Өлең, жыр, ақындар

Соңғы қоңырау

Соңғы қоңырауға арналған сценарий

Егін жинап,​ келгенде сары алтын күз,
Қолымызға гүл шоғын алатынбыз.
Жүректерді бір нәзік сезім билеп,
Қол ұстасып мектепке баратынбыз!

«Мектебім,​ аяулы мектебім!»​ әнінің бір шумағы орындалады.

Ән аяқтала салысымен ортаға бір жігіт атып шығып,​ әндете:
Достар,​ достар,​ кетсек те біз есейіп,
Бар қызығын өмірдің бір кешейік?
Бір қалада оқиық,​ алыс кетпей,
Алматыға оқуға бір жүрейік?

2-жігіт:
Алматы — ару қала, арман қала,
Ол жақта оқимын - деп армандама.

3-қыз:
Несі бар, Алматыға түсе алмасақ,
Түсерміз бір оқуға Астанада!

4-жігіт:
Мен өзім Англияға кетсем деймін,
Әйтеуір Еуропаға жетсем деймін.
Қалғым жоқ,​ мына елде,​ мына жерде,
Қысылып зорға жүрмін өкпем менің!

5-жігіт:
Мен де кетем, бұйыртса мұхит асып,
Оқу оқып, жұмысқа орналасып.
Жағдайымды тезірек жөндемекпін,
Көшеде өмір сүрсем де,​ ақша тауып!

6-жігіт:
Тоқтаңдар, достар!​ Онсыз да біздің бар білімді жастар шет елде жүр! Ал тепсе темір үзетін жігіттер Корея,​ Америка,​ Еуропада қара жұмыс істеп жүр.​ Егер барлығымыз бақытты алыстан іздеп, үміт күтіп отырған елден кете берсек, кім ие болады мына жұртқа?!

7-қыз:
Досым-ау,​ әлі патриоттығыңды қоймапсың-ау?!​ Жарайды елде қалдық делік?​ Не істейміз?!​ Қайда оқимыз?!​ Қандай маман боламыз?​ Бір жылда қаншама оқу орны жабылып қалды?!

8-қыз:​
Алтын белгі алу да қиындап кетті...?!

9-жігіт:
Көптеген мамандық түрлері өзгеріп немесе жабылып қалды!

10-қыз:
Егер оқуға түсе алмай қалсақ,​ қайда барып оқимыз?! Не істейміз?!

Барлығы шуылдап:​
Ия, расымен де?! Не жұмыс істейміз?! Қайда барамыз? Қалай өмір сүреміз..?!

1-жігіт:
Тыныш! Тынышталыңдар!
Не болды сонша уайымдап?!​ Естеріңде болсын!​ Біз — жаспыз,​ сұлумыз,​ энергиямыз көп!​ Сондықтан бізге жұмыс табылады,​ білім де жетеді! Тек уақытты орнымен пайдаланып, дер кезінде,​ қажетті​ білімді оқып,​ үнемі дамып отырсақ болғаны. Мысалы,​ соңғы бес жылда бизнес курстар қатты дамып, оны оқығандар көп​ ақша таба алды! Ал қазір уайлберс,​ каспий секілді платформалар дамып, бұрынғыдай жарнама жазуды үйрететін бизнес мектептер қажет болмай қалды.

2-жігіт:
Рас айтасың?! Одан да ешқашан сұраныстан қалмайтын,​ бір мамандық таңдау қажет?!

3-қыз:
Ал менің мұғалім болғым келеді.​ Бірақ,​ болашақта мұғалімдер азайып,​ тек жетекші немесе бағыттаушы мамандар ғана болады-деп жүр елдер...?!

4-жігіт:​
Уайымдама,​ мұғалімдер үнемі қажет болады! Әсіресе оңтүстік пен солтүстік өңірлерге ауадай қажет болуда!

5-жігіт:
Көп әңгімені қайтесіңдер?!​ Жүріңдер менімен бірге Америкаға?! Біраз ақша тауып қайтамыз?!

6-жігіт:
Қайда кетіп барасың,​ қайран елім?!
Берекенің бастауы,​ қайнары едің?!
Жастарыңа жат жұрттар сұқтанады,
Тегін білім ұсынып,​ неге сенің...?!

7-қыз:
Жатқа кеткен арулар азаймай тұр,
Кейде ашуым қайнайды, қазандай бір.
Өзге ұлтты көбейтіп кіндігіңнен,
Өз қолыңмен өшірдің ұлттың рухын.

8-қыз:
Жә,​ тоқтаңдар! Не болды қайғырардай?
Бұл күйіміз жағар-ау,​ жауға майдай?
«Ғылым» - деген ғажайып тұрған кезде,
Өркендейміз,​ өсеміз,​ көкке самғай!

(Осы жерде рухты бір әннен үзінді шырқалады)

9-жігіт:
Сыныптастар, не болған бүгін бізге?
Бүгін сірә, қайғырар күніміз бе?!
Ұстаздарға мың алғыс әнмен айтып,
Қоңыраудың тыңдайық үнін бірге!

(«Соңғы қоңырау» әні орындалады.)

​ ​ ​10-қыз:
Қоңырау соғылды соңғы рет,
Ұстаздар қоштасты мөлдіреп!
Біз үшін ең қымбат жандармен,
Қоштастық, ет жүрек елжіреп!

2-жігіт:
Аяулы мектебім сен менің!
Өзіңнен нәр алдым,​ көктедім!
Үйреткен бар сырын ғаламның,
Дәл сендей данышпан көрмедім!

3-қыз:
Мың алғыс айтамыз ұстазға,
Білгенін үйреткен ұл-қызға!
Өмірін өткізген біз үшін,
Тәлімгер ақылды жандарға!

4-жігіт:
Бірге өскен достарды қия алмай,
Әр жаққа ұшамыз қиялдай...!
Ұмытып кетпеңдер жан достар,
Кездесіп тұруға жиі алда!!!

Сынып жетекшілері сөйлейді:

Алты жыл бұрын қабылдап,
Жетекші болған сыныбым!
Өздеріңменен өткіздім...,
Бір үзік өмір сынығын!

Әр шәкірт туған баламдай,
Уайым шектім күні-түн...!
Әрқайсың менің​ - жалғызым,
Аман жүріңдер ұл-қызым...!

Адасып қалмай арманнан,
Биікке қанат қағыңдар.
Бес күндік мынау жалғанда,
Жақсы адам болып қалыңдар!

Еңбек пен білім қос қанат,
Самғай алмайсың бірінсіз.
Ақ жол тілеймін әрқашан,
Қалып қоймаңдар білімсіз!

Ұядан ұшқан жас түлек,
Тек жақсы жолмен жүріңдер.
Табысқа жетіп толайым,
Ауылға жиі келіңдер..!!!

17.05.2022


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер