(Қазіргі жастар поэзиясы хақында)
БАСТАУ СӨЗ
Елiмiз тәуелсiздiк алар тұста да, алғаннан кейiн де бiраз уақытқа дейiн мына заман аласапыран күйге түсiп, түрлi саяси, әлеуметтiк сапырылыстарды басынан өткердi. Талай-талай күрмеуi тас түйiн дағдарыстар мен ауыр да азапты күйзелiстердi көрiп үлгердiк. Мiне, сол кезеңдерде көбiмiз, соның iшiнде, өзiмiз де бармыз, әдебиетiмiз тоқырауға ұшырап тұр деп алқынып айтып та жаттық, жарыса жазып та жаттық. Бұл сөздiң шындығы да бар едi. Әдебиеттiң ауыр артиллериясы болып саналатын проза жанры, әсiресе, жаңа заманды бейнелейтiн роман, хикаяттар дүниеге келе қоймады. Аспан жерге түсiп, жер аспанға шығып кеткендей аласапыран заманның түр-түсiн, мiнез-құлқын танып-бiлу, оны көркем қорытудан өткiзiп, сомдап, мүсiндеу үшiн ол кезеңдерден берiрек алып кететiн уақыт алшақтығы қажет болатын. Солай болып шықты да. Қазiр ел үшiн талмауыр тұс болған сол бiр қиын кезеңдердi сипаттап, суреттей алатын роман, хикаяттар жазылып, жариялана да бастады.
Мен өзiм өлең жазатын адам болғандықтан, әрине, алдымен бақылайтыным да, бiрден көз салатыным да поэзия жанры ғой. Мен, сөз жоқ, күнделiктi баспасөз арқылы поэзияның сол жылдары да, онан кейiн де бiрде-бiр үзiлiп қалмай үздiксiз жұмыс iстеп жатқанын көрiп те, бiлiп те отырдым.
Бiрақ несiн жасырып, жаба тоқимын, әдебиетке тоқырау келдi деп толассыз айтылып жатқан көпшiлiк хорға қосылып кеткен өзiм де бiраз уақыт сол ойдың шырмауында қалған болатынмын. Поэзия тiнiнiң үзiлмегенiн бiле тұра дүдәмал күй кешкенiмдi бүгiн ендi жасыра алмаймын. Дүдәмалдың аты — дүдәмал. Онда күдiк те, үмiт те болады. Әрi тарт та берi тарт сол бiр күйде бiршама уақыт жүрдiм де, ақыры не күдiгiмдi, не үмiтiмдi бекiтейiн деген ниетпен, алдымен тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында, сонан кейiн жаңа ғасырдың о жақ, бұ жағында әдебиетке келген жастардың шығармаларын мұқият оқып-бiлуге кiрiстiм. Сөйтсем, бiрден айтайын, поэзияда түк те тоқырау болмаған екен. Өскен, өркенiн жайған. Жаңа өрiске шыққан. Яғни, басты айып өзiмiзде жатқан болып шықты. Жастар поэзиясын өз кезеңiнде оқып жарытпағанбыз, дер кезiнде бағасын бермегенбiз.
Менiң бұл көлемдi мақалам «Алтынкөпiрлiктер» деп аталады. Неге «Алтынкөпiрлiктер?» Ендi соған келейiк.
Бiрден айтайын, «Алтынкөпiрлiктер» атауын мен ойлап тапқам жоқ. Бұл сөз — Маралтайдың сөзi. Ол өз толқынының әдебиетке келу кезеңiн осылай атаған. Яғни, ол толқын сол бiр сапырылысы да, алыс-жұлысы да көп, бүкiл ел тауқыметтi, таршылық заманды басынан өткерiп жатқан тұста, көп ақын-жазушыларымыз не iстерiн бiлмей абдырап, дағдарып, қаламы мен қағазынан көз жазып қалғандай болған кезеңде ұлы Мәртебелi поэзияның кешегi жағалауын ертеңге, яғни бүгiнгi жағалауға қосқан көпiр мiндетiн атқарды. Шын мәнiнде алтын көпiр бола бiлдi.
Мен алтынкөпiрлiктер поэзиясын Маралтай Райымбекұлы, Әмiрхан Балқыбек, Жарас Сәрсек, Бауыржан Бабажанұлы, Нұржан Қуантайұлы, Батырболат Айболатұлы, Әлiбек Шегебай, Бақыт Беделханұлы, Дәурен Берiкқожаұлы, Бақытжан Алдияр, Алмас Темiрбай, Танакөз Толқынқызы, Айнұр Әбдiрасылқызы және сырттан өз елiне ендi оралып жатқан Ұларбек Дәлей, Тоқтарәлi Таңжарық, Нұрбәтима Байтұрсын, Отар Шауқан шығармалары арқылы танып-бiлгiм келдi.
Әрине, жастар поэзиясы осы аты аталған жастармен ғана шектелiп қалмайтынын, Құдайға шүкiр, мен жақсы бiлем. Олар әлдеқайда көп. Тағы да олардың iшiнде мен әңгiме еткелi отырған жастардан қарым-қуаты да, талант-дарыны да бiр де кем соқпайтын ақындардың бар екенiне, тiптi де, шүбә келтiрмеймiн. Бiрақ бәрiн қамтуға бiр адамның мүмкiндiгi жетпейдi ғой. Оның үстiне, өзiм сырттай қадiрлейтiн кейбiр жастардың жыр жинақтары қолыма түсе қоймады. Сондықтан мен ағамыздың қаламына бiз неге iлiкпедiк деп өкпе-наз айтатын iнi, қарындастарым табылып жатса, олардан алдын-ала ғафу өтiнем.
Бұл жерде оқырман қауымның есiне сала кетер бiр нәрсе, алтынкөпiрлiктер өздерiн жастармыз деп санамайды. Олардың олай деуi дұрыс та. Өйткенi олардың алды бүгiн-ертең қырық жасқа кiргелi отыр. Бiрақ мен үшiн олар — жастар. Ол үшiн менiң қадiрлi iнiлерiм мен қарындастарым сөге қоймас.
Сонымен..
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі