«Бастау сөзiмiзде» айтқанымыздай «Алтынкөпiрлiктер» атауының авторы — Маралтай Райымбекұлы. Сөз жоқ, осы алтынкөпiрлiктер iшiнде жұрттың көзiне жай оғындай жарқ етiп алғаш түскен де осы Маралтай. Мен Маралтай өлеңдерiмен тоқсаныншы жылдардың басында Маңғыстауда жүрген кезiмде таныса бастағам-ды. Оның сол өлеңдерiнен-ақ мен ә дегенге мә дегелi тұрған шәлкес шамшылдық, иiлiп-бүгiлудi бiлмейтiн, ненi ойлап тұрса соны ақтара салатын еркебұландық, шүрiппесi қайырулы тұрған мылтықтай кiм-кiмдi де сескентiп тастайтын сес байқағандай едiм.
Сөзiне тәнтi боп жүрген Маралтайдың өзiн 1996 жылы Жазушылар одағының екiншi хатшысы қызметiне келген кезiмде бiр-ақ көрдiм. Ол кез — «Абайдан Маралтайға дейiн» деген тiркестiң де шыға бастаған кезi. Айналайын Маралтайдың да аспан асты жер үстiне сыймай дүрiлдеп-ақ тұрған шағы екен. Артындағысын бiр теуiп сеспей қатырып, алдындағысын бiр қағып жапырып жiберетiндей тарпаң. Яғни, бiр өлеңiнде өзi айтқандай ол кез — Маралтайдың «бөтелкенiң қасында» жүрген кезi екен. Ал «бөтелкенiң қасында» жүрген адам ағаны неғылсын, жағаны неғылсын, қызметiңдi неғылсын, құзыретiңдi неғылсын. Ондай адамға аттың үстi түгiлi танктiң үстiнде отырған кiсiң де, пiшту.
Шынын айту керек, сол бiр тұста, жастардың iшiнде менiң әбден «нер-вiме» тиiп, жүйкемдi тоздырған да осы Маралтай болды. Мен де қай бiр жiбектей есiлiп, түбiттей түтiлiп, бiр лып етiп, бiр жылп етiп тұрған жұмсақ адаммын, Маралтайдың «қой» деген сөзге тоқтамай, «мен қой емеспiн, мен арыстанмын» деп шатынаған кезiнде, менiң де қай-қайдағы жыным қозып, тұла бойымнан тiкiрейген тiкендер мен сойдиған шөңгелер өсiп шыға келедi. Бiрақ, құдай қалап, нешеме рет шекiссек те кетiскен тұсымыз болмапты. Маралтай ертеңiне-ақ тап бiр нағашысының үйiне келгендей кабинеттiң есiгiн шалқасынан ашып жайраңдап жетiп келедi. Мен де жайылып сала берем. Артынша-ақ әлгi шәлкестiгi қайтадан басталады...
Әйтеуiр, абырой болғанда, күндердiң-күнiнде Маралтай да «бөтелкенiң қасынан» босанып шықты-ау.
Оның «бөтелкенiң қасынан» босанып шығуы да бiр хикая. Ол бiр күнi, шақырмаса да, бүкiл республика жұртшылығына белгiлi, қадiрлi ағайының тойына барған ғой. Цистерна болмаса да, бөшке-бөшке сыра, өзен боп ағып жатпаса да қалаулы тұрған десте-десте арақ пен шарап. Маралтайжан сол бөшке-бөшке сыраға қайта-қайта сүңгiп, қалаулы тұрған десте-десте арақ пен шарапқа қайта-қайта аунап-қунап құмардан бiр шығып, ақырында құлап тынбай ма?! Ертеңiне көзiн ашса — айдала... Кешегi бөшке-бөшке сырасын да, десте-десте арақ-шарабын да, солармен бiрге жүретiн қызық-шыжығын да iлестiрiп, киiз үй бiткеннiң бәрi көтерiлiп көшiп кетiптi. Бiр сөзбен айтқанда, Маралтай жұртта қалған. Содан шекесi балғамен соғып жатқандай солқылдап, тiлi аузына сыймай салақтап, iлбiп отырып бiр қараға iлiгедi де әупiрiммен аман қалады. Сонда ғана Маралтай мына бөтелке деген «доспен» дәл қазiрден бастап ат құйрығын кесiспесе, күнi ертең керексiз жыртық шүберектей немесе түбi түскен шелектей бiржола жұртта қалатынын сезедi. Сезедi де «ақаңмен» ант берiп қоштасады. Содан берi Маралтай арақты аузына алған емес. Бұл ендi туа бiттi тұла бойына бiткен мiнез берiктiгi.
Мiнез дегеннен шығады, бiр адамдар болады, iшкен кезiнде дүниенi түтiп жiберетiндей бетпақ болады да, ал ертеңiне жынынан айрылған бақсыдай жуас, бетiңе қарап сөйлей алмайтындай монтаны кейiпке түседi. Ал Маралтай олай емес. Ол қашан көрсең де тарпаң, қашан көрсең де дарқан. Әрине, қазiр оның бойында жынды су ұрттап алған кездегiдей есiрiк мiнездiң жұқанасы да жоқ. Ол естi ерке, бұла мiнездiң ақыны. Яғни, ол туралы Мейiрхан Ақдәулет айтқандай: «Бұл — әбден қанау мен қақпай көрiп, қамытқа жегiлiңкiреп келген қазақы өлеңнiң еркiндiкке шыққан кезiндегi «тентек баласы».
Бүкiл әлемнiң шәуiм басты ғұламаларынан бастап бiздiң Аманхан Әлiмұлына дейiнгiлердiң бәрi айтып келе жатқандай ақынды ақын ететiн мiнез, табиғи талант мiнезi. Қай талант та өз мiнезiмен туады.
Менiң жаным аппақ емес, қап-қара.
Қапияда от тигендей мақтаға.
Қарап қоям айнасынан уақыттың,
Маңдайдағы тағдыр дейтiн тақтаға.
Тәнiне орап тәлiмiнiң кебiнiн,
Жалпылдайды көптiң жықпай көңiлiн.
Жатырында қулық пенен сұмдықтың
Ессiз өскен бала-сынды өмiрiм.
Жүрек содан жетiм жандай ашынар,
Ашынар да шаншып, қайта басылар.
Жалғыз Жерде жалғыз ғұмыр кештiм мен,
Көзiм, сiрә, көрге кiрiп ашылар.
Бала арманым өлдi екен деп тереңде,
Болмас iске қабағымды керем бе?!
Жерге сыйлап жансыз қалған тәнiмдi
Көкке кетем көресiмдi көрем де!
Мiне, мiнездi өлең! Әйтпесе, «менiң жаным аппақ емес, қап-қара» деп қайсымыз айтыппыз. Айтсақ, бәрiмiз де мақтадай аппақпыз. Жанымызға шаң да қонбаған, тозаң да түспеген. Титiмдей кiнәмiз де, тырнақтай күнәмiз де жоқ сияқты. Осылай деу адам алдында да, ар-ұждан алдында да, Алла тағала алдында да барып тұрған күпiршiлiк екенiмен жұмысымыз жоқ. Шын адам, шын ақын ғана өз бойындағы мiн мен өз басындағы күнәнi жасырып қала алмақ емес. Абайдың өзi «ат көтере алмас мiнiмдi» демеушi ме едi. Жұрт бойындағы мiндi әркiм-ақ көре алады. Мықты болсаң, өз бойыңдағы мiндi көре бiл! Пендешiлiк жасап отырып, перiштенiң аузынан түскендей аппақпын деп кеудеңдi керiп, көкiрегiңдi ұрма! Бұл опасыз жалғанда, Құдай-ау, бейшара пендешiлiктiң қармағына кiм түспедi дейсiң, оның күл-қоқысына кiм былғанбады дейсiң! Бұл өмiрде қулықтың құйтырқы, сұмдықтың сұрқия жолы кiмдi адастырмапты. Өзiң адаспасаң, өзгелер алдап-арбап жүрiп адастырады. Ол да мiн, ол да күнә. Ондайда шын адам ғана өзiн-өзi ақтайтын дәлел мен дәйек iздеп кетпей, өзiн-өзi жерден алып, жерге салып даттай алмақ. Сондай жан ғана өзiн-өзi ұяттың уысына салып үгiтiп, өзiн-өзi ардың дарына асып қоя алмақ. Сондай адам ғана күйреп, күйiнiп сөйлеп, сондай адам ғана ашынып тұрып ашығын айтпақ. Сондай адам ғана «көзiм, сiрә, көрге кiрiп ашылар» деп өзiнен-өзi безiнiп, өзiнен-өзi түңiлiп сөз айтпақ. Сонда ғана адам жаны лас былғаныш пен күл-қоқыстан аршылмақ.
Маралтайдың өзiн-өзi бiр отқа, бiр суға салып сөйлеуi, өзiн-өзi кiнәлап, өзiн-өзi айыптап сөйлеуi осы өлеңмен ғана аяқталмайды. Ол арқасын қайта-қайта дойырдың астына төсеп, маңдайын қайта-қайта сойылдың соққысына тосады.
Бүгiнгi түн — мен үшiн ақырғы түн,
Өмiрiмнiң ажалға атын бұрдым.
Мың ұмтылып Аллаға дiлiм жетпей
Аян боп тұр сайтанмен жақындығым.
Әрине, ақынның өзiн-өзi кiлең осылай жерлеп, өзiн-өзi осылай қаралай беруi, түптiң-түбiнде, оны iштей күйзелiске түсiрiп қана қоймай, ақырында рухани күйреуге алып келерi кәдiк. Бұл жердегi ақынның «менi» жалқылық мәннен жалпы ұғымға ұласып кететiнiн бiле тұра осындай ойға келмеуiмiз мүмкiн емес. Өйткенi жалпы ұғым да жалқы көңiл-күйден шығады. Бiр-бiрiмен жалғас, бiр-бiрiмен мұңдас. Ал ол жалғас, мұңдас ұғымдарды байланыстырып тұрған нәзiк тiнге соншалықты ауыр салмақ түсiре бермеу керек. Әйтпесе, соншалықты ауыр салмақтан нәзiк тiн бырт етiп үзiлiп кетуi кәдiк. Ондай кезде ақынның жалқы көңiл-күйi жалпылық мән болудан қалады да, оны оқырман қауымның қабылдауы қиынға соғады. Дәл осыны өзiнiң iшкi инстинктi арқылы, өз бойындағы сезiм талшықтары арқылы жақсы түсiне бiлген Маралтай ақын тез серпiлiп, тез түлейдi.
Бәрi менi алдайды, алданам мен,
Алла, өзiне аманат қалған өлең, —
деп алады да:
Жүрегiмнен жүз бұтақ өрiп шығып
Айналып кетсе, шiркiн, талға денем, — дейдi.
Бұл ендi ақынның жанын жеп жатқан күмән мен күдiктiң темiр торларын тас-талқан етiп дүр сiлкiнiп, қарға аунаған түлкiдей түлеп шыға келуi. Мейiрiм мен қайырымға, iзгiлiк пен жақсылыққа ұмтылуы. Бұл жолдар — Маралтай шығармашылығындағы күре тамыр, басты кредо. Ендi ол қашанғы «көлеңкелермен сүйiсiп» өмiр сүрмек. Ендi ол, бiр сәтке болса да, «қобыз тартып қаңқылдап» өмiр сүргiсi келедi.
Әсiлi, мiнез ғана адамды өзгелерден дараландырып, мiнез ғана ақынды өзгелерден тосын сөйлетпек. Ондай мiнездi ақынның қуанышы да өзгеше образды тiлмен жауап қатпақ. Сенбесеңiз, оның нәрестелi болған кездегi сәтiне көз салыңыз.
Өмiрге мұрсат берiлдi...
Жарық дүние дидарын —
Екеумiзге бiрге жазды көрудi.
Менде дос көп, сенде жау жоқ (әдемi!)
Дұрысталды дүниенiң сәлемi.
Ластауға лайықсыз — Лә ил Аллам,
Сүйiншiге жанымды алсаң, ал ендi!
Бес күн ойдым бесiгiңнiң бедерiн.
(О, кiшкентай, — қайталанбас өлеңiм).
Шүмегiңнен шүметейiң шықса аман
Көрiмдi де өзiң қазсаң деп едiм.
Тұңғыш рет перзенттi болып көкiрегi қарс айырылып тұрған әкенiң жан-жүрегiн қақ тiлiп тұрған осы өлеңнен бәрiмiзге етене таныс қазақы қуаныштың иiсi бұрқырап тұрған жоқ па?!
Бiрде өзiне-өзi күмән мен күдiкпен қарап, ендi бiрде, нәрестелi болғанда, жер мен көкке сыймай қуанатын ақынның, кейде бәрiмiз сияқты, мына қым-қуыт, қырық құбылып тұрған дүниенiң қыры мен сырын да, қатпар-қатпар боп жатқан қыртысын да, тылсым-тұңғиығын да түптеп тани алмай әрi-сәрi күй кешiп дал боп тұратыны бар. Өйткенi ол әлi де өзiн-өзi толық танып болған емес. (Жалпы, адам баласының өзiн-өзi танып, бiлуi мүмкiн бе?!) Егер ол өзiн-өзi танып болса, бiрде «құран сүйiп», ендi бiрде «шарап iшiп қарқылдап» жүрмес едi ғой. Ақын жаны тұнып тұрған қарама-қарсылық, бiр-бiрiмен кетiсiп, бiр-бiрiне керi келiп тұрған қайшылық. Сондықтан да ол кейде:
Айт дедiң-ау, не айтам, жаным, саған.
Елдi айтам ба етегiн жаңа жапқан.
Жердi айтам ба денесiн жара жапқан.
Көлдi айтам ба шөл болып бара жатқан, —
деп жол айырығында тұрған жандай аңырап мұңын шағады.
Қай жағынан қараса да көңiл жұбатарлық, көз сүйсiнтерлiк ештеңе таба алмай қабаржып қамыққан ақын:
Жазылмаған жырымды оқып тұрамын
Қазылмаған қабiрiмнiң қасында, —
деп бiр-ақ қайырады.
Қазiр Маралтай шығармашылығы бабына келген дер шағы. Жiлiк майы толық, сiңiрi болат сымдай берiк, ең бастысы — рухы қайратты. Өйткенi ол рухын халқының «қаны мен сүтiне» илеп алған. Ондай таланттың бiздi әлi де талай-талай тамсандыра берерi сөзсiз.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі