Бұрынғы уақытта ерлігі жаннан асқан Аламан деген бір мерген болыпты. Сұлулығы хор қызындай оның Қарашаш атты әйелі болыпты. Қарашаш атануы, шашы алтындай жалтырап, беліне түседі екен. Бір ұл, бір қызы болыпты.
Бір күні Аламан аңға шығып кетсе, әйелі мен қызы суға түседі. Сонда бір тал шашы үзіліп суға кетеді. Шашын аламын дейді, ала алмайды, қайтып үйіне келеді. Бұл мұнымен тұрсын. Енді ханнан сөйлейік.
Бір күні Сұлтан хан уәзірін ертіп, қырық жігітімен тауға шығып келе жатса, алыстан жылтыраған бір нәрсені көреді. Олар: «Бұл қалай, айдаһар ма, жылан ба?» – деп, дағдарып тұрады да: «Не де болса баралық», – дейді. Келсе, бір тал шаш бір үлкен қоғаға бөгеліп қалыпты да үстінен су сарылдап асып төгіліп жатыр екен. Хан шашты көріп, бұл шаштың иесіне ғашық болады. Хан үйіне келеді. Бүкіл қол астындағы білімпаздарын жиып: «Шаштың иесін табыңдар» – деп бұйырады. Олар таба алмайды.
Хан ақырында: «Егер де осыны кімде-кім таба алатын болса, не тілесе де риза қыламын», – деп елге жар салады. Бірнеше күннен кейін ханға бір жалмауыз кемпір келеді.
— Егер де менің қалағанымды берсең, оны әкеліп беруім оңай. Ол тауда тұратын Аламан деген мергеннің Қарашаш атты қатыны, – дейді.
Хан мұны естіп:
— Ой, шеше! Сізді не қалаймын десеңіз де риза етемін, маған әкеп бер, – дейді.
Кемпір әкеп беруге уәде етіп жол тартады. Еш нәрсе білмеген адам болып, Аламанның жүретін жолына келіп жатады. Аламан келе жатса, жолда жатқан кемпірді көреді.
— Е, шеше, не істеп жатырсыз? – деді.
Кемпір:
— Мен жетім-жесір бишарамын. Осы жерге келіп едім, енді жүруге дәрменім болмай жатырмын, шырағым! – дейді.
Аламан:
— Маған шеше боласыз ба? – дейді.
Кемпір:
— Болайын, шырағым, – дейді.
Аламан кемпірді мінгестіру үшін қасына келейін десе, аты осқырып жолатпайды. Аты кемпірдің дұшпан екенің біледі. Аламан:
— Е, жығылғыр, осы жаман кемпір не қылушы еді! – деп, атын ұрып-ұрып, кемпірді мінгестіріп алады.
Аламан сол бойымен үйіне келеді.
Аламанның еш нәрсе ойында жоқ. Күнде аңға шығып кетеді. Ол кеткен уақытта әлгі кемпір әйелін азғыра бастайды. Кемпір:
— Қарағым, Қарашаш-ау! Тұрмысың болса мынау екен. Байың күндіз кетсе, түнде келеді, ешбір көрген қызғылықты игілігің жоқ. Егерде менің айтқанымды істесең, өмірің қызғылықпен өтетін жақсы күйеу тауып берер едім, – дейді.
Қарашаш:
— Ол кім? Егерде жақсы болса, айтқаныңызды істейін, – дейді.
— Ей, шырағым, не дегенің? Мен жаманшылық істеуші ме едім? – дейді.
Қарашаш:
— Айтшы, шеше! – дейді.
Кемпір:
— Ол әділдігі халықтан асқан Сұлтан деген хан, – дейді. Қарашаш тимекші болады.
Кемпір:
— Қарағым, байыңды қайтып ұстап аламыз? – дейді.
Қарашаш:
— Оны қандай арқанмен байласа да үзіп кете береді. Үйде бір жібек арқан бар. Ол өзі бір ұйықтаса, қырық күн ұйықтайды. Сол уақытта байлап алуға болады, – дейді.
Кемпір мұны естіп, қуана-қуана ханға хабар береді. Хан мұны естігеннен кейін бір түнде барлық әскерімен келіп, ұйықтап жатқан жерінде Аламанды байлап алады.
Аламан босағада байлаулы. Хан күндіз-түні Қарашашпен ойнап жата береді. Бір уақытта байлаулы тұрған Аламанның қасына қызы келіп қалады.
— Балам-ай, шырағым, мені танимысың? Қандай күйде жатырмын? Шешеңнің сандығында бір алмас кездік бар. Шешеңе барып: «Әкемнің кездігін бер!» – деп жылай берсең, алып береді, – дейді.
Ақылға келмеген жас сәби мұны түсінбейді.
— Сен менің әкем емессің, менің әкем шешемнің қойнында жатыр, – дейді де кете барады.
Аламан одан бетер қапаланып қала береді. Біраздан соң қасына ойнап жүріп ұл баласы Жоламан келіп қалады.
Аламан:
— Қарағым, Жоламан, бері келші! Мен қандай күйде жатырмын? – дейді.
Баласы қасына келеді.
— Шешеңнің сандығында бір алмас кездік бар, барып: «Әкемнің кездігін бер!» деп жылай берсең, береді, – дейді. Бала шешесіне барып: «Әкемнің кездігін бер», – деп жылай берген соң, хан: «Мына жүгермекті құртшы, не қылар дейсің?» – дейді. Шешесі кездігін әпереді. Бала кездікті әкесіне әкеледі. Аламан арқан-шынжырларды көрсетіп: «Мынаны кес!» –дейді. Бала кеседі. Аламан босанады да ханды жатқан жерінде өлтіреді. Ханның әскерін қырып салады.
Сөйтіп, қатыны мен қызын қосақтап атасының үйіне айдап апарып, оған қызының істеген ісін бастан-аяқ айтады. Атасы мұны есітігеннен кейін ашуланып, өз қызы мен жиен қызын қоса өлтіреді. Аламанға үйіндегі кіші қызын некелеп қосады.
Жоламан ержетеді. Баяғы жалмауыз кемпір патшаның өлгенін біліп, Аламанның үстіндегі қаруларын жинап алу үшін, сиқырлықпен Аламан мен Жоламанның жүретін жеріне жас бала болып жатады. Аламан мен Жоламан аңнан келе жатса, жолда шырылдап, жылап жатқан жас баланы көреді. Баланы алайын десе, аты осқырып жоламайды. Аламан: «Ой, жамандатқыр, осы жас бала не қылушы еді?» – деп, жүгіріп барып баланы іліп алады.
Әлден уақыттан кейін қараса, үстіндегі саймандары мен мінгескен бала жоқ. «Бұл қалай?» – деп тып-типыл болып үйіне келеді. Көрген уақиғаларының бәрін әйеліне баян етеді. Ол білімпаз адам екен, ойланып отырады да жалмауыз кемпір екенін сезеді. «Ол жалмауыз кемпір екен. Не де болса, сен қаш, бұл жерде болсаң, ол қоймайды», – дейді.
Аламан қашу үшін таудан қамшы саптай қылып, бір қоржын жыңғыл кесіп алады. Сөйтіп қаша бастайды, атының басқан жері қазған ошақтай болып қалады екен. Бірнеше күннен кейін Аламанның үйіне желмая мініп, жалмауыз кемпір келіп: «Аламан қайда?» – деп сұрайды. «Аламан қашып кетті», – деп жауап береді әйелі. Жалмауыз кемпip баяғы ойылып қалған ізбен қуа жөнеледі. Аламан аты шаршаған кезде, жыңғылдан беріп кояды екен. Ол жануар соны қыршылдатып шайнап, шаба береді. Жалмауыз кемпір күншілік жерден демімен тартып ұзатпайды екен.
Бір күні түнде Аламанның әйелі түс көреді, түсінде кемпірдің жақындағанын сезеді, ұйқысынан шошып оянып, баласына: «Әкеңе жалмауыз кемпір жетейін деп қалыпты, ертерек атыңа мін де мына жүзікті алып бар, жақындаған кезде лақтырып жіберсең, әкең қағып алады. Сол кезде астындағы аты күншілік жерге жетеді. Сонда жалмауыз кемпір ақырады. Сол уақытта маңдайындағы жалғыз көзін басып қал және екі рет атпа» – дейді.
Оның жүзігі ғажайып жүзік екен. Бала жүзікті алып әкесінің кеткен жағына қарай жүреді. Бірнеше күндерден кейін әкесінің қашып жүрген жеріне келеді. Келсе, әкесі бұрынғыдай емес, азып-тозған екен. Жүзікті әкесіне лақтырып жібереді, әкесі қағып алады. Сонда астындағы аты күншілік жерге жетеді.
Кемпір баланы көріп, артына қарап сұрланып, ақырған кезде, бала қақ маңдайындағы жалғыз көзден басып қалады. Кемпір өкіре құлайды. Құлап жатып: «Батыр болсаң, тағы да ат!» – дейді. Бала атпайды. Себебі, егер екі рет атса, жалмауыз кемпір қайтадан тіріліп кетеді екен. Кемпір өледі.
Бір мезгілде әкесі келеді. Келсе, жалмауыз кемпір өлген. Аламан қуанғанынан баласымен жылап көріседі. Сөйтіп, олар ауылына келіп, мұрат-мақсатына жеткен екен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Сара
Қызық екен