Қазір не көп? Баспа көп. Қазір не көп? Сол баспалардан шығып жатқан кітап көп. Қазір не көп? Өлең көп... Бүгінде олардың бәрін қадағалап, бәріне баға беру мүмкін емес... Сонымен бірге ол кітаптарды, мемлекеттік тапсырыстан тыс, өз ақшаларымен шығарып жатқандары қаншама?! Олардың көптігіне қуана отырып... кейде қатты торығып, күйінесің. Сол топан кітаптарды қарасаң , әдебиетке деген талаптың төмен түсіп кеткенін, талғам-таразының бүлінгенін көре тұрып қалай күйінбессің. Өлең деген қасиетті ұғым еріккендердің ермегіне айналып бара жатқандай. Ғұмыры өлең жазып көрмеген, оның табиғатынан мүлде мақұрым адамдар, зейнеткерлікке шығып алып, балалары, немесе жақын-жуықтарының демеуімен, том-том өлең кітаптарын шығаратын болып алды. Содан бүгінде қасиетті өлең қадірі де , ақын қадірі де қашып барады. Тағы бір өкініштісі, сондай талаптың кеміп, талғамның бүлінуінің кесірінен, өлеңді өмірім деп білетін ақындар да рухани қатты зардап шегуде. Айтылмайды. Аталмайды. Көңілден де, көзден де таса қала береді...
Сондай ақындардың бірі, өлеңге де , өмірге де шын пейіл адал қызмет етіп келе жатқан Болат Шарахымбай. Бір байқағаным оның көзі көреген. Құлағы сақ. Жаны сергек.
Сон-о-у аспан астында...
Қазығұрттай тектілімнің күрсінгенін естідім,
Кеудесінің түбінде дүрсілдерін естідім,
Бозатаны боз жусан боздағанын естідім,
Жүрегінің түкпірін қозғағанын естідім,
Қарғыбаусыз қара бұлт ашынғанын естідім,
Найзағайы нарттай боп шошынғанын естідім,
Безіп жүрген... дауасыз безгелдегін естідім,
Бос шелектей дүниенің безбендерін естідім.
Кәрі Қазығұрттың күрсінгені мен оның кеудесіндегі дүрсілдерді, найзағайлардың шошынғаны мен дүние безбендерінің бос шелектей даңғырап кеткендерін ести алатын ақынды қалай сен сергек дей алмайсың?! Заман лебін, уақыт демін тылсым түсініктер арқылы сезіне білу, сол арқылы сенің жаныңда да құпия бір құбылыстардың шоғын үрлеп, отын тұтатып жіберу ақынның ақынының ғана қолынан келсе керек. Шын өлең — қашанда құпия. Онда тіпті арбап алатын сиқырлық, бір сәтке болсын есіңді алып дуалап тастайтындай магиялық қуат болуы әбден мүмкін. Өйткені ол жансызға жан, тілсізге тіл бітіре алады. Шырпысыз от жағып, қашаусыз тас жара алады. Ең бастысы, ақын соған сендіре білуі керек. Мәселен, Cіз ақынның “Қазығұрттың күрсінгенін естідім” деген сөзіне , сөз жоқ бірден сенесіз. Ешқандай күдік, кұмәнсіз бірден қабылдайсыз. Оны cезгенде де, санаңыздың арғы түкпірінде жасырын жатқан түйсік арқылы сезесіз. Өйткені Қазығұрт азап пен мехнаттан тұратын ғасырлар куәсі. Оған уақыт пен заманның қайғысы мен қасіретінің табы сіңген. Олай болса, Қазығұрт қалай күрсінбесін. Ол күрсіністі Болат Шарахымбай қалай естімесін?!
Ақын айнала тіршіліктің тұла бойында болып жатқан сан қилы құбылыстарға үңілу үшін, ең алдымен, өзіне үңіле білу керек. Өйткені өзіңді танымай, өзгені тану қиын. Солай бола тұра, өзіңді тану оңай шаруа емес. Өйткені өзіңді тану үшін, өзіңді отқа да, суға да салуға тура келеді. Қолыңнан ол келе ме?! Әй, қайдам... Бұл көп ақынның қолынан келе бермейді. Өйткені олардың көбі күпсіп, күмпілдеп сөйлеуге құмар. Дағарасын қағып, даңғазаланып кетеді. Мен ондаймын, мен мұндаймын дегенде Алатауды айырып, Қаратауды қайырып жібереді. Орнымен болса екен-ау. Орынсыз. Ал Болат Шарахымбай өз өкініштерін ешқандай бүгіп-жасырмастан жұрт алдында ақтарып жайып салады.
Сезімім бар еді
Буынсыз тілге былғатып алдым.
Төзімім бар еді,
Қай жерде, білмеймін, ұрлатып алдым.
Шүкірім бар еді
Тіршілік итке талатып алдым.
Үкімім бар еді,
Үзіліп-талып құрғатып алдым.
Тәңірім бар еді,
Табансыз тұста тонатып алдым,
Жарығым бар еді,
Жол айрықтарда жоғалтып алдым,
Сабырым бар еді,
Сайқал тағдырға сабатып алдым,
Анығым бар еді,
Оны да, құрғыр, сорлатып алдым.
Бұл өлең — өзіңе үңілдіретін өлең. Ойландыратын, толғандыратын өлең. Құрықсыз, жүген-ауыздықсыз кеткен қым-қуыт мына заман, ең алдымен адамды аямайды. Жаныштап езіп жібереді. Табанға салып таптайды. Таптап-таптап бар асыл қасиеттеріңді тонап алады. Сенбесеңіз, айнала қараңызшы. Сезімі былғанбаған, төзімі ұрланбаған адам бар ма? Шүкірінен, үкімінен айырылып қалғандар қаншама. Тәңірі мен жарығын жоғалтып алғандарда есеп жоқ. Сабырын сабатып, анығын сорлатып алғандар ше? Мұның бәрін күнделікті көріп, біліп отырмыз. Ақын өз бойындағы өкініштерді жалпы адам, қоғам бойындағы өкініштермен жалғастырып, салаластырып, сабақтастырып жіберген. Мұндай кезде дәрменсіз күйге түскен ақын байғұс не істеу керек? Дәтке қуат таба алмаған ол, сөз жоқ, күйінеді. Күйініп қана қоймай, безінеді. Сондықтан да ол:
Заманауи запыран
Сенен қашып барамын.
Тасұр-тұсыр тапыраң
Сенен қашып барамын.
Өгейленген өлеңім
Сенен қашып барамын.
Керегі жоқ керегім
Сенен қашып барамын, —
деп бәрінен сырт беріп, бәрін де көрместей боп беті ауған жаққа лағып кеткендей болады да:
Қайда барам қашқанда?! —
деп амалсыз күй кешіп, тұйыққа тірелгендей хал кешеді. Бірақ ақынның не болғанда да, салы суға кетіп, үміті мүлде үзіліп қалмайды.Рухани таяныш, рухани ұстын іздейді. Олай етпесе, ақын ақын болар ма? Енді ол өзегін өртеген өкініштерін ысырып тастап, тіреліп қалған тұйықтан шығып дүр сілкінеді.
Кер маралдай келісті
Еңселігі еңісті,
Сүйегі асыл сүлей-дүр,
Дүрегейдей дүлей-дүр,
Қандай еді тұрысы
Айбаты жауын жасытқан,
Айбыны қанды тасытқан,
Қайқайып тұрған қылыш-ты.
Алшайып жүрген ырыс-ты.
Тұлғасына тамсанып,
Елесіне арбалып,
Келбетіне қарасаң,
Шімірікпес шегір көз
Өңменіңнен өтердей
Көкжал жұмыр қылыш-ты.
Уа, Махамбет!
Сол-сол екен оның әп-сәтте тұла бойын керемет бір күш-қуат кернеп бара жатты. “Айбаты жауын жасытқан, Айбыны қанды тасытқан” баба Махамбет осындай болғанда, мен кім болмақпын? Махамбеттей ұлы рух бар кезде, мойныма су кетіп, бозымбай, болбыр тіршілік кешуім қалай? Ақын енді лап етіп жанып, жарқ етіп, жалт ойнатып шыға келеді. Енді оның екпіні селдей дүлей, жөңкілісі сеңдей қуатты.
Сен — тасқайрақ, мен — кекпін,
Сен — адырна, мен — оқпын,
Сен — шақпақ та, мен — отпын,
Сен — бозқоза, мен — шоқпын,
Сен — ,
Салпыншақ
Мен — дойырмын алтын сап.
Сен — көк сүңгі бойлаттың,
Мен — көк байрақ байлаттым.
Байлатқанның белгісі:
Махамбет атты батырдың,
Махамбет атты ақынның
Сарқытын ішкен
Тфә! Тфә!
Қайраулы
Қазығұрттығы қайрақпын!
Өткен заманның өлмес рухын бойына құйып алған ақынның көзі енді бұрынғыдан да жіті, бұрынғыдан да өткір. Енді ол мына заманның жерінің шетінде, желінің өтінде. Оның көзінен ештеңе де қалыс қалмақ емес. Енді ол бәрін-бәрін де жаны мен жүрегінен бұрынғыдан да гөрі молынан өткізіп, молынан қорытуы керек. Мұндайда туған жердің әрбір ағашынан да құтырып тұрған уақыттың мінезін тани алатын қасиетке ие бола білген жөн.
Қайраты қайтқан , қажыған
Жел тұрды.
Ауыл. Кешқұрым.
Қамыстың шерлі даусынан
Сыбызғы үнін естідім.
Диірмен — жел жетті еңкілдеп,
Ауызды салды алқымдап.
Қара тал тұрды селкілдеп,
Кәрі емен кетті қалшылдап.
Бәрін асап, бәрін ұн қылып тартып жатқан уақыттың диірмен — желінің екпінінен сен де селкілдеп, сен де қалшылдап бара жатасың.
Болат Шарахымбай, негізінен, өзі көрген құбылыстар мен әрекеттерін дәл осылай бейнелеп бергенді қалайды. Тағы да ол бейне суреттері жасандылықтан ада, соншалықты жанға жақын, соншалықты табиғи. Мұны айыру үшін мынандай мысал келтіре кетейін. Мәселен, үйіңдегі темір шүмектен тырс-тырс етіп тамшы тамып тұрғанын тыңдап көріңізші. Сәлден кейін-ақ ол сіздің миыңызды шағып, жүйкеңізге тие бастайды. Әріберіден кейін қажытып , шаршатады. Енді жаңбырлы күнгі терезеңізді тырс-тырс етіп қағып тұрған тамшының үніне құлақ түріңіз. Әсер мүлде басқа. Жаныңыз да, жүйкеңіз де демалады. Айырмасы жер мен көктей.
Сондықтан да мен аузын ашса көмейі көрінетін Болаттың табиғи болмыс-бітіміне де, сол болмыс-бітімнен туған өлең-жырларға да қызығып қараймын.
Шын ақын — өзі өмір сүріп жүрген қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Тіпті онымен біте қайнасып біртұтас болып кетеді. Яғни қоғам дерті — оның өз дерті. Мұндайда ол дүниені қараң қалдырып, мүлде түңіліп сөйлеуге хақылы. Осы шақпен сөйленетін ол өлеңдерден Сіз өткен шақтың тағдыр-талайын да көре аласыз. Яғни осы шақ пен өткен шақ бірге құйылған. Ажыратып, айыра алмайсыз. Өткеннен осы күнді, осы күннен өткенді танып-білесіз. Оқиық.
Уытым у болды.
Рухым күл болды.
Кең дүнием тар болды.
Көрген күнім қор болды.
Миымды су алды.
Жүрегім тоналды.
Екі көз төрт болды.
Өзегім өрт болды.
Аспан да адасты.
Жұлдызым жоғалды.
Намысым нас болды.
Бүйрегім тас болды.
Шындығым шейіт болды.
Елдігім ғайып болды.
Ырысым кетті.
Өрісім өтті.
Талқаным шықты.
Бітерім бітті...
Бұл — ескерту-өлең. Өйткені, не болғанда да, бүгінгі күніміз, дәл осындай күйреп, құрдымға кеткен жоқ қой. Дегенмен, ақын деген кейде жұртты осылай шошытып та сөйлеу керек. Шошытып, үркіте сөйлеудің ықпалы кей-кей кезде қайрат беретін сөздерден де зор болады. Далақтап кеткен етек-жеңіңді тез жиып, құз басындағы қырандай тас-түйін боп отыру үшін керек. Бұл өлеңді ескерту-өлең дейтініміз содан.
Қарап отырсақ, Болат Шарахымбай махаббат тақырыбына да аз өлең жазбапты. Ол өлеңдерді оқып отырсақ, махаббатының ерен қуатқа, тасқынды екпінге ие екендігіне куә боласыз. Өн бойынан үлкен сілкініс, ірі бұлқыныс лақ етіп ақтарылып төгіледі. Алағай да бұлағай аласапыран күй кешеді.
Өзіме өзім жасай алмай айла түк,
Жарықтарды жарып келем жайратып.
Бір құдірет жүрегімде жатқандай
Асыр-тасыр қара қазан қайнатып.
Бітті бәрі,
Отқа түспей, өртенбей!
Бұл дүниенің рахаты бекердей.
Мың ышқынып, орыныма мың қонам,
Өз денемнен өзім шығып кетердей.
Осындай үдірісті, осындай атқақтаған сезім сілкінісінен кейін, ғашығымен кездескен ақынның көңіл-күйі қалай болды дейсіз ғой.
Кеудең келіп кеудеме тұншыға ма-ай,
Одан әлсіз...
Әдемі үн шығама-ай:
Көлге тамған тамшының шолпылы сияқты;
Менің сорлы сезімтал солқылым сияқты.
Аққудың сұңқылдағаны сияқты,
Бұлақтың сылқылдағаны сияқты.
Үн мен ымның сезімтал пернелері бірінен соң бірі жымдаса өріліп, бірінен соң бірі жамырап төгіліп жатқандай неткен жарасымды әуен мен әуездер! Қылымсыған қылықты ноталардың қыл ішектегі нәп-нәзік, жіп-жіңішке дыбыстарындай.
Осы бір шүпілдеген мөп-мөлдір сезім тұнығынан мейірі қанғанша сіміріп алған ол Хантәңірі тауына көз салып басқаша толқыныс пен тебіреніске түседі.
Беу, тарпаң мінез тарлан тау,
Маңғаз-маңғаз нар шөккен.
Бізден де ол бір қалған тау,
Өткен күндей жалт еткен.
Өмір, бақсам жол екен
Жалғыз аяқ, жол соқпақ.
Шындық деген сол екен:
Айырық жолдың бойында,
Көне шаһар Алмалықтың ойында
Бар мен жоқты баяғы
Жүретұғын салмақтап.
Кеңсай жаққа қарасам,
Тізбек-тізбек шұбатылған қалың ел
Бір жүреді, бір тоқтап.
Аспан жаққа қарасам,
Құс ұшады бұлғақтап.
Заман, сені қайтейін?!
Қырық бұрау қобызымның зарынан
Қырық жамау жасқа толды етегім.
Тауға дауыс шығарсам,
Өз дауысым Өзімді
Қайталайды.
... Не етемін?!
Ау — у — у, Хантәңірі — і — і...
Ақын жанын жарып шыққан заман мен уақыттың бүгінгі монологы ғой бұл. Бәріміз құлақ түріп тыңдап тұрмыз...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі