.
Тұратын қалың қамыс бүркеп, қорып,
Өсті ол көл бетінде үркек болып.
Биікке ұшушы еді бір кездері,
Шалдығып, соңғы кезде жүр көп қонып.
Мойылдай жанарына нұр сіңді айдан,
Қалайша у сәулені жусын бойдан.
Саржалдың сағымына жүр шомылып,
Қайнардың қасіретін білсін қайдан?!
Көзінен үңілген жақ мұңды көрер,
Оны бір көрген адам шындық өрер.
Өн бойы сәулеленген қоңыр уйрек,
Өлсе де туған көлге сүңгіп өлер.
Қолтоқпақтай ғана қоңыр үйректе бүкіл туған жер мен туған елдің қасіретті трагедиясы жатыр. Адамның қарау пиғылымен жасалынған алапат жарылыстың улы сәулесін балапан кезінде-ақ тұла бойына сіңіріп алған қоңыр үйрек халі — аянышты хал. Зорға ұшып, зорға қонып жүрген ол үйрек, бірақ бәрібір туған жерін, туған көлін тастап кетпек емес. Бәрібір ол, өлсе де сол туған көліне, улы болса да, сүңгіп өлмек. Осы бір жол арқылы-ақ, жаңғыз қоңыр үйрек қана емес, сол жерді мекен еткен тұтас бір елдің тағдыры көз алдыңа келіп тұра қалады. Неткен жанкешті қайсарлық! Қоғасы мен қамысына дейін уланып жатса да, семіп те, суалып қалмайтын неткен ессіз махаббат. Олай демей не дерсің! Айналаның бәрі улы сәуле сіңіріп алған. Ауру, дімкәс, кеселді, дертті. Санасыз қоңыр үйрек, әрине, оны білмейді. Ал саналы адамдарға не болған? Қопарыла, көтеріліп көшіп кетпей ме?! Мұндай сұрақтың сан сапалағын, мың түрлісін қойсаң да оған басқаша жауап таба алмайсың. Оған бір-ақ жауап бар. Ол — туған жерге деген ессіз де көзсіз махаббат. Сол махаббат қана оларды шырмап буып, шідерлеп ұстап жібермей отыр.
Бауыржан да сол тулақтай кеуіп, бордай үгітіліп жатқан Дегелеңнің дәл түбінде, яғни от бұрқырап, от жалмап, от жалап ойран-ботқасы шыққан
Абыралыда дүниеге келген. Сол Бауыржаннан "сен үшін дүниедегі ең ыстық жер қай жер" деп сұраңызшы. Ол ойланып жатпастан-ақ: "Арқау болып келбетің көп өлеңге, қайта түлеп қырларың көгерер ме? Дерттенсең де, қырық жыл өрт көрсең де, перзент үшін сендей жер жоқ әлемде" деп жауап берері хақ.
Туған елі мен туған жерінің ғұмыр бойы басылмайтын күйікті өксігі мен күйінішті зарын естіп өскен Бауыржан сылдырмақ-шылдырмағы көп мынау алдамшы өмірдің шаттығына шомылып, қуанышына жуынғысы кеп, өзін-өзі қаншама алдарқатқысы келсе де, бірақ бәрібір ол "ақ қан" боп ауырған туған даласының" ауруымен өмір сүріп, дертімен дем алады. Өзі солай дейді: "Келген сайын , қан жылап жан-жүрегім, қайтып жүрмін қайғы алып қала жаққа". Бейне бір ауылына қайғы алып қайту үшін баратындай. Неткен ауыр тағдыр! Неткен азапты ғұмыр!
Сенің де жаның азапқа түседі. Тамұқтың отындай ыстық жалын сенің де жүрегіңді шарпып өтеді. Мұндайда жан дауысы керек шығар. Солай болады да. Бауыржанның қолынан "Жан дауысы" атты дастан дүниеге келген. Тағдырдың өзі қойғандай тақырып. Ақынның жан дауысы шырқырап, туған жер төсінен "айнадай жарқыраған,көлін" іздеп, "көкорайлы шалғынын" таба алмай", "ән шырқап ататын ақ таңынан" адасып бебеу қағады. Құлындаған дауысы құраққа жететіндей. " Киік те жоқ, арқар да жоқ, қыран да жоқ. Жоқ! Бәрі жоқ. Тіпті дөңкиіп-дөңкиіп жатқан төбелердің де "әскердің тәртібімен шаштары алынып тасталғандай". Туған жерді адам айтқысыз зұлмат басқан. Сол зұлмат сұмдығынан тау да шыдай алмай зар қағады. Дегелең зарлап тұр:
Басталды сол бір сұмдық бастан кешкен
Секілді әлдеқайда аспан көшкен.
Жазығым көрінбейді жадыраған
Барлығы төңіректің астаң-кестең.
Жалмады айдаһар-өрт жаппай маңды,
Барлығы төңіректің отқа айналды.
Қаптаған қарағайым шоққа айналды,
Жүрегім шошынғаннан соқпай қалды.
Таудың алып жүрегі тоқтады. Тау өлді. Енді ол күлге, үйіндіге айналды. "Жүрегім соқпайды енді, демім бітті, ей, таулар, жиналыңдар жаназама" дейді Дегелең. Жер үстіндегі бүкіл, тауларды жаназасына шақырып тұр. Ақырғы сөз, ақырғы тілек. Таудың өзін өлтірген ол сұрапыл сұмдық күшке ештеңе де төтеп бере алмақ емес. Сенбесең, қураған тоғайдың: "Улы ортаға қамалдым да, улы сәуле уыстадым, улы, судан нәр алдым да, улы ауамен тыныстадым. Бұтақтары қудай болып, құшағымда тұнған ағаш, абыройдан жұрдай болып, қалдым бір күн тыр жалаңаш" деген төбе құйқаңды шымырлатар соңғы сөзіне құлақ түр. Немесе "Жылайын десем жасым жоқ, тарайын десем , шашым жоқ. Әлдекімдердің қолымен көкірегіме басылды от. Қырлардың көші қаралы, қош айтып маған барады. Әнімнің бәрі мұңды да, тәнімнің бәрі жаралы" деп еңіреген алып Даланы тыңда. Әйтпесе, "Өткеннің бәрі ойымда , ұмытпағанмын, сүйретілемін ентігіп тұрып қаламын. Шалдықтым мен де ауруға, шамам жоқ енді, құрдымға суым кеткендей құрып барамын" деп тұншығып, демі бітіп бара жатқан тартылған өзеннің мұңын естіп көр. Болмаса, "Жерімдегі жарылыс, жетті маған дүмпуі. Ойламаппын болар деп мұндай сұмдық бір күні. Кидім ажал көйлекті, жоғалып ем тапқызбай. Рухымды сөйлетті көрде тыныш жатқызбай. Адам азды, жер тозды, су тартылды, ну жанды. Қайда апарып сақтармыз қу сүйекті, қу жанды" деп шошынған зираттағы Абай сөзіне мойын , бүрыңыз.
Әйтеуір, бұл дастандағы қай тарауды оқысаңыз да қаның атқақтап басыңа шауып, жаның шүберекке түйіліп, ет-бауырың езіліп, сай-сүйегің сырқырап қоя береді.
Сөз жоқ, Дегелең мен Абыралы қасіреті — бүкіл жердің, бүкіл қазақтың қасіреті. Ол қасіретті бүкіл болмыс-бітіміңмен, бүкіл тамыр-талшығыңмен сезінесің. Бірақ ол қасіретті дәл Бауыржандай сезіне қоюымыз қиын. Өйткені ол сол жердің ауасын жұтып, сол жердің суын ішіп, көлінен қоңыр үйрегін көріп, қорасынан қоңыр қозысын өргізіп өскен ақын. Алматыдан ауылына барса да, ауылынан Алматыға қайта оралса да алапат сұмдық зұлматтың аждаһа демінен әлі күнге азап шегетін жандармен күнде кездесіп, оларды күнде көріп, олармен күнде сөйлесіп отыр. Күнделікті күйбең тірлік жетегімен жүрген біздер біздер көбіне ол қасіретті естен шығарып алатынымыз рас. Ал Бауыржан тағдыры басқа. Бірде ол маған: 'Тем-аға, мен тіпті ойын-тойда да елегізіп отырам...Телефонның дауысы кейде маған шоқ басып шар ете қалған баланың даусындай естіледі. Тағы да не боп қалды деп шошып кетем" дегені бар. Яғни ақын жүрегі ел қасіреті мен ел азабын арқалап тұр деген сөз. Ол қасірет пен азапты Бауыржан енді жүрегінен сылып тастай алмайды. Ғұмыр бойы олай өмір сүру, әрине, ауыр. Бірақ лағнет атқыр, мына қу тағдыр оның жүрегіне сондай қасіретті жүк арқалатып қойса, не дерсің. Амалың жоқ қой. Олай болса, енді оның ақындық бағы да сол азапта. Басқаша айту мүмкін емес. Шындығы сол.
Мен бұл мақаламда дауысы нық, тегеуріні қатты Бауыржан Жақып ақынның шығармаларының табиғаты өзіме жақын бағыттарын ғана сөз еттім. Шын ақынның бітім-болмысын, оның көркемдік-эстетикалық өресі мен өрісін түгел қарастыру, оның ұңғыл-шұңғылын түгел тану мүмкін болмаса керек. Бауыржанның «Таны мені, ашып көр құпиямды» деген сөзі де біздің сол ойымызбен үндесіп тұрғандай.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі