«Нұр Астана» газетінің тілшісі Нұрлан Жұмаханмен әңгіме.
24 наурыз 2005.
— Ақын қалай өмір сүруі керек деп ойлайсыз?
— Әрине, ақын жұрт қатарлы өмір сүреді. Қуанады, шаттанады, мұңаяды, зарығады. Біреулері барын қанағат етеді, біреулері қанағат етпейді. Біреулермен ренжісіп қалады, біреулермен тіл табысады. Жалпы жұрт сияқты. Кәдімгі пенде. Бірақ шын ақында пендешіліктен биік тұратын екінші өмір, рухани өмір бар. Әдетте, ақынның рухани өмірі өлгеннен кейін басталады деп жатады ғой. Дұрыс-ақ. Әйтсе де, ол рухани өмір аспаннан келіп түспейді. Оның бүкіл шығармасында тұрады. Яғни, оның екінші өмірі, рухани өмірі тірі кезінде-ақ жұмыс істейді. Олай болса, нағыз ақын — төрт құбылысы түгел болып тұрса да сол өмірдің күйінішімен өмір сүреді. Яғни, дәлірек айтсақ, ақын пенделік сүйінішпен де өмір сүре тұра, рухани өмірінде күйінішпен өмір сүрмек. Өзі өмір сүрген қоғамның күйінішімен өмір сүрмеген ақын, ақын емес. Мен мұны тектен-тек айтып отырғам жоқ. Өзіңіз ой жүгіртіп қарап көріңіз. Аға сұлтанның баласы Абай да, старшын Махамбет те, болыстың баласы Мағжан да, лорд Байрон да, дворян Пушкин де азап пен күйінішпен өмір сүрген. Осы алыптарға қарап отырсаңыз, не кием, не ішем демеген жандар ғой. Пенделік өмірге не керек, бастарында соның бәрі бар. Ал, бірақ шығармаларын оқып отырсаңыз азап пен сор, қайғы мен қасірет, наза мен нала. Яғни, ақындардың рухани өмірі қасіреттің көз жасын ішіп өтеді. Шын ақын қоғамның күйінішімен өмір сүреді дейтінім содан.
— Ақынның рухани өмірі осылай дейік. Ал қарапайым, күнделікті тірлікте ше?
— Алдында айтып кеткен пенделік өмірде дейсің ғой. Пенделік өмір — пенделік өмір. Жұрттың алдына түссең, күндейді. Жұрттың соңында қалсаң, жүндейді. Жұртпен қатар жүрсең, не өзің сыймайсың, не сені сыйғызбайды. Бір сөзбен айтқанда, отырсаң опақсың, тұрсаң сопақсың. Не болғанда да, өмір деген осы.
— Сіз бір сұхбатыңызда, мүмкіндігінше, шындық айтып жүрмін депсіз. Неге, мүмкіндігіңізше? Яғни, айта алмай қалатын да тұстарыңыздың болғаны ғой.
— Әрине. Барлық шындықты айдай әлемге жария етіп айтып жүрмін десем, ең алдымен өзімді алдаған болар ем? Қуат-күшім, қайрат-жігерім жетпей қалатын тұстарым аз емес. Мен саған бір тәмсіл айтайын.
Дәу тау көтеріп келе жатады. Алдынан шынашақтай адам шығып:
— Дәуекесі, қайда бара жатырсың? — дейді шырылдап. — Мына тауды диірменге тарттырып алайын деп ем, — дейді Дәу. — Ойбай-ау, тауды диірменге тарттырып алайын деп ем, дегенің не сұмдық. Дүниеде тауды тартатын диірмен жоқ қой. Сонда Дәу:
— Тау болады, тауды тартатын диірмен неге болмайды! — деп ашуланып сілкінгенде, бір тас домалап кетіп, әлгі шынашақтай адам тасқа басылады да қалады... Шындықты қопарып айту оңай емес. Әсіресе, Дәулерге...
— Қит етсе біреулер «уақыт көрсетеді» дейді. Осы сөзге қалай қарайсыз?
— Иә, «уақыт көрсетеді!» деген сөз бар. Осы сөзден біреулер пана іздегісі келеді. Шындығында оған көрсететін ештеңе болмаса, ол саған ештеңе көрсетпейді. Қайта «гу» еткен желімен ұшырып жіберуі мүмкін. Өйткені, уақытта күрке жоқ. Онда тұғыр ғана бар. Ал, тұғырға шығып дауылды желге, борасын-боранға, аптап пен аязға төтеп беру үшін, сенде тонналаған салмақ болуы керек. Тонналаған!
— Сіздің өлеңдеріңіздің буыны мен ұйқасы келіспей жатады дейді. Бұл сынды қабылдайсыз ба?
— «Қабылдаймын». Тырнақша ішінде. Рас, буын мен ұйқастың құлақкесті құлдары менің өлеңдерімді қабылдай алмайды. Мен бірақ оған өкінбеймін. Өйткені, мен — бостанмын! Маған бостан оқырмандар керек!
— Дәл қазіргі уақытта әдебиетте де дауылдан кейінгі тыныштық орнағандай болып тұр. Осыдан екі-үш жыл бұрын Жазушылар одағы төрағасының орынбасарлық қызметінде жүргеніңізде әдеби өмірімізде көптеген пікір қайшылықтары ақын-жазушылар арасында талқыға түсіп жатушы еді...
— Ол кезде еске алып пікірімді айтар болсам, өзім сол тұста Одаққа басшылық қызметте болған азаматтарды мақтағандай боламын. Дегенмен, айтуға татымды жайттар да бар. Солардың біразына тоқтала кетсем де болады. Нұрлан Оразалинмен келе салып кідірістеп қалған әдеби жыл қорытындысының бойына қан жүгірте бастағанымызды жетістік ретінде тілге тиек етуге болар еді.
Жыл қорытындысын қалпына келтіргеніміз — біз атқарған шаруаның ең ірісі деп айтуға болмас. Біз істі қолға алғанда Жазушылар одағы айтыс-тартыстан көз ашпай тұрған кезі еді. Жазушылар одағы үйін алып қою үшін кейбіреулер жанын салғанын көзіміз көрді. Соттасып, дауласып жатып әдебиетшілер үйін 49 жылға жалға алуға әрең көндірдік. Кейіннен Әдебиетшілер үйі басы бүтін қазақ ақын-жазушылардың игілігіне өтті ғой. Шығармашылық өмірде қандай серпілістер болғаны жайында аз-кем әңгіме. Басшылық қолымызға тигеннен кейін проза, поэзия секцияларының жұмыстарын жандандыруға күш салдық. Қысқасы, барлық жанрды қамтуға тырысқан едік. Ал, қазір сол секциялардың жұмысы жанданбай тұрғаны мен үшін түсініксіз. Меніңше, Жазушылар одағының құрылымдық жүйесіне тұтастай өзгеріс енгізу керек. Одақ кеңес дәуіріндегідей ескі сүрлеумен жұмыс істеуді доғарғаны жөн. Заман өзгерген тұста бүкіл елдің рухани діңгегі болған одақтың ескіліктен айырылмай отырғанына өз басым қатты наразымын. Осыған байланысты жеке пікірімді айтар болсам, біріншіден, басшылыққа қазіргі экономикалық жағдайды жете білетін, талантты жастарды тартқан ләзім. Шынын айту керек, өзім қатарлы жандардың үйлестірушілік қабілеті өте төмен. Заман талабына ілесе алмауымыздың өзі одақ жұмысының жандануына кері әсер етуі мүмкін. Мысалы, мемлекет одаққа көк тиын ақша бөлмейді. Қаржылық қыспақта қалып отырған қазіргі жағдайда ақша табудың жолын білетін менеджер әдебиетшілер төрағалық қызметте отырғаны дұрыс. Мұнан бірнеше жыл бұрын, бағымды сынап төраға сайлауына түскен едім. Бірақ, мен өте алмадым. Бәлкім, ол кезде жұртты соңымнан ерте алмаған да шығармын.
— Сіз басшылықта жүрген кезде шығармашылық жұмысқа жауапты болдыңыз. Әдебиеттегі қайшылықты пікірлерге қозғау салынып, жұрт бір жасап қалған секілді еді ғой.
— Алдымен, әдебиеттегі қайшылықты пікір деген мәселенің басын ашып алайық. Менің пайымдауымша, әдебиетте қайшылықты пікір болмаса, әдебиет дамымайды. Ондай жағдайда әдебиетіңіз тоқтап қалған тоспа су болып қалар еді. Сол тұста «Қазақ әдебиеті» газеті де үлкен айтыстарға тәуекел жасай білді. Шындығын айтсам, кейбір батыл әрекеттер үшін кейбір жандарға әлі күнге дейін ұнамаймын. Жігіттердің даулы мәселелерге қаймықпай барып, өткір мақалалар ұйымдастырғаны әдебиетке серпін әкелгенін мойындауымыз керек. Кейіннен газеттің арыны біршама бәсеңдегені анық. Соңғы кездері Ұлықбек сол позицияны қайта жандандыруға күш салып жатқан секілді. Мәселен, Ресейдің «Литературная газетасын» үзбей оқимын. Олар қазір шовинистік бағытқа көшіп алған. Әрбір санында орыс ұлтының мұратын көксеген мақалаларды басады. Бұрынғы империялық өктемдігін қайта орнату үшін орыстардың намысын жанитын мақалаларды үзбей басуы Ресейдің сыртқы саясаты үшін тиімді. Сондықтан еліміздегі басылымдар ұлттық ерекшелігімізді ту етіп көтеретін мақалалар басудан қорықпау керек.
— Жеме-жемге келгенде ақын-жазушылардың немқұрайлылығын да бүгіп қалуға болмас?
— Одақта қызмет істеген кезімде ақын-жазушыларды жиналыстарға қатыстыра алмай діңкелейтінбіз. Рас, тәуелсіздік алған жылдары ақын-жазушылардың белсенділігі өте жоғары еді, ұсынысшыл, бастамашыл болатын.
— Кезінде жерді сатпау туралы мәселе көтеріп, ол Үкімет талқысына дейін ұсынылған жоқ па еді. Шыныңызды айтыңызшы, одақ биліктен қаншалықты тәуелсіз?
— Одақ мемлекетке кіріптар емес, Кеңес заманында Жазушылар одағының төрағасы қызметі өте мәртебелі қызмет болатын. Тіпті, Орталық комитеттің төртінші хатшысындай болды десем, артық айтқандық емес. Өз басым одақты үлкен ұлттық мәселелер көтеруге тиіс орын ретінде қабылдаймын. Ал, өзім қызмет атқарған уақытта билік тарапынан «мына бір істі дұрыс істемепсіңдер» деп қысым көрсетілгенін, ескерту жасалғанын естіген де, көрген де жоқпын. Ұлтшыл деген сөзді жоғары бағалаймын. Мысалы, Қазан төңкерісіне дейін қазақ ұғымында ұлтшыл деген сөз болмады. Отаршылдар кейіннен осы бір қастерлі ұғымды қорқыныш пен үрей тудыратын ұғымға айналдырып жіберді.
— Ана тіліміздің ахуалы туралы не айтасыз?
— Тәуелсіздік алғанымызға 13 жыл болды. Дәл бүгінде мың-мыңдаған қазақ баласы орыс тілінде сауат ашып, білімін жетілдіруде. Ертең олар мың-мыңдаған отбасы болып шыға келеді. Олар өсе келе пәленбай миллионға жетеді. Осындай жүрек ауыртар жайттар есіме түссе, қазақтың ертеңі қандай болар екен деп уайымға батамын.
Мұхтар Шахановтың мемлекеттік тілді қолдау бағдарламасын құруынан көп үміт күтемін. Сондықтан қазақ тіліне жаны ашып жүрген жандарды осы бір ортақ істе қолдауға шақырамын.
— Балаларыңыз қазақша біле ме?
— Төрт ұлым қазақша орта мектепті бітіріп, қазақша тәрбие алды. Қазір оқу жасындағы бес немерем қазақ мектебінде оқиды.
— Сіздің поэзиядағы қолтаңбаңыз жайында сөз бола қалса ойға бірден көк түркілер сарыны оралады. Ықылым заманда пайда болған сарынды қайта жаңғырту не үшін қажет болды?
— Шығармашылық деген қызық құбылыс қой. Ойламаған жерден тосын дүниелерге тап боласың. Күлтегін жазған «Күндіз отырмадым. Түнде ұйықтамадым. Қызыл қанымды төктім. Қара терімді ағыздым» деген жолдарын қайта-қайта оқып, осы сарында жыр жазсам деген ой келді. Содан осы пішінде жыр жаза бастадым. Поэзияда кейбір ойлар буынға сыймай жатады. Көк түркілер сарыны аққан су мен көшкен бұлттай еркін. Мұндағы элементтер ақ өлеңде де кездеседі. Ертеде қалған бабалар үнімен соншалықты жақын, осы сарыннан шыға алатын емеспін.
Қазір бүкіл түркі дүниесіне қатысты, аңыз-әңгімелерді оқып жүрмін. Сол рухани құндылықтарды оқи отырып, көк түркілер заманындағы асаулығымыз, жүректілігіміз, дүниетанымымыз қан арқылы қазір де көрініс тапқанына көз жеткіздім. Ауыз әдебиетін оқып отырып, соған лайықты жаңа ойлар мен тамаша қуатты теңеулер, көркем образдар пайда болады. Халықтың бойында бұғып жатқан осы қасиеттер шығармашылығыммен үндестік тапқаны мені жаңа белеске көтергендей болды.
— Жеке өміріңізге қатысты бір сұрақ. Жұрт Тем-ағаңның бір-екі келіндері басқа ұлттың өкілдерінен дейді. Сол рас па?
— Менің үш келінім бар. Тек біреуінің ғана ұлты орыс, қалған екеуі қазақ. Бір қызығы, бұл әңгіменің жұрт арасына тез тарайтындай өзіндік себебі де бар. Келіндерімнің ешқайсысы қазақстандық емес. Бірі — Түркіменстанның қазағы болса, екіншісі — Астраханның қазағы. Екеуі де орысша сауат алғанымен, қазақ тілін жақсы біледі.
— Балаңыздың орыс қызына үйленетіндігін білгеніңізде қарсы болдыңыз ба?
— Алғашында баламның ісіне наразы болып, ашумен оны үйден қуып шыққан едім. Бір жылдан кейін келінім қазақша үйреніп алғанын естіп, ішім жылып қалды. Мұсылмандық бойынша өзге діндегі бір адамның тілін кәлимаға келтірсе, үлкен сауап іс дейді ғой. Сол себепті, келінімнің арқасында отбасымызбен сауапқа батқандай болдық. Кез-келген шығармашыл адамның керемет туындысы — бала-шағасы мен отбасы. Егер мен отбасымнан өлеңді жоғары қоямын десем, мен ақын емеспін.
— Шығармашылықты қоя тұрып, қызметтің жетегінде кеткен жандарға кінә артпайсыз ба?
— Жоқ, мен оларды кінәламаймын. Әдебиетте жан қинаудың қажеті жоқ. Толстойға баласы «Әке мен жазушы болғым келіп жүр, қолымнан келе ме?» депті. Сонда Толстой «Болмай-ақ қоюға бола ма?» деген ғой. Баласы «болады» деген. Онда «болмай-ақ қой» деген екен әкесі. Сол сияқты жазушы болу үшін үлкен өжеттік керек.
— Сіз өзіңізді қандай ақынмын деп ойлайсыз?.. Және болашақтағы жоспарыңыз?
— Мен алғаш поэзияға келген кезімде ештеңені де бұзып-жармастан кәдімгі қалыпты өлеңдер жазып бастадым. Көп ұзамай ол менің табиғатыма келмейтінін сезіндім. Адам жас кезінде максималист болады ғой. Сондықтан өрісімді, ең алдымен, қазақ поэзиясының өрісін кеңейтпекке ниет еттім. Максималистікті сезініп тұрсыз ғой. Әрине, бұл сөздер — біреулердің құлағын кесетін-ақ сөздер. Қайтейін, шыны сол. Өйткені, мен поэзияға келген кезде қазақ елі «Өмірдің өзі — өлең» деген аксиома рас болатын болса, қалада тұрып қаланы жырламау, ең алдымен, өлеңге обал еді. Мен соны жырладым. Урбанизация ақыны атандым. Сынға ұшырадым. Ұлтқа қиянат жасағандай күй кештім. Сонан кейін «алп-алп басқан» ауыз әдебиеті үлгісімен де жаза алатынымды көрсеттім. Енді Көк түріктер сарынымен өлеңдер жазып жүрмін. Жұрттың қабылдауы жаман емес. Бір сөзбен айтқанда, мен — тәуекелшіл ақынмын. Шынын айтқанда, қазір өлең «ақырын, ақырын шегініп» алыстап барады. Бұрынғыдай келуі жиі емес, сирексіді. Жас та кеп қалды ғой. Бірақ, өлеңнең айрылып қалмауға тырысам. Ал жоспар жағына келсем, жоспар көп те емес, бірақ аз да емес. Ең алдымен, кешегі, бүгінгі поэзия туралы, оның ірі, мықты өкілдері туралы мақалалар топтамасын бастасам ба деп ойлаймын. Оған дайындық жұмыстары ептеп болса да, жүріп жатыр. Құдай қаласа, кірісіп кетермін. Сонан кейін біздің де көрген білгендеріміз аз емес. Сол өмір өткелдері көкіректе сайрап тұр. Оған тек кезек келу керек.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі