Дәурен Берiкқожаұлының 1996 жылы жарық көрген жыр жинағы қолға түспедi. Қолға тигенi — биттiң қабығындай ғана соңғы жинағы. Содан да мен Дәуреннiң толық мүмкiндiгiн қамтып сөйлей алмайтын сияқтымын. Бiрақ оның ақын екендiгi анық. Бұл сөзiмiзге осы жинақтың алғашқы бетiн ашып қалғанда-ақ, жанып тұрған пештiң ауызын ашып қалған кездегi жалын қызуындай лап ете түсетiн екпiндi леп куә.
Есiре соққан Ебi жел,
Екiлен тағы, екiлен!
Ез туған елге егесiп,
Егiзiң болып кетiп ем...
Бөлтiрiк елiм шығарып
Бөрiлiгiн есiнен
Қанымды менiң қарайтса
Қан майдан шығар, несiбем!
Осындай құрыштай берiк, арқар мүйiздi, атан жiлiктi сөздер жонын күдiрейтiп алдыңнан анталап шыға келген кезде, оны ақын емес деуге кiм-кiмнiң де әддi бара қоймас.
Әсiлi, өлеңнiң өлеңдiгi, ең алдымен, өзегiне рух құйылған сөзде ғой. Майы таусылған шамдай бiлтесi бықсып өлеусiреген өлеңнен, тiптi образы бар, теңеуi орнында, ұйқасы мiнсiз бола тұра, бiрақ рухы жоқ болса, яғни қайратсыз болса, не үмiт, не қайыр. Өлеңнiң жан бiтiретiн тамыры — рух. Оны Дәуреннiң «Найзақарамен тiлдесуiнен» де танып-бiлуге болады.
Ей, ажары талақ — көкбет шың!
Намысты туған нар қайда?
Өртенбей жатып өкпек мұң,
Өкiртiп бiздi алмай ма?!
Маңдайда не тұр, маңдайда.
Еңсесi биiк ер бiткен
Айылын тартса болмай ма?!
Аруағы биiк қай-қайда —
Абылайдай Ар қайда?
Наурызбайдай нар қайда?
Алаңсыз, арсыз айқайға
Шаңқ етпей шерiм тарқай ма?!
Ей, қатулы қабақ — найза шың!
Дауылды күнгi арқырап, шулап көтерiлетiн теңiз толқындарындай жал-жал боп көтерiлген сөздердiң орамдары сенiң жүзiңе дым бүркiп, су сiлкiп жiбергендей сен де тiктенiп, ширығып бара жатасың. Тағы да оның асқақтығын, iрiлiгiн айтсаңшы. «Ей, ажары талақ — көкбет шың» деп тұр ғой. Ақын бейне бiр найзақара шыңнан да биiкте тұрып сөйлеп тұрғандай.
Өзегiнде оты бар ақын, кезегiнде ешкiмге де есесiн жiбермейдi. Айтатынын айтып қалады. Ондай ақынның тақырыбы да, қадап сөйлер нүктесi де әйтеуiр бiр қауқар-салмағы жоқ кәкiр-шүкiр, ұсақ-түйек болмаса керек. Кеше ғана Найзақарамен кеудесiн керiп сөйлесiп тұрған ақын, бүгiн ендi неге төменшiктей қалсын. Ендi ол өр Алматымен тiл қатысып тұр. Әрине, Алматыға кiру де, оған сiңу де оңай емес. Ол орасан қарсылыққа ие. Ол қарсылықты жеңу үшiн үлкен күш керек, қайтпас жi-гер керек. Әлбетте, Алматыға етiгiңнiң жыртығынан шұлғауыңды сүйретiп, сүмелектенiп сүмiрейiп кiруiңе де болады. Солай кiрдiң бе, онда сен сол сүмелек қалпыңда қалдым дей бер. Сен Алматыдан өз орныңды сүйменмен мұз ойғандай ойып тұрып алмағаннан кейiн, бәрi бекер. Сондықтан да ол Алматы табалдырығын атой сап аттайды.
Ханың бар ма әдiлеттi?!
Бар датым!
Мен болайын ең ақырғы
Зарлы ақын.
Өз емiңе жарап қалар
Ұлыңды
Өзегiне теппешi ендi,
Алматым!
Тағы да ол Алматыға жүк артайын деп, салмақ салайын деп немесе бәл сiнiп, бұлданып келiп тұрған жоқ. Дерттi Алматыны емдейiн деп келiп тұр. Бұл — азаматтық iрiлiк!
Жалпы, Дәурен кесек турап, iрi сөйлейтiн ақын. Жан-жүрегi iрiлiктi қалайтын ақын. Жаратылысы ондай ақынға мына қу тiршiлiк, жалған өмiр-дiң қыбыр-жыбырын көру ауырдың- ауыры. Сондықтан да ол:
Тәмәм болып сал-серiлеу ғұмырым,
Арғы бетте адасады ақыл да.
Жер бетiнде жәндiктердiң жыбырын
Көру қандай қиын едi ақынға! —
деп, басқа емес, тура Тәңiрiнiң өзiне шағынады. Бұл өлең одан әрi өрби кеп:
Менiң бейнем өмiрiңiзде бар күнi
Маған бекер жымиясыз, Тәңiр, сiз.
Қаралы күн ақындардың барлығы
Қара жерге жерленедi қабiрсiз!
Мiне, тосындық! Әрi кермек демiмен кеудеңдi қақ жарып жiберердей ащы шындық. Халқының басынан өткен немесе күнделiктi болып жатқан небiр нәубеттер мен толайым тауқымет тердi көрiп жүрген ақын бiткеннiң бәрi күн сайын, сәт сайын жер тоқпақтап опынып, күнде бiр өлiп, қара жерге қабiрсiз жерленiп жатқан жоқ па?! Соны дөп басқан, дәл айтқан. Өрттей өкiнiшке орап, дерттей күйiнiшке буып тұрып айтқан.
Дәурен өлеңдерiн оқып отырып, тағы бiр ұққаным, ол өлеңдi тек шер тарқатар, сыр ағытар, адам жанын емдер дәрi мен дәруiм деп емес, керек кезiнде айналаға айбар көрсетiп тұла бойына тағынып алатын қару-жарағым деп бiледi.
Жалғыз өзiм қап, жабырқап тұрмын...
Қайдасың, менiң өлеңiм?
Бәрiңе бүгiн таңырқап тұрмын...
Қайдасың, менiң өлеңiм?
Елдерге тағы егесiп тұрмын...
Қайдасың, менiң өлеңiм?
Ертөстiктермен кеңесiп тұрмын...
Қайдасың, менiң өлеңiм?
Өлеңдi қару-жарақ етiп мұздай құрсанып алған мұндай ақын кiм-кiмге де есесiн жiбере қоймас.
Биiк азаматтық iрiлiкпен сөйлей алатын Дәуреннiң көп өлеңдерi махаб-бат тақырыбына арналыпты. Бiрақ ол нәзiк сол тақырыпта да iрi сөйлеуден бiр танбайды-ау, бiр танбайды.
Тулаған сайын анарың
Бұла түн болып қарадым.
Улаған сайын жанарың
Ұлы ақын болып барамын.
Қыз алдында қысылып-қымтырылу, инабаттық көрсету деген болмас па?! Жоқ, қайта бұрынғыдан да қайраттанып «ұлы ақынға» айналып бара жатады.
Әрине, махаббат болған соң, оның айналасында шыбындай құжынаған гу-гу сөз де ерiнi-ерiнiне жұқпайтын сымпылдаған өсек те көп болуы мүмкiн. Ондай кезде де Дәурен өз мiнезiне әбден берiк. Әлгiндей пасық, бықсық сөздердiң ешқайсысына пысқырып та қарамайды. Ондай сөздердiң бәрiне қолын бiр-ақ сiлтейдi.
Өсек болып,
Төсек болып керегi,
Мейлi, жағы талғанынша толғасын.
Бұл ел солай «аңыз» айта бередi,
Мен сияқты сүйе алмайтын болғасын.
Ақын тәкаппар. Ақын биiкте тұр.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі