Нағыз ақын, сөз жоқ, ең алдымен, әдiлдiктiң жоқтаушысы, шындықтың ту көтерушiсi. Олай болмады ма, онда ол, жүрегi жарылып кетсе де айту керек, ақын емес! Солай бола тұра, бiз кейде жақсы бiр теңеуi үшiн, сәттi бiр образы үшiн «па, шiркiн, мына бала құйылып тұрған ақын ғой» деп таңдайымызды қағып тамсанып, тiптi, бұрын-соңды басқа өлең оқымағандай тебiренiп, емiренiп кететiнiмiз өтiрiк емес. Әрине, жақсы теңеусiз, жақсы образсыз, тосын сөз тiркестерiнсiз жақсы өлең болмайды. Бiрақ ол өлеңдерде шындық пен рух болмаса, әлгi айтқан жақсы теңеуiңiз де, сәттi образыңыз да, тосын тiркестерiңiз де жай ғана әлемiш, жансыз иллюстрациялар ғана болып шықпақ. Сондықтан әдебиеттiң табалдырығын аттаған әр бiр жас, алдымен ақынның сол мiндетi мен парызын бiлiп алуы тиiс. Танакөз Толқынқызы әдебиетке ақынның сол парызы мен борышын бiлiп келген екен.
Ақын деген кiм дейдi?
Махамбетпiз бiз деген Жәңгiрлердi жылатқан.
Бұхар жырау боламыз бұқараны жұбатқан.
Ойхой, бiздер Абаймыз, абайлаңыз ендеше,
Рысқұлбеков Қайратпыз ұлы Одақты құлатқан.
Ақын деген кiм дейдi?
Қасымбыз ғой бiз деген Алматыға сыймаған.
Төлегенбiз бiз деген тәңiр тегiн сыйлаған.
«Мен — қазақ» деп жар салған Жұбан да бiз боламыз.
Тағдырменен тартысып, тайталасын тыймаған.
Ақын деген кiм дейдi?
Танытады көкесiн талайлардың ол әлi.
Мұқағали секiлдi поэзиямыз шоң әлi.
Танымасаң, танып қой, дәл Құдайдың қонағы.
Ақын деген, қарағым, мiне осылар болады.
Рас қой. Ақын деген, мiне, осылай болу керек. Елдiң көзi, Елдiң сөзi! Ол ешқашан да әлдекiмдердiң қолына су құйып, ешкiмнiң де майлық-сулығы бола алмайды. Ешкiмнiң де алдында бүгежектемей, ешкiмнен де тайсалмай, айтатынын айтып тынбақ. Сонда ғана оның көңiлi тыншып, сонда ғана оның жан сарайы ашылады. Сонда ғана ол өзiне-өзi риза болады. Әрине, шындықты айту оңай емес. Оның өтеуi ауыр болуы мүмкiн. Оны айтам деп азапқа да, тұзаққа да түсуiң кәдiк. Солай бола тұра нағыз ақын шындықты айтып қана опа табады. Танакөздiң «шындықты айту — ол үлкен бақыттылық» деуi сондықтан.
Шындықты айта алатын адам, әдетте, өр, өршiл, өжет болып келедi. Танакөз өлеңдерi де өршiлдiк пен өжеттiктен туып жатады екен. «Бiз таулықпыз!» деп шың үстiнде тұрғандай асқақ сөйлеуi, мына жалпақ дүниеге биiктен қарауы содан болса керек. «Ей, Таулар! Құдай бiзге берген сенi, бiр күнi кетпесiн деп аласарып» деуi бiздiң бұл сөзiмiзге куә.
Мағынасын аша алмай аяттардың
Тағы да бiр ғасыр аяқталды.
Бостандықта қаңғырған, босқындар-ау,
Тағдырымыз нелiктен таяқталды?!
Мағынасын аша алмай сүрелердiң
Iбiлiстiң ғасыры жүре бердiң.
Ұрандардан тапталып бiттi жүрек
Құранменен келедi түрегелгiм.
Мiнеки, кешегi, бүгiнгi күн суреттерi. Басқа-басқа, «бостандықта қаңғырып босқын» болудан аянышты хал бола ма?! Не аяттың, не сүренiң мағынасын аша алмай, не бостандықты танып-бiле алмай дәлдүрiш болудан өткен сорлылық бар ма екен?! Шындық па? Шындық. Бетiмiзге шыжғырып басу ма? Шыжғырып басу.
Танакөз, әлiгiнде айтып өткендей, қайта-қайта өзiнiң таулық екенiн еске салумен болады. Ол таудан қайрат пен күш, өрлiк пен асқақтық алғанын, сондықтан да аласарып өмiр сүре алмайтынын, жақсы әннiң қайырмасындай қайталап отырумен бiрге, таудың мен дегенде түйткiлi немесе күмән-күдiгi жоқ па екен дегендей кейде именiп, кейде тартынып сөйлеуге мәжбүр. Өйткенi ол Тау ғой! Қанша өршiл болсаң да қиясына шығарып ұясында өсiрген Тауға өжектей беруге болмайды.
Ей, таулар, басы бұлттан арылмас көп,
Сенiмен ақын жыры сарындас деп
Өзiңдi құшақтаймын жүрегiммен
Сен маған қарайсың ба, қарындас деп.
Өзiңе не басты қаратам деп,
Құйынын құлшыныстың боратам деп,
Мен сенi әке көрiп масаттанам
Сен маған қарайсың ба, балапан деп.
Паң көркiң балаң тiлдi керi күрмеп,
Айтуға дәт жетпейдi серiгiм деп.
Мен сенi шеше көрiп еркелеймiн
Сен маған қарайсың ба, елiгiм деп.
Бетiңнен сүйгiм келдi ақырын кеп
Бұлтыңа жантаймақпын жақыным деп.
Мен сенi Муза көрiп таңырқаймын
Сен маған қарайсың ба, ақыным деп.
Апыр-ау, әншейiнде адамның жанын жегiдей жеп жiберетiн күмән-күдiгiңiз соншалықты кесапатты, кеселдi құбылыс емес екен ғой. Күдiк пен күмән дегенiңiз кейде осы мен, алақанына сап елбiретiп өсiрген туған ел мен желбiретiп төбесiне көтерген туған жердiң сенiмiнен шығып, ниетiн ақтап жүрмiн бе деп өзiне сын көзiмен қарататын сарабдал да құбылыс екен ғой. «Таудың бетiнен ақырын кеп» сүйе алатын, оны әкесi мен шешесiндей көре алатын Танакөздiң мақсаты да үлкен, мұраты да биiк. Ендi оның өзi де тауға айналғысы келедi.
Мен тау болам,
Жараланса жүрегiм,
Ақ тұманнан табам оның бiр емiн.
Аппақ бұлтты дәке етiп ораймын
Жүрегiмнiң қанға бөккен сiлемiн.
Мен тау болам,
Үнсiз жиям күйiктi.
Күн бiрiншi содан менi сүйiптi.
Ескерткiш боп тұрам мәңгi мұнартып
Ажыратып аласа мен биiктi.
Осындай өрлiк пен биiктiкке қол созған ақын басынан талай-талай тағдырлы сәттердiң өтуi заңды болса керек. Ол да қамығырылып қамыққан, омырылып тарыққан. Тапқанын жоғалтқан, барынан айырылған. Бiрақ оның бәрiн ол өмiр берген сабақ, тағдыр берген дәрiс деп қабылдаған. Сондықтан ол «жаныма батса жеке мiн, жабырқап, жүдеп кетемiн. Қайғы ғой бiрақ танытқан — бақыттың қандай екенiн» деп философиялық мән мен мағына табады. Ал мұндай мән мен мағыналы қорытынды жасау үшiн ақын қаншама тар жол, тайғақ кешулерден өту керек десеңiзшi! Қайғының қаншалықты ауыр екенiн сезiне бiлген жан, оны ешкiмге тiлемейтiн адам тосын әрекеттерге, тiптi, қиял жете бермейтiн құбылысқа айналады. Әрине, ол тек шын ақынның ғана қолынан келмек. Сөзiмiз құр сөз боп қалмас үшiн Танакөздiң мына бiр өлеңiн тұтас оқиықшы.
Ренжiтпес үшiн тұл құзды
Күшiмдi барлық жұмсағам.
Мойныма тағып жұлдызды,
Тұрмысқа шықтым, түн, саған.
Игерiп түннiң сиқырын,
Ұйықтаттым барлық жандарды.
Керегiн сонда ұйқының
Бұл әлем сонда аңғарды.
Кеудемде менiң қалғыды,
Ауылдар, алып қалалар.
Тыныштығымды аңдыды
Өзендi құшқан сағалар.
Әнiмнен дала мүлгiдi
Барлығын ұйқы жеңген-дi.
Даладан алып үлгiнi
Ұйықтап кет, қайғы, сен де ендi.
Күнге де емес, жұлдызға да емес, түнге тұрмысқа шыққан арудың тiлегi қандай ауқымды, ниетi қандай iрi?! Алып анаға айналып дүниенi бауырына алып, оны тыныштық құшағына енгiзiп жiберiп, қайғыны да ұйықтатпақ боп тербетiп отырғандай. Осындай ақ адал тiлекпен, осындай сүттей аппақ ниетпен өмiр сүретiн ақынның арамызда жүргенi қандай жақсы!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі