«Көкемарал — тамыр қошы аңқыған иiрдейiн иелi, киiк-отындай киелi дәру шөп. Үйiрiн жауға бермейтiн кербез де кесек кер бұғылар жыртшықтардан жазатайым жарақат ала қалса, көкемарал дәруiне аунап-қунап сақаяды. Кералаң замандардың талайын бастан өткерiп, ендi-ендi ғана еркiн тыныстай бастаған Елiмiздiң де Жан жарасы мен Тән жарасы жетерлiк, Менiң «Көкемаралым» соған шипа болса екен» дептi Бақыт Беделханұлы өзiнiң жыр жинағы жайында. Сөз жоқ, ықылас толы iзгi ниет. Қаншама ғасырлар бойы зорлық пен зомбылықтың өзегiне қорғасын құйылған тоқпақтай жуан дойырының астынан, босағасында бұралқы иттей сүмеңдетiп қойған кемсiту мен қорлаудың тепкiсiнен, жыртқыш, қорқау азулылардың аяусыз талауынан өлiп-талып, қансырап зорға құтылған байғұс халқымыздың, несiн айтасыз, тағдыры да, жаны да, жұлым-жұлым, жара-жара. Оны емдеу үшiн халқым деп қамыға бiлетiн қайсымыз да дәру табуға, шипа iздеуге мiндеттiмiз.
Кезiнде абыз ағамыз Әбiш Кекiлбаевтың дуалы аузымен үнi де, уiлi де ешкiмге ұқсамайтындығынан, айрықша тосындығынан «бiртүрлi ақын» атанып кеткен Тыныштықбек Әбдiкәкiмұлы осы жинаққа жазған алғысөзiнде былай тебiренiптi: «Түпкi Жаратушыны да байырғы бабалар дәстүрiмен «Жұпар iие» (Жұпар Алла) айтатын Бақыттың «Көкемаралының» iшi толы өлеңшөптей құлпыра қаулаған. Өлеңсөз! Бiреуi оның шашыратқыдай ащы, екiншiсi — қызамықтай жасыл, үшiншiсi — барқытшөптей бояуға бай, төртiншiсi — қызанақтай әтiр иiстi, бесiншiсi — бес саусақтай тәттi, алтыншысы — қарғакөздей бек уытты, жетiншiсi — кәдiмгi ... гу-гу гүлдеу үстiнде! Қалай десек те, соның бәрi, өз уағында, өз кезегiнде, қазiргi мына жатбауыр қоғамнан да өгейлiктi көп көрiп өксiп жүрген өзектерге, автордың өзi тiлегендей, өзiнше ем болып қонады деп ойлаймын» деп әдемi тiлек айтыпты.
Көкемарал шөбi неге соншалықты дәрулi, неге соншалықты шипалы? Ең алдымен, ол өсiп тұрған топырақ — қасиеттi топырақ. Өйткенi ол топырақты аралап мына халықтың «сан ғасырлық қаны жүр». Яғни, көкемаралдың бойына да ғасырлар бойы төгiлген қанның ыстығы мен қуаты сiңген. Ол қан ыстығы мен қан қуаты дәру мен шипаға айналған. Сонымен бiрге, туған жердiң топырақ, тас, шөбiне дейiн ақынмен тамырлас. Тiптi тағдырлас.
Мен осы алтынкөпiрлiктердiң шығармаларын оқып отырып бiр сүйсiнгенiм, тамырларын да, тағдырларын да өткеннен iздейтiндерi болды. Бейне бiр олар өткенсiз өмiр сүре алмайтындай. Яғни, олар өткенiң тұлдыр болса, ертеңiң бұлдыр деп бiледi. Олардың өлеңдерiндегi өткен мен бүгiннiң, бүгiн мен ертеңнiң тiзе қосып бiрге өмiр сүрiп жататыны қандай жарасымды. Тiптi Бақыт Беделханұлы өткенге бүгiннiң көзiмен ғана қарап қоймайды, өткеннiң көзiмен бүгiнге де қарай алады. Күнi кеше ғана алқам-салқам боп ашылып, қора-қопсылары шашылып, есiк-терезелерi үңiрейiп қалған ауылға кiмдер қарап тұр дейсiз ғой.
Күйкi тiрлiкпен мүжiлген аядай ғана
Ауылға қара, қорымдар қарап тұр, әне...
Бiз, әдетте, бүгiнсiз өткен де, ертең де жоқ деп жатамыз ғой. Сөйтсек, өткен де бүгiн мен ертеңсiз өмiр сүре алмайды екен. Өткен де кiлең бiр өлi төмпешiктерден тұрмайды екен. Ол да тiрi әлем екен. Ол да бiзге, бүгiн мен ертеңге алаң екен.
Бүгiн түгiлi, өткеннiң бiзге алаң көңiлiн аңғара бiлген сергек ақын бұл жалған дүниенiң түп-тамырын кемiрiп, iшiнен үңгiп, етiн езiп, сүйегiн үгiп бара жатқан не бiр әлеуметтiк зардаптарды көрiп қапаланып, налып сөйлейдi. Не нәрсеге де әрiрек, тереңiрек қарауға шақырады. Әрине, ұран тастамайды. Атамзаманнан берi келе жатқан әрi қадiрлi, әрi кәделi сөздiң байыбына баруға, байламын аңғаруға, түпкi түйiнiн ұстауға шақырады. Ондай кезде Бақыт үшiн тақырып болуға халықтың «қарға тамырлы қазақпыз» деген дана тiркесi жетiп жатыр.
Қарғаның жарық дүниесi-ай,
Айналасы түгел аппақ пар.
Алақұстың айтқан әңгiмесi-ай,
Тақылдап тұрған тақпақтар.
Тақпақты қойшы, қарғаны айтам да,
Қарға тамырлы қазақ-ау!
Әлде бiр құстай зарламай таңға
«Қарқ» еткен үнi ғажап-ау, —
деп сүйсiнедi. Құдай-ау, әдетте, бiз үшiн қарғадан өткен сұмпайы, қарғадан өткен жексұрын құс бар ма едi?! Бұл ұғым — заңдылыққа айналған ұғым едi ғой. Қазақтың қарға тамырына құрт түсе бастағанда ол ұғымымыздың да тас-талқаны шығады. Бiреуi олай, бiреуi былай қарап бара жатқан қалың қазақ баласы тамырына қайта бiр қайырылып қарағанын қалайды.
Жалына тақтың жармасып өлген,
Көкесi,
қарғаны жазғыра көрмешi!
Қарға тамырлы қазақпыз ғой
Үмiтiмдi үшке бөлмешi.
Тас керең боп қалғыр құлағымыз талай-талай есiтiп, ағып түскiр көзiмiз талай-талай көрiп жүргендей қазiр көп-көп азаматтарымыздың бойын кесапатты кеселге, ойын жазылмас дертке шалдықтырып бара жатқан рушылдық пен жүзшiлдiктi Бақыт та аз көрмегендей. Соларға ол «үмiтiмдi үшке бөлмешi» деп ызалана жалбарынады.
Жалпы, Бақыт Беделханұлы — тынық ауаны ысқыртып тiлiп түсетiн өлең жолдарының жылан бауыр бишiгiн сiлтей алатын ызалы ақын. Туа бiттi табиғаты солай ма, жоқ, әлде, мына өмiрдегi аттаған сайын андағайлап шыға келетiн келеңсiздiктер мен оспадарлықтарды көре-көре солай болған ба, бiлмедiм.
Көп ақын күйiнiп сөйлесе болды күйреп шыға келедi ғой, ал Бақыт олай емес, күйiнiп сөйлесе-ақ қақпанға түскен қасқырдай өз аяғын өзi шайнап, ызаға толып, өршеленiп, аласұрып кетедi екен.
Арман жолынан тайқып кеттi.
Жалған жанымнан тартып кеттi.
Қалған көңiлiм қамығып,
Ардан кебiнiн жамылып
Аппақ әлемге қайтып кеттi.
Уақыт санамды қырқып кеттi
Бақыт жағамды жыртып кеттi.
Кiмнен көрерiн бiлмей,
Кiмге сенерiн бiлмей
Үмiттерiм үркiп кеттi.
Адам да, қоғам да
бәрi әдемi ғой деп
Анау көкем
Немененi қыртып кеттi?!
Мен осы жолдардан, дәл қазiр, әбден ызаға бұлыққан жанның, бiрақ басқа қылар амалы қалмай отыз екi тiсiн шақұр-шұқыр еткiзiп қайрағанын естiп тұрғандаймын. Мен бұл жерде болмашы нәрсе үшiн өн бойынан боран тұрғызып, түкке тұрмайтын нәрсе үшiн тұландай түтiгiп шыға келетiн бейшара пендешiлiк ашу мен ызаны айтып отырғам жоқ, халқының қамын ойлап булығатын азаматтық ашу мен ызаны айтып отырмын. Сондай адам ғана «тiрiмде — сiрiмiн, өлгенде — тiрiмiн» дей алса керек.
Тағы да Беделханұлының ызасы — мұңды ыза. Мұңды ыза! Былайша тiршiлiкте бiр-бiрiмен қабысып-табыспақ түгiлi, мүлде жанаспайтын керағар ұғымдар ғой. Ақынның ақындығы сонда, кейде ол керағар ұғым-дарды да қабыстырып, табыстырып жiбере алады. Сондықтан да оған «мұңдымын, кейде, жындылығыммен құндымын» деген сөздердi де сол табиғи болмысы айтқызып тұр.
Кейде Бақыттың да аласұрған ашу-ызасын ақылға жеңдiрiп, барақат тауып аялдап, салиқалыққа бой алдырып, сабырмен сөйлер тұстары болады. Ондайда ол:
Ол жақтағы өлерменiң
Өмiр сынды қияли.
Оу, ақыным, бөгелмегiн
Қаламыңа сия құй.
Қақтап сауып қаныңды құй
Аппақ арың сөйлесiн!
Ал, ол үшiн жаныңды қи
Тоқтамасын ой-көшiң.
...Қанбадың ба әлi ұйқыңа,
Алдыңда азап тұр бүкiл.
Тасқа айналған тағдырыңа
Тағдырыңмен тiл бiтiр.
Бiрақ мұндай салиқалық пен сабырлылық бiр сәттiк қана хал. Айналада болып жатқан кiсәпiрлiктер мен мүсәпiрлiктердi, зорлық пен зомбылықтарды көре тұрып, төбесiнен жаңғақ шағып жатса да түк болмағандай, етегi егiс, жағасы жайлау боп отыра беретiн, тiптi, тойдан-той өткiзiп жататын мына қалың қауымды көрiп назаланған ақын қайтадан қыл шылбырдай ширатылып шиыршық атып шыға келедi.
Ұлыңды құрбан шалып,
Күңiңдi думан салып
Көргенiм үшiн,
Күн үшiн тiлдi сатып
Бiрiне-бiрiн шатып
...Келгенiң үшiн, —
дейдi ол аузымен от бүркiп жiбергендей. Ендi ол олай сөйлемей қалай сөйлесiн. Қарап тұрса, халқының мұңы мың батпан, халқының зары мың қатпар.
Пенделiкке қарамайтын пысқырып,
Сұр заманға қайтедi ақын сұс қылып.
Өз кеудесi, өз бөлмесi — кең сарай,
Табанында қоғам жатыр ысқырып.
Арасында жанның зары тыңдалар...
Тау басында мұнарланып мұң қалар.
Мұңыңды айтып жерге сiңер жылғалар,
Зарыңды айтып көкке ұшады тырналар.
Бұл қатыгез дүлей дүние ендi тырналар үнiмен аспаннан айтылар ол мұң мен зарды естiр ме екен?! Әй, қайдам-ау...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі