(«Қазақ әдебиетi» газетiнiң сұрақтарына жауаптар)
1. Қазiр жазушылардың беделi де, ықпалы да өте төмендеп кеттi.
Бiр ғана мысал. Өткен сайлауда Оңтүстiк Қазақстан облысындағы бiр ғана округтен төрт бiрдей жазушы депутаттыққа сайлауға түстi. Бiрде-бiреуi өтпедi. . . Жазушының беделi мен ықпалының күрт төмендеп кетуiн Сiз қалай түсiндiрер едiңiз?
1. Сiздер бұл сұрақты соғыс жылдарының бергi кезеңiнен ғана салыстырып қойып отырсыздар ғой. Әйтпесе, ақын-жазушылардың беделi мен ықпалы қай заман, қай дәуiрде аспандап тұрып едi? Әлемдiк әдебиет тарихына үңiлсеңiз ақын-жазушылардың атқаны өтiп, айтқаны жетiп тұрған беделi мен ықпалынан гөрi, қуғын-сүргiнге түскенi, атылып-асылғаны, қайыршылық күн кешкен тұстары әлдеқайда көп болған.
Шынтуайтына келсек, хас таланттардың нағыз беделi мен ықпалы өлгеннен кейiн басталады.
Әрине, ақын-жазушылардың аса қадiр тұтып, құрмет еткен, оларды рухани көш басшыларымыз деп ұққан мәдениеттi елдер де болған. Менiң ойымша, бiз осы жолға түсетiн сияқтымыз. Оған соңғы кезде үкiметiмiздiң мәдениетке, өнерге, сонымен бiрге әдебиетке бет бұра бастағандығы дәлел.
Әсiресе, Президентiмiздiң жазушыларды жекелей қабылдап жүргенiн былай қойғанда, бiрқатарына өзi тiкелей телефон шалып хал-жағдайларын бiле бастауы, көп нәрсеге дәмелендiредi.
2. Бүгiндерi «жеңiлген мәдениет» деген сөз тiркесi пайда болды. Өзiндiк бет-бағдары мен ұлттық қабiлетi сөнген, топырақ пен тамырдан айырылған, өзге үлкен мәдениеттердiң нашар көшiрмесi iспеттi қасаң, қайталама, елiктеп-солықтағыш, көшiрмешiл сипаттағы мәдениеттi «жеңiлген мәдениет» деседi. Кейбiр ғалымдар қазақ мәдениетiн «жеңiлген мәдениетке» жатқызып жүр. Сiз осы пiкiрге келiсер ме едiңiз?
2. Бұл сөздер өздерiң айтып отырғандай «Өздерiнiң бет-бағдары мен ұлттық ерекшелiгi жойылған, жасампаздық рухы мен жаратушылық қабiлетi сөнген, топырақ пен тамырдан айырылған, өзге мәдениеттердiң жетегiнде кеткен» — мәстек бродскийлер мен мыртық кенжеевтердiң, яғни дүбаралар мен космополиттердiң сөздерi ғой.
Қайта, бiздiң мәдениетiмiз ұлттық түлеу жолына түсетiндей. Өйткенi бiз сыртқы идеологиялық агрессиядан бұзылып, бүлiнiп бара жатқан рухани кеңiстiгiмiздi қорғауға кiрiсе бастадық. Бiлгенге, бұл үлкен бетбұрыс. Сонымен бiрге көк түрiктер дәурiнiдегi көне ескерткiштерiмiздi Сарыарқаның төрiне шығарып, аса ұлы рухани игiлiктi iс бiтiрдiк. Жеңiлiп бара жатқан мәдениет, басқасын былай қойғанда, осы екеуiн де атқармас едi.
3. Қазiр екiнiң бiрi «Заман қатiгезденiп кеттi. Мейiрiм азып, қайырым кемiп барады» дейдi. Демек, бұл — бiздiң мәдениетiмiз де төмендеп кеттi деген сөз ғой. . .
3. Қатыгез деген сөз — ауыр сөз. Құдайым қатыгездiктiң бетiн әрман қылсын. Қатыгез заман Ахметтiң, Мiржақыптың, Мағжанның, Жүсiпбектердiң заманы ғой. Рас, бiздiң заманымыз қатал. Мейiрiмнiң азайып, қайырымның кемiп бара жатқаны да өтiрiк емес. Ал мейiрiмi азайып, қайырымы тарылып кеткен қоғамда мәдениеттiң өсiп-өркендеуi екiталай. Бiрақ сол қоғамды мейiрiм-қайырыммен байытатын да рухы биiк мәдениет пен әдебиет. Яғни, мәдениет пен әдебиетке қамқор болу, қоғам бойындағы дерттi кеселдердi емдеуге кiрiсу деген сөз.
4. Бiзде оқырманы жоқ жазушылар бар. Атап айтып бере алар ма едiңiз?
4. Олар көп қой. Қайсысын айтып жатасың.
5. Қазiр, егер аңдай алған болсаңыз, республикалық баспасөзде қилы-қилы әдеби пiкiрталастар жүрiп жатыр. Осы жөнiнде өз көзқарастарыңыз?
5. Иә, әсiресе, постмодернизм дегендi жалаулатып жүргендер бар. Бұл да сол ұлттық топырақта тамыры жоқ дүбәрә тыраштардың шығарып жүргендерi.
6. Соңғы екi-үш жылда ұлы тұлғаларымыз (Абай, Иассауи, Абылай, Шыңғысхан, Қаракерей, Кенесары, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев және т. б. ) туралы бiрсыпыра көркем дүниелер жарық көрдi. Осылардың iшiндегi ең тәуiрiн атаңызшы.
6. Менiң бұл сұраққа әлi де ойлана түсуiм керек сияқты. Бiр айтарым, ол ұлы тұлғаларымыз туралы жазылған шығармалардың iшiнде биiктерi де, аласалары да бар екенi даусыз.
7. Әйелдер поэзиясы, Әйелдер прозасы. Қандай жақсылық-жаңалық байқадыңыз?
7. Бұл туралы Әкiм Тарази ағамыз Роза Мұқанованың «әйелдер поэзиясы, әйелдер прозасы деген ұғым жоқ» — деген сөзiне қосыламын дептi ғой. Мен де сол пiкiрге қосылам. Егер әйелдер поэзиясы мен әйелдер прозасы деген ұғым бар болса, онда еркектер поэзиясы мен еркектер прозасы деген ұғымның да бар болғаны ғой. Қандай ерсiлiк!
8. Бiр сәт өз кемшiлiктерiңiз туралы толғанып көрдiңiз бе? Өзiңiзге толыққанды талантты туынды тудыруға не жетпей жүр деп ойлайсыз?
8. Кемшiлiгiм туралы күнде толғанам. Адам кемшiлiгiн бiлмеген күннен бастап рухани күйреуге ұшырайды.
Ал, толыққанды талантты туынды тудыру үшiн жасыл жайлау, алтын Сарай керек пе екен?! Егер талантың мен жiгерiң болса түрмеде де, күркеде де талантты туындылар тудыра аласың.
9. «Өлi жандардың» идеясын Гогольдiң Пушкиннен алғаны белгiлi. Өзiңiз iске асыра алмай жүрген, бiрақ әрiптестерiңiзге қиюға болатын идеяларыңыз бар шығар? Бар болса, айта кетсеңiз?
9. Өкiнiшке орай мен Пушкин емеспiн. Өз идеям өзiмнен артылмайды.
10. «Шеңберден шығу керек!» дейдi кейбiреулер. Сiз өз басыңыз «шеңберден шығу» дегендi қалай ұғасыз?
10. Мен, қандай данышпан айтса да, осы «шеңберден шығу керек!» деген сөзге түсiнбеймiн. Шеңберден қалай шығасың. Өйткенi, сенiң дүниеге қарайтын көзiңнiң қарашығы шеңбер. Басың да шеңбер. Киiз үй де шеңбер. Күн, Ай, Жер де шеңбер. Бүкiл ғалам алып Шеңбердiң iшiнде тұр. Шеңберден шығам деген сөз — әлемнiң жарасымдылығы мен үйлесiмдiлiгiн бұзам деген сөз. Бұл — даңғойлық. Сондықтан Шеңберден шығам деп емес, шеңбердi кеңейтем деп ұмтылған жөн. Мықты болсаң, көкжиекке дейiн кеңейт.
11. «Литература — это посмертная справедливость» (Достоевский). Келiсесiз бе, келiспейсiз бе?
11. Достоевскиймен келiспей көр!
12. ХҮIII ғасырдың екiншi жартысында жазушылардың 72 пайызы дворяндар (ақсүйектер)болыпты. Жазушылыққа тектiң, нәсiлдiң қатысы бар ма?
12. Дүниенi бүлдiрiп жүргендер тексiздер мен нәсiлсiздер және тегi мен нәсiлiн ұмытқандар ғой.
Бұл сұрақ — өз нәсiлiңе де үңiлдiретiн сұрақ екен. Менiң әке-шешем қолдарынан кетпен мен күрек түспеген қарапайым ғана шаруа адамдары. Сонда маған өлең жазу қайдан келдi деп ойланасың ғой. Алдымен қыз алыспайтын өзiңнiң аталас әулетiң есiңе түседi. Ол әулетiмiзден атақты ақын Молда Мұса, сондай-ақ, кезiнде үлкен қоғам қайраткерi болған, өмiрiнiң соңғы жылдарын тiл зерттеуiне арнаған Нұртас Оңдасынов шыққан.
Нәсiл тек өз аталастарыңнан ғана емес, нағашы жұртпен де құралады ғой. Ал нағашыларым Сұлтанбек Қожанов, Саттар Ерубаев, Сабырхан Асановтар болып келедi. Сондықтан менiң қалам ұстап, қағаз толтыру қабiлетiмнiң ашылуына нәсiлдiң нәзiк те тылсым жолдарымен таралып жататын күштiң ықпалы болғанына сенем.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі