«Жас алаш». Әмірхан Мендекемен әңгіме.
5 маусым, 2007 жыл
— Тем-аға, сіздің соңғы жылдардағы жазып жүрген поэтикалық-көркемдік жағынан болсын, қоғамдық-әлеуметтік жағынан болсын әрі өткір, әрі тегеурінді өлеңдеріңізге, сондай-ақ әртүрлі басылымдарда жарияланып жүрген сұхбаттарыңыз бен публицистикалық мақалаларыңызға қарап, көп жұрт сізді оппозицияда жүрген шығар деп ойлайды...
— Бірден айтайын, мен оппозицияда емеспін. Ешқандай партияға да мүше емеспін. Әрине, мен бұл сөздерді биліктің түйілген қабағы мен қырын көзіне ілігіп қаламау деген қорқыныштан айтып отырғам жоқ. Оның себебі мынау: Бұдан бірер жыл бұрын «Түркістан» газетінің тілшісіне берген сұхбатымда айтқам: «Егер сен бір партияға мүше болсаң, онда сен мейлі қала, мейлі қалама, сол партияның шоқпарын көтеріп, сойылын соғып кетесің де, басқа бәсекелес немесе қарсылас партияның дұрыс ісін де бұрыс деуге ыңғай тұрасың, объективтіліктен айырыласың», — деп, сондықтан мен ешқандай партияға мүше болғам жоқ. Болмаймын да! Мен қазір кейбір мәселелер жөнінде, әсіресе қазақ халқының ұлттық мүдде мәселелері жөнінде билікке де, оппозицияға да оппозициямын. Зиялы қауым өкілдерінің бірер-жарымы болмаса, көбіне-көп билік партиясына да, оппозициялық партияларға да мүше болмайтыны сондықтан. Мұндай позиция дұрысты бұрыс деп, бұрысты бұрыс деп, атын атап, түсін түстеп отыру үшін қажет.
— Яғни, екі жақтың да даттайтын жақтарымен бірге мақтайтын жақтары да бар деп білесіз ғой?
— Дәл солай.
— Ондай биліктің қандай мақтайтын жақтары бар деп ойлайсыз?
— Қарап отырсаңыз, бүгінде билік деген жалпылама айтылмағанмен, біз үшін ол ұғым жалқы ұғымға, яғни нақты бір тұлғаны меңзейтін ұғымға айналып кетті. Өйткені бүгінгі таңда биліктің тізгіні де, тұтқасы да бір-ақ адамның, Нұрсұлтан Назарбаевтың, ғана қолында. Кезінде «партия дегеніміз — Ленин, Ленин дегеніміз — партия» деп бар дауыспен шырқамайтын ба едік. Мейлі, біреу қосылар, біреу қосылмас, бірак, бәріміз көріп-біліп отырмыз ғой, қазір де солай, билік дегеніміз — Назарбаев, Назарбаев дегеніміз — билік.
Ешқандай бұра тартпай, турасын айтсак, Нұрсұлтан Назарбаев, сөз жоқ, мемлекетіміздің аяғынан тік тұрып кетуіне аса зор еңбек сіңіріп, көптеген ауқымды жұмыстар атқарды. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында ол реформа жасап жүріп республиканы экономикалык, әлеуметтік тығырықтар мен дағдарыстардан алып шықты. Әлгі әйтқандарға сол түстағы саяси сапырылыстарды, саяси дүрбелең-дүбілістерді қосыңыз. Несін жасырамыз, Қазақстанның тағдыры, яғни әупірімдеп жүріп қол жеткізген тәуелсіздігіміз қыл үстінде тұрды. Бырт етіп үзіліп кетсе, құрдымға кетуіміз кәдік еді. Сол түстағы президенттің еңбегі жойқын болды. Ұстасып жүріп, тістесіп жүріп Қазақстаңды сол дағдарыстардан да, сапырылыстардан да аман-есен алып шықты. Жалпы, адамның жады тақтаға жазылған бор сияқты, тез сүртіліп қалатын болса керек. Әсіресе, тойынған кезде. Қазақстан қазір, не болғанда да, тоғайды. Ұмытшақтығымыз содан болса керек.
Мен өткен президенттік сайлау тұсында ол кісі туралы «Егемен Қазақстанға» «Ер жігіттің ішінде ат басындай шер өсер» деген көлемді мақала жазғам. Сол мақаламда президентіміздің елімізді экономикалық дағдарыстардан, саяси сапырылыстардан алып шығудағы ерен еңбегін айта келіп, қазақ мемлекеті үшін, қазақтың үлттык, мүддесі үшін атқарған төрт еңбегіне айрықша тоқталғам.
Біріншісі, астананың Ақмолаға көшірілуі. Бүл оқиғаны мен стратегиялык. тарихи ұлы оқиға деп білем. Кез келген уақытта қолды болып кетуі немесе дау-дамай, алақұйын объектіге айналуы кәдік аймақты ың-шыңсыз бауырымызға кіргізіп алдық.
Екіншісі, шекара мәселесі. Біреу олай, біреу былай десін, бәрібір шекарамызды бекітіп алдық. Бүл да — үлкен жеңіс. Өйткені қазір біз шекара бөлісе алмай бір-біріне алакөз болып отырған елдерді көріп отырмыз ғой. Ол дау-дамайлардың түбі немен тынарын қүдайым білсін.
Үшіншісі, «Мәдени мұра» бағдарламасы. Ол да ұлтымыз үшін жасалынған игілікті іс болды. Тарихыңды, мұраңды танымасаң, болашағыңды тану мүмкін емес. Бірақ бұл игілікті істің, әттең, насихаты да, жұртқа таралымы да кемшін соғып тұр. Тек көңілге демеу болары, жиналған дүниелерді қайта басып шығару ісі үздіксіз жүре беретін процесс қой.
Төртіншісі, оралмандардың елге келуіне жол ашуы. Квотаның аз бөлінуіне, келген ағайындарға жөнді жағдай жасалмауына, тағы да басқа проблемаларына қарамастан, бұл да президенттің айта қаларлықтай еңбегі деп білем. «Көш жүре түзеледі» дегендей, бұл көш те бара-бара түзу жолға түсіп кетер деген үміттеміз.
— Әрине, бұл атқарылған істерді жоққа шығару қиын. Сөзімізді басқа арнаға бұрып алмай тұрғанда, бір сұрақты індетіп бітіріп алайық. Енді оппозицияның мақтайтын тұстарына да тоқтала кетсеңіз...
— Біздегі оппозиция жас. Оның әлі буыны бекіп, сүйегі қатып кете қойған жоқ. Оппозицияның шын мәнінде жарқырап көрінген кезі «Ақ жол» партиясының шаңырақ көтерген тұсы еді. Бәріміз де ол партияны үлкен күшке айналар деп ойлағанбыз. Бірақ өз араларынан жік шығып, өкінішке қарай, екіге жарылып кетті. Содан жұдырықтай жұмылған күштерін әлсіретіп алды. Қайта көтеріліп кетер ме еді, егер Алтынбек Сәр-сенбайұлы жауыздықпен өлтірілмегенде. Бұл қаза жұрттың бәріне ауыр тиді. Оппозиция Заманбек Нүрқаділовтің өлімі тұсында да, Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасы тұсында да зор жігерлілік танытты. Ешқандай бұлтақтамай, ешқандай жалтақтамай, жоғары жақтан көп нәрсені принципті түрде талап етті. Әлі де талап етіп отыр. Болашақта да талап ете бермек. Әрине, қазір де оппозиция қарап отырған жоқ. Биліктің саяси болсын, әлеуметтік болсын, қазіргі жүргізіп отырған жұмыстарын үздіксіз сынға алуда. Майлап-сайлап, сылап-сипап жұртты алдарқатпай, түбегейлі саяси реформалар жүргізу керек екенін толассыз сөз етуде. Бүкіл Қазақстан денесін өрмекшініңторындай сыбайлас жемқорлықтың орап алғанын, ол тордан құтылмасақ еліміздің мүлде талан-таражға түсіп, тоналып, содан кейін әлдекімдердің артына жұтылып кететінін бүкіл дәлел-дәйектер көлтіріп, айтудай-ақ айтуда. Қараңғы жағы да, көлеңкелі жағы да жоқ ашық демократиялық мемлекет құрайық деп жатыр. Қазіргі жүйе тұсында ешқандай бағдарлама, соның ішінде бүкіл қоғам аса ділгір болып отырған инновациялық,-индустриялық бағдарлама да ешқашан жүзеге аспайды деп дабыл қағуда. Олардың білім, денсаулық салаларын дамыту жөнінде құнды пікірлері бар деп білем. Мен өз басым осы талаптардың көбісіне қосылам.
— Онда неге оппозицияға өтпейсіз?
— Бұл енді пластинканың екінші беті. Тағы да ол бет — мен үшін, тек мен үшін ғана емес, көп жұртшылық үшін де ең басты беті. Яғни, оппозициялық күштер бүкіл қазақ халқы үшін ең өзекті, ең көкейкесті мәселені, ұлт мүддесін мүлде жылы жауып қойған. Бейне бір ондай мәселе жоқ сияқты. Қарап отырсаң, бәрі де қабілетті, қайсар, білімді әрі білікті азаматтар. Қазактар.Бірақ қазақ халқының ұлттық мүдделерін ауыздарына алғылары келмейді. Әрине, ондай оппозицияға, дәлірек айтқанда, ұлттық рухтан жұрдай ондай оппозицияға жалпы қазақ, бірлі-жарымы болмаса, ермейді. Міне, біздегі оппозициялық күштердің ең осал тұсы, жазылуы қиын дертті тұсы — осы. Олар түптің-түбінде тарап кете ме, тарап кетпей ме, оны білмеймін. Білетінім, бұдан былай да олардың қатарының молая қоюы екіталай.
— Түсінікті, Енді биліктің осал тұсы, яғни даттайтын тұсы деп қандай мәселелерді атар едіңіз?
— Әрине, билік кейбіреулер айтып жүргендей, көзін тарс жұмып алған көрсоқыр, құлағын тарс бекітіп алған таскерең емес. Бірден сергектік танытпаса да, оппозиция айтқан кейбір мәселелерді кешеуілдеп болсын, біртіндеп енгізіп келеді. Оны оппозициялық күштердің өздері де айтып жүр. Жұрт та көріп отыр. Сондыктан әлгінде жоғарыда айтып өткеніміздей, оппозицияның қойып жүрген талаптарының біразы біртіндеп орындалуы да мүмкін. Біразы орындалмауы да мүмкін. Бұл заманда бәрі мүмкін ғой...
Бірақ, бұл жерде менің айтпағым басқа. Қарап отырсақ, билік пен опозицияның бір-бірінен аумайтын, бейне бір сол мәселе жөнінде бір-бірімен келісімге келгендей ұқсас жері де бар. Ұқсас жері — тағы да сол ұлттық мүдде мәселесі. Ұлттық мүддеге келгенде, яғни ұлттың омыртқасының ішіндегі жұлыны, өзегі болып саналатын тілге келгенде, екі жақтың да соншалықты салғырт, соншалықты немкетті бола қалатындары. Тіл — рухани анамыз. Ал анаңа, Құдай-ау, салғырт, немкетті қарауға бола ма? Онда сенің қатігез, жатбауыр болғаның ғой. Өйтіп сенің бар болғаныңнан не үміт, не қайыр? Жоғарыда, билікте жүргендердің бәрі дерлік казақ халқының перзенттері. Бәрі де қазақтың аялы алақанында, қазақтың омырауын еміп өскендер. Өз тілін, яғни өз анасын телмендетіп, телміртіп қоятындай, оларға соншама не болды? Не көрінді? Ең болмаса, олар осы елдің жерін қорғап, жандарын пида еткен аруақтардың, ата-бабаларының рухтарынан именсе қайтеді? Жоқ, шімірікпейді.
— Қаттырақ айтып қалып отырған жоқсыз ба? Президентіміз «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп жатқан жоқ па?
— Деуін деп жатыр. Мен өз басым бұл сөзді алғаш рет естігенде сұмдық әсерлендім. Жалғыз мен бе, жұрттың бәрі сондай әсерде болды. Ертеңнен бастап Қазақстандағы бүкіл казақтар бір-бірімен қазақша сөйлесіп кететіндей көрдік. Бірақ олай болған жоқ қой. Қазір ол сөзді біз титімдей де зандық қуаты жок, жай бір көңіл аулау үшін айтыла салған сөз ретінде қабылдаймыз. Неге? Өйткені біз жоғарыға қарап үйренген халықпыз. Яғни, президенттің аузынан шыққан сөздің бәрін қақшып ап, сол сәтінде оны іске қосуға ұмтыла кірісетін үлкенді-кішілі шенеуніктерге қараймыз. Сол жоғары жаққа көз тігіп, құлақ тосыңыз. Ондағы қазақтар бір-бірімен қазақша сөйлесіп жатыр ма? Сөйлесіп жатқан жоқ! Қазақшаны шала-шарпы білетін премьер-министр Мәсімов мырза мен оның қарауыңдағы министрлердің бәрі қазақша сөйлеседі екен дегенге кім сенеді?! Немесе, Жақсыбеков пен Қарақұсова бір-бірімен қазақша сөйлеседі екен дегенге сіз өзіңіз иланасыз ба? Тіпті, менің президентіміз өзінің бала-шағасымен, немерелерімен қазақша сөйлесетініне күмәнім бар. Әлде олардың бәрі қазақтар емес пе? Сонда «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген «қанатты» сөзіңізде не қасиет, не қадір қалды? Соларды көріп, біліп отырған бер жақтағы қазақша білмейтін қазақтар бір-бірімен қалай қазақша сөйлөспек?! Сондықтан бүл сөз қазір рухани айналыстан шығып қалды деуге болады. Шыкпаса, тек желөкпелер мен желбуаздардың аузымен айтылады. Желөкпелер мен жел-буаздарға қазір кім сенеді?
— Мемлекеттік мекемелерге қазақша білетін қазақтар алынсын деген де сөз айтылды ғой...
— Әлденеше айтылды. Бірақ ол орындалып жатыр ма? Егер орындалып жатса, орындайық деген шын ниет болатын болса, онда қазақша білмейтін Мәсімов мырза премьер-министр болып тағайындалмас еді ғой. Президенттің өзі орындамайтын заңның көрегі не? Айтылған сөз қайда, атқарылған іс қайда? Алшақтығы жер мен көктөй. Оны айтасыз, президенттік аппарат пен Үкімет аппаратына барып көріңізші. Бәрі дерлік қазақ, бірақ бәрі дерлік орысша сөйлейді. Қазақша сөйлеп жүргендер ілуде біреу. Бейне бір сен Қазақстанның емес, Ресейдің билік орындарында жүргендейсің. Қүдай біледі, сол Ресейіңіздің субъектілері болып саналатын Татарстан мен Саха елінің билік органдарында да бұлай емес шығар. Сонда деймін-ау, айтылған сөз атқарылмаса, халықты алдап не керек?
— Көптеген облыстар мен министрліктер іс қзғаздарын қазақша жүргізуге көшкен жоқ па?
— Бұл әрекетке алғашқыда мен де сендім, сен де сендің, жұртшылық та сенді. Бажайлап қараған адамға бұл мәселе де «бақсам бақа екен» болып шықты. Өйткені қазақшаға көшті деген облыстардың бәрі де жоғары жаққа іс-қағаздарын екі тілде жібереді. Ал әлгіндей орысша сөйлеп отырған жоғары жақтағы аппараттардың қызметкерлері сенің жіберген қазақшаңды оқып отырады дейсің бе, әлбетте қасына қосақтап жіберген орысшасын оқиды. Сондықтан бұл мәселеде көңіл аулау ғана емес, көзбояушылық орын алған. Яғни, мундай кеңіл аулау, көзбояушылық тамыр салған жерде қазақ тілі ешуақытта өркендемейді, өрісін жаймайды. Бір жерді шиырлап жүреміз де қоямыз. Ал бір жерді шиырлап жүре берсең, ол жер алдымен таптаурын болады да, сонан кейін ол жерден тозаң мен шаң көтеріліп тозып бітеді. Құру деген сол. Өзіңіз қараңызшы, біз казір бірде былай, бірде олай жүгіріп, бір жерді айналып жүріп жатқанымыз өтірік пе? Жоғары жақтың бірде былай дегеніне де, бірде олай дегеніне де сеніп қаламыз. Оның бәрі әншейін алдарқату екенін кейіннен барып білеміз. Енді қазір сенуден де қалып барамыз.
Тағы бір мысал. Мәдениет және ақпарат министрі Ертісбаев мырза биылғы жылды өз министрлігінде «қазак, тілінің жылы» деп жариялады. Соны естігенде жерге кіріп кете жаздадым. Сонда не, олар келесі жылы кайтадан орыс тіліне көше ме?! Осыдан кейін қалай сенеміз?
— Сонда не істеу керек деп ойлайсыз?
— Қоғамда қазақ тіліне деген қажеттілік, мәжбүрлік тудыру керек. Онсыз бәрі бекер. Ол үшін, ең алдымен Конституциядағы ресми тіл деген тармақты алып тастау керек. Өзін-өзі сыйлайтын мемлекетте диаспораның тілі мемлекеттік жүйеде үстемдік құрмайды. Билеп-төстемейді. Әрине, Швейцария, Бельгия сияқты елдерде мемлекеттік тіл бірнешеу. Бірақ ондағы халықтар өздерінің ежелден келе жатқан атақоныстарында отыр ғой. Ал біздегі халықтардың қазақтардан басқаларының бәрі — диаспоралар. Диаспора деген ешқандай қорлық та сөз емес, шеттететін де сөз емес. Тек не нәрсені де өзінің атауымен атау керек. Олардың диаспора болатын себебі, олардың ата-бабалары біздің ата-бабаларымызбен тізе қосып, осы ел мен жердің тәуелсіздігі үшін күрескен жоқ. Қанын беріп, жанын берген жоқ. Қазақ жерін қазақ қана қорғады. Яғни, ел иесі де, жер иесі де — қазақ! Әрине, бізге келген халықтардың біразы зорлық-зомбылықпен келгендер. Оларға ең алдымен қазақтар қамқор болған. Паналатқан. Қолындағысын бөліп берген. Қазір де оларға ешкім кет деп жатқан жок,.
— Көп ұлтты, көп дінді мемлекетпіз деп жатырмыз ғой...
— Міне, осы дұрыс сөз емес. Мәселен, Түркияда 13 миллион күрд бар. Олар ата коныстарында отыр. Басқа да ұлт өкілдері толып жатыр. Бірақ түріктер біз көпұлтты мемлекетпіз деп ешуақытта айтпайды. Олай десе, Түрік мемлекетінің мәртебесі төмендейді. Францияда да, Германияда да, Англияда да диаспоралар толып жатыр. Сонда олар ақымақ та, біз ақылдымыз ба?
— Керісінше сияқты...
— Біз өзімізді қазақ еліміз, қазақ мемлекетіміз дейміз. Кеуде ұрғанда жер дүниені дүңкілдетіп жібереміз. Шыққан биігіміз мынадай-мынадай деп айқайлағанда дауысымыз Алатаудан асып кетеді. Ал рухани шыққан биігіміз соншама пәкене, соншама пәс. Әйтпесе, рухани биік, рухани асқақ ел диаспораның тілінде сөйлеуші ме еді?! Қазір қазақ халқы өз жерінде (!), өз елінде (!) диаспора сияқты. Олай демей не дейін, қалалардағы көше аттарын сұрасақ та біреулерден жалынып-жалпайып жүріп сұрап аламыз. Қазақша мектеп ашып беріңдер, қазақша балабақша керек деп иіліп-бүгілетіндер де — қазақтар. Диаспора ғана осылай етеді. Кейбір елдерде диаспора ештеңе сұрай да алмайды. Бүйте берсек, күндердің күнінде біздің де ештеңе сұрай алмай қалуымыз мүмкін.
Бүгінде қазақ тілі декоративті тілге айналды. Өзіміз күнде көріп отырмыз ғой, президентіміз бастап, қалғандары қоштап жиын біткеннің бәрінде бас жағында 5-6 минут, соңында 3-4 минут қазақша сөйлейді. Яғни, мемлекеттік тілде мемлекеттік мәселелер шешілмейді. Бүл — қорлау.
Қазір мен өз жерімізде өзіміздің диаспора деңгейіне түсіп кеткенімізге таңқалам. Орыстар республика халқының 25-26 пайызы ғана. Қалған ұлттар мен ұлыстар 3 пен 1 пайыздан аспайды.
«АиФ» газетінен мынадай ақпаратпен танысқаным бар: Ресей ең жақын тұтатын Арменияның өзі және бірқатар ТМД елдері орыс тілін шет тілі, қалған бірқатары оны шағын халықтар тілі деңгейіне ысырып тастапты.
Белгілі орыс режиссері, қоғам қайраткері Говорухин «Известия» газетіндегі сөзінде россиянин және орыс деген сөздерді синоним ретінде қарастырыпты. Яғни, ол үшін өздерін россиянинбіз дейтіндердің, яғни татарыңыз да, башқұртыңыз да, қалмағыңыз да — орыс.
Енді мен саған мынадай бір мысал келтірейін. Көктерек деген ағаш бар. Сұлу ағаш. Біз көріп жүрген теректердің қай-қайсысынан да әдемі. Жапырақтары алақандай-алақандай. Діңгектері де жұп-жуан. Бұтақтары да, бір қарағанда, қайратты. Жасыл бояуы сыртқа теуіп тұратын тоқ. Айналасындағы қай ағаштан да әрі айбарлы, әрі қуатты көрінеді. Бірақ, сол ағаш қатты дауыл соққанда бірінші боп құлайды. Оның қасында бұта сияқты жарбиып көрінетін жиде, қарағаштар құламайды. Неге? Өйткені көктеректе күре тамыр жок, сол күре тамырмен жалғанып жататын өзек жоқ. Түсініп отырсыз ба, өзек!
Біз де қазір сол көктерек сияқтымыз. Мемлекетімізде өзек жоқ. Қазақ халқы Қазақстан мемлекетінің өзегіне айналмай тұр. Бұл қауіп пе? Қауіп. Құдай бетін әрі қылсын, егер дауыл соға қалса, әрине көзге қораш көрінетін жиде, қарағаштар аман қалады. Ал көктеректей сән-салтанатымыз келісіп тұрған, бірақ өзегі жоқ біздің күніміз не болмақ?
Өлең жазатын адаммын ғой, тағы бір метафора келтіре кетейін. Біз мемлекет құрылысын енді салып жатқан елміз. Ал кез келген құрылыс арматурасыз салынбайды. Іргетасында да, ұстап тұратын ұстындарында да арматура болуы керек. Онсыз қай құрылыс та жай бір сілкіністен құлап қалады. Мемлекеттік құрылыстағы арматура — ұлттық рух. Кез келген мемлекетті ұстап тұратын бір ұлт. Яғни, Ресейді ұстап тұратын арматура — орыс, Германиянікі — неміс, Франциянікі — француз. Ал біздікі кім? Белгісіз. Өйткені біз «көпұлтты мемлекетпіз». Біз қазір Кеңес одағының түбіне жеткен интернационализм идеясын ұстанып отырмыз. Өткеннен сабақ алмайтынымыз калай? Түсінбеймін.
— Мемлекеттің көпұлттылығы еліміздегі тұрақтылықтың кепілі деп жатқан жоқпыз ба?
— Тұрақтылықты қаламайтын адам түп-тамырымен жойылып кетсін. Кім тұрақтылықты қаламайды? Бірақ тұрақтылық тек бүгін ғана емес, ертең де болуы керек қой. Біз үшін, тіпті барлық халық үшін де, ертеңгі тұрақтылық бүгінгі тұрақтылықтан да қымбат. Өйткені ертеңгі күні біздің ұрпағымыз өмір сүреді ғой. Бірақ ол тұрақтылық мемлекетті құраушы халықтың есебінен жүргізілмеуі керек. Бірден айтайын, өзінің мемлекетінде өзінің тілін шын мәнінде мемлекеттік тілде сөйлете алмай отырған халықтың ішінде қордаланып қалған бүгінгі өкпе-наз бұрқ етіп түтеп шыға келетін ашу-ызаға айналуы мүмкін. Оны бүгіннен бастап ойламау - ертеңгі тұрақтылықка қатер.
Қазір бүгежектемей турасын айтатын болсақ, қазақ халқының ұлттық мүддесі өте мүшкіл халде. Алдарқатқанға халық сенуден қалып барады. Бір газеттен оқыдым, белгілі бір қадірлі депутатымыз қазақ тілі құрып барады, оны құтқаруға қолұшын беріңіздер деп ОБСЕ-ге хат жазыпты. Қайтсін, амалы таусылған ғой. Қазір біздің жанымыз нала, тәніміз жара...
— Алдымен неден бастау керек деп ойлайсыз?
— Жаңа айттым ғой, Ресейде орыс тілін білмесең өмір сүре алмайтының сияқты, Қазакстанда да жұрттың қазақ тіліне деген қажеттілігі мен мәжбүрлілігін тудыру керек. Орыс тіліне деген кіріптарлықтан сонда ғана құтыламыз. Ол үшін алдымен мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін қазақтар болсын, қазақ еместер болсын, оларға қазақ тілін білу керек деген қатаң талап қойылсын. Ол талап әйтеуір айтыла салған сөз болмай, толық іске асуы керек.
Осы жерде орыс газеттерінен оқыған бір ақпаратты келтіре кетейін. Былтыр Ресейдің Ульяновск қаласының әкімшілігінде істейтін шенеуніктерді тестіден өткізген. Бүкіл шенеуніктер орыс тілінен диктант, шығарма жазған. Қате жіберген шенеуніктердің бәрі жүмыстан шығарылған. Міне, өз тіліне деген қамқорлық. Ал біз болсақ, айтамыз да, ол айтқан сөзіміздің үдесінен шыға алмаймыз. «Уа, аса мәртебелі президент мырза, айтқан сөзіңіз бен ісіңіз қабыспай жатыр ғой!» деуге шамамыз жетпейді. Айтпақ түгілі, бұл ретте түк бітпей жатса да мақтаймыз кеп, мақтаймыз кеп... Әрине, президентті сыйлау керек, құрметтеу керек. Бірақ ұлттық мәселе сияқты аса үлкен мәселеге келгенде, қателігі болса, айтуға міндеттіміз. Өйткені ол да мен, сен сияқты казақтың баласы. Бұл мемлекет қазақтың арқасында мемлекет болып отыр. Олай болатын болса, президент басқа ұлт өкілдеріне түсіндіре отырып, ең алдымен, қазақ халқының мүддесіне, оның тілінің мәртебесі мен мерейін өсіруге қызмет етсін. Әріберіден кейін бұл жұмыс оның президенттігімен бірге перзенттік те борышы. Алдарқатудың, көңіл аулаудың түк те қажеті жоқ. Табанды, нақты іс керек.
Несін жасырамыз, бізді қазір орыстілділер билеп-төстеп отыр. Ең алдымен осы бір жағымсыз құбылыстан арылған жөн. Қазір, Құдайға шүкір, қазақ тілін де, орыс тілін де жақсы білетін маман азаматтар жеткілікті.
— Солай бола тұра, қазақтың ұлттық мүддесі деген мәселеге келгенде басқа ұлт өкілдерінің тек бірен-сараны болмаса, көбісінің қырын қарайтыны несі?Солар кезінде қазақ халқынан қайырым мен мейірімнен басқа жат қылық көрген жоқ. Бұл неліктен деп ойлайсыз?
— Бұл ең алдымен Кеңес одағы кезіндегі бізге қарсы жүргізілген сұмпайы идеологиядан. Сол сұмпайы идеология қалыптастырған психологиядан. Бізді де, басқаларды да ол кезенде қазақтар ғасырлар бойы сауатсыз болған, тарихы да, мәдениеті де жоқ көшпелі тірлікте, яғни тұрпайы, жабайы деңгейде өмір сүрген деп оқытты ғой. Оған өзімізді де, өзгелерді де иландырып бақты. Ең, сұмдығы, бұл сөздерді тағы да өз аузымызбен айтқызды. Ал өзің «мен осындай сорлы, бейшара едім» деп сарнап тұрсаң, басқа жұрт сені қалай ғана сыйлай қоймақ? Сорлы, бейшараны кім сыйлаушы еді?! Ал тәуелсіздік алғаннан кейін де оларға өзімізді танытатындай ештеңе жасай алмай жатырмыз. Рас, тарихымыздағы ақтаңдақтар біршама ашылды, мәдени, рухани мұраларымыз айналысқа түсе бастады. Бірақ оларды негізінен өзіміз ғана оқып-біліп жатырмыз. Яғни, өз бидайымызды өзіміз қуырып жеп жатырмыз. Бізді танып-білсем деген басқа халықтардың ынта-ықыласы жоқтың қасы. Басқа жұрт түгілі, космополиттік санамен өмір сүріп жүрген орыстілді қазақтардың өздері де қазақ тілінің мәртебесі биіктеп, мерейінің өсуіне мүлде ынталы емес. Олардың ішіндегі қазақтың тарихын, мәдениетін біледі деген азаматтардың өздері қазақ тілін, мүмкіндігі болса, шеттетіп тастауға даяр жүр.
— Атап айта аласыз ба?
— Атап айтқанда, солардың үлгісі, эталоны — бүкіл халық алақанына салып ардақ тұтатын Олжас Сүлейменов. Ол кісіге ұстанып отырған позициясының дұрыс емес екенін жұрттың бәрі айтудай-ақ айтып жатыр. Мен де айтқам.
Былтыр Олжекеңнің 70 жылдығына орай ҚазҰУ-дің Студенттер сарайында кездесу өтті. Соның алдында ғана ол кісіні, сіздердің газеттеріңізде болу керек, «мен қазақ тіліне қарсы емеспін, бірақ оның әлі көптеген проблемалары бар, алдымен соларды шешіп алайық» деген іспетті мақаласы шыққан. Маған сөз бергенде мен Олжас Сүлейменов деген есімнін тек әдеби ғана емес, тарихи тұлға екенін айта келіп: «Құрметті Олжеке, сіз алдымен қазақ тілінің проблемаларын шешіп алайық дейсіз, бірақ барша тірі дүние сияқты тірі тілдің де проблемалары ешуақытта таусылмайды, тек өлі тілде ғана проблема болмайды», — дегем-ді. Басқа жұрт та толассыз айтып жатыр. Дей тұрғанмен, менің көзімнің бір жеткені, қазіргі таңда ол кісі қазақтың пікірін құлағына ілуден қалған адам. Оның өткен жолын, атақ-абыройын, құрметтей отырып айтар болсақ, дәл осы кезеңде Олжас Сүлейменов қазаққа, өкінішке қарай, жат, бөгде. Ол қазір ешқандай қауіп төніп тұрмаса да, орыс тілінің корғаушысы, қолдаушысы. Міне, содан болса керек, ол Путиннің жарльғымен Ресей орденімен марапатталды. Енді ол бұл бағытынан мүлде қайтпайды.
Міне, қазақ халқының қазіргі ұлттық мүддесінің хал-күйі. Ашығын айту керек,бүгінгі таңда қазақ тілі қазақ халқы алақанына сап көтеріп отырған азаматтарының өзінен теперіш, шет қақпай көріп отыр. Олай демей не дейін, Олжас Сүлейменов сияқты азаматтарды былай қойғанда, қазақ тілін бір кісідей білетін президентіміздің өзі шетелдерден келіп-кететін қонақтармен немесе өзі шетелдерге шыққанда және басқа да ресми кездесулерін тек қана орыс тілінде өткізеді ғой. Апыр-ау, жапон, ағылшын, неміс, француз, арабтар ол кісіге «жоқ сіз бізбен тек қана орыс тілінде сөйлесіңіз» деп талап қоймайды ғой. Өзі ғой қазақ тілін ысырып тастап, орыс тілінде сөйлесетін. Әйтпесе, дәл қазір, Құдайға шүкір, сол тілдердің бәрін меңгеріп алған қазақ тілді аудармашылар жетеді. Бұл жерде әңгіме ниетте. Ниет жоқ.
Дипломатиялық корпустарымыз да солай. Бәрі орысша.
Осылардың бәрін күнделікті көріп отырған өзін сыйлайтын әрбір қазақ, сөз жоқ, өз ана тілінің болашағына қатты алаңдаулы. Өйткені айтылып жатқан сөз басқа, жасалынып жатқан іс басқа.
Әлемдегі бәсекеге қабілетті алдыңғы қатарлы елу елдің қатарына қосыламыз дейміз, сонда біз сол елу елдің қатарына диаспораның тілімен сөйлеп барамыз ба? Ұят қайда?
Менің көңілге мықтап бір түйгенім, президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды қазақ ұлтының мемлекеті етуді ойламайтын сияқты. Ішкі рухани қуатын жұмсағысы келмейтіндей. Яғни, ол Ататүрік те, Махатхир де емес. Өкінішті...
— Оның есесіне халқымыздың әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді ғой.Экономикамыздың қарқыны жаман емес. Жалпы ішкі өнім барған сайын артып келеді. Бір сөзбен айтқанда, көйлек көк, тамақ тоқ...
— Бәрі рас. Мынадай байлық үстінде отырып, олай болмауы мүмкін емес. Қаншама байлығымыз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті дегенмен, әйтеуір дастарқанымыз нансыз, қалтамыз тиын-тебенсіз емес.
Бірақ, бұл жерде де қазақ халкының мүддесі дұрыс қорғалып жатыр деп айта алмаймыз. Қорғалмақ түгілі, аяқасты болып жатыр. Әлеуметтік әділетсіздік пен теңсіздіктің құрбаны болуда. Құрбаны болуда демей не дейін, егер олар сол әлеуметтік теңсіздікке қарсы әрекет етсе, бірден солар айыпты боп шығады.Бұған Теңіздегі, Ақтаудағы, Байқоңырдағы оқиғалар мен мәселелерді қосыңыз. Бұл оқиғалар мен мәселелердің арғы астарына үңіліп қарасаңыз, олардың бәрі қазақ халқының ұлттық, мүддесінің мүлде ұмыт қалуынан, елеп-ескерілмеуінен туындап жатыр. Таяу арада бір газет жазды, Қарашығанақтағы жергілікті жұмысшылар сырттан келетін жүмысшылардан жеті есе аз айлық алады екен. Яғни, қазақ өз жерінде құл болып жүр деген сөз. Неткен масқара! Басқа мемлекеттер өз халқының әлеуметтік жағдайына осылай қарай ма? Қарамайды! Алдымен өз халқының жағдайын жасайды. Мұндай қорлыққа жол бермейді. Оған жүздеген мысалдар келтіруге болады. Қарап отырып күйінемін, ашынамын.
Күйінбей, ашынбай кайтесің! Қазақтар қазір өз жерінде өгөйлік көріп отыр. Кез келгеннен теперіш көруде. Мен саған бір оқиға айтайын. Ертеректе болған оқиға.Қыстың көктемге ауысатын аласапыран тұсы болса керек. Аяқ астынан қатты боран соғады. Жылқылар өкпек желден ықтап жөңки жөнеледі. Жылқышылар қапталдасып, қалмай жүріп, иесіз қалып қойған көне бір қораның қалқасына жөңкіген жылқыларды әупірімдеп жүріп әрең кіргізеді. Сонан кейін қорадағы көңді қопарып жіберіп, от жағып жылынуға кіріседі. Біраздан кейін бір жылқышы жанындағы көңнің арасынан, сабынан үзілген қамшыдай боп созылып жатқан жыланды суырып алады. Әлгінде көң аударыстырып жүргенде сыртқа шығып қалған жылан суықтан мүп-мүздай боп қата бастаған екен. Әлгі жылқышы жыланның сауабын алғысы кеп, оны отқа жақындатып жылыта бастайды. Шамалыдан кейін оттың қызуынан жыланға жан кіреді... Енді тағы бір шамалы уақыт өткенде жылан тіпті әлденіп кетеді. Оны ұстап отырған әлгі жылқышы жыланның бүлғақтап, шиыршық ата бастағанын қызықтап, жолдастарына көрсетпек боп, оны тағы көтере бергенде, жылан... жылқышының қолын шағып алады. Жыланның тіліндегі қыс бойы пісіп, әбден құтырып тұрған у жігітті сеспей қатырады.
Мен осы оқиғаны есіме алған сайын өз халкымды есіме алам. Ол да тоңғанды, жаурағанды жылытам деп құшағына алып, бауырына басып, пана болып, ақырында сонысынан өзі опық жеп, уланып, қаншама рет өлім аузынан қалған жоқ па?!Әсілі, жыланға мейірім жүрмейді-ау. Біз осы ащы сабақтан тағылым алар ма екенбіз?!Экономикамыз асып жатыр, байлығымыз тасып жатыр деп күмпілдей бергенше, ең алдымен осындай мәселелерге көңіл бөлу керек.
Осының бәрі өз байлығымызға өзіміздің ие бола алмай қалғанымыздан. Кезінде келісім-шарттардың дұрыс жасалмағанынан. Қазір энергетикалық ресурстарымыздың 85 пайызы шетелдіктердің қолында. Ал Ресейдің энергетикалық ресурстарының 27 пайызына ғана шетелдіктер иелік етеді. Осы жылдың басында Мюнхенде болған халықаралық конференцияда Путин осының өзін көп деп ескертіп өтті.
Қорыта айтқанда, бүгінгі таңда қазақ халқы әлеуметтік әділетсіздіктің зардабын тартудай-ақ тартып отыр. Біз кереметпіз деп дүңкілдетіп кеуде соға бергеннен гөрі, осы бір көкейкесті мәселелермен дұрыстап айналыспаймыз ба? Бар нәрсені ешкім де қолымыздан тартып алмайды, ең алдымен жоқ нәрсемен шұғылдану керек.
— Қазір біз баймыз деп жатырмыз ғой. Миллиардерлеріміз де жыл санап көбейіп келеді...
— Бай екеніне баймыз. Ұлттық қордағы қаржымыздың өзі 17 миллиард долларға жақындады. Бірақ ол ақша қазір біздің мүддемізге қызмет етіп жатқан жоқ. Болашақта қызмет ете ме, етпей ме, оны бір Құдайдың өзі біледі. Ресейде де Тұрақтылық қоры дейтін қор бар. Путин өзінің жолдауында оның бір бөлігі елдің әлеуметтік мәселелерін шешуге жұмсалатынын айтты. Егер біз де ұлттық қордың бір бөлігін сыртта жүрген қандастарымызды көбірек алып келуге, оларға жағдай жасауға жұмсасақ, болашағымыз үшін қаншама игілікті іс тындырған болар едік.
Байлар мен кедейлер арасы барған сайын алшақтап барады. Байлар одан сайын байып, ал кедейлер өлместің күнін көруде. Елдің байлығы байларының санымен өлшенбейді. Елдің байлығы елдің тұтас әл-ауқатымөн өлшенеді. Жапонияны бай еткен не? Орта бизнес. Ал бізде орта бизнес өлімші халде.
Газеттен оқыдық, Жак Ширак президенттіктен кетер кезде өз мүлкіне Франция заңы бойынша декларациясын жариялады. Бұдан 3-4 жыл бұрын жарияланған декларация бойынша оның байлығы 1 миллион 720 мың еуро болған екен. Ал президенттіктен кетер кезде оның байлығы 1 миллион 400 мыңға азайып қалған. Азайып қалған себебі, қала ортасындағы өзінің жеке меншік үйін қызына сыйға тартыпты. Францияны он екі жыл бойы билеген кезінде Жак Ширак қызына жібі түзу жөнді бір үй алып бере алмаған. Ал біздің президенттің қыздары мен күйеубалаларының, інілерінің басқа байлықтарын былай қойғанда, қаншама коттедждері бар. Судың да сұрауы болмайтын ба еді?! Түптің-түбінде олардың да бір сұрауы болар-ау..
Басқа жақтан мысал іздемей-ақ, Қонаевты мысалға алайықшы. Бәріміз жақсы білеміз, Колбин келген бойда бірден Қонаевты тексерудің астына алды. Бірақ, тырнақ ілінерліктей ештеңе тапқан жоқ. Неткен таза, неткен адал адам еді десеңші!
Көзінде жарық көрген шығармаларына алған қаламақыларына дейін балабақшаларға аударып отырыпты. Түбіртектерін сақтап, тігіп қойыпты.
Жалпы қоғам құнығып барады. Қазір «Кедей бай болсам, бай Құдай болсам» деген психология берік орнықты. Ондай жерде халық қамы, ұлттық мүддені түбегейлі шешу мәселесі ұмыт қалады да, оның орнын алдарқату, алдау, көзбояушылық басады. Біз дәл қазір, өкінішке қарай, осындай кезеңді бастан кешіп отырмыз.
Мен саған «Көк түрік қағанына қарт абыздың айтқаны» атты өлеңімді оқып берейінші:
Уа, аспанның суына,
Тәңірінің нұрына
Шомылып отырған
Ұлы Қағаным,
Алдыңа кеп
Белімді бүгіп,
Басымды иіп тұрмын.
Аяғыңа жығылып,
Сүйрік саусақтарыңды
Сүйіп тұрмын.
Мен сені бүгін
Мақтайын деп те
тұрғаным жоқ.
Ақиқатты аттап
Бәле-жаладан
Ақтайын деп те
тұрғаным жоқ.
Тәңірінің дәргейі мен
Пәрмені арқасында
Мұртыңнан май,
Сақалыңнан бал ағып тұр ғой.
Ал, халқыңа карашы,
Жаман-жәутікке айналып
Жан бағып тұр ғой.
Қатын, балалары
Зар қағып тұр ғой.
Соларға көз салсаң қайтеді.
Әлде күндей көзіңді
Шел басып қалды ма?!
Көлдей көңіліңді
Шөл басып қалды ма?!
Ел басына күн туса
Шоқпыт киген
Кілең жаман-жәутіктер
Сермеп қылыш сілтеп,
Шіреп найза ұра ала ма?!
Сенің алтын тағың мен
Алтын шатырыңды
Қорғап тұра ала ма?!
Ойлансаң қайтеді!
Сен сенген
Уәзірлер мен бектерің
Шексіз қазынаңның
Алтынын дорбалап,
Күмісін арбалап
Тасып жатыр.
Қырық күн ойын,
Қырық күн тойын жасап
Асып-тасып жатыр.
Тыйым болмай ма?!
Нұр дидарлы Ханым,
Ай дидарлы Ханшалар мен
Нұр дидарлы Ханзадалар
Елді ит құрлы көрмей,
Сөзін бит құрлы көрмей
Басынып барады.
Уа, Ұлы Қағаным,
Халқың ыза мен намыстан
Жарылардай боп
Ашынып барады.
Мойындарына қыл шылбырлы
Құрық салмайсың ба?!
Ауыздарына қара тастай ауыр
Құлып салмайсың ба?!
Цин елінен келгендердің де,
Сұм елінен келгендердің де
Көңілін табамын деп
Біреуіне иіліп,
Біреуіне бүгіліп барасың.
Неге сен бірақ
Өзіңді ақ киізге орап,
Ақ сүтке шомылдырып,
Ақ түйені сойып
Қаған еткен еліңнен
Түңіліп барасың?!
Шалқайғанға шалқайып,
Еңкейгенге еңкейіп,
Тік келгенге
Тік келсең қайтеді?!
Шік келгенге — шік,
Бүк келгенге
Бүк келсең қайтеді?!
Бәрі де —
Жел сияқты! —
Келеді, кетеді.
Уа, Ұлы Қағаным,
Суы мен ауасын жұтқызып
Саған қуат берген
Жеріңмен бірге бол!
Сені қаған етіп
Алтын таққа отырғызған
Еліңмен бірге бол!
— Тем-аға, өзіңіз жақсы білесіз, жақында саяси реформаның басы ретінде Конституцияға өзгертулер енгізілді. Сіздің осы өзгертулерге көзқарасыңыз қандай?
— Әрине, бүкіл ел болып көптен күткен бұл реформаның, кім қалай деседе, мүлде болмай қалғанынан болғаны дұрыс. Олардың кейбіреулері бүгін толыққанды жұмыс істемесе де, ертеңгі күні жұмыс істейтін болады. Бірақ мен, не болғанда да, екі мәселені қабылдай алмаймын.
Біріншісі — халық Ассамблеясының ұсынысымен өзге ұлт өкілдерін депутаттыққа сайлау. Құдай-ау, Қазақстанда өзге ұлт өкілдерінің кетіп жатқан есесі жоқ қой. Қазақстанда қазақ мүддесі ғана бар. Кетсе, қазақтың ғана есесі кетіп тұр. Енді қазақ мүддесі бұрынғыдан да нашарлай түседі. Бұның түбі жақсылыққа апармайды.
Екіншісі — тұңғыш президентіміздің қанша сайланамын десе, сонша сайлана алатындығы. Немене, сонда қазақ халқы ел басқара алатын басқа азаматты тууға қауқарсыз болғаны ма?! Мұны мен өте ұят деп білем. Өз халқын бұлай кемсітуге болмайды.
— Рахат Әлиев оқиғасы туралы не айтар едіңіз?
— Кезінде Алтынбек Сәрсенбайұлы «Рахат Әлиевтің елге оралуы — қантөгіс» деп айтқан болатын. Айтқаны айдай келді. Оны 2001 жылы-ақ аластап тастау керек еді. Рахат Әлиев — ылаң, бүлік, ойран. Президенттің бұл шешімін бүкіл жұртшылық қолдап отыр. Әрі қарай да осындай батыл шешімдер керек-ақ...
— Тағы бір сұрақ. Ертең жазушылардың көзекті Құрылтайы ашылады. Бұл Құрылтайдан не күтесіз?
— Өткен-кеткеннің бәрін теріп, Қазақстан Жазушылар одағының қоғамдық рөлін айтпай-ақ қояйын. Бір-ақ оқиғаны еске түсірейін. Кезінде Жазушылар одағы Колбиннің тізесін дірілдеткен еді. Сондықтан мен жазушы қауым ұлт мүддесін өз мүддесінен биік қоятын ірі мінезді, жігерлі бір азаматты сайлап алады деп ойлаймын. Күтетінім осы.
— Әңгімеңізге рахмет!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі