Менiң алдымда шығармашылығын өзiм қадағалап жүретiн ақындардың бiрi Батырболат Айболатұлының «Мен ғашық қыз» атты бiр жапырақ қана жыр кiтабы жатыр. Әдебиетке ол ертерек келсе де, кiтабы тек 1996 жылы ғана жарық көрiптi. Содан берi он бiр — он екi жыл өткен. Өздерiңiз байқап отырғандай, бұл топтама мақалаларымда алтынкөпiрлiктердiң тым сараң жазатындарын айтып өткем. Бiрақ бұл сөздi тек бiржақты түсiнуге болмайды. Сараң жазады дегенде олар қаламдарын мүлде суытып қойған деген ұғым тумау керек. Сөз жоқ, олардың қай-қайсысында дәл қазiр ең құрығанда бiр-бiр жыр жинақтары дайын екендiктерi сөзсiз. Алайда оларға деген министрлiк тарапынан да, баспалар тарапынан да тиiстi ықылас пен қамқорлық жетпей жатыр ғой деп ойлаймын.
Пышақтың қырындай ғана сол жинақтағы алғашқы өлеңдердiң бiрi «Өз әлемiм бар менiң» деп аталады. Сол өлеңiнде ол: «Жаңа жырды шырақ етiп кiремiн пенделiктi босағада қалдырып» дейдi. Ал ақынның iшкi әлемi деген мына қапылысы да, қақтығысы да жетерлiк, мұңы мен қуанышы салаласып-сабақтасып, бiрде қатар өрiлiп, ендi бiрде тарқатылып жатқан, дүркiреген дүрмегi де көп, шешiмi табылмай жатқан күрмеуi де көп дүние ғой. Ондай әлемге ендеп кiрiп, ондағы болып жатқан қым-қуыт оқиғалар мен алыс-жұлыс арпалыстарға кесiм айтып, шешiм шығару үшiн сен, ең алдымен, өз басындағы күнкөрiс қамын ғана ойлайтын күйбең-күйбең мiнезден, бейшара пендешiлiктен арылып алуың керек. Тек сонда ғана сен өзiңнiң ең бiр жауапты аймағыңа кiре аласың... Ақын, мiне ендi, өзiнiң iшкi әлемiн қарастырып отыр.
Күз сыпырып кеттi iшiмдi
Үздiм ойдан жапырақ-мұң.
Тоғышарлау, тоқ пiшiндi
Ақымаққа — ақымақпын.
Көңiл қалды пенделiктен
Әлiм бiттi — зая күндер.
Таппай келем сенделiп мен
Сезiмiмдi қоятын жер.
Ақын жаны да мына өмiрдiң өзi сияқты алай-дүлей, ығы-жығы, сапырылыс. Тiптi онда сезiмiңе де орын жоқ. Өмiрдiң өзiндей алай-дүлей болып жатқан өз әлемiне үңiлген ақын, әдетте, сол алай-дүлей дүниенi реттеп немесе «жуасытып» тастау үшiн үңiлмейдi, соның iшiнен керегiн тауып, қажетiн «өндiрiп» алу үшiн, оны рухани игiлiкке айналдыру үшiн үңiледi.
Өкiнбеймiн! — Жанды жырмен жұмсарттым,
Аш көңiлдi абаданға құрсақ қып:
Көкке қарап ұлып тұрып қасқайып
Сордан бақыт тартып алдым бiр сәттiк.
Кейде ақын дәл осындай өжет, долы болуға тиiс. Жақсылықтан әркiм-ақ бақыт таба алады. Мықты болсаң, тiптi бiр сәттiк болса да, сордан бақыт тартып ал! Мiне, қайрат! Мiне, рухани қуат. Адамның намысын жанып, жiгерiн қайрайтын жолдар осындай болса керек едi.
Әрине, «сордан бақыт тартып алатын» ақынның өзi де кiлең маңдайы жарқырап, жалы күдiрейiп, мерейi өсiп, мәртебесi биiктеп жеңiске жете бермейдi. Оның да жабығып жасып қалатын, соққыға жығылып, тауаны қайтатын тұстары аз болмаса керек. Ал ондай кезде ақын күйi қандай болмақ?
Рухымды дертке шалдырдым
Кәсiпкерлiкке обалы.
Тәнiмдi жерге қалдырдым...
... Жұлдызым жоғары.
«Рухы дертке шалдығып» ақыры тәнiн жерге қалдырып бақилыққа кетсе де, бәрiбiр өршелене өжеттiк танытып «жұлдызым жоғары» деп тұр.
Бiрақ оның қаншама өршеленiп, қаншама өжеттiк керсетсе де айналада болып жатқан алақұйын, аласапыран тiршiлiктен қажып шаршамауы мүмкiн емес. Бұл — бәрiмiздiң басымыздан өтетiн жайт. Ондай сәттерде тұмандай тұнжырап, итсiлiкпең шығып қалжырап қалатының хақ. Сондай бiр сәттi Батырболат әдемi-ақ айтқан.
Бiр түнiмнен ұйқым қашты,
Бiр түнiмнен күлкiм қашты...
Баянсыздау сезiмдердiң
Байсал ойым
жұртын басты.
Бетке жамап жасаң әрдi,
Көңiлiмнiң шашы ағарды...
Көзден қызық бұл-бұл ұшты,
Көрген қызық тасаланды.
Жеңдi бiлем тұрмыс менi
Жұрттың, қырттың түрлi iстерi...
Жерiп, тойып,
ойдан мүлгiп
Қартқа айналдым жиырма үштегi...
Бiр түнiмнен ұйқым қашты...
Бiр күнiмнен күлкiм қашты...
Небiр кiсәпiрлiктер мен мүсәпiрлiктердi көре-көре жиырма үш жасында-ақ қартқа айналған Батырболатты ғана емес, сондай сәттердiң талайын басынан өткiзген көзi ашық, көңiлi ояу барша естi қауымды аяйсың!
Өзiнiң iшкi әлемiнде болып жатқан сан сапырылыстар мен сан қапылыстарды, берiш боп қатқан мұңы мен шемен боп жатқан шерiн ақтарып сөйлей алатын Батырболат, бәрiбiр, ең алдымен лирик.
Лирик болғанда да, төгiлiп тұрған лирик. Махаббат лиригi. Оны «Жұматайдың iнiсiмiн өлеңде сiңiлiсiне өле ғашық Ләйлiнiң» деп өзi де мойындайды. Ол әрине,
Қылығы бала сықылдым,
Қытығым жеңiп ұтылдым:
Жанарымды ұрлап жұтындық,
Тамағым құрғап, жұтындым,
Қылығы бала сықылдым... —
деп тандайына кәмпит салып тамсанып тұрған бұл өлең, одан гөрi тереңiрек, одан гөрi әлдеқайда қуатты естiлетiн «Махаббатын мәшһүрлейтiн мұнара бiткен күнi басы алынар шебердей» деген басқа бiр өлең жолдарына ауысады. Бәрiмiз де махаббат туралы жазғанбыз, бiрақ көбiмiз барша әлемге паш ету үшiн махаббат мұнарасын салып ап, басын семсер астына тосатын шебердей хал кештiк деп айта қоюымыз екiталай-ау, екiталай. Сонда ақын ғашық болған қыз, Құдай-ау, қандай болғаны?! Ай десе аузы, күн десе көзi бар, көркiмен көңiлiңдi де, көзiңдi де арбап тұратын сиқыр перiнiң қызы ма, жоқ, әлде, көктен ғана көлбеңдеп көрiнетiн перiште ме?! Ендi жүзiмiздi соған бұрайықшы.
Мына жалған — жалған екен, тым жалған!..
Бейбақ басқа берген болды-ау мұңды арман.
Мен сүйген қыз сыймайды екен жалғанға, —
Немесе оған лайық емес бұл жалған! — деп бiз күткендегiден де асыра мақтап, марапаттап алады да:
Осы болса өмiрiңнiң сияғы,
«Өлең емес, өксiк» десем сияды.
Түкiрдiм мен сол бейнеден басқаға
Жетпейтiндей еш пенденiң қиялы!..»
Ал, әйтпесе! Сүйсе, Мәжнүн ғана осылай сүйген шығар-ау! Бiрақ ақын өзегiн суырып берердей боп өлiп-өшiп сүйген сол жанның қасына баруға жасқанады, батылы жетпейдi. Тағы да ақынның оқырманды әрi-сәрi ғып, не айтарыңды бiлмей ал-дал етiп қоятын бiр қызық тұсы, ол өзiнiң ғашық қызын өзiне де қимайды! Түсiнiп отырсыз ба, өзiне де қимайды!
Құдай куә, қол созуға жасқанам...
Сен өйткенi ерекшесiң басқадан!
Өзiме де қимаған соң, қорқамын
Қадiрiңе жетпей ме деп басқа адам.
Сүттен де аппақ, ауадан да жеңiлсiң...
Сұқтанғандар бағаңды ұқпас сенiң шын.
Нәзiктен де, нәзiгiм-ау, менiң сол
Олар сенiң қадiрiңдi не бiлсiн?!
Талшыбығым, таң шығындай
тұнығым,
Сәби сынды сүп-сүйкiмдi қылығың.
Өмiрiне жүрегiмнiң жүгiнiп,
Тәңiрiме айналдырды ұғымым.
Атыңды мен аяттайын жаттадым,
Көз моншағым, кәусар ауам, ақ таңым.
Гүл қауызды ерiнiңнен әдемi
Қиялымда өбуге де батпадым...
Бақиға хас бақытыма мас болам,
Сен ерекше жаралған соң басқадан...
Өзiме де қимаған соң, қорқамын
Қадiрiне жетпейдi-ау деп басқа адам.
Сүйгенiн «қиялында да өбуге батпайтын» мұндай ақынның жүрегi таңғы шықтай таза, ақ бұлттай аппақ болса керек. Ал ондай таза, ондай аппақ жүректен, не айтса да, аңғардан соққан желдей боп бүкпесiз аңқылдап айтылатын, кiнәратсыз талай-талай сыр мен гәп тыңдай берерiмiз сөзсiз.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі