Кейде көзге көрiнбейтiн тозаңдардан қаптаған гүлдер, немесе тырнақтай ғана дәндерден ағаштар өсiп шығатыны сияқты, кiшкентай ғана елеусiз бiр детальдан да қайратты өлең дүниеге келедi. Оған көптеген мысалдар келтiруге болады...
Алтынкөпiрлiктердiң тағы бiр талантты өкiлi болып саналатын Әмiрхан Балқыбекте де сондай бiр тамырын тереңнен тартқан қайратты өлең бар. Өлең — «Баба-ырым» деп аталады. Тақырыбының атына мынадай түсiнiк берiлiптi: «Бабалар ырымы бойынша тiлi шығуы кешеуiлдей бастаған сәбиге итаяқтан су iшкiзедi екен. Сондай жағдай менiң басымда да қайталаныпты». Ендi сол өлеңдi оқып керейiк.
Жұтаңдаумын, демен бiрақ жарлымын.
Баба ырымы, әлегi емес жарғының.
Қызыл тiлдi сөзге иiлту үшiн де
Итаяқтан суды да iшкен бар күнiм.
Итаяқтан суды да iшкем, сөкпегiн.
Айыптарға өзге күнәм көп менiң.
Ырзығымды табам қазiр еңбекпен,
Тiлдi бiрақ иемдендiм теп-тегiн.
Итаяқтан суды да iшкен бар шағым
Кез емес-тi ол көңiл күптi, арса мұң.
Сен шаршадың сәндi қуып, мен байғұс
Баба-ырымға баға таппай шаршадым.
Итаяқтан суды да iшкем.
Бабаның
Ырымына мiнезi жат қаланың
Көшесiнде көп-көрiктi қызбен де
Қызып кетсем ырылдасып қаламын.
Осы болды-ау замананың өлеңi.
Көп болған соң көр сезiмi, көбеңi.
Исi тiлге илiкпеген жандарға
Итаяқпен тамақ бергiм келедi.
Құдай сақтасын.
Бiр ырым — бiр деталь. Ал одан өнiп шыққан өлең қандай! Сол өлең көтерiп тұрған жүк қандай! Шоқ жұтқандай көкiрегiңдi күйдiрiп жiберетiн ашыну мен ыза қандай! Әрине, Әмiрхан ол ашу мен ызасын ала көзденiп айқайлап, жер тоқпақтап байбалам салып айтпайды. Исi тiлге тiлдерi сынбай жүргендерге «итаяқтан тамақ бергiсi келетiнiн» айтып салады да, сол бiр ашынуға толы ызалы ойынан шошып кеткендей «Құдай сақтасын» деп жағасын ұстап, тәубеге келгендей болады. Бiрақ айтылуға тиiс сөз, не болғанда да, айтылып кеттi.
Шын ақын — ұлттың үнi, рухы. Ұлттың үнi бола алмаған ақын, бар болғаны өлең құрастырушы ғана. Әрине, әр ақынның табиғаты да. болмыс-бiтiмi де, дүние танымы да әр қилы. Ақын бiткеннiң бәрi ұлттың ұранды сөзi мен үнi бола бермейдi. Бiреулерi — табиғат құбылыстарын, екiншiлерi — махаббатты, үшiншiлерi — адам жанының иiрiмдi қатпарларын, тағы бiреулерi — сұлулық пен әсемдiктi жырлауға бейiм тұрады. Бiрақ шын мәнiндегi ақын болатын болса, сол табиғат құбылыстарынан да, махаббат тақырыптарынан да, адам жанындағы иiрiмдi қатпарлардан да, сұлулық пен әсемдiктен де қазақы әуен, қазақы мiнез, қазақы көзқарас табуы керек.
Сөз жоқ, жоғарыда бiз келтiрген Әмiрхан өлеңi бүкiл қазақ халқының мұңы мен зары боп келген бүгiнi көмескi, ертеңi бұлдыр тiл тағдырын көрсете бiлген. Ия, бәрiмiз көрiп отырмыз, дәл қазiр елдiң екi тiзгiн, бiр шылбырын қолдарына ұстап отырған азаматтар тiл тағдырын әрi тарт та берi тарт етiп, қақпақыл етiп ойыншыққа айналдыра бастады. Әмiрханның осы өлеңiн оқыған кезде солардың бәрiне, өз қолыңмен, итаяқтан тамақ бергiң кеп кетедi. Жақсы өлеңге тәнтi болу деген, оған тамсанып, таңдай қағып, көзiңдi жұмып бас шайқау емес. Жақсы өлеңге тәнтi болу деген сенiң де тұтас бойыңда жатқан ой мен сойды, әрекет пен «бәлекеттi» қозғап, орнынан көтеру. Тебiренту, толқыту.
Жалпы, Әмiрхан Балқыбек уақыт пен кеңiстiкте өзiн еркiн сезiнедi. Содан болса керек ол бүгiннен ертеңге, ертеңнен өткенге емiн-еркiн өтiп кете бередi. Ол, тiптi, кешенi жырлап отырып бүгiннiң гәбiн, бүгiннiң мұңын айтып отырып кешенiң мұңын ешқандай кедiр-бұдырсыз үйлестiрiп жiбере алады.
Бұл — Әмiрханның әдебиетке мол дайындықпен келгенiн көрсетсе керек. Шынында да, Әмiрханмен әдебиет туралы әңгiмелесiп пiкiр жарыстыра қалсаң, айтысқан адамын бiлiмпаз Асқар Сүлейменов секiлдi алып та, шалып та жығып кетпесе де, бiрқатар мәселеде көп адамға алдырмайды да, шалдырмайды да. Бойында интелектуалдық қуат жеткiлiктi. Оның уақыт пен кеңiстiк iшiнде өзiн «еркiн жел» сезiнетiнi содан болса керек. Сондықтан да ол:
Жанды тербеп мәңгiлiктiң ағыны
Тән арыды. Арман бiрге арыды.
Жанарымды қытықтайды нұрымен
Мың жыл бұрын сөнген жұлдыз жарығы, —
дей алады.
Әдетте, уақыт пен кеңiстiкте өзiн еркiн сезiнетiн ақын, ең алдымен, өзiнiң өткенiн, яғни, рухани тамырын iздесе керек. Ондай ақын сол рухани тамырдан қоректенiп, рухани тамырдан көктеп-өнерi сөзсiз. Әмiрхан дәл сондай ақын. Тiптi оның ғасырлар ар жағында қалған өткенiңiзбен күнделiктi қатысып, хабарласып, солармен аралас-құралас қатар қонғандай болып отыратыны бар.
Аптап.
Ыстық
Ақыл-естен тандырған,
Дұрыс болар кең далада қаңғырған.
Қонатұғын жер жоқ деме,
Қыр асты
Балбал қала қарсы алады алдыңнан, —
деп ғасырлар қойнауына кiрiп бара жатады. Әрине, сол балбал қаланы қызықтап, оған тамсанып, таңғалу үшiн емес. Ең алдымен, өзiн көру үшiн, өзiн тану үшiн.
Бәрi осында,
Қас батыр да, қаған да.
Бәрi осында
Арғы атаң да, анаң да.
Айтшы, досым,
Өзiңдi емес, Өзiңнiң
Өзегiңдi көре бiлсең жаман ба?!
Ендi ол бiздiң болжамымыздан да әрiрек кеттi. Өйткенi ақын ол балбал тастардан өзiн ғана емес, өзiнiң өзегiн, яғни түп-тамырын танып-бiлмек. Тiптi ол балбал тастарға жан кiргiзiп, оларды әрекет пен қарекетке түсiрiп қояды. Оның балбал тастармен «достасып» алғаны сонша, «қала жақта жанжал болса жан-жағың, балбал жiгiт сыйлар саған қанжарын» деп олардан қолма-қол көмек алатын дәрежеге жеткен. Әрi қарай оқиық.
Ер мұратын қолдағандай дауыс көп.
Тостағанда түк қалдырмай тауыс тек.
Бала болып аттанасың далаға,
Дана болып ораласың қалаға...
Сосын сенi ойлайды жұрт ауыш деп.
Қала өмiрi,
Ит тiршiлiк тағы да.
Асау мезгiл маза бермей қаныңа
Шөлдегенде...
Тостағанын ұсынған
Балбал тастар оралады жадыңа.
Бәрiн былай қойғанда, ақын ендi ғасырлар қойнауында қалған балбал тастардың қолындағы сусынға шүпiлдеп тұрған тостағанынан шөлiн басыпты, мейiрiн қандырыпты. Ендi ол шақпақ тасқа қайралған шарболат қанжардай әрi қайратты, әрi өткiр.
Дей тұрғанмен, ол қаншама өткен тарихпен көршi-қолаң қонып, онымен ауыз жаласқан дос-жарандай араласқанмен, ол бәрiбiр осы уақыт пен заманның ақыны. Өйткенi ол: «Он ғасыр бұрын туғанда, бабамның жолын қуғанда, тоғысқан тоғыз тараптың таңдау боп бiрi тұрғанда, бойыңды, ойым, жасырма. Кiм болар едiм расында?» деп, өткен заманнан өз орнын iздеп алағай да бұлағай күйге түсiп, бүгiнгi күннiң көкейiңдi бiрде кесiп, бiрде тесiп жатқан сан қилы, сан сырлы тiршiлiгiне қайта оралады. Оралады да уақыттың дауылды өтiнде қалтырап, қамығып тұрған халқын, тығырыққа кептелiп қамалып тұрған сол халықтың көздерi жәутеңдеген арманы мен үмiтiн көредi. Жанарында — жас, жүзiнде — нала.
Уақытымды күте-күте бiттi әлiм.
Маңай тұман, жұлдыз бiткен адасты.
Кiм бiледi, кiмдер не iстеп жатқанын,
Кiмдер қалай жұбатарын алашты? —
дей келiп,
Қасiретiмдi түсiн мейлi, түсiнбе,
Өз талайын әркiм өзi тапқандай.
Жонарқамда, жұлынымның iшiнде
Жауынқұрты қабiр қазып жатқандай.
Бұл — тек қана ақынның жеке қара басының ғана азабы емес, әрине. Бұл — халқының бүгiнi мен ертеңiн ойлап қамығып-жабығатын бар қазақтың қазiргi халi. Шынында да, халқының келешегiн ойлап қабырғасы қақырап сөгiлiп бара жататын, өзiн-өзi қадiрлейтiн қай қазақтың да санасын жебiр құрт кемiрiп, жұлынын жауынқұрт жалмап жатқан жоқ па?! Тағы да Әмiрхан жұлыныңды жауынқұрт жалмап жатыр демейдi. «Жұлыныңның iшiнде жауынқұрт қабiр қазып жатқандай» дейдi. Бейне бiр мына қатыгез тағдыр, зұлым уақыт тәнiңдi жерге бермей-ақ өзiңе-өзiңдi көметiндей. Неткен қатал үкiм!
Мына дүние ту-талақай боп тозып, ойың онға, санаң санға бөлiнiп, тұла бойыңнан қан сорғалап қансырап, жан-жағыңнан андыздаған сан сұраққа жауап таба алмай сансырап қалған ақын не iстеу керек.
Иа, Аруаһ!
Қалмасам да тұралап,
Бiздiң бастан ұшады ендi, сiрә, бақ.
Ақының боп аңырайын соңғы рет,
Соңғы сөздi Тәңiрiмнен
Сұрап ап!
Әмiрханның өзi айтқандай «Құдай сақтасын» дейсiң мұндайда. Ондай халдi басымызға бере көрмесiн. Бiрақ жаман айтпай жақсы жоқ демеп пе едi дана халқымыз! Бұл сөздер тiптi де күйректiк емес. Қайрау. Сенi, менi ойландыру. Ояту. Сiлкiнiп, серпiлмесең түп-тұқияныңмен құрдымға жұтылып құрып кетесiң дегенi. Әйтпесе, Әмiрхан Балқыбек «көңiлiне тауды алып, сенiмiне аспанды ап» жүре алатын ақын.
Тек менiң бiр байқағаным, байқағаным емес-ау, байқап жүргенiм Әмiрхан Балқыбек тым сараң жазады. Әрине, сараң жазу кемшiлiк емес. Оны өзiне-өзi қатал қарау деп ақтап алуға болады. Бiрақ оның да шетi мен шегi болса керек. Не болғанда да, менiң ойымша, Әмiрхан өз мүмкiншiлiгiн тұсап, өз қарым-қабiлетiн арқандап ұстап отырғандай көрiнедi де тұрады. Арқырап-сарқырап келiп тұрған шабыт арынын тiзгiндеп, екпiнiн тежеп, өзi айтқандай «шабытты құлыптап өмiр сүру күнә». Бұл жерде мен оның өз «Ескертуiн» өзiне қаратып айтқым кеп тұр.
Бiр ғасырдың аяғы, бiр ғасырдың басында,
Шабыттары құлыпта, шашы ағарған отызда.
Қырығында қарт болған ақындардың да
Болғанын
Ей, Уақыт, ұмытпа!
Ұмыттырмау үшiн не iстеу керек екенiн басқа-басқа Әмiрхан жақсы бiледi.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі