«Жас алаш» газетінің тілшісі Ержан Әбдірамановпен әңгіме.
27 шілде, 2001 ж.
Осыдан сан ғасырлар бұрын жазылса да, керемет рух беретін қасиетке ие жазбалар бар. Ол — Күлтегін, Тоныкөк дәуірінен қалған тас ескерткіштердегі жырлар. Біраздан бері қазақ поэзиясында сол жырлардың сарынымен жазылған, бірақ көркемдегі, шеберлігі жағынан жетілдірілген өлеңдер пайда болды. Авторы — бүгінгі біздің кейіпкеріміз Темірхан Медетбек.
Т. Медетбек — бұрын да рухы биік өлеңдерімен танымал болған, «махамбетшіл ақын» атанған қаламгер. «Тағдырлы жылдар жырлары» кітабы үшін 2001 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Ақын Аманхан Әлім ол кісінің әфсаналарды, ертегілерді өлеңге пайдаланудағы шеберлігіне тәнті екенін айтқан еді. Ал Орхон-Енисей жазбаларының сарынымен жазған соңғы дүниелері әдеби ортада үлкен пікірталас туғызып отырған көрінеді. Біздің алғашқы сұрағымыз осы жайлы, яғни, ақынның қазіргі шығармашылығы турасында болды.
— Біраз уақыттан бері «Көк түріктер сарыны» дейтін кітап жазып жүрмін. Зерттеумен айналыспасам да, көк түріктер туралы, олардан қалған жазбаларды оқыған едім. Сол түріктердің:
«Түрік елі үшін...
Түн ұйықтамадым,
Күндіз отырмадым
Қызыл қанымды төктім,
Қара терімді жүгірттім...»
дейтін сөзі бар ғой. «Жүгірттім» дегені — «сорғалаттым» дегені болу керек. Бұлар — біздің ойымызға үлкен эпикалық тыныс, леп, дем беретін сөздер. Осы жолдар ойыма қайта-қайта оралып келе берді. Бірақ шығармашылығыма үлкен бетбұрыс жасайды деп ойламаған едім. Сосын осы бағытта, осы сарында біраз жұмыс істеп көргім келді. Кешегі күн басымыздан кешірген аласапыранды, алағай да бұлағай кезеңдерді, бүгінгі азаматтығымызды, бүгінгі биігімізді, сонымен қатар қазіргі келеңсіздіктерді көк түріктер сарынымен жырлағым келді. Яғни, бұл бүкіл тарыхымыздағы айтулы оқиғалар, ірі құбылыстар жайлы болмақ. Жұрттың айтуынша, жаман шықпаған сияқты. Қабылданып жатыр. Ең бастысы, бұл — адамға күш-жігер, рух беретін форма екен. Еркін айтасың, еркін сөйлейсің, өзің жазып отырып, таудай биіктейсің, даладай кеңістікке ие боласын. Бұрқырап тасисың, өзіңдегі бар қажыр-қайратқа барынша мүмкіндік бересің. Осыны қалап, қазір осы тұрғыда жұмыс істеп жатырмын. Бұл — тек көк түріктерді жазу емес, көк түріктер сарынымен поэзияның жаңа өрісіне шығу. Ол мақсат орындала ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Өйткені, шығарма әлі жазылып жатыр.
Сосын көптен көкейімде жүрген бір мәселе бар еді. Ол мәдени байланыстар жайында.
Қазір өзге мәдениеттермен бұрынғыдай рухани байланыстар жоқ. Ол байланыстарды мүлде үзуге болмайды. Онда өз мәдениетімізге құрып кету қаупі төнеді. Осы арада мен мынадай үш мысал келтіргім келеді. Түйінін соңынан айтам.
Бірінші мысал. Ертеде біздің жерімізден Үндістанға қайың көшетін апарып егіпті. Ол өзге климатқа тез бейімделген, өсіп-өркендеген. Бірақ өзінің генетикалық кодын сақтаған. Өсімдіктері мәңгі жасыл қалыпта тұратын тропикалық климатта әлгі қайың ағашы жыл сайын біздегідей күз мерзімінде жапырағын төгіп, ал көктемде бүршік жарып, жапырақ жаятын болған. Яғни, өзінің тегін жоғалтпаған.
Екінші мысал. Мен біраз уақыт Маңғыстауда жұмыс істедім. Шөлейт аймақ болғандықтан ол жердің жылқысы бәкене бойлы, бірақ өте төзімді болып келеді. Осының тұқымын жақсарту үшін Ресейден асыл тұқымды айғырлар әкелді. Бірақ ол жылқылар Ресейдің шөбі белуарға дейін өсетін шалғынды жерлеріне үйренген болу керек, Маңғыстауға келгесін, ол аймақтың тықыр шөбіне мойындары жетпей, бәрі аштан қырылып қалады.
Енді үшінші мысал. Иттің «бультерьер» дейтін тұқымы бар. Осында — Алматыда да қаптап жүр. Әртүрлі тұқымдарды будандастырудан шыққан, тегі жоқ. Осы иттің жақ сүйектерінің күшін, яғни, жыртқыштық қабілетін арттыру үшін адамдар былай істеген. Жоғарырақтан көлденең керме темір орнатылған саңылаусыз бітеу бөлмеге «бультерьерді» қамап, суға электр тогын қосады. Сол кезде жанын қоярға жер таппаған ит секіріп, әлгі белдеме темірге тістей жабысады. Осы арқылы иттің азу күшін арттырып, оны нағыз жыртқыштық дәрежеге жеткізген. Еуропа елдерінде қазір бұл итті ұстауға тыйым салынған. Ал бізде өріп жүр.
Енді осы үш мысалға байланысты қорытынды айтайын.
Бірінші. Біздің рухани тегіміз Қазақстанда жаңағы ақ қайың сияқты қай жерге апарса да өзінің тегін, табиғатын жоғалтпауы керек. Әуезовті қай тілге аударғанда да қазақы табиғат, болмыс сақталуы тиіс.
Екінші. Пейілі дұрыс, ниеті түзу болғанымен, жерсінбейтін, қабылданбайтын ағымдар болады. Олар жаңағы Ресей жылқысы құсап, өзінен-өзі өліп қалады, залалы тимейді. Бұл екінші мысалға қатысты.
Үшінші. Ал бізге келіп жатқан әлгіндей бультерьер ит сияқты құбыжық құбылыстардан, былғаныш рухани (рухани демеске амал жоқ) тасқыннан қауіптенуіміз, сақтануымыз керек. Бультерьердің жыртқыштығының тағы бір дәлелі — оның тісі қолына бір ілінсе болды, одан білегіңе, қарыңа жетіп, алқымнан алып өлтіріп тынады. Сақтанбасақ, өзімізге жіберіп алсақ, мұндай «бультерьер құбылыс» біздің руханиятымызды тұншықтырып өлтіреді.
— Тәуелсіздік алған жылдарда бізде демократияға, сөз бостандығына деген сұмдық «махаббат» пайда болды ғой. Ең сүйікті сөзіміз «демократия» болды. Соған ұмтылдық, соны идеал етіп алдық. Енді байқап қарасақ, сол демократияның бізге әкеліп жатқан зардабы аз болып жатқан жоқ. Жаңа сіз меңзеген құбыжық құбылыстардың бәрі осының «арқасында» келіп жатыр. Соған қарағанда, біздің демократияға құшағымызды айқара ашқанымыз дұрыс болмаған сияқты. Ал елдегі орыстілді ақпарат құралдары мен халықаралық ұйымдар дәл Батыстағыдай демократияның Қазақстанда да тез орнап қалуын армандайды. Бұл туралы сіз не ойлайсыз?
— Біз демократиясыз өмір сүре алмаймыз. Өйткені, тәуелсіздігіміздің кіндік шешесі — демократия. Ол болмағанда, жариялылық болмағанда, біздің тәуелсіздік алу-алмауымыз екіталай еді. Сондықтан демократиядан мүлде безудің жөні жоқ. Бірақ сол кіндік шешемізді өзімізге қарсы салып, еліміз бен жерімізге топалаң әкеліп жатқанына төзуге тағы болмайды. Біз демократиямызды қорғауымыз керек. Біз өзіміздің сөз бостандығымызды қорғауымыз керек. Былғаныштан, бүліншіліктен қорғауымыз керек.
Римнің атақты императоры Октавиан Августың Меценат дейтін ақылгөй досы болған. Өзі өте бай болған және ақын-жазушыларды, өнер адамдарын қолдап, көмек беріп отырған. Қазіргі «меценаттық» деген сөз осыдан қалған. Сол Меценаттың «Бостандық пен демократия парасаты мол адамдардың иелігінде болса, онда ол — құт пен береке, ал егер керісінше болса, бостандық пен демократия — есерсоқтардың қолындағы семсер» деген сөзі бар. Қазір демократияны өзімізге қару етіп сілтеп жатқандар ішімізде де, сыртта да бар.
— Осының бәрі қоғам мен саясаттың мәселелері ғой. Гарсиа Маркестің «саясатпен айналыспай отыра алмаймын» дейтіні бекер емес сияқты. Біздің қаламгерлеріміздің де біразы кейінгі кездері саяси қайраткерлік жолына түсе бастады. Сізде ондай ой жоқ па?
— Мен «саясатшымын, үнемі саясатты қадағалап отырамын» деп айта алмаймын. Бірақ онсыз өмір жоқ. Саясатты назарда ұстап отыру — шопанның да, ғалымның да, үй шаруасындағы әйелдің міндеті деп білемін. Неге? Өйткені, біздің бүкіл тағдырымызды осы саясат шешіп келе жатыр. Шұрайлы жерлерімізді тартып алып, өзімізді тулақтай тақыр, жалаңаш жерлерге ысырып тастаған — сол саясат. Кешегі Кеңес дәуірінде, аға мен ініні, әке мен баланы бір-біріне айдап сап, жау қып қойған — саясат. Ағайынды адамдарды бай, кедей деп екіге бөліп, біріне-бірін атқызды, асқызды. Оның алдында, 32-де үш миллион қазақтың қырылуына себеп болған не? Саясат. 37-де бүкіл арыстарымызды сыпыра отап әкеткен де сол саясат. Одан кейін тың игереміз деп жеріміздің топалаңын шығарды, аздырды, тоздырды. Бізді рухани мүгедек қылып, ұлттық санамызды мүлде жойып жіберу үшін мектептерімізді құртты. Осыншалық қанқұйлы, сұмпайы, зымиян саясатты бастан кешкен халықтың оған енжар қарауына болмайды.
Әрине, саясаттың жақсы тұстары да болды. Тәуелсіздік алдық. Президентіміздің қазір жүргізіп отырған сыртқы саясатын мен толығымен қуаттаймын. Сосын астананы көшіруі өте пайдалы, ұтымды, бұрынғы тың игеру саясатына қарсы саясат болды.
Бірақ сырттан бізге алая, адырая қарап тұрған саясаттар бар. Басқан ізімізді аңдып, бойымызды тіктетпей, еңсемізді түсіруді мақсат ететін саясат бар. Мен мұны «ұтылап қуу» саясаты деп атар едім. «Ұтылап қуу» дегенді білесің бе? Қасқырлар жүйрік аңды ұстап, жем ету үшін бір шеңберді таңдап алады. Сосын соның бойымен ұшқыр аңды қуады. Басынан бірінші қуған қасқыр шаршаған кезде шеңбер бойынан екінші қасқыр қосылып, қуғынды әрі қарай жалғастырып әкетеді. Сөйтіп, діңкелетіп барып, ұстап жейді. «Ұтылап қуу» деп осыны айтады.
Сол сияқты біздің өзіміз таңдап алған демократиялық жолды, сөз бостандығын өзімізге қарсы пайдаланып, бізді былғап, санамызға, рухымызға қарсы әрекеттер жасап жатыр. Енді «Глобализация» деген бәле шықты. Ол — айдаһар. Шайнамайды. Бірден қылғыта салады. Осылай бірінен соң бірін салып, бізді қуғын-сүргінге түсіргісі келіп жатқанда, саясатқа қалай енжар қарауға болады? Әрқайсысымызға сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері құсап бәрін қалт жібермей, қадағалап отыру керек емес шығар. Бірақ тәуелсіздігімізді қорғау үшін әлгіндей жымысқы саясаттардан сақтанып, мысық пен тышқандай аңдысып отырмаса болмайды. Ол — әр адамның міндеті. Айғайлап, аттандау қажет емес. Бірақ бірлікпен соның бәрінен сақтанып, сезініп отыру керек.
— Ауыл әкімдерін сайлау туралы ұсынысқа қатысты не пікір айтасыз?
— Менің ойымша, президент айтқан ұсыныс болғандықтан, бұра тартып, қарсылық жасауға болмайды. Бұл — айналысқа түсіп кеткен. Басталып кеткен шаруа. Бірақ өз басым мұны қолдамаймын. Сайлау дегенді Абай қолдамаған. Өйткені, сол сайлау, билік дегендер аз ғана Тобықтыны алатайдай бүлдіріп біткен. Соны Абай көрген.
Рушылдық дегеннен қазақ осы күні құтылды деп мен айтаалмаймын. Бұл індет әлі бар. Ал мына сайлау соны қоздырады. Бір-бірімен қыз алыспайтын ауылда үлкен алауыздық туғызады. Мен мұны көріп отырмын. Мұны президент те көріп отыр деп білем. Оны сезбеу мүмкін емес. Бірақ кейбір ішкі-сыртқы күштер қоймағандықтан «көрсін» деп әдейі істеп отыр. Мұны ауылдан аудан деңгейіне көтерсе, дау ұлғаяды, ал облысқа апарса, мүлде алай-дүлей болады. Біз елді, елдің ынтымағын бүлдіріп алмауды ойлауымыз керек. Елдің ынтымағы тек демократияның арқасында орнайды дегенге мен сенбеймін. Өкіметтің сесі де керек. Әр адам сол сесті, заңды сезінуі керек. Азаматтары биліктен именбейтін болса, ол ел үлкен қиындықтарға тап болады.
— Мұқағали Мақатаевтың қазасы туралы, сосын Жұмекен Нәжімеденовке арнаған өлеңдеріңіз бар. Мұқағалиды, Жұмекенді білуші ме едіңіз?
— Мен 25 жыл Маңғыстауда жүрдім де көп адамдармен жақын таныстығым болған жоқ. Бірақ белгілі қаламгерлердің творчествосын жақсы білетінмін.
Алматыға бір келген кезімде Мұқағалидың үйіне барып, Жұмекен екеуіне соғым бөліп бергенім бар еді. (Ол кезде жаспын, қолымның қаруы бар). Жұмекен— терең ақын. Адамның бойындағы өзіміз сезіне бермейтін қатпарларды ашып, қарама-қайшылықтарды көрсете алатын ұлы ақын.
Мұқағали — кеңістіктің ақыны. Кең сөйлейді, сөзді кең пішіп айтады. Екеуі екі түрлі ақын. Екеуін де мен ұлы ақындар, қайталанбайтын құбылыстар деп білем. Екеуі де көп оқитын еді, көп білетін еді. Оны сөздерінен де байқауға болады ғой. Мен Жұмекеннен көп нәрсе үйрендім. Ол кісілер туралы кейін де жаза жатармын. Әзірге айтарым осы.
— Жас кезіңізде сізге ықпалы тиген ақын болды ма? Сосын қаламгерлерге қойылатын дәстүрлі сауал бар. Қазір не оқып жатырсыз?
— Менің творчествома көп ықпал жасаған ақын — Қадыр Мырзалиев болды. Қазір кейбіреулер мұрнының астынан міңкілдеп, ол туралы әртүрлі пікірлер айтып жүр.
Қадыр — қазақ өлеңінде реформа жасаған ақын. 60-жылдары поэзияға ұлттық рух алып келгендердің бірі. Бірі емес бірегейі. Мұқағали да, Жұмекен де содан кейін шықты. Бар айыбы — тірі жүргендігі болмаса, Қадыр — жаңа айтқан екеуімен қатар тұрған ақын.
«Білімді болу үшін жүз кітап оқысаң, жетеді. Ал жүз кітапты таңдап алу үшін мың кітап оқу керек. Одан да білімді болу үшін мың кітап оқу керек. Ал мың кітапты таңдап алу үшін он мың кітап оқу керек» деген сөз бар. Мен өзімді эрудит санамаймын. Оған ұмтылмаймын да. Бірақ өзім оқуға тиісті нәрселердің біразын оқыдым. Әсіресе, мен ақындарды көп оқыдым. Зерттеп оқымасам да Батыс пен Шығыстың поэзиясын бір кісідей білем. Бірақ жадым нашар, тез ұмытып қалам. Өзімді қойшы, Абайдың бір өлеңін жаттай алмай қор болатыным бар. Бірақ рухын сезінем. Абай туралы кітап та жаздым.
Дәл қазір мен батырлар жырын оқып жатырмын. Бұл рухани қажеттіліктен туды. Кейде ертегілерді оқитыным бар. Кішкентай немерем: «Ата, сен баласың ба, неге ертегі оқисың?» деп мені күлкі етеді. Ертегілерде өлеңге өзі сұранып тұрған мифтік оқиғалар бар. Жақында творчествоға пайдалану үшін әлемдік мифологияның кітабын сатып алып қарағанымда, біздің ертегілердің солардан артық екенін көрдім. Біздің мифологиямыз, ертегілеріміз, әфсаналарымыз әлемдік деңгейде. Оны бүкпесіз айтуымыз керек. Ақындар ғана емес, прозаиктар үшін де тұнып тұрған материал. Соларды рухани айналысқа түсіруіміз керек. Менің осы бағытқа кілт бетбұрыс жасаған себебім содан.
— Темірхан аға, Мемлекеттік сыйлыққа ие болатыныңызды өзіңіз қашан білдіңіз?
— Тек алған кезде білдім. Соңғы сәтке дейін лауреат атанатынымды сезгем жоқ.
Мен ешкімнің алдына барып, «маған дауыс бер» деп жалынғам жоқ. Кітабымды өз қолыммен апарып бердім. Себебі, ол кітап дүкендерінде жоқ, сосын этика деген бар. Шынымды айтайын, жиырма дауыс алам деп ойлағам жоқ. Өйткені, мынадай қызметте отырған соң, біреуге жағасың, біреуге жақпайсың. Жиырма екі адамның жиырмасының маған дауыс бергеніне тағданып қалдым.
— Өзіңіздің қазақ екендігіңізге ерекше мақтаныш сезімін оятқан оқиғаны айта аласыз ба?
— Мен өзімнің қазақ екендігіме күнде қуанам, күнде мақтанам. Осыншалық ұлан-ғайыр жерді сақтап қалған — қазақтар. Сол үшін мақтанам. Терең жатқан, бірақ әлі қопарылмаған тарихымыз бар. Сондай мол рухани қазынаға ие халық екендігімізге мақтанам. Абай, Әуезов сияқты феномендерді туғызған — қазақ. Сол үшін мақтанам. Тәуелсіздік алғанымыз — үлкен мақтаныш. Ал кешегі Сиднейдегі Ермахан, Бекзат, Мұхтархандар үшін қалай мақтанбайсың?
— Ұлт үшін ұялған кезіңіз болды ма?
— Ұлтты ұятқа қалдырып жүрген адамдар үшін мен күнде ұялам. Тәуелсіздік алдық. Бұл — әкеңнің құнын кешетін заман. Бірақ Кеңес өкіметі дейтін қай-қайдағы ескі жұртта қалған замандағы өкпе-реніштерін бүгін бақастыққа айналдырып жататын жілікті азаматтар бар. Қандай ұят?! Мен сол үшін ұялам. Одан кейін, қиын-қыстау заманда елді тонап алып, халық үшін еш пайда жасамай, сонау Мәскеуден әртіс шақырып, солардың етегін көтеріп жүргендерге намыстанам. Көшеде тұрған қыздарымыз үшін (ар-ожданымыз ғой), маскүнем ұлдарымыз үшін жерге кіріп кете жаздаймын. Ал есірткінің құлына айналған жастарды ойлағанда ұятты қойып, жылағың келеді.
— Күнделігіңізде «Маған өткеніне өкінішпен қарайтын, сонымен бірге ертеңіне күдікпен қарайтын адам жақын» дегеніңізге қарағанда оптимист емес секілдісіз. Сізді өкіндіретін, ертеңгі күннен қауіптендіретін не нәрсе?
— Бұл Абайдан шыққан нәрсе. Біз күдіктенуді қойып, үміттенуіміз керек» дейміз ғой. Осыған байланысты Абай «Уайым — ел қорғаны» — дейді. «Уайым — аз, үміт — көп» деп қорқады. Одан әрі «Ішкен — мас, жеген — тоқ, уайым айтар бірің жоқ» деп күйінеді Абай. Ал біздің айналамыздың бәрі күдік қой. Бүйіріңнен қадалып тұрғаны, алыстан аларып тұрғаны, желкеңнен қарап тұрғаны бар. Осының бәріне күдікпен қарамай, қалай қарайсың? Әрине, үміт те болуы керек. Үміт — тәтті. Ештеңе істемей, тек үмітпен жүре беруге болады. Ал күдік сені қайрай түседі. Сол күдікті сейілту үшін іс етуге тура келеді. Күдік етек-жеңіңді жинақы ұстап, бәріне дайын болуға үйретеді.
— «Біз де уақыт қаншама уын құйып жатса да адыраспанды даламызға бір аунап ап алыса беруіміз керек. Сонда ғана аман қалуымыз мүмкін. Әйтпесе, құримыз» дегеніңіз бар. Біз кіммен, немен алысуымыз керек? Қазақты құртатын не нәрсе деп ойлайсыз?
— Қазақ өзінің салғырттығымен, енжарлығымен, қолын бір сілтей салатын немқұрайдылығымен, жатып алатын бойкүйездігімен күресуі керек. Міне, осы мәселеде әрбір қазақ өзіне-өзі майдан ашуы керек. Ешкімге сойыл көтермей-ақ, мылтық кезенбей-ақ, алдымен өзін-өзі жеңсе, ілім-біліммен қаруландырса, өзін, ұрпағын патриоттық сезімге баулыса, жаңа айтылған қауіп-қатерді, қиыншылықты жеңеді. Мен оған құдайдай сенемін.
Енді саған бір өлең оқып берейін.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі